Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Бейбіт Бөжен. Квадробер (әңгіме)...

Бейбіт Бөжен. Квадробер (әңгіме)

03.05.2026

7

Бейбіт Бөжен. Квадробер (әңгіме) - adebiportal.kz

Бердімұхаммеджанжәлел мен Ая тұңғыш ұлдары Ноян ес білген шақта ауыл қарияларының басын құрап «бел көтерер»1 беріп, дәм-тұздары жарасып араласқан үйлер «айырылыс қазанға»2 шақырып, некелері қиылған ауылды қимай-қимай қалаға көшіп келген. 

Екінші ұлдары  қалада туды. Қазір жетінің желкесінде. Сұрағандарға «Атын ағасына ұйқастырып Аян қойдық» дейтін Ая масаттанып. Әйелдің қулығына құрық бойлаған ба, өзінің ныспысына «Н» әрпін сүйкей салғанын айтпаса да көптің іші сезетін. Ал Ая күйеуінің «Бердімұхаммеджанжәлел» деген есімін айтып болғанша құдды бір уақыт жоғалтатындай қысқаша ғана «Бекіш» дейтін. Қауқылдасқан құрбы-құрдастары да солай атайтын, ата-енесі де солай шақырушы еді. Ая кейде: «Ата-енем де қызық, әйтеуір Бекіш дейді екен, туғаныңда есіміңді  жирафтың мойын омыртқасы құсатпай қысқаша атай салмаған ба? Бас әрпінен соңғы әрпіне дейін таксимен баруға болады», – деп қалжыңдайтын. Тілінің шоғы бар, түскен жерін шыжғырып жібереді. Бекіш есесін жіберсін бе, мұндайда «сенің әке-шешеңнің атыңа келгенде кежегесі кейін тартып түк таппағандай алфавиттің бастапқы және соңғы әрпін қосақтай салған» деп ширықтыратын. Әйелі болса «қазір созбалақтап отыратын уақыт емес» деп қылымсып жеңетін. Шынымен қала ғана емес замана зулап дамып барады. Шұбыртып салалас, сабақтас сөйлем құрап, оны мамырдың сары майын жегендей тамсанып тыңдап отыратын уақыт жоқ. Өлшемей кесіп, пішпей тілетін заман. 

Бекіш қос қолынан өнер тамған жан, елпілдеген елгезек. Жұмыс талғамайды, нәпақасы  шеңберінен асып шүпілдеп ағып жатпаса да жұрт қатарлы отбасына жеткілікті. Қалаға көшіп келулерінің де мақсаты сол – жұмыс істеп бала-шағасын бағу, замана көшіне ілестіру. 

Өзі зауытта жұмыс істейді, бір күн күндізгі, бір күн түнгі ауысымға барады да, екі тәулік алаңсыз демалады. Сол екі күн демалыста жанын қоярға жер таба алмай, іші әбден пысып зерігеді. Ал көршілері болса «кәріздің королі» атап кеткен. Крандарынан су ақпаса да, дәретханалары бітелсе де, есіктері шиқылдаса да, құбырлары жарылса да бәрі жарысып Бекішті іздейді. Тіпті ет бұзбақ түгілі бездеуге де Бекіш керек. Қасапшының қолақысы – қолкесер3 салтын сақтамайтын қалалықтар қазір еттің қаны ақса да ұядан шошып тұрған тауықтай азан-қазан бола қалады. Мұндайда бесаспап көршілері тұздап, сүр де шығарып береді. Сойған күздіктерінің ішек-қарынын да жуып берген кездері болған. Бес жылдан асқан уақыт ішінде Бекіш қоныстастарының ішін де, сыртын да әбден оқып алған.

Төсегінен шаршап тұрған оның бүгін бет моншағы салбырап көңіл-қошы болмады. Таксилетпек болған райынан да қайтты. Ауланы сыпырып тастамаққа ниеттенген – енжарлығы ұстап маңайлай алмады. Көрші бөлмеде қарынын қасына қойып, қырындап жатып қорылдаған тұңғышы Ноянға қарады да пошымынан тыжырынды, жиіркенді де жаны ашыды. Бала күнінде ауылда бұтына құрық қысып алып, қара терге түсіп шапқылап жүретін Ноян емес. Кіртиген көзі мен пысылдаған пұшық мұрнынан басқа жерін май басып іркілдеген мегежін жатқан секілді.

– Сорлының аузына дөнер-мөнер, хот-дог, бургер тыққыштай бересің. Көр әне, қабырғасына қол батпайтын шошқаның шешесі құсап ірк-ірк етіп әрең демалып жатыр. Қолы құйрығына жетпейді. Осының құйрығының өлшемі асқазанының өлшеміне сай келеді дегенге сенбеймін.

– Енді сен секілді жүріп емес, отырып істейтін жұмыста ғой. Түстен түннің ортасына дейін компьютердің алдында отырады. Шамасы келгенде ақша тауып жүр. Жас әлі, арықтайды ғой. Бишара бала түні бойы ұйқысырап тағы атысып шықты, – деп қорғаштаған болды баласын Ая. 

– Қойшы сен осы, қит етсе жақтамай...

– Шын айтам, ей. Жаттығу жасап жүр ғой. 

– Жаттығу, – деп таңғалды Бекіш әйелінің сөзіне күлкісі келіп. Бойын тез жинап алды. 

 Бәсе, жүдеп қалыпты. Түні бойы «ырс-ырс» етіп ұйықтай алмағаны былай тұрсын, Аян екеумізге де ұйқы бермеді. Танауының тесігі тар, тескішпен төске салып кеңейтіп беру керек шығар. Баяғыда біздің үйде семіз кәрі сиыр болатын. Ашқарақ сорлы осы құсап басын жоғары көтеріп мүлгитін, – деп жалғап келе жатқанда Ая тыйып салды.  

– Балаңды әжуа қыласың да жүресің, сыртқа тебесің. Төркінімнен ертіп әкелген балам жоқ, өзіңнің туған балаң. Қасыңа ал десе, «олақ» деп жолатпайсың да. Өзіңнен көр! – деп зуылдатып тоқтай алмай бұлқан-талқан болып Бекіштің өзін кінәлі етіп шығарды. 

Шындығында Бекіш Ноянның сылбыр  қимылына көңілі көншімейтін. Оңға жүр десе солға бұрылатындықтан жаратпайды. Жұмыс, ақша, көйлектерін көк, қарындарын тоқ етемін деп шапқылай бермей, бір уақыт көңіл бөлмегеніне өкінді. Бәрі кеш секілді көрінді. 

– Әй, қатын, жұрттан ұят тіпті. Өзіне де обал ғой. Түсінсеңші, жас емес пе. Айтсаңшы, компьютердің алдында атысып омалып отыра бермей, сыртқа шығып біраз қимылдасын. Өледі ғой мына түрімен. Қыз да қарамас. Жаным ашыған соң айтамын, – деп ақталған Бекіш ұлына тағы да бір көзін қадады. Бір бүйірлеп, қолын басына жастанып,  қиналып әрең демалып жатыр. Шынтағының ішкі жағында ағашқа өрмелеп бара жатқан әбжыланның татуы4 бар. Әйеліне қорылдап ұйқы бермеді деп әдейі айта салған. Түсінде осы әбжылан тамағына оралып алып қылқындырмақ болғанда  шошып оянғанын жасырып қалған. 

– Оят, отырып ұйықтасын. Тұншығып қалады мына түрімен, – деген Бекіш сол күйі таңғы шайға қарамай киім ілгіштен күртешесін алып киді. Шеткі шегеде былғары қоңыр алжапқыш секілді жамылғы, оның қасында тасбақаның маскасы ілулі тұр. Оған көп көңіл бөлген жоқ.

– Немене, карнавалға барайын деп жүрсіңдер ме? – деп Аяға ойлы көзін қайта қадады да, сендерге дауа жоқ дегендей басын шайқап шығып кетті.

