«Мезет» жыр жинағы негізінде
Алып құрлықтардың арғы жағында архипелагтар болады. Өзін-өзі жарнамалаудан аса қашқақтайтын, бұйығы жүретін, десек те қоғамдағы, руханияттағы орны бар азаматтарды сондай жағрафиялық нысандарға балаймыз… Поэзияның проза мен драматургиядан ең үлкен айырмашылығы – бейсаналы жазылуында. Өйткені, оны тікелей тылсыммен, ғажайыппен байланыстыратынымыз бар. Сөз – энергия, мұнда адам жанының шуағы болады.
Поэзия – жанды жадыратушы, әсемдікпен үндес ұғым. Оның екінші атауы – әсемдік, әдеби эстетика. Кімнің айтқаны нақты есімде жоқ: «Мүсін, бұл – үнсіз поэзия». Әдемі айтылған. Осыны «мүсін – үнсіз проза» деп алмастырсақ, сәл қатқылдау шығатындай, аса келіңкіремей қалатындай. Поэтика, поэтизм, поэтикалық тілдің мәні зор. Адам сезімі ана бауырындағы әлпешті нәрестедей нәзік келеді. Сондықтан да, өлеңді көбіне-көп түсінуден гөрі, сезінуге тырысу керек. Ол – космос, көзге көріне бермейтін көркем кеңістік, уақыттың серігі.
Жеңсікқой оқырман жекелеген авторларды іздеп жүріп, көңіл сүзгісінен өткізіп барып оқиды. Тегінде, ақын публиканы жақсы көреді. Елдің алдында жүреді. Өлең оқиды. Олардың жанкүйері көп. Бірақ, бұл алғашқы әсер ғана. Беткі қабаты. Үңіліп, анықтап қарар болсақ ақын деген халық ұяңдау бола ма деймін. Шайыр суретші секілді, ол өлеңмен сурет салады. Оның «қылқаламы» – сөз бен сезім. Ол өте сезімтал. Көңілдегі діріл-вибрацияны тез сезуімен ерекшеленеді. Құлағыңды түрсең, кезең үнін, ғасыр айқайын, дәуір күбірін ести аласың. Ангедониялық ахуалға қарсы тұрар күш – поэзия. Жан жабырқайды, жалғызсырайды, тіреу-таяныш іздейді, өмірден. Екінші тараптан, жалпы әлеуметтен жауап (импульс) болмаса, онда ол ауру-кеселге душар болмақ, өзінің қалыпты тіршілігінен алыстамақ, өзін-өзі жоғалтпақ. Өлең оқығанда артистизмнен гөрі, ішкі мазмұн қымбат. Әдемі судыратқанмен іш әсемдікпен үйлеспесе оның несі өнер? Метаморфопсияға душар болған жан секілді алдың ‒ бұлыңғыр, артың ‒ тұман боп жатса, өмірден өнерді, өнерден өмірді іздеуге мәжбүрсің. Таң атар алдындағы аян секілді тәтті өлеңдер болады, соны қайта-қайта оқығып кеп, ынтығып тұрасың. Лаэрттік Диоген: «Маған таяныш боларлық дүние бер, сонда мен жерді шыр айналдырам», ‒ демеп пе еді?! Бұл ақыл-рацио атты алапат күшке сенудің белгісі ме деп ойлаймын. Сол Диоген сөзге қатты мән берген, ақындардың болмысына қызыққан.
Өлең субстраты (substratum)
Ақынның Мені, бұл – халықтық біз, яғни қара бастың қамы емес, көпшіліктің көңіліндегісін дөп басып айтатын ерекше қасиет. Мансұр әл-Халлаж өзін «Ақиқатпын» деп тұрған жоқ. Бұл ‒ Алла мен арқылы Ақиқатты айтқызып жатыр деген ерін ұшындағы емеурін. Қазақ: «Құдай аузыма сөз салды...», – дегенді күдік араластыра айтқанын көз көрген жоқ. Бұл түйсік-интуициядан жоғары құбылыс, яғни Жаратушы рақымы түскен сүйікті құлына келе жатқан қауып-қатерді я қуаныш-жақсылықты алдын-ала сездіреді. Ақын табиғатының айрықша болатындығы ‒ осында. Ал, лирикалық кейіпкер – биографиялық автордың бетсірісі, маскасы. Туынды архитектоникасы мығым болу үшін талап пен табандылық қажет. С. Дали картинасындағы ірімшік сықылды еріген сағатқа қарап қиялға берілесің. Ондағы физикалық шама ретіндегі уақыт деформацияға ұшыраған. Поэзияның да мүмкіндігі мол: иландырады, сендіреді, жылатады, серпілтеді, сергітеді, ойландырады, толғандырады...
Бәлки, бір сезімді екінші рет дәл сол күйінде сезінбеуіміз мүмкін. Себебі, ол тауарих қойнауына енеді. Оралған күннің өзінде де басқа қалыпта жаңғырады, жаңара түседі. Кейбір өлеңді араға апта салып қайта оқысаң мүлде басқаша әсер ететіні бар. Ерекшелік – біреуге ұқсамау не ұқсамауға деген талпыныс. Жақсы өлең тудырған ақын кескін-кеспіріндегі келісті күлкі, жымы көп жымиыс, өзді-өзіне риза болғаны, масаттанғаны ‒ қалыпты дүние. Сезімсіз, ықылассыз айтыла салған сөзде мән жоқ. Оның сол сәттегі сөздің сырты әдемі болғанымен де, іші – кәуек, бос. Форма мен мазмұн да сондай. Ауыз автоматты түрде айтқанымен де, жүрек тебіренбейді. Өйткені, шынайылық жоқ. Күйдім-сүйдім, отпын-шоқпын деген сыңайдағы бір қарағанда нәрлі сөздердің арзандауына себеп – мазмұнның жоқтығы: ішкі мазмұнның я жалпы мазмұнның. «Көңіл өсті» дейді қазақ. Метафора. Барлық жаратылыс жоғарыға ұмтылады. Құдайды танығысы келеді, танығандар табынғысы бар. Аспанды аңсайды. Жаны нәзік кісі тұрмыс-тіршіліктен жерінгенде тазалықты сағынады. Әу бастағы, періштелік тазалықты. Тазалықтың екінші атауы – шексіздік. Тазалық үшін – шекара жат. Бәрі – бауыр, бәрі – туыс, бәрі – жақын. Штиль жағдайындағы кемеше адамды тып-тыныш күйге енгізетін өлеңдер болады, кейін олар классикаға айналады. Чарли Чаплин ойнайтын «Алып шаһар шамдары» киносын тағы бір көріп шықтым. Үнсіздік философиясын түсіну үшін. Поэзия да сондай ‒ үнсіз, сыршыл, әсем. Оны жеке, адам жоқ жерде, оңашада оқыған жақсы. Сонда өлеңмен іштей таласқа түсесің. Сырласасың. Кейбір өлең ксилография секілді кедір-бұдыр, ойлы-қырлы келеді, кейбірі акварельдей (acguarello) нәп-нәзік, жып-жылы, ал кейбірі... Неге екенін өзім де білмеймін, бірақ поэзияны сұлу әйел, тәкаппар патшайым кейпінде елестетем. Александр фон Гумбольдт былай деген еді: «Елдің тілінде ‒ елдік рух бар». Сол секілді әр халықтың ұлттық коды ‒ халық ауыз әдебиетінде. Ал, ол өз бастауын көбіне поэзиядан алады. Ал, енді, беріге бет бұралық...
Ақын ұғымындағы ұрлықшы уақыт...
Қазақта дарынды, мықты ақын көп. Сөз қадірін білетін әдебиетсүйер қауым олардың өлеңін жаттап, айтып, насихаттап та жүр. Солардың бірі ‒ Болат Үсенбаев. Онда асып сөйлеу жоқ: артық та емес, кем де емес. Ол пропорцияны тамаша сезінеді. Бал шарап дәмін дәп танитын сомелье ұқсап өлеңнің өлшемдерін терең түсінеді, оңды бастап, орайын тапқанда аяқтай салады. «Мезет» жыр кітабын көктей өтетін лейтмотив ‒ уақыт. Махабат пен бақыт, уақыт пен өмір ‒ мәңгілік, универсалды тақырыптар. Сыртқа сыр шашпайтын, жағымпаздануды, жарамсақтануды жат көретін Болат жандүнесінің қандай екенін білгіңіз келсе шығармаларын оқыңыз. Ол ішіндегісін тек ақ қағазға ғана ақтарып, өмірдегі көрген-баққанын, түсінген-түйсінгенін өлең ғып өріп, қаламды ғана жолдас-серік қылса керек-ті...
Уақыттың арта түсті құны мүлде,
Бесін ауып, таяпты күн іңірге.
Үйіруде тірліктің тау толқыны,
Мұрша жетпес жан-жаққа үңілуге.
Тиісті екем бәріне иілуге,
Кібіртіктеп тұлпарым сүрінуде.
Жете алмаған армандар жәутеңдейді,
Опырылған ойымның үзігінде.
Уақыт келе салды да жөнеп кетті,
Тағы да алға қарай дедектетті.
Жайбарақат сияқты еді кеше,
Қартайғасын бұл өзі не боп кетті?
Адамды Жаратушыға жақындатып, мына кең дүние мен байлық атаулының жалғандығын ұғындыра түсетін ұлы нәрсе – Уақыт. «Ұлы» деген сөзді бақырбастыдан қызғансақ та, уақытқа қиналмастан қия салатынымыз жомарттығымыздан гөрі, «Жоғары Сана» алдындағы дәрменсіздігімізден болар. Уақыт пен адам – ұқсас, егіз ұғым. Ол да ойлай алады, оның да жаратушысы – Құдай. Оның асау мінезі, ерекше сезімі, соғып тұрған жүрегі, алабұртқан көңілі, бәрін көретін көзі, біздің сөзімізді еститін құлағы, ауадағы оң өзгерістің исін сезетін мұрны, шындықты кесіп айтар аузы, парасат-пайымы... ең бастысы – уайымы бар. Поэзия ‒ әсемдікке ынтызар, тылсымға іңкәр жанр. Оқырман күтпеген теңеу, орнықты ой, айшықты образ, қуатты мәтін ‒ өлеңді өміршең ететін көркем көрсеткіш, бедерлі белгі. Болат Үсенбаевтың тазалығы, адамға жамандық ойламас адалдығы, жасандылықтан ада сәби болмысы ‒ жұрт назарында. Сонан соң осы ерекшелік туындыда мөлдіреп, тұп-тұнық боп, емін-еркін көрінеді. Кір шалмаған қаламгер жаны ‒ «терезе» іспеттес: ашық, анық, нақ...
Өткен күнге өкпе жоқ,
Кездесіп ек бетпе-бет.
Келген күндер тұрмады,
Жалынсам да кетпе, ‒ деп.
Әжімдермен кестелеп,
Өткен уақыт ‒ өшкен от.
Көз жасым да, күлкім де,
Болған еді, есте жоқ.
Мені ұмытып кетпе деп,
Кимелейді көп дерек.
Жылдарды жыл қуалап,
Қыр соңымнан өкшелеп.
Тума талант, шын шайыр күйі тайса да бірсыдырғы күйбең тіршіліктен босап шығып, өлең жазады. Өйткені, ол өнер тудыру үшін келді, мына өмірге, мына дүнияға. Б. Үсенбаев саяқ жүріп, санадағы сан алуан сауалға, көкейдегі көп дүниеге жауап іздеді, ізденді, қаламын суытпады. Автор ойын толық ашпайды, астарлап береді, сөзін мөлшерлеп жұмсайды. Бұл өлеңде философиялық түйін, лирикалық мәнер сәтті үйлесім тапқан.
Өте шықты бір демде,
Уақытты қайтесің азсынып.
Көктемге алданып жүргенде,
Кетеді жаз шығып.
Көңілді шалқытқан,
Аз емес жайсаң жаз сарайы.
Білінбес қай тұстан,
Күз келіп қалғаны.
Күз нағыз ең жомарт маусым деп,
Жауырынынан қағамыз.
Бізге енді шуақ жоқ,
Қар басып қалыпты, қараңыз,
Қыс келді.
Болат ‒ тынысты, білімді, сергек ақын. «Мезет» жыр жинағында бұлқыныс та, романтика да, сананы қажаған талай ауыр ойдың сорабы да, өкініш те, уақытты, өткінші өмірді мойындау да бар. Анадан алып та, ақын да, батыр да, хан да, қара да туады. Шерменде көңіл босағанда, жыр атты керемет соның бетіне көлкіп шығады. Былайғы жұртқа сырлы, томаға-тұйықтау көрінетін Болат өлеңге келгенде өршелене түседі. Мына жырдағы сағыныш сазы, уақыт турасындағы есті естелік кісіні ұйықтатар емес, терең ойға батырады:
Қайырылмай барады қайқаң қағып,
Кетті уақыт, келмейді қайта айналып.
Тасыраңдап тыңдамас керең мезгіл,
Тоқташы деп бір сөз де айта алмадық.
Сынаптай сусыды да ғайып болды,
Қала бердік артында жайып қолды.
Ертеңге де жетелеп жетеді ол,
Кешегіден бүгінге алып келді.
Уақыт өтіп барады күйбеңменен,
Шаруаң қалды қаншама үлгермеген.
Бір қарасаң көл-көсір уақыт тегін,
Тегінді сыйлап адам үйренбеген.
Уақыт сабаз сіз бен бізді уайымдап, кеңістік атты мамық төсекте дөңбекшіп жата алмай, шашының ағарғаны ағарған. Жатса-тұрса ойлайтыны – Біз адамдар! Осы жылы қазақ сөз өнері біраз есеңгіреп қалды. Елге еңбегі сіңген қабырғалы қаламгерлер мен талай тарландар фәниден бақиға озды. Аты-жөні аталғандардың астына мөрін басып, қолын қойған да сол – Уәкең еді!..
Уақыт дегенде көз алдымызға ‒ жүзін әжім торлаған, қолында – асасы, аузында – Алласы, шапаны жер сызған, өзін әркез сергек ұстайтын, жады – ғаламат, ойы – терең, шешен де ділмәр, әділетті, кейде пенделерге миығынан күле қарайтын, күле отыра адами надандықты, дүниеқоңыздықты, қараниеттілерді қарғап-сілейтін, көрсоқырлықты мазақтайтын маңғаз, қарны ашқанда қойнынан күлшесін шығарып бір үзіп, асап-асап алатын адал қарт, ұлы шалекең елестейді. Ол – қырандай қырағы, он сегіз мың ғаламдағы бірде-бір жаңалықты назардан тыс қалдырмайтын нағыз байқампаз! Оның патшакөңіліне ие болғандар өзгелерден оза шауып, қарақұрым топтан қара үзіп, басына бақ дарып жатады. Ашуланса қабағын қарс түйіп, тас-талқан болатын әлгі қартыңның қырсық та қыңыр мінезіне, қырына іліккендер көштің көтінде, көптің ішінен көрінбей қалатыны тағы бар, ұмытпаңыздар. Ішкі драматизмді сан түрлі уақиғалар ушықтырған мына заманда біз уақытты, оның аппақ сақалын, ақ шалған басын, жасын сыйлаудан қалып барамыз. Уәкең саналы ғұмырын санасыздардың бірін-бірі сынаған арызын, кертартпа сындарын оқуға немесе біреуді аяқтан шалып, тобықтан қағуға емес, әркез үлкен бастама, ұлы істің жанынан табылатыны – «HOMO SAPYENS»-ке үлгі. Кеңдігі мен кесектігін де содан байқаймыз. Көңілді жүргенінде адамды қуантып, ренжігенде суық хабар жеткізетіні – Алла пәрменінен. Тасты тескен тамшыдай әлгі ақсақал таза әрі жақсы нәрсеге ұмтылатынын, өлімнің өзінен өмірді көре алатын нұрлы, сәулелі қасиетін тірі жанға үйретуден талмай келеді. Ұстаздығы ұстамдылығымен астасып, кісімсіген кезде кішіпейілдігі жеңіп, тіршілік кешіп жатқан жайы бар. Уақыт пен адам қатарласа өмір сүріп келгендіктен, бірінен-бірі үйреніп те, жиреніп те үлгерді...
Өлең ‒ өршіл, маңғаз, бегзада әрі сұлу өнер. Ұйқыдағыны оятатын, ояуды ұйқының ұйығына түсірер тылсымы бар. Кісіні ақын ететін мектеп я оқу ордасы жоққа тән. Табиғи талант, Алла берген қарым-қабілет, өмірді тану, сөз өнеріне деген сүйіспеншілік, адалдық, құштарлық ‒ поэзия негізі.
«Өлең қалай туады?» деген сұраққа әркім әрқилы жауап берері рас. Көңілге мұң ұялағанда я қуанғанда, сағынғанда, ерекше әсерге бөленгенде, ақын жанының нәзік қылы шертілгенде, іштегі шер-шемен, іштегі мазмұн көркем шығармаға айналады. Жыр жазудың нақтылы рецепті жоқ. Мәселен, Мұқағали: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта...» деп жауап берген-ді. Ал, Болат шайыр уақытқа былайша сипаттама береді:
Уақыт күнде ойнайды қуаласпақ,
Қашып ем,
Қуып жетті бір-ақ аттап.
Уақыт деген ‒ сұлу қыз бұлаң қаққан,
Енді жете бергенде тұра қашпақ.
Дедектеймін екі аяқ жерге тимей,
Жолым кеспе,
Соңымнан ер дейтіндей.
Барша пенде уақытқа жалтақтайды,
Ал ол болса ‒
Еш көңіл бөлмейтіндей.
Бөлініп жылға,
Айға, сан аптаға,
Күн мен түн алмаса бер, толастама.
Қалт етпей бағып тұрған қас-қабағын,
Уақыттың падишасы ‒ сағат қана.
Сұлу сөз ‒ болмысы сұлу адамнан шықпақ...
Тегінде, өнер адамының жандүниесін, табиғатын, бойына қонған ерекше қасиетін, дарыған дарынын, шама-шарқын шығармасы арқылы танитынымыз шындық. Автордың орнына туындысы сөйлеуге тиіс. Бұл – шығарманың көрерменмен және оқырманмен беттесетін жауапты сәті.
Жол болсын сенің асыққаныңа,
Кетіпті тастап жүрдек күн.
Көміліп боп-боз уақыт шаңына,
Күйгелектенген күй кештің.
Өтпелі дәурен, көшпелі кезең,
Аларын алып өтті ептеп.
Өткен өмірге етпедің елең,
Ағылды сосын лек-лек боп.
Алданып қапсың жаңа күнге еріп,
Көктемдер көшіп, жаз ауып.
Отырсың өксіп, алауың кеміп,
Бояуың да өңіп, бозарып.
Тырақайлаумен тірлік тарады,
Пенделік ғұмыр ‒ тыраш жай.
Сусыған жылдар сырғып барады,
Қолда тұрмайтын сынаптай.
Бұл енді уақыттың кінәсі емес, ол ниеттен-ау... Ал, біздің ниетіміз түзу болғандықтан аңсарымыз сөз өнеріне ауады да тұрады. Өмір ‒ әдемі өрілген қамшы, ғаламат органика. Шығарма өмірге, өмір шығармаға тәуелді десек, тәуелсіз сана туралы туынды әлі де ішімізде пісіп жатыр. Өзімізді сөйтіп жұбатамыз. Кейде тұрмыс таршылығына кейіп, кейде жолымыздың болмағанын «көз тидіге» жорығышпыз. Ал, сонда ниет деген қайда қалды?! Ниет, пейіл, рухани ахуал жаһанды соғыс пен лаңкестік жайлауына жол беріп қойды. Іштегі нәрсе сыртқа лықсып, ұлттың жан тұңғиығындағы бұлқыныстар су бетіне қалқып шығып, қоғамның бет-пердесі сыпырылды. Бүгіндері халықты мазалаған басты сұрақ – доллар көтеріле ме, әлде құлдырай ма? Егер көтерілсе, жағдай ушыққан үстіне ушыға түседі, ал егер түссе, біз белгілі бір экономикалық кеңістікке шығамыз. Әлемдік қаржы дағдарысы я алпауыттар текетіресін фон деп алсақ, мұндай аумалы-төкпелі кезеңде қазақ өзін қалай ұстауы керек, қандай жол таңдауы қажет, сүйенері, тіреуі, діңгегі не болмақ? Дүниежүзі тарихын бір парақтап ек, ақша үшін талас һәм жерге өз билігін орнату ойы сонау Эллада мен Көне Рим империясы кезінде-ақ болған-ды. Қараған сайын түрленіп, көрген сайын көз тоймайтын, алыстан қол бұлғап арбайтын дүние деген қу түлкі – Ібілістің адамға құрған тұзағы, қазған оры. Біреу сол тұзаққа түсіп, тұсалған атша айналшықтаса, енді бірі орда омпырайып жатты. Санасын Сайтанның мөрі бар доллар улаған рухани ауруға ұшырағандарға «ең алғашқы медициналық жәрдемді» қашан көрсете аламыз? Айналаны көзіңізбен бір шолып шығыңызшы... Белгісіздік әркез үрейлі екенін ескерсек – әдебиеттің сол «жұтқа» қарсы тұрар дәрмені бар ма екен? Сөз өнерінің адамзат алдындағы парызы, қаншалықты поэтикалық естілсе де айтайық – үмітсіздікпен күресіп, бәрімізді жарқын болашаққа бастау, көкірегімізге ізгілік ұрығын сеуіп, кісілік келбетімізді қалпына келтіру. Тағы да, уақыт туралы. Кезең, шақ, мезет, сәт, дәуір, заман, ғасыр, күн, ай, жыл, бәрі-бәрі уақыттың адамзатқа қызмет етіп жүрген ұрпағы, үрім-бұтағы. «Мезет» жыр жинағын оқыған соң осындай түйінге келдік. Жетпіс жасыңыз құтты болсын, Болат аға! Уақыт сізді ұмытпайды, ал өмірдегі сәтсіздіктер, бұл ‒ тек мезет қана!..
Әлібек БАЙБОЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының,
«Qyr balasy» ҚҚ Басқарма мүшесі,
жазушы-драматург, алаштанушы,
әдебиеттанушы-ғалым,
Абай атындағы ҚазҰПУ постдокторанты.
