Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бірге оянып алатын таң құсымен......

08.12.2018 4986

Бірге оянып алатын таң құсымен...

Бірге оянып алатын таң құсымен... - adebiportal.kz

"Әдебиет порталы" ұжымы танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Өтеген Оралбайұлын ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленуімен құттықтай отырып, оқырман қауымға өлеңдерін ұсынады.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ЭЛЕГИЯ

Көктен біреу төбемнен төнетіндей,

Жерден шығып әйтпесе келетіндей...

Жаңа туған жусан боп елегізе,

Жүрегіме бір жұмбақ шер емізем.

Әйтеу маған бірдеме жетпейтіндей,

Маңыранам кәдімгі Сексек-Түндей.

Өзгелерден өзгеше Жан қысымы ем.

Бірге оянып алатын таң құсымен.

Кезіп шыққан секілді Сөз алабын,

Бір сезімнен құпия бозарамын.

Мақтанарлық түк жоқтай ғұмырыммен,

Шошып қалам өзімнің күбірімнен.

Жадыма да сенбесем, қиын тағы,

Жасыл түгін қозғаймын мыйымдағы.

Бұл хәлімнің таппасам шұғыл емін...

Ауаның да көзіне үңілемін...

Біреу ақырын ішімнен жылады енді...

Қайда барып шығарсам күнә-демді?...

БАСТАҒЫ БАҚТЫҢ БІР СЫРЫ

Біріншісі екіншісін азғырып,

Екіншісі біріншісін жазғырып,

Көңілім мен Ақылым солай арбасып!...

Ондай сынды Құдай басқа салмасын:

- Өртенсеңші бір сұлудың демінен!...

- Байланғанмын Жан Жарымның меңіне!

- Ақымақ-ау, бақыт деген - байлықта!...

- Зар боп қалма шүкірлеткен шайлыққа?

- Өкінбес ең, жетіп алсаң бійлікке!...

- Осы сен-ақ көркейіп ал бұйрықпен!...

Ақылды да, Көңілді де қоса аңдып,

Бағжаң-бағжаң отырайын қашанғы.

Жырлап бердім, көкейге қош Сөз қонып!...

Құшақтаса кетті екеуі мәз болып!...

ӘЙ, ПЕНДЕЛЕР-АЙ...

Құдайға арнап саны жоқ сарай салдыңдар.

Әлі де сала берерсіңдер - балтамен де, балтасыз да.

Ал, атойдан да ұйықтап қалатын арқасыз бар.

Мүңкіген зар мен жалынышқа толы сол сарайларыңнан

көңіл азып, қолқа сыздар!

Сендер Тәңірге неге ренжисіңдер?

Тәңірден неге қорқасыңдар?!..

Ол сендерге Тән берді аңқи алатын, Жұмақтың жұпар дәніндей.

Жыныс берді, іңкәрлік оты жайнаған жасыл өрімдей.

Мұрын мен құлақ берді, иіс пен дыбыс атаулының музыкасын да аулауға.

Көз берді, оқтан да жылдам шұғыла болып лаулауға.

Омырау берді, жыланға да емірене аларлық.

Өкпе де берді, қасиеті бар ғайыпқа ұшып барарлық.

Жүрек те берді, аңқыған Ары - жан Нұры!

Ең бастысы -

жасампаз Мый берді ғой, ізгі ойлай білер мәңгілік!

Сондай ғажап - әр Адам!

Адамдықты берсе, қой да қамалмас еді-ау қорада.

Ендеше,

Құдайға арнап салған сарайларыңда

құр босқа еңіреп зарламай,

қырық өтірік айтып, ылақпай,

неге еркін өмір сүрмейсіңдер,

бұ Дүниені айналдырып Жұмаққа?!

Дайындықтың көкесі де сол емес пе - одүниелік сынаққа!

Әй, пенделер-ай!...

Ақұштап Бақтыгереева

Ақжайық арнаға түс арындама


Ақ жайық, арнаға түс арындама
Ару Жайық, ерке өзен, сабырлағын,
Бұл көктемде сен неге арындадың?
Құм мен тастан өрілген жарқабаққа
Ғажап болды-ау осынша бағынбауың.
Жайсаң қызға ел сені тең деп еді,
Мінезіңді адуын көрмеп еді.
Әлде сенің жанынды қинады ма,
Жарты ғасыр Нарынның шөлдегені.
Табиғатқа, тағдырға бағындың да,
Қыста ұйықтадың мүз көрпе жамылдың да.
Ақ айдынға аққулар еркелейтін,
Бір дәуренді өзің де сағындың ба?
Суың-кәусөр, өзің-нәр, ақылдысың,
Бары анық бойыңда батыл күштің.
Егеменді елге өзен болғаныңа
Асып-тасып қуанып жатырмысың?
Қазір саған құлаштап жүзе алар кім,
Неге сонша арнаңцы бұза-жардың?
Бәлкім сенің өмірде бар-жоғынды
Елемеген жандарға ызаландың.
Түскен талай тасқынның азабына
Дәуір менен тағдырдың мазағына.
Етек-жеңін жинауды сен үйретші
Даландаған даланың қазағына.
Мекендеген жағаңды ырыстылар
Биыл белге бидай мен күріш тұнар.
Тарихы бар, тегі бар өзеннің де
Көрсеткені бір мінез дұрыс шығар.

Ақ шыңдар

Жанымды еліктірген дала, сағым,
Бар менің бала шағым, болашағым.
Сендермен таласпаймын, асқар шындар,
Сендерден әлденеше аласамын.
Армандай шақыратын қияларың,
Өмірде сендер менің қиял-әнім,
Сендерден кішкентаймын, аппақ шыңдар,
Қолымды созуға да ұяламын.
Төбеңе төніп көктен Ай қараған
Ұмтылған қарағайлар айналадан,
Мәңгілік селт етпейтін сабыр менен
Сендегі айбарлылық қайда маған.
Ақ самал, ашулы ызғар аймалаған,
Ақ бұлттар, аппақ мұздар жайлап алған,
Еңсені аласартпай өздеріңше
Жалғасу ғасырларға қайда маған.
Бірақ мен қуанамын, ұяламын
Жүремін еркін кезіп би алаңын,
Толқимын, тебіренем, өлең жазам,
Ән салам, елжіреймін, сүйе аламын.
Тағы да, қайғыра алам жылап-талып,
Қайтадан бой түзеймін құлап барып,
Әйтеуір дүниені белден кешем
Достармен сайран салып, сыр ақтарып.
От жанып жанарымнан күлімдесем,
Одан соң қорқыныштан дірілдесем.
Әйтеуір жер бетінде із қалдырып,
Лапылдап жанып-сөніп ғұмыр кешем.
Шығармын үлесімнен кеш қалған да,
Жетпеспін сендей анық еш жалғанға,
Шыңыңа бірақ кейде қызықпаймын,
Өнбойың тас екенін еске алғанда.
Кеш мені, бауыры тас, жұмбақ мекен,
Қасірет сені осылай шындап па екен,
Кім білсін, менің отты аз ғұмырым
Сенің мәңгі даңқыңнан қымбат па екен?

Қоңыр

(Жұмекенге)


Күй шерткен оңашада домбырадан,
Күн кешкен жыр жолына болып алаң.
Даланың қоңыр күйін сүйіп өткен
О, менің дала мінез қоңыр ағам.
Жандырдың алуан ойдың отын іште,
Жыр жолын айналдырдың бекініске.
Танылдың озық ойлы саналыға,
Санасыз танымаса өкініш пе?
Сөйлесең жыр жолы боп күбірледің,
Бәйгеде сәйгүліктей дүбірлі едің.
Амал не қарапайым мінезіңмен
Ішінде көп жүйріктің білінбедің.
Ешқашан оқшауланып көрінбеп ең,
Тұрдың бір өзгермеген көңілменен.
Қулықсыз, арпалыссыз жырлап өттің,
Бүгін сен биіктеусің соныңменен.
Күй шертті оңашада домбырадан,
Қашан да жыр жолына болдың алаң.
Даланың ұлы болып, жыры болып,
Қалдың сен дала мінез, қоңыр ағам.

Өтеген Оралбайұлы

Ым-жым ымырт, бурадай шөккен іңір,

Жусан бүрлеп, жымиып көктегі қыр.

Қайтқан құстар қанаты – ашылған хат.

Құстар қайтып келеді – өтпелі жыр.

Өтпелі жыр – келгені көңілге шат,

Жыл құстары аспанда – жеңіл жасақ.

Қарлығаштар қасындай Жер – Ананың,

Кең далаға береді өмір жасап.

Өтпелі жыр – келгені қуандырар,

Өтпелі жыр – кескіні ұнамдылар.

Қуаныштың қадамы төрге шығып,

Жоқты тауып, жаныңды жұбандырар.

Ым-жым ымырт.

Тау, дала, теңіз тынық,

Көктем-көңіл – жарасқан егіз қылық.

Ынтымағын ымырттың жамылып ап,

Жыр жазамын жанымды негіз қылып.

Шерім желдеп шығады күй басынан,

Сақа тіктім сағыныш құймасынан.

Бозінгенін көңілдің жетелеуге,

Ұстаймын кеп өлеңнің бұйдасынан.

***

Қара судан қаймақ алдым.

Дәмсіз.

Сары аяздан жаймақ алдым.

Қарсыз.

Оңған бөзден байрақ алдым.

Әрсіз.

Сауысқаннан сайрақ алдым.

Әнсіз.

Бұл не заман болып кетті?

Мәнсіз.

Ақиқатты шідерледім.

Күнә.

Өсек-аяң түгендедім.

Кінә.

Мен барлығын білем дедім.

Шүбә.

Мен өмірді ұға алмадым.

Сірә.

Ар-ұятым, барлығын сен сына!

Сына!

***

Әрқашан ізгілікке елеңдедім,

Сен куә – жүректегі көрерменім.

Өнердің жақтамадым өлерменін,

Өмірдің өзін айтшы, өлеңдерім.

Өмірдің өзін айтшы, өлеңдерім,

Күндерім – Алла берген кемелдерім.

Көңілде көп жатпайды көбеңдерім,

Шашымды күмістейді бөгендерім.

Шашымды күмістейді бөгендерім,

Шалғыны сынайды кеп белеңдерім.

Уақытым – уағыз айтқыш кемеңгерім,

Жүректің құлағын аш, өлеңдерім.

Жүректің құлағын аш, өлеңдерім,

Жаратқан аспан ашсын сенен керім.

Өлеңді – жай бір ермек дегендерім,

Тілінен алар ма екен көгендерін.

Әйтеуір, бір үмітке елеңдедім.

Фото: dlyakota.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар