Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, кітапхананың баспасөз хатшысы Лаура Палманның «Бұрым-Жыр» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті.

«Бұл кітап көп күттіріп келген бала сияқты жинақ. Сондықтан ақын өлеңінің әрқайсысы бөлек бағалы», – деп сөз бастаған жүргізуші Әсем Ережеқызының ақын жанының нәзіктігі мен сыршылдығына қатысты тебіренісі шынайы шықты. Лаураның анасы өмір бойы кітапханашы болып қызмет еткен екен, сондықтан ақынның жаңа кітабының таныстырылымының да осы Кітапханашылар күнімен ұштастырылып өтуінде де қисын бардай.
Кітапхана басшысы Күміс Қарсақбайқызы жиынды ашып, құттықтау сөзін арнап, Лаураның кітапхана қызметкері ретіндегі қасиеттеріне тоқтала келіп: «Кітапхананың баспасөз қызметін бір жүйеге келтіріп, жақсы жұмыс істеп келесіз. Жырларыңызды оқып көрдім, нәзік поэзия, тура өзіңіздің сипатыңызды береді», – деп баға берді.
Ақын өлеңдері оқылды, ән шырқалды. Айтыскер ақын Данияр Алдаберген жаңа кітапқа ақ жол тілеп, арнау айтты. Қонақтар әнші-сазгер Үкітай Ерниязовтың әндерін ықыласпен тыңдап қошемет білдірді. Әнші Ардақ Балажанова «Шарғы салу» дәстүріне сай Лаура Палманның сөзіне, Медет Салықовтың әніне жазылған «Орамал» әнін орындады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург, Айгүл Кемелбаева осы кітапқа алғысөз жазған екен.
«Лаураның есіміне келсек, Петрарканың ғашығының есімі Лаура болған. Біздің Лаураның бүкіл болмысы қазақы, ал Петраркаға келетін болсақ, орта ғасырда адам өзінің менін білдіріп, «мен» деген сөзді айтпауы керек болған, өйткені католик дінінің үстемдігі зор болып, адамдарды тұншықтырып тастады. Міне, осы кезде махаббат лирикасын алып келген Петрарка екен. Сенің атың тегін қойылып тұрған жоқ, Лаура. Лаураның маған ұнайтыны – махаббат лирикасы өз алдына, туған жерге деген сезімі, елге деген сүйіспеншілігі «Бұрым-жыр» тарқатылған кеш болды.
Сондай-ақ, келген қонақтар, қаламгерлер Ұларек Дәлейұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Аманғали Қалжанов т.б. сөз алып, кеш иесіне жүрекжарды лебіздерін арнады.
Ақын өмірін, жүріп өткен жолын қамтыған арнайы видеоролик көрсетілді. Лаура Тельманқызы 1980 жылы 1 қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейіннен журналистика саласына бет бұрған ол көп жылдар Ақтөбенің облыстық телеарнасында тележүргізуші, редактор болып жұмыс істеді.

Жүргізуші Әсем Ережеқызы кітап жайлы қысқаша айтып өткенде: «Бұрым-Жыр» жинағына қазақ қызының нәзіктігі мен ұлттық салт пен сыр, бұрымға байланған тағдыр мен сезімнің түрлі жай күйін сездіретін өлеңдер, сағыныштан туған жырлар топтастырылғанына назар аудартып, «ақын әйелдің бұрымы мен ғұмырының поэтикалық бірлігін сезімтал өлеңдерінде сөйлетеді», деген еді. Автор Лаура Палманның өзі де осынау сөз өнерін біреудің алдына шығу үшін, озу үшін емес, оңашада ой кешіп, туған жерге, ата-анаға, өткені мен өмірдің сәулелі сәттеріне деген сағынышты сыршыл өлеңмен өрнектей отырып жеткізуді мұрат қылғанын жасырмады.

Шынымен де қатысушы қонақтар айтқандай, Лаураның өлеңдерінің өзегінде – сағыныш жатыр. Бірақ, бұл тек бір адамды сағыну емес, мұнда ақынның туған жерге, бала күнге, анаға, өмірге, тіпті өз жүрегіне деген сағынышы тоғысады. Ақын түсінігінде сағыныш – мұң емес, ол өмірдің мәні, тіршіліктің тынысы ретінде көрінеді. Ақын: «Сағыну деген – сұп-сұлу сезім мендегі» – деп, сағынышты ауыр мұңнан емес, өмірге деген нәзік сүйіспеншіліктен туатын күй ретінде суреттейді. Табиғат бейнелері мен адам сезімін шебер ұштастыратын жерлері де бар. Мысалы, «Аспанға ғана қол созатын, тастарға ғана жыр жазатын» – деген жолдардан бала мінез, арманшыл ақын жүрегін танимыз. «Жүрек және Мен» деген ішкі диалогта ақынның өз болмысымен күресі, өзін түсінуге ұмтылысы тұр.
Лаура Палманда қайталанатын «Сағыныш» сөзі бір жағынан рефрен яғни ой мен сезімнің, тақырыптың қайталануы қызметін атқарса, екінші жағынан сезімнің тереңдігін күшейтеді. Осы қайталама арқылы ақын оқырманды біртіндеп өз әлеміне тартып, сағыныштың түрлі қырын ашып береді.
«Сағыныш деген – сары уайым емес! Түсінші!
Сағыныш деген – мына Мен!» – дегенінен ол үшін сағыныш – тіршіліктің дәмі, шабыттың бастауы екенін аңғарасыз.
