Талантты өлтіру қиын емес екен
Қазіргі талантты адамдардың түбіне алгоритмдер жететін болды. Өйткені қоғам сондай, адамнан өзгеше болуды емес, танымал болуды талап етеді. Адам асығады. тез танылғысы, тез байығысы келеді. Егер бір видео миллион қаралым жинаса, ертең мың адам соны қайталап, бәрі бірдей сөйлеп, билеп жатқанын көріп жүрміз. Кейде кейнігі жазылып жатқан өлеңдер де тым ұқсас сияқты, әндер де сондай ма дейсің, есіңде қала бермейді... бір сөзбен айтқанда техниканы қатырдық, бірақ, даралықты жоғалттық.
Эмиль Золяның «Госпожа Сурдис» әңгімесі оқи бастағанда суретшілер өмірі туралы шығарма сияқты көрінгенімен, ортасына ойысқанда өнердің табиғаты, таланттың тағдыры, махаббаттың шегі, жайлы тұрмыс пен шығармашылық еркіндіктің арақатынасы туралы айтып отырған дүние екенін түсінесіз. Өз басым оқырман ретінде кімге жанашыр боларымды білмей қалдым. Бұл пікірді басқа адамдарға таңудан аулақпын, бірақ, Золяны адамдардың мінезінен, әлсіздігі, махаббаты және тұрмыстың қысымынан туатын қарама-қайшылықтарды қалай бар, со күйі көрсете алатыны үшін жақсы көруге болады.
Фердинанд Сурдис деген шалғайдан келген тума талант. Автордың түсіндіруінше бұл жігітте суретші ретінде қайталанбайтын даралық бар. Нағыз өнердің белгісі оның техникалық жағынан мінсіздігінде емес, ерекше сезімталдығында, өзіне ғана тән көзқарасында десек, соның бәрі жас суретшіде бар. Парижді мойындатсам деген арманы бар, бірақ, көк тиын ақшасы жоқ.
Осы бар ғой, табиғат қабілет берген адамдардың көбінің кедей келетіні несі екен, Фердинанд та кедей. Кедейлігі сондай, сурет салатын жақсы бояу сатып алуға да шамасы келмейді. Кедей суретші бояулар сататын ләпкеге барып жүріп Адельмен танысады. Адель саудагердің қызы.
Осы жерде айта кетейік, Золя адамдарды барлық әлсіздігімен, қайшылығымен және өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасымен бірге көрсетеді (кейде өз кейіпкерлерін жақтырмайтын сияқты әсер қалдыратыны қызық), оның кейіпкерлері саудагерлер, дүкен иелері, дәулетті отбасылар болып келеді. Золя осылар арқылы капитал мен өнердің қарым қатынасын ашады.

Біреуінде талант бар, ақша жоқ, екіншісінде ақша бар...
Сонымен Адель жайында айтып келе жатыр едік қой, сонымен бұл қыздың түр-әлпеті онша болмаса да бояу сататын ләпкесі бар. Саудасы болғасын ақшасы бар. Негізі сурет салуға оның да икемі бары айтылады, Фердинанд майлы бояумен салса, Адель акварельмен салады. Ақшалы қыз жігіттің жоқшылықтан қиналып жүргенін көріп, қымбат бояуларды тегін береді, оған жылы қарайды, бірте-бірте олардың арасы жақындай түседі. Сөйтіп жүріп араларында ағыл-тегіл, көл-көсір сезім болмаса да екеуі үйленеді. Фердинанд енді баяғы жоқ-жітік жігіт емес, бар жағдайы жасаулы. Өзін толық арнап, шығармашылықпен еркін айналысуына барлық мүмкіндік бар.
Осы жерде Золя бір фокус жасайды. Саудагер үшін маңыздысы табыс, ал суретші үшін ең керегі шығармашылық еркіндік, былай қарасаң екеуі екі бөлек нәрсе, ал Золя келеді де осы екі бөлек дүниені, былайша айтқанда екі әлемді бір жерге, бір шаңырақ астына тоғыстырады. Сосын өзі не болар екен деп қарап отыратын сияқты (жазушыларға рахат қой, шығармасында ойларына келгенін істейді).
Біз Фердинандты енді алаңсыз жұмыс істеп, ғажайып ұлы туындылар әкеледі, керемет болып кетеді деп күтіп отыр едік, қанша дегенмен тұрмысы жақсы, жағдайы жасалған, қымбат бояуы жетеді, енді елдің есін кетіретін ғажайып картиналар жазатын шығар деп. Ал ол...
араққа салынады, жезөкшелерге барады, уақытын ойын-сауықпен өткізеді. Бірте-бірте қылқалам ұстауға да шамасы келмейді. Осылай құлдырау басталады. Бұрын жоқшылық жас суретшінің талантын қайраған болса, ол енді тоқшылықты көтере алмайды.
Бұл жерде екі түрлі ойлап отырасың, ол өзі о бастан сондай адам, тек өнерге қабілеті ғана бар, аяқ астынан пайда болған ақша мен еркіндік оның мінезіндегі әлсіздікті, селеңдеп бос жүргенге ұялмайтын масылдықты сыртқа шығарды ма немесе таланттың ең үлкен жауы кейде жоқшылық емес, керісінше, жайлы өмір ме?
Біраздан соң талант деген басқа нәрсе, мінездің беріктігі деген басқа екенін тағы да ойлап қоямыз. Талантты кейде көп ақша да сақтай алмайды, оған мінез керек.
Адель күйеуін жақсы көреді, оның жезөкшелерге барған опасыздығына шыдайды, ішкеніне төзеді, тіпті күйеуінің дарынды суретші ретінде жақсы шығып келе жатқан атағын сақтап қалғысы келіп, кейде оның аяқталмай қалған картиналарын өзі түзетіп, картиналарды өзі аяқтайды. Оның орнына тапсырыс алады. Бұл алғашында қамқорлық сияқты басталғанымен, уақыт өте келе бұл көмек шығармашылықтың өзін алмастырып, бірте-бірте Адельдің де суретшілік қабілеті ұштала түседі. Үнемі жұмыс істегесін техникасы жетіледі, композицияны, бояуды, жарықты жақсы меңгереді. Бірде Фердинандтың суретші досы Ренкен келіп картинаға қарап тұрып, ондағы өзгерісті байқайды. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты, бірақ, бірдеңе жетпейді. Шынында картина техникалық жағынан мінсіз еді, бірақ онда Фердинандтың бұрынғы шығармаларындағы тірі сезім жоқ еді.
Бұл жерде Золя: «өнердегі басты өлшем шеберлік емес, бірегейлік. Техниканы үйренуге болады, бірақ дүниені өзгеше көру қабілетін ешкім қолдан жасай алмайды» деген ой айтып отыр.
Махаббат әрқашан құтқара бермейді
Автор «егер Адель күйеуінің әр сәтсіздігін жауып отырмаса, мүмкін Фердинанд түбінде есін жиып, қайтадан сурет сала бастар ма еді» деген сұраққа орын қалдырып отырғанын байқаймыз. Мүмкін оның дағдарысы уақытша ғана болар ма еді деген сияқты ғой.
Адельді де аяйсың, күйеуі көзіне шөп салса да, тиын таппаса да, ылғи мас болып жүрсе де... бәріне көнеді, «неге өйтпейсің, бүйтпейсің» деп миын жемейді, оның орнына жұмыс істейді. Егер Фердинандтың аяқталмаған суреттері сатылмай қалып, өзі соған қиналса, мүмкін, бір күні есін жинар ма еді. Бірақ Адель оның берекесіз тірлігін үнемі жауып отырды, күйеуінің суретші ретінде жоғалуына жол бермеймін деп, оның қайта тұру мүмкіндігін де алып қойды. Ешкімге қажеті жоқ құрбандық болды расында. Демек, махаббат әрқашан құтқара бермейді, оның да белгілі бір шекарасы болуы керек. Соның бәрін істетіп отырған Фердинандқа деген махаббаты. Альфонстар осылай әйелдерді өзіне тәуелді ете алады. Ал автор Адельді өзінің осыншалық шексіз махаббаттымен Фердинандтың өнерін өлтірді деп айтыптайтын секілді (байғұс әйелдер, сүйсе өзін ұмытып өліп сүйеді, ақыры соған да жазықты болады).
Ақырында екеуінің рөлі ауысып кетеді. Фердинанд табиғат берген ерекше дарынын біржола жоғалтып, әйелінің көмекшісі болып қалады (Адельдің жас кезіндегі акварель бұған көшеді), ал қылқаламында ұлы таланттың жарқылы да жоқ Адель кәсіби шеберлікке жетеді. Қабілеті болса да, осы уақытқа дейін өзін ешқашан дербес тұлға ретінде дамытпаған адам күйеуіне көмектесем деп жүріп суретшіге айналып кетті. Ол күйеуінің өмірін сүрді. Өзінің өмірін толық сүре алмады, ақыр айналғанда күйеуінің де өмірін сақтап қала алмады. «Бірі кем дүние» деген сөз еріксіз ойыңа оралады екен.
Енді кейде шексіз қамқорлықтың адамды бұзатынын өмірден көріп те жүрміз, Кейде адамдар жақсы көрген адамының бүкіл міндет-жауапкершілігін түгел өз мойнына алуға тырысады, мысалы, ата-ана баласы үшін бәрін істейді, ол үшін бәрін көтереді. Осы біздің қоғамда күйеуі бола тұра, бір өзі екі жұмыста жүретін, баласын да бағып, букмекер клубтарда отыратын күйеуін кешіріп, кредитін де өзі төлеп жүрген қазақтың келіншектері аз емес. Ақырында көмектескен адам да шаршайды, көмекті қабылдаған адам да өспей қалады.

Бұрын талантты адамның түбіне арақ жететін
Осы шығармадағы үлкен сұрақ бір отбасының қарым-қатынасына не бір бейшара суретшінің тағдырына қатысты сұрақ емес, «өнер дегеніміз не» деген сұрақ. Егер шығармашылық адамының техникасы мінсіз, бірақ жеке үні болмаса, сол өнер ме әлде техникалық кемшілігі жететін, бірақ ішінде ешкімде жоқ көзқарас болса, нағыз өнер сол ма? Басында да айттық, Золяның бұған жауабы - өнердің өзегі техникада емес, бірегейлікте. Ренкеннің картинадағы өзгерісті бірден байқайтыны сол ғой. Оның кәсіби көзі бар. Ол суреттен қате таппайды, бірақ суретшіні де таппай қалады. Біреудің даралығын үйрене де алмайсың, бірдеңемен өлшей де алмайсың, көшіре де алмайсың.
Қазір жасанды интелеллект туралы көп айтамыз ғой, оның қолынан келмейтіні жоқ деп. Осыдан сол ЖИ-іңіз біржола өшіп қалса немесе соны қолжетімді қылған дұрыс емес екен деп шешкен билік оны қолданыстан алып тастаса, онда көп аудармашылар сөйлемін аудара алмай, көп журналистер қарапайым хабар да жаза алмай қалуы мүмкін. Өйткені, адам бірдеңеге иек артып сүйеніп алса,соған жабысады да тұрады, сосын о бастағы қабілеті өше береді. Ойланбаған ми қалғып, бір кезде қорылға басады. Қазір сол ЖИ-дің өңдегенін, жасағанын өзінікі деп ұсынатындар бар, бірақ Ренкен сияқты кәсіби адамдар бар ғой, олар ненің не екенін айырмайды дейсіз бе, былай қарасаң бәрі дұрыс сияқты, бірақ, ең негізгісі жоқ екенін аңғармайды дейсіз бе?
Қазір ән бар, тірі дауыс жоқ, мәтін бар, жаны жоқ... Жасанды интеллект стильді қайталай алады, техниканы меңгере алады, бірақ адамның өмір бойы жинаған ішкі тәжірибесін, өзіне ғана тән дүниетанымын көшіре алмайды. Сондықтан өнердің тағдыры әлі де адамға байланысты.
Бұрын талантты адамның түбіне арақ жететін. Олар талантын жоғалтпаса да, өзін жоғалтып, беретінін толық бере алмай, ғұмыры қысқа болып жататын. Сосын өлтіре мақтау жететін. Адамның мейманасы мақтауға лықа тойып алғасын өзіне-өзі таңғала бастайды. Толдым деген жерге келіп тоқтайды сосын.
Ал, қазіргі талантты адамдардың түбіне алгоритмдер жететін болды. Өйткені қоғам сондай, адамнан өзгеше болуды емес, танымал болуды талап етеді. Адам асығады. тез танылғысы, тез байығысы келеді. Егер бір видео миллион қаралым жинаса, ертең мың адам соны қайталап, бәрі бірдей сөйлеп, билеп жатқанын көріп жүрміз. Кейде кейнігі жазылып жатқан өлеңдер де тым ұқсас сияқты, әндер де сондай ма дейсің, есіңде қала бермейді... бір сөзбен айтқанда техниканы қатырдық, бірақ, даралықты жоғалттық.
Таланттардың өлетін, жоғалатын тағы бір мысалы – тәуекелге бармайды, Фердинанд басында кім не ойлайды, қалай қарайды деген жоқ еді, нені салғысы келсе соны салды, кейін жұртқа ұнайтын дүниелер сала бастады. Қазір де көп талант аудитория күткен дүниені жасайды. Өйткені оқырман жоғалтқысы келмейді, тапсырыс жоғалтқысы келмейді, ең ақырында лайк та керек. Ондай марафон басталған жерде бірегейлік туралы айтудың өзі артық. Шығармашылық өндіріс сияқты жұмыс істесе бітті, тоқырайды. Сондықтан жылына бірнеше кітап шығаратын жазушы да, ай сайын ән шығаратын композитор да ойлану керек (бұның күн сайын видео салатын блогерге қатысы жоқ).
Біздіңше, автор талантты суретшінің түбіне жеткен не деп сұрап отырған жоқ. Бірақ, бұл шығармада бір-бірімен қатар-қатар жарысқан бірнеше ой бары анық. Осыны сіз болып, біз болып ойланып көруге болады.
Өнердің ерекшелігі, өзіне тән ішкі даусы, табиғи бояуы болмаса, ол өнер болудан қалады. Золяның айтар ойларының біреуі осы болуы мүмкін.
