Жалпы, ақындық, оның ішінде шынайы ақындық дегеннің өзін – мынау он сегіз мың ғаламның көзбен көріп, санамен сезетін барша көріністері мен құбылыстарын ой елегінен өткізіп, жүрек қылымен нәзік тербетіп барып, шыңыраудан шымырлатып кәусар жыр тудыру десек қателеспеспіз. Бұлай болмаған жағдайда, «ол – ақынның білімсіз бишарасы» ғой.
Қазақ әдебиетінің салқар көшін ілгері оздыруға әлеуетті, қабілетті азат ойлы, шығармашыл жас буынның екпіні ерек. Солардың қатарында жас ақын Батырхан Сәрсенхан да бар. Социалистік реализмнің тар құрсау шеңберінде бұлқынып ноқтаға басы сыймаған қазақ поэзиясы өкілдерінің бүгінгі буынының жырлары расымен алымды, шалымды.
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-Приінен бастап көптеген жыр додаларында топ жарып жүрген Батырхан шығармашылығын үнемі қадағалап оқып жүретін оқырман ретінде бір ғана өлеңіне тоқталуды жөн көрдік.
Ақын жаны мынау күйкі тірліктің күйбеңінен танымы озық, қойторы тірліктің мимырт аяңынан сезімі жүйрік сезім иесі ғой. Ақын болып туған соң, ақындық күй кешу керек, ақынша өмір сүру керек. Алайда, тіршілік иесі, пенде болған соң үй де керек, күй де керек. Ақындық жолдың ауыр екені анық. Батырхан ақын «Мама» атты өлеңінде бүгінгі қазақ ақынының мазаң күйі бар:
Мама,
сенші, тыңдашы ақ самайлым,
Жиі айтатын болдың сен ақша жайлы.
Ақша не?
жалтыр жолдай беті күлген,
Сүртемін. Артылмайды ол етігімнен.
Немесе саудагердей басыбайлы,
Батагөй қайыршыны асыраймын.
Ақын да пенде. Пенде болған соң, өз басының, отбасының материалдық жағдайы қамтамасыз, күйлі-қуатты болғанын кім қаламайды. Алайда, жаны таза, жүрегің жомарт шығармашыл жандардың айналадағы жоқ-жітік, кем-кетіктің мұқтаждығына көз жұмып қарай алмайтын заңдылығы тағы бар. Бұл өзі қазақ ақындарында әу бастан келе жатқан қасиет болса керек.
Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,
Қалтамның түбі тесік байымаймын, -
дейтін Шашубай ақынның сөзі бекер ме еді! Бұдан ақындардың бәрі жұлығы шығып жоқшылықтың зарын тартып жүруі керек деген ой тумауы тиіс. Мәселе, ақындықтың материалдық байлыққа бас июден жоғары тұратын азат жанында ғой.
Мен ақынмын.
тоң мінез, тасыр ойлы,
Жабырқаман,
жүнжімен,
жасымаймын.
Әсілінде, шынайы ақындық (жоқ-бардан өлең құрап, жоқ жерден жұлдыз ауруына ұшырап жүрген «халтурщик» қауымының жөні бөлек) – бекзат өнер, Тәңірінің өзі таңдайға құйған, тылсымнан тамыр тартқан киелі өнер . «Әуелі сөз болған» деп Алладан түскен қасиетті кітап «Інжілде» бекер айтылмаса керек. Сөздің киесі бар, иесі бар. Алтынды жезден, асылды бөзден айыру қиын, арзан сөз бен даңғаза әуенге санасы сарсылған мынау заманда ақынды, ақындықты түсінудің өзі де қиямет-қайым-ау:
Түсінші,
түсінгенің сол сыбағам,
Теңеу ме қызыл басты әнші маған?
Теңеу ме құлдық қоғам қансыраған,
Арқыраған жанымды аршып алам.
«Әдебиет – ардың ісі» демекші, сөз өнерімен айналысып жүрген шығармашыл тұлғадан күн көрерлік кәсібім емес, Тәңірі сыйлаған нәсібім деп түсінетіндей жанкештілікті тілейтіндей, тілейтіндей де емес-ау, талап ететіндей, АҚЫНДЫҚ атты киелі өнер. Осы талапқа шыдас берген ақын – АҚЫН ретінде ел есінде, ұлт тарихында ардақталып, «мәңгі өлместік» күйге өтпек. Мұнда да табиғаттағы сұрыпталу заңы өз күшінде. Ол үшін үлкен жүрек, ұлы мақсат, қажымас қайрат, темірдей төзім керек-ау. «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе биікте көп», - деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтпақшы, қаламы биік ақынның ғана аты қалады.
Жарымас, жарымаса қаламақым,
Ақысыз ақ қағазда қалады атым.
Түрсем екен, түндігін ер Алаштың,
Білсем екен, саулығын, саламатын!
Күні ертең,
дән егерміз далаларға,
Ел асып емделерге, дәрі аларға.
Биікке, асқақ арманға ұмтылмаған ақын – ел таныған, қатарластары мойындаған ірі ақын бола алмақ емес. Мұның өзі үлкен ізденіспен, тынымсыз еңбекпен келері анық.
Көмбесі күміс толы кең өлкенің,
Қазбасын ұлың саған жөнелтерін
білсең ғой,
Сонда екеуміз ғана отырып,
Жап-жақсы жамандаймыз көлеңкені!
«Батырханның ақындығы – сәулелі, шұғыласы мол, жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар. Бастауын бұрқылдаған қайнар тұмадан алып, бұрқырап аққан бұлақтың арналы өзенге айналуға асыққан жарасымды ерке, ер мінезі бар», - деп көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет оң пікір білдірген Батырхан ақынның алар асуы әлі алда екені анық. Батырхан – жұлдызы жоғары ақын.
Сондай-ақ біз төменде ақынның жаңа өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз.
***
А-ға
Білте шам, есіңде ме, сен әкелген,
Жасырып жан әкемнен.
Түнімен ала ұшқынға,
Үңілдім де,
ақылдан адастым ба?
Еңіреп жыладым-ай,
жат күлкіге,
Құлыншағым қалғандай қар астында.
Сезінгенім, есімде, серт бергенім,
Тулаған арғымақтай өрт кеуделі.
Сол түні жын иектеп,
Қоп-қоңыр мұң иектеп кеткен мені.
Сенің даңқың,
болатын мөлдір есім,
Мөлдір әлем ішінен телміресің.
Алқызыл таң ауғанда,
шам астында,
Созатын тағы шешей әңгімесін:
«Оқыдың ғой көгерсе көсегең де,
Қойсаңшы даналықты бөсе берген.
Оқи, оқи баласы көрші ауылдың,
Жынданып-ақ кетіпті деседі елдер...»
Бұлт бүркеп ертегідей тұман маңды,
Көз ілгемін құшақтап шығармамды.
Жамылып желкені алыс жүз қиялды,
Жастанып ну орманды..
Ауық-ауық ит үрген есік алдан,
Ауыр-ауыр арман ғой, жасыл арман.
Білте шам, есімде ме,
күлгін нұры,
Жұп-жұмыр жүрегіме көшіп алған..
* * *
АСЛАН-ГҮЛЗАТ
Сендердей емес шыңдар,
Сендердей емес тау да,
Ақ қаламмен көкшілтім қара аспанға,
Жазса егер әлдебіреу,
Алқызыл арман атын.
Сендерді ұсынар ем,
Жасымды сорғалатып.
Сендердей емес таңдар,
Сендердей емес түн де,
Қозыдай көгендегі тел өскенге,
ұқсаған қос бәйшешек,
Бүр жарса ер көңілмен.
Аязда тоңдырмас ем,
Сендердің демдеріңмен.
Сендердей мәңгі де емес,
Сендердей емес көктем.
Жұмбағын ақ сезімнің табуға келешектен,
Талпынса әлдебір жан,
Таба алмас ол, құрдасым.
Кішкене жүректердің,
күрделі формуласын!
* * *
Телефонның ішінде өмір бардай,
Жақын келіп үңілем,
жаным қалмай.
Əлдебіреу қасымнан табылардай,
Əлдебіреу себепсіз сағынардай.
-Сəлем, - дейді ол,
сəлемін қабыл алдық,
Отырғаны сөз таппай тағы ұнарлық.
кеше кештеу тілдестік,
бүгін таңда,
Не сыр бар сағатсыз-ақ сағынарлық?!
Екеумізге кең жаһан тарылмайды,
Ертегіні бастаймын ең ыңғайлы.
Ерте,ерте,
ертеде,
ұл болыпты,
Ұл болыпты жыр айтқыш өмір жайлы.
Жыр етіпті,
дүниенің тар жолағын,
Тар жолақтың тайғанақ арзан əнін.
Содан бері сүймепті Өмір атай,
Ақын дейтін ғасырдың зар заманын!
Солай, ботам,
санадан ой арылмай,
Арқырап отырғаным жай оғындай.
Соңында жалғыз қалар
жанды кеуде,
Мұзы еріген балмұздақ таяғындай.
Сертке берік жан барда сойыл бүтін,
Жайшылықта түсінер жайыңды кім?
Аппақ əлем өрілген бұрымыңа,
Аппақ гүлдер себейін,
қайырлы түн!
* * *
Көз ілерде көрпемді қымтап алып,
Ойланам ғұмыр жайлы.
Өткен жайлы,
болашақ,
бүгін жайлы.
Неге күн, баяғыдай күлімдемес,
Неге түн, былтырғыдай құбылмайды?
Белгілі ай атауы, жыл атауы,
Белгісіз тек тағдырға кінә тағу.
Жол міндеті, дәл бүгін, саған бастау,
Қол міндеті құрметпен гүл апару.
Жатталса жолымызда мәнді із қалып,
Жатталсын,
мақтанға оны алғызбалық.
Кім көрді құлағанды күресінге,
Кім көрді жылағанды жалғыз қалып?
Айталық, қарашаны түні басым,
Айталық, қара көзді мұңы басым,
Кім келіп жұбатты екен жан жүрегін,
Кім келіп бөлісті екен шұғыласын?
Сұрша таң серпісе егер мола түнді,
Қалаға күшігіммен баратынмын.
Білесің ғой, пойызда бәрі өнерпаз,
Білесің ғой, таксистің бәрі ақылды.
Жалғыз-ақ жортып шығу жол амалым,
Жортқанға жолбарыс түн салар әнін.
Жазмышы таңбаланған
жер үстінде,
Бұлғар ма ғұмыр бізге орамалын?
ЕЛЕГІЗУ
Кетсем бе екен,
бетке алып жазықтарды,
Жазықтарда қағылмай қазық қалды.
Құшақтап сүйсем бе екен,
көңлі кетік,
Ғұмырдан мән көрмеген нәзік шалды.
Кетсем бе екен,
атызға,аралдарға,
Бабалар ту көтерген хан ордамда,
Жатсам ба,
түртер ме екен беймаз кемпір,
Жас мүрдемді,
жаңа бір замандарда.
Көлік пе,
ұшақ па әлде,
сайтан арба,
Бәрібір!
жүйтки берсем жай таба алмай.
Амазонка ішінде бейғам басып,
Шегіртке аулап,
шуы мол тайпаларда!
Төгілсем бе шырындай, түйрелсем бе,
Жапырақты назымға үйленсем бе,
Әтірлі үмітімді шерге малып,
«Айналдым!»
«Айналайын!» дей берсем бе.
Мұртшасын,
бет ұшының қызарысын,
Көруге,
қалам үшін, құшақ үшін,
Кетсем бе,
Құдай ақы, бос пәтерде,
Үш жүз мың сегіз рет пысады ішім!
Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.