Күз — қазақ поэзиясында ерекше маусым. Ақындар оны сағыныштың, мұңның, табиғаттың тозбас сұлулығының символы ретінде жырлап келеді. Төменде бірнеше ақынның күз туралы өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз.
Есенғали РАУШАНОВ
ЭЛЕГИЯ ЕМЕС
Келіп тұрмын өзім өскен шағылға,
Қоңыр күз бар жанымда.
Бұл ғаламда мені ұғатын - Күз ғана,
Шешем бар-тын, жатыр әне, ол қабырда.
Қоңыр күзім үндемейді қу маңдай,
Өңір дей ме бұл қандай.
Мынау жарық дүниеде ол дағы
Досы жоғын енді біліп тұрғандай.
"Ол дағы дәл мендей болған сорлы екен".
Неге суық кешегі жаз, кең мекен?
Өмір - өте көңілсіз той.
Жоқ, әлде
Осы тойдан кетіп қалған жөн бе екен?
Қимасам да қиянатқа, залалға еш,
Қоңыр күзім, айтсам ба екен саған қош.
Сосын қашан дос табасың, жазған-ау,
Сатпайтын дос, адал дос!
Дөңайбат бұлт, дөң асқан жол, дөкір дүз,
Үнсіз ойда отырмыз.
...Иығыма басын үнсіз сүйейді
Жетім күз.
***
"Қарашада өмір тұр..."
Абай
Күз де келді,
Ойдағы ел қарсы ап жатыр түздегі елді.
Беу, өлең, жарыққа шық, жекеленбей,
Көппенен көріселік біздер енді.
Жасырмай шер-мұңыңды, ескін өксіп,
Жасындай қою бұлтты кескілеп шық.
Шық енді,
Шыңыраудың суы боп шық,
Баладай бесіктегі бес түлеп шық.
Мен едім қызуы мол отты алақан,
Күндерді қызығы мол жоқта, ботам.
Тепсеңге тентек жаңбыр сел боп кіріп,
Көл боп тұнып қап жатыр моп-момақан.
Тілгілеп түрен тісі жүдеу белді,
Тамыры танаптардың білеуленді.
Қарайды қара мола қыр басынан,
Ол да, мүмкін, күтулі біреулерді.
Күні ертең желпіп тастап желегін күн,
Бал шағы келері хақ кең өңірдің.
Сен солай сендіре біл айтқаныңа,
Әйтпесе, айтқан жұртқа сене білгін.
Күз де келді,
Ойдағы ел қарсы ап жатыр түздегі елді.
Беу, өлең, жарыққа шық, жекеленбей,
Көппенен көріселік біздер енді.

Жанна Елеусіз
Көгіме әкеп шөгерді Күз інгенін.
Қалды үлгермей салып та
Түз ілгегін…
Қара шашын қайырып саусағымен,
қағаз жазып отырды қызым менің…
Қаптай берді аспанды
қара-ала көш.
Күндегіден түсті ерте қалаға кеш…
Жанын қарып жүрмесін ешбір аяз,
Жер бетінің жылуы, балама көш!..
Толғанта ма Суықтың күйі Бізді?..
Төріміздің құп-құйттай Биі ізгі —
күн иісін сіңірген Шашыменен
жібергенде Жаз етіп Үйімізді!?.
Билейді енді жер бетін күзің дара,
оның-дағы әлден-ақ сызын қара…
Екеуі тең бөлісті патшалықты,
жүрегімнің Патшасы —
Қызым ғана!..

Ерлан Жүніс
***
Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
“Қош” деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.
Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,
себелекті келгендей өлең еткім,
жаңбыр иісі... ашылған терезеден
әнін шырқап қоямын көбелектің.
Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...

Жанат Жанқашұлы
***
Жел көтерген жапырақ, тереземе кеп қонды,
Қолыма ұстап, күрсініп, есіме алдым өткенді.
Сен жасыл ең жапырақ, мен де онда жас едім,
Бүкіл өмір біз үшін гүл аңқыған көктем-ді.
Аздап жаңбыр себездеп, аздап жел бар шайқаған,
Сол көктемге ынтызар болып жүрміз қайтадан.
Өмір тұнған ғажайып секілденіп көрінген,
Өмір тұнған сағыныш, оны кім бар байқаған?
Жігіттік те бір дәурен, махаббатқа мастанған,
Тәтті жері сол деймін, өмір дейтін дастаннан.
Көктемімді сағынам, сен секілді жапырақ,
Көктем сұлу көз сынды, кірпігінен жас тамған.
Таусылмайды бұл сезім, табанда жер тұрғанша,
Көктем сүю секілді, өз лайы бар былғанса.
Күз дегенің сағыныш, тұманы бар, мұңы бар,
Сағынуды қойған соң, сұрланады сұрланса.
Шайыр көңіл шалқыса, қайдағыны айтады-ау,
Күз дегенің еске алу, көктемгі ойды қайталау.
Жұбайыңның исінен, қыз күнімен кездесу,
Алғаш қолын қысқаның, алғаш сүю, пай-пай-ау.
Құшақтасып Ай асты, алғаш бетін өпкенің,
Өкпелеуі алғашқы, ыршып түсіп көкте мұң.
Табысуың қайтадан, өз дертіңе өртену,
Күз келгенде махаббат еске алады көктемін…
Жел көтерген жапырақ, өткен күннің хатындай,
Хат соңына жазылған аяулыңның атындай.
Сен жасыл ең ол кезде, мен де өрімдей жас едім,
Сағыныш бар көңілде, күз келді ме, апырмай.

Хамит Есаман
КҮЗГІ БАЯН
Күрең күз, бір ақынға жанын ашар,
Көңілді қоңыр салқын әні басар.
Көктегі құстың күйі белгілі ғой,
Жердегі жапырақтың халі нашар.
Көбелек жоқ қызыққан гүл дәміне,
Көңіл қимас көктемгі күнді әлі де.
Бұлт көзінен тамады аяулы жас,
Кәрі қурай салады мұңды әніне.
Ән салады, бірақ та күрсінбейді,
Жанарынан жас ағып тұрсын мейлі.
Бұтақты пана көрген бозторғайдың,
Жұдырықтай жүрегі дүрсілдейді.
Бұрымын өріп күздің бұла таңы,
Салқын түсті сәулені ұнатады.
Жұмбақ қыздың жанары мұңға бөлеп,
Жетім құстың жүрегі жылатады.
Қарапайым заңы осы тіршіліктің,
Қалтылы қасіреттей бір шыбықтың.
Сүмбіле туған күні көл мұңайып,
Жатады ұлылықпен күрсініп құм.
Мезгіл мұңын арқалап құба далам,
Топырағын түлетіп бір аунаған.
Құс сияқты қасірет шекпейді ақын,
Себебі оның тілін ұғады адам.
Күзгі баян... ескі мұң есімдегі,
Білдірді қызыл гәуһар кешің нені...
Жазылмай қалып кетті жанарыңда
Жұмбақ боп қоңыр өлең бесіндегі.

Саян Есжан
КҮЗ. ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ
«Жазған хаттар өртенді, өшті бәрі,
Өткен күннің ең ыстық қош, құмары!»
...Кеудедегі алапат өрттей болып,
Көкжиекке қып-қызыл кеш құлады.
− Ештеңе де қызықсыз енді маған,
Түнгі бақтар, көшелер қалғымаған.
Біз қауышқан сол кафе,
сол саябақ,
Біз білетін бар таныс, барлық адам...
Сезім деген – дерт екен бір білгенім,
Төзім деген – серт екен шын білгенім.
Шын махаббат қоштасу...
иә, қоштасу –
Тек Мұң ғана аяулы құрбым менің.
Расында «Жалған – Өмір,
Өмір – Жалған!»
Ал, Бақыт – бұлдыраған сағым алдан,
...Сұлу қыз бар үмітін үзді осылай,
Кеудесінде ауыр мұң табы қалған.
Осылай жылап тұрды қыз жүрегі,
Үзілген бір жігіттен жүз күдері.
Біресе өмірді ойлап, өлімді ойлап,
Ең соңғы рет үмітін үзді қолы...
... «Сүймеймін! Сүймеймін!!!» − қыз деді-дағы,
Жанарында жарқ етіп сенім, ары.
Сүйгеніне хат жазды ақырғы рет –
«Ақымаққа ақымақ жолығады...»
Осылай соңғы үмітін үзді қолы,
Жүзін өпті салқын жел күзгі долы.
Сол бейбақтың баянсыз хикаясын,
Бір білсе бүгін жалғыз Күз біледі.

Айдын Байыс
ҚАРАША
Табаныма желегін төсеп өлі,
Құлазиды қаланың көшелері.
Тереземді сабалай қаққан түнде,
Қараша, қара өлеңнің нөсері еді.
Құлазиды жанымның көшелері.
О, Құдірет, тағы да танытты күш,
Тағы да қимай кетіп, талықты құс.
Күз жұмбағын ақықтар жасырады,
Ақ қайыңның көзінен тамып тыныш.
Гүлдерімді үзген мұң сағасынан,
Сәл тамызып сары күз сабасынан.
Жанарында жүректің қаяу қалды,
Жұлқысам да болмады жағасынан.
Құлазудың таппадым ешбір емін,
Бәлкім оны бәрінен кеш білермін.
Жапырақтың тәнінде дiрiл ойнап,
Сыршыл хаттай еріксіз ескіремін...
Мұңлық жайлы еседі тамаша аңыз,
Құс қайтарған құлазып қараша, күз.
Қараша-қыз, көзіңде бір тамшы жас,
Бір тамшы үміт көзіңде,
Қаласаң үз...
Құлазиды қара өлең, қараша, күз!..
