Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Бәріңмен жалғыз сырластым...»...

«Бәріңмен жалғыз сырластым...»

17.10.2025

6449

«Бәріңмен жалғыз сырластым...» - adebiportal.kz

Кеше Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында театр және кино өнерінде еңбегі бар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Омар Ақыш Қоңыртайұлының 70 жас мерейтойына орай «Бәріңмен жалғыз сырластым...» атты шығармашылық кеші өтті.

 

 

Мерейтой иесіне арналған «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптың тұсаукесерінде елге белгілі өнер адамдары сөз сөйледі. Алдымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Асхат Маемиров кешті ашып,  талантты актер, сахна шебері Омар Ақыштың өмір жолына,  1982 жылдан бері еліміздің жетекші театрларында қызмет етіп, ұлттық және әлемдік классикадағы бейнелерді сомдап келе жатқан жетістіктеріне, жалпы өнер жолына тоқталды. 

К.Байсейітова  атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, PhD докторы, театртанушы Нартай  Ескендіров арнайы баяндама жасады. Актердің 1978 жылы оқуға қабылданғаннан бергі жүріп өткен жолына тоқтала келіп, «Өнерлі жанның театр сахнасындағы рөлдері режиссерлік шешімдермен, сценографиямен, музыкамен көркемдік тұтастықтың бір бөлігіне айналады. Ол өзінің актерлік шеберлігі арқылы сахнадағы серіктестерінің де ойынына серпін береді. Оның бейнелері бүгінгі көрермендерді терең ойға жетелеп, ойландыра алуымен ерекшеленеді. Ол сомдаған әрбір рөл – сахналық шешім мен өмірлік философияның тоғысқан тұсы. Театр әлемі – тірі өнер, ал Ақыш Омар – сол өнердің тамырын дәл басып, кейіпкер бейнесі арқылы қоғамға ой салған кәсіби шеберлердің бірі. Сондықтан оның қазақ театрындағы актерлік шеберлігі тек шығармашылық емес, ұлт руханиятына қосылған көркем ойдың өлшеусіз үлесі ретінде бағаланады»,  – деп баға берді.

 

«Дара» медалін тақты

Елге белгілі өнерпаздар, атап айтсақ, актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, Көрнекті театр режиссері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғанат Жақыпбаев, актер, Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов,  жазушы-драматург ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова, тағы басқалар сөз алды. 

«Актердің, өнерпаздың бір жақсы жасқа келгенін атап өту өте дұрыс. Театр өнері қазақ халқының қанына сіңген, жанына жақын өнер. Бүгін осы жерге ерекше ықыласыммен келдім, өйткені, Ақыш өте жақсы көретін әріптес інілерімнің бірі. Актерлердің актері болады, ойлайтын актер болады, ойнайтын актер болады. Өмірге келгеннен кейін өмір жолын ғана емес, өнер жолын табу деген үлкен мұрат. Ақыш тазалығымен, шынайылығымен, бауырмалдығымен, сахнаға адалдығымен  сүйсінтетін азамат», – деп тебірене сөйлеген Тұңғышбай Жаманқұлов кеш иесіне театр өнерінің үздік өкілдеріне берілетін «Дара» медалін табыс етті. 

 

Студенттердің құрметі

«Бәріңмен жалғыз сырластым...» атты мерейтой кешінде профессор-ұстаздың өзі тәрбиелеген шәкірттері сахна саңлағының өнер жолы мен өмір белестерін бейнелеп, көрермен назарына ұсынды. Ұстаздарының дүниеге келіп, есімі қойылған кезінен бастап ертегіге қосып, ойнақы әзілмен беріп, оқуға қабылданған кезінен әрі қарайғы жолын да келістіріп жеткізген шәкірттері би де биледі, ән де салды. Сахнада жарқылдап, өмірсүйгіштігі мен жастық қайраты бойында тұрған жастардың өнеріне көпшілік риза болып қол соқты. Олардың өнерінен, жалпы тұтас сценарийден ұстазға деген құрмет байқалып тұрды. Әсіресе, арнайы видеоролик арқылы өнердің әр саласында табысқа жетіп жүрген, елімізде ғана емес, аты шетелге жете бастаған шәкірттерінің бір шоғыры қалыптасып қалғанын көргенде еріксіз сүйсінеді адам. Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің қадамынан көрінетіні рас екен, Омар Ақыштың студенттері үлкен өнер сайыстарында топ жарып, кейбіреуі киноға түсіп жүр. 

Осы кезде кеш иесіне қатысты айтылған бір сөз ойға оралды. Мерейтой үстінде өнер иесіне айтылатын сөз аз болмайды, соның ішінде театр және кинорежиссері, кинодраматург, өнертану профессоры Талғат Теменовтің инстаграм парақшасына жазған сөзін оқығанымыз бар. Ол кісі былай депті: «Жалпы Ахаң өте сыпайы кісі. Көп сөйлемейді. Жиын тойда көсемсініп көзге түсу де оған жат. Ақыш Омар дегенде еске  нені аласың? Ол қандай актер, адам? Сұрағы қиын соқпақ бұл... Меніңше Ахаң ең алдымен жақсы кісі. Жақсы отбасы, жақсы актер, жақсы ұстаз. Байқасаңыз, бәрі жақсы. Оған себеп Ахаңның тәрбиесі, тәртібі, кісілігі, кішілігі. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген мәтелді осы Омарға айтқан дұрыс шығар. Мен Қ.Қуанышбаев театрында істеген  жылдары әр түрлі адамдармен қызметтес болдым. Олардың Ішінде дарындысы да, қарындысы да, жалтырағаны да қалтырағаны да, қуы да, пысығы да, аңқауы да болды. Ал Ахаң ерек болатын.  Сөзге шорқақ. Кісікиіктеу... Құдды Оралхан Бөкей сынды.

 Ахаң мен қойған спектакльдердің біршамасында ойнады. Жалпы режиссер роль бөлгенде актердің бойына, ойына, талантына және кейіпкердің болмысына қарай бөледі. Актердің роль алуы үйлену іспетті. Сенің әр ролің – тағдырың, тамырың, тынысың... Ал режиссер тек суретші ғана емес, ертеңін ойлайтын ерен жан. «Үш күнін ойламайтын әйелден без, үш жылын ойламайтын еркектен без» деген тәмсіл, шамасы, режиссерге айтылған сияқты.. Осы тұрғыда актердің дарыны мен  бірге оның адамдығы мен адалдығы, білімділігі мен біліктілігі де есте болады. Сондықтан да мен үшін Ақыш Омармен бірге істеу қашанда қызық...», – деген екен.

 

 

Фойедегі көрме сыр шертеді

 

Актердің әр жылдарда сомдаған рольдерінен сыр шерткен фотосуреттерді арнайы көрмеден тамашаладық. Сахнадағы сәттер өте шынайы бейнеленген. 

Өнер жолы демекші, бүгінде өзі жас актерлерге дәріс беріп, профессор дәрежесіне көтерілген өнерпаз Ақыш Омар1982–1985 жылдары Абай атындағы Семей музыкалық драма театрында еңбек етіп, Ақан сері, Қожамас, Мұрат, Адай сынды рөлдерімен көрермен есінде қалған. Ал 1985–2003 жылдары М.Әуезов атындағы драма театрында еңбек етіп, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» – (Таңсықбаев), К.Гоций «Турандот ханшайым» - (Әртауым император), Ж.Б.Мольер «Ақымақ болған басым-ай» – (Жорж Данден), Е.Аманшаев «Үзілген бесік жыры» – (Мұрат), Гапаров «Тұзды шөл»  – (Ол), М.Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» – (Сәрсен), Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» – (Қарабай), У.Шекспир «Асауға тұсау» – (Шал) және т.б. рөлдерді сомдаған. 

Актердің Алматыдан Астанаға келген жылдары да өнер жолындағы өзінше бір белес болғаны анық. 2003-2005 жылдары аралығында елордадағы М.Горький атындағы орыс драма театры сахнасында түрлі бейнелерді шебер сомдап, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Атап айтқанда, Ж.Б.Мольер «Тартюф» – Тартюф, Н.Гоголь «Ревизор» - Лука Лукич, Птушкина «Плачу вперед» – Расияв, Ф.М. Достаевский «Преступление и наказание» – Лужин, Жан-Жак Брикер «Не верь глазам своим...» – Альберт Ламар және т.б. рольдер.

2005 жылдан  бастап Қалибек Қуанышбаев атындағы  Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, сахна шебері. Жиырма жыл бойына осы жерде үздіксіз қызмет етіп келеді. Театр сахнасындағы рөлдері: А.Чехов «Ваня ағай» – Серебряков, Ғ.Ғаппарова, М.Ғаппаров «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» – Ақтан, Ш.Айтматов «Ақ кеме» – Момын шал, М.Әуезов «Абай» – Аға Абай, Т.Джюдженоглу «Көшкін» – Қауым басшысы, Е.Жуасбек «Терең тамырлар» – Жайнақ, Бағбан,  А.Вальехо «Күн сәулесі түспеген» – Әке, Р.Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушы» – Әке, В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – Кузовков, А.Дударев «Кеш» – Василий (Мультик), М.Әуезов, Қ.Ысқақ «Қараш-Қараш» – Николай Добродеевич, Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна Д’Арк» – Әке, Ш.Айтматов «Аққудың көз жасы...» – Автор, Т.Әсемқұлов «Құнанбай» - Генерал, Г.Пьянова «01» –  Кейіпкер, Р.Мұқанова «Бопай ханым» – Неплюев, Қ.Жиенбай «Патша көңілім, не дейсің?!.» – Әбдірәсіл т.б.

 

Актердің кино саласындағы рөлдері жайында да айта кетейік:

2007 жыл – Президенттік мәдени орталық М.Жодасбеков «Ұлбике» (Тойтан). «Перекресток» (Тоғысқан тағдырлар)- Ғабиттің рөлі, «Саранча» (Шегіртке) – Жорабектің рөлі. «Жедел жәрдем», «Жас ұлан». Хабар телеарнасының ойын-сауық теледидар хабарлары: «Тамаша»; «Біздің көшенің тұрғындары»; «Жетпіс жеті күн» - әзіл-оспақ бағдарламасы; «Көпен келе жатыр»  атты пародия театры және т.б.

Фильмдегі рөлдері: «Хабар» телеарнасының тұңғыш отандық сериалдары «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток»), «Шегіртке» («Саранча») т.б. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan