Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Егемендік декларациясы және қазақ қаламгерлері...

Егемендік декларациясы және қазақ қаламгерлері

22.10.2025

5085

Егемендік декларациясы және қазақ қаламгерлері - adebiportal.kz

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендік декларациясы қабылданғанына биыл 35 жыл толып отыр. 

Еліміздің болашақ тәуелсіздігінің негізі болған Егемендік декларацияның тарихи мәні ерекше. Біраз жылдар жүзінде көлеңкеде қалып, қазіргі күні қайтадан маңызға ие болған Егемендік декларациясын қабылдаған күн - Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялау жолындағы тарихи қадам ретінде қастерленеді.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымы туралы

Ресми атауы «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» аталатын құжатты Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаттары қабылдады.

Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымы құрамындағы 360 депутаттың мамандығы, кәсібі де әр түрлі болатын. Атап айтқанда автодүкен меңгерушісі, тепловоз машинисі, аға шопан, сауыншы, ғылыми мекеме қызметкері, кеңшар төрағасы, әскери қызметкер, мұғалім, дәрігер, дихан, прокурор, тігінші, т.б. аудандық, облыстық атқару және партия комитеті төрағалары, министрлер, т.б. болды.

Жоғарғы Кеңестегі осы ондаған түрлі мамандықтар, мен кәсіп иелерінің қатарында қолына қалам ұстаған шығармашылық иелері де болды. Отыз бес жылдық дата қарсаңында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын қабылдауға қатысқан қаламгерлердің есімін санамызда тағы бір рет жаңғыртуды жөн көрдік.

Осы ретте Мемлекеттік егемендік туралы құжатты қабылдап тарихта қалған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымы туралы аз-кем айтып өткен дұрыс болар. Қазақстан парламентаризмі тарихында 1990-1993 жылдары заңды әрекет жүзінде болған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымы депутаттарының жалпы саны – 360 мандат болған. Олардың ішінен тоқсан депутат бір мандаттық мажоритарлы сайлау округтерінен сайланған. Жоғарғы Кеңес ХІІ шақырылымның каденциясы 1990 жылы 24 сәуірінде басталып, 1993 жылдың 13 желтоқсанында аяқталған болатын.

Кәсіби мамандар – Жоғарғы Кеңестің локомотиві

Қазақ КССР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы 1990 жылы 15 қазанда өз жұмысын бастаған. Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Мағзұмұлы Асанбаев сессия күн тәртібіне Егемендік туралы декларацияның негізгі жобасын талқылау туралы егжей-тегжейлі баяндама жасайды. Бұл баяндаманың мәтіні 17 қазан күні республикалық бас газеттер «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады. Осылайша тәуелсіздік құжатын талқылау басталады.

Кеңес Одағы әлі өмір сүріп тұрған бір партиялы, жоспарлы экономика жүйесі әлі өзгермеген кезеңде қазіргідей тұрақты кәсіби парламент жоқ еді. Кез келген сала бойынша талқыланатын әрбір мәселеде сол саланың білікті маманының сөзі – бағыт-бағдар болуы сөзсіз. Талқыланатын мәселелерге тарихи тұрғыдан келген жағдайда академик Манаш Қозыбаев сияқты кәсіби тарихшылар Жоғарғы Кеңес мүшелері алдында деректеу, дәйектеулер жасап отырған. Ал мемлекеттік құрылымның заңнамалық мәселелеріне келгенде Жоғарғы Кеңестегі Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Рахмет Мұқашев сияқты заңгер депутаттарға сенім білдірілген. Бұл жөніндегі мәліметтер Декларацияны талқылау кезеңі, қабылдау сәті туралы куәгерлердің естеліктерінде кездеседі.

Академик Салық Зиманов «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарушы ретінде, депутаттардың мүмкін болатын сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Дауысқа салатын ақырғы күні заңгер Салық Зиманов Декларацияға қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұшырасқан түйткілді мәселелердің тігісін жатқызып тарқатумен сағаттар бойы мінберде тұрып сөйлеген екен. Жасы жетпіске келген майдангердің сағаттар бойы мінберде сағаттар бойы тікесінен тік тұруы, небір бүйректен сирақ шығарғыш терісазу, керазулардың дәйекті сөзбен әптігін басып райынан қайтару – айтуға ғана оңай болса керек-ті.

Жоғарғы кеңестің сол кездегі депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова бұл жөнінде былай деп еске алған екен: «Мен ол уақытта Жоғарғы кеңестің Жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы болғандықтан, Президиум мүшесі едім. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдауға байланысты болған барлық оқиғаның куәгерімін. 1990 жылдың 25 қазаны тарихта ерекше күн ретінде қалды. Құжат жобасын қорғап шыққан Салық Зиманов ағамыздың айрықша еңбегін атап өткен жөн. Ол 6 сағат бойы мінберде тұрып, әрбір қойылған сұраққа мүдірмей, тиянақты әрі дәлелді жауап беріп отырды. Біз ол кісіге осы еңбегі үшін тағзым етуіміз керек. Декларация жобасын дайындауда да, оны қорғауда да оның сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі ұшан-теңіз.»

Мемлекет құраушы байырғы ұлттың үлесі ел аумағында аз, демографиялық ахуал күрделі заманда кейбір депутаттар тобы бұл Декларацияда «қазақ, «ұлттық» деген атауларды көрсетудің өзінен ат тонын ала қашып, «азаматтық қоғам құру» туралы идеяларды да көтерген екен. Ұлттық мемлекет деген ұғым тұрғысында заңгер депутат Сұлтан Сартаев әлемдік тәжірибені негізге ала отырып мынадай түсініктеме келтіріп, күмәнданушыларға тойтарыс берген екен: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия – құқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы «қазақ» деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес!»

Дауыс беру: үміт пен күдік астасқан сындарлы сәт

Ұзақ талқылаудан кейінгі шешуші күн 25 қазанда Қазақ КССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға дауыс беру процесі жүрілген. Егемендік декларациясын қабылдау сәтіне залда журналист ретінде куә болған публицист жазушы Марат Байділдәұлы мынадай деректі ұсына отырып, дауыс берудің нәтижесі таблодан көрінгендегі жұрттың көңіл күйін былай деп жазған екен: «...Маңызды құжат 25 қазан күні сағат 18.55-те қабылданды. Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысты. 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспады. Мәскеуден сескенген болар. Қатысқан депутаттардың 261-і құжатты қолдады, 18 депутат қарсы болды, 2 депутат қалыс қалды.

... Менде Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы мәлімдеменің» дауысқа қойылған нұсқасы әлі бар. Онда әр баптың тұсына дауыс берудің нәтижелері көрсетілген. Соған қарап отырғанда, ондағы әр бапты қабылдаудың қаншалықты күшке түскені көз алдымызға келеді. Ең соңынан, мәлімдеме тұтастай дауысқа қойылғанда таблодағы жазуды көргендердің көпшілігінің көзі дымданып тұрды. Олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, «ендігі күніміз қандай болады» деген қобалжудың да, «бұл өзі не боп кетті» деп аңтарылудың да жасы бар еді.» Осылайша кворум жеткілікті болуы себепті, көпшілік дауыспен Декларация қабылданды деп шешім шығарылған. 

Депутаттар корпусы Қазақ КССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы заңды» қабылдағаннан кейін, оны бүкіл елге баспасөз арқылы жариялаудың алдында ғимараттың сыртында жиналып тұрған халықпен кездесіп сүйіншілеу дұрыс деп шешкен екен. Бұл турасында заңғар жазушы Әбіш Кекілбай былай деген екен: «Осы Егемендік декларациясын баспасөзде жарияламас бұрын депутаттық корпустың өзі халықтың алдына шығып, алғаш рет хабарлауды ұйғарды. Себебі, бұқара бұл құбылысты көп күткен болатын. Халық өзінің көптен аңсап жүргенінің заңдық сипат алғанын көргенше асықты. Сондықтан олар ресми ақпаратқа дейін-ақ осының нәтижесін білгісі келіп, Жоғарғы Кеңес үйінің алдына топталып, тосып тұрды. Дауыс беріліп, нәтижесі мәлім болғаннан кейін бір топ депутат сол Парламент үйінің іргесіне жиылған халықтың алдына келіп, Жоғарғы Кеңес шешімін жария етті. Сөйтіп, Қазақстан егемендігінің алғашқы қадамы жасалды. Соған қарамастан, бұл декларацияны тек қана декларация, ертең жүзеге аса қоймайтын утопия ретінде қабылдаған күштер де болды. Ондай пікірлер іштен де, сырттан да айтылып жатты. «Қазақстанның өз алдына ел болып кетуі мүмкін емес, Бұл үшін көптеген тарихи алғы шарттар керек. Ал Қазақстанда соның бәрі-бәрі жоқ. Ендеше, бұл тек қана сөз жүзінде қалып қоятын құбылыс» деп сәуегейсігендер аз болмады. Алайда біздің егемендігіміздің тарихи нәтижелілігі сол қабылданған күннен бастап-ақ көрінді деуімізге болады.»

Мемлекет және қоғам қайраткері, Декларацияны қабылдауға қатысқан әдебиеттанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған дөңгелек үстелде былай деген екен: «Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны 1990 жылы 25 қазан күні сағат 18:55-те қабылдады. Бұл құжатта ел аумағының біртұтастығы мен оған жат көзқарас, қарсы әрекет болмайтындығы бекітілді. Декларацияда аса маңызды мәселе – республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Ол – еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Құжатта еліміз «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Алғаш рет еліміздің табиғи ресурстарының, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің өз меншігінде болуының ерекше құқығын баян етті. Егер егемендік қағидаттарына қайшы келетін болса, ел аумағында КСРО заңдарын тоқтату құқығын белгіледі. Мемлекеттік егемендікті жариялау – еліміз үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш акт.»

Егемендік туралы декларация – 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» ҚР Заңына негіз болды. Себебі халықтың атынан отырған депутаттар қабылдаған Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атануы жолындағы күдік-күмәнді толықтай сейілтті, яғни барша қазақстандықтар психологиялық тосқауылдан аман-есен өтті. КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз ел атануға батыл қадам жасалып, осы жолда жүрілуі тиіс процестер жылдамдай түсті. 25 қазандағы Декларация осысымен қымбат.

Декларация қабылдауға қатысқан қаламгер депутаттар

Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымы депутаттары – еліміз тарихындағы аса маңызды құжаттарды қабылдаумен тарихта қалды. Соның бірі – 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы жобасын қабылдауы болатын. 

Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдауға қатысқан қаламгерлер қатарында ақын-жазушылар, журналистер Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбай, Қалдарбек Найманбай, Камал Смайылов, Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Алтыншаш Жағановалар болған. «Казахстанская правда» газетінің тілшісі А.Козлов, Оралда шығатын «Приуралье» газетінің тілшісі В.Водолазов, Ақтөбе облыстық «Путь к коммунизму» газетінің редакторы Е.Кулагиндер де ХІІ шақырылым депутаттары тізімінде тарихқа жазылды.

Ел өміріндегі ең елеулі құжаттарды қабылдауға қатысқан қаламгерлердің қатары бүгіндері сиреп те қалған екен. Осы ақын-жазушылардың жартысынан көбі қос палаталы Қазақстан Республикасының Парламентінде халық қалаулысы ретінде қызмет істеп, жас мемлекеттің аяққа тұрып нығаюына үлкен үлес қосты. Олар әдебиет пен саясатты елге қызмет деген мақсаттың аясында екі тізгін бір шылбыр етіп ғұмыр сүрді. ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Парламент Сенатының депутаты қызметтерін атқарған көрнекті қоғам қайраткері, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбай 1995 жылы 2 қарашада «Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында қаламгердің әдебиет пен саясатты қатар алып жүру миссиясы туралы былай деген екен: «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерді нақты өмірде шешуге тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?! Оның үстіне, қай кезде де қаламгерлік еңбекті қоғамдық қызметпен ұштастырып жүрген адаммын. Саясатқа келгеніме өкінбеймін. Тауқыметі көп. Күндіз күлкіңді, түнде ұйқыңды бұзатын тұстары да мол. Әлеуметтік өмірдің талай шиеленісті додаларының ортасында жүруге тура келді. Оның бәрі мені саясаткер ретінде ғана емес, суреткер ретінде де шынықтырады деп ойлаймын. Абай айтқан «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» деген өсиетті жүзеге асырудың қандай болатынының да қыр-сырына бір кісідей қанығып қалған сияқтымын.» Бұл қалып күйді бір ғана тұлғаның емес, тәуелсіз еліміздің заң шығару билігінде қызметке араласып күш-жігерін арнаған барша шығармашылық адамының ұстанымы десек болатын шығар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan