Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Цифрлық ғасырдағы Абай сөзі...

Цифрлық ғасырдағы Абай сөзі

15.10.2025

5588

Цифрлық ғасырдағы Абай сөзі - adebiportal.kz

Бүгіндері Қазақстанда ақын, ойшыл, ағартушы, реформатор Абай Құнанбайұлының морфологиялық және поэтикалық тұрғыдан белгіленген, барлық өлеңі енген тұңғыш қазақ поэтикалық корпусын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

 «BR21882334-OT-23» ғылыми жобасы филологтардың, тілші-ғалымдардың және цифрлық технология мамандарының басын біріктірді. Олай болса, Абай корпусының қажеттілігі, оның қалай құрылып жатқандығы жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор, жоба жетекшісі Гүлмира Баянжанқызы Мадиевадан сұраған едік...

‒ Гүлмира Баянжанқызы, соңғы жылдары гуманитарлық ғылымдарды цифрландыру туралы жиі-жиі айтылып жүр. Десек те, көбісі «мәтіндер корпусы» ұғымының нені білдіретінін толық түсініңкіремей жүрген секілді. «BR21882334-OT-23» атты жобаңыздың қандай және ХХІ ғасырда неліктен өзекті екенін тарқатып айтып берсеңіз?!

‒ Біздің жоба – қазақ поэзиясының жүйелі, цифрлық кеңістігін құру жолындағы алғашқы қадам. Корпус – бұл тек мәтіндер жинағы ғана емес, Абай поэзиясын толық түйсінуге, сезінуге мүмкіндік беретін, мұқият тексерілген, ғылыми түсініктемелері бар ауқымды ресурс. Әр зерттеуші олармен оңтайлы жұмыс жасай алуы үшін біз қилы-қилы дереккөздерден мәтіндер жиып, жолма-жол тексеріп, морфологиялық және поэтикалық тұрғыдан белгілейміз. Жастар смартфондар, цифрлық платформалар арқылы ақпаратты тұтынатын ХХІ ғасырда корпус ‒ рухани мұра және болашақ арасындағы алтын көпір. Біз тек оқуға ғана емес, сонымен қатар зерттеу, талдау, сондай-ақ жаңалық ашуға септігіміз тиеді.

‒ Корпус зерттеушілерге, мұғалімдерге және студенттерге қандай мүмкіндіктер ұсынады?

‒ Корпус – бұл көптеген шектеуді алып тастайтын құрал, құнды инструментарий. Бұл нәрсе сөздерді тез табуға, жиілік сөздіктерін құруға, лексиканы талдауға, поэтикалық стильдің қалай өзгеретінін бақылауға мүмкіндік береді. Мұғалімдер үшін бұл дап-дайын интер-белсенді материал: балаларға өлеңнің ырғағын, ұйқасын, бейнелі құрылымын көрнекі түрде көрсетуге болады. Сонымен бірге, студенттер үшін бұл ‒ нағыз цифрлық филология зертханасы. Олар тек оқуға ғана емес әрі мәтінді зерттеуге, кестелерді құруға, Абай шығармашылығының әр кезеңін салыстыруға ықпал етпек.

‒ Сіз поэтикалық белгіленімді соңғы кездегі жаңалық деп атап өттіңіз. Ал, ол оқырман мен зерттеушіге несімен бағалы?

‒ Поэтикалық белгіленім поэзияның хаос емес, үйлесімді, музыкалық жүйе екендігін көруге көмектеседі. Біз Абайдың өлеңді қалайша тудырғанын, қалайша құрылымын түзгенін зерттеу үшін шумақ, ұйқас, метрді белгілейміз. Мәселен, корпус белгілі бір ұйқас сызбасы бар өлеңнің барлығын лезде тауып, бір-бірімен салыстыруға жағдай жасайды. Бұл ‒ Абай шеберлігін дәлірек талдап, суреткер ретіндегі даму жолын, поэтикалық эволюциясын қадағалап отыруға оңтайлы бастама.

‒ Ұжымыңыз қалай жасақталған және бүгіндері жоба қай кезеңде?

‒ Ұжымымыз ‒ расында да ерекше. Бізде әрбір сөзді жарияланған дереккөздермен салыстырып тексеретін тәжірибелі, білікті мамандар: мәтінтанушылар, морфологиялық белгіленімдерді жасайтын тілшілер, пайдаланушыға ыңғайлы интерфейс пен іздеу жүйесін әзірлейтін IT саласының саңлақтары, жобаның визуалды жағына жауап беретін дизайнерлер бар. Кез келген мәтіннің ырғақтық құрылымын жеткізуіміз керек. Сол себепті, поэтикалық белгіленім бойынша жұмыстарға көп көңіл бөлініп жатыр.

‒ Корпустың әдебиетті оқытудағы рөлі қандай?

‒ Бұл жоба үлкен өзгеріс алып келеді деп сенеміз. Себебі, әдебиетке қатысты сабақтар әлдеқайда қызықты және зерттеушілік сипатта өтілуі қажет. Мұғалім, лектор тек мәтінді ғана емес, оның құрылымын, сызбасын да көрсетіп, қандай бейнелер мен мотивтердің қайталанатынын бақылай алады. Студенттер талдау және дереккөздермен өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын дамыта отыра, шағын зерттеулер жүргізеді. Демек, бұл ‒ сыни ойлау мен зерттеу мәдениетін қалыптастырушы фактор, маңызды құрал.

‒ Жоба аяқталғаннан кейінгі жоспарыңыз қандай?

‒ Біз Абай корпусын «Қазақ поэзиясы үлкен корпусының» негізіне айналдырғымыз келеді. Аудармаларды біріктіруді, аудио-нұсқаларын жасауды, бейімделген мәтіндер мен ойын элементтері бар балалар бөлімін құруды жоспарлап отырмыз. Келешектегі мұратымыз – жаңа мәтіндерді автоматты түрде белгілеуге көмектесетін жасанды зердені (ИИ) қосу.

‒ Бұл жоба жеке Сіз үшін қандай мән-маңызы бар?

‒ Бұл ‒ мен үшін миссия, ел алдындағы парызым. Мен Абай сөзі, Абай мұрасы тек әдебиет үшін ғана емес, жалпы рухани бағдар екеніне сенімім мол. Корпусты құру арқылы біз Абай Құнанбайұлы секілді алыптың шығармашылығын, өлмес сөзін, өзгермес ойын үйренгісі, оқығысы, танысқысы келетіндерге жақынырақ және қолжетімді ете аламыз. Мен үшін аталмыш корпус ‒ көп жыл бойғы зерттеулер сақталған және әр кісіге шабыт сыйлайтын кеңістік.

Сұхбаттасқан: Әлібек БАЙБОЛ, 

жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan