Жазушының жан-жүрегі деген де таңғажайып бір әлем. Қаламгердің сан алуан әдетіне, тіпті, кейде өте тосын, «біртүрлі» оғаш та көрініп қалатын дағдысының өзіне қызығушылық танытатынымыз сондықтан шығар. Мәселен, бір сәт сонау алыптар тобының өкілі, күрделі тағдыр иесі, әйгілі сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің іс машығына көз салсақ, талай қызықты құбылысты аңдап, таңданар едік.
Ертеректе кімнен естігенім есімде жоқ, Ғабеңмен ежелден жақын жүріп, заңғар суреткердің тыныс-тіршілігіне куә болған ақсақалдардың бірі жазушының жекелеген әрекеттері жайын айтып қалғаны бар-ды. Қаламгер жұмыс процесінде ойға кейіннен оралған сөйлемдер жазулы қағазды қайшымен қиып, шығарма мәтінінің екі жағына тұс-тұстан желімдеп жапсырады екен; бұлардың қай жерге орналасатынын нұсқар (стрелка) арқылы көрсетеді. Ақыр аяғында осындай «процедурадан» соң негізгі парақ олақ сойған малдың терісіндей алба-жұлба дүниеге айналмақшы. Міне, жазушы мұндағы барлық тексті сонау қосымшаларымен бірге қайтадан әдемілеп көшіреді. Бұдан соң әлгі «тері пұшпағын» далаға апарып өртеп, ол әбден жанып біткенше ойлана қарап тұрады...
Бірақ жазушы әр кезеңдерде өзінің жұмыс тәсілі туралы берген сұхбаттарында дәл мұндай сырды ешбір ашпайды. Сол себептен, бұл төңіректегі шындық шегіне жете алмаймыз. Әйтеуір, о кісінің осындай тәсілі үнемі болмаса да, арагідік қайталанған секілді...
Әлбетте, заңғар жазушы лабораториясының жұмбақ беттерін оқу оңай емес. Ғабең өзі де жазушы, ғалым Рымғали Нұрғалиевпен арада өткен бір әңгімесінде: «...ұнамаған нәрсені өшіріп, қайта жазам. Мүсірепов шығармашылығының болашақ зерттеушілері сөйлем варианттарын іздеп таба алмас. Қолжазбаларымда қандай азап шеккенімді өзім ғана білемін» – депті. (Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер. Құраст. С.Оразалы. Алматы: «Білім», 2004. – 321-б.).
Оның үстіне көзі тірісінде-ақ классик атанған бір өзі бір планета... прозашы, публицист, драматург, киносценарист, этнограф, тарихшы, сыншы-эстет, өнертанушы, әдебиет зерттеушісі, тілші-лингвист Ғабит ғаламының тұңғиығына терең бойлап, шығармашылығының қалтарыс-қырын толық ашу мүмкін де еместей.
Жазушы іс үстінде не киім киген, қандай сусын ішкен, отырып жазған ба, жоқ әлде екпеттеп жатып немесе түрегеліп тұрып еңбектенген бе, үзілістегі ермегі нендей... деген сауалдар да елеңдетпей қоймайды.
Қазақтың кейбір жазушыларының, мәселен, жаз мезгілінде тау бөктеріне үй тіктіріп, кең шапанға оранып, бесті қымыздан тарта отырып жұмыс істегенін білуші едік. Бір табақ ет жеп алмасам қолым жүрмейді, яки керісінше, жарау аттай ашқұрсақ отырмасам түк бітіре алмаймын дейтін қалам иелерін де көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Ғабеңнің де өзіне ғана тән жазу машығы болғаны түсінікті.
Бұ кісінің өзге қаламгерлерден басты ерекшелігі – айрықша талғампаздығында, кірпияздығында шығар. Шөкімдей алтынға бола тау қопарылып, тонна-тонна порода шығарылатыны секілді, Ғабеңнің өзі де, жоғарыда аталғандай, бір парақ таза материал алу үшін екі-үш бетті жазып қайта өшіретінін, ақыры оның жыртылатынын айтқан. Нақтырағы, жазушы жүз елу бет қолжазбадан қырық бес беттей ғана қалдыратынын әңгімелеген. Тіпті, бірде «Өмір ертегісі» деп аталатын романын бірталай тұсына келгенде жағып жіберіпті. Көңілінен шықпаған болу керек.
«Мен өзім жазбауға болмайтын жағдайда қолыңа қалам ал, сонда ғана жүректен шығады дейтіндерді қолдаймын» – дейді бір сұхбатында. (Әшімбаев С. Талантқа тағзым. Әдеби-сын мақалалар. Алматы: Жазушы, 1982. – 204-б.). Тағы бірде: «Шығарма деген кейде бір жылда, кейде он жылда қаламгер жүрегінде пісіп шығады. Ішкі ағыстар күшейген кезде қағазға түспек» депті. (Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер. – 321-б.).
Бұдан жазушының өз-өзін аса қинамағаны, көлем қумағаны, шығармашылық күшті лайықты, барынша табиғи қалыпта пайдаланғаны байқалады. Яғни, сөзді оңды-солды сапырмай, тереңнен маржан терген. Бұқара көпшілікке сөз өнерінің жаухары мен жақұтын ғана ұсынған. Бұл – оқырманға деген асқан құрметтің де белгісі. «Ғабит Мүсірепов шығармашылығы – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна... Оның шығармашылығы әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді». (Академик Рымғали Нұрғалиев). Сөйткен Ғабеңді мақтауға сараң Бауыржан Момышұлының өзі «ювелир жазушы» деп мойындаған екен...
Ғабит Мүсіреповтің біршама ұзақ ғұмырында алғаш уәкілдік жұмыста, бертініректе атқамінерлік, лауазымды қызметте көбірек жүргені мәлім. Мұның шығармашылыққа тигізер залалы да орасан. «Біз қалам тартқан кезде қазіргідей жағдайлар түске де кірмейді. Күндіз кеңсе қызметі, аласапыран заманның ауыр шаруалары. Аядай бір бөлме үй, бала-шаға, қонақ. Сен бірдеңе шимайлайды деп олар ұйықтамай ма. Қайтсең де жазу керек. Сондықтан абыр-сабыр басылып, ел жатқан соң, шымылдықтың артында бір бұрышта, түнгі сменадағы жұмысшы секілді жазуға отырасың. Сол қиын кезеңдегі өмірдің дағдысы кейін жағдай түзелгеннен кейін де қалмай қойды». Бұл да жазушы «ұстаханасынан» біршама сыр аңғартатын Ғабеңнің сөзі.
Ғабит Мүсірепов алыс шетелдерге көп сапар шегіп, жер жүзін түгелге жуық аралағаны да белгілі. Өз айтуынша, Америка мен Австралияға ғана бармапты. Мұндай саяхаттардың пайдасы ересен болғанымен, қалыпты жұмыс ырғағын бұзатыны да аян. Іске қолбайлау келтіретін тірліктің өзге де күйбеңі біте қоя ма.
– «Оянған өлке» романының жалғасын, екінші кітабын қашан бітіресіз? – деп сұрайды тілші. Ғабең ағынан жарылыпты:
– Бұл сұрақ кәрі қызға неге күйеуге шықпайсың деген секілді. Жазбайын деп жүрмін бе? Жазбай жүрмін бе? «Оянған өлкенің» бірінші кітабы сегіз айда жазылды. Бес айы Қарағандыда, үш айы – Алматыда, тауда. Оның есесіне екінші кітабын отыз жылдай созып келем. Әдейі, қасақана созып созып жүр деймісің. Бірталай ойды, жиған-терген, тоқығанды «Ұлпан» қағып кетті. Біреулерге кішкентай нәрсе көрінер, өзім үшін «Кездеспей кеткен бір бейне», тіпті, күні кешегі «Достар қалжыңы», «Жаңбырлы түнде», «Майралар» ұсақ дүние емес. Сүйіп жазған нәрселерім. Әр шығарманы өзіне лайық қалыппен, бұрынғыларға ұқсамайтын қалыппен құйғым келеді. (Ғ.Мүсірепов туралы естеліктер. – 323-б.)
Бір кезеңдері күнделік жазуға кірісіпті. Оның себебін: «Ұмытшақтық қоюланып келеді. Сондықтан кейбір керекті нәрселерді кезінде еске түсіру үшін бұдан былай күнделік жазуды дұрыс көрдім. Ұмытып кетіп жазбай қойсам пайдасы тиер. Сол үмітпен! 1970 жыл» – деп түсіндіреді. (Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана тілі, 1997 жыл).
Ғабеңнің аңкөстігі де әуелден белгілі. Бұған, әдетте, ауыр жұмыстан қажығанда сергу, бой жазу үшін шыққан сияқты. Кейде он бес-он алты шақырым жерді жаяу шарлап, далада қос тігіп, қона жатып, төрт-бес күн табиғат аясында жүріп қайтуды әдет қылған. Ара-арасында суға түседі, балық аулайды. Осы арқылы ширайды, қуат алады, қанаттанады. Шабыттанады. Жазушының шығармашылығына нәр беретін өзге де әуестіктері баршылық.
* * *
Біз сәті келгенде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры, белгілі ақын Әліғазы Қайырбековке осы бағытта бірқатар сұрақ қойдық:
– Ғабең әдетте қара қарындашпен жазғанын білеміз. Арасында сия-сауыт қолданған кездері бар шығар? Және көбінесе төте жазу емлесін қолданыпты. Сондай қолтаңбасы сақталды ма екен? Дәптерлері бар ма? Қандай қағазға жазуды қалаған?
– Иә, Ғабеңнің жазу үстелінде оншақты ұшталған қара қарындаш, өшіргіш және ақ парақтар алдын-ала дайындалған. Төте жазумен жазған. Жұмыс барысында сөзден, әріптен қате кетсе, оны қолма-қол өшіргішпен өшіріп, түзеп жазып отырған. Сондықтан жазушының қолжазбасында сызылған, шимайланған, үстінен түзетілген сөздер өте аз, тіпті, кездеспейді десек те болады. Бұған дәлел – «Жат қолында» романының түпнұсқасы. Маржандай тізілген араб әріптері көп жұмбақты бүгіп жатқандай. Қойын кінежкелері сақталған. Кезінде оны профессор Әбділхамит Нарымбетов ұзақ жылдар бойы зерттеп, зерделеп, «Күнделік» атты кітабын құрастырып шығарған болатын (1997 ж.). Жазу үстелінде сия сауыты мен қаламы да тұр. Өзі айтпақшы, оны да «ресми жазуларға» пайдаланған.
– Қаламгердің белгілі жұмыс кестесі болған ба? Күніне неше сағаттай жұмыс істеді екен және шамамен қанша беттен жазған?
– Шығармашылық адамының жұмыс кестесі болмауы мүмкін емес. Бірақ ол мектептегі сабақ кестесіндей нақты болуы екіталай. Ғабең көбінесе аз жазса да саз жазуды мұрат тұтқан жазушы. Соған қарағанда, жұмыс өнімділігі сағатпен, парақпен өлшенбеген сияқты. Сағат Әшімбаевқа берген сұхбатында: «...енді бірде көкейге кептелген ойлардың тасқыны алып кеткенде он сағатқа дейін жазып отыра беремін» (1972) – деген.
– Ғабеңнің темекі тартқанын білеміз. Ал тамақтану әдеті қандай екен?
– Иә, шылым шеккен. Жастау кезінде «Казбек», кейіннен «Беломор-канал» папиросын ұнатқан. Мүштікпен де тартқан. Музей қорында сондай мүштіктері сақталған. Жанашыр інілерінің бірі Ғабеңнің темекіні көп тартатынын байқап, осыны қойсаңыз қайтеді дегендей мағынада ұсыныс айтатыны бар. Сонда Ғабең: «Өзің айтшы, жас ет ұзақ сақтала ма, ысталған ет ұзақ сақтала ма?» деп қарсы сұрақ қойып, жауаптан тайқып кетіпті. Өзі кербез адам, тамақтың да дәмдісін таңдап, талғап пайдаланған. Жылқының еті, қазы-қартаны ұнатқан...
– Бап тілеген бе? Ойлану-толғану, материал жинау процесі қандай еді? Ұзақ толғанып жылдам жазған ба, әлде керісінше ме?
– Бұған жауаптыСәбит Мұқанов өзінің тамаша естелігінде тайға таңба басқандай жазып қалдырған. Сәбең бүй дейді: «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды; сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші – жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадары жеткенше, олпы-солпысыз шығарады; бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауға, қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі».
– Жаңа туындысының әсерімен әдетте кімдермен бөліскен?
– Әрине, ең алдымен әдебиет сыншыларының әділ бағасын күткен. Бірақ, көбінесе бастан-аяқ мақтауға құрылатын, қолпаштауы көп мақалаларға көңілі толмайтынын да ашық айтады.
– Түрегеліп тұрып немесе екпеттеп жатып алып жазатын қаламгерлер бар. Бұл жағынан Ғабеңнің ерекше әдеттері бар ма?
– Ғабең жасы ұлғайған кезде, үнемі отырып жазудан шаршайтын болар, түрегеліп тұрып оқуға, жазуға ыңғайлы үстелді арнайы тапсырыспен жасатады. Сол үстелі музейдегі жұмыс бөлмесінде тұр. Келушілер: «Сонда жазушы түрегеліп тұрып жазған ба?» деп таңырқай сұрайды. Осы үстелдің көшірмесін жасату үшін Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы арнайы тапсырыспен өлшемдерін сұратып алған болатын.
– Өзінің «Қазақ солдаты» романын екі-үш рет қайта өңдеп жаздым» дейтіні бар ғой. Қолжазбасының бұрынғы нұсқалары сақталған ба?
– Жоқ. Баспаға ең соңғы нұсқасын ғана ұсынып отырған. Кітаптары қайта басылған кезде жасаған түзетулерін өзіндегі авторлық данаға түсіріп отырғаны байқалады. Ол түзетулерін мұқият қадағалаған.
* * *
Қарап отырсақ, Ғабит Мүсірепов шығармашылық лабораториясын айқындайтын біршама дүниелер бар. Жазушының жан-жақты қырын ашатын ғылыми еңбектер жазылғанын да білеміз. Дегенмен, мұның бәрі алып сөз зергерінің келбетін мейлінше толық ашуға әлі де болса аздық ете ме деп ойлаймыз. Әлем әдебиетінде әйгілі суреткерлердің көркем-ғұмырбаяндық портретін кестелеу үрдісі бар. Күндердің күнінде Ғабең ұстаханасы туралы да сондай кәсіби деңгейі биік, жүйелі, тартымды кітап жазылатыны анық.
Ол жас ұрпаққа ғана емес, болашақ қаламгерлер үшін де, жалпы оқырман қауымға да аса қажет деп санаймыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.