(дала аңызының желісімен)
Пролог орнына
Көргенде Ақсораңды көңіл шырқар,
Бауырында өзен жүйрік, жел де тұлпар,
рәу-рәу,
Ұшады ала жаздай шаңқ-шаңқ етіп,
Айналып Ақсораңды бір ақсұңқар,
рәу-рәу,
Ақсұңқар, арқаң шұбар, бауырың ала-ай,
Астында қанатыңның Қызыларай,
рәу-рәу,
Шатыры кең даланың өр Ақсораң,
Төсінде Сарыарқаның зәулім сарай,
рәу-рәу,
Ертағы, Кертағының басы майлы,
Мыңғырған бауырында малға жайлы,
рәу-рәу,
Арқаның тағысы мен түлігі тел,
жусаса, жердің түгі жасымайды,
рәу-рәу,
Ақсұңқар, алтын шеңгел, күміс тұмсық,
Тарихтың жібі оралған заман ұршық,
рәу-рәу,
еске алсам, кешегінің көркем көшін,
кетеді кермек жасым көзден ыршып,
рәу-рәу,
жалатқан алтын аптап, күміс күптеп,
қойғандай шеберлікпен Тәңірі түптеп,
рәу-рәу,
бұл дала – бағзыдан-ақ қоңыр кітап,
бола ма уақыт қайырып, адам бүктеп,
рәу-рәу,
қайда екен бұл тарихтың түп тамыры,
бірі – аңыз, тағы жұмбақ жұртқа бірі,
рәу-рәу,
қож қалқып, қола сапырып бір дәуірде,
кешіпті өз ғұмырын Мық қауымы,
рәу-рәу,
сол қауым – Сарыарқаны еткен мекен,
жайлаған Қызыларайды бөктерлете,
рәу-рәу,
аңыздан туған сол бір жұмбақ қауым,
айналып тағы аңызға кеткен бе екен,
рәу-рәу,
Ақсұңқар, бауыр ма сол, бөтен бе екен,
Жазғаным жөпелдеме бекер ме екен,
рәу-рәу,
биігін Ақсораңның бір айналып,
қарашы, сенің көзің жетер ме екен,
рәу-рәу,
жатыр ма Мық қауымы жайлап әлі,
Ақсұңқар, шолып өтші айналаны,
рәу-рәу,
далаға көз саламын ойға шомып,
дала да маған қарап ойланады,
рәу-рәу,
Ақсұңқар, көк еркесі, аспан ұлы,
Қалды ма сол қауымның таста сыры,
рәу-рәу,
жігітті ат суарған көрді ме екен,
Арқаның қайнар бұлақ, қасқа суы,
рәу-рәу,
топырағы бұл даланың қызыл қоңыр,
секілді ынтық-зарлы біздің көңіл,
рәу-рәу,
соққанда жер бауырлап жатаған жел,
селеудей тербеле ме қайран өмір,
рәу-рәу,
шыққандай қарсыз қыстан, жайсыз шақтан,
Беғазы, Сарыөлең де жылап аққан,
рәу-рәу,
жай ілбіп жетегінде жеруік ат,
көрдің бе мық баласын жылқы баққан,
рәу-рәу...
***
Жай басып жетегінде жеруік ат,
Келеді бала Бозақ өрден құлап,
Қағады қос қанатын ақсұңқар құс,
Ағады жер құшақтай өзен жылап.
Шаңқылдап сол ақсұңқар барады ұзап,
Қарайды көзін алмай бала да ұзақ,
Секілді құрым киіз кілегей бұлт,
Бола ма дауыл қанат құсқа тұзақ.
Қанатын қаға-қаға екіленіп,
Ақсұңқар көктей өтті ауа керіп,
Құрт түскен тау қарындай шұрық-шұрық,
сөгіліп қалды бұлттар сетінеуік.
Жарықтық, мал ұсағы тауға өрген,
Серкесі тасқа шауып кердең-кердең,
Үйіріп,
ұсақ малды сайға қуып,
Зорығып, бала Бозақ зорға келген.
Көктемде, шөп бояуы шығар қанық,
Құнығып,
жейді түлік құмарланып,
Шаншылып,
тас төбеге келіп алды,
Шыққан күн сарғыш тартып, қызғылттанып.
Жусатып жылқыны ойға, қойды сайға,
Шынтақтап жатты бала алаңқайда,
Күн қызғылт, мал да өршіл, су тартыншақ,
Батқандай бала Бозақ қалың ойға...
Анжырсыз,
ала қанат түскен қардың,
Ақырын әртүрлі айтқан болжап әркім,
Былтыр да секем алған қылығынан,
Шөп тістеп, кешке өрістен қайтқан малдың.
Ойлайды бала Бозақ соның бәрін,
Білердей дүние сырын, өмір заңын,
Тіліне табиғаттың әбден қанық,
Мінгелі өзі тартып аттың жалын...
***
Қызыларай аңғары кіл қараған,
Қызықпай өте алмайды-ау бір қараған,
Даланың бейқамдығы, момындығы,
Тұрғандай әуенінде тобылғының,
Ойпаңда ойнап өскен қалың арша,
Қандай-ды көктеменің әнін салса,
Сол әнге қосылғандай ғашық әні,
Шарықтап,
шалқып барып басылады,
Сыңсиды,
сыбырлайды,
сылқ-сылқ күліп,
Ет жүрек еміренген сырды ұқтырып,
Қайтадан көкке өрлейді дамылдамай,
Салады сол бір әнге ару Данай,
Салғанда сол бір әнге сұлу Данай,
Дүниенің өзгергені, құбылғаны-ай,
Ашқандай ақтарылып далаға ғасыр,
Қобыз тартып отырған қола ғасыр,
Дауысы қыз Данайдың тау жаңғыртып,
Іш жандырып, дүние, бас қаңғыртып,
Жүректі өбектейді, мәпелейді,
Қайдағы қиырларға жетелейді,
Сол әнге тербеледі Қызыларай,
Сол әнмен емделеді Қызыларай,
Қыз Данай салған әнді жел айтады,
Қосылып қалың мықтың елі айтады,
Кей кейде шаттық сазын молайтады,
Кей кейде құса-мұңды зорайтады...
Тыңдайды қыздың әнін жас оғлан,
Жылтылдап жас көрініп жанарынан,
Әлдебір сағыныш па, құса-мұң ба,
Жүректі шым еткізіп қысатындай,
Қыз әні – тау желі боп құшатындай,
Қыз әні – бозторғай боп ұшатындай:
Қыз Данай, әнің қандай, жаның қандай,
Таң алды тақсыр күнге табынғандай,
Дүние ақ шуаққа малынғандай,
Көңілім келер шақты сағынғандай,
Қыз Данай, саған ынтық жаным, тәнім,
Сен айтқан сөз дуасы, ән ырғағын,
Қайталап жүрем іштей, аңсағанда,
Таң алды тақсыр күнді қарсы аларда,
Ымыртта, тақсыр күнмен қоштасарда,
Жарық пенен түнек кеп астасарда,
Жауымды жайратқанда, сұлатқанда,
Қақыратып қорғандарды құлатқанда,
Жанымды жұлқи тартып бір ағынға,
Сенің әнің тұрады құлағымда, -
деді де, батыр Ағар үнсіз қалды,
осы бір үнсіздікте бір сыр бар-ды,
осы бір үнсіздікте бір мұң бардай,
дүние мұнартардай, бұлдырлардай,
екеудің арасында қамал бардай,
екеуі сол қамалға қамалғандай...