***

Тамыз туып, тас төбеге қарай көтеріліп келе жатқан күннің нұры Ертіс өзенінің айнадай айдынына түсіп шағылысып тұр. Жағалаудағы құмдауыт жерге келіп отырып, арқасын күнге тосып ағынды судан көзін алмайды. Түнде көбелек жауған екен, аққайраң шабақтар жағалауда су бетіндегі көбелектерді тістейді де, тереңге кетеді. Бәрі аквариумдағыдай анық көрініп тұр. Бекіш таза ауамен тыныстап, тұнық айдыннан ескен салқын ауаны қапсыра жұтып көп отырды. Соғымды жығып, бауыздап, терісін түсіріп, мүшелеп тастайтындай уақытын сарп етті. Оған өкінген жоқ. Қалаға қоныс аударғалы осындай саф ауамен кеудесін кере тыныстап, су жағасында еркін отыратын сәтті армандаған. Соның қиюы келмей жүрген. Бүгін сол арманы орындалып, көңілі көл-дария.

​Тұруға ыңғайлана беріп еді, қасынан күлімдеген үш келіншек өтіп бара жатты. Қолдарында қос құлаш кендір жіптері бар. Сол қолдарына қайыс қарғыбау ұстап алған. Сыңғырлаған дауыстары анық естіледі. Өзімен тетелес тәтелер.

– Мой Джемми вообще рыбу не переваривает, – деген жеңіл жасыл көйлекті келіншек қарғыбауды тартты да, көзге көрінбейтін бір нәрсені жерден көтеріп алып қапсыра құшақтап иіскеді. Одан кейін қайта қоя бергендей болды. 

– Это норм, а мой Джули за кошками бегает как сумасшедший, – деді қызыл көйлекті, құлағының түбіне құмыраға оралып жабысқан кобраның суретін салдырып алған қысқа шаштысы.

– Джули, будь умничкой, слушай маму, – деп қойды сосын сұқ саусағын  қарғыбауға қаратып  нұқып қойып.

– Борзик, ты что делаешь? Мысықтар ғой ол, – деп кендір жібін шірене тартты етжеңді қазақ әйел күшеніп.

– Если кошку увидет, его не остановить, выпендривается прям, – деп сақ-сақ күлді де, құрбыларына бұрылды.  Сырттарынан қарасаң, ит жетектеген үшеу секілді, бірақ иттері жоқ. Қолдарында құр қарғыбау. Бекіштен басқа оларға ешкім таңғалып қарамайды. Ойына цех бастығының әңгімесі орала қалды. Түскі астың кезінде зауытта әріптестерімен тығылып шай ішетін әдеттері бар еді. 

– Қазіргі балаларда таңғалу сезімі деген мүлдем жоқ. Таңғалу «датчиктері» жұмыс істемейді, – деп бастаған әңгімесін цех бастығы күлкіге айналдырып.  Бәрі үрпиісе қарап қалған. Соны сезген бастық сөзін әрі сабақтаған. 

– Семьямызбен Тайландқа бардық қой. Мә, ол жақта туристерге барлық жағдайларды жасап қойған екен. Ресторандары мына біздің цех секілді, ұзындығы екі жүз метрдей болып қалар. Бергі басынан арғы есікке дейін дастархан жайылып тұрады. Үстелдің үстінен қасық қоятын орын таппайсың. Не жоқ дейсіз, ет те, балық та, тәтті де, бәрі бар общым. Өмірі жемеген тамақтар ғой. Дәмдері тіл үйіреді. Әншейінде қарнының қатпарын «бірінші этаж... төртінші этаж» деп санап жүретін әйелім диета дегенді ұмытты. Оның үстіне бері су тегін. Екеуіміз бірінші күні тауыса алмасақ та тарелкамызға толтырып салып алдық. Көз қимайды. Ал балалар шөкімдей-шөкімдей етіп бірдеңе алғандай болды. «Бұрын жемеген тамақтарың ғой, барып тойып алыңдар» десек мұрындарын тыржитады.  Ой, Аллай-ай! Сосын судың астында жүзетін, әлгі не еді, әлгі... – деп айтпағын есіне түсіре алмаған цех бастығы желкесін қасыды. 

– Майнинг пе? – деді ойланбастан жас жігіт. 

– Қайдағы майнинг, дайвинг тупой? - деп аузына сөз салды саусағының түбін тіс шұқығышпен тазалап отырған сары жігіт үлкендігін көрсетіп. 

– Иә, иә, дайвинг. Судың асты да әдемі болады екен ғой. Өзгеше әлем. Сегіз аяқ, кета балықтар жүзіп жүр. Балалар да түсіп шықты. Құдай-ау бір таңғалса ғой, таңғалмайды тіпті. Құмға барып квадрациклмен қыдырдық, пальмаға өрмелеп какос алып, жарып шырынын іштік. Біріне де таңғалмады ғой. Айтып тұрмын ғой, қазіргі балалардың «таңғалу датчигі» күйіп кеткен, – деп әңгімесін түйіндегенде жиналғандардың біразы күліп, Бекіш басын шайқаған. 

Жағалауда жүргендердің де «таңғалу датчиктері» күйіп кеткен секілді. Үш мүйізді сиыр қоя берсең де «ә, сиыр сияқты ғой?» деп жайбарақат кете берер. Жалаңаш жүгіріп жүрсең де, бір жерде құлап қата қалсаң да ешкім мойын бұрмайтын тәрізді. Ешкімді ештеңе қызықтырмайды, әрбірінің өз шаруасы бар. Әйтпесе, бір-бірімен сүйісіп отырған қыздар мен қылымсыған қызтекелерді тыймайды ма?

Етжеңді әйелді Бекіш жүрісіне қарап бірден таныды. Ауылда өзі ғашық болған, «тұрмысқа шық» деп ұсыныс жасағанда «оқуымды бітіруім керек» деп сылтауратқан, кейін ол Аяны алып қашып келгенде өзіне қол салмақ болған Гүлсім. Шынымен сол мектептегі озат оқушы,  оқуын қызыл дипломмен бітірген маман. 

– Гүлсім! – деді сабыр сақтап дауысын көтеріп. Құлағының ұшына дейін қан шапшыды. Орнынан қалай тұрып, «аруақ» ит жетектеген «ғашығына» қалай жақындап жетіп барғанын да аңғармады.

– Гүлсім, қалайсың? – деп қайталады. 

– Жақсы. 

– Бекіш сенбісің? 

– Иә, мен ғой. 

– Мә, қалай қартайып кеткенсің, – деп қойып қалды Гүлсім. 

– Е, сол, өмір ғой, – деді Бекіш теперіш тартып жүргендей желкесін қасып. 

Құрғақ басталған әңгіме тереңдеген жоқ.

– Не істеп жүрсіңдер? – деп сұрады Бекіш. 

– Е, иттерімізді таңғы серуенге  шығарғанбыз. 

– Қай итті айтып тұрсың? Ит көріп тұрған жоқпын ғой. 

– Е, сен оны түсінбейсің. Европалықтар секілді өмір сүрсең ғана түсінесің. Мұны хоббидогинг дейді. 

Бекіш түк те түсінген жоқ. Қайдағы итті айтып отыр? Қолдарында қарғы мен жіптен басқа түк жоқ. «Хоббиборзинк деді ме? Жынданған шығар» деп ойлады. 

– Мал боп кеткеннен саусыңдар ма? Әлде көшеде қаңғырып жүрген ит аз ба?

– Жоқ, это уже в прошлом. Кстати, жақында уже мынадай субкультура да келетін шығар. Шетелде уже шықты. Қойдың, шошқаның киімін киіп алып, сырт көзге сезімін білдірмей бір нүктеден көзін алмай жүреді. 

– Миы жоқ емес, миы бар мал боп кеткенсіңдер ме? Қысқасы қуып кеткенсіңдер, – деді Бекіш ашу шақырып. 

– Бекіш, байқап сөйле! Бірақ цивилизация мен цифровизация дегенді түсінбек түгілі айта алмайтын сен субкультураны қайдан түсінесің. 

– Бұл дибилизация, – деп қойып қалды Бекіш қатты кеткенін аңғармай. Сол  уақытта жасыл көйлекті көрікті келіншек айғайлады.

– Гульси, давай быстрее! Отпусти Борзика. Он же овчарка, бегать хочет.
Гүлсім ойланған да, қымсынған да жоқ. Қарғыбаудың айылбасын шешті.

– Давай, Борзик, иди, покажи, на что ты способен. Не позорь меня! – деп басынан сипағандай болып. Жоқ итке бұйырды да, «сау бол» дегендей Бекішке ожырайып қарады. Өзі де «итінің» соңынан жүгіре жөнелді.

Кездескен сәтте қуанып  «телефон нөмірін алу керек» деп дәмеленіп қалған Бекіш райынан тез қайтты. «Естерінен ауысқан ба?» дейін десе, сөздері дұрыс, киімдері де таза, жаңа. Қарғыбаулары да түрлі тастармен әшекейленген. Ондай тастары бар әшекей бұйымдар Аяда да жоқ. Табыстары жақсы секілді. Үшеуі «иттерін» арнайы жаттығуға арналған алаңда секіртіп, жүгіртіп жүр. Шындығында, өздері секіріп, жүгіріп жүр. Мұндайды алғаш көрген Бекіштің бар сөзі «Құдай сақтасын» болды. Меңіреу адамдай тұрған күйі қатып қалған да қиялға шомған. «Осы қазақтар қайдағы-жайдағы хобби пәленше, хобби түгеншеге үйір болмай «хоббиқоқыс» дегенді неге ойлап шығармайды екен? Жағалаудың айналасы жайраған қоқыс. Шашқан адам көп, жинаған адам жоқ. Қоғамға осы пайдалы емес пе». Бірақ зауыттың майдан қолы тазармаған қарапайым жұмысшысының сөзін кім құлағына ілсін?! 

– Мужчина, дайте дорогу, – деген сөзден селк етті. Үстінде ақ халат, аяғында ақ кебіс, басына қалың ақ орамал тартқан сұлу сары келіншек тұр. Құдды бір душтан шыққан адамдай. Ол да итін серуендетіп жүр екен. Тірі емес, робот ит. Қыңсылап қояды. Бекіш маңдайын ұстап бір мезет ойланды да, күліп жіберді. 

– Мужчина, дайте дорогу, – деп қайталады келіншек. 

– Все, все, – деген Бекіш жолдың жиегіне қарай ысырылды.

Үйге қайтпақшы болып, жағалауды бетке алды. Жарқабақтан баспалдақпен көтеріліп шағын паркке жеткенде, сайрап жатқан веложолдың үстінде асықпай бауырлап бара жатқан екі адамды көрді. Өздері де беттері быттиғанша семірген екен, саумал толтырып қойған тері саба секілді. Бекіштің көз алдына бауыр етін тіліп жібергенде ақтарылып түсетін сиырдың шарбы майы қапталған қарыны келді. Жиіркенішті. Беттерін бүркемелеп маска тағып алған. «Тасбақаның маскасын қайдан көріп едім?» деген ой миын түртпектеді. «Қой, ол емес, қой. Адам адамға ұқсай береді ғой...» деді  сосын іштей.  Біреу естіп қояр ма дегендей жан-жағына қуыстана қарап қояды. Екі семіз асығатын емес, құдды бір құм үстіндегі тасбақа секілді шабан қимылдайды, аяқтарын санап басады. Белгілі бір уақытта ақ қар үстінде жорғалаған морждардай аунап түседі. Аяқ-қолдарын ербеңдетеді. Итбалықтар құсап жүгіргісі келіп әрекеттенеді. Тырбаңдап шамалары жетпейді. Бекіш жүгіріп барып бір тепкісі келді, бірақ өзін әрең ұстады. Олар да адам баласы ғой. «Біссімілләсін»  іштей  үш қайталап екі иығына алма-кезек қарап «тфәй-тфәй» деп қойды. Бергі «тасбақа» аунаған кезде анық көрді – шынтағында  ағашқа өрмелеп бара жатқан әбжыланның суреті бар екен. «Құдай сақтасын» деді тағы ұрланып. Өмірінде Құдайды жиі еске алғаны осы шығар.

Бекіштің ойын қасына төрт аяқтап жүгіріп келген, иттің маскасын киген бала бұзды. Алайып қарамаса, жүгіріп келіп қауып алмаққа әрекеттенуде. «Кет!» деп айқайлағаны сол еді, ағаштардың көлеңкесінен тағы да  иттің, сілеусіннің, мысықтың маскасын киген үш бала жүгіріп шықты. Төртеуі де төрт аяқтап жүгіреді, біріне екіншісі секіріп алысады. Бір уақытта маска киген біреуі шоңқиып отыра қалды да, табанын жалады. Артқы аяғын көтеріп желкесін қасыды. Тышқан аулап жеп болған соң жуынған мысық секілді. Екі «ит» болса бір-біріне артылып, жүгіріп барып аунап жата қалады. Атып-атып тұрып сілеусінді қуады. Ол жеткізсін бе, орағытып қашады.

«Мыналарды жын шалғаннан сау ма?» дегендей Бекіш аң-таң. Әлде өзен жағасында отырып басқа дүниеге өтіп кеткен жоқпын ба, шынымен фәни-жалғанда жүрмін бе деп күдіктенгендей жерді теуіп-теуіп қалды. Аңдап болған жоқ, ырғалып бара жатқан «тасбақалардың» қасына қаладағы жалғыз телеканалдың көлігі тоқтай қалды. Тасбақалар танкі келсе де міз бағар емес. Асықпай жылжып барады. Көліктің ішінен қолында микрофоны бар журналист жігіт атып шығып, көсілте жөнелді.

– Қазір қоғамда хайуандар кейпіне еніп, төрт аяқтап жүгіретін, жорғалайтын жеткіншектер көбейді. Бұларды «квадроберлер» дейді. Бұл – жапондардан келген субмәдениет. Оны Кэнъити Ито деген жапон жігіті шығарған. Спортшы ұсқынсыз болғандықтан, оған қыздар қарамай, «маймыл адам» деп атапты. Сол себепті ол төрт аяқтыларды зерттеген, тіпті орманға барып та тұрған. Оны аңмен шатастырып, атып тастамақ та болған. Жапондық жігіттің рекордтары «Гиннестің рекордтар кітабына» да енген. «Квадро» – төрт, оған қосымша «аэробика» дегеннен шыққан. Мұнымен айналысатындарды «квадроберлер» дейді, – деп сарнап сала берді. Одан кейін екінші кадрды жазды. «Мотор!» деген оператордың дауысы шығып еді, ағытыла кетті.

– Квадроберлер мысық құсап мияулайды, ит құсап ұлиды, тасбақа құсап бауырлайды, кесірткедей жорғалайды. Қысқасы, хайуандардың маскасын киіп алып, солардың қимылын салады. Психологтар мұны қоғам проблемаларынан қашу, өзіне көңіл аударту деп түсіндіреді. Пайдасы – адам қозғалысқа түседі, қазіргі семіздік дертімен күрес. Амал не,  адамдар жануарларға айналып барады, – деген түйінін Бекіш анық естіді. Журналистер көлігі көлденең «тасбақалар» кетіп бара жатқан соң кейін шегініп барып бұрылып кетуге мәжбүр болды. 

Есіне жігіт күніндегі бір оқиға түсті. Ол кезде «Жаңа дәуір» совхозының бастығын қызметтік көлікпен таситын. Көктемде егіншілер қырдағы алқапқа кетеді, жер жыртады, егін себеді. Айдалада алқаптар ортасында арнайы салынған үй-жайды «бригада» деп атайды. Бригаданың басында аспазшы болып жұмыс істейтін Қалампыр деген келіншек болатын. Күйеуі соқаға құлап өлген де, өзі жесір қалған. Оның үш-төрт жасар баласы болатын. Бишара баламен бригаданың басында бірге ойнайтын басқа бала жоқ, бар ермегі – иттермен ойнау. Солармен бірге тұрады, бірге жатады, жүгіреді, шабалаңдап үреді, ұлиды. Тіпті бірдеңе сұрасаң тамағын қызғанған қаншық құсап ырылдайтыны бар. Әбден «ит» боп кеткен. Тракторшылар түскі асқа келген уақытта бәрінің есін шығарып маза бермейді. Балаға ешкім ұрса алмайды, бәрі аяйды. Анасы да адуын адам, баласына тиіссең аш қалдырады.  Тамақ салғанда білдіртпей қақырып жіберуге бар. Совхоздың басшысы Имантай қалжыңбас адам еді. Ас ішіп отырғанда әлгі бала мазаласа, селк етіп орнынан атып тұрып, ит құсап айналаға алақ-бұлақ қарап, тұра жүгіргенде «Маугли-бала» да ере түрегеледі. Сол жүгірген бойы шабалаңдап айдалаға лағып кетеді. Ашығып келген егіншілер ит-баладан осылай жеңіл құтылатын. Осы есіне түскенде Бекіш жымиып қойды. Ал мынау нағыз ауру, дерт деп кесті сосын. 

Миына «квадробер» деген сөз орала береді. 

«Өмір ағысынан қалып қойдым ба?» деп ойлайды. Бірақ... Алаңқай жерде бүгін мереке болып жатқан секілді, музыка қатты шығып тұр. «Көре кетейін» деп сол жаққа бұрылды.  ​Әр жерге шарбақ қойылған. Он шақты адам ағаш ат мінген. Ат деген тек аты ғана. Қысқа ағашқа жылқының ойыншық басы бекітілген. Торысы бар, аласы бар, жирен қасқасы да жүр. Тіпті біреуі шағыр мініп алыпты. Ағаш ат болғанда – бір метрдей құрыққа аттың ойыншық басы орнатылған. Жал-кекілдері төгіліп тұр. Ағаштың бір басын бұтына қысып алған шабандоздар әртүрлі биіктікте орнатылған шарбақтардан шауып барып секіреді. Бұларды көріп ойына бала күнінде құрық мініп алып шаңдақтың ішінде шауып жүретін Ноян оралды. Бір мезетте жүргізуші де ортаға «атына» мініп тыпырлап жүгіріп шықты да, тізгінді қаға тартып тоқтады. Бұл жарыстың басталатынын, бұл ағымды «хоббихорсбинг» деп атайтынын, ол Финляндиядан бастау алатынын айтып өтіп, жүлдеге екі миллион тігілгенін жария қылды. Одан кейін «хоббихорстар» шыға бастады. Торы мінген бойжеткен текежәуміт тақымдағандай сылаңдап шықты. Тура бір жүйрік жүгендегендей, қимылын дәл салады. Бір жігіт бедеу байтал мінгендей билеп тұр. Қарыны шыққан қартаң әйел көкпар шабатындай кеуделі ат тоқымдаған екен. Жөпелемде жарыс басталды да кетті. Ию-қию болып дауласып та жатыр. Мұны көріп түк түсінбеген, басын шайқаудан шаршамаған Бекіш үйіне асықты. 

***

Ауласына асығып жеткен Бекіш подъездің алдындағы орындықта ешкім жоқ екенін байқады. Әншейінде кімнің қашан, қайда кеткенін біліп отыратын, «Қазгидромедтің» болжамына бас ауыртпай құс пен ит-мысықтардың қылығына қарап ауа-райын болжайтын «жауырыншы» кемпірлер де жоқ. Домино соғып отырған шалдар да шықпапты. Ұрланып келіп орындыққа отырды да жан-жағына бажайлап қарады. Одан кейін телефонын шығарып «квадробер» деп терді. Өмірден қалып қойыпты, небір бейнелер шыға келді. Біреуін басты. «Жапон жігітінің ит болу арманы осылай орындалды. Ол бұл үшін жеті миллион иен жұмсаған. Бірнеше рет пластикалық операциялар жасатқан, қос аяғын кестірген, тәніне жүн өсірткен. Қазір бір уақытта адам боп жаратылғанын білдіртпес үшін өзін ит секілді ұстайды. Иттерге арналған тамақ жейді, үреді, ұлиды. Бос уақытта оны әйелі серуенге шығарады. Тек оның көзі мен жымиған күлкісі иттерге тән емес». Бекіш шынымен адамдар әлемінде жүрмін бе дегендей жан-жағына тағы қарады. Өсіп тұрған талдарды ұстап көрді. Түсі ме, өңі ме, түсініп болмайды. 

Үйге кірді де күртешесін ілді. Шеткі шегедегі алжапқыш пен тасбақаның маскасы жоқ. 

– Ноян қайда, – деді Аяға безірейіп. Іші бірдеңе сезіп тұр. 

– Жаттығуға кетті.

– Ммм, маска. 

– Жын ұрғаннан сау ма сені? – деп зілденді әйелі. 

– Ммм, шынтақтағы жылан, ммм, – деді назар аудармай Бекіш мезі қылған ойдың арасында адасып. 

– Өй, қағынғаннан саумысың өзің. Не болды саған баламен алысып? Тым құрығанда қолынан жетектеп бір секцияға апардың ба? Шеге қағып үйреттің бе? Біресе баба Валяның дачасына кетесің, біресе қажы ақсақалдың қойын соясың. Қатын құсап еттерін тұздайсың. Отбасымызбен бір жаққа шығып демалайық десе ақша жоқ деп шығасың. Енді келіп балаңмен алыса қалдың?  – деді Ая тіліне тізгін беріп құлдилатып. 

– Сен оның немен айналысып жүргенінен хабарың бар ма? 

– Бар. Енді не қыл дейсің? 

Бекіш үндей алмай қалды. Бет-жүзі бозарып, танауы делдиіп, көзі ақилана бастады. Тісін шықырлатып,  жұдырығын түйді. Ая күйеуінің күйін көріп аң-таң. Зәресі зәр түбін аралап кетті. 

– Жаныңның барында жоғал үйден, алып кел ана «тасбақаны», – деп ақырды Бекіш. Ая күйеуінің бұлай ашуланғанын бұрын көрмеген. Жеңіл халатын ауыстырмастан үйдің тәбішкесімен табалдырықтан қалай аттап зыта жөнелгенін өзі де аңғармай қалды. 

– Мияу. 

«Мыналар мысық асырап алғаннан сау ма?» дегендей Бекіш көрші бөлменің есігіне қарады ашуын басып. Арғы жақтан кіші ұлы Аян төрт тағандап мысық құсап майысып келді де аяғына оратылды. Одан кейін арқасына жата қалып домалады. 

– Мияу. 

Бекіш басын ұстап қабырғаға сүйенді де сылқия отыра кетті. Таңғала алмады. Өзінің де «таңғалу датчигі» күйіп кеткен секілді. 

– Мияу...

1Бел көтерер – ауылдың қарттарының басын қосып арнайы дәм беру дәстүрі.  

2Айырылыс қазан – көшетін үй иелеріне қоныс аударар алдында ағайындардың кезектесіп дәмге шақыру дәстүрі. 

3Қолкесер –  мал сойып бергені үшін қасапшының қалаған жерінен кесіп алған кесек ет.

4Тату – деген салынған жасанды сурет. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan