Əке...
Əке...
Əуені басқа бір керім,
Əнімді тыңдар жұрт, елім.
Əрі де сəрі дүниеде,
Əрқашан өзің бір кемім.
Əке....
Əз жаның,қаның, бір демің,
Əулиедей маған түр, тегің.
Əлекшіл жарық, жалғанның,
Əсершіл жасын сүртемін.
Əке....
Əуелден бар-ды сыр-шерім,
Əзірге ішке іркемін.
Əңкі де тəңкі тірліктің,
Əр күні алам бір кегін.
Əке...
Əлсіз нүрымен білтенің,
Əйтеуір шешіп жыр теңін.
Əурешіл мынау тағдырдың,
Əуеге тағам үркерін.
(Атам Қорқынұлы Баймолданың аруағына бағыштадым.)
Көмескі тартып көгілдір таулар, қыраттар,
Теңселді терек, тербелді бұтақ, жылап тал.
Жақсы адам үшін жалғанда мынау жоқ орын,
Бағасы қымбат бақида ғана тұрақ бар.
Түрен сап түмен бұлттарға құстар сұлбасы,
Сарала салы жамылып қайың тұр басы.
Сен жоқсың, сеңсең заңғарлар жаққа кеттің бе,
Алтайдан шыққан арқардың асыл құлжасы?!
***
Қанша жыл өтті, қанша күн,
Балауса кезді аңсадым.
Сағынғандығымнан болар-ау,
Танадай көзден тамса мұң?!
Қанша жыл өтті, күн қанша,
Аңсармын жүрек тынғанша.
Балалығымды еске алып,
Нұрланды көзім нұрланса.
Қанша жыл өтті білмедім.
Жүрегім аңсап жүр менің.
Жөн болар еді-ау, балалық,
Түсіме сірə, кіргенің...
***
Кездеспесем егер мен,
Ескерер ме ең, есің кетіп елер ме ең?!
Дәл осылай дәрменсіз бір күй кешіп,
Дәруіштей уайым,мұң шегер ме ең?!
Кездеспесең егер сен,
Сезім деген өрт пен дертке сенер ме ем?!
Қазіргідей қаймықсам да қасыңа,
Қадірімді иіп-бүгіп келер ме ем?
***
Бар еді бөлек болмысың,
Бар еді сенің сесің де.
Естелік болар болды шын,
Есімде бәрі есімде...
Оқушы біткен құрметпен,
Оқитын сенің пәніңді.
Сананы жарық, нұрлы еткен,
Сабағың еді кәдімгі.
Өзіңнен көрдім даралық,
Өзіңнен алдым өнеге.
Жаныма жатқан таралып,
Жарығың сенің сөне ме?!
Тағдыры – өлең болған қыз,
Тағы да отыр мұң толғап.
Алысты болжап, шолған сіз,
- Ақынсың! - деген шын қолдап.
Жасымды жұттым, жан жылап,
Жаныңыз нұрға бөленсін!
Өзіңіз жаққан шамшырақ –
Өшпейді мәңгі Өлең-Күн!
***
Баспана…
Бас қатырар мұңым ба едің?!
Бас қайғым,
Басқа еді ғой бұрын менің?!
Сен сірә,
Секілденіп өмір заңы,
Жастықтың,
Жалауымен білінбедің?!
Баспана
Бас қатырар мұңым ба едің?!
Өтіпті,
Өзге тамда күнім менің.
Өлеңнің,
Өрелі бір қызы еді деп,
Басымды,
Бағалайды тірімде кім?!
***
Толқыған жайқын жан айдындары,
Тот баспас ояу сарайдың нəрі.
Тоғжандар бір сəт тосылған ерек,
Тосын ғой, тосын Абайдың əні.
Ерменді тауға тарайтын таңы,
Еңлік гүлдей арайлы шамы.
Еркежандарды елең еткізген,
Есті ғой, есті Абайдың əні.
Əр қазақтың қалайтын жаны,
Əдемі əуез, бар ай құндағы.
Əйгерімдерді əсершіл еткен,
Əрлі ғой, əрлі Абайдың əні.
***
Сағалы жырды сағынышпенен,
Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем.
Тасалап келіп тамұққа тастар,
Жасын ғұмырды жазымыш деген.
Тынысы тым тар тығырықта мың,
Ұйыған зар мен ұлылыққа мың.
Көреді көрдің көрпесіне еніп,
Жылылық пенен жылымық табын....
Сағалы жырды сағынышпенен,
Жоқтамау мүлдем жаңылыс дер ем.
Тасалап келіп тамұққа тастар,
Жасын ғұмырды жазымыш деген.