Батырым, сеніменен мас көңілім,
Жолыңа жаным пида, жас өмірім,
Құрбаның,
Құлығым да, қылығым да,
Кесілсін бір сен үшін бұрымым да,
Сен үшін қыштан құйдым сан құмыра,
Сый болсын ерлігіңе, паңдығыңа,
Оюлап құмыраға өрнек салдым,
Бәдіздеп, әр өрнекті сен деп салдым,
Табындым Жер-Анаға, сенерім деп,
Жорықтан есен келсін еренім деп...
...Қыз Данай осыны айтып, құшты Ағарды,
Көп сөзі айтылмаған іште қалды...
***
Жайлаған бұл даланы мық қауымы,
Бітіскен бұл даламен түп тамыры,
Тарқатсақ тоқсан тарау, тоғыз бауын,
Сары мық пен қара мық – егіз қауым,
Ежелден қоңсы жатыр, қонып қатар,
Жол қатар, шаруа ортақ, жорық қатар,
Тек қана бөлек еді діні мүлде –
Табынған бір жерге,
бірі күнге:
Сары мық – күн баласы,
күшті,
ақылман,
Қож қалқып,
жылқы бағып,
мыс сапырған,
Қара мық – жер перзенті,
момын,
епті,
Өнермен өзгерткендей төңіректі,
Бітісіп, табиғатпен жараса алған,
Саз илеп,
егін егіп,
қала салған.
Тату жұрт,
ынтымақты,
ізгі ел, мейлі,
Тек олар қыз алысып, қыз бермейді.
***
Қалаға бала Бозақ кеште оралды,
Иіріп,
жусатқан соң төске малды,
Сапырып сар қымызды бір-ақ жұтты,
Басына тік көтеріп тостағанды.
Ақкезең – мық елінің ақ ордасы,
Тоғысқан мәдениеттің сан арнасы,
Асқақ та алып қала тастан өрген,
Көрінер көш ілгері қамал басы.
Мыңжылдық мәдениеттен мөр басылған,
Өрілген өрнектеліп әр тасына,
Бірі – Күн,
бірі – Жерге тағзым қылар,
Қос ғибадат үйі тұр ортасында.
Бәсі де биік болар өсер елдің,
Кемелдік – көгермегі көсегенің,
Ғибадат үйлерінің қарсысынан,
Ордасы бой көтерген көсемдердің.
Жапсарлас көсемдермен жақын қонған,
Үйлері –
бақсылардың,
батырлардың,
Жол бойы балбал тастар бой түзеген,
Мүсіні әулиенің,
ақылманның.
Бір қала аумағында соның бәрі,
Саз илер,
мыс қорытар орындары,
Өлінің – басы биік дегені ме,
Басында төбелердің қорымдары.
Киесі Ана дала, Ата қырдың,
Тұмардай жүрегінде жатар ұлдың...
Іңірде бала Бозақ кіріп келді,
Үйіне алып Садақ баһадүрдің.
***
Кел, бала, төрлет – деді – алып Садақ,
Жүзіне ожырая анық қарап,
Төбеде жұлдыз туды – көрдің бе сен,
Төменде жұрт отырды – көрдің бе сен?
Ошақтан от алуға келдің бе сен,
Кермеден ат алуға келдің бе сен?
Төбеде жұлдыз туды – көрдім, көке,
Төменде жұрт отырды – көрдім, көке,
Өзіңді алқатарға келдім, көке,
Шерімді тарқатарға келдім, көке!
Үркерді қырға шыққан көрдім, көке,
Үрейді тым қашықтан көрдім, көке!
Сырымды көп алдында шертем, көке,
Көсемге алып кірші ертең, көке!
***
Дүние күнге шықты. Жер айналып,
Шынайы шапақ туды, арайланып,
Тасыды, тамыр керіп нұр қайнары,
Басында Ақсораңның жылт ойнады.
Абарыс көсем бастап сары мықтар,
Бойдағы түнектерден арылып бар,
Мінәжат етіп тұрды Күнге қарап,
Біткендей сөзге сәуле, тілге қанат:
Уа, жеңімпаз шуақ, жарылқа,
Сарқылмас қуат, жарылқа,
Өмірді шалқытқан от, жарылқа,
Темірді балқытқан от, жарылқа,
Тұлпарды жаратқан от, жарылқа,
Сұңқарды жаратқан от, жарылқа,
Жылуын таратқан от, жарылқа,
Күн көрдік, есен көрдік,
Сенен келдік, саған қайтамыз!
***
Сары мық – күн баласы, тәуап қылып,
Ғибадат ордасына келді кіріп.
Көсемнің Садақ отыр оң жағында,
Бажайлап қарап шығып бар қауымға:
Ақ көсем – күн перзенті,
есен көрдім,
Ішінде таңдаулысы көсемдердің,
Қанатты тұлпарлардың атыменен,
Ақ алтын сұңқарлардың атыменен,
Ант етем, сенің даңқың мәңгі болар,
Сенімен қарсы алады таңды да олар!
Ішінде қауымыңның бір бала бар,
Өзіңді күннен туған нұрға балар,
Сол бала – сөз айтсам деп сұранып тұр,
Сөзінде жан бар екен – бір анық бұл!
Сөйлесін, деді көсем, күн атымен,
Серт етсін мық жұртының мұратымен!
Серт етем, деді Бозақ, күн атымен,
Мәңгілік мық елінің мұратымен!
Ақ көсем – күн перзенті, есен көрдім,
Ішінде даңқы артқан көсемдердің,
Күн қызғылт,
мал да өршіл,
жел тартыншақ,
Серпіліп аға алмады салп-салпыншақ,
Үркер де суға шықпай, қырға шықты,
Бұл белгі нақ үшінші жылға асып тұр,
Ақ көсем – күн перзенті, жаман қалым,
Бұл сыры табиғаттың саған мәлім...
Абарыс сәл абыржып, сәл қабарып,
Ойымен қырға шығып, өрге барып,
Отырды ұзақ үнсіз.
Ой – зілмауыр,
Салмағын көтереді қай бір дәуір.
Мыңжылдық тарихында мық елінің,
Түбіне салмақ болған жүрегінің,
Сан майдан,
сан дүрбелең,
өткен бәрі,
Өткеннен биік жұрттың өктем жаны,
Жұт та өткен,
жұрт та көшкен,
жеңген бәрін,
Күн алқап кемел еткен көнген жанын,
Абарыс жеті атадан көсем еді,
(Аталар мұны қалай шешер еді?),
дегендей, көкке қарап, көп ойланды,
жабырқап жүзі, қайта арайланды,
қайтадан қабағына қайғы ілінді,
қайталап сүргендейсің қай ғұмырды,
таянып кеп қалғанын бір тықырдың,
жүзінен Абарыстың жұрт ұғынды...
Уа, қауым, деді кенет көсем елге,
Көз салып,
ой жүгіртсем кешегі елге,
Көрмеген біздің халық қайғы бар ма,
Түседі жан бұлғаққа, ой бұлаңға,
Кешірдік көп азапты, мұңды болдық,
Ел көрдік,
есен көрдік,
Күнді көрдік!
Ант етем жарылқаушы Күн атымен,
Мық елі мәңгі болар мұратымен!
Күдігің бала Бозақ – менің қайғым,
Қалайша абыржыман, аңырмаймын,
Келеді қуаңшылық ел көрмеген,
Келеді қуаңшылық жер көрмеген,
Уа, жұртым, енді қандай болғандаймыз,
Ұшырап Күн кәріне қалғандаймыз!
Таң алды тау түбіне бармақ керек,
Ұлы Күнге құрбандық шалмақ керек! –
деді де, кеңесерге, сөйлесерге,
кетті өзі Жердің ұлы – Сай көсемге...
***
Сай көсем – жердің ұлы – қара мықтың
Көсемі,
олар – жерден жаралыпты,
аңызы асқақ елдің солай ма екен,
түбі оның – Жер-Анадан тарайды екен,
Қасиетті Жер-Суға бас иеді,
бас идірген – бабалар өсиеті,
болмайды асқақ жұртта аласа арман,
Жер-Анаға ғибадатхана салған!
Сол көсем жұртын жиып, кеңес құрды:
Жер-Ана бізді туды,
Жер өсірді,
Анам – заң,
анам – бастау,
анам – аңыз,
Жерден тудық, біз Жерге ораламыз!
Қасиетті Жер-Сумен серт етемін,
Қасиетті Жер-Сумен серт етемін,
Серт етем елдің мөрі – тасқа-тұмар,
Арманы қара мықтың асқақ тұрар!
Қойнын ашып,
дәнін жеп,
мысын алып,
Жер-Ана қаһарына ұшырадық!
Асқынды қайғымыз да, дертіміз де,
Қуаңшылық белгісі келді бізге,
Бермек басқа, тағы да алмақ бөлек,
Жер-Анаға құрбандық шалмақ керек!
***
Шалынды қанша ақсарбас, қанша серке,
Дүние-ай, берсе – ұзын, алса – келте,
Содан соң қанша ай туды, ай қанша өлді,
Қанатын кең далаға жайған шөлді,
Үркітіп, ешкім дағы ұшыра алмай,
Сарғайды сайын дала, түсі қалмай,
Өлеңді ел айтақырға кетті айналып,
Қызыл жел ойнақ салды оттай қарып,
Тартылды өр өзендер, кең өзендер,
Кептірді шілде күні кенезеңді,
Керімсал жел ұя сап кепкен сазға,
Бір тамшы су тамбады көктем, жаз да.
Сар дала ішкі тартты демін енді,
Қара мық қалың сепкен егін өлді...
***
Дүрлікті ел,
мық қауымын жұт жайлады,
Қуаңшылық басқан соң құтты аймағын,
Жұрт маңды,
мал қырылды,
майса да өлді,
Қайғы алды қамықтырып қайсар елді,
Қамықса ел, қабылан ұлдар қажырланар,
Құрбандыққа баруға азыр болар,
Арыстан алып Палақ дала кезді,
Арыстан алып Садақ дала кезді,
Бірі сары,
бірі ұлы қара мықтың,
Қос қабылан – алып боп жаралыпты,
Екеуі ерен мықты тең жаралған,
Екеуі су таба алмай ен даладан,
Қайтадан Қызыларай бауырына кеп,
Қайтадан мұңлы мықтың қауымына кеп,
Жүзіне қарай алмай азапты елдің,
Отырған тұсы еді осы –
Бозақ келді:
Талай сыр бүгіп жатыр тау қатпары,
Шыңыраудан су көрдім тау жақтағы,
Жылтылдап, қызықтырып мөлт еткені,
Қара тас тастап едім – шолп еткені!
Су екен!
Су!
Су!
Су!
Су!
Қасиетті!
Даусы оның – кең даланы осып өтті,
Даусы оның кең далада жаңғырғандай,
Бозторғай Бозақ даусын ән қылғандай,
Боз жусан сол дауысқа тербелгендей,
Далаға жан кіргендей, ел кіргендей,
Даурығып мық қауымы тауға ағылды,
Қаңбақша қара тастар аударылды,
Қас қабылан құдық қазды қара тер боп,
(кім ойлар қара судың зары өтер деп),
Ақырып алып Садақ тас қопарды,
Ақырып алып Палақ тас қопарды,
Шілденің аптабы да ақырады!
Даланың кеберзіген топырағын,
Қопсытып,
бұрқыратып,
қобырсытып,
Су емес, қу даланың шаңын жұтып,
Қазғанын қанша құдық санамады,
Қанша күн өткеніне қарамады,
Түбінен көз ашылды әр құдықтың,
«Су, су!» деп шаттанады жаңғырып қыр,
Қазылып жатты осылай тұнып бәрі,
Қаз-қатар қола дәуір құдықтары!
***
Құдықтан тасып ішіп – ел қанғаны,
Танабы кепкен бірақ жер қанбады,
Қалың ел қысқа кірді, қыспаққа алды,
Егіннен – кебек, малдан – тышқақ қалды,
Өсірер жарды алқау, қарды қылау,
Қырбақ түгіл, қылпық жоқ, жарығым-ау,
Тағы да қара суық, қарсыз айлар,
Аштық,
дерт,
қабаржытқан нәрсіз айлар,
Көктемге көп қырылып, азы жетті,
Сол аздың әлсіз ғана назы жетті,
Қасқайтып қала салған қайран мықты,
Заманмен таласа алған қайран мықты,
Саз илеп, қамырша езген қайран мықты,
Жұрт билеп, дүние кезген қайран мықты,
Қож қалқып, мыс қайнатқан қайран мықты,
Егін сап, күн жайлатқан қайран мықты,
Жылқы ұстап, құдық қазған қайран мықты,
Төрт жылдық қуаңшылық ойран қыпты!
***
Бір шақта – күн менен түн теңелгенде,
Жаңарып бірі,
бірі көнергенде,
Қалғаны қалың мықтан – қатарласып,
Білген соң енді аштықтан өте алмасын,
Қара мық Сары мықпен тілек қосып,
Бірігіп мал мен жаны, білектесіп,
Ақсарбас атап келді Ақсораңға,
Қайыр жоқ патшадан да, басқадан да,
Аспанға қарап қауым жылай берді,
Көз жасын сол қауымның Күн, Ай көрді,
Көз жасын сол қауымның Жер де жұтты,
Көз жасы теңіздей боп тербеліпті,
Көз жасы айдындай боп шайқалыпты,
Сол жастан қара гүлдер жайқалыпты,
Құрлықтар теңселіпті, жер сілкініп,
Ғасырлар құрсағында шер бұлқынып,
Таулар да қозғалыпты тепсінердей,
Жанартау атқылапты – өксігендей,
Бар халық жердің бетін мекендеген,
Сол күні бір қылыш та көтермеген,
Жас келген көздеріне мұнарлаған,
Себебін бірақ ешкім біле алмаған,
Жылады мық қауымы көкке қарап,
Жас емес, жанарынан от домалап,
Жұлдыздар ағып жатты сол бір жастай,
Енді ешкім қайта оларды жандырмастай,
Қалалар құлазыды, дала жасып,
Қайғыны қара желдер ала қашып,
Ормандар көтере алмай, сынды ағаштар,
Теңселді сол қайғыдан мұңды ағаштар,
Қонды да ұшқан құстар, тұрды қатып,
Морт сынып кәрі мұздар, мұң жылатып,
Батқандай тәніне зар, жанына сыз,
Мұхитты кезіп жүрді мағынасыз,
Жылады мық қауымы үш күн, үш түн,
Көз жасы сел боп ақты күшті мықтың,
Желдер де тына қалған қалпы тұрды,
Аспанда алып шырақ – күн тұтылды,
Қосылып бар дүние азаланды,
Қосылып бар дүние назаланды,
Қыс қайғырып тұрса да, көктем жылап,
Бір тамшы су тамған жоқ көктен бірақ!...
***
Төртінші күн дегенде сауға сұрар,
Бір жарық от көрінді тау басынан,
Басынан Ақсораңның от көрінді,
Қуаты – балқытардай көк темірді,
Жарығы – қара түнді күн етердей,
Жылуы – жердің бетін түлетердей,
Сол жарық бірте-бірте жақындады,
Сол жарық бірте-бірте жақындады,
Сұлбасы көрінді, әне –
бір жан екен,
жүзінен нұр шашылып тұрған екен,
жан көзін көлегейлер бетін көрген,
ақ жүзі – жанған шырақ секілденген,
қасиет қонған әулие секілденген,
сақалы – тамған сәуле секілденген,
сол әулие таудан түсіп беттеді елге,
абдырап жердегілер әп дегенде,
біле алмай не қыларын, түрегелді,
жүрелеп, тізелерін бүге берді,
тыйды да көз жастарын мықтың елі,
әулиеге басын иді түп-түгелі,
жарқырап жақын келіп қалыпты әулие,
«тұрыңдар» деген сыңай танытты әулие,
Тұрғандай оны бәрі бірден танып,
Қолымен ишара қып, ыммен тағы,
«Келіңдер маған таяп» деп белгі етті,
Күн көзді, көркем дидар, от келбетті,
«Абызқа!» деп дауыстап қатарласып,
Қос көсем келді алдына қатар басып,
Жанарлар жанарлармен от алмасып,
Жүректер жүректермен от алмасып,
Құдай-ау, тұнық мейірім, мөлдір рахым,
Шуақтар жамырасып оның атын,
Желдер де шуылдасып оның атын,
Шөптер де дуылдасып оның атын,
Жатқандай қайта-қайта қайталаумен,
Кең әулие, кемел әулие, байтақ әулие,
Құдайдың шапағына тұрды шомып,
Жер беті келгендігін білді соның!
Асқан мейірім иесі, асқан рахым,
Мадақтап сан айтыңдар Құдай атын,
Көктегі жалғыз құдай, жаратушы,
Ғаламға өмір нұрын таратушы,
Сан жұлдыз, күн мен айды жаратушы,
Адамды, тіл мен ойды жаратушы,
Жер шарын, өсімдік пен жануарды,
Егінді, тас пен темір, тағыларды,
Мұхитты, тауды, ауаны жаратушы,
Сезімді, дерт, дауаны жаратушы,
Өмір менен өлімнің иесі өзі,
Үміт пенен сенімнің иесі өзі,
Асқан мейірім иесі, асқан рахым,
Мадақтап сан айтыңдар Құдай атын!
Абызқа, расында да, атым, ұлым,
Құдайдың жерге түскен рахымымын!
Жүзімде, жүрегімде рахман нұры,
Өседі рахман нұрмен өмір гүлі!
Көп қайғы бір жан шеккен жетті көкке,
Көз жасы бір жан төккен жетті көкке!
Неліктен келгенімді жерге, тегі,
Қырық күн, қырық түнде белгі етемін!
***
Абызқа түскеннен соң өрден төмен,
Болғандай жусан алаң, ермен елең,
Жыпырлап тас пенен құм жол ашқандай,
Мезірет көрсетуге таласқандай,
Ізінен гүлдер өсіп жатты, тоба,
Ізінен бұлақ ағып жатты, тоба!
Жайғасты жазық жерге әулие келіп,
Айнала тұрды сонда сәулеленіп...
Тозған жер, қажып біткен адамдарға,
Құжыраға,
молашық,
қамалдарға,
Құмырсқаға қалжырап, қыбырлаған,
Құртқа да жандәрмен деп жыбырлаған,
Ағашқа тамыры кепкен, шөпке семген,
Шыбыққа, секілді бір от көселген,
Өзенге қаталаған, қаны кеуіп,
Қарады, қарады әулие еміреніп,
Қарады қамқорлықпен, махаббатпен,
(Махаббат, о, сен неткен шапағатты ең!),
Серт етіп сол дүниенің хақтығына,
Қос қолын көкке жайып етті дұға!
О, кенет,
Кенет аспан гүр-гүр етіп,
Қара жер тітіреніп, бір дір етіп,
Бір сәтте күн күркіреп, жай ойнады,
Секілді ұлы ұйқыдан оянғаны,
Секілді бір сапардан оралғаны,
Секілді табылғандай жоғалғаны,
Қалбақтап қауырсын бұлт қалқып келді,
Шұбалып шарбы бұлттар шалқып келді,
Желмая шудасындай желең бұлттар,
Көкірегі сыздаған шемен бұлттар,
Түйіліп тұнжыраған төкпе бұлттар,
Ыңырана қозғалған шөкпе бұлттар,
Саума бұлт,
өркеш бұлттар,
сеңсең бұлттар,
Секілді көшкен керуен өңшең бұлттар,
Жылауық бұлт көз жасын сыға келді,
Шағырмақ бұлт бір тұстан шыға келді,
Емешегі езілген ене бұлттар,
Хан бұлттар,
қара бұлттар,
төре бұлттар,
Басыннан Ақсораңның айналады,
Басына Ақсораңның байланады,
Би билеп бір әуенге жүрген сынды,
Бірі жылап, ал бірі күлген сынды,
Қалың бұлт бір-біріне қосылады,
Өрген киік секілді жосылады,
Жылқылардай шұрқырап,
шырқ айналып,
Қызарып,
қошқылданып,
сұрқайланып,
Қабарып,
қатуланып,
түнереді,
Соқтығып, бірі қалып, бірі өледі,
Шатырлап жайдың оты шаптығады,
Ұмсынған ғашық жандай аптығады,
Бір шақта,
шатыр-шұтыр,
сатыр-сұтыр,
Еткендей жүректі тәрк, ақылды тұл,
Гүрілдеп, жердің бетін көшірердей,
Көк аспанның түбі де тесілердей,
Алапат дауыс шығып көкке тарап,
Бір сәтте тына қалды, о, ғаламат!
Аспанға мық қауымы тұрды қарап,
Бір күліп,
бір қуарып,
бір жылап ап,
Секілді елді дұшпан құрсағаны,
Аспанды зілмауыр бұлт тұмшалады!
Болғанда бір мезгілдер... мезет қана,
Жеңімпаз,
еркін,
бұлғаң,
азат,
дара,
Бір тамшы құлап келед(і) көктен жерге,
Тамбаған тамшы жаз бен көктемдерде,
Ысылдап,
Суылдайды дыбысы оның,
Ысқырып, шуылдайды дыбысы оның,
Ұқсап қап ақ жұлдызға зулап аққан,
Ұқсап қап өзендерге тулап аққан,
Зымырап келді дағы тырс еткені...
Жо!
Жо!
Жоқ!
Дүркірей кеп дүрс еткені,
Дүрс етіп, түркен дүмпу тудырғаны,
Арқаны аласапыран шу қылғаны!
Содан соң себездеді,
Сіркіреді,
Күн қайта күркіреді,
күркіреді,
Найзағай көк аспанды өтті керіп,
Бір сәтте селебелеп төкті келіп,
Көк нөсер,
Нөсер,
Нөсер,
Нөпір жаңбыр,
Жайқашы,
Жарып өтші,
Жапыр жаңбыр,
Солқылдап жылады әлем, жылады жұрт,
Солықтап,
Жау,
Жау,
Жау – деп сұрады жұрт,
Жер Ана буырқанып,
бұрсанғандай,
толғатып,
тебіреніп,
бусанғандай,
таулар өсіп кеткендей асқақтады,
таулар есі кеткендей асқақтады,
Өзендер атқақтайды, бұлқынады,
ұмтылып,
атылады,
жұлқынады,
құрсаудан босап шыққан аңдай кекті,
даланы өзен біткен шарлап кетті,
тамырға қан жүгірді одырайып,
тастар да бас көтерді шодырайып,
шаттанды шөп атаулы алақайлап,
ұқсап қап атқа мінген балақайға,
кірді де бір-ақ сәтте берекесі,
басталды жайсаң көктем мерекесі!
***
Абызқа отырған тұс – төрге айналды,
Қаумалап қарағайлар қорғай қалды,
Әулие отырған соң ел жайланды,
Сол тұсқа барлық қара жол байланды,
Таппаспын бұл ғажапқа балама енді:
Сол төр тартып тұрғандай бар әлемді,
Куә етіп мық қауымын кереметке,
қызыл,
сары,
ақ қанат көбелектер,
Жан-жақтан ұшып келіп қонып жатты,
Нұрына сол даланың шомып жатты,
Еркін жел ізгіліктің елшісіндей,
Тарату сол хабарды – еншісіндей,
Ұзақ бір сапарларға аттанады,
Дүниені шарлап кезіп,
Шаттанады,
Ақжолтай бір хабарды жеткізбекке,
Маңдайын рахман нұрға өпкізбекке,
Алқынып,
алып ұшып,
алақұйын,
қамыққан әрбір жанның табады үйін,
орманның тұрғындарын аралайды,
таулардың тұрғындарын жағалайды,
теңізді мекен еткен халыққа да,
аңдарға,
құстарға да,
балыққа да,
жеткізіп бір хабарды аласұрар,
жанды менен жансыздардың арасынан,
тауып ап жабыққанды,
жылағанды,
жанына жалғыз медет сұрағанды,
жасыған, еңселері басылғанды,
адасқан, абыржыған, ашынғанды,
бір өзі іздеп тауып, жұбатады:
«сәл шыда, бақыт гүлі бүр атады!»..
Жел қайта Ақсораңға оралғанда,
Асыққан ең бір ұлы замандарға,
Асыққан ең бір ұлы уақыттарға,
Үмітке,
армандарға,
бақыттарға,
Ізінен бір көш еді ілескендер,
Сәт үшін сансыз жылдар күрескендер,
Әулиеге қол беруге асыққандар,
Дидарын бір көруге асыққандар,
Адамдар,
Жауынгерлер,
Көсемдер де,
Ағылған сансыз қауым «есен» деуге,
Уа, әулие, себепкер бол тілекке деп,
Уа, әулие, медеткер бол жүрекке деп!
Жүрек жоқ рахман нұры тербетпеген,
Әр дәуірде әртүрлі келбетпенен,
Әр дәуірде әртүрлі есімменен,
Әр халыққа әртүрлі шешімменен,
Келеді, келеді әулие бір мезетке,
Қанша халық, қанша уақыт тұр кезекте,
Келеді, кімге мәлім оның сыры,
Түседі жер бетіне рахман нұры!
Таппаспын бұл ғажапқа балама енді:
Сол бір төр тартатындай бар әлемді,
Құстар келе бастады тобыменен,
Мыңжылдықта адаспас жолыменен,
Арқарлар,
Арыстандар,
Бұландар да,
Тасбақа,
Кесірткелер,
Жыландар да,
Гүлдер келе бастады легіменен,
Ішке тарта қалғандай демін әлем,
Гүрсілдеп, қара жерді солқылдатып,
Теңіздей бұл даланы толқындатып,
Кеуделеп,
екпінменен
ерек,
қатты,
Алып тастар домалап келе жатты!
Құйындап,
үйіріліп,
құм жиылған,
Қалыс қалмау үшін де бұл жиыннан.
Абызқа сонда орнынан көтерілді,
Жүзінен,
Ізінен де от өрілді,
Сыйынып бір құдайға көкке қарап,
Шықты да бір алаңқай шетке қарай,
Қолымен ишарат қып нұсқағанда,
Нұсқаған қолыменен тұсқа,
маңға,
Тастар мен құмдар барып жиналады,
(дүниедей лайық болған сыйға мәңгі),
Жиылып,
үйіледі,
текшеленіп,
қатталып,
қабаттасып,
екшеленіп,
бір кезде биік тауға айналады,
басына шарбы бұлттар байланады,
бауырына гүлдер,
құстар,
аңдар еніп,
болады жаңа тұрған тауға көрік,
(сол тауды мыңдаған жыл өтсе дағы,
тартылып өзен,
таулар шөксе дағы,
Келгенде Қызыларай маңына әлі,
Әулиетау деп атайды халық оны!)...
***
Үңгір бар Әулиетауда жұмбақ сырлы,
Абызқа сол үңгірді мекен қылды,
Бір күні,
Күн бесінге көшерінде,
Шақырды мықтың екі көсемін де,
Қос көсем сол үңгірге келді кіріп,
Хал-жайды,
Болғаннан соң елді біліп,
Абызқа сөйлеп кетті сәл қабарып:
Көрмес,
Білмес,
Түсе алмас бар ма жарық?
Жарық барлық жүректің түптерінде,
Біледі нені тығып,
Бүккенін де,
Біледі ненің тозып, азбасын да,
Көкке жеткен бір жанның көз жасында,
Бір қауымның күнәсі жасырылған,
Сол көз жасы – торығу,
Ашынудан,
Удан күшті!
Уытты,
Уанбастай,
Сол жасты ешбір теңіз жуа алмастай!
Қызыларай аңғары қарағайлы,
Қарағайды бөрілер паналайды,
Бір бала жүр бөрілер арасында,
жүректе ыза,
кегі бар санасында,
сол баланың көз жасы жерден ауыр,
сол баланың көз жасы көлден ауыр,
аспанға да сондағы ауыр уайым,
айтыңдаршы өздерің соның жайын!..
Қос көсем тамақ кенеп,
жөткірініп,
бетке ұят,
ауызға от тығылып,
шығар деп ұяттан зар, ардан қайғы,
баяндап берді әулиеге болған жайды:
мықтар тұтас болғанмен, екі рулы,
аспан ортақ, жер де ортақ оты нулы,
бөлінісе қоймаймыз өмірде көп,
тек қана наным басқа,
сенім бөлек,
сары мық – күн баласы,
күннен келген,
қара мық – жер баласы,
жерден өнген,
хақымыз,
дәрежеміз тең дегенмен,
атымыз,
тағдырымыз тел дегенмен,
бар біздің арамызда аз алалық –
сарыдан қара алса – жазаладық,
қарадан сары алса – жазаладық,
серт еттік қыз алмасқа, қыз бермеске,
қан бұзылып,
ел азып,
түзде өлмеске,
ант еттік,
ант бұзғанға таңба салып,
аластап,
елден қуып,
қам жасадық,
тыйылар,
жаңа ұрпақ тыйылса –
ардан,
некеден туған бала тыйым салған –
сол қызды – бөрі басты бауырына,
сыймаған өзі туған қауымына!
Бас тарттық нанымдардан бастаудағы,
Бас идік бір құдайға аспандағы,
Өкіндік,
Іздеп бардық,
Текке...
Бөтен –
Бөріменен бөрі боп кеткен екен!..
Біздерге жоламайды, шошына ма,
Сол қыздың заты – мықтан,
Есімі – Арға!
***
Абызқа Ақсораңнан түскен күннен,
Дүние рахман нұрын ішкен күннен,
Қырық күн өткен шақта –
Қыр басына,
Жиналды мық қауымы сырды ашуға,
Абызқа дөңеске бір шығып биік,
Қауымды рахман нұрға ұйыттырып,
Дұға етті,
Тілегендей кешірімді
(Я, Құдай, ұлықтаймын есіміңді!).
Мың жыл ғұмыр кешірген мық баласы,
Қауымсың, таудан түскен түп бабасы,
Бір қауымның бабасы – теңіздерден,
Кетті олар баба салған сол іздермен,
Бір қауымның бабасы – мұзды жерден,
Олар да жол еткен-ді ізді көрген,
Бір қауымның бабасы – жапан түзден,
Олар дағы аттанды аталы ізбен,
Бұл ғалам қозғалыстан жаратылған,
Қартаяды,
Сәбидей жаңа туған,
Түлейді,
жаңарады тағы қайта,
жаңа өмір,
жас өмірдің әнін айта!
Бір қауым бір қауыммен алмасады,
Бір құрлық бір құрлықпен алмасады,
Бір дәуір бір дәуірмен арбасады,
Тіршілік қайта солай жалғасады,
Таулар дала болады шөгіп,
көшіп,
дала тауға айналар өніп,
өсіп,
теңіз шөлге айналар сарқылғанда,
шөлдер теңіз болады нәр тұнғанда,
күн де мәңгі тұрмайды, ай да мәңгі,
тұрса,
сансыз жұлдыздар қайда қалды?
Сендер қауым болғанша жер басқа еді,
Құрлықтардың ауысып,
Сан көшкенін,
Сол дәуірді кешірген қауым көрді,
Аунап-қунап тұрғанын ауыр жердің,
Сендер қауым болғанша жер бетінде,
Бауырында сәбидей тербетілген,
Алып-алып мақұлықтар ғұмыр кешті,
арпалысты,
күресті,
дүбірлесті,
олар тірі болғанда зілдер небір,
сүре алмайтын едіңдер сендер де өмір!
Алып еді ағаштар,
жұрттар дағы,
қыбырлаған құмырсқа,
құрттар дағы,
жойылды олар,
бұл жердің – байырғы әні,
жердің беті сендерге дайындалды.
Бір қауым кешті ғұмыр үңгірлерде,
Орнын берді олар да тіл білгенге,
Дүниеде билік құрып заманында,
Олар да орнын берді саналыға,
Жер бетін мекен етті білекті де,
Жер бетін мекен етті жүректі де,
Көп қауым жойып тынды бірін бірі,
Сонда да мысал етпей бұрынғыны,
Одан кейін келгендер майдан құрды,
Тағы да бірін-бірі ойран қылды,
Баласы адамзаттың нәресте әлі,
Дайын емес ғаламдық кеңеске әлі,
Бір мұратпен келеді әрбір қауым,
Сол мұратқа лайықты әрбір дәуір,
Уақыт бар шектеулі барлығында,
Талабы оның жазылған тағдырына,
Қайғысы да,
көз жасы,
зар-мұңы да,
Қуанышы,
жеңісі,
жарлығы да,
Соның бәрі мұратқа апарады,
Жете алмаса мұратқа аталары,
Ұрпағына сол міндет артылады,
Тартынады, ұрпақтар, талпынады,
Атасының өтейді қарыздарын,
Армандарын,
Ойларын,
Ар-ұжданын,
Сол мұраттың жолына сарп қылар,
Қарыз ілген мойнына халық бұлар!
Ол халықтың болмайды өз мұраты,
Тоздыратын сол оны, аздыратын,
Өтеп ата қарызын,
Бел асады –
Ары қарай жол таппай адасады.
Әрбір қауым міндетін атқара алса,
Өзгелердің мұратын таптағанша,
Өзгелердің мұратын жоқтағанша,
Өз бойына өзгені сақтағанша!
Бір қауым дайын тұрған жеміс терді,
Ал бір қауым баптады егістерді,
Бір қауым тастан құрал жасап көрді,
Бір қауым аңды қырды, қасап болды,
Бір қауым мұнаралар салды биік,
Бір қауым қыштан үйлер алды құйып,
Бір қауым қайық салды теңіздерге,
Бір қауым дәрі тапты ем іздерге,
Мұның бәрі – солардың мұраты еді,
Бірі аласа, ал бірі құлаты еді,
Міндетін бірі атқарды, бірі атқармай,
Бәрі де қайтты көкке,
тұрақталмай.
Мұраты әр қауымның – бір ғұмыры –
Адамзаттың бір ортақ құндылығы,
Бәрі-бәрі адамның өмірі үшін –
Жаны нұрлы жаңа ұрпақ келуі үшін!
Мың жыл ғұмыр кешірген мық баласы,
Қауымсың, таудан түскен түп бабасы,
Бабаңның ат үйрету міндеті еді,
олар оны ұғынды,
білді,
өтеді,
Жасауы міндеті еді доңғалақты,
Ғұмырын бірақ оған арнамапты,
Сол міндет – сендерде еді,
Білмедіңдер,
Жолымен өркениеттің жүрмедіңдер,
Жасау керек болсаңдар түбі нені –
Жаңа ұрпақтың мойнына ілінеді!
Қоя тұрып сонда олар өз арманын,
Мұрат көрер – қарыздың тазарғанын.
Ал сендерге артылған мұрат басқа,
Шығуы үшін адамзат бір-ақ тастан,
Қола құю! – сол сертті сақтадыңдар,
Мойындағы міндетті ақтадыңдар!
Мың жыл ғұмыр кешірген мық баласы,
Қауымсың, таудан түскен түп бабасы,
Сендерге уақыт жетті!
Өтедіңдер,
Ал, енді ұлы көшті көтеріңдер,
Аяқталды ғұмыр жер бетіндегі,
Қозданған қола дәуір өтіндегі,
Осы уақыт жазылған тағдырыңда,
Жаңа ұрпақ келу керек енді мұнда!
Сендерге жіберілген қуаңшылық,
Ояну үшін жүрек шын аршылып,
Аршылып дүниенің түнегінен,
Қалауынан,
Аңсары,
Тілегінен,
Азат болып,
Асқақтап тұруы үшін –
Шын мұратын қауымның білу үшін,
Жан тазарып,
рух бостан,
анық сырың,
болғаннан соң көрдіңдер рахман нұрын!
Жер бетінде бір ғана күнің қалды,
Басталған бола алмайды ғұмыр мәңгі,
Қауымсың, таудан түскен түп бабасы,
Қайта тауға шығыңдар, мық баласы!
***
Саналы сөз айтар деп сарылып бар –
Абарысқа қарады сары мықтар,
Қисынды сөз айтар деп қамығып бар –
Сай көсемге қарады қара мықтар,
Бір-біріне қарады екі көсем,
Не қаласаң,
Не ойлап,
Не тілесің,
Бола қалар тұс емес – қалау көктен,
Екеуіне жүк түсті бар әулеттен,
Оларға ауыр емес қию бәрін,
Жоқ қызық,
Боқ дүние,
Жиылғанын,
Қалалар – ертең мола боп қалатын,
Мал,
астық – бір-ақ жұтта жоқ болатын,
Аз күнгі арзан құрмет,
Даңқ пен дақпырт,
Қыш көзе,
алтын бұйым,
қомыт,
шоқпыт,
жауланған қауымдардың салығы да,
тас үйлер,
емдік шөптің тамыры да,
жебенің қола ұшы да,
қылышы да,
қымыз құйған үйеңкі ыдысы да,
шығыршық,
салпыншақтар,
сеңсең бөрік,
атасы әкетпей ме, алса өңгеріп,
қасқыр тісі,
жолбарыс терісі де,
теңізден асып алған дәрісі де,
әм
мүйіз әшекейлер,
қайыс белбеу...
о, енді атқа мінбеу,
сайыс көрмеу,
майданға жан аямас қайта бармау,
ұлына
сол жорықты айта да алмау,
жар сүймеу,
жастығы қаз жүнінен,
басқа не,
Не қайыр бар аз күнінен?!
Бір-біріне қарайды екі көсем,
Кімнен кегі қайтпады,
Кетіп есе,
Қия алмайтын түк те жоқ!
Тек туған атырабы,
Туған жердің ып-ыстық топырағы!
Екі көсем етпеттеп құлай берді,
Ел қосылып,
еңкілдеп жылай берді,
қасиетті топырақ!
Қастерлім-ай,
Сұлу болушы ма еді кештер бұлай,
Сұлу болушы ма еді аспан мұндай,
Жұмсақ болушы ма еді тастар мұндай,
Тұнық болушы ма еді суың бұлай,
Талай келіп жұттым да,
Жуындым-ай,
Сонда сені білсемші қиярымды,
Есімді де,
Еркімді жиярымды!
Екі көсем жылаған жасын тыйды,
Есіл қауым өксіген есін жиды,
Тауды – тақыт десемші,
Тасты – жақұт,
Бізден қымбат екен-ау алтын уақыт,
Жерді – тәнім десемші,
Көлді – көзім,
Қайта көре алмастай келді кезім,
Көкті – тәжім десемші,
Желді – сөзім,
Қайта сөйлей алмастай келді кезім,
Елді – пірім десемші,
Ерді – бауыр,
Қайта көрер туар ма енді дәуір,
Жарды – күнім десемші,
Ұлды – құлын,
Қанша айтсам да кеш пе екен енді бүгін?!.
Екі көсем бұрылып елге қарап,
Күн домалақ,
Ай дағы,
Жер домалақ, -
деді де,
тағы айтқаны – ол да ғайып,
таң атсын,
енді жолға қамданайық!
***
Дүние күнге шықты, жер айналып,
Шынайы шапақ туды,
арайланып,
бүгінгі күн ерекше жарық сынды,
бүгінгі тау ерекше алып сынды,
бүгінгі ауа өзгеше тұнық сынды,
бүгінгі жел өзгеше тымық сынды,
бүгінгі өмір басқаша көрінеді,
бүгінгі нұр басқаша төгіледі,
қос қауым қатарласып тауға келді,
заманы аударылды,
аунады енді,
соңғы күн – жер бетінде тұратұғын,
соңғы күн – тау басына шығатұғын,
енді жерді басарға хақысы жоқ,
алар, берер ешкімде ақысы жоқ,
қос қауым қатарласып келді тауға,
мұрсат жоқ
шер төгуге,
зар жылауға!
Абызқа алдарынан шықты жұрттың,
Мұраты ғапыл болған мықты жұрттың,
Дұға етті көкке қарап, қолын жайып,
Болар деп тәнің – сүлде,
жаның – ғайып,
сол сәтте,
қара мықтың Сай көсемі,
бір терең мұңға батып,
ой кешеді,
бір терең мұңға батып,
ой кешеді,
сол жайлы Абызқамен сөйлеседі:
Құдайдың жерге түскен рахман нұры,
Бізге ғайып әуелден тағдыр сыры,
Қимайтын ештеңе жоқ артымызда,
Айтылған сөзге бейіл халқымыз да,
Кесілген үкімді де қабыл еттік,
Бәріне тоқтам еттік, сабыр еттік,
Тек қана алдымызда – парыз бар-ды,
Жаңа ұрпақтың мойнында қарыз қалды,
Біз де көкке тыныштық таба алмаспыз,
Жүректе рахман нұрын жаға алмаспыз,
Сол бізді азаптайды ертең көкте,
Одан ауыр не азап?
Өртелмек пе?
Ұрпақ түгіл, ұлыңды жылатып көр,
Біз міндетті өтейік, уақыт бер,
Сен келгенде қырық күн аял қылдың,
Сырыңды қырық күнде баян қылдың,
Туған жан қырық күнде ширамай ма,
Өлген жан қырық күнде шірімей ме,
Қырық күн қара мыққа ұлықсат бер,
Қырық түн қара мыққа ұлықсат бер,
Дәл қырық күн өткенше сақсынамыз,
Содан соң –
Аманатты тапсырамыз!
Жердің бетін хақы жоқ енді басар,
Хақы жоқ жан ұғысар, жөн сұрасар –
деді әулие,
Қандай амал, қандай жол бар,
Ұрпақ пенен ұрпақты адал жалғар –
деді Сай,
Бабаңның,
балаңның да есесін бер,
Қырық күн жер астында кешесіңдер,
Қырық күн өтелген соң,
өлмек – анық,
Бәрің де аспан жаққа көшесіңдер!
Тек қана қара мыққа ұлықсат бар,
Қалғаны жойылады,
мұны сақта!
Абызқа осыны айтып, сөз түгесті,
Артынан қалың мықтар – көш те ілесті,
Қызыларай шыңына көтерілді,
Жүзінен,
Ізінен де от өрілді,
Ақсораң биігіне асқан шақта,
Алдынан аспан жолын ашқан шақта,
Абарыс артқы жұртқа бір қарады,
Қара мық – көзін бұлап тұр қаралы,
Бөлініп көштен бір жан төмен кетті,
Кеткен жан сары мықты елеңдетті,
Кеткен жан – батыр Ағар, аңғал Ағар,
Сор болып аңғалдығы жолда қалар,
Аңғалдық емес,
оны ғашықтығы,
Күн көзді Данай қызға асықтығы,
Төменге алып кетті, алып кетті,
Ғашық Ағар,
дертті Ағар қалып кетті!
Абызқа жолды ашты жайып қолды,
Сол сәтте сары мықтар ғайып болды!...
***
Абызқа жолды ашқанша – сертпен күшті,
Асыққан батыр Ағар жерге түсті,
Алдынан ару Данай шықты ұмтылып,
Жылтылдап жанарында шық тұр тұнып,
Дірілдеп ерінінде сыр тұр тұнып,
Қалтырап жүрегінде мұң тұр тұнып,
Астында жүрегінің соғып жүрек,
Жаңа өмір жатыр сонда тағы түлеп!
Жеткенше қыз Данайға үш аттам-ды,
Дүние-ай, үш аттаса құшақтар-ды,
Соны аттай алмасы кәміл болды,
Дұғасы Абызқаның қабыл болды!
Бір сәуле жылт еткенде көктеп көкті,
Дертті Ағар тұрған жерде жоқ боп кетті!
***
Қара мық оны көрген естен танды,
Үстіне жауып қыздың қос қалқанды,
Дүрлігіп,
Сабылысып,
Абдырасып,
Арты құлап, дүние, алды қашып,
Ақылды,
Есті,
Бәрін ұмытқандай,
Палақ пен Садақ қазған құдықтарға,
Секіріп түсіп жатты,
серті қатты –
Жанына көшкен жұрттың дерті батты,
Тығылып құдықтарға,
бас сауғалап,
көз жауып құм бұрқырап,
тастар да аунап,
жанардан тарам-тарам жас та саулап,
қара мық қашып жатты таудан аулақ.
Баһадүр алып Палақ білек тұрып,
Жақпар-жақпар тауларға барды кіріп,
Көтеріп алып келді қақпақ тасты,
Көтеріп алып келді шақпақ тасты,
Қой тасты домалатып алып келді,
Тай тасты домалатып алып келді,
Құшақтап қарағайды қапсырады,
Қарағай морт кетеді,
шорт сынады,
Еменді көтереді қабығымен,
Жұлады үйеңкіні тамырымен,
Түбімен тік көтеріп теректерін,
Жаудырып,
Жалбыратып желектерін,
Арқалап,
Дедектетіп,
Сүйреп тартып,
Қаңбақтай қара тасты билеп тартып,
Жеткізді қара мықтар құдығына,
Қара мық қарап шошыр қылығына,
Саусағы бырт-бырт сынды –
қыңқ демеді,
жаңқалар сырт-сырт кірді –
мыңқ демеді,
арқасы жауырланды –
аһ демеді,
жүгі де ауырланды –
бақ демеді,
мойыны үзілердей -
үндемеді,
ешкім де ізіне ермей -
кім демеді,
қайысты қабырғасы –
қынбады да,
майысты омыртқасы –
тынбады да,
көздері адырайды –
жұмбады да,
шекесі шодырайды –
сынбады да,
балтырын тас тіледі –
байламады,
құдықтан басқа ештеңе
ойламады,
көтеріп қара тасты,
ала тасты,
лақ көтерген секілді
ала қашты,
қаны менен тері де араласты,
жасы менен шері де араласты,
қара түн басқанынша құдық қазды,
қара мық сыятындай қылып қазды,
дүңкілдеп ары-бері жүріп қазды,
жатып қазды,
отырып,
тұрып қазды,
қабағын бір түйместен күліп қазды,
сай-сүйегі сырқырап,
сынып қазды,
құдыққа қара мықтар кіріп жатты,
қырық күн қылуетім деп біліп жатты,
құдықты құдық емес ор қып қазды,
орларды бір-бірінен зор қып қазды,
құдықты молашық қып қазды Палақ,
бір шетін тағы ашық қып қазды Палақ,
құтырды бурадай боп,
қозды Палақ,
езгенде қамырдай қып сазды Палақ,
бөренелер тіреді баған қалып,
жапырағын астына сабан қылып,
жақпар-жақпар таулардың жалпақ тасын,
шатқал-шатқал таулардың шақпақ тасын,
қожыр-қожыр таулардың қақпақ тасын,
Ақсораңның басынан аппақ тасын,
Алып келіп, барлығын жапты Палақ,
Жалғыз өзі даланы күзетердей,
Айға қарап далада жатты Палақ!
Түніменен көз ілмей шықты Палақ,
Түніменен күзетті мықты Палақ,
Көкке қарап жұлдыздар арасынан,
Қызылынан,
Сарысы,
Қарасынан,
Ай бетінен,
Шолпанның қызылынан,
Құс жолының шұбалған сызығынан,
Көшкен жұрттың елесін іздегендей,
Әлі болса үмітін үзбегендей,
Көз ілмеді,
Кең Палақ,
Күшті Палақ,
Таң қызылы реңк берген бір мезетте,
Қауырсынға айналып,
ұшты Палақ!
***
Қырық күн құдықтарда жатты мықтар,
Қырық түн құдықтарда жатты мықтар,
Білмейді қаншама таң атқандығын,
Білмейді қаншама су аққандығын,
Білмейді қанша желдің соққандығын,
Дүниеде не болып жатқандығын!
Біледі – қарызды өтеу керектігін,
Қырық күн соған ғана себептігін,
Көсемдер айтқан сөзді еске алады,
Көшкен жұртты ойласа – жас тамады,
Домалақ,
Күн – домалақ,
Ай – домалақ,
Бізге керек болары қай домалақ?
Домалақ,
Жер – домалақ,
Көр – домалақ,
Құпияңды бізге ашып бер, домалақ!
Домалақ,
Көз – домалақ,
Бас – домалақ,
Домалақ, домалақтан қаш домалап!
Домалақ,
Домалақпен домалап күн,
Домалақ,
Домалақпен домалап түн,
Уақыт та өтіп жатыр,
Зырлап басып,
Хақысын қара мықтың ұрлап қашып!..
***
Белгісіз,
Қай күн екен,
Қай түн екен,
Шуақ жоқ жан сергітер,
Ой түлетер,
Мұрсат жоқ қырық күнді қайтып өтер,
Кісі жоқ арманыңды айтып өтер,
Қамалып қара мықтар қапастарға,
Межелі күн мезеті тақасқанда,
Уағдалы күн уағы таяғанда,
Қалғып тұрған семсер серт оянарда,
Кесілген күн кезегі келген сәтте,
Төбелерден қара тас төнген сәтте,
Данай сұлу дүниеге ұл әкелді!
Қандай болар жаңа ұрпақ мұраты енді?!.
Шыр еткен шар дүниеге шарана енді,
Мықпенен тар қапаста қала ма енді?
Көнбеді ару Данай бұл шешімге,
Кіндігін тиісті оның күн кесуге,
Ол аспанды көруі керек, білем,
Көңілмен асқақтаған,
өрекпіген,
Өмірге ғашық болсын ұлым менің,
Өмірге асық болсын ұлым менің,
Тауларға шығу керек ұлым менің,
Бақтан гүл жұлу керек ұлым менің,
Қайнардан мейірі бір қанғанша ішіп,
Азаттық алу керек арман құшып,
Жер бетін кезу керек, әлем көріп,
Жетісіп,
Көсемденіп,
Кемелденіп,
Атасы болу керек жас халықтың,
Қайғысын,
Қасіретін
Таста, мықтың!
Саған әулие Абызқа бата берсін,
Есімің,
Сенің атың – Сақа болсын!
Сөз айтты Ару Данай қара мыққа:
Онсыз да тар құрсақта жаралып та,
Тоғыз ай жатты ішімде,
Сол да жетер,
Қара мық, қапаланбай, басың көтер,
Тілегін ғапыл қылма бір ананың,
Жатпайды тар қапаста ұлы Ағардың!
Тым болмаса бір сәтке күнді көрсін,
Өмірдің не екенін білді дерсің!
(Жарыққа оны қалай шығарады,
Жарыққа оны қалайша шығарады,
Жер бетінде қалайша жүре алады,
Кім алады, баланы кім алады?)...
Күн алады баланы, тау алады,
Менің ана жүрегім дауалады,
Су алады баланы, ну алады,
Жаңа өмірге жадырап қуанады,
Тек жарыққа шығарып салсақ болды,
Тек жарыққа шығара алсақ болды!
Қалың мық сақиналап кесті ағашты,
Ортасын ойық қылып тесті ағаштың,
Баланы сол ойыққа салды мықтар,
Шендеп байлап,
шешпестей таңды мықтар,
ашты тар қапастың қақпақ тасын,
бір қадам алға қарай аттап басып,
келгенде жаңа өмірге жан бөлек-ті:
домалатып жіберді дөңгелекті,
жер бетіне жаңа бір адам барды!
Содан соң тас тіреген бағандарды,
Қиратып,
Бірге итере салды дағы,
Астында алып тастың қалды бәрі!
***
Дөңгелек шыр айналып кете барды,
Дөңгелек шыр айналып кете барды,
Домалақ жерді айналып баратқандай,
Домалақ күнді айналып баратқандай,
Дөңгелеп алтын шуақ таратқандай,
Өзіне күллі әлемді қаратқандай!
Қасына қос бөрісін ерткен Арға,
Жалғыздың жалқы күйін шерткен Арға,
Көкіректегі шері оның көзін жуған,
Қауымына сыймаған өзін туған,
Бөрінің бауырында өскен Арға,
Қоланың дәуірінде өскен Арға,
Ұстады қуып жетіп дөңгелекті,
Келгенде жаңа өмірге жан бөлек-ті!
***
Дөңгелекті – мықтардың қауымы де,
Шарананы – Арғаның бауыры де,
Арқалап Сақа ұлды,
бара жатты ол –
Енді туар сақтардың дәуіріне!
Зырлар күн замана да, жан да алмасып,
Тосады сол екеуін жолдар қашық,
Арманын асқақ ұлдың таңдарға ашып,
Қаңқылдап бара жатты қаңлы-арбасы...
Эпилог орнына
Кетті екен кімде кек пен кімде есеміз,
Біз дағы сол арбаға мінгесеміз,
Қазақтың мұраты не?
Арманы не?
Біз енді қанша уақыт күн кешеміз?
Бізде арман мықтан,
ғұннан,
сақтан көп пе,
Асығып келеміз бе ат көрмекке,
Қарызы жоқ па бізде бабалардың,
Ұрпаққа қарыз бара жатқан жоқ па?!.
