Жаз таңында ну орманға жалғыз кірген бала табиғаттың тылсымына, мың бояулы гүлдер мен көбелектердің, шөптер мен ағаштардың жарасымды ғазалына, құстар мен жәндіктердің сайрауы мен шырылына тап болып, бір-бірін қайталамас дыбысына таңырқамас па еді!.. Поэзия маған сол бір тыныштық пен қозғалыстың һәм жансусар шақтың тіршілігін сана сәулесінен өткізген сәттің жанды суретіндей көрінеді. Өлең өзінің бойына таңғы орманның нілін жұқтырса, шынайы шығатындай. Жасандылық пен айқайы көп сөзден гөрі, кіршіксіз мейірім мен шапқат нұры қиял кеңістігін нұрландырса, тамаша жыр дүниеге келмек. Ақын Биболат Сәтжанның бір топ өлеңін оқығанда, маған жайлау орманы, онда да таңғы орман елестеді. Құпиясы мен жұмбағы көп орманға бейсаналы бас сұғып, бәріне таңырқай қараған бала сынды, ақынның жырларын тұщына оқыдым.
Поэзия – әртүрлі сезімдер мен бояулардан, ой мен сөзді, сөз бен әуенді, әуен мен үнді, үн мен дауысты, дауыс пен айқайды жалғастыра алатын дірілімен – қылдай нәзік кейде қанжардай өткір үйлесімдердің, кейде осының бәріне қарсы үйлесімсіздіктердің реттілігімен поэзия. Поэзияның бойында қашанда қарама-қарсылық тұнып тұрады. Биболаттың өлеңінде мұндай ерекшелік менмұндалап тұр. Сонысына ыждағатпен разы-қош болдым.
Алаулаған, жалаулаған, лепірмелік пен көпірмелік «жаңашылдық» саналған, айтқыштық пен тапқыштық «ерендік» саналған кезде осындай бітімі өзгешеленуге емес, өз өздігін айқындайтын жырларға құмарлана түсесің.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
***
...Дүниенің соңғы күніндей
сезілетін күндердің бірінде,
Сезімдер мүлдем шатасып.
Тұманды көше бойымен итін қыдыртып
жүрген
Белгісіз біреудің мұңлы көздерінің
тұңғиығына батасың!
Ойлайсың сосын,
Уақыттың тәж кигізгені туралы ағаш
бастарына.
Ақ шаштарыңды санайсың, оймен,
самайдан.
Тар жолға төселген тақтатастардың да,
Жасы өзіңнен үлкен екендігі
жұбаныш бола алмайды алайда.
Ит ерткен әлдекім оңаша аллеяға
жайғасады,
Сәби кезінің естеліктеріне сүйеп арқасын.
Ауыр күрсінген аспан тұманды тылсыммен
айқасады,
Ал, сен
Бейтаныстың өмірі жайында сыр бөлісуге
құмартасың.
Сосын ұсқынсыз диюдың
тұздай көзінің қарашығындай сезіліп жер
шары,
Өзіңнен жиренесің, қылығың күлкі
шақырып.
Үнсіз күтесің бейтаныспен тілдесудің дер
шағын,
Құйрығын бұлғаңдатып
түсіністік танытады жанындағы тілсіз
мақұлық.
Оның егесінің де тілсіз екендігін кеш ұғып,
Сырт айналасың, аңдамағансып наласын.
Көктемгі гүлдер жайлы өкінішке ұқсас
сезімді бастан кешіріп,
Үнсіз мөлие қаласың.
Төменге құлаған қар мен уақыттың
астында...
***
...Тозады ұзаққа созылған төзімділік,
Мойынсұну жайында айтады жүрекке.
Сүйегіңдегі сүйіспеншіліктің отты серпінін
сезіндіріп,
Сөздердің көмескі сәулелерінің жауабы
естіледі түнектен!
Уақыт тоқтайды, мезеттер сәт сайын
көнеріп,
Әлдекім күрсінеді жүрексіз, тағдырсыз.
Жартасқа соғылған толқындар өледі,
Бір сезім оянады гүлдерсіз, жаңбырсыз!
Тұманды қаланы шарлайды шамдар
қосылып,
Сұлбалар тозады шіркін жарықтың сегіз
бұрышында.
Ұзаққа созылған ерекшеліктерден
тосылып,
Бояуды ерніңнен шашыратып сөз қалады
тіл ұшында!..
***
Қауыс түнінде
Қолшамның жарығы
Кеңістік пен өмірдің араласуын
Және
Басқа да күңгірт кескіндерді көз алдыңа
әкеледі.
Желбегей жамылған пальтоның
Қоштасуға санаулы сәт қалғанын
білдіргеніндей
Мұң оған тән эстетикалық сезім ғана.
Бары сол.
Дегенмен,
Дымданған жапырақтардың иісі
Айналадағы көрініс біздің таңданысымыз
үшін
жаралмағаны жайлы
Ұдайы кезектескен сөйлемдердің арасында
буға айналады.
Бұлт көтеріледі лезде.
Үнсіз күрсіністердің таза тұнбасында ериді
Ымырт.
***
Ей, меһрибан,
Саған оның тағрипын сөйлемен!
Оның салғаны жалғыз аяқ жол еді,
Жақыны жоқ еді,
Жанынан басқа.
Аз халықтың алғашқы ақыны болудың
азабын
Оған тағдыры сыйлады.
Жоқ әліппені есіне түсірмес еді әйтпесе,
Сандырағын жаттамас еді бақсының.
Ебелектей елпеңдеп,
Аңызды іздемес еді даладан,
Уақыттың басталуы жайлы сөз жазып.
...Күн күркірін періштенің айқайына,
Адамдарды алғашқы көктемнің гүлдеріне
теңеді.
Жалғыз аяқ жолдың қос қанаты тұтанды
осылай.
Күлтелері сөгіліп,
Түнекте қалған гүлдердің халі,
Пенденің мұңы
Оның жүрегіндегі жылумен
Ауасыз көкте күн мен айды тұтатты.
Ол – жаурағанда тіліңе оралған жылудың
дәмі.
***
О, анық бақытсыз жас едік біз деген,
Біздікі ақымақшылық еді қып-қызыл...
Мысалы
Әлдекім саусақ ұшынан әлемге қарайды,
Уақыт болса – түн ортасы.
Ол жыларман халде,
Оның айналасындағы ауа ағынының өзі
мұңды.
Мұнысын саған жымқыра тістеген ерні,
Жас үйірілген кірпігі сездіреді.
Оның мұнысы
Классикалық логиканың
Шексіздік алдындағы дәрменсіздігінен де
ауыр
Һәм
Одан да ауырлай түседі.
Ал, қараңғылық қоюлана түседі,
Түн тек мұның терезесіне ғана үңілгендей.
Тығындаулы құлақта тыныштықтың
ырғағы қайталана береді.
Жүрек демін ішіне тартады,
Сәлден соң үйрейден бүрісе қалардай.
***
Ауа райы
Иесіз қалған лашықтай,
Төңірек түгел қараңғы.
Күзгі түнде босағада бөгелмегін,
Ұстамағын есіктердің тұтқасын.
Құлдығым,
Саналарды тастап шығып
Сағанаңа оралшы –
Жоқтаулар да тоқтасын,
Көз жастары құрғасын.
Саған барар жалғыз жол –
Өмір ғана.
Я, жалғыз жол...
***
Біз жасырындық
Санамыздағы сәулелі ойлар саясына.
Өлең панамызға айналды.
Әлдекім оқығанша,
Әлдекімнің көкірегіне қонғанша
Үрей, қорқыныш,
Тағы қаншама жайларды
Мінсіз жалғыздықта өткердік...
Мұңымыз
Жүректей, өзгешелеу соққаны,
Өзіміз де өзге.
Тек бәрі күрсініп, күтсе болғаны,
Біз оралған кезді.
Біз білеміз
Жаратушының құпиясындай,
Бүлдіршіндердей жасырынбақ ойнаған,
Ойыннан шығып қалмау үшін
Түбі оралу керегін!
***
Тотыдан артық сөйлегеніндей қарғаның
Немесе
Бөлмемде
Түсімде бөлмемде жалғыз қалғанымды
Көргенде.
Шошып оянғанымдай күйде боламын,
Әр өлеңімді оқығанда жазылып біткен.
Өйткені
Тағдырымның түзу жолағы –
Қозғалыстағы нүкте.
О, бәрі ажалдан қорыққаннан Құдайға
сенеді,
Немесе сенбейді.
Менің де өмір-өлімді егіз ұйқаспен жазғым
келеді,
Ол ісімнің де оябы келмейді.
Сол үшін жаны ардақтылар ерте кетуде,
Кезексіз қаламын үнемі.
Кетуде олар менен артық екендерін білген
соң,
Мен болсам неге ұйқастыра алмадым деп
мұңданамын.
Олармен ұзамай басқа әлемде қосылармын,
Бәлкім сәл кейіндеу.
Барлығынан бұрын осылардың,
Менің күйзеліске бейімдеу
Жүйкемді жұлмалаған дауыстар
Үрейлі.
Сол талып жеткен күбірлер алыстан,
Бұрын айтқан сөздерім болмағай деп
тілеймін.
