Бүгін XХVIII «ШАБЫТ» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Поэзия» номинациясы бойынша бас жүлдесін ақын ДӘУРЕН ТІЛЕУХАН жеңіп алды.
ДӘУРЕН ТІЛЕУХАН–2000 жылы 28 қазанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Көрпе ауылында дүниеге келген. А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Халықаралық «Алтын қалам» әдеби байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының жеңімпазы. «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
АНТИНОМИЯ
Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»
Тек аяймын жанарың төккен жасты.
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың...
Тек сен жоқсың...
Құдай-ау, неткен жақсы!..
Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,
Сағыныштың сен жайлы — бәрі дұшпан!
Көшелерде кептелген көліктердей,
Санам іші сан күдік сабылысқан...
Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,
Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.
Аңсадың, не шаршадың қызықтырмас,
Ақтөбеге бәрібір!
Білдің бе енді?!
«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,
Сағыныштың сап-салқын самалындай,
Үмітіңді үгітіп, үркітетін
Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!
Ойламадың...
Ой қамад(ы) дерттен жаман:
Оралуға болмас па өткенге адам?
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың...
Тек сен жоқсың...
Құдай-ау, неткен жаман!..
* * *
Кірбің іліп кірпікке кезекпен күн,
Өлең болып шығады өзектен мұң,
Мойындаудың азабы ауыр қандай,
Мәңгі емесін мен сүйген мезеттердің!
Жаның жүдеп осылай көңіл кірлеп,
Өлшемінен шығармас өмір-дүрмек.
Алданудан жалығып ақырында
Жабығарсың «жалғаннан жеңілдім» деп…
Бір белеске аттанып бір белестен,
Жоғалады жайқоңыр күндер естен.
Бақытыңды қайтейін,
қайран өмір,
Батпырауық жылдармен бірге көшкен!..
МАХАББАТ МЕЛОДИЯСЫ
Жасыл түнде жаураған
Бұлттар білер сырымды.
Шуақ таңда қаулаған
Шықтар білер сырымды.
Үздігетін іңірге
Шамдар білер сырымды.
Ажал тұрған түбінде
Жолдар білер сырымды.
Жел қытықтап, сүйетін
Әйнек білер сырымды.
Кездесуге киетін
Көйлек білер сырымды.
Жарым түнде жөтелген
Бақтар білер сырымды.
Сағынышын әкелген,
Хаттар білер сырымды.
Жан-жүйемді езетін,
Әуен білер сырымды.
Жүрегімді кезетін,
Өлең білер сырымды.
Шоғы сөнген табанда
Шылым білер сырымды.
Гүлкүлтеден жаралған,
Бұрым білер сырымды.
Мейлі, өртенсін, сарғайсын
Парақ білер сырымды.
Көз жасынан аумайтын
Шарап білер сырымды.
Қарашаның дауысы –
Қаздар білер сырымды.
Қоштасу мен қауышу –
Вокзал білер сырымды.
Айдан алып дерегін
Жұлдыз білер сырымды.
...Мен – арқалап келемін
Мүрдесі ауыр Мұңымды.
Тек сен ғана, жарығым,
Тек сен ғана білмейсің –
Сені сүйетінімді!..
Сені сүйетінімді!..
МҰҢДАҚ
Жасырынған ішіне жанқамақтың,
Жанарыңнан ағады сорғалап мұң,
Баянсызын білерсің мына өмірдің
Тас төбеңнен сырғыса тайғанақ түн.
Ақұшқын кез артыңда алаулаған,
Оңай ма енді өртенбей қарау да оған?!
Мен - тамшының тағдырын кешіп тұрмын,
Жанарыңнан іркіліп тама алмаған.
Шаттығыңды аңсатып шын қалаған,
Күз де келді мүрдесін мұңға ораған.
Сен де мендей сенделіп жүр ме екенсің,
Бір жұбаныш таба алмай бұл қаладан?..
Жаздың түсін түгелдей сарықты өңір,
Көңіл қоңыр тартады...
қалыпты өмір.
Күллі үмітті күл қылып кетсек те осы,
Әлденеге әйтеуір зарық көңіл.
Қарай-қарай жолдарға жанар талса,
Жымиғансып жүресің, амал қанша?
Өмір сүре берерміз дәл осылай,
Өп-өтірік,
бақытты адамдарша…
OBSCURUM
«Жақсы көргім келмейді!..»
деші, мейлі -
Өшіре алмай келемін осы Үрейді.
Кешірімді біздерге қимаған Күз
Есігімнің алдында есінейді.
Сөнді тағы сезімсіз от-жүрегім.
От-жүрегің сенің де дертті ме еді?!
Жанымды әзер сақтап ем жалыныңнан,
Көлеңкең де күйдіріп кетті мені.
Жапырағын жанымның желге бердім,
Сенделермін осылай, емделермін.
Жұбың жазбай жөңкіген жауар бұлтпен
Сен де кетіп барасың...
Мен де көндім...
Көндік солай.
Көңіл тұр маздап... жүдеп,
Алдарқатар Ай да жоқ «аз қалды» деп.
Бізге бағын бұлдаған бес-ақ күндік -
Жалған осы,
Жабықпа, жазған Жүрек!..
Бебеулейді бір Үміт бұрынғы үшін.
Cыртым бүтін,
қайтейін, құбылды ішім...
[...Қараңғыдан қорқатын болса керек,
Кірпік қақпай қойды ғой бүгінгі Түн.]
Шақырымдар арасы шалғай бүгін.
Сынық қанат сары Күз...
сарғайды Мұң.
Бүгінгі түн суықтау...
қандай қиын -
Аспаныңды жылыта алмайтыным!..
ҚҰЛЫН-ШАҚ
Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?..
Бәрібір бақ-баянсыз, ғұмыр-сағым…
Айласын асыра алмас жалған өмір,
Қайдасың, құмға аунаған құлын-шағым?..
Алғаусыз шаттығымды аңсап небір,
Армансыз тәтті күнді аңсап небір,
Сарғайса сартап болған сағынышым
Мен енді не істей алам?..
«Сап-сап көңіл!..»
Дәм татып сүйініштен, күйініштен
Біз солай өтеміз бе тынып іштен?!
Жазира жазық қалар жадымызда,
Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен…
Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған
Түнде де тыным бермес мендегі арман.
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..
Туған жер!
Туған дала, топырағым!
(Қайран жас қайдан білсін опынарын?..)
…Көз алдым күрең тартып, ауылды аңсап,
Бозарып балконда үнсіз отырамын…
