Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Дүйсенбек Дәлелханұлы. Ерентауды аңсаймын...

Дүйсенбек Дәлелханұлы. Ерентауды аңсаймын

14.11.2025

3716

Дүйсенбек Дәлелханұлы. Ерентауды аңсаймын - adebiportal.kz

Ақын Дүйсенбек Дәлелханұлының топтама өлеңдерін жариялап отырмыз.


Автор 1987 жылы ҚХР, ШҰАР Тарбағатай аймағының Сауан ауданында туған. 2006 жылы тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударған. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып келеді.  Қазіргі таңда шығармашылықпен қатар жеке кәсіпкерлікпен  айналысады.

Ерентауға бір барсам

Алатауға қарасам,

Ерентауды аңсаймын.

Ерентауға қарасам,

Еріксізден шаршаймын.

 

Жете алмаймын, ентігем,

Езілем де қоямын.

Қиялыммен төріне,

Жеткендей-ақ боламын.

 

Мендегі бар сағыныш – 

Ерентауға бір бару.

Есім кетіп далада,

Ерке қызбен бір қалу.

 

Әкем жүрген қыстаудың 

Кекілігін ауласам.

Туған жерге еркелеп,

Шалғынына аунасам.

 

Қос жанарым мөлдіреп,

Мөңіреймін маралдай.

Туған жердің тентегі ем,

Тебітемін бара алмай!

 

Жанымда менің боздап тұр

Бауыры қатып байлардың,

Ағадан ақыл тайған күн.

Қара шал мініп есекке,

Қара ешкі бүгін жайған күн.

Арманға қарап күдікпен,

Адамға қарап ойландым.

Бәрін де іштей сезетін,

Жүрегім, сенен айналдым.

 

Адамдар құлы ақшаның,

Сонымен өлшер аспанын.

Бұл күнде өмір басқаша,

Адамда бүгін басқа мұң.

Жаманды көрсем саспадым,

Жақсыны көрсем қашпадым.

Тарпаңдау менің тағдырым,

Қай жаққа мені бастадың.

 

Қара су, қолда қалаш нан,

Қасығым таза ағаштан.

Күндерім өтіп барады-ай,

Үміт пен күдік таласқан.

 

Құйғытып шапқан құлан ем,

Құдыққа келіп жығылдым.

Құрбақа ойнап құлаққа,

Дариға-ай, әттең сүріндім.

 

Дүние деген боқ екен,

Адамдар соның қоңызы.

Жанымда менің боздап тұр,

Қорқыттың мұңлы қобызы.

 

Сүріндім, тұрдым, жүгірдім

Ешкімнен енді қорықпаймын,

Қорқарым – жалғыз бір Алла.

Үйреніп жүрек қалыпты-ау,

Сезіммен жалғыз жылауға.

 

Жалғызбын деуге ұялам,

Туыс та, дос та жетерлік.

Мөлдіреп тұрған шарапты,

Сол үшін талай көтердік.

 

Қаңғырап тұрған қара үйде,

Жападан жалғыз сопайдым.

Өтер-ау, кетер бәрі де,

Ұлы боп тудым Шотайдың.

 

Өзіме-өзім мұң шағам,

Өмірге қайтем өкініп.

Жанымды кейде қинап жұр,

Амалсыз айтқан өтірік.

 

Өзімнен өзім сүріндім,

Айыбым менің сол ғана.

Тұра сап қайта жүгірдім,

Ағайын, мені қорлама.

 

Құлазып жүрген жаным бар

Көзімнен жасым тама алмай,

Қашаған ойлар қамалмай.

От болып лаулап жана алмай,

Іздеген жанды таба алмай.

Құлазып жүрген жаным бар,

Теңізде тұрған аралдай.

 

Байларға барып бас ұрмай,

Басымнан сөзді асырмай.

Түнеріп жүрген түрім бар,

Қабағым бір сәт ашылмай,

Шындығын айтсам жасырмай.

 

Басылмай бойдан еркелік,

Отызға толмай өртеніп.

Жазылмай жүрек жаралы,

Туғам-ау сірә, дерт еміп,

Туылмай жатып жер теуіп.

 

Бір сырлы әуен кетпейді құлағымнан

Бір сырлы әуен кетпеді құлағымнан,

Естіледі тұрсам да тұрағымнан.

Тауға барсам табысып сол дыбыспен,

Ойға барсам табамын құба құмнан.

 

Жоқ, жын емес, ақындық сезім бе еді,

Таңғы шабыт түнімен көз ілмеді.

Өлең болып жазылды ақ қағазға,

Сұлу бейне көрінген көзімдегі.

 

Бір тылсым күш, тербеліп дене деген.

Адамдар көп ақынды елемеген.

Ғашық болып отырам жұлдыздарға,

Ай сәулесі түскенде терезеден.

 

Ақырын сәл сырғытып пердені де,

Өкінбеймін өмірге келгеніме.

Қос құлыным пысылдап ұйықтап жатыр,

Тәуба, Құдай, екеуін бергеніңе.

Ауыр ойдан арылып отырам да,

Тәтті ұйықымнан түс көріп шошығанда.

Көк дөнені шабыттың осы маңда,

Таубә, Құдай, Тәңірім осыған да.

 

Жүрегіңе жұмыр-жұмыр жүк болған

Есерлерге кетті талай мың есем,

Ескі дерттен енді бір сәт түлесем.

Біреулерді қанша биік көтерсең,

Өзің төмен қалатының шын екен.

 

Қадірлесең қадіріңе жетпеген,

Гүлдер қанша көлеңкеде көктеген.

Жүрегіңді ауыртудың жаманы ай,

Ойнап жүріп өртенсем ғой отпенен.

 

Тез жазылып, жыртылатын жырым-ай,

Тікен тектес көктедің бе гүлім-ай.

Сөз жемейтін сол адамға қор болған,

Қайран менің сүйегі жоқ тілім-ай.

Масаттанба ақыл-ойым толды деп,

Түсінбеуден сезім шіркін оңды көп.

Жүрегіңе жұмыр-жұмыр жүк болған,

Махаббатты түсінбейтін сорлы көп.

2018.2.15

 

Қасиетті, қайран қара шалдар-ай

Әжем айтқан әдемі сөз – қарғам-ай,

Айқайласаң қайтер едім, алдамай.

Отыратын анау тоқал төбеде,

Қасиетті, қайран қара шалдар-ай.

 

Қуанатын құнан қойды бөктерсек,

Жалықпайтын сәлемді де көп берсек.

Қара ішігің қайда кеткен Құдай-ау,

Салақ қатын жіберген бе отқа өртеп.

 

Ауа көшіп қала жаққа таядым,

Шаң-шаң басқан шаңырақты аядым.

Ұлдарыңның машинасы сындырған,

Жерде жатыр сенің ырғай таяғың.

 

Екі аяғын тіп-тік басқан өліктер,

Қайран баба-ау сен сенбесең келіп көр.

Қасиетті тымақтарым қайдасың,

Қасиетсіз қаптап кетті бөріктер.

 

Қапырығы қаңсығанда қаланың,

Қара тауды жиі-жиі жазамын.

Бұл күндері жырым-жырым балағым,

Тірлік үшін тілім-тілім табаным.

Қасиетті, қайран қара шалдар-ай,

Есіме алсам өксіп-өксіп аламын.

Мысықтың да кей кезде мысы басты

 

Махаббаттың отына күйетіндер,

Пәктігіне бастарын иетіндер.

Шын ғашықтар келмеске кетті білем,

Бір-біріне зарығып тиетіндер.

Ал, қазіргі заманның Төлегені,

Жүрек емес бөксені сүйетіндер.

 

Есек пен айырмайсың құнан ізін,

Құдайдың шеберлігі-ай, разымын.

Тұлпар мен тұяғы ұқсас жаралғанмен,

Есектің есектігі – құлағы ұзын.

 

Мысықтың да кей кезде мысы басты,

Достықтың да бұл күнде құты қашты.

Баспайтын жерің бар ма балтырым-ай,

Қасқыр емес кәнденнің тісі батты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan