Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ғалым Ғарифолла Әнестің алты кітабының тұсауы кесі...

Ғалым Ғарифолла Әнестің алты кітабының тұсауы кесілді

09.04.2026

57

Ғалым Ғарифолла Әнестің алты кітабының тұсауы кесілді - adebiportal.kz

2026 жылғы 9 сәуір күні сағат 11:00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнестің ғылыми еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараны Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған екен.

Салтанатты шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жүргізді: 

- Армысыздар, бүгінгі іс-шараға келіп қатысып отырған барша қауым! Бүгін қазақтың аяулы азаматы, көрнекті ғалым, энциклопедист Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнес ағамыздың еңбектерінің тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Ғарифолла ағамыздың аруағын, бізді сыйлап келіп отырғандарыңызға рақмет! Ел таныған үлкен ағаларымыз бен жастарымыз келіп отыр. Осының бәрі ұрпақ сабақтастығының көрінісі. Ұлтты тану, өзімізді танудың бір көрінісі. Бүгінгі іс-шарамызға руханият өкілдері, мемлекет қайраткерлері, университет ұстаздары келіп отыр. 

Бүгінгі іс-шараға арнайы келіп отырған ҚР Президентінің кеңесшісі, Бауыржан Жұмаханұлы Омаров ағамызға рақмет! Сонау Алматыдан, Алатаудың бөктерінен Ғарекеңнің жары, аяулы апамыз, белгілі ғалым, профессор Бағдан Қаратайқызы келіп отыр. Ағамыздың шырақ отын сөндірмей, соңында қалдырған мол мұрасын жинап-теріп, рухани қазынамызға ұсынуға әкеліп отыр. Осы еңбектердің бүгінгі тұсаукесерге қатысып куә боласыздар. Бұл – үлкен еңбек. Сондықтан барлықтарыңызға көп-көп рақмет! Ең алдымен Ғарекеңе арнаған бейнебаян бар. Соны тамашалап алайық!

Көрнекті филолог ғалым Ғарифолла Әнестің өмір жолы, шығармашылық әлемі туралы мазмұнды бейнебаян көрсетілді. Бұл бейнебаянда Ғарифолла Қабдолқайырұлының көзін көрген, бірге қызмет істеген әріптестері ғалымның ұлт руханиятын түгендеу жолындағы жанкешті еңбегін, тындырған мол шаруасы жайында молынан баяндайды.

Бұдан соң ғалым Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің, алты бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараның кіріспе сөзін ҚР Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров сөйледі:

- Құрметті жиналған қауым! Бүгінгі іс-шара құтты болсын. Ұлт руханиятында айрықша із қалдырған, өрісі мен өнегесі мол Ғарифоллалар баршылық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерге барынша атсалысты. Бірі өнерімізді өрлетті. Тағы бірі ғылымымызды төрлетті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді. 

Ол – Ғарифолла Әнес. Бір өзі бір институттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым. Бір өзі архивтің зерттеу жұмысын жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі тұтастай бір баспалар үйінің қызметін атқарған білікті баспагер. Бір өзі бүкіл арыстың жиған-тергенін жалықпай саралаған абыройлы алаштанушы. Жалпы өзімізге үлгі болған Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Мақсат Тәж-Мұрат, Марат Әбсеметов сияқты ағаларымыз Алаш арыстарының мұрасын зерттеуді тым ерте бастап жіберген-ді. 

 Ардақтыларымыздың тұлғасы мен туындысына әлі де толық баға берілмей жатқан тұста олар бұл іске тас-түйін дайын тұрды. Еліміздегі білдей бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жан-жақты атқарып жүрген Ғарекең, бір күні шұғыл шешімге келді. Ол Қазақстанның репрессияға ұшырған зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорын құрды. Тәуелсіздік алғанымызға бір-ақ жыл өткен-ді.  

Бұл қор содан бері үздіксіз жұмыс істеді. Бұл қордың басшысы содан бері бір күн де дамыл көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды. Қаншама кітапты басты. Қаншама энциклопедия түзді. Қаншама тарихы мұраны қатарға қосты. Қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді. Қаншама қазақ басылымдарының кітаби нұсқасын әзірлеп, оқырманға ұсынды. Енді кім жалғастырады оны? Жалғастырған күнде де дәл өзіндей бола ала ма?!

Ғарифолла әйгілі қорын құрған соң көп уақыт өтпей-ақ мен одан сұхбат алдым. Бұл кезде ол қалың қара шашы желкесін жапқан, тіпті онысын Оралхан ағаның үлгісімен иығына қарай жібере салған, отыз бес жастағы ойлы жігіт еді. Көзі өткір, қайраты мол. Қайыспас Қарадөң батырдың қара күші мол қажырлы ұрпақтары секілді қай іске де құлшынып, сақадай сай тұрды. Екеуміздің осы сұхбатымыз «Жас Алаш» газетінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі санында жарияланды.

Қазақ жұртындағы бүкіл кітапханалардың ажарын ашып тұрған дүниелердің бірсыпырасы – Ғарифолла Әнес шығарған кітаптар. Оның баспасынан жарық көрген жәдігерліктер ұлт зиялыларының жеке кітапханаларының да құндылығын арттыра түседі. Образды түрде айтсақ, Ғарифола ағамыз дайындап, бастырған кітаптардан кішігірім бір кітапхана жасақтауға болатын шығар.

Ғарекеңмен үзеңгілес жүргелі қашан. Ол бәрімізге үлгі-өнеге көрсетті. Оның қабілет қарымы шығармашылықтың қай-саласын да айшықтап тұрар еді. Әлгі осыдан отыз екі жыл бұрын алған сұхбатымызда оған «Кезінде көркем дүниелер жазып жүргеніңізді де білетін едік...», – деп ой тастап, тағы бір сауалға жетелеппіз. Ал оның жауабы былай болды: «Асқар таудай арыстарымыздың маржандай тізілген асыл әрі сүйекті дүниелерін оқығаннан кейін өзімнің шимай-шатпақтарымды жазуға қаламым жорғаламай-ақ қойды. Әуелі солардың баға жетпес мұраларын шығарып алайық, өзіміздікі қайда қашар дейсің...».

Ол сол мақсат-мұратын орындау үшін өзінің жеке шығармашылығын екінші кезекке ығыстырды. Бұдан әдебиет те, ғылым да ұтыла қойды деп ойламаймыз.

Сонымен, өмірде өте қарапайым болса да, үндемей жүріп-ақ адам айтқысыз ұшан-теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшелігі неде?

Біріншіден, ол Алаш мұрасын шашау шығармай зерттеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұған оның ішкі рухани дайындығы мол болды. Қазақтың аса танымал, өте әлеуетті азаматтарымен бірге Тіл білімі институтында қызмет істеп, ғылыми мектептен өтті. Одан соң тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы іспетті, қазақы құнары бай «Ана тілі» газетінің Тілтану бөлімін басқарды. Бұл басылымның білікті басшысы, ұлағат ұстаханасының бас көрікшісі Жарылқап Бейсенбайұлы іріктеген сайдың тасындай аса талантты қаламгерлердің сапында жүрді. Киелі шаңырақтың ғылыми деңгейін көтеру үшін аянбай іс қылды. Мұның бәрі Алаш мұрасын асқан ұқыптылықпен зерттеп-зерделеуіне зор пайдасын тигізді.

Екіншіден, Ғарекең арыстардың шығармаларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, күрішті күрмектен айырып, жіктеп-жіліктеп барып ұсынды. Ол құрастырған жинақтарға өте сауатты, жоғары деңгейдегі ғылыми түсініктемелер жазылды. Қолға алған дүниесін жүрдім-бардым және шалама-шеккі дайындауға жол берген жоқ. Қолжазба қабылданғаннан бастап, баспаханадан шыққанша жұмыс үдерісінің бәрін тікелей өзі қадағалап отырды. Асығыстық дегенді аса ұната қоймады.

Үшіншіден, Ғарифолланың сенсация дегенге жаны құмар емес-ті. Жұрттан бірден сүйінші сұрап, жарты әлемге жар салатын әдеттен аулақ болды. Тапқан дүниесінің өзін сегіз сараптаудан, тоғыз тексеруден өткізгеннен соң ғана, ғылыми ортаның талқылауына ұсынатын. Кітап шығару барысында осындай ұстанымды серік етті. Бүгінгі заманда сабыр сақтайтын сауыты бар мұндай кісілердің өте сирек екенін өздеріңіз білесіздер.

Төртіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында табылған қанатқақты жәдігерліктің біразын Ғарекең әріптестерімен бірлесіп, баспаға әзірледі. Әсіресе, Халел Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабын жарыққа шығарып, жұртшылықты рухани олжаға кенелтуі – өз заманындағы елеулі жаңалық еді. Бұдан соң жыл сайын бірнеше жинақ әзірлеп, оқырманның қазынасын молайтып отырды.

Бесіншіден, ол – нарыққа көшкен жылдарымызда сәл тежеліңкіреп қалған энциклопедиялық әдебиеттің классикалық дәстүрін қайта жаңғыртқандардың бірі. Тұлғалық және мекендік энциклопедияларды бірінен соң бірін шығарып, оқырманның кітап сөресін қастерлі дүниеге толтырды. Сол арқылы мұндай жинақ дайындаудың өзіндік үлгісін қалыптастырды.

Алтыншыдан, ұлт мүддесін рухтаған алғашқы қазақ газеттерінің біразын архивтен іздеп тауып, мәтінін қайта сүзіп, жалықпай жүйелеп, сараптамадан өткізіп, тұтас жинақ ретінде топтастырып, жұртшылықтың кәдесіне жаратты. Қазір бұл кітаптар іргелі оқу орындарының журналистика факультеттері студенттерінің қолдан-қолға түсірмей оқитын құнды жәдігерліктеріне айналды.

Жетіншіден, қазақ жырының табиғатын жақсы түсінетін тиянақты текстолог ғалым болды. Ол бұл тұрғыда қазақ әдебиетін зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған әлеуетті әріптесі, ардақты ағасы, теңдессіз ғалым Қабиболла Сыдиықовтың үлгісін ұстанды. Ғарекең ұсынған жинақтардың мәтіндік мазмұнына осы уақытқа дейін артық-ауыс сын пікір айтылған емес.

Сегізіншіден, ол әзірлеген кітаптарының корректурасына баса мән берді. Мүмкіндігінше қате жібермеуге тырысты. Қате кетіп бара жатқан дүниелерді баспаханадан дереу тоқтатып қойып, қайта басқан кезі де болды. Өзінің маңдай терін төгіп, қажыр-қайратын салған еңбегінің оқырманға сапалы күйінде жетуі үшін жан алысып, жан берді.

Міне, біз осындай адамды жоғалттық. Енді тоғыспас жолдар торабын қосып, бір өзі бірнеше міндет атқарған оның орны қалай толмақ?! Ғарекең ғарышқа жол тартқалы осы сұраудың жауабы әлі табылған жоқ. Жоқ! Табылған тәрізді. Бүгінгі көріп отырғанымыздай, Ғарифолланың бастаған ісі жалғасып жатыр. Арыстан ғарышқа көшкен адам соңына үлкен із қалдырыпты. Алдарыңызға ұсынылған мына дүниелер – соның дәлелі. Дәстүріміз үзілмесін! Тыңдағандарыңызға рақмет! 

Модератор:

- Көп рақмет! Баукеңнің баяндамасында әрі танымдық, әрі тебіреністі мәліметтерге толы баяндама болды. Жастар үшін қажет, тағылымды дүниелер айтылды. Ғарекең құрастырып, шығарып берген энциклопедиялық еңбектерден әлі күнге дейін деректер аламыз. Әлі күнге дейін маңызды. Одан өзге жеке тұлғаларға қатысты зерттеулері қаншама? Осы еңбектерді ғылымы айналымға енгізу бағытында атқарылған істерге қатысты сөз Ғарекеңнің жары, балаларының анасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор  Бағдан Қатайқызына беріледі.

Ғалымның жары Бағдан Қатайқызы:

 - Құрметті қауым! Барлықтарыңызға Ғарифолланың отбасы атынан үлкен алғысымызды білдіремін! Ғарекең отаға кетіп бара жатқан кезінде: «Өзімнің кітаптарым шықпай қалды-ау!» - деген қатты өкініш білдірген еді. Кететінін сезді ме екен. Ойымызда ештеңе жоқ, шыққаннан кейін: «Жазылып шыққаннан соң шығарасың ғой!» - дедік. Өмірден өткеннен кейін осы істі қолға алдық. 

Төрт флешкасын біз әлі ашқан жоқпыз. Көзі тірісінде кітаптарының жобасын сұлбалап салып кеткен екен.  Сол негізде алты кітабын шығардық. оның алдында оның мәтін кеңістігіне арналған докторлық диссертациясы, Махамбеттің текстологиясы, жаңағы Баукең айтып кеткендей. «Сөз қоржыны» дейтін, араб тіліне деген термин сөздердің түсінігі берілген кітабы бар, содан кейін қарап отырсам, тіпті бала кезінде, отызға жетпеген жасында, академияда жүрген кезінде «Емлесі қиын сөздерді» шығарған авторлардың бірі екен. «Орфографиялық сөздіктерді шығаруға да өзіндік үлесі бар. Диалектологиялық сөздіктің де таза, әдемі болып шығуына үлес қосты. Оны барлығы айтып жатыр ғой. Шын мәнісінде Ғарифолланы әрі ғалым, әрі зерттеуші, әрі халық қазынасының жоқшысы ретінде қарауға болады.

Қазір менің қолымда 25 жылы, Ғарекең өмірден өткеннен кейін шығарған алты кітабы тұр. Өзі болса бұдан да керемет болып шығар ма еді? Біздің қолымыздан келгені – артындағы мұрасын жоқтап, түгендеп, дәлелдеп қарағанда, алты кітап шықты. Бірінші кітабы – « Ағартушы» деп аталады. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және ғылыми-педагогикалық әдістемелік еңбектерінің талдауы берілген филологиялық еңбек. Бұл жерде нені ерекше бөліп айту керек? Тоқсаныншы жылдардан бастап Ахметпен айналысқандардың басында Ғарифолла тұр. Көп адамдар айта бермейді. Шын мәнісінде жас жігіт кезінде ол университетте араб тілін оқыды. Біз курстас болдық. Араб тілін оқығанның арқасында төте жазуды да тез оқып кетті. Сол тұста Халелді, Ахметті, Міржақыпты, «Қазақ» газетін, одан қалса оқуы қиын «Айқаптарға» барған жастар болды. Ғарифолла солардың қатарында жүрді.  

Бұл кітаптың ерекшелігі: мұнда біз көбінесе, қарап отыратын болсақ, Ахметке көп көңіл бөлеміз, Ахметтің «Әліпбиіне» қараймыз. Бірақ Ғарифолла шұқылай зерттеп жүріп, оншақты әліпби болғанын осы кітабында айтады. Ахметтің 1910, 1911 жылдары Қазанда, Санкт-Петербургте басылған кітаптар, солардың авторлары, әліпбиінің құрылымы туралы, Халелдің әліпбиі жөнінде айтады. Әліпбиге филологиялық тұрғыдан өзінің бағасын берген.  

Кейіннен Ахметке арналған, ахметтанудың бастамасы деуге болатын, Ахаңның еңбектерін жинастырып, 1992 жылы «Арыс» баспасынан сериямен шығарған болатын. Соның алғысөзі талай зерттеулердің бастамасына негіз болды. Ол жасырын емес. Сол жерде Ахметтің «Әліпбиіне» талдау жасалды, әріптеріне түсінік берді, үстеме сөздеріне түсінік берді, жалпы оның қай бағытта еңбектенгенін көрсетті. Кейін осы кітапты толықтырып, тіл біліміне арналған еңбектердің ішіне «Әдебиет танытқышты» қосты. Себебін өзі түсіндіреді: өйткені «Әдебиет танытқыш» деп аталғанымен де, оның ішінде тілге байланысты материалдардың, керемет кесек-кесек ойлардың бар екендігін айтады. Ахмет Байтұрсынұлының ғалым, білім, қоғам қайраткері, публицист, баспагер ретіндегі бүкіл қырлары осы кітапта ашылған. Мен бәрін айтып жатқан жоқпын, ең негізгі жаңалықтары жаңағы айтылғандардан басталады. 

Одан кейінгі еңбегі – Халел туралы. Семейді Шәкәрімді жақсы көтеріп кетті. Халел туралы көп айтыла бермейді. Халелді алғаш қозғаған  адамның бірі ретінде ол өзін халелтанушы деп санайтын. Халел атындағы Атырау университетінде өткен кезде Ғарифоллаға арнап кереме әдемі аудитория жасақталды. Халел кім деген сұрақ қоятын болса, соған біраз жауапты осы кітаптың ішінен табасыздар.

Бұл жерде де Халелдің өмірі, қызметі топ-топқа жіктеліп берілген. Соның ішінде менің көңіл аударғаным – Халелдің «Әліпбиіне» берілген бағасы. Халел де әліпби жасаған ғой. Халелдің білім комиссиясы құрамында жұмыс істеген кезі өте жақсы айтылған. Бұл кітаптың маңызы Ғарекең болғанда тіпті жоғары болар еді деп ойлаймын. Мүмкін әлі ашылмаған төрт флешканың ішінде бар да шығар деп ойлаймын. Мына кітаптың ішінде «Халел» энциклопедиясының негізі салынған. Оның схемасына дейін сызып, өзі таратып жазып көрсеткен. «Ағартушы Халел Досмұхамедұлы: ғылыми және педагогикалық еңбектерінің әлеуметтік-тарихи, лексика-семантикалық аспектілері дейтін дейтін монографиясы.

Ғарифолла университетті бітіре салысымен, қазіргі Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына қызметке тұрды. Жиырма жеті жасында сол жерде жүріп көптеген істер атқарды. 1998 жылдардан қазақтың салт-дәстүріне, Наурызға арналған алғашқы жинақ төрт автордың қатысуымен жазылды. Сол кітап Наурызды тойлаудың негізін салды деуге болады. Ол кітап бұл жерде жоқ. Мына кітаптың ішінде енгізілді. 

Ғарифолла Тіл білімі институтында жүргенде ұстазы Әбдуәли ағайдың берген ақылы бойынша этимологиямен айналысты. Этиологияға ол кісінің қарымы керемет еді. Этимологиялық сөздікті толықтыру, ондағы сөздерді көбейту – бір арманы болатын. Жас кезіндегі, Тіл білімі институтында жүргендегі еңбекті осы кітаптың ішіне жинақталып берілді. Бұл кітапқа этимологиялық, этнографиялық еңбектері енгізілді. Ғарифолла әдебиетіміздегі ноғайлы дәуіріне өзіндік көзқараспен келді. Осы жөнінде деректер келтіре отырып жазған еңбегі енгізілді. ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының еңбектеріне лингвистикалық талдау жасады. «Қазақ тілінің тарихы: этимология, этнография, ноғайлы дәуірі, ХХ ғасырдың басы» атты кітап осы мәселелерді қамтиды.

Одан кейінгі еңбегі Әбіш Кекілбаевқа арналды. Әбіш Кекілбаевқа арналған екі томдық энциклопедиясы бар. Ол ана жерде көрмеде тұр. Ол өзі бұл энциклопедияны жаңа деңгейдегі энциклопедия деп есептейтін. Себебі, энциклопедияның қатып қалған канондары бар ғой. Сол канондардан ауытқыған, жаңашыл бұл еңбекте Әбіш ағамыздың әр қадамы, әр жылы, кейбір күндеріне дейін жазылған. Бірақ мынаның ішінде Әбіштің шағын прозаларына лингвистикалық талдау жасалынған екен. Бұл кітап өте қызықты, тілі шұрайлы, ойы бөлек. «Әбіш Кекілбаевтың шағын прозаларының тілдік және танымдық сипаты» атты кітабына осындай Ғарифолланың талдау мақалалары енген.  

Одан кейінгі кітабы – «Мемлекеттік тіл және тілші-ғалымдар тұлғалар». Бұл кітап неден басталады? Өзінің ұстазы Әбдіуәли ағайдан Наурызға орай «Ана тілі» газетіне алған интервью-сұхбатымен басталады. Бұл жерде мемлекеттік тілге байланысты керемет жақсы ойлары бар. Ол ойлардың көбі оның интервьюлерінде, сұхбаттарында айтылған. Бірден айта кету керек: мына кітаптардың барлығының соңғы жағында кюар кодпен берілген оның интервьюлері бар. Телефондары жақындатып қарасаңыздар, оқи аласыздар. Бұл кітаптардың ерекшелігі осы. Ғарифолланың отыз шақты интервьюі бар екен. Солардың барылғы да тематикасына қарай мына кітаптардың ішіне енді.

Ордан кейінгі кітап – «Алаш тарихы – шерлі шежіре». Бұл өміріне арналған кітап деуге болады.  Бүкіл өмірі алаштықтарға арналды. Әмірхан Меңдекенің: «Ғарифолланы ағартушы деу керек. Ол біздің алғашқы ағартушыларды тірілтіп алдымызға әкелген адам. Сондықтан оны ағартушы десек артық болмайды», - деген сөзі бар еді. «Алаш тарихы – шерлі шежіренің» ішінде бәрі бар. Ахметке, Халелге, Міржақыпқа, Мұстафа Шоқайға, Шәкәрімге т.б. арналған дүниелерінің ішінде көңіл аударарлығы – атылған бір топ адамның афоризмдері берілген. Бұл кітап та қажет деп ойлаймын.

Міне, осындай алды кітапты сіздердің алдарыңызға алып келіп отырмын. Ғарифолла ірі кітапсүйер адам болды. Қазақстанда қандай кітап шықты, Мәскеуде қандай кітап шықты: бәрін шыққан бойында, кітапты қайдан іздеп табатынын білмеймін, тауып алып келетін. Болмаса Ресейдегі, Түркиядағы достарынан, таныстарынан сұратып алдыратын. 

Біздің қазақтың бір жақсы қасиеті бар: бәрі бірінші, бәрі алғашқы болғысы келеді. Бірақ алғашқының ар жағында да адамдар бар ғой дегенді, әсіресе кейінгі жастардың ескере бермейтіні өкінішті. Алаш арыстары еңбегі алғаш ашылып жатқанда оларды дүрк көтеріп талдай қоярлық білім аясы біздің халықта болмады деуге болады. Ол кейін мүмкін болды. Мен таңғаламын. Осы тұрғыдан алғанда Ғарифолланы алаштанушылардың алдыңғы легіне қосқысы келмейтін жағдайлар да бар екенін айтып өтпекпін...

Тоқсаныншы жылдардан ахметтанумен айналысты дедік қой. Ол кезде заттай мұра жоқ.  Ахметтану музейін жасау өте қиын болды, ол кісіге. Газеттің қиындылары, көшірмелер тұратын. Қазіргідей техника да, торлар да жоқ заманда қарапайым ғана нәрселерден Ахаңа арнап екі музей жасақтады. Біреуі – қазіргі Ахмет музейі, екіншісі – Тіл білімі институтының бір бұрышы болатын еді. Қазір ол бұрышты алып тастады. Бірақ негізгі музейі тұр. Ол жерде Ғарифолланың аты бар ма, жоқ па дейтін мәселе бар. Ол көптің қатарында аталады, бірақ сол музейді жасақтаған Ғарифолла екендігін көп адамдар айта бермейді. Мен әдеби қауымға соны айтып, ескертіп кеткім келіп отыр. 

Жобалауға өзі қатысқан, ашылуына атсалысқан Жаңалықтағы музей – Қазақстандағы музейлердің ішіндегі бір шедевр деуге болады. Дизайн да, ойы да керемет. Өте жақсы жасалған музей. Сол жерден мешіт ашылып, Міржақыпқа ас берілген болатын. Осыған Ғарифолланың өте қанаттанып келгені әлі есімде. Жалпы кітап туралы айтсақ – осы. 

Біздің отбасымыздың иесі болғандықтан ғана емес, жалпы қазақ мәдениетінде өзінің орны бар адам деп ойлаймын. Ол орыны біртіндеп мына отырған азаматтардың арқасында өзінің бағасын ала беретін шығар. Рақмет!

Салтанатты шараны қорытындылаған модератор Ербол Тілешов өз сөзінде бар саналы ғұмырын ұлтының рухани қазынасын байытуға арнаған ғалым Ғарифолла Әнестің есімі туған халқымен бірге жасай беретіндігіне тоқтала келе, бүгінгі тұсаукесер рәсіміне келген жастарды, жас ғалымдарды осы кітаптармен танысуға, ондағы ойларды зерделеуге шақырды. Барша қатысушыларға, кітапхана ұжымына рақметін айтты. Осылайша алты бірдей сүбелі еңбек оқырманға жол тартты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan