Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Дәстүр мен модерннің тартысы. Постиндустриалды қоғ...

26.09.2024 1387

Дәстүр мен модерннің тартысы. Постиндустриалды қоғам 12+

Дәстүр мен модерннің тартысы. Постиндустриалды қоғам - adebiportal.kz

З.Ахметовтің пікірі бойынша, поэзия – сөз өнерінің көркем үлгісі болып есептеледі. Онда халықтың әлеуметтік жағдайы, болмыс-бітімі, халықтың қуанышы мен мұңы барынша көркемделіп жеткізіледі. Поэзия өткен ғасырдың 60-80 жылдары мазмұн мен түр, жаңашылдық жағынан алдыға шыққан болатын. Г.Орда қазіргі кездегі қазақ поэзиясы мен прозасының ең басты жетістігі – ұлттық құндылықтар жайында сөз ету десе, У.Қалижанов та осы пікірге қосыла келе, тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мінез жайында мейлінше көп сөз қозғалып келе жатқандығын айтады. Ғалым Р.Нұрғали қазіргі қазақ әдебиеттануының дамуы 4 сала бойынша жүзеге асып келе жатқандығын айтады. Олар:

Бірінші – сөз құдіретін тарихи тұрғыдан бағамдау; 

Екіншісі – мәселелерді мұқият тексеріп, оны шешу жолы; 

Үшіншісі – көрнекті қаламгерлер шығармашылығына барлау жасау; 

Соңғысы – көне мұраларды қайта жаңғырту . 

Ұлттық сарынды поэзияға арқау еткен жаңашыл ақындардың ұстанған бағыты да бұрынғыдай емес. Қазіргі ақындар модернистік және постмодернистік бағытта әр түрлі тақырыпта, соның ішінде ұлттық ұйысу тақырыбында да қалам тартып жатқаны белгілі. Алайда модернистік және постмодернистік бағыттың қазақ әдебиетіне келуі жөнінде ғалымдар арасында бірталай пікір қайшылықтар кездеседі. Мәселен, академик С.Қасқабасовтың пікірінше, постмодернизм модернизмнен кейін қалыптасады. Ал постмодернизм – өндірісі дамыған елдерде ғана бар, олардың әдебиеті классикадан қол үзді. Ал біздің төл әдебиетімізде әлі де классикалық бағыт бар. Сонымен қатар постмодернизмнің келуінің тағы да бір белгісі – дала мен қала өмірі біте қайнасып жатуында болса керек. Сондықтан оны біздің қоғамға келді деп айту қиын деген пікір келтіреді. Б.Майтанов болса, қазақ әдебиетіндегі модернистік және постмодернистік әдебиетті жоққа шығармайды, оны өз мақаласында дәйектеп көрсетеді. Бұл дискурс туралы Ә.Нілібаев та үн қосқан. Ол қазақ ақындары әлі де ескі дәстүр бойынша 4 жолды өлең құраумен келеді, қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзиясы әлі де ескі, дәстүрлі өлең құрау жүйесінен алыс кеткен жоқ деген пікірді ұстанады. Алайда қазақ әдебиетінде постмодернизм толықтай орнықпаса да, постмодернистік белгілер бар. Постмодернистік бағытта қалам тартқандардың ішінде Т.Әбдікәкімұлын айтуға болады. Ақынның өлең құрылымындағы өзгешеліктерін постмодернистік бағыттағы ізденістердің нәтижесі деп айта аламыз. Оған дәлел ретінде постмодернистік бағыттың ерекшелігі турасында шетелдік зерттеуші И.Хасанның ұсынған тұжырымдамасын басшылыққа аламыз. Әдебиеттанушы постмодернистік әдебиеттің нақты ерекшелігін атап өтіп, шумақ не тармақта келтірілген ойларды түсіну үшін оқырманның аса талғампаз білімін талап етеді. Екіншіден, кейбір мәтіндердің үзік-үзік күйінде беріліп, мазмұндық тұтастығының сақталмауы болса, келесі белгісі: субъектінің өлімі және «мен» деген қағиданың тасада қалуы. Сонымен қатар жанрлардың алмасуы, иронияның көптеп қолданылуы сынды белгілері болады. «Автордың өлімі» атты терминді әдебиеттануға әкелген Р.Барттың мақаласы да осы постмодернистік бағыттың белгілерін көрсетеді. Яғни бұл мақалада автор шығармадан тыс тұрады. Бірақ бұл – автор мен оның шығармасының арасында ешқандай байланыс жоқ деген сөз емес. Мұнда негізгі мақсат – постмодернизмге тән белгілердің бірі нақты айқындылықтың жоқтығы және авторлық меннің тасада қалуы болып есептеледі. Постмодернизмның тағы да бір ерекшелігі – әдеби қаһарманды яки персонажды әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан жан-жақты ашу. Бұл тұжырымдаманы ұсынған К.Брук-Роуз «Шығармадағы мінездің жойылуы» атты еңбегінде тағы да мынадай тұжырымдама ұсынады: 

1. Дәстүрлі сипаттың күйреуіне байланысты кейіпкер сөзінің, ішкі жан дүниесінің күйреуін монолог арқылы жеткізуі; 

2. Реализмның қазіргі замандағы қоғамның өзгерісін бейнелей алмауы. Постмодерндік белгілер әдебиеттанудағы интертекстуалдылық, симулякр, әдеби ойын және т.б терминдер арқылы көрініс табады. Қай дәуірдің әдебиеті болса да, ақындар шығармашылығынан ұлттық құндылық, таным мен дүниетаным, ұлттық тәрбие тұрғысынан қалам тербемеген ақын жоқ. Алайда қазіргі жаһандану заманында батысқа еліктеушілік те басым болып келе жатыр. Батыстық және шығыстық мәдениетке талдау жасайтын болсақ, батыстық мәдениеттің қазақтың болмысына сай келмейтінін байқауға болады: қарапайымдылық, иерархизм, үлкенді сыйлау, ұқыптылық. ұжымдық жауапкершілік, гендерлік теңдік және т.б. секілді құндылықтық жүйесінің барлық ерекшелігі ұлттың менталитетінде орнығады. Сол мәдениет адамның сыртқы болмысы мен стилінде және ойлау жүйесінде көрініс табады. Осы орайда Г.Лебон әртүрлі ұлт өкілдерінің психикалық жүйесінде айтарлықтай айырмашылықтар мен ерекшеліктер бар екендігін айтып өтеді. Ал осы ерекшеліктердің бәрі әр халықтың әдебиеті мен мәдениетінде көрініс табады. Қай бағыт, қай ғасыр болса да, әр ұлт өз ерекшелігін сақтап келеді. Соның ішінде қазақ халқының бейнесі мен бар болмысы қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасында айтарлықтай суреттеліп келеді. «Соңғы онжылдықтарда, – деп жазады А. В. Тишков, – тарихи-мәдени және этникалық қауымдастықтар сияқты әлеуметтік топтардың маңызды түрі сапалы жаңа параметрлерге ие болды. Материалдық саладан рухани мәдениет пен халықтардың өзін-өзі тану саласына көбірек ауыса отырып, этникалық, әлеуметтік-адамгершілік қасиеттері мен мінез-құлық нормаларының тұрақты жиынтығы ретінде көрсетеді. Адамға өзіне қажет әлеуметтік конформизмді жүзеге асыратын және оны қолданатын форма ретінде белгілі бір топқа деген құрмет, еңбекқорлық сезімі қажет. Белгілі бір әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық формалар мен рәміздердің жүйесі арқылы жеке және топтық деңгейде мәдениетін сақтауға, бекітуге және дамытуға деген ұмтылыс қазіргі индустриалды қоғамдардың дамуының ажырамас сипаттамасына айналады. Қазіргі Еуропадағы оқиғалардың бәрі ұлттардың кезекті «жақындасуымен» ғана емес, сонымен бірге ұлттық сана-сезімнің өсуімен, осы алуан әлемде өзінің «Мен»-ін дамытып, жүзеге асыруымен түсіндіріледі. Ұлт және ұлттық өзін-өзі тану сезімі саяси, экономикалық, мәдени және адамгершілік әрекеттің бастапқы анықтаушысы болды. Кез келген субъект (адам, әлеуметтік топтар, ұлт, қоғам...) әрқашан басқалармен қарым-қатынаста болады, белгілі бір қатынастарды сақтайды. Субъектінің өзін-өзі тануы және әлемге деген өзіндік көзқарасы ретінде, нақты жағдайлар оны өз шегінен «шығуға», шындық ретінде қабылданған кейбір «басқа» позициядан өзін-өзі бағалауға итермелеген кезде белгілі бір жағдайларда ғана пайда болады. Оның әлеуметтік жағдайының өлшемі, позицияда тұр. Өзін одан ерекшелейтін басқа тақырыпты айтуға болады. Осылайша, өзін-өзі тануды қалыптастыру үшін белгілі бір объективті әлеуметтік алғышарттар қажет. Бұл қалыптасқан моральдық, әлеуметтік және рухани қасиеттерді стандарт деп санауға болады, ол арқылы субъект өз қызметінің бағытын бағалайды және өзін белгілі бір жолмен қалыптастырады. Демек, сананың өзі өзінің өзін-өзі растауын ғана емес, сонымен бірге оның қасиеттерін басқа біреудің қасиеттерімен байланыстыруды да қамтиды. Бұл ұстаным субъектінің мінез-құлқы әрдайым оның өміріндегі жағдайлардың өзара әрекеттесуінің нәтижесі және ол талапты көріп, оның өмірін сипаттайды дегенді білдіреді. Өзін-өзі тану дегеніміз – субъектінің мәнін оның «ішкі» және «сыртқы» қасиеттерінің, «ішкі» – субъективті позициядан өзін-өзі бағалау тұрғысынан ашу. «Сыртқы» – өзін басқа құбылыс немесе идеал тұрғысынан бағалау. Мысалы, адам көбінесе белгілі бір мәліметті білсе де, өз өмірінің жағымсыз фактілері туралы үндемеуге тырысады. Ол үшін оның таза, оң бейнесі бәрінен маңызды. Өйткені оның өмірі, мансабы, басқа адамдармен оң қарым-қатынасты сақтауы – өзіне ғана байланысты. Модерндік әдебиет қоғамдағы осындай күрделі психологиялық иірімдерді жарыққа шығарады. Жоғарыда айтылғандай, біз өмір сүріп жатқан әлеуметтің маңызды жетістігі – әлеуметтік прогресте, оның мазмұны мен перспективаларына жаңа философиялық көзқарас қалыптастыруда жатыр. Проблема – біртұтас әлемнің тереңінде жатқанымен, адамзат бірлігі идеясы әртүрлі дәуірлерде Батыс пен Шығыстағы көптеген шындықты іздеушілердің ақыл-ойлары мен жүректеріне қозғау салды. Алдымен олар барлық заттардың оттан, судан, рухтан немесе жерден шыққанын дәлелдегісі келді. Яғни, жалпы табиғаттың, қоршаған ортаның шығу тегі туралы идеяларды қарастырды. Соңғы 20-30 жылда қазақ поэзиясы өте қарқынды дамып келеді. Онда қалыптасып жатқан әдеби үдерістерді, тың туындыларды толықтай бағалап, сынап отыру қиын. Десе де, бүгінгі таңдағы жастар поэзиясы мен прозасы белгілі бір өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан олардың шығармалары сұранысқа ие, поэтикалық кеңістігі көптеген зерттеушілердің назарында. Заманауи поэзияны мақтауға немесе даттауға болады, бірақ оны жоққа шығару мүмкін емес. Жас қаламгерлер – аға буын ақындардың стилімен емес, өзіндік көркемдік ерекшеліктерімен дараланғысы келеді. Әрине, қазіргі заман поэзиясы туралы тұжырымды ғылыми еңбектер бар, дегенмен біздің міндетіміз – қазіргі лирикалық көкжиектердің шекараларын айқындап, кейбір өлеңдерге тоқталып, поэтикалық түсініктеме беру. Қазіргі поэзияда бірнеше ағым мен бағыттар бар. Олардың көбі кеңестік цензурадан жат, тәуелсіз санамен жазылған шығармалар. 1991 жылдан кейін әдебиетке жаңа буын келіп, бұрын айтылмаған идеяларды қозғады. Кейбір авторлар осы мәселелерді тура мағынада емес, жанама мағынада, метафорамен, символдармен сипаттауға тырысты. Жалпы алғанда, егемендік алған тұстағы әдеби шығармалардан бұрынғы кездегі, яғни көне замандағы құндылықтар жүйесінің қалай қалыптасқандығы, одан ұлттық құндылықтардың саралануы тұрғысында маңызды ақпараттарды жүйелі түрде бағамдауға болады. Поэзиялық шығармаларда тек ұлттық тұтастық жайында ғана сөз қозғалмайды, олай етсек, ұлттық сөз парадигмасын шектеп қойған болар едік. Осы тұрғыда зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі Д.Васильеваның пікірінше, ұлттық және жалпыадамзаттық мәселелер, оның ішінде құндылықтар көркем әдебиеттің маңызды идеялық әрі көркемдік-эстетикалық құбылысы ретінде терең әрі жан-жақты зерттеуді, саралауды талап етеді. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, халқымыздың бар жақсысы мен асылын оқып, танып, бойына сіңіре білген жан тек қана ұлттық дәстүрді ғана емес, сонымен бірге жалпыадамзаттық символдардан да хабардар тұлға болары сөзсіз. Өйткені екеуі екі бөлек ұғым емес, керісінше бірін-бірі толықтырып отыратын, байланысып отыратын тақырыптар. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар