Қазақ жерінде шығармашылығына әлем тамсанған Достоевский мен Пушкиннің ізі жатса, Лев Толстойға Шәкәрім атамыздың хат жазуы, рухани байланыстың азда болса қазақ топырағымен, қазақ даласында болған тұлғалармен қатысты болғанын несін жасырайық. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ұйымдастырылған, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде орыс әдебиетінің ұлы классик жазушысы, философ және публицист Ф.М. Достоевскийдің өмірі және шығармашылығына арналған «Бұл көшелерде оның ізі қалған...» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов былай деді:
«Бүгін Ф.М. Достоевскийдің рухани және шығармашылық мұрасын құрметтеуге арналған «Бұл көшелерде оның ізі қалған...» атты көрменің шымылдығы ашылып отыр. Бұл көрме - қазақ жеріндегі ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерді, деректер мен жәдігерлерді тоғыстырған мәдени әрі тарихи шара. Федор Михайлович Достоевскийдің өмір жолында Қазақстанның, соның ішінде Семейдің алар орны ерекше. Осы топырақта ол бес жылға жуық уақыт өмір сүріп, жергілікті халықпен араласып, шығыс мәдениетіне үңілді.
Сондай-ақ Достоевскийдің Шоқан Уәлихановпен достығы тарихтағы шынайы рухани үндестіктің жарқын үлгісі. Шоқан шығыс пен батыстың мәдени құндылықтарын бойына сіңірген білімге құштар жас болса, Достоевский адам жанының терең қатпарларын ашқан ойшыл жазушы болды. Олар еркіндік пен әділдік және өз заманының маңызды мәселелерін талқылады», - деп сөзін түйіндеді.

Ұлттық музейде ұйымдастырылып жатқан классик жазушының көрмесі туралы Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров, Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігінің басшысы Астанадағы орыс үйінің директоры Ольга Филонова, Семей қаласындағы Федор Михайлович Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьёва мінберге шығып сөз сөйледі.
Ұлттық музейдің экспозициялық алаңына Семей қаласындағы «Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінен» 96 жәдігер әкелініп, көрме 15 тамыздан 8 қыркүйекке дейін көрермен назарына ұсынылмақшы.

Семей қаласы «Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі» қызметкері Сана Сәрсембекова:
«Достоевский әдеби меморандум музейі» 1971 жылы Семей қаласында ашылды. Оның ашылу себебі бұл музей басында Достоевский атындағы кітапхана болған. Сол кітапхананың меңгерушісі Зинаида Фурцева «Бұл жер тек кітапханамен шектеліп қалмау керек. Ол кісінің жүрген жерін, Семейде болған күндерін бәрін адамдар білу керек. Келесі ұрпаққа насихатталу керек», - деген мақсатта музей ашылған еді. Музейдің ашылғанына бүгінгі таңда елу бес жыл болды. Ал негізгі өзінің Федор Достоевскийдің тұрған үйі ХІХ ғасырда салынған. Қазіргі таңда сол музейге қосарланып, тағы да екінші үлкен зал ашылып, бүгінде ол музейге керемет көрініс беріп тұр. Келіп көрсеңіздер, арнайы архитекторлардың, дизайнерлердің көмектерімен сыртқы жағы кітаптың беті сияқты кескінмен салынған. Бұл музей Семей қаласындағы Достоевский көшесінде орналасқан. Ал, музейдің ішінде Федор Достоевский туралы, ол кісі қай жерде өмірге келіп, қалай өмір сүрді, міне, осының барлығы қамтылған. Кіріп келген кезде үлкен залында ол кісінің өмірі, шығармашылығы, ең басты үлкен бес шығармасы «Қылмыс пен жаза», «Нақұрыс», «Ағайынды Карамазовтар» «Жасөспірім» және «Бейшаралар» атты романдары туралы мәліметтер берілген. Федор Достоевский Семей қаласында бес жыл тұрады. Сол кездерде Шоқан Уәлиханов, Семенов-Тян-Шанский секілді сол заманның ұлы тұлғалары үнемі қонақта болған. Достоевский достарыменен бірге отырып шай ішкенді жақсы көрген және ол кісі біздің мейіз, өрік, жаңғақ секілді кептірілген жеміс-жидектерді өте жақсы көріп тұтынған еді», - деп ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты тың ақпаратпен бөлісті.

«XIX ғасырдың екінші жартысындағы Семей қаласы» – қаланың көріністері бейнеленген фотосуреттер мен ашықхаттар; М.М. Беляевтің, Г.Б. Герасимовтың «Ескі Семей» жинағына салған иллюстрациялары; көне тұрмыстық бұйымдар.


«Сібір желілік 7-батальонының қатардағы сарбазы» – Достоевскийдің алғашқы әскери қызмет кезеңі туралы баяндайтын фотосуреттер мен құжат көшірмелері; офицер шеніне жету жолындағы тактикасы; жазушының екі томдық хаттары.


«Достоевскийдің айналасы» – Ш.Ш. Уәлихановтың, барон А.Е. Врангельдің фотосуреттері; Уәлиханов шығармалар жинағы мен құжаттары; 1859 жылдың көктемінде Лейбин фотосалонында түсірілген «Достоевский және Уәлиханов» бірлескен суреті; барон Врангельдің естеліктер кітабы; М.Д. Исаеваның фотосуреті; үйлену туралы құжат; Белихов батальоны командиріне жолданған Достоевскийдің рапорты; тұрмыстық заттар мен әйелдерге арналған аксессуарлар. Келушілер Достоевский мен Уәлиханов, сондай-ақ барон Врангель арасындағы достық қатынастармен және жазушының алғашқы жұбайымен болған қарым-қатынасының тарихымен танысады.

«Достоевскийдің Семей повестері» – жазушының әр жылдардағы шығармалары: «Ағасының түсі» мен «Степанчиково ауылы және оның тұрғындары» повестері; осы шығармаларға салынған А. Дячкин мен Е. Сидоркиннің иллюстрацияларының фотокөшірмелері.

«Достоевскийдің шығармашылық мұрасы» – жазушының әр жылдардағы шығармалары, шет тілдерге аудармалары мен Қазақстанда жарық көрген басылымдары.

«Достоевский музейінің құрылу тарихы және қазіргі қызметі» – хаттар, конверттер, фотосуреттер, естеліктердің машинкамен басылған мәтіндері, музейдің жол көрсеткіші.













Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.