Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Ертай Бимұханов. Қажеті жоқ өміріме бояудың......

Ертай Бимұханов. Қажеті жоқ өміріме бояудың...

06.04.2026

177

Ертай Бимұханов. Қажеті жоқ өміріме бояудың... - adebiportal.kz

Ертай Бимұханов  – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Өлеңмен қалдыр оңаша...», «Әуен» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

 

Наз

Көктем келе жатыр еді гүл атып,

Жүрегімді алдым неге жылатып?

Адамдық па?

Адалдық па?

Кім артық?

 

Күзден, қыстан, бәрінен де сұратып...

Көктем-ару жан дүниең сірә, құт.

Кешір мені, жоқ қой сенде кінә түк!

 

Бір өмірді бір өмірге құратып,

Шақ жүргенде қойғаның не кінә артып?

Осы күйі есік қақса, бір бақыт...

 

Сағынышым, сені әу бастан ұнатып...

Жақсы болсын десең бәрін...

Сұра! Күт!

Сосын... сосын...

Бастайды ма гүл атып?

 

Мен де сендей «бақытты өмір» кеше алам...

Мен де сендей «бақытты өмір» кеше алам,

Кешір, сендей емес едім, есалаң!

Бірақ сенің өміріңде не шаруам?..

 

Неге өмірге іңкәр болдық мұншама?!..

Адастырды-ау, осы жолда құл-сана.

Күле салдым, ішім жылап тұрса да.

 

Қажеті не құр даңғаза, шу-достың?

Қайда апарып соғады екен бұл көшкін?

Өз асыма өзім тағы у қостым...

 

Баспалдақ

Осы неге қызықтардан бас тарттым?..

Бәлкім, ішкі жан дүниемде асқақпын!

О, Құдайым, мың алғыс!

Адамдардан алыстап,

Өлең атты дос таптым!

 

Қажеті жоқ өміріме бояудың...

Шамы жарық ұзын көше. Жаяумын.

Жұрттың бәрі тәтті ұйқыда 

Тек мен бейбақ ояумын...

Мен тербетпей, кім тербетпек

Жан жүрегім Өлең бар ғой, аяулым?!

 

Дұрыс адам боламын ба, ұшсам егер аспандап?

Сормаңдаймын, таба алмаған достан бақ.

Кешір, өлең!

Сенен кетсем, қырық жамау жүрегім де

одан бетер ластанбақ.

Мені өлтірмей келе жатқан,

Осы өмір ғой, баспалдақ!

 

Қабылдаймын!

Бәрін де қабылдаймын,

Шалсаң да аяғымнан.

Сезген ем баяғыдан.

 

Ешқандай өкпем де жоқ,

Үйретті өмір бәрін,

Келмейді көңілге алғым!

 

Ор қазса, қазсын орын,

Несіне қауіптенем?

Мен әлі шауып келем...

 

Бедел ме, керек саған?

Білмеймін, не дерімді?

Ала ғой керегіңді!

 

Ал жоқ қыл, қажет десең,

Оны да қабылдаймын!

«Қабылдау» дабыл дайын!

 

Дос

Осыншалық неге өзімді қинадым?

Қасымда екен өмір бойы жиғаным.

Көптен бергі сұрағымның жауабы:

Сені дос деп қабылдауды ұйғардым!

 

Қайда қалды басқа «достар» қорғаса?

Қажет емес, сенен басқа ол да аса.

Бәрін іште сақтауыма бекіндім:

«Ақтарылып» қалатыным болмаса...

 

Қызықпадық дастарқанға аста-төк,

Екеуміз де мақсат-жоспар баста көп.

Соңғы кезде бәрін ұға бастағам:

Сенен басқа менде қалқам, дос та жоқ.

 

Барлығын да іске асырып бір көзден,

Сендей болып жанарымда кім жүзген?

Жаратқанға жалбарынып тілерім:

Сақтай гөр деп ендігәрі тіл-көзден!

 

Кім ұтылды, кімдер ұтты, желінді?

Неге жаным мұнша мұңға берілді?

Аңғал-саңғал тірлігімді қорғайтын:

Досым сенсің, бәрінен де сенімді!

 

Өзімді таптым!

Кетемін бір күні сенен де қашып,

Өлеңдерім бе?

Еденге шашып...

Терем десеңдер,

Тереңде лашық...

 

Өмір кешемін...

Адам аяғы тимеген жерде.

Қай жаққа, мейлі

Именем неме?

Өзімді емес... 

бұрын

Өзгерісті тап осылай сүймегем неге?

 

Тыңдағаны деп түсіндім...

Сөзімді Хақтың.

Мөлдірі болса деп армандаушы ем...

Көзімде бақтың.

Бұйырғаны болар,

Өзімді таптым!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan