Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есті өлең жайындағы екі ауыз сөз...

17.08.2016 5086

Есті өлең жайындағы екі ауыз сөз

Есті өлең жайындағы екі ауыз сөз - adebiportal.kz



Өлең – өнер, өнер – өлшем, өлшем – үнем. Санаға зілдей салмақ салатын саф ойды сан салалы төрт шумаққа сыйдырудың өзі ақын деген атақты құнды етіп тұрған жоқ па! Әлгі бір әлеуметтік желіні желпінтіп жүрген «қазақтың баласы қабілетсіз» деген қағытпа пікір біздің де тарапқа түрпідей тиіп, тосырқатып жіберді. Хәкім Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы айтпақшы, «қазақтың ғылымы тілінде, оны зерделей алмай жүрген өзіміз».


сурет.jpg


Ол рас, екі қазақтың бірі сөзге талас тудыра алады. Ойдан-қырдан қашқан тіркестерді ұжымдастырып тақпақ шығару біз үшін қиындық тудырған емес. Бұндай шеберліктің өзі өзге ұлт өкілдеріне ғаламдық проблема тудыруы мүмкін. Бұл қасиет - ана тіліміздің үлкен академиялық дәрежесі мен дала философиясынан қалған тәрбиге телінетін шығар. Бірақ, қазақ ұғымында өлеңде биік меже, танымы тереңнен сыр тартатын талғам болуы шарт. Сөздің құрылысын һәм грамматикасын Ахметтен асырып айта алмасақ та, текстегі ой мен жасырын жатқан контекстік философияны талдауға көзі қарақты оқырманның ат салысқаны заңдылық деп пайымдаймыз. Хош, қазақта қабілетті құраушы мен жамаушы да, өрелі өлеңші де жетерлік. Жан-жақты саралап басымызды ауыртпасақ, аталған екі буынның бір-біріне тоғысып кеткені үшін кімді кінәләй аламыз?


«Абайға ғана інімін»


Соңғы кездері лирикасынан гөрі риторикасы басым, тіршіліктен гөрі мәңгіліктің кілтін іздеуге талпыныс жасап жүрген Ықылас Ожайұлының өлеңдері тәп-тәуір жазылып жүр. Жазушы А.Сүлейменов әдебиеттің тілі тоқыруға түскенін тілге тиек ете келіп, «төл тумамыз тым болмағанда түп-тамырымыз эпостың тілінен бастау алу керек» деп ой қорытқан екен. Ақын өлеңдерінің төкпелеп, жымдастырып өзіне ғана тән бояуымен тәнті етуі көз алдымызға бейне бір батырлар жырын елестететіндей.


Әдетте автобиографиялық өлең философияның жүгін көтере бермейді. Бұл жанрдың озық үлгісін «Көрер едің, Шаламын ба, отпын ба, Білер едің Ақынмын ба, жоқпын ба?» деп өзінің ішкі жан дүниесін ақтара айтқан Мұқағали Мақатаев көрсеткен еді. Ал, Ожайұлының «Мен» деген өлеңінде тарихи-хронологиялық ретпен баяндалған танымдық ой ұшқындары анық сезіледі. Махамбетше боздап басталатын «Мен, мен едім, мен едім, Мен дегенің кім еді» деген сұраққа «Мен ақын деген АҚИҚАТ» деп кесіп-пішіп өзі үкім айтады. Тегінде адамның ішкі болмысын суреттеуден асқан образ болмайтын шығар. Бір қызығы бұл өлеңде автор өзінің жеке «Мені» арқылы бір ұлттың жетістігін көрсеткісі келеді. Самалымын Құдайдың, Сиясымын Құранның, Тамшыдан тәнім дүреген Топырағымын Тұранның, - деген өлең жолдарын қай қазақ өзіне теліп, телміртіп айтса да жарасатындай.


Әлемнің ұстазы саналатын Аристотельдің айтуынша, адам топырағына тартып туады. «Тұранның топырағы» Мағжан Жұмабаевтың өлеңінде айтылғадай ежелгі ер түріктің түлеп, бой түзеген жері. (Яғни, адамзаттың тұма бастауы осы жерден нәр алды деген тәмсіл бар). Әр ұлт өзінің тағдыр-тауқыметінен сабақ шығарып, әлем алдында жеке «МЕНІН» қалыптастыруға ат салысу қажет. Тарих һәм әдебиеттің екпін түсіріп, бас ауыртар проблемасы да осы. Егер «МЕН» деген бірінші жақтағы ұғым өз-өзін тарихи фактілер арқылы толық ақтай алмаса, екінші жақтағы «ОЛ» ұғымы ұлт санасында белең алып кетуі мүмкін. Сондықтан көп жағдайда қара көздеріміз өзге ұлттың сәл жетістігіне, бір қайнауы кем руһани қазынасына бас шұлғып, ертегісіне ере кетеді. Ықыластың өлеңі бұл тұрғыда өзінің ұлтқа қызмет ету миссиясын толығымен орындауда. «Кеудемнің іші күн еді күмістен еді шүмегі... Анау бір алас жылдары Аруана жұрттан алыстап Көгіме қайғы түнеді» деген өлең жолдары арасынан қыл өтпейтін теп-тегіс жұмыр ұйқастарымен қоса, талайлы тағдырымыздан дерек таратып отыр. Адам парасаты кемелденген кезде кеуденің іші күнге айналып, айналасын жап-жарық нұрға бөлейді. РУХ қажеттілігін өтейтін локомотивтер «нұрлы ақылды» бағындырғандадың қатарынан табылады. Ащы болсын, тәтті болсын тарихты қаз-қалпында тізбелеп, баяндау суреткер парызы. «Анау бір алас жылдар» ұлт қаймақтарын тегіс сыпырып, қудалауға түсіргені рас. Тілдік, ділдік асиммиляцадан аман қалып, қаумалаған қазағына қайта қосылып рухани түлеу салған қандастарымыз шынымен де ұлттың сақтаулы қалған құты еді. Бұл сөзімізге «Ай, аруана жұрт мен сенің Қайрылған құстай құтыңның, Қаңқылдап жеткен үнімін, Қобыздың қою тілімін. Күркіреп аққан қаныңның Күп-күрең түйіршігімін» деген ой маржандары қуаттайды. Ақын тағдырына нала айта отырып, атажұрқа қайта оралған қуанышын жасырмайды. Оны қазақ ауыспалы мағынасында, «қайтқан малда қайыр бар» дейді. Көркем жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы, ауылынан асып көрмеген, кітап оқып, көзінің майын тауыспаған зердесіз туған жердің қадірін қайдан білсін, - деген кейіпкердің шынайы бейнесі көз алдыма осы автобиографиялық өлеңнің прототипін елестетеді. Өлеңде шендестіру арқылы гиперболла жасаудың тамаша үлгісін ілкіде Қазтуған жырау көрсеткен. «Мадақ» атты өлеңінде, Ұстаса - қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы,... Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, деп өзіне пафосты баға бере отырып, жауынгерлік мінезін паш еткен еді. Бұл жырдан тек қана бір адамның бойындағы емес, сол замандағы болмыстың жалпылама жай-жапсарын айшықтай түсесің.


Ақын осы өлеңде тектілік, парасаттылық деген ұғымдарды алға шығарып, туған жерге деген өксігін емірене тарқатқан. Және де өлең соңында өзінің өмірлік ұстанымы мен бой түзер межесін көрсетуді ұмыт қалдырмапты. «Алтайым асқақ ақылым, Сабырым еді Сарыарқа, Абайға ғана інімін. Ханзада қанның тұнығы, «...Көл шайқаған жалғыздың», Көзге бір басар сынығы, Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН, деп қорытынды жасалынатын автобиографиялық өлең елден жырақтап кеткен барша қандастардың базынасын айтып тұрғандай. Ақын «Абайдың өресін» өзіне ар санап, сол мектептің өкілі екенін оқырманға ескертеді. «Ханзада қанның тұнығы» һәм «Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН» деп Ы.Ожайұлы өзінің әрісі Шыңғыс ханнан басталып берісі Әлихан Бөкейханнан аяқталатын гендік сабақтастықты жырлап отыруы әбден мүмкін, бұл заңдылық та. Бірақ, мен үшін «шет жайлап, елге сауын айта келген әрбір азамат «қанымыздың тұнығы» немесе «Қызылдардың» идеясына суарылған қызыл түсті емес қаракөк түстес болып көрінеді...


«Қабірменен қорқытады көр молла»


Ақынның кемеліне келіп, толысқан сәтінде жарық көрген соңғы туындыларының бірі үлкен философияның жүгін арқалап, оқырман тарапынан бағаланбай қалған «Өлім» өлеңі жайында аз-кем ой қозғасақ.


Жан менен тән өзгергенмен әр күйге, Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине. ТІРІ БОЛУ ТІРЛІК КЕШУ ЕМЕС ОЛ, "ӨЛГЕНДЕР КӨП" ӨМІР СҮРГЕН ПӘНИДЕ, деп баяндайды ол. Тән өседі, ұлғаяды, қартаяды. Жан толысады, кемелденеді. Күйден күйге ауысып отыратыны түсінікті. Ал өмір мен өлімді тұтастырып, біріктіріп ақын нені меңзегісі келді? Біздің қарапайым түсінік бойынша өмір дегеніміз өлімге еш қатысы жоқ үлкен «күрес» еді ғой. Керісінше өлім болса тағдырдың кез-келген пендеге жолдаған хаты іспетті өмірге антоним ұғым емес пе? «Өлім барда қорлық жоқ» дейді ұлы Абай. Бірақ хакім өлгенмен, оның «мәңгілік бейнесі» көз алдымызда әлі кезіп жүр. Қазақ ғылымының корифейлерінен бастап, әсіредіншілдердің шашбауын көтеріп тілдеріне тиек болып жүрген де осы кісінің пікірі. Демек, «Абай өлді» деп айтуға ауыз бармайды. Бақсақ хакімнің айтып отырған өлімі адамның физиологиялық һәм биологиялық тұрғыда тіршілік ету процесінің шектеулі формасы ғана екен. Ықылас ақынның «тірлік кешу» мен «тірі болуды» бөле-жара айқындап отырғаны үлкен ұғымға бастайды. Қарапайым тілмен тарқатсақ, 1845 пен 1904 жылдар арасында Абай Құнанбайұлы «тірлік кешсе», 1904 жылдан бері қарай «тірі болуда». Жазу-сызуының алапат салмағына қарағанда ол мерзім қазақ деген ұлтпен мәңгі жасайтын сияқты. Бұл ойымызды Ожайұлы келесі өлең жолдарында нақтылай түседі: «Келуің мен кетуіңнің тынысы ІШІҢДЕ екен, сезсең соны дұрысы. ӨМІР ДЕГЕН – ӨЗ АҚЫЛЫҢ, ӨЗ ОЙЫҢ, ӨЛІМ СОНЫҢ АЗАБЫ МЕН ЖЕМІСІ». Яғни ақын өлімнен еш қорықпайды. Оның миссиясы биологиялық өмірде тән үшін жанталаса күрес жүргізу емес, кісілік парасаттың биігіне шығу. Тәні тоқтап тағат тапқан кезде, ақылы мен ойының жемісін «мәңгілік өмірге» сарп ету.


Жалпы алғанда Ы. Ожайұлы интелект ақын. Үнемі ізденісте, шығармашылық процесте жүретін ақын. ОЛ өзге ақындар сияқты сезімнің ырқына бағынып, көңіл-күйдің хошымен қалам қозғай бермейді. Оның оқырман тарапынан бағаланбай, еленбей қалуының басты себебі үлкен идеяларды бір өлеңге топтастырып беруінде болар. Бірақ кемеңгер А.Сүлейменов: «Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп, мұнармен бүркеу» дейді. Оқырман текстің сыртынан контекске көшсін дегенді меңзегені ғой... Мысалы ақынның «Қабірменен қорқытады көр молла, КӨРДІҢ ҚАШАН КӨЗ БІТЕДІ ОРНЫНА. БАХИ МЕКЕН ЖАН ЖАРАЛҒАН ЖЕРҰЙЫҚ, Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма» деген пәлсапасын ой елегімізден өткізіп, талдап-тарқата кетуге бірден өреміздің жетпегенін несін жасырайық. Бұл шумақтағы ЖЕРҰЙЫҚ ұғымы ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбегінде кеңінен талданады. Асан қайғының желмаясын желдіртіп жерұйықты іздеуі мектеп оқулығында тәпсірленген түсінікке үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біздің ойдың атеистік көзқараспен кенжеленіп қалғаны соншалық, бұл аңызды әлі де жалпылама түсіндіруге тырыспаймыз. Асан қайғының табан тоздырып таусыла іздеп жүрген жерұйығы бұл пәниде емес, өзін жаратқан бахиында (яғни туған жерінде) болатын. Қазақта «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген ғаламат сөз бар. Бұл жердегі «ит» ұғымы дүниені көксеген тәннің қалауына айтылса, «ер» ұғымы өзінің туған жеріне дайындық жасап, қамданған пендеге қарата айтылып отыр. Қазақта айтылмаған сөз жоқ, тарқатылмаған ой ғана бар.


«Ғақыл түсіп ғарыштағы бір хақтан, Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан. Сол жұмбақтың кілтін салды кеудеге Құдай бізді қуған күні жұмақтан» деген тың тіркестер оқырманға оқыс көрінуі мүмкін. Бұл ойды Сұлтанмахмуд Торайғыров кеңестік кезеңнің өзінде өтімді етіп, «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен, Тағдыр ісі дегенді Шығарамын сөзімнен» деп жазған еді. Жақсы-жаман харекетті тағдырға теліп, бас ауыртқысы келмейтін пенделер үшін бұл өте ауыр сын. «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де - бір антұрғандық» дейді ғой Абай. Демек әр адам өз өмірінің һәм іс-әрекетінің қожасы болып табылады.


Публицист Таласбек Әсемқұловтың «Сіз құдайға сенесіз бе?» деген сұрағына ұстазы А.Сүлейменов : «Сенем, бірақ иконадағы адамтұрпатты құдайға емес. Әлемдік сана ретіндегі Құдайға сенем. Құдай бұл дүниеде емес. Бұл дүние – Құдайда. Құдай өзі жаратқан дүниеден тыс бола алмайды. Ол өзінің барлық құбылысында – Құдай. Мен түн ішінде жауған бал татыған жауыннан Құдайды көрем, соған сенем. Таудан аққан бұлаққа сенем. Сахараны кернеп емін-еркін ескен қоңырсалқын самалға сенем. Ақжүрек адал адамның сөзіне сенем. Осылардан тыс мен үшін Құдай жоқ» деген екен. Ақынды әдеткі адамдардан бір бас оздырып, космостық көз дарытудың астарында әлемдік сананы біріктіруші идея жатыр ма деген ой түйесің. Құдай адамды жұмақтан бұл дүниеге қуған күні АҚЫЛ, ЕС, САНА деген ұғымдармен ерекшелендіріп қойды. Ақынның «Ғақыл түсіп ғарыштағы бір хақтан» деп кеуде қағуы осы пікірімізді қуаттайды. Адам мен Жаратушы арасындағы байланысты дін мен мешітке қамап қойған консерваторлық стеротипке бұл екі жол өлең толығымен қарсылық танытып тұр.


Ақынның осы өмірдегі мақсаты мен мұраты көрсетілген бұл өлеңде пенденің Құдайға топтанып, тобырланып емес өзіне-өзі есеп бере алатын жалғыздықта жақындасатынын жақтаушы ұлы идея жатыр. Тозақты өздерінің қолшоқпары етіп, аңыз жасап жүрген әсіредіншілдерге ақынның келесі өлең жолдары ұтымды жауап береді.


Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын КІСІЛІКТІҢ КІЛТІН ТЫҒЫП ҚОЙҒАН КІМ? АДАМДАҒЫ АҚИҚАТТЫҢ ЖАУАБЫН... Көрден іздеп көрге айналған қайран «дін». Аңдысақ ақынның ойынша «кісілік кілті» көрде емес, керек десеңіз ауыспалы мағынасында қолданысқа түрленіп ене беретін «дін» де емес, адамның хикмет қағидасында.


Өлеңнің образынан анық аңғарғанымыздай ақын жаратушы жерұйыққа қайтуды мақсат еткенмен, бұл пәниде өз ізін сақтап қалуды көксейді. Танымдық өлеңнің соңында: Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін, Жанның нұры Жарқырасын сөнбесін.... Ажал мені алдап соқпақ Тәйір-ай..... Тапқан екен «өлтіретін» пендесін. Ғазауаттың күресінде, ардағым, Ойнайды ажал ішке бүгіп бармағын. СОЛ ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕНІМДЕ ЖАЗҒАН-АЙ ДҮНИЯДА ЕШ... БОЛМАС ЕДІ АРМАНЫМ..... деп қорытынды жасайды. Қорқыттың «Бұл өмірге келмей бақ, келгеннен соң өлмей бақ» деген терең пікірі бар. Ы.Ожайұлының өлімді жеңіп, өмірлік қолтаңбасын қалыптастыруға қадам жасауы құптарлық жайт. Қаламды сертке байлаған кез-келген пенденің асыл мұраты осы емес пе? Көзі қарақты оқырман ретінде, ақынның болашақтағы жеке «Мені» қалай қалыптасып, толыға түсетінін қатаң түрде бақылап отыратынымызды ескертеміз.


Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар