Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Ернағыз Жанатқан. Адалдықтан жаралған қанатым бар...

Ернағыз Жанатқан. Адалдықтан жаралған қанатым бар

27.11.2025

4485

Ернағыз Жанатқан. Адалдықтан жаралған қанатым бар - adebiportal.kz

Ернағыз Жанатқан – 2001 жылы 29-қарашада дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің түлегі. Педагогика ғылымдарының магистрі. Бірнеше мүшәйраның жүлдегері, өлеңдері әдеби жинақтарға енген.

меланхолия*

қала.

кеш.

ауада минус 25 градус

көктемнің киелі күндері,

әлі де, жүр алыс

қолымда–жұмыстан шығуға өтініш

еркіндік алуға сұраныс 

 

қала.

кеш.

бағдаршам жанады дірдектеп 

таксист жол берер құрметтеп 

бейтаныс нөмірден қоңырау келеді

халімді білмек боп 

 

шаһар бұл–

дауылдың өтінде теңселер

көп адам жоқ мұнда, мен сенер…

сосын, таптаурын ойлардың иісі мүңкіген

ғимарат, кеңселер 

 

қала.

кеш.

– сатушы, беріңіз маған бір ащылау 

әңгіме айтпаңыз, той қашан, бас құрау…

бұл күні–дұрысы үндемеу 

бұл түні–ойлану жақсылау

 

жоғалған уақытты іздеу

сарғайған хаттардан ескі

қанқызыл іңірден кешкі 

жоғалған уақытты іздедім

сан жұлдыз жарқ етіп өшті

 

жүйткіген көліктен қалың 

отшашу кештерден жалын 

жоғалған танысты күттім 

кім, қайда әкетті бәрін? 

 

аптадан, айлардан, жылдан 

қарындас, сендегі жап-жарық нұрдан 

жоғалған сезімді күттім 

арылмай сағыныш, мұңнан 

 

ақ ұлпа бұлттардан мамық 

ағаның, уәделі сөзінен арық 

жоғалған өзімді іздедім 

өзімнің ішімде қалып 

 

жоғалта бердік біз, барды 

елемей мағына, мәнді 

...әлемнің сақталуы үшін 

бір түйір мейірім, мейірім қалды

 

*** 

тіл ұшында сезім тұрды 

көз ұшында жерледік 

ең аяулы, сөз ұмытылды 

жасың сүртті, жел келіп

 

жағамызда қала бердік 

шақырмадық қол бұлғасып

соқыр үміт ғана көрдік 

кете бердік, бал-бұл басып

 

қонбады ұзақ, ақыл басқа

дендеп келді, таныс бір мұң

жылдар қалай жақындатса 

секундтар алыс қылды

 

ойда ғана, тағдыр деген

құрастырғыш адам ертек

құпияны жан білмеген 

отқа жағып, барам өртеп 

 

өзге жанмен тіл табыстық

көп те емес, аз күн көріп

мұңымыздан ұрттап ыстық 

жыламадық Мәжнүн болып

 

қалмады рас, құндылықтар 

ештеңе жоқ, ортақ түк

сәл күрсініп, тұрды бұлттар

ал біздер ше? 

–жол таптық

 

*** 

жақсы, қарғам,

үміттің жан үзбегені 

ал, 

арманым, 

күтіңіз дәлізде мені 

менің жаныма батыңқырайды 

түнгі бірлерде, Анамның дәрі іздегені

 

ал ертең, кетемін қаладан осы 

уақыт сүйреп, өмірдің ала дорбасын

балтырын сыздатып, келер күндердің

сәл-пәл ауырып, барады ал, басым 

 

осы болса, жарар енді, күткен күн 

сан ойландым, 

сарсаң болдым, бүктелдім

селт еткізді жүрегімді, жанымды

кірпігімнен, жалт беріп, үріккен мұң

 

содан, 

жан ұқпаған сыр болса, кереңге айтып 

оң туады дейді ғой, келергі ай–тік

жағасына Есілдің сирень гүлдер 

о, сонда, келем қайтып…

 

*** 

Тағдырды таңдап алмадық, 

Өмірге өкпе жоқ енді.

Адамдар алданар барлық, 

Құшақтап өлмегендерді.

 

Мұңым бар аздаған ғана,

Шаттығым қалыңдау одан. 

Уақыт-боздаған бала,

Күнә, табынбау оған.

 

Сұп-суық жолдардың түсі. 

Төртбұрыш қорапты үйлер. 

Таныман, бейтаныс кісі, 

Сағыныш сазына билер.

 

Аспаны күңгірттеу қала,

Кей-кезде өзімдей мұңлық.

Жоқ саған ешқандай нала 

…тағы да өтірік күлдік 

 

Автобус бекеті жақын,

Ал онда бір тобыр адам.

Сыймасам, о, мейлі, мақұл,

Өшімді уақыттан алам.

 

Бұл емес жаттанды өмір 

Бұл біздің таңдау ғой сәтті 

Қоңырау шалатын нөмір 

Өшіп тұр, жаныма батты 

 

-Алло…

 

 *** 

Біздің өмір-

мейірімнен,

құрметтен,

ізгіліктен 

Беймәлім адасқаным, 

жолдардан бізді күткен 

Бейдауа күй кешем де 

Артқа қарай беремін үздігіп мен 

 

Кезде мынау

ой-буаз

қиял-қысыр

Көрінемін сырт көзге ұяң кісі

Мейірімге шөлдесем мең-зең болып

Шөлмегіме толтырып құярмысың

 

Сәттерде бар

тіл-мылқау

ес, жан-үнсіз

Мезі боп мезеттерден 

өтеді кеш дамылсыз

Кейде, қанатында отырам періштенің

Кейде, сүріп жатқан өмірім еш маңызсыз

 

*** 

Тау жоқ екен бұл маңда, тау аңсадым, 

Қолдан сырғып барады, балауса күн. 

Қалжыраса жүрегім қажығаннан,

Қан жылайды, кей күні, қаламсабым. 

 

Жігіт болсам, мақсатпен мұраты бар 

Бізді күткен бір бақыт, тұра тұрар

Бәрі-бәрі, о, неге жатсынады ?!

Ағаш, талдар және де тротуар 

 

Жыртып не бар, өмірдің бет терісін, 

Тағдыр деген - Тәңірдің көктегі ісі. 

Мен аңсаған мекенге жеткізбей жүр,

Қалалар мен жолдардың кептелісі. 

 

Түс көрем де, ұйқымнан тұрам атып, 

Жорамалым жайында, сұрама түк.

Шашбауыңды көтерем дегендерің,

Шаштарымды бір-бірден жүр ағартып.

 

Жылдар-жылдар жүйрік, жорғалаған,

Анам айтар: - Ауырма, тоңба балам!

…күту егер бақытқа жеткізе алса,

Екінші аты өмірдің – «Жолқараған».

 

*** 

Айлар,

жылдар,

күнтізбенің бетінде сырғанаған

Не табамын білмеймін бұл қаладан?

Сан мың сұрақ санамда кептелісіп 

Жебір ойлар жанымды жұлмалаған 

 

Жол қараған үмітім дірдек қағып

Белгісіз мекендерді тұр бетке алып 

Адалдықтан жаралған қанатым бар 

Қарғам, сен қайырмашы, үрлеп қалып

 

Беймаза, 

күн өткерем, түн өткерем

Аз емес сәттерім де, жанымды жүдетпеген

Мына шағын қалаға сыямын ба? 

Үп-үлкен арманменен, кішкентай жүрекпенен

 

Көп мұздатып жанымды, көп өртендім 

Көп жұмбағын шеше алман, тек ертеңнің 

Сәттер, саған жасырып қайттым кеше 

Күбірі мен сыбырын көлеңкемнің

 

*** 

Шындығында

«А және В нүктесі» адамның бар сапары.

Жол жүреміз білмеймін, қанша, тағы!?

Дәл қазір осы өлеңді түсінуге,

Керегі жоқ ешқандай пәлсапаның.

 

ессіздіктен

аласұрған сәттерім, от басқаным.

Дүбірі ойнап көңілде Көкқасқаның.

Күбір - күбір жыр оқып түніменен,

Таң бозара, көз ілдім, серт жастанып.

 

Мұңлық дерсің

сыртымыздан, не түрлі тон пішілер,

біздер жайлы не білсін, о кісілер…

менің күрсінісіммен қабаттасып

аулада, ауық - ауық жел кісінер.

 

Мең - зең болған, күй кешем неге осы мен?

Бұлай болмайд деңдерші, келесіде...

Қайта айналып сол күйге түсе бердім

Айналғаны сияқты, жер, осінен

 

*** 

Ақыл айтар жұрт бізге...

қисыны кем

қоңырсыйды

Жансыз, нәрсіз сөздердің иісі кілең

Келмейтін жолға қарап жанар талған

Өнбейтін шаруаны ойлап «ми» шіріген.

 

Жарым түнде 

аспанымның жанарынан мұң саулап,

Ой қалғиды кірпікте

жасырынар бір топ жұлдыз

құшағыма үркіп кеп 

Қаңқасына  шалынып қиялдардың

Шалқасынан ай құлайды, тыртық бет 

 

Бұрқ-сарқ қайнап ішімнен 

қалыпқа сыймай бір басым

Аялар ма екен біздерді

Мәпелер ме екен бұл ғасыр?

содан кейін

күздің ауыр жаназасын түн оқып

Жел жұбатып отырды

жапырақтардың іңгәсін.

 

Кешкі ымыртта,

қиялға ерсем қаңғыбас

құр сенделем

күздің жәудір жанары-ай,

нұр сөнбеген

анау мен ба?

жоқ әлде өлеңім бе?

арасымен жаңбырдың бүрсеңдеген?

 

***

Жанар, жанбас үміттің білтесі енді

дос амандық сұрасар 

жұрт есендік

Ой соқты боп оралам үйге тағы

Күн аймалап арқасын күртешемнің 

 

Елең де алаң 

ой мазаң 

өң жүдеген

Басым ауса, сол маңға жол жүрер ем

Таптап-таптап өттім мен табаныммен

Жапырықтың жүрегін елжіреген

 

Содан кейін

күй кешіп жынды-сүрей

Көңілдерге бейкүнә, түсірдім сең

Сыртым жылап тұрады

ішім күлсе

Күзбен бірге жыларсың, қосылып ап 

Бәрі-бәрін сылтау деп түсіндірсем

 

Ымырт келсе

Түннің қара қойнынан ай құлайды

Мұңым жақын болып жүр қайғым әйгі

Пендешілік жасаса жат біреулер 

Құшағына құлайын қай Құдайдың?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan