Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ФОЛЬКЛОР
/
Домбыра: Түп- тамырдан бүгінгі күнге дейін…...

05.07.2025 2337

Домбыра: Түп- тамырдан бүгінгі күнге дейін… 6+

Домбыра: Түп- тамырдан бүгінгі күнге дейін… - adebiportal.kz

Домбыраның қай заманнан түркі халқының музыкалық аспабы болғаны туралы нақты дерек жоқ. Тек домбыра туралы аңыздар мен әпсаналар ғана халық арасында кеңінен таралып осы күнге жетіп отыр. Біздің осы жерде айтпағымыз – домбыраның пайда болуын емес, неше мың жылдықтарға еркін жеткен домбыра шанағынан туған құндылықтың өміршеңдігі мен ескірмейтіндігі туралы еді. Осы өміршеңдік домбыра сынды аспапты қалай жер бетінен жоғалып кетпес құдіретке айналдырды. Өнердің құдіреті деген осы болса керек!

Осыдан 20 жыл бұрын домбыра сатып ала қояйын деп іздесеңіз, базардың бір бұрышынан әрең табылар еді. Сондағы қат пен енжарлықты көріп: «Күйшілік пен домбыраның тағдыры не болар екен», - деген алаң көңіл жүрек түкпіріңде жататын. Бірақ, осы уақыт аралығында ұлттың бейсаналы сауығу үрдісі негізінде домбыра қайтадан халықтың рухани ортасындағы өз биігіне біртіндеп көтеріле берді. Бұрынырақ әр үйден табыла бермейтін бұл аспап, қазір бір отбасында екіден-үштен тұратын болды. Әсіресе балаларын домбыра курсына сүйреген ата-аналар қарасы көбейген сайын, домбыра үйрету мен домбыра жасау бизнесінің көрігі қыза түсті. Оның үстіне бұл жерде қазақтың менталитетіндегі өзара «қызыл көздігі» - достар арасында, отбасылар арасында, сыныптас балалар арасындағы өнер үйренуге деген бәсекелестік артып, домбыра үйрену деген жақсы трендті қалыптастырды. Қазір көшеде, автобуста, мектепте домбырасын арқалаған қара домалақтар көп. Осылардың көбін сүйреп апарып жүрген ешкім жоқ. Сондай бір бейсаналы қазақы қалыпқа оралып жатқан бұл құбылысты көп ешкім түсініп те, зерттеп те жатқан жоқ. Ал осы балалардың бәрінің музыкант болып шығуы міндетті емес, бірақ келешекте осылардың ортасынан Тәттімбет, Құрманғазы, Қазанғап, Сүгір, Диналар секілді небір дәулескер күйшілер шығары анық. Сұраныс бар жерде қажеттілік артады. Қажеттілік бар жерде құн туады. Осылайша қазақ өз қолымен домбыра деген ұлттық аспабының құнын мемлекеттігінің арқасында көтеріп алып кетті. Өзге құндылығын онша түгендеп, орнына келтіре алмай жатқанда, домбыраның тағы да аруағы асты. Тәуелсіздіктен бері қазақтың қалпына келтіре алған бірден-бір рухани құндылығы – осы домбыра аспабына деген құрметі мен махаббаты еді. Төменде осыған дейін болған және осы күндері жасалып халыққа ұсынылған кейбір қызықты домбыраның түрлеріне тоқтала кетсек дейміз.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты кітапта домбыра түрлері туралы бүй дейді: «Жасалуына, түріне, ішек санына, дыбысына қарай домбыраның қос ішекті, үш ішекті, төрт ішекті, қалақша, қуыс мойын, тұмар, қоссаз, қауақ, абыз, кеней, үзбелі, қозықұйрық, құрама, омыралы, шіңкілдек, шаппа, сана, желбезекті, үшем, іші ішекті, кең шанақты, бүктемелі, әмбебап, тегешікті домбыра деп аталатын түрлері бар. Сонымен қатар, домбыраға тағылатын әшекейге және сырт пішініне байланысты үкілі домбыра, қоңыраулы домбыра, шашақты домбыра, қоңыр домбыра, қызыл немесе қара домбыра деп те айтады», - делінген. 

Осы аталған домбыралардың бір сыпырасын жинап, сақтаған. Алды ғасырлардан асқан жасы бар бірнеше ғасырға кеткен домбыра түрін, Қарағанды қаласында тұрған Кәмел Жүністегі марқұмның үйіндегі жеке мұражайынан кездестіресіз. Кәмел ақсақалдың көзі тірісінде жинақтап, сақтаған Арқа әншілік мектебі мен күйшілеріне тән алты түрлі домбыраның әрқайсысы бір-бір дәуірдің, бір-бір шебердің үнін жеткізіп тұрған тірі жәдігері дерсің. Бейбіт мизамда жасаған халықтай емес, ортада қуғын көріп, руханияты мен мәдениеті мансұқталған халық үшін кейбір мәдени мұраларының ғасырдан да асып, қайтадан ұрпағымен қауышып жатуын кейде ғажайыпқа балауға болды. Сан жылдардың сарсаңынан аман-есен шығып, «Ел іші-кенші» дегендей бүгінге жеткен Кәмел ақсақалдың жинаған аспаптарын жас ұрпақтың көзбен көріп, қолмен ұстауымен домбыраның осындай да түрі бар деген жаңалықтың өзі де рухани бір байланыс пен домбыра аспабына деген қатып қалған кейбір көзқарасты шытынатары анық. 

 Кәмел Жүністегі  Ғасырдан аса тарихы бар домбыралар!

https://www.youtube.com/watch?v=McTYZ8ROuPI

Әшім Дүңшіұлы қытай қазақтары арасынан шыққан күй өнерінің асқақ күйшілерінің бірі болды. Оның өмірінде ұстаған үш домбырасының ішіндегі төрт ішекті, он үш пернелі домбырасы бұған дейінгі қазақ күйшілерінде кездеспейтін қосалқы дыбысты жүктеген тағы бір домбыра тұғын. Күйшілер домбыраның қалай түсінсе, дыбысты да солай түсініп, үнге, әуенге ашқарақ келеді. Әшім Дүңшіұлы атамыз да осы төрт ішекті домбыраны шеберге өзі айтып жүріп, арнайы жасатқанынан ол кісінің күйлеріне басқаша үн қосқысы келетін импровизациялық шешімі деуге де болады. 

Әшімнің төрт ішекті домбырасы

Қызылордамен мен Моңғолия даласынан табылған домбыралар – халқымыздың мыңжылдықтарға кеткен әуезі мен үні десек болады. Моңғолия мен Қызылорда облысынан табылған «Атадомбыра» мен «Қоссаз домбыраның» жастары қарайлас, осыдан 1500 жыл бұрынғы жәдігер болып саналды. Бірі Алтай тауындағы үңгірден табылса, бірі Бидайық-асар қалашығына жасалған қазба жұмыс кезінде осыдан жарты ғасыр бұрын табылып отыр. Екі аспаптың да қалпына келтірген мамандар домбыраның нұсқасын алып шыққан. Бұл бір тарихи сандар болғанымен, қазақ қолындағы осы бір ағаштан жасалған аспаптың қаншама заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқанына куәлік болары анық. Бұдан ұғарымыз бұл аспабының түп-тамыры тым тереңде жатқанын, қазақ даласында жасаған байырғы аталарымыз қос ішекті, ұзын мойынды аспапты жанына серік етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жібін үзбей бүгінгі күнге жеткізген. Демек, домбыра тек қазақтың ғана ұлттық мұрасы емес, ол ежелгі түркі өркениетінің ескі үнін осы күнге аман-есен жеткізуші аспап болса, қасиетін жоғалтпай түпнұсқада жетуіне себепші болған халқыңның жадысынан қалай айналмайсың.

«Атадомбыра» туралы ақпаратты «Тарих порталындағы» Түркітанушы ғалым  Қаржаубай Сартқожаұлының жазған мақаласынан толық ала аласыздар.

АЛТАЙДАН ТАБЫЛҒАН АТАДОМБЫРА

 https://e-history.kz/kz/news/show/760

«Қоссаз домбыра» туралы видео хабар төменде көрсетілген.

Қызылорда облысынан табылған көне домбыра әлем назарын аударды

https://www.youtube.com/watch?v=LwsDdgNxHpE

Келесі тағы бір қызықты домбыра туралы айта кетсек. Қытайдың Алтай қаласына қарасты Әбитан қалашығында тұратын қандасымыз Мұхамет Әбділдәбекұлы ерекше домбыра жасауымен қазір ел аузында жүр. Осыдан он жыл бұрын жайлаудан салмағы 80 килограмм болатын үлкен қара метеорит тасты тауып алады. Қашаннан қызып жататын қытайдың тас базарына апарып жақсы бағаға сатпақ болады. Алайда базардағы саудагерлер тасты құнсыз санап, қызығушылық танытпайды.

Тасты үйінің маңындағы арық жанына тастап қойған Мұхамет бір күні: «Бұл тастың құнын ешкім білмесе, мен одан ұлттық өнер туындысы – домбыра жасап шығарайын», - деп шешім қабылдайды. Тасты қашап, кесіп, майдалап, шанақ пен мойынды ойып шығару оңайға соқпайды. Алты ай уақытын сарп еткен ол, қолын қанап, көзін ауыртып жүріп, ақыры тастан домбыра жасап шығарады.

https://www.youtube.com/watch?v=Z9jq8LOHhvs  Тас домбыра жасаушы Мұхамет

«Домбыраның шанағын жасау ең қиын тұсы болды. Ұсақ қиыршық тас көзіме түсіп, аштырмай қойған күндерім де болды», - дейді Мұхамет. Халық арасындағы шеберлерден үйреніп, түрлі материалдарды зерттей отырып, 2022 жылдың наурыз айында ерекше тас домбырасын толықтай аяқтайды.

Салмағы 3,58 келі тартатын, шанағы да, мойыны, беткі қақпағы тіпті құлағына дейін қара тастан жасалған еді. Бұл домбыра әлемнің қай түкпірінде жүрсе де ұлттық аспапқа ерекше мәртебе бере қарайтын қазақтың дарқандығы мен жанқиярлығын көресіз. Есесіне осы тас домбыраны жасап, өзінің де мерейі өскен Мұхамет Әбділдәбекұлын халық: «Сахарадағы тасты сахнаға көтерген қазақ!» деп атап, құрметтеп келеді. Бүгінде бұл домбырасыз ауылдағы той-мереке өтпейтін болған. Тіпті алыс-жуықтағы күйшілер арнулы іздеп келіп, домбыраның жасалу шеберлігіне тәнті болып, ризашылығын білдіріп жатады екен. Тағы бір қызығы темірдің тегі тас десек, тас домбыраны ұстап көргендер, домбыра белгісіз себептермен ысып, қызып тұрса сөйлемейді дейді, тек тастай болып мұздап тұрған кезінде ғана даусы ашылып, шешен сөйлейтін ерекшелігі бар дейді.

https://youtube.com/shorts/k-2JK-qS0IE?si=nAp1x__zwdObZusV

Қазақ ежелден жылқыны қастерлегені мәлім, әсіресе асқа, соғымға сойылған жылқының басын аяқтың астына тастамай биік ағашқа іліп қою дәстүрі күні-бүгінге дейін жетіп отыр. Сол жылқының бас сүйегіне тағы да қасиет дарытып, ағашта асылып тұрған қу сүйекке тіл бітірген хас шеберлер атбасты домбыра жасап шығарған. Ал, бұл атбасты домбыраны еліміздегі және қытайдағы бауырларымыздың жасағаны туралы бір қатар бейнематериалдарды желіден кездестіруге болады. Жоғарыда келтірілген этнографиялық кітаптағы домбыраның он қанша түрінің болуы, дыбыс іздеген күйшілер мен аспаптың түр-түріне экспериментке бара алған домбыра жасаушы шеберлердің еркін қиялдың егесі болғандығын, домбыраның қолдану аясы мен қазақ өміріне бұл аспаптың қандай деңгейде кірігіп кеткенін айғақтаса керек. Осы күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған, жаныңа серік, көңіліңе медеу болатын осы бір аспап туралы азда болса тоқтала кетіп, республика көлемінде аталып өтіп жатқан «Домбыра күнінің» халқымызға берер рухани игілігінің көп болуына тілектестігімізді осылайша білдірген болдық.

https://youtube.com/shorts/zsL6ukMDv3A?si=hJakzJlQOtW0pPjR

Жылқының бас сүйегінен жасалған домбыра және Марғабылдың қарақасқа аты күйі…

https://www.facebook.com/watch/?v=1471171540535982


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар