Көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Бостандық жырының бозжорғасы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапатталды.
Ұлттық поэзияның өрісін кеңейтіп, азаттық рухын асқақ жырымен айшықтаған көрнекті ақынның мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл республикалық мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам ақын қатысқан.
Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатысушылардың арасында жас шектеуі болмағанын айтты.
«Егер Несіпбек Айтұлы тірі болғанда, биыл 75 жасқа толар еді. Алаштың бағын, бабалардың рухын, Есілге келіп жайғасқан елорданы жырлаған, көзі тірісінде «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі аудармашы Несіпбек Айтұлы қазақ руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Егер ол мұндай ұлы мұра қалдырмаса, бүгін алты алаш оның артында қалған асыл қазынасын бұлайша ардақтап, оның руханиятқа жасаған еңбегін осынша жоғары бағаламас еді», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.
Қазылар алқасының құрамында мемлекет сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, белгілі аудармашы, теоретик, профессор Сұраған Рахметұлы, еңбек сіңірген қайраткер ақын Жанат Әскербекқызы, Махамбет сыйлығының иегері Оңайгүл Тұржан секілді сөз зергерлерінен құралды.
Несіпбек Айтұлымен әдебиетке қатар келген ақын Серік Ақсұңқарұлы да өз пікірін айтты.
«Қазақ әдебиетінің классигі екеуіміз әдебиетке қатар келдік. Ол жат жұрттан келсе, мен осы жердің тумасымын. Біз әдебиетке жетпісінші жылдары қадам бастық. Несіпбектің бізден айырмашылығы ол қазақтың қара өлеңінің уызына жарыған, тілдің қасиетін бойына толық сіңірген елден келгені. Сондықтан оның поэзиясында өзіне ғана тән өрнек, табиғи данқыл бар. Науаидың «Хамсасын» аударып, әлемдік классика деңгейіндегі ірі еңбектер жасады. Әнге жазған мәтіндері дүниежүзілік поэзиядағы классикалық үлгіге жатады. Сондықтан оның тойына қатысу мен үшін үлкен мәртебе», - деді Ақсұңқарұлы.
Қатысушылардың көптігіне байланысты қазылар алқасы шешімімен бас жүлде екі ақынға, бірінші орын да екі ақынға берілді.
Жеңімпаздар:
1. Серік Ақсұңқар - Бас жүлде
2. Мұрат Шаймаран - Бас жүлде
3. Ұларбек Нұрғалым - 1 орын
4. Наурызбек Сарша - 1 орын
5. Елена Әбдіхалықова - 2 орын
6. Бауыржан Игілік - 2 орын
7. Мирас Асан - 2 орын
8. Қабиден Қуанышбайұлы - 3 орын
9. Ахат Расул - 3 орын
10. Ғылымнұр Кәдірбай - 3 орын
11. Әсел Оспан - 3 орын
12. Думан Бәзілжан - Ынталандыру иегері
13. Ерлан Аманқожа - Ынталандыру иегері
14. Мағиза Құнапияқызы - Ынталандыру иегері
15. Қуаныш Оспан - Ынталандыру иегері
16. Қызырбек Дүргінбайұлы - Ынталандыру иегері
17. Азамат Әбілқайыр - Ынталандыру иегері
1 орын – Наурызбек Сарша
Құсни-ғұмыр
(Несіпбек Айтұлына)
«Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам?
Дариға-дәурен!»
Несіпбек Айтұлы
«Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты»
Кемпірбай
Аққу-қаз қалықтайды - қоңырау-үн,
Қоңырау-үн шырқайды, өмір-әнін.
Айдын көлді айналып, ұша берді,
Ыстық-ыстық жас жуып омырауын.
Аққу-қаз қалықтайды шиді айнала,
Қоңырау-үн «гагигай-гигай-лаған».
Жаз өтті,
малындырып Ай сүтіне
Айдын көлді қанаты шимайлаған.
Жасыл-жасыл жайғанда Жаз қанатын,
Сайран салып құс біткен назданатын.
Сол құстармен ілесіп кетті ме екен?
Құс жолына жырларын жазған ақын.
Шанағындай қобыздың шеккен мұңы
Тарғыл-тарғыл талығып жеткенде үні.
Айналды ма алты қаз
Сол ақынның
Жүрегі құс боп ұшып кеткен күні?
Жүрегіне құсни бір әуре өңгерген,
«Көк ала үйрек ұшарда» жан-кеудеңнен,
Дүниеге бір мезет қарадың ба,
Қарадың ба «Дариға-дәурен» деумен?
Аңсары зау аспанға алып-ұшқан,
Ақын еді нәті - адам, жаны - құстан.
«Бостандық бозторғайы» болып, демде
Сарыала қазға айналған сағыныштан.
Күндер қайда нұр саулар күншығыстан,
Аққу қайда айдыннан сыңсып ұшқан.
Құсқа айналған ақынды көрдіңдер ме,
Айтыңдаршы бір хабар, жыршы құстар?
Бозторғай боп ғұмырын ақын кешті,
Боз далаға ақыры бақұл десті.
Шер қалыңдап, шеменін көтере алмай,
Жер бауырлап бұлттар да жақын көшті.
Бозторғай да шырылдап әрмен-бермен,
Байыз таппай байғыз да әудем жерден.
Дүниеге құс біткен қарайтындай,
Қарайтындай «Дариға-дәурен»,- деумен.
2 орын – Мирас Асан
РУХ ДАУЫСЫ
(Н. Айтұлына арнау, монолог-жыр)
«Тағы айтарым, тілдің тұнықтығын, жердің тұтастығын, елдің бүтіндігін көздің қарашығындай сақтаңдар. Бүтін болсаңдар елдің түтіні түзу ұшады, іштен дау шала алмайды, сырттан жау ала алмайды. Қазақ ер, дана халық, басы қосылып, білегі біріксе алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ. Тілге, елге, жерге ие болыңдар» деді аманат сөзін айтқандай».
Академик, сенатор
Дархан Қыдырәлінің
«Арқатірек ағам еді» мақаласынан
1
Жүрісін бұзбай жүйрік жорға тілдің,
Қабанбай бабам құсап қол жапырдым,
Алдаспан қаламымды қанды-жасты
Дәуірдің дәуітіне мол батырдым.
Елдіктің бас байрағын аласартпай,
Аруақты, алғадай ер алда тұрдым,
Бөгенбай, Бердіқожа, Жұмабек боп,
Азулы арыстандай жауға атылдым,
Зобалаң жылдар — менің жүрегімде,
Зар құстым, запыран мен қан қақырдым,
Арайлы Азаттықтың шуағындай,
Жарқырап Шолпан жұлдыз, таңда тудым,
Кісің де, кісенің де бөгеу болмас,
Ауызына сөз салса егер Алла ақынның!
2
Бағдар боп ескі сүрлеу бабам өткен,
Жырладым тарихымды жаңа леппен,
Жанымнан жалған түйір сөз қосқам жоқ,
Анталап аттағам жоқ ар, әдептен,
Ескерткіш соқтым сөзден хан-батырға,
Жандарын туған жерге жалау еткен,
Солардың аруағы болды медет,
Алдымнан ашылды есік ғаламат кең,
Орғытып оза шаптым қаракөктен,
Құлпырды қу шыбығым қадап еккен,
Жырладым буырқанып Бұқарларша,
Жерім жоқ қате, қиыс қадам еткен,
Киелі қаламымды қаңтармадым,
Кеудемнен кеткенше ұшып аманат дем!
3
Аруақты мынау байтақ тауым, далам,
Кіндіктес бірге туған бауыр маған,
Нәр алған осы дала – түп-тамырым,
Қалдырған аманатың сенің бабам!
Жырладым байтағымды, байрағымды,
Шабытым асау судай арындаған,
Әркімге туған жері – Мысыр шаһар,
Жер десе қанатымды қалың қағам,
Жырладым әр пұшпағын, әр бұйратын,
Аққудай айдын көлде мамырлаған,
Адамға жақын не бар туған жерден,
Өзіңе жау шүйіліксе, дабыл қағам,
Қастерлі айналайын, Атамекен,
Алтыннан мың есе артық сенің бағаң!
4
Бәйге аттай шапқан сайын қосқан екпін,
Ерлік пен елдік даңқын дастан еттім,
Шалдардың шалғайынан шежіре оқып,
Бабамның балбал тасын жастап өттім,
Жыр болды есіл-дертім бала күннен,
Біріне көз салғам жоқ басқа әдеттің,
Күрестім күншілдермен, күңкілдермен,
Жанымды ортасына тастап оттың,
Ешкімге идіргем жоқ әз басымды,
Халқымның абыройын асқақ еттім,
Бұл жалған көзіңді ашып-жұмғанша екен,
Мұнартып бұл-бұл дүние бастан өттің...
5
Күй десе жұмыр жүрек бүлкіл қағып,
Асаудай бас бермеді шіркін шабыт,
Жайылып бар денеме күйдің күші,
Кететін ықылымға ырқымды алып,
«Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Көкіл», «Адай»,
Жатталған саз санама мың тыңдалып,
Самғаушы ем қоңыр үнмен басқа әлемге,
Орынымда сопайған құр сыртым қалып,
Болмысым күйге айналып кеткен шақта,
Тау мүсін зор еңселі тұрқым да алып,
Бір кездер сол мұрама – домбырама,
Қол жетпей қос қанатым қырқылды анық...
Кермеде асау рухым кісінесе,
Тұратын есігімнен тың тыңдалып,
Күй деген – үні, сыры бабалардың,
Күйкі іспен күнелтпеген құлқын бағып,
Дариға-ай, сол бұлақтың бастауынан,
Тағы да шөл басар ма ем шіркін қанып,
Барады уақыт сырғып уысымнан,
Сағаты ғұмырымның сыртыл қағып...
6
Ақаң кеп артушы еді ән салмағын,
Мұхитын маржан сөздің кең шарладым,
«Сарыарқа», «Дәурен-айды» шыңға өрлетіп,
Жәнібек шырқаушы еді әнші-ардағым,
«Сарыарқа шер-күйігім, жез киігім»,
«Сары дала аспанында ен самғадым»,
Дамылдап көкте сөзім күміс қанат,
Арындап алқа топта алшаңдадым,
Шалқыған шабытымның Шалқұйрығы,
Дес бермей кетуші еді кер саңлағым,
Ән десе елең етіп, ере кетіп,
Бастайтын басқа әлемге жан сәруарым,
Бітеп тұр еркін ішкі сол тынысты,
Тас қоршау уақыт деген тар шарбағым...
7
Қара өлең тулап ақты тамырымда,
Сол жырдың ғұмыр кештім қалыбында,
Бір үнім Доспанбеттің сарынында,
Бір үнім Жиембеттің жалынында,
Жырладым «Ләйлі-Мәжін», «Ескендірді»,
Қазақтың өзгеше өрнек, танымында,
Баһадүр бабаларды дастан еттім,
Жас ұрпақ бойласын деп тағылымға,
«Қазақта қара сөзде дес бермедім»,
Алапат күшім асау ағынымда,
Кететін наркескенге демде айналып,
Халқымның нақыл сөзі қарымымда...
Мен сені жырлай берем, далам, бабам,
Сұр жебе қадалғанша жауырынға...
8
Ұшпақпын бүгін-ертең тұғырдан мен,
Көшпекші бізден дағы ғұмыр-дәурен,
Тыңдаңдар құлақ салып азырақ сәл,
Бүгінгі ән – өзгешелеу бұрынғы әннен,
Тіл-жағым күрмелгенше артқыға сөз,
Айтайын, жеткізіңдер үнімді әрмен,
Болыңдар елге тұтқа, жерге қорған,
Замана – қызыл түлкі құбылған рең.
Бірліктің туын жықпай тік ұстаңдар,
Малданып алданбаңдар бүгін бармен.
Артық сөз көрген жоқпын асып түсер,
Азаттық деген ғажап ұғымнан кең!
Атандым бостан жырдың бозжорғасы,
Жасайды жырым, өзім жығылғанмен.
Көрінді шолтаң етіп арты өмірдің,
Шәуілдеп ажалыңыз қыңыр қанден.
Тағы да азғантай бар аманатым,
Күн таяу қыла алмайтын тілім дәрмен,
Қойыңдар батыр бабам қорымына,
Қоштасып, көз жұмған соң шыбын жанмен...
9
Қайдасың, әй Қабиден*, Арман*, Біржан*?
Шабыттан хабар бар ма, тарлан жырдан?
Көп болды қолға қалам алмағалы,
Шұғыла шумақтарым тамған нұрдан,
Келмей жүр, кетпесе үркіп жарар еді,
Шыңғыстау, Тарбағатай таудан құлжам,
Сұңқар сөз қонбай кетті иығыма,
Асылым аман ба екен тордан құрған?
Алдым жар, артым тұман, жан-жағым құз,
Барады адастырып жолдар бұлғаң...
Серілік күндер қайда серуен қылған,
Шат күндер артта қалды алуан думан...
Тұрмайды жалғыз шумақ қара өлеңге,
Дүние қызыл-жасыл алдандырған...
10
Тұрсыным, енді кіммен ырғасасың?
Жабықсаң, жан дүниеңді кімге ашасың?
Аз күнде бетке аламын арғы өмірді,
Жерлеуге бірер төбе, қырды асасың...
«Қорықсаң» аруағымды шақырып тұр,
Торықсаң жырларыммен мұңдасасың...
Мен деген – анау дала, анау аспан,
Сағынсаң соларменен сырласасың...
Өмірге адам қонақ бірер күндік,
Өлсем мен өлем дағы, жыр жасасын...
Аттанам алыс жолға тақау күнде,
Есен бол, ғұмыр кештік қатар бірге,
Тел өстік, жұбымыз еш ажырамай,
Той бірге, сауық бірге, сапар бірге,
Өмірге өкпе айтпайық, аз болған жоқ,
Несібе, сыбаға мен татар жүлде,
Өлім де – ғұмырдың бір заңдылығы,
Өзінше сұлу екен батар Күн де...
11
Азаттық – алтын құсым Күн жанаған,
Қаға түс қанатыңды нұрға ораған,
Мен саған қарап жатып көз ілейін,
Есен бол, қарақшы мен сұмнан аман,
Өзіңе қолым жетпей, бодандықта,
Сан ғасыр көзден жасым құрғамаған,
Жанымды шырылдатып шоққа қарып,
Тәнімді ит пенен құс жұлмалаған,
Сені тор, мені терең орға тығып,
Қаратты күнімізді құлға жаман,
Ол күндер енді қайтып оралмасын,
Еркіндік – нәрестесің іңгәлаған,
Самғай бер аспанымда алтын құсым,
Оңбасын саған қастық қылған адам!
12
Басталған етегінде жыр дүбірім,
Түсіме Тарбағатай кірді бүгін...
Тым ұзап бармай көптен, шалғай кеткен,
Қазына қойнауының бір гүлімін...
Кір жуып, кіндік қаным тамған дала,
Жырларын сағынды ма дүлдүлінің...
Алыстан мұнартады бұлтын бұлғап,
Асқақ шың, тіреп тұрған түндігі Күн...
Құз-жартас етегі орман, өзенді өлке,
Шолпымен тарқата өріп тұр бұрымын...
Түсіме кіргеніне қарағанда,
Сағынды-ау, сағынбасын кім құлынын...
Дариға-ай, аунап-қунап қайтар ма едім,
Амал не, тұйықталып тұр ғұмырым...
Р.S.
Өр шайыр төгіп жырын сел, нөсердей,
Қанатын қаға берді кеңге сермей,
Дәл сонда ақын емес, дүниеден,
Мыңжылдық жатты бейне сөз көшердей...
Өлеңін төге берді лағыл, жақұт,
Қанатын қаға берді дауылдатып,
Астасып кетті дәуір-дәуірлермен,
Жолына тұра алған жоқ оның уақыт...
Аспанға самғай берді өлең құсы,
Кеудесі көмбе жырдың көне үлгісі,
Келмеске кете берді сөздің асыл,
Кендісі,
Кестелісі,
Кемерлісі...
Қош, шайыр, бостан жырдың бозжорғасы,
Еңселі еркіндіктің сәнді ордасы,
Сен едің «ескі үлгімен өлең соққан»,
Бабадан қалған мирас сөз жалғасы...
Үнінде тарих сыры, заман жайы,
Қайтпаған мың майданнан қалам райы,
Ардақты, қош, қазақтың Несіпбегі,
Аруақты қара өлеңнің Қабанбайы!
* Қабиден Қуанышбайұлы, Арман Шеризат, Біржан Ахмер – Несіпбек Айтұлының ақын інілері
