Дәулет Жадырасын – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1999 жылы 5 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Кәукей ауылында дүниеге келген. Көптеген республикалық әдеби байқаулардың жеңімпазы. 2024 жылы «Тығылмақ ойнамаймын» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген. Өлеңдері республикалық әдеби басылымдарда жарияланған.

Ақжол Түменбайға
Өзі жазған қара өлеңнің,
Қалды қазір қанша өзіне?
Ә, - деп қалса ағекемнің
Ән шығып тұр әр сөзіне.
Топырлаған ақындардан,
Топты жарып «ТОП» болып тұр.
Бұ күндері оқырманнан
«Тыңдарманы» көп болып тұр.
Ә дегеннен, ән – осы деп,
«Әр туысты» жібермеді.
«Әкесі жоқ, анасы жоқ»
Адамдарды түгендеді.
Құлағымды қажытты әуен,
Сазгер білмес жыр көрсем ғой.
О, бүгін бір жазыпты өлең,
Ән шыққанша үлгерсем ғой!

Қуаныш Жазайға
Жұмбақ мұның мәні маған,
Секілдімін танымаған.
- Қайдан келе жатсыз, аға?
- Әәә... сол... әлгі... шаруадан...
Көз жеткізсем соған әбден,
Сұрағымды доғарам мен.
- Немен жүрсіз айналысып?
- Әәә... сол... әлгі... жобалармен...
Жүреді қай бұрыштарда,
Көрінбейтін қуыстар ма?
- Қайда бара жатсыз, аға?
- Әәә... сол... әлгі... жұмыстарға...
Төмен түсіп көзі кенет,
Саптар солай «сөзін ерек».
Қалам кейде осы ақынды
«Алматының» өзі ме деп.
Жырына таң қаласың әр,
Қылығына бала сыңар.
Әәә... сол... әлгі... мамандығы -
«Өлең жазу» ғана шығар.

Көкбөрі Мүбәракқа
Мағжанның, Қасым, Абайдың,
Маржандай жыры қор болды.
Жаза алмай кеткен талайдың
«Жазасын берген» Сол болды.
Ортаға ерек ой тастап,
Арнады жырға аз күнін.
Отызға дейін ойқастап,
«Жиырма кітап» жазды ұлың!
Отызға жасы таяп кеп,
Бөліспек болып бүлінді:
Аюға молда – таяқ деп,
«Ақындық» деген ілімді.
Сөйтіп-ақ ұстаз атанған,
Жарады-ай, ағам, жарады-ай.
Өзінде жоқты сата алған,
Ой, біздің көпес заман-ай.
Отызға жасы таяп кеп,
Шығарды қылық біртүрлі.
Аюға молда – таяқ деп,
«Әншілік» жолға ұмтылды.
Айтса ғой дауыс созбай-ақ,
Осының өзі аздай-ақ.
Сазды аяп кеттім, сазды аяп,
Бейбағыт кеткен сөзді аяп.
Отызға жасы таяп кеп,
Шығарды қылық біртүрлі.
Аюға молда – таяқ деп,
Меңгердім деді «кунг-фуды».
Шыңдалдым солай дейді ағам,
Ермелік, бәлкім, ермелік.
Төбесін көрсетпейді ағам.
«Төбелесін де» көрмедік.
Ұқпаған сынды арланның
«Азудан» ғана тұрмасын,
Ақындық деген арманның
«Жазудан» ғана тұрмасын.

Дәурен Тілеуханға
Классик «ең жас» - Ол елде,
Болмасын ешкім өкпелі.
«Құлын» боп кірді өлеңге,
«Құнан» боп бірақ кетпеді.
Көздері дерсің ботадай,
Сөздері дерсің батадай,
Ақыны болды елінің,
Ақылы болды атадай.
Жүріп те бізбен қатарлы,
Жүйрігі жырдың атанды.
Құлқыны қимай жүр ме әлде,
«Құлыншақ» деген атауды?
Жігіттің бүгін жолдасы,
Жүйріктің бүгін жорғасы.
«Кенжемін» деуін доғарса,
Кенжелеп қалмас өр басы.

Әлихан Жақсылыққа
Дарындының талабына,
Қалай жылып қалмайды ішің?
Арқалатты қаламына,
«Нотр-Дамның» бар қайғысын.
Көңіл қалай пәс болады, ә,
Жүйткіп жүрген жас балаға:
«Африкадан Аляскаға»,
Ақтөбеден Астанаға.
«Шетке» төкті шер-наласын,
Бір бұрмады елге басын.
Жазушы бұл кітабынан
Жақсы жазған «жарнамасын».
Жылдамдығын ЖИ көрсе ғой!
Елге дұрыс сый берсе ғой!
Өзі жазған шығарманы,
Өзі де оқып үйренсе ғой!

Нұрай Талапқа
Қиын сөзді қиыстырып,
Сыймағанды «сыйыстырып»,
Жасай алмай қойды бір жыр,
Жасағанмен кей істі нық.
Келеді ойын көргім кейде,
Құзар шың ба, құрдым ба әлде?
Түсіндіріп ол білмей ме,
Мен түсінбей жүрмін бе әлде?
Ойдан дерек, қырдан дерек,
Терген қандай ғажап сана!
Аударатын бір жан керек
Қазақшасын – қазақшаға.

Сүндет Сейітке
Сүндет кейде,
Ұқсайды, қатты ұқсайды бірбеткейге.
Азапты жолға түсіп «блогерлік»,
Жасап жүр жазбасымен бірер «ерлік».
Есігін енді ашқанда мекеменің,
Ішінде әділдік жоқ екен оның.
Есігін енді ашқанда бір шаруа,
Түседі теңсіздіктің құрсауына.
Сыймаған өкпесі жоқ өз басына,
Сыяды бәрі бірақ «жазбасына».
Күрескер, күйші, әнші, ақын Сүндет,
Оқырман айдар тақты «батырсың!» деп.
Айтам деп арда жұртқа хақын Сүндет,
Әлемнен шындық іздеп жатыр Сүндет.
Әлдебір жүлделерге ілікпесе,
Бар дейді сол байқауда бүлік неше.
Ешкімге ұқсамайды Сүндет кейде,
Ойлаймын, қатты ойлаймын кім деп кейде?
