Сауалнама
1.Қазақ әдебиетінде көркемдік құндылығы жоғары дүние көп. Әдебиетіміздің әлем әдебиетіндегі орнын іздеместен бұрын, ТМД-дағы алар орнын екшесек, мұндағы халықтар біздің әдебиетімізді әлі толық мойындай қоймағандай көрінеді... Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
2. Кейбір жазушылар шындықты айтуға мүмкіндігі бола тұра қоғамдық мәселеге үн қосудан саналы түрде бас тартатын сияқты. Осының себебін сіз қалай түсінесіз?
3. Елбасы отандық бір арнаға берген сұхбатында Теодор Драйзердің «Қаржыгер» кітабын оқыдым» дегеннен кейін кітап дүкенінен осы шығарманы іздегендер көп екен. Сіз оқырманға кітап оқытудың қандай жолын ұсынар едіңіз?
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, ақын:
Самолет құласа да - өлең, біреу күйеуінен таяқ жесе де -өлең...
1.
Осы сұрақтың төңірегінде бас қатыратындардың көбі әңгіменің аяғын мемлекеттің қамқорлығына әкеліп тірейді. Кеңестік кезеңде одақтас республикалар арасындағы әдеби алыс-беріс барынша жақсы дамыды. Барыс-келіс те солай... Бірақ ол ұжымдық әдебиет секілді көрінеді маған. Бір терінің пұшпағын илеген... Бір алып қолшатырдың астында өмір сүргендей... Дара шабуға, оғаш жазуға, оқыс қимылдауға болмайтын өзінше «бақытты», өзінше «қалыпты». Біреулер келісер, біреулер келіспес, ойлап көріңізші... Отырып алып «О, тоба, мына қырғыздан шыққан Айтматов әлемді қалай жаулады?» деп жағамызды ұстаймыз. Тұтас ХХ ғасыр әдебиетінде Айтматовтың Жәмиләсындай образ жасалды ма бізде. Жоқ! Өйткені, біздің әдебиетте адами ақиқаттың тамшысы да болған жоқ. Пәк Меңтай (адамның пәк болуы мүмкін бе?), данышпан Ұлпан сізді сендіре ме? Адам дегеніміз кім өзі? Оның күйініш-сүйініші қайда? Жанының қырық қалтарыс-бұлтарысы қайда? Айналып келгенде, құпиясы қайда? Өзің сенбегенге жұртты қалай сендіресің? Бізде миыңның терең түкпіріне кіріп, мәңгілік қоныстанып қалатын образ жасалған жоқ. Әспеттелген, пафостан жасалған, менталитетке барынша лайықталған образға кім сенеді?
Неге мен айналып келіп «Тынық Донды» оқи беремін? Неге орыстар осы эпопеяны бір емес, бақандай төрт рет экранға шығарды? Патриоттық сезімнің күштілігін мен неге Мопассанның кейіпкерлерінен көремін?! Элизабет пен Аннеттен ....Жалғыз жауап сол – тыр жалаңаш ақиқатты жеткізудің шеберлігі. Бізде әдебиет оқырманды тәрбиелеу керек деген ұғым бар. Кешіріңіз, әдебиет оқырманға ақиқатты көркем тілде жеткізуі керек. Болды! Біздің әдебиетіміз әлемдік деңгейге жетуі үшін біраз уақыт керек шығар... Ары мен сақалын сатып, сөлкебай жинап, бірін-бірі көпірте мақтаудан аса алмайтын психологиядан құтылу керек шығар... Ең бастысы көркем шындықтың концептуальдық жетістігіне жетіп алу керек шығар...
2.
Осында біреулер бар... Самолет құласа да – өлең, біреу күйеуінен таяқ жесе де – өлең, әжетханада сәби табылса да – өлең... Оны өздері шындықты айту деп ойлайды. Жалпы мұның бәрі ақпарат құралдарының, публицистиканың жұмысы. Онсыз да мына заманда жаңалық атаулы жарықтың жылдамдығымен бірге жетеді. Төлеген ақынның «Ақын боп өмір кешіру, оңай деймісің қарағым, Аузында тұру бұл өзі, сыздаған барлық жараның» дейтін өлеңі бар ғой. Біз шындықты қалай айтып жүрміз? Немесе неге айта алмай жүрміз? Қалай айтқанда да, халық жүрегі сыздағанда ақын-жазушысын іздейді. Солардан бір ауыз дат күтеді. Сондайда «Ел ерге, ер жерге қараған» кездер болады. Пенде ғой. Бала-шағасын ойлайды. Қызметін ойлайды. Сосын айтқысы келгенін көркем шындықпен жеткізуге таланты құрғыр кемшін түсіп жатады. Елдің Махамбетті, Фаризаны сағынатыны сол... Дәутайұлдарын іздеп жүріп оқитыны сол. Біздегі қарғыс атқан психология бүгінмен өмір сүру болып тұр. Бүгін көз жұмып қарағаның ертең маңдайына таяқ боп тиетінін ойламайды. Өйткені, ол кезде өздері болмайды ғой. Көрдіңіз бе, біз ұрпақ қамын қалай ойлаймыз?!
3.
Біз қойшысына дейін етігінің қонышына кітап салып оқитын кезеңнен өтіп кеттік. Бродскийдің «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл – оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген сөзі бар. Бізде кітап бетін ашпайтын тұтас буын өсіп келеді. Демек, бұл – трагедия. Оқырман санын көбейту жұмыстары науқаншылық қамытын киіп тұр. Менің ойымша, бұған енді мемлекеттің қамқорлығы керек. Қазір, ізгі ниетпен «кітап оқыңыз» дегенге пысқырып қарамайды. Арнайы жүйе болуы керек. Шет елдегідей үлкен акциялар жүргізілуі керек. Буккроссинг, букрей, букринг деген шаралар бар Еуропада. Соның сәл өзгертілген түрлерін (классикалық варианты қазаққа бармайды) жастар ұйымдары жасап жүр. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Кітап оқуға қажеттілік тумай зорлап жүзеге асыра алмайсың. Сосын бізде кітап саудасы аянышты деңгейде. Өзін ақтамайтын болғасын айналыспайды. Кітап саудасында жарнаманың, маркетингтің ролі зор. Тұтынушының , яғни оқырманның талап-тілегіне сай жұмыс істейтін кітап нарығын жасау керек. Бір орында тұрып, «Бізде кітап оқылмайды» деп зарлағаннан ештеңе өнбейді. Меніңше, Қазақстанға кітап оқыту үшін әр баспаның жанынан үлкен жарнама агенттіктері жұмыс жасауы керек шығар.
Асылзат АРЫСТАНБЕК, ақын:
Шындықты шыңғырып айтудан қорқамын...
1.
Саясатқа тіремейік десек те, қазір не туралы, кім туралы айтсақ та, биліктің көзқарасымен өлшейтін болдық. Бұрын да солай болған-ды. Бірақ бұрын саясат əдебиетті өз идеологиясын жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланған əсілі. Қазіргі биліктің ең құрығанда сондай əрекетке де бармай отырғаны қынжылтады. Жазушылар одағы бір жақта. Өзімен-өзі. Билік қойны-қонышын қалай қампайтудың ғана соңында жанкешті. Мəдениет пен өнер – жетім баланың күйін кешіп отыр. Ал «жетім əдебиет» қайыр сұрап шығарған кітабын қалай əлемге танытады? Жан-жағымыздағы ел қалай таниды? Жазушыда стимул жоқ, еркіндік жоқ. Қазыққа байланған аттай шектеулі жерден шыға алмайды.
Арқаны жеткен жерге дейін отыққан жылқыдан да тектілік кетеді ғой. Сол сияқты өз айналамызды шиырлап болдық. Сөз жоқ, аға жазушы, ақындарға айтар уəжім һəм хақым жоқ. Бірақ біздің буындағы қаламгерлер еркін көсіле алмай отыр. Оған, əрине, түрлі себеп пен сылтау көп.
2.
Қоғамдық мəселеге үн қосу – қорқынышты. Əбден жасытып, нұқып, қорқытып тастаған ұлттың ұрпағымыз. Шапанымыздың астынан күңкілдейміз. «Бəленшеке, неге үндемей қалды?» демесін деп жанама бірдеңе айтып қалып, сен тимесең, мен тименің күнін кешеміз. Өзім де сондаймын. Шындықты шыңғырып айтудан қорқамын. Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты «Мен енді сенбеймін ешкімге, Президент періште болса да...» деп басталатын өлеңім үшін Астананың шетінде жалдап тұрған құжырамды 2-3 ай торуылдаған жандайшаптарды көргенде, «мыналарда ес жоқ екен, жұмысы жоқ, үйде бала бағып отырған əйелден қорыққаны – аянышты» деп күлгем. Біздегі жағдай шынында да аянышты. Адамдар бір-бірінен сұмдық қорқады. Жол айрықта атының ерін сұрай ма деп күдік-күмəнмен өмір сүреді. Көзіміз көріп отыр ғой. Ардақтыларымызды ақтап, бір ауыз бірдеңе дей алмай отырмыз.
3.
Осы туралы да өзім көп ойлаймын. Менің үйімде 2000-ға жуық кітап бар. Сөреге сиғаны сөреде, қалғаны қағаз қораптарда. Көшіп-қонып жүріп тозғаны қаншама. Қажетін оқыдым. Қазір сіресіп тұр. Кейбіреулері орнынан қозғалмайды да. Сол кітаптарға аянышпен қараймын да ойланам. Одан да керек адамдар неге қызығын көрмейді деп. Бөлек бір жерде емес, сауда орындарының басшылығымен келісіп, еркін кітапханалар ашса. Сондай жерге кітабымды өткізер едім. Ол жерлерге жатып оқығың келе ме, отырып оқығың келе ме, үйге алып кеткің келе ме, жағдай жасалса. Адамдар кітапқа деген адалдықтарын еркін, бір-біріне деген сенімділіктерін білдірсе. Мүмкін бұл күлкілі көрінер. Бірақ креативті дүниеге ел оң көзқарас танытады.
Сауалнаманы жүргізген
Аягүл МАНТАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.