Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Г.Х.Андерсен. Шәйнек...

25.09.2021 4455

Г.Х.Андерсен. Шәйнек

Г.Х.Андерсен. Шәйнек - adebiportal.kz

Бір тәкаппар шәйнек болыпты. Ол өзінің жылтыр фарфорымен, ұзын шүмегімен және әдемі тұтқасымен мақтанып, желпіне сөйлейтін еді. Бірақ ол қақпағының сынғаны, желімделіп жапсырылғаны туралы айтпайтын. Өз бойындағы кемшілікті өзгеге айтуды қайдан ұнамды болсын. Шай жабдығы: кеселер, қаймақ сауыт, қант сауыт барлығы да шәйнектің берік тұтқасы мен әдемі шүмегін мақтаса да, оның кемшілігі туралы абайлап сөйлейтін еді. Шәйнек те мұны жақсы білетін.

«Олардың жайын да білемін мен! – дейтін іштей ол. – Өз кемшілігімді де білемін әрі мойындаймын. Және бұл – менің қарапайымдылығым. Кемшілік әр затта бар ғой. Ал оның есесіне әрқайсысының өзіне тән артықшылығы бар емес пе? Кеселердің тұтқасы бар, қант сауыттың қақпағы бар, ал менде осы екеуі бірдей бар: тіпті оларда жоқ әрі ешқашан болмайтын артықшылығым – шүмегім бар. Осы шүмектің арқасында мен шай үстелінің патшасындаймын. Қант сауыт пен қаймақ сауытқа дәм рахатын болар-болмас сезіну ғана бұйырған екен. Ал мен – бұл тұрғыда нағыз бақытқа иемін. Ең шешуші рөлдің иесі менмін. Мен шөлдеген барлық адамның шөлін басып, мейірін қандырушымын. Дәмсіз қайнақ су маған құйылғанда ғана қытайдың хош иісті сусынына айнала алады емес пе!»

Шәйнек қайғысыз-қамсыз жастық шағында осылайша сөйлейтін еді. Алайда бір күні үстел үстінде тұрған кезде ол мынадай қиындыққа тап болды: Әлдекім жіңішке әсем қолымен шай құймақ болып жатқан еді. Қолы шәйнекті ебедейсіз ұстады: ол шәйнекті қолынан еденге түсіріп алды. Құлап түскенде шәйнектің шүмегі мен тұтқасы сынып қалды. Қақпақ туралы сөздің қажеті де жоқ еді: оның жағдайы туралы жеткілікті айтылған. Шәйнектің қайнақ суы төгіліп еденде қисая құлап жатты. Ол қатты соққы алған еді. Оған ең ауыр тигені – құлатқан ебедейсіз қолға емес, мұның өзіне жұрттың күлгені болды.

«Мұны мен ешқашан ұмытпаспын! – деді шәйнек өз өмірінің баянын өзіне өзі іштей күбірлеп тұрып: - Мені жарамсыз сынық ыдыс деп атады да әлдебір бұрышқа тыға салды. Ал келесі күні аз-мұз май сұрап келген әйелге құты ретінде сыйлай салды. Міне мен сөйтіп бір жүдеу-жадау жағдайға тап болдым. Ішім де, сыртым да ештеңеге пайдасыз, ешқандай мақсатқа жарамсыз болып қалғандай едім. Осылайша аз жатпадым, көп жаттым. Ақыры бір күні менің жаңа өмірім, керемет өмірім басталды-ау...

Иә, бүгін бір сипатта боласың, ертең басқа бір сипатқа ие боласың. Сөйтіп мені топырақпен толтырды – шәйнек үшін ішіне не салатыны бәрі бір ғой: сөйтіп менің топырағыма гүл баданасын отырғызды. Мұны кім сыйлады, кім отырғызды – оны білмедім. Бірақ оны маған қытай жапырағы мен қайнақ судың, сынған шүмегім мен тұтқамның орнына сыйға бергендей еді. Бадана менің ішіме толтырылған топырақта жатты. Ол менің жүрегіме, лүпілдеген жанды жүрегіме айналғандай болды. Бұрын мұндай сезім менде ешқашан болмаған еді. Сөйтіп менің ішімдегі топырақта өмір пайда болды, күш қайнап жатты, тамыр соғып жатты. Бадана бүршік жарып шықты. Ол лықылдаған ой мен сезімнің әсерінен сабағынан үзіліп кете жаздағандай еді. Сөйтіп гүлдер шешек атты.

Мен оларды сүйсіне қызықтайтынмын. Гүлді мен өз құшағымда аялап еркелеттім. Оның сұлулығы үшін өз-өзімді де ұмыттым! Ал гүл болса, маған рақмет те айтқан жоқ. Ол тіпті мен туралы ойламаған да шығар. Ал оған барлығы сүйсіне қарайтын. Гүлдің өзі бұған қуана білген болса, мен осыған да риза едім. Алайда бір күні мен: «Мұндай әсем гүлге тек әдемі гүлсауыт лайықты!» - деген сөзді естіп қалдым. Сөйтіп аяусыз жанымды ауырта қиратып тастады. Гүлді әдемі гүлсауытқа көшіріп отырғызды. Ал мені аулаға лақтырып жіберді. Сөйтіп мен осында шашылып жатырмын. Бірақ ойымдағы естелікті менен ешкім де тартып ала алмайды!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар