Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақыт Беделхан. Құдай қойған драма...

07.04.2019 9292

Бақыт Беделхан. Құдай қойған драма

Бақыт Беделхан. Құдай қойған драма - adebiportal.kz

Үштаған

Бұ дүниенің сахнасында

Тиек

Бұ дүниенің сахнасында,

Құдай қойған драмадай күрделі.

Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі.

Кісендеулі жүрегіме қарамай,

Мен сүйемін өмір дейтін түрмені.

Жоқ əлде бұл ордасы ма обалдың?

Сауға сұрар сауап болып тоналдым.

Қоңыр далам қолын маған созғанда,

Қара аспанның қан жұлдызы боп алдым.

Жұлдыздың да уағы келер ағатын,

Қара түннің көз жасы боп таматын.

Сипатпаған сайтан менен періге,

Не болады жанға бітсе қанатым?

Бірінші серпін

Мен туған жер – екі ауылдың арасы.

Тіршілігім – бар мен жоқтың таласы.

Жасыта алмас дос, дұшпанның табасы,

Құлшылығым – жалғыздықтың бағасы.

Жалғыздықтың бағасына жетем деп,

Жұлдыздардың Ай-жүрегін мекендеп.

Күндіз жандым Күн-жүректің оты боп,

«Гүл болмасам, күл боп кетсем екен» деп.

Ғашық болып нұр таратқан мекенге,

Махаббаттың шексіз құнын өтеуге.

Өлім күткен өмір соңын көрем деп,

Туған жерді ту ғып ұстап кетерде.

Ауылымның ар-ұятын табиғы,

Аманаттап жақсы ағалар бар игі.

Ақсақалдар күбірледі дұғасын,

Місе тұтпай мына жалған-фəниді.

Ақ бата алып, бетті сипап, бел буы

Ен жайлауға қона алар ма ел көшсе,

Соңғы үміт бар, қиын болар енді өшсе…

Кең дүние кері айналып барады,

Ал мен болсам кетіп барам келмеске…

Екінші серпін

Арман қылған ойымдағы нəн шаһар,

Ақындықтың пейілінен болса тар.

Бүлкілдеуі басылмайтын жүректі,

Бір күндері ол да өлтіріп, шаршатар.

Ми-қазаннан ой мүжіген не түрлі,

Біздің көңіл, əй жетпегір, жетім-ді.

…Ақиқаттың ақ жүзіне бұрғызбас,

Бірі-əділет, бірі-əбілет бетіңді.

«…қадіріне жете алмаған… ей, қала,

Кеңсай жақта ұлылар көп бейдауа.»

Осыны айтсам еңк-еңк етіп жылайды

«Қай бетімді шымшиын…» деп Кейуана.

Бұ дүниенің сахнасы ғой баяғы,

Ақырзаман боп бітетін аяғы.

Адамдардың тілінде жүр бүгінде

Абылайдың түсіндегі шаяны.

О, дүние бар деп бірі жылатты…

О, дүние жоқ деп бірі жұбатты…

Дін мен ділді ділгір қылып тастады,

Жерге орнатам деп жүргендер жұмақты.

Бұ дүниенің сахнасы ғой… түс сынды,

Мүсіркейтін мүттəйімді, міскінді.

Мық шегемен ойнап жүріп бір мықты,

Бір-ақ күнде быламыққа тіс сынды.

Осыларды ойға түйіп отырып,

Орта жолда қап кетердей опынып,

Үштағанның үшбу хатын өртедім,

Көкірегімде жалын-мұңы тоқылып.

…Ой-қиялым қапаста қап қым-қуыт,

Тағдырымды түлен түртті, жын буып.

Сол кездері кірпіктерді күрке ғып,

Жанарларда жылап жаттым булығып.

Ызғарындай қараша мен хауыстың,

Қайғы мұңның қаншы күнін тауыстым.

Қанша өлімге аза тұттым, аһ ұрдым.

Қанша өзім де сол ажалмен алыстым.

Жылатқан қас, жұбатқан дос көп еді,

Сірі жанның көп қой əлі көрері.

Азу тісім сырқырайды көкке ұлып,

Қисайған Ай қыр көрсетіп төнеді.

Азан-қазан азалы үндер бір көш боп

Арқа-жарқа күлкілер жүр мүлде ес жоқ.

Өкініштер от жалмаған ауылдай

Ал, арманға күдік біткен күндес боп.

Көрген жандай көр үстінің азабын,

Өлген қандай тəрк етіп бар мазағын.

«Бас орнына Күн көтерген бір адам»

Жер бетінен таба алмай жүр қазағын.

Үшінші серпін

Бұ дүниенің сахнасынан сан актер,

Рөлін таппай қиналады, қарап көр.

Бəрі де оның мəйхананың мейманы,

Ей, шарапшы құтыңды əкел, шарап бер!

Бұл пенделер фəнилік бар күнəсін,

«Сəл масаңдау едім ғой» деп, жуатын.

Ей, шарапшы құтыңды əкел, тезірек,

Сосын, əлгі, насыбай бер, бір атым.

Келсе дағы кең дүниені шайқағым,

Айтарымды айтамын да қайтамын.

Тек қайтқанша, мына жалған дүниенің,

Сабап- сабап семіртейін сайтанын.

…Орның сенің бөлек еді Алтын-Тақ,

Жағалаған жандарды айтам жалпылдап.

Қарауға да уақыты жоқ бұтына,

Қарғалар жүр қаз болам деп қарқылдап.

Бір жүк артып, жем бермесең пітінə,

Есек те жүр ер-тоқымын алтындап…

…Бұл драма түсте көрген түсімдей,

Бəрі қалды, бал шарапта ішілмей.

Келдім, көрдім. Енді дал боп жүрмін мен

Қалай өлу керектігін түсінбей?!.

Түйме

Бұ дүниенің сахнасында

Тапсырармын жанды тəтті,

Қапсырармын мəңгі бақты…

Сəл,сəл шыда, ақ періштем,

Ал, əзірге, Антракт!..

Антракт

Бірінші серпін

Орман, тоғай, тау менен дала тынып,

Қайнаған ел, қан-базар, қала-сұлық.

Ұйқылы əлем ұйып бір түс көруде,

Өңінен оянғандай жаңа тұрып.

Жан тыныстап нықтаған тəн қазығын,

Ұйқыға артып жанарлар бар жазығын.

Бір періште зыр қағып бір ібіліс,

Таласып жүр дайындап таң мəзірін.

Бірі азан көтеріп, бірі қазан..,

өлі-сараң болсын деп, тірі-мазаң.

…Өлісінің көретін күні жаман…

Тірісінің қайтсін-ай, тілі жаман…

Шаршатуға жаныңды ми талмайды,

Жүрек байғұс күмілжіп күй талғайды.

Жаныңды жаһаннамға жібергенше,

Арашалап тəніңді ұйқы алдайды.

Ұйқыдан соң, ұйқы бар ұзақ сонар…

Сол тылсым ғой, бір күні біз аттанар.

Көргені мен білгені, істегені

əр пенденің алдында сұрақ болар.

(Түбінде түсер сөйтіп тұзаққа олар…)

Екінші серпін

Босатқанмен арманды темір құрсау…

Жолы бар ма бірақ та өмірдің сау?..

Азатпын! деп аттандап айғайламай,

Аз-ақпын! деп ойланған жөн, дұрыс-ау.

Өзен тоқтап, тыншыған көл беті де,

Бөлінгелі тұр аспан енді екіге…

Жо-жоқ менің жасасын мəңгілігім,

Тек тыныштық тілеген жер бетіне.

Үзілмесін Үмітім кесілмесін,

Ессіз күдік еліріп, есірмесін.

Ғасырлардан жалғасып келе жатқан

Жадымдасың жалғыз Үн есімдесің.

Солқылдаған сол Үнді, қоңыр майда…

əнге қосып айтатын көңіл қайда?

Домбыра мен Қобызға қосқанымен,

Көндіре алмай келеді көбі ыңғайға…

Көргем талай əуейі, əуесті мен,

Жақын түгіл дақпыртын жау естіген.

Мəңгі бақты тақпенен шатастырып,

Дала жылап бір кезде тау өксіген.

Сұп- суық боп барады сұрқым мүлде,

Дүние енді береді сыртын кімге?

Қабағынан қар кетпес Хан-Тəңірді

Енді қайтып Жасаған, сілкіндірме!

Үшінші серпін

Тұмсығымен түрткілеп Күн ұясын,

Сен де ұйықтап бара жатып жымиясың.

Түсіне алмай жыларсың, бəлкім, Һақтың

Осынау, «Жалған!» дейтін дүниясын.

Жеті қат көктен саулап аққан жұлдыз,

Жарығыңды өшірмей сақтар – бізбіз.

Ал, біздің рухымызды сөндірмейтін

Жеті қат жер астында жатқан жұлдыз.

Түйме

Уақыт болды-ау тағы да таңға асығар,

Не бар екен дүниеде жанға сыңар?

Аяқталып барады антракт,

өкінішті өмір-ай, жалғасы бар!..

О дүниенің сахнасында

Бірінші серпін

О дүниенің сахнасының

Шымылдығы ашылғанда-ақ, «Аллалап!»

Төрден төмен бір бас түсті домалап.

…Кеудесі жоқ бастың соры түк емес,

Ал, басы жоқ кеуделерге обал-ақ…

Маңдайлар жүр маған соны жазды д

Жүрегінің қадалғандай түбіне оқ,

Бір Баһадүр ымдап жатыр тілі жоқ.

Бір арыстан ыңыранады, қайтеді,

Айбатына міне алмаса тірі боп.

(О дүниенің сахнасы ғой…) Қыжыл – бұл.

Түс көргізбей түн ұйқымды бұзып жүр,

Бір кездері қаңтар күткен қанымнан

Қар үстіне қаулап шыққан «Қызыл гүл…»

Ал, қазіргі шер-наламның гүлін көр,

Желмен бірге мұңын айтып уілдер…

Жалын шарпып жалқынданған жанымнан

Табылыңдаршы, ей, мүміндер?!.

Екінші серпін

Жаралы жүрекке жасын от жақтым,

Бұрынғыңнан бұлдыр-бұлдыр елес көрінді.

Сол елестің көзінің жасы боп та ақтым,

Жалған түбі тесік тегеш көрінді.

Түн көзінің жұлдызын жақтым,

Сұғынан сұп-суық өңеш көрінді.

…жүрек тұсыңнан табылмай қалып,

Сол өңешке мен талай жұтылып кеткем.

Сірі жұртымның жанына айналып,

Сытылып, құтылып кеткем…

Содан соң өлместің емін іздегем,..

Шыбындай жанды бөктерген «қарақұрт» екен,

Желмая мініп Жерұйық жерін іздегем,

Сөйтсем, ол көшіп жүретін қазақ ұлты екен.

Өзіммен ғана ғой жұмақ-мекенім,

Дала төсінде сарғайып көшкен алтындай.

Жарқ етіпжоқ боп, бір күніжырақ кетермін,

Өзі үшін емес, ел үшін өскен мəрт ұлдай.

Буына ғана мас қылар бұл жалғаныңда

Тұлпар-көңіл де тұралап қалар.

Бұрынғы өткен күндерің бұлданғанында,

Тұла бойың – сыла боп қалар.

Шірене сермеп самғасам, шіркін, қанатым,

Сусыл қағатын уақыттай заулап.

Аспан мен жердің аралап тылсым қабатын,

Кетемін жақұттай жайнап.

Түйінсіз жіптей сырғимын, зулаймын тағы

Уақыттың көшімен еріп.

Жалт етіп барып, зау көктен құлаймын тағы,

Мен сенің төсіңе келіп, Қазағым!

Соңғы серпін

Ұмай-ана көкірегін иіткен,

текті ұрпақпын, тек, сөйлеген биіктен.

Азу тісім асылдан, ал, жүрегім жасыннан,

ашынғанда мəңгі рух боп тасынғам.

…Енді мені өлтіріп көр, күйіктен!

Тағдырым бар екі өмірді тең көрген.

Тарихымнан тау-құдірет тербелген.

Бабалардың Қабылан,

сүттей аппақ қанынан,

қандай қызыл арынан,

жаратылып …МЕН келгем!

О, МЕН ол кезде –

найзағай бұтағындағы жасын ем,

шағырмақ бұлттың шамырқанысын

аңдыған.

Жеті қат көктің көбесін сөккен қас ұл ем,

пенделік кесіп өте алмайтұғын алдынан.

Жүрегімдегі Аллаға ғана ғашық ем,

Алты Алаш үшін сол жүрегімді ашып ем…

өзегін еш өрт шалмаған асыл ем,

Қараша үшін хан басынан да қарғыған.

Енді, міне, есесі кеткен ғасылмын,

қан түкіріп қын түбінде қалғыған.

Айға қарап ұлығанда азуым,

Ар-намысым айбатымды асырған.

Сызылғанда маңдайдағы жазуым,

Арман үшін бір Тəңірге бас ұрғам.

Жұлынғанда асау намыс – қазығым,

Бақ тайғанын айтқым келмей басымнан,

Ғарасат , ғапыл – ғасырдан,

əз басымды жер түбіне жасырғам…

Одан басқа жазығы жоқ,

О дүниеде қазығы жоқ жанымды,

тағы кімдер жазалар деп сақсынам.

Сүйегімде сырқыраған зар-үнді

алмастырып алғанынша шаттық əн,

Адастырып кетпесе екен «Көк тұман»

деп күрсінем.

Əйтпесе, кім ішпеді дейсің менің қанымды,

ал, менің қаным əлі тəтті қан!…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар