(Мақатаевтың екі томдық шығармалар жинағының жарық көруіне орай)
Алып қашпа уақыттың зымыран жүйріктігіне не шара бар?! Біреулердің жүзінен әрін ұрлап, біреулердің жанынан жалын ұрлап көзге көрінбей шапқылап бара жатқан дүние жалған арқалы ақын Мұқағали Мақатаевты өмір құшағынан жұлып алып, қайта оралмас мәңгілік сапарға әкеткеніне де он жылға жуықтап қалыпты. Мұқағали дүние салған сол бір жылдарда өмір аспанының шырқау көгінде, мәңгілікке орнағандай, сайран салған қазіргі тірілердің бірсыпырасы бүгінде көкжиекке құлдилап, алданымпаз көңіл отауынан біржола жырақтапты. Бұл жылдар ішінде әдебиет жайлауының көкорайлы қонысын бетке алған аттылы-жаяу талайлар Поэзия отауын маңайлап, кейбіреулері төрге озып үлгеріпті. Уақыт-мықтының жасайтыны осы - өзін қалай да мойындатады. Осының бәрі - сол Уақыт құдіреті, өмір тылсымының заңдылығы. Кезінде тұлғасымен көк тіреген кеуделі құзды кез келген жалаң аяқ жүгіріп шығар төбешікке айналдырып, қол жетпес аруды кемиек кемпір қалыпқа түсірген безбүйрек заңдылықтың әділет таңбасындай екінші жағы бары ғана талайына ұлы таланттың тауқыметі жазылған сиректер көңіліне медеу Мұқағалидың:
«Ауғанын, ауысқанын күн бесінге,
Сұм жүрек біледі ғой...
Білмесін бе...
Ей, менің күншуағым, мүмкіндік бер,
Шығатын күндеріммен тілдесуге», - деп, поэзия аспанында «Бағы жанған Расулша шарықтауға бір сәт құсбегінің торындағы лашындай» лажсыз сезінгенмен, өзгені де өзінше сүйе алатын абзал халқының өз ақынын түбінде табатынына берік сенуі де сондықтан.
Тірісінде қыбырлаған көп торының қамауынан шыға алмай, басқалар сауырын қыздырып, толып-тасқан тіршілік күнгейінен жайбарақат жатып рақат нәрін жұту бұйырмай, таланттың тылсымды әлемі мен өмірдің күйбеңді кикілжіңінде бала-шағаны асырап, бейнет кешумен ғұмыры сарп болған талант иесінің өнері ғана қатыгез уақыттың тезіне түскен сайын, бабына келген жараудай құлпырып, құбыла түседі. Ғұмыр жолы мәңгілікпен өлшенер құдіретті өнер ғана осылайша жұрт армандар жастығын жаңғыртса керек. Өмірдің мәні мен адамның құнын атақпен, тіршіліктегі орнымен өлшеудің далбасалығын айқын дәлелдейтін бұлтартпас құбылыс - осы. Қолдан құдай жасап, қаншама қампитқанмен, Өнер мен Өмір беттескенде - дақпырт пен қолпаштау, алтындаған асыл киім құдіреті былай қалады.
Мұқағали Мақатаев творчествосына осындай бақыт кешпей бақытқа ие болар ғұмыр бұйырған. Әуелі біреу жақтырып, біреу жақтырмай, әр кітабын шығару үшін шашы ағарып, жүйкесін жіңішкертіп, жүрегінен жас тамызған ақынның ірілі-ұсақты туындылары жыл сайын әр шумақ, әр жолына дейін, тереңде жатқан маржандай, сан қырынан сәулелі ұшқын шашып, құпиясын бірте-бірте аша түскендей, бейне «Әулиешоқының» бірде көз ұшында сұңғыла көкке найзадай шаншылып жаныңды арбар, бірде көгілдір аспан әлемінің жайма-шуақтығына қарамастан, жанарыңды жас толғанша қадасаң да, құпия сағымға оранып ап, көрінбей қояр қастерлі құдіретіндей дерсің!
Қазір Мақатаевты жақсы көрушілер, «ол тірісінде маған пәлен деген» деушілер көбейіп келеді. Бұларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағылар - ақын шығармаларынан өзі іздеп жүрген жан нәрін алып, сол нәрді жұтқан сайын тұла бойының сәуле түсіп көрмеген түкпірлеріне жан біткендей, осыны сезіне бастаған соң ақынның кітаптарын жастығының астына салып, көз майын тауысқанша ой мен сезім ләззатына бататындар. Ал екінші топта - көкірек көзі ашықтың жас-кәрісіне қарсы шығуға өз абыройының талайынан қорқатындар. Сонымен, Мақатаев жырларына деген жаппай махаббаттың сыры неде? Жыл өткен сайын бас-аяғы тап-тұйнақтай, ешкім ешқандай кінә арта алмайтын, бірақ тұнып жатқан қаныңа бит шаққандай әсер етпейтін бір сарынды ақыл үйрету мен «өйтсем - ұят болады», «бүйтсем - жұрт күледі» деген жасанды ізет пен жылмағай әдептілік қағидасынан туған «әсем» жырлар тасқынының арасында бөлекше жарқылдай түсуінің қандай құпиясы бар?
Бұл құпия - ең алдымен, табиғат берген талант құдіретінде болса керек. Қолына қалам ұстағанның бәрін, Менделеев кестесіндегі элементтердей, бір отауға сыйғызып, бір өлшеммен салмақтауға қаншама тырысқанымызбен, арқыраған өзен қаншалық сулы болса да, теңіз еместігі секілді, табиғат-ана жаратқан болмыс бәрібір өз деңгейін танытары хақ. Мақатаев жырларының құдіреті - осындай таланттан туғанында. Біз, сауатты заманның оқымысты ақындары, жырды тумаймыз, әп-әдемі етіп әшекейлеп, өрнектеп, қашап қиюластырып жасауға машықтанғанбыз.
Ал Мақатаев әр өлеңін - өмірге адам әкелген анадай - туған, босанған. Ол жырлардың бірінің мұрны пұшықтау, енді бірінің балтыры қайыңдай болмауы мүмкін. Бірақ олар тастан қашалған әдемі мүсін емес, тұла бойында тулап жатқан қан, лүпілдеген жүрек, сәбидің тәніндей үлбіреген сезім, бір сөзбен айтқанда - олардың әрқайсысында өмір бар. Ал өмір бар жерде жалғасу, жаңғырығу, мәңгілік бар. Сүйіну мен күйіну, рақат пен өкініш, күлу мен күрсіну бар. Бұлар барда - жек көру мен жақсы көру бар. Әйтеуір, немқұрайдылық жоқ. Өйткені өмір дегеннің өзі, сайып келгенде, осы екеуінен тұрады ғой. Бұл - бір.
Екінші ерекшелік - Мақатаев жырларындағы лирикалық кейіпкерлердің адам баласының бойы мен болмысында үңілмейтін қалтарысы, көрмейтін, сезінбейтін пәлесі жоқ. Адам баласының жан-дүниесі - табиғаттың өзіндей құпия әлем болса, сол әлемде Мұқағали кейіпкерінің баспаған нүктесі кемде-кем. Адамзаттың өзі-өзіне айтпайтын сезім мен жан күйінің шындығын айтады. Айтқанда қалай айтады?! Шынайы поэзия тілімен, поэзия жанымен айтады. Онда сені алдарқататын, жұбаурататын жылы сөз жоқ - бар шындықты ащы зәрімен, тәтті балымен қоса ақтарып айтады. Өмірдің көлеңкелі сайларын айналып өтіп, күнгейлі беткейіне ғана құрақ ұшпайды.
«Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын бір түрлі.
Көзімнің нұры көңілімде қалды іркулі.
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,
О досым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді», -
немесе
«Не күйде жүргенімді сезесің бе?
Мен сөніп баратырмын, сенесің бе?
Қан майданнан оралған жауынгермін,
Жарадан сау-тамтық жоқ денесінде...»
Адам баласы - жаратылысынан өзімшіл. Өйткені ол өз «менін» мойындату үшін өмірге келеді. Сондықтан оның табиғаты өзін де, өзгелерді де мойындамауға ұмтылады. Ал Мұқағали болса осының бәріне қарама-қарсы: өзгені былай қойғанда, өз бойындағы адамдық кемшілігі мен осал жеріне ата жауының көзімен қарап, өзін-өзі әшкерелейді:
«Аршалы сай!
Неғылған көркем едің!
Сол түні неге мені өртемедің?
Сол түннің қияметін есіме алсам,
Сенен де, өзімнен де жеркенемін».
Өз бойындағы олқылық пен кемшілікті мойындау - үлкен ерлік. Көбіміздің қолымыздан келмейтін ерлік. Біз мақтануға бейім тұрамыз. Демек, мақтануға бейім болмыс басқаларды мақтауға да үйірсек - әрине, шын жүректен шыққан ризашылық сезім емес, әншейін қолпаштау, ішінен жиіркеніп, сырт айналып түкіріп, алдына келгенде көңілінің кеңдігін алдарқатып «сен жақсы да мен жақсымен» күн өткеруге дағдыланған. Өмірдегі осы көлгірліктің өнер әлеміне енуі - халықтың соры. Себебі өнер - халық мұраты. Ал халық мұратына көлгірлік көрсету де, керісінше, сол мұраға татитынына кезінде қатыгездікпенен қараулық көрсету де - қылмыс. Тірісінде, таланты буырқанған дер шағында елемегенсіп қанша тұқыртқанымызбен, немесе арқасынан сипасаң, алдыңа қисая кетіп, сонан соң асыр салып өз құйрығын өзі қызықтайтын бала мысықтай еркелеткенімізбен, халық дананың жігіт көкірегі, жылдар өтсе де, өзі танып алады. Бірақ біздің нағыз өнер мен оған еліктеушілерді дер шағында тануға тырыспайтынымыз өкінішті. Тірі кезінде Мақатаевтың асқар тұлғасын төбе құрлы көре білмеген, жылы сөзімен творчествосына қамқорлық көрсете алмаған біз өлгеннен кейін жылап, еңіреген болып мақала жазамыз, сөйтіп, халық көкірегінен абыройлы мекен табуға тырысамыз. Осының бәрін басынан кешіріп, жанымен сезінген ақын жосаланған жүрегінен жыр сорғалатқан; адамзат болмысын әбден біліп, соның бір өкілі - өз болмысын әшкерелей отырып, бәріміздің табиғатымызды алдымызға жайып салудан жалтармаған. Өмір тек ойсыздар үшін ғана төрт жағы құбыла, көкжиектен күн сәулесі көрінген даңғыл жол; анау, тұлғасы заңғар көкпен тілдескен, мәңгі мұзды алып таудың баурайында не тіршілік болып жатыр, болмаса жолдың екінші жағындағы сыңсыған орман арасында қандай өмір бар, онан әрі аспаннан басқа биіктік жоқтай сезіндірер ұшы-қиырсыз жазық даланың үнсіз тірлігінде қандай құпия бар - айдау жолдың бойындағылар үшін осының бәрі бір, олар поэзия құдіретін сезіну бұйырмағандардай бақытты. Олар қашан да көп болғандықтан дүниенің бәрі өздеріндейлерден тұрады деген қағиданы тұтынады. Демек, жалпақ жалғандағы жақсы-жаманды, қараңғы мен жарықты түгел шолып, аспан астындағылардың бәрін сезінетіндер табиғаты оларға жат, ала қарғадай сирек - ендеше айдау жолдың екі езуіндегі таптанды көктен қанағат алмай, тұяқ баспаған шалғынды ғана іздейтіндерге қиынырақ. Мұқағали Мақатаев жырларында лирикалық кейіпкердің:
«Тілегім қайда менің көкке өрлеген?
Жүрегім қайда менің кек кернеген?
Жүремін неге бұлай бөктерде мен?
Білмеймін...
тек терлегем, тек терлегем.
Апырым-ай, бәрі бітіп қалғаны ма?
Жеткізбей арманыма, алдағыма.
Аяй көр, арманым-ау - ардағым-ау,
Үзілген үмітімді жалға мына», -
деп, қырқылмас құрсауда бұлқынған арыстандай жан ұшыра арпалысуы да сондықтан. Өйткені оның жаратылыс берген болмысы өзіне дейінгі, өзімен тұстас басқалардай тіршіліктің байырғы құбылысының бәрінен қанағат ала алмайды; тауға, тасқа шапқылағанымен, қоршауда қалған үйіріне бәрібір өзі оралатын асаудай бас үйренгісі де жоқ; шілдедегі көлеңкеде де сәби тәніндей діріл қағар жанымен ақпанға да, аңызаққа да жалаң төсін айқара ашып қарсы жүреді. Өзіне бұйырмаған бұйығы тірлікке де қызығады. Қажығаннан қызығады. Бірақ өз табиғатынан шығу мүмкін емес.
«Өмір өтіп барады ертеңменен,
Қайтем оны?
Жанбаған, өртенбеген.
Өзімнен өзім бүгін жиіркенемін,
Өмірде еш нәрседен жиіркенбеп ем».
Цивилизация дәуірі табиғат тылсымдарын қаншама талан-таражға салып, құпияларына қол жүгіртем дегенімен, жаратылыстың шым-шытырық әлемі бәрібір өзінің қалтарыс-бұлтарысты түкпірлерінен ешқашанда ада қылмай, қайта барған сайын құпия құдіреттің шарбысына орана түседі. Мақатаев поэзиясы да, алғаш бір сыдырып қарағанда, түйе жүн шекпен жамылған аңғал-саңғал қыр қазағының жан дүниесіндей қарапайым, кейде тіпті тым қарабайыр боп көрінгенмен, қайталап оқыған сайын, әлдебір беймағұлым ойларға батырып, адам жанының сан торапты құпияларына бастайды. Әлгі қарапайым деген жолдар, ентікпей еркін шығатын иек астындагы төбе құрлы көрініп, жақындаған сайын биіктей беретін құдіретті құздай дерсің. Бір таудың сілемдері қаншалық шұбатылғанмен, бір тасы екіншісін қайталамайтынындай, ақынның мол творчествосындағы өркеш-өркеш жырлар да жеке-жеке тұратындай ерекше, бірінен-бірі бөлек. Ақынның (жалпы творчество адамының) өсуі деген үлкен процестің бір тармағы осы болса керек. Біздің көбіміздің түбімізге жетіп жүрген - бір жайлаудың шұрайын көктем, жаз, тіпті күз бойы тұяққа тілдіріп, сонда да соны көгал іздеп, ат тұяғын талдыра жер қарауға бетімізден басатынымыз, сөйтіп, тамыры қырқылған жердің ақ шаңдағын қоныстанып мәз болатынымыз.
Мақатаев:
«Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Мына думан өмірге сыя алмаймыз.
Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз.
Өзімізді себебі жиі алдаймыз,
Өзімізден-өзіміз ұялмаймыз», -
деп, әр кітаптан келесі кітапқа келгенше, сан түрлі соқпақтарды өткеріп, мазмұнның да, тақырыптың да соны қонысын аласұрып іздеумен кеткені - кезінде ешқайсымыз үндемегенімізбен, сол үндемеуімізбен «осынау сәуле шашқан кең өлкеде, сірә, мен қаламын-ау көлеңкеде» деп ақынды өзіне-өзі күмәндануына мәжбүр етіп, «өзіндей өгейсіген мұңдыларға ақтарылғысы келетін» сәттерін көбейткенімізді бүгін өкіне-өкіне ойлағанымызбен - творчестволық өсу ақиқаты. Ал өсу дегеннің өзі, сайып келгенде, қанағатсыздықтан туады. Әдетте, біздің халықтың ұғымында бұл сөз «араны ашылған», «тойымсыз» деген ұғымдардың баламасы ретінде, құлаққа да, көңілге де жағымсыз естілері бар. Бірақ біздің әңгімемізде ақын жанының ылғи ұмтылуы, жеткен жерін қанағат тұтпай, жаңа биіктерді армандауы. Қанағаттану - тұралау, әлгіде айтқан сартап жайлаудың шаңдағында шыр айналу.
Ал Мақатаев болса:
«Бәрі де бар...
Басымда бәрі де бар.
Жан емеспін жарымжан дәріге зар.
Жетпейтіні жүректің әні болар,
Жетпейтіні - досым аз, сырласуға,
Өмірім аз, жетпейді бір ғасырға», -
деп, өлең-өзеннің дауыл құшқан тасқынды кеудесінде арпалысып жүріп, от шашып, шоқ бүріккен көкірегін бір жеңілдетуді армандап дос үйінің қоңырауын қаққанда есігін ашып, кері жаба салатын «жанашырлардан» өрт көңілі құздан құлай жүріп, әйтеуір, алға - анау жан біткен жете бермес тылсымды айдынның төріне ұмтылады. Аңқылдаған ақ көңіл ақынның сәби жанын «жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген, жақыныңның жат боларын кім білген» дегізген орта мен өмір - өздері-ақ өсіріп, өздері-ақ есейткен. Ақын жылай жүріп, тағдырына нала айта жүріп, өлең өрдің биігіне жарақаты мен жан азабына қарамай өрмелей берген.
«Жақсылықтың қимайсың қалдығын да,
Қарғысың ба, қалдырған жарлығың ба?
Мен дегенде жыландай жиырылып
Керісінше істейсің барлығын да», -
деп тағдырын тілдеуі де осындай өзек жыртар өгейсітудің салдары екені анық. Осылайша, «дауыл ұлып, толқын ұрған өмірдің кемесінде шайқала жүріп» тіршіліктен маза көрмей кілем тоқып, гүл өрген, біресе асқар таулардың шыңына ақша бұлт боп қонақтап, біресе қара жерге аспандай төніп, түнере жүріп ақындық дегеннің жазылмас дерт екенін ұққан, сол дерттің жан шыдатпас қызуына күйіп жүріп те:
«Мазалай бер, мазала, тыным берме,
Әбігерге сала бер ұрын кел де.
Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен,
Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де!» -
деп, әлі де бәрі аздай, істеген іс өнбей, түк бітірмей сенделме күй кешкендей қанағатсыз сезім иіріміне тереңдей берген, шулы жағалаудан жалғыз жырақтай берген. Жалғыздықтың, оның үстіне тылсым кешкен қатерлі сапар үстіндегі жалғыздықтың қасіретін қай сөзбен айтып жеткізерсің?! Көрсеқызар, жылтырақ пен жымысқы пыш-пышқа үйірсек көңілдердің жетесіне жете қоймас сөз құдіретінен жырақ аралда жатқан жоқ па?!
«Сағым боп аққан сан жылдар,
Сарсаңға мені салдыңдар.
Тағдырлас маған тағдырлар,
Қай жаққа кетіп қалдыңдар?
Сайрандап күнде келетін,
Саялы баққа барабар.
Сан етін ойып беретін
Қай жақта жүрсің, ағалар?!»
Жарық дүниеден жан таппай, өлең жалынын басар жер таппай, осылай жалғыз сенделген ақынды сенім ғана алға жетелейді, аумалы-төкпелі өмірдің алмағайып өткелдеріндегі серігі де - сенім.
«Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Сәл сабыр ет, ей, достым, жасымағын!
Доссызбын деп мен неге ашынамын?
Дос көп менде қашаннан, досым - халқым,
Қараймын да мен соған басыламын».
Ақынның алып жүрегі алданбаған. «Кішкене асудан да кедергі-кеселсіз өту бұйырмай, тірлігіндегі бар бақыты арманы мен сенімі» ғана болған Мақатаев творчествосының жан дүниесін тұтастырып, күрт кетірер күйректіктен, жел-құзға төтеп бермес желбуаз желпілден қорғалап тұрған алтын діңгек - ақынның жырларындағы туған халқына, ол қаншама көрсеқызар, қаншама құлап түскіш көңілшек болғанмен, деген сенім. «Мақатаев жырларында күйректік мол» дегенді тойған ешкідей тырсиып тұрған шаттық пен «қарның ашса - тамақ іш» деген пәлсапаға тойынып алған біраз жұрт күңкілдеседі. Өздеріне сенімі жоқтар өзгенің бәріне де күдікшіл, күңкілшіл келеді. Меніңше, Мақатаевтан асқан оптимист ақын жоқ.
Ал Мақатаев жырларындағы трагедиялық сарын неден, қайдан туған?
Өмірдің өзі әрбір есі бар мақұлық үшін күрделі кұбылыс екенін бізге дейін бастарынан кешірген естілер айтып кеткен. Әңгімеміздің басында біз де құр қалуды ар көріп, шолып өттік. Ал жер бетінде, арыстанның арыстан болғаны үшін көзін тырнағысы келіп, оның алып басына шапшыған мысықтай мияулағыштар тұқымы барда саны сирек арыстан құдіреттілерге тіпті қиын. Күш айбарын сынасар өзі теңдес алыптар да аз емес, бажылдаған ұялас мысықтар жан-жағынан құжынап, бірі - тірсегіне, екіншісі - омырауына жармасып әбден ығыр қылары бар. Әдебиет пен өнер майданында да дәл осы көрініс бағзы заманнан өшпес құбылыстай жалғасып келеді. Ондайлар өздері данышпансу үшін шын дананың бәрін құртуға бар.
«Сынауға тіптен құмар кім көрінген,
Әйтеуір, кінә тауып бір жерімнен.
Сырласып отырамын ондайда мен,
Мазасыз кұндеріммен, түндеріммен.
Өтсе өтсін,
Басыма бақ бұйырмай,
Тіл кесілмей тұрсын тек, жақ қиылмай».
Мұқағали Мақатаев ақынды да осылай күйзелдіріп, оған айлакер, арамзалардың, алаяқтардың аяғын көктен келтіріп матайтын Ақиқат атты елді, оған апарар жолды іздетіп сандалтқан, алауыздық сепкен арамдарға Ақиқаттың ақ сүңгісін қадайтын сәтті аңсатқан осы өзіміз періштесіп жүрген ортаның көрінісі емес пе еді?!
«Бірін-бірі толқындай атқылап жүрген тірлікте орнына қорқып жатып, орнынан қорқып тұрған» ақынның творчествосы үшін соғар қайран жүрегін сәт сайын солқылдатып тепкілеген, немесе тепкілеткен, қала берді осылай сезінуге мәжбүр еткен біздің бүгінгі жыламсырағанымыз не үшін, кімге қажет? Өзінің жүрегі жалындап, ақындық шабыттың дер шағында жүрген кезінде туған күнінде дуылдасып, ағалар төр басында отырып, іні-қарындастары сайып қырандай алып-ұшып жүгіруге жарамағанымыз:
«Тойланбаса,
Тойланбасын,
Не етейін,
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін», -
деуге мәжбүр етті емес пе?!
Мұқағали Мақатаев жырларында жалпы халық, партия, Ленин, Отан тақырыбы ерекше орын алады. Бұл тақырыптағы туындылары ақын идеалының мөлдір шыңы, оның болашаққа деген сенімінің қуатын аңғартады. Оның «Мавр», «Ильич», «Большевиктер» және де басқа туындылары азаматтық тақырыпқа жазып жүрген көпшілігіміздің жырларымыздан анағұрлым еңселі де астарлы, себебі, оның әрқайсысында жерошақ айналасында жүріп бос қызықтамай, шындықтың қайнап жатқан қазанына батып, саяси-қоғамдық күрестің биік парасатын ынты-шынтымен ұғынудан туған ойлы жолдар, түйдек-түйдек қуатты шумақтар жатыр. Қазақ әдебиетінде Ленин, Маркс туралы мұнша әзірлікпен, түсінікпен ішкі тебіреністен туған күрделі шығармалар болған емес.
Мақатаев творчествосы - кең де күрделі дүние. Ондағы махаббат, әйел, табиғат, туған жер, ұрпақ секілді творчество тақырыптарының әрқайсысы өз алдына зерттеп, үңілуді қажет ететін, түрен салынбай жатқан даладай тың. Менің бұл жазып отырғаным ғылыми-зерттеу еңбек емес, өзімнің Мақатаевтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген екі томдық шығармалар жинағын оқып шыққаннан кейінгі ой-пікірлерім мен ақынға деген, оның аруақты жырларына деген сезімімді білдірер мақала ғана.
Мен биыл жұмыс бабымен Шымкент облысының Мақтаарал, Жетісай аудандарында болғаным бар. Өзбекстанның Гагарин қаласына да аз мезгілге соқтым. Жүрген жерімнің бәрінде де кітап дүкендерін араладым. Жұрттың аузындағы «Мұқағалидың екі томдығы шығыпты, ала алмай қалдық», «Үлкен таныстықтың күшімен әйтеуір алдым-ау», «Шымкенттегі кітап базасында бір танысым бар еді, соған барып қайтпасам» деген үзік-үзік сөйлемдерден ақын жырларының су мен ауадай қажеттігін аңғарасың.
«Жазушы» баспасы жақсылық жасаған. Жақсы жырға сусаған халық Мақатаевтың екі томдық шығармалар жинағын алып, құмардан шыққандай, баспадағыларға шын алғысын айтуда. Осы томдарды оқып шығып, өз толғанысымды жазу үстінде маған біраз ойлар келді.
Кітаптардағы ірілі-ұсақты шығармалардың жазылу жылдарын көрсетуге болатын еді. Бұл - ұрпақтар үшін қажет. Жүйрік жылдар екпініне ілестіріп кешегі мен бүгінгінің бәрін тарихқа айналдыруда. Қолжазбалары мен көз көргендердің бар кезінде өлең, поэмалардың жазылу даталарын анықтау мүмкіндігі молырақ кезде, аз-мұз қиындықтан қашпау керек еді. Мақатаев шығармаларының арасындағы «Жан азасы» секілді шоқтығы биік, көлемді де көркем туынды - ақын дүние салғаннан кейін ғана жарық көрген «Райымбек, Райымбек!» поэмасы. Осы поэма екі томдық шығармалар жинағынан орын алуға тиіс еді.
Үшіншіден, Мақатаев туралы естеліктер жинағы мен творчествосындағы ерекшеліктерді, ақын табиғатын ғылыми тұжырымдайтын әдеби еңбектерден кітап шығару да ерте емес. Біз көбінесе той өткесін даңғыра соғып жүретін халықпыз. Мақатаев қана емес, орны бар, өз биігі бар деген қазақ өнер иелері туралы естеліктер кітаптарын шығарудың ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор болар еді.
Төртінші бір ой - халқымыздың әдебиеті мен өнері тарихындағы үлкен-үлкен тұлғаларға - Сүйінбай, Сүгір, Құрманғазы, Дина, Сара, Ақан, Біржан, Ахмет, Кенен, Бейімбет, Қасым, Тайыр, Мұқағали, тағы басқа - ескерткіш салуды ойластырған артық болмаса керек.
Қазақ топырағы қашан да талантты тұлғалар туғыза білген. Тек олардың әрқайсысын тым болмаса өмірінен кейін қастерлеу, әлем жұртының мұрасына айналар творчестволарын өз дәрежесіне көтеру - тірі ұрпақ парызы. Олар өз жасайтындарын халқы үшін, туған топырағы үшін жасап кеткен, ескерткіштерін де өздері қолдан құйып кеткен. Ал оларды жарқыратып көрсете білу - бізге сын.
Мұқағали Мақатаев - осындай, ұрпақтар ілтипатына лайық тұлға. Ол «алабұртқан таңдар мен қарауытқан таулардан, қасы мен досынан, тіпті жоғалып кеткен замандардан да, арман мен сағыныштан да» поэзия пырағын іздеумен ғұмырын жастай сарп етіп, ақындық бақытқа талпынып қол сермеумен өтсе де, өз халқына, туған жұртының ұрпағына деген сәуле-сезімді жүрегінен өшірмей кетті.
«Жылдардың ұзаруда тізбектері,
Жыл өтті,
Бара жатыр күз де өткелі.
Қыс та өтер,
Қыспен бірге мен де өтермін...
Бақытым жүрсе болды іздеп мені», -
талант тылсымы мен тіршілік тауқыметін қалжырай жүріп сең кешкен, сең кеше жүріп жарқ еткен сәуле біткенге бақытым деп жан ұшыра ұмтылған ақынның ағыстар мен толқындар иірімдерінен тұратын жан дүниесі барлық достары безінгенде де, өксіктен өртеніп езілгенде де жыр жолдарынан ғана жанашыр тауып, салқын ақыл мен сарабдал сана да тоқтата алмай, ақыры өртті сезімін кімге төгерін білмей өртеніп кеткен, сол жан өрті, жүрек алауы барған сайын көкжиекті тұтас шарпып, жылуын аймаққа таратуда.
Мұқағали ұмтылған бақыт сол алауды біржола межеге алып келе жатыр.
ҮШІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС
Адам баласы көзі тірісінде бір-бірін қадірлей алмаудан өмір бойы опық жесе де, қорытынды шығармайды. Бір-біріне деген енжарлықтың зардабы жанашырлық пен мейірімнің нәрін сорып азайтуға қалды. Бірақ жан дүниесі тар, көңіл кеңдігі жоқ деп ешкім жазғырылмайды. Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін. Ылғи кездейсоқ кездесіп қалудан тұратын таныстығымыз, бауырластығымыз мәңгілік үзілместей көргеніме өкінем.
«Қазақстан пионері» газетінің редакциясы бұрынғы Коммунистік проспекті мен Гоголь көшесінің бұрышындағы үйден М. Горький мен Пролетар көшесінің бұрышындағы 9 қабатты жаңа салынған үйге көшті. Сағат 14-00-де Орталық комсомол комитетінің секретариатына баруым керек болып, түскі үзіліске ертерек шықтым. Көктем еді. Күн ашық, жылы. Есік алдында тұрған редакция машинасына отыра беріп ем, қай жағымнан келіп қалғанын білмеймін - Мұқағали жетіп келді. Мұқағалиды көріп кері түстім де, машинаның артқы есігін ашып:
- Отырыңыз! - дедім. Тағы да ішкенге ұқсайды. Соңынан екі-үш адам жүгіріп келе жатты. Мен машина есіктерін жауып, сыртынан ашылмасын деп, ішкі жағындағы тетіктерді басып қойдым. Ойым - ана кісілерден бөліп алып, үйіне апарып салу. Әлгі жанындағылар мені көріп, машинаға жармасуға батылдары жетпей, аңтарылып қала барды.
- Аға, үйіңіз қай жерде? - дедім машина қозғала бергенде. - Апарып салайын...
- Үйге апаратын болсаң, әуелі бір шыны қызыл арақ ал, - деді. Жанымда бір тиын жоқ: ертемен кешегіден басқа бешпетімді киіп шығып ем, тиын-тебеннің бәрі үйде қалыпты. Машинаны жүргізуші Валентин адамның көңілін айтпай ұғатын аса сезімтал адам еді. Жалғыз-ақ айыбы - ішкенді жақсы көретін. Бірақ керемет жақсы адам.
Сыбырладым. Бір жерге тоқта да, машинадан шық - айтатын сөзім бар дедім. Түсіне қойды.
- Қазір мен үйге барып, ақша алып шығуым керек, сен бір дүкенге кіріп, екі шыны қызыл арақ ал, сосын мына кісіні үйіне апарып саламын, қазақтың ұлы ақыны, - дедім. - Бірақ біздің үйдің жанына барғанда, біздің үй екенін айтпа - үйге кіріп шықпай жүруі мүмкін, ал мен сағат 14-00-де жиналысқа баруым керек.
Сонымен екі шыны қызыл арақты екі қолыма алып, Мұқаң айтқан адреске келіп тоқтадық. Есіктің қоңырауын қақты. Арғы жағынан есік ашылды да:
- Тағы ішіп келдің бе? - деген әйел адамның ренішті үні естілді. Мен екі қолымда екі шыны арақ ұстаған күйім Мұқағалидың артында тұрмын. Ол үйдегі жеңгемізді бұрын көрген емеспін.
- Әй, айқайлама, біздің үйге кім келгенін білесің бе? - деді, есік ашқан тұлғалы әйелге қарап.
- Жоқ, білмеймін.
Әйелдің даусында ренішті үн, көңілі қалғандай, ығыр болған кейіп менің төбемнен суық суды құйып жібергендей әсер етті.
- Фариза келді! - деді Мұқағали дәл аспаннан түскен адамды таныстырып тұрғандай.
Менің атымды естігесін жеңгейдің жүзіне жылу жүгірді. Шамасы, Мұқаң үйде айтып отыратын болса керек. Әйтпесе, талай ер-азамат ақынның талай әйелінің, күйеуінен кем емес өлең жазып жүрсем де, маған бір қылмыскерді көргендей алая қараған шанышқы жанарларын өңменімнен өткізгем.
Ас бөлмеге кірдік.
- Мынау екі шыныны Фариза алды маған, өзі ішпейді. Біреуін ашып, маған құйып қой, Лашын! Ал, үйде нең бар - құрт бар ма, көже бар ма - бәрін әкел дастарқанға! - деді де, өзі төргі бөлмеге кетті. Оқушының екі көк дәптерін алып, ас бөлмеге енді. Мен отырмын. Жеңгей үйдегі барды дастарқанға қойып жатыр. Мен Мұқағали шығып кеткенде, Лашын жеңгейге қалай кездескенімді, өзімнің асығыс екенімді айтып үлгердім.
- Міне, көрдің бе - мынаның бәрі жаңа өлең, Фаризажан! - деп Мұқаң дәптерді менің алдыма қойды да, екі қолымен иығымнан қапсыра құшақтады. Біраз тұрды. Бағанағы қызу күйінен белгі де қалмағандай.
- Сен асықпа, түстікті жеңгеңнен іш! Мен саған өлең оқып берем! - деді. Мен көмек сұрағандай жүзбен жеңгейге қарадым.
- Ау, жарқыным, өзі әлжуаз көрінеді, иығынан алсаңшы қолыңды! - деп, Лашын жеңгей менің күйімді бірден ұға кетті.
- Жиналысы бар көрінеді, баяндама жасайды екен, бір-екі өлең оқы да, Фаризаға рұқсат бер!
Мұқағали өкпелеген баладай отырып қалды.
Келер жылы көктем шықты. Редакцияда отыр ем, телефон соғылды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов екен.
- «Балалар кітабының әлемдік апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң, дұрыс болар еді, - деді.
Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакция хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова бес-алты хат әкеліп берді.
- Сізге арнап жазылған хаттар, - деді.
Арасында біреуі тым қалыңдау екен. Балалардың, ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды, сыртына адресті қазақша жазыпты. Ол кезде конверттің сыртына қазақша жазуға болмайды, тек орыс тілінде жазылады. Соңғы жағында адрес көрсетілмеген - шиырып қол қойылыпты. Ашып қарасам, колмен жазылған өлең.
«Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!» - деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар. «Бұны кім жазуы мүмкін?» - деген оймен бірінші парақты оқи сала, шыдамай алты бет өлең-хаттың соңына көз жүгірттім. Мұқағалидың өлең-хатын алып, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге келіп, жолға жинақталып жатсам, кешкі сегіз жарымның шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен.
- Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып, мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада... - деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйледі.
Мен хатты бүгін ғана алғанымды, өзім Жазушылар одағының тапсырмасымен түнде жолға жүріп бара жатқанымды айттым.
- Көп сәлем айтыңыз, келген бойда өзім барамын, - деп хош айтыстым.
Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен со жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім.
Мен өзімнің ойсыздығымнан өмірімде осымен екінші рет өкініш азабын тарттым.
Ең алғаш, институт бітіргеннен кейін, мені жақсы көрген Нұрат деген жігіттің қыршынынан қиылар алдындағы көңіліне медеу бола алмағаным. Ауруханада жатыр екен. Мен бір жаққа кетіп ем, үйге келіп ауру екенін ести сала, бардым. Екі беті албырап, жанарымен ішіп-жеп, әңгімелескісі келіп, төсегінен басын көтерді. Мен оның парасатын, адамдығын сыйлағанмен, жақсы көрмейтінмін.
- Тезірек жазылып кет, - деп кетуге ыңғайлана беріп ем, жігіт алқынып:
- Фари, отыра тұршы, он минут отыршы, - деп жалынды.
Мен өтінішіне мән бермей, қазір дәрігерлер келетінін айтып, тағы да келіп тұруға уәде беріп, шығып кеттім. Содан үш сағат өткенде, аурухана төсегінде қайтыс болып еді. Сол жолы бір өкінгенім әлі есімде болатын. Енді, міне, Мұқағалидың хатына, жеңгеміздің хабарына мән бермей, желкілдеп кете бардым.
Бакуде бір жұмадай болдым. Көп ұлтты совет әдебиетінің балаларға жазатын өкілдері, шет ел әдебиетшілері Каспий жағалауындағы қалаға жиылып, өлең оқып, бүлдіршін оқырмандармен жүздесіп, ырду-дырдумен уақыт өтіп жатты. Үйге, балаларға, амандық білуге хабарластым. Наурыздың 28-і күні ғой деймін.
- Кеше Мұқағали ағай қайтыс болыпты, - деді үйдегілер. Мен аласұрдым да қалдым. Алматыға ұшуға билет жоқ. Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым.
Мұқағали ақынның маған арнаған өлең-хаты халық арасында көп аңыздар туғызып, түрлі хикаяларға желі болып келеді. Мұнда менің ешқандай «еңбегім» жоқ - бұл - халықтың өзінің ұлы перзентіне деген махаббатынан туған аңыз-әңгімелер.
Ал Мұқағали мен менің арамда болған сыйластық, қимастық, түсініктің бар емірбаяны - жоғарыдағы.
Тағы бір әңгіме - Мұқағали екеуміздің 1984 жылы Қазақ ССР-нің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына қатар ұсынылуымыз хақында.
Мені Мемлекеттік сыйлыққа бұған дейін де бірнеше рет әр түрлі ұйымдар ұсынған, бірақ бір де-біреуі сыйлық жөніндегі комиссияның тізіміне іліккен жоқ еді. 1972 жылы, «Мазасыз шақ» деген кітабым шыққанда, Талдықорған облыстық комсомол ұйымы республика комсомолының сыйлығына ұсынды. Одан кейін комсомол сыйлығына «Асау толқын» жинағым ұсынылды, ол да хабарсыз кетті. «Шілде» деген кітабымды Жамбыл педагогикалық институтының коллективі Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығына ұсыныпты деп естідім. Мұнда да тізімге ілінбедім. Екі жыл өткесін (мемлекеттік сыйлық та, комсомол сыйлығы да екі жылда бір беріледі) қазақтың қыздар педагогикалық институты «Сенің махаббатың» атты кітабымды тағы да Абай атындағы сыйлыққа ұсынды. Бұл жолы да үнсіз қалды.
Сөйтіп жүргенде, Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакция ұжымы (журналистік творчествомды бір кезде сонда бастағам) газет-журналға шыққан «Революция және мен», «Маңғыстау монологтары», «Үйім — менің Отаным» топтама өлеңдерімді 1984 жылғы республика мемлекеттік сыйлығына ұсынған екен. Сол жылы марқұм Мұқағали Мақатаевтың «Шолпан» жинағы да сыйлыққа ұсынылды. Мен бұрын сыйлыққа ұсынылыпсың дегенді естігенде, жастық па, қайдам, алғанымды тәуір көріп, іштей дәмеленіп, кейін қайта-қайта ләм-мимсіз қала бергесін, көңілім тоқтап, дәметуді мүлде қойғам. Бұл жолы да селт етпедім. Қуаныш дегеннің өзі де өзінің кезінде келсе ғана қуаныш болады екен. Әбден көңіліңді қалдырып, жерге қаратып алғасын соңынан алтын берсе де рақатқа кенелмейді екенсің. Мұқағали алады деген берік сенімде жүрдім. Сол жолы «Лениншіл жас» газетіне алғы сөзіммен қоса «Мақатаев туралы жыр» атты өлеңімді бастырып, ақын творчествосы Мемлекеттік сыйлық алса деген ақ ниетімді білдіруді жөн көріп едім. Менің өзім де сол сыйлыққа Мақатаевпен қатарласа ұсынылып отырғаныммен, «өзім алсам екен» дегендей үнсіз қалу мен үшін қылмыстай көрінді.
Мақатаев творчествосы сыйлық алмайды деген ой ешбір жөні түзу қазақтың ойына келген емес. Басқамыз алмасақ та, Мұқағали творчествосының сыйлыққа бірден бір лайық екеніне берік сенімде жүрдік. Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин және басқалар да сол жылы «жарысқа» қатар түсті.
Бір күні «қайтыс болған адамдарға сыйлық берілмейді деген шартпен Мұқағалиды алып тастапты» дегенді естідім. Бұл – желтоқсан айының бас кезі. Мұны естіп, отыра алмай, «Жалын» баспасында бас редактор болып істейтін, Мұқағали творчествосының жанашыры Бексұлтанға (Нұржекеев) жетіп бардым. Жиналыс болып жатыр екен. Күттім. Жаным шығардай жанталас күйде отырмын.
- Бір әрекет істеуіміз керек, бәріміз бірдей қол қусырып отырып, Мұқағалиға сыйлық берілмейтін болса, елдің алдында өлгеніміз және бізді, тірілерді аруақ атады, - дедім естіген хабарымды жеткізіп.
Екеуміз енді не істейміз деп іштей сенделіп біраз отырдық.
- Мен Назарбаев жолдастың (Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі) қабылдауына барайын, - дедім Бексұлтанға. - Бірақ аузы дуалы деген қазақтарға айтып, хат жаздырып, бәріміз қол қояйық, сол хатпен барған дұрыс шығар.
Хаттың сұлбасын қағазға түсірдік. Мұса Жәлел, Николай Островский секілді ақын-жазушыларға барлық сыйлық қайтыс болғаннан кейін берілген. Сыйлыққа ұсынылғандарды алып тастаңдар демейміз, Мұқағали үшін үкімет тарапынан қосымша сыйлық бөлінсін, әйтпесе бәйгеге салып тұрып берілмесе, үкімет пен партияға да, сыйлық жөніндегі комитеттің беделді мүшелеріне де үлкен сын деген ойларды жазып алып, екеуміз үй-үйді аралауға шықтық. Әуелі Әбділда ағамыздан бастап, Нұрғиса, Қадыр, Шерхан және Бексұлтан екеуміз қол қойып, мен Министрлер Советі председателінің көмекшісіне келдім. Қабылдау бөлмесі толған адам. Сол жылы қыс қатты болып, республика көлемінде ғана емес, Алматының өзінде де жылыту жүйелері жарылып, ызы-қызы болып жатқан. Көмекші жігіт Нұртай Әбіхаев әбден тыңдап алды да:
- Сізді председательге кіргізе алмаймын, - министрлермен, орынбасарларымен, басқа да шаруашылық басшыларымен мынау жағдайға байланысты жиналыс өткізіп жатыр және бүгін түнде Душанбеге ұшуы керек. Бірақ мына хатыңызды табыс етемін және өзіңіздің ауызша айтқандарыңызды жеткіземін, - деп шығарып салды.
Ақыры сыйлық Мүқағалиға берілмей, Жазушылар одағы жанынан жыл сайын талантты жастарға берілетін М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық белгіленіпті.
Бұл жайға халық қатты назаланды, тіпті Қызылорда, Шымкент, Гурьевтен маған әдейі келіп, анық-қанығын сұраған жанашырлар да болды. Бұл да - Мақатаев творчествосының қарапайым оқырмандар тынысына сіңіп кеткендігін, яғни шын мәніндегі халықтығын көрсететін ақиқат. Әрине, сыйлыққа ие болған менің және басқалардың аяқ астынан таланты артып, немесе керісінше, сыйлық тимеген Мұқағали творчествосының ұлылығы аласарып қалған жоқ. Бірақ бұл мені ыңғайсыз жағдайда қалдырған оқиға болды. Мұқағалидың ең бірінші жанашыры мен деп ұғатын халық алдында, әншейінде Мұқағали деп жан ұшырып жүгіріп, сыйлық бөлісуге келгенде, үн-түнсіз өзім иеленіп кеткен арсыздай көріндім-ау деген ой жегідей жеді. Әрине, түсінетін адамдар түсіндіріп жатпай-ақ бар жағдайды үнсіз ұғысты.
Мұқағали ақынмен арамыздағы шындық тарихы осы еді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.