Мамыр – мерекеге толы ай. Сол көп той-мерекелердің басында Қазақстан халықтарының бірлігі күні тұр.
1996 жылдан бері қарай атап өтіліп келе жатқан бұл мерекенің мән-маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Себебі, Жер ғаламшарының бетінде мекендеп жатқан адамзат қоғамының жалпы тарихында соғыс-жанжалсыз өткен жылдар өте сирек болыпты. Себебі дәл үстіміздегі жылда, дәл қазірдің өзінде Жер шарында көптеген елдерде ірілі-ұсақты соғыстар мен қақтығыстар жүріліп, қаншама адамдар қаза тауып, қаншасы жарақат алып, азап арқалап жатыр?! Сондықтан да отандық эстрада әншісі Кентал дейтін азаматтың біраз жылдан бері айтып жүрген:
«Бірлік болсын әлемде!
Бірлік болсын елімізде!
Аман бол халқым, халқым менің!
Бірлік болсын әлемде!
Бірлік болсын елімізде! –
дейтін ғана сөзі бар әнінің мәтіні расымен де салмақты ойды арқалап тұр екен. Күллі әлемде, оның ішінде Қазақстан елімізде әрқашан бірлік пен береке салтанат құрып тұра берсе, ешкім де ештеңеден ұтылмаған болар еді! «Бірлік бар жерде, тірлік бар», - деп халық бекер айтпаған.
Әлемдегі екі жүзден астам мемлекеттің барлығы бірдей бейбіт өмір сүруге ынталы. Алайда түрлі факторларға байланысты, ашық аспан, бейбіт өмір осы екі жүзден аса мемлекеттің барлығының бірдей басына бұйыра бермеген бақ болып отыр.
Қазақстан – татулық пен бірліктің алтын бесігі
Ұлан-байтақ Дала төсінде әр кезеңде қуатты мемлекеттер құрылып, олардағы гүл жайнаған қалалар мен ірі елді мекендер замандар өткенде тарихтың шаңына көміліп отырыпты.
Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір,
Соғыстар мен жорықтар іздерінен, -
деп Жұбан ақын жырлағанындай, соғыстар мен жорықтардың іздерінен табылып жатқан көне қалалардың орны – өткеннің бүгінге сабағы. Арғы тарихта «ел ауған қайың сауған», Сауран айналған», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «он алтыншы жылғы қырғын» деген сияқты сан түрлі зобалаңды бастан өткерген халықпыз. 1991 жылы Кеңес Одағының күйреп, Қазақстан тәуелсіз ел атанған тұста, осы жас мемлекеттің соғыс-қантөгіссіз аяғына тұрып кететініне болашаққа болжам жасаушы әлемдік саясаткерлердің біразы-ақ күмәнмен қараған екен. Оған басты себеп: Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы елу пайыздан аз, өзге ұлттардың саны басым әрі сан алуан болуы және күйреген сауда-экономикалық қарым-қатынастарды қалпына келтіру мүмкіндігінің аздығы т.б. еді.
Дегенмен тәуелсіз Қазақстан осы күмәндердің барлығын жоққа шығарып, отыз бес жылдың жүзінде елдегі тыныштық, татулық пен бірлік сақталды. Мұның өзі пейілі дарқан даласындай кең қазақ халқының кеңдігінің, сондай-ақ ел билігі жүргізген төзім мен сабырға толы саясатының да арқасы болса керек.
Конституция және Қазақстан халқының бірлігі күні
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып,
өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген ҚР жаңа Конституциясында. Байырғы қазақ жеріндегі Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын сақтау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді.» Түрлі тарихи жағдайларға байланысты тағдыры қазақ жерімен, халқымен тоғысқан сан ондаған ұлт өкілдерінің алдында мемлекет құраушы қазақ халқының жауапкершілігі биік. Бауырмал да, дана халқымыз бұл жауапкершілік үдесінен лайықты шығып келеді және солай бола да бермек.
Қазақстан халқының өзара бірлігі мен келісімі — мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Мұны тек саяси ұран емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық фактор деп қарағанымыз жөн.
«Көпэтносты қоғамдағы бірлік – қақтығыстардың алдын алудың басты кепілі», - дейтін болсақ, тұрақтылық болған жерде ғана инвестиция тартылып, экономикалық өсім байқалады. Бұған қазіргі Қазақстанның экономикасы дәлел бола алады. Сенім мен тұрақтылық арқасында Қазақстан – Орта Азиядағы ең көп инвестиция тартқан және 2026 жылы ЖІӨ 300-350 млрд. доллар болады деп жоспарланып отыр.
Елдегі экономика мен мәдениет қатар дамып жатуы заңдылық. Әртүрлі этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының тоғысуы біртұтас қазақстандық бірегейлікті қалыптастырады. Бұл қоғамның рухани кемелденуіне және креативті әлеуетінің артуына ықпал етеді. Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен Қазақстан өз мәдениетін әлемге лайықты таныстыру жолында сәтті қадамдар жасауда. Оған мысалдар көп.
Елдегі татулық пен бірлікті сақтай отырып болашақ сын-қатерлерден де сақтанып, олардың алдын алу маңызды.
Қазіргі құбылмалы әлемдегі жағдайды ескере отырып, елімізде ұлтаралық келісімді сақтау жолында бірнеше маңызды сын-қатерлер бар. Олар дан сақтануымыз керек.
1. Геосаяси турбуленттілікті реттеп отырудың маңызы аса зор. Себебі әлемдегі, жақын көршілердегі қақтығыстар мен ақпараттық соғыстар ішкі аудиторияның пікіріне әсер етпей қоймайды. Сыртқы саяси оқиғаларды этникалық тұрғыдан қабылдау қоғам ішіндегі жікшілдікке алып келуі мүмкін.
2. Әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті мейілінше болдырмауға күш салуымыз керек. Тұрмыстық деңгейдегі кез келген әлеуметтік мәселе (жұмыссыздық, жер дауы, ресурстарға қолжетімділік) тез арада этникалық сипат алып кетуі ықтимал. Экономикалық қиындықтар радикалды көзқарастардың өршуіне қолайлы орта жасайды.
3. Тіл мәселесі және интеграцияны табанды, тұрақты түрде жүзеге асыруымыз қажет. Мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін күшейту – уақыт талабы. Алайда, бұл процестің теңгерімді жүргізілмеуі немесе тілдік негіздегі манипуляциялар қоғамның белгілі бір топтарында түсінбеушілік тудыруы мүмкін.
4. Ақпараттық кеңістік пен фейктерге дер кезінде тойтарыс беріп отыруымыз керек. Әлеуметтік желілердегі арандатушылықтар мен жалған ақпараттар этникалық араздықты тұтандырудың құралына айналуда. Цифрлық кеңістіктегі гигиена мен медиасауаттылықтың төмендігі – үлкен қауіп.
Осындай сын-қатерлердің алдын алу үшін бізге не істеу қажет?
Ол үшін ең әуелі мемлекеттегі заң үстемдігін нығайтуымыз керек. Кез келген үлкен, шағын шиеленістер құқықтық деңгейде шешіліп отырса, халықтың заңға деген сенімі шайқалмайды.
Барлық аймақтар мен топтардың экономикалық игіліктерге тең қол жеткізуді қамтамасыз етуіміз керек.
Жастардың бойында ортақ отаншылдық сезімін және мәдениеттер диалогына деген құрметті қалыптастыруға да бас мән беруіміз қажет. Сонда буындар арасында ұрпақтар сабақтастығы сақталмақ.
Бірлік – бұл қатып қалған құбылыс емес, ол күнделікті жұмысты және әрбір азаматтың жауапкершілігін талап ететін үздіксіз үдеріс.
«Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны сақтап қалу – одан да қиын!» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан да бірліктің туы бекем болсын. Бірінші мамыр мерекесі құтты болсын!
