А.Чехов. Ұйқым келді
Павлодарлық қаламгер Айбек Оралхан орыстың классик жазушысы А.П.Чеховтың «Ұйқым келді» («Спать хочется») атты әңгімесін тәржімалап, порталға жолдаған екен.
Түн. Варька есімді бала күтуші, жасы он үштер шамасындағы қыз, бесіктегі сәбиді тербетіп, ыңылдап әндетіп отыр:
– Әлди-әлди-әлди-ай, Әлдиім қашан қалғиды-ай...
Әулиелер кескіндерінің алдында жасыл шамдал жанып тұр; бөлменің бір бұрышынан екінші бұрышына керілген арба жіпте жаялықтар мен ышқыры апандай қара дамбал ілінген. Шам жарығынан төбеге ошақ орнындай жасыл жалқын түссе, жаялықтар мен дамбалдың ұзын көлеңкелері біресе пешке, біресе бесікке, біресе Варькаға түседі...
Шамның жанары жыпылықтай бастағанда жалқын мен көлеңкелер тіріліп, жел қозғағандай желпілдеп кетеді. Қапырық. Үйден қырыққабат сорпасы мен аяқкиім қарамайының иісі шығады. Бала қолды-аяққа тұрмай бажылдайды. Ол әлдеқашан дауысы қарлығып, өксуден қалжыраған, бірақ әлі де жылап жатыр, қашан басылатыны белгісіз. Ал Варьканың ұйықтағысы келеді. Көзі ілініп, басы салбырап, мойыны былқ-сылқ етеді. Ол қабағын қағып, ерінін де қозғай алмайды, беті көндей бырысып, қайыстай кеуіп, кәлласы иненің көзіндей кішірейіп кеткендей сезіледі.
– Әлди-әлди, бөбегім, - деп ыңылдайды ол, – ботқа жасап беремін...
Пеш жақтан шілделік шырылдайды. Көрші бөлмеде, есіктің ар жағында үй иесі мен қолғабысшы Афанасий қорылдайды... Бесік зарлана сықырлайды, Варька ыңылдайды – бұның бәрі бірігіп төсекке жатқанда тәтті естілетін түнгі әлдидің тамылжыған әуеніне ұқсайды. Бірақ дәл қазір бұл әуен тек ашуын келтіреді, жанын жабырқатады, өйткені ол қалғытып-мүлгітіп, қалың ұйқы шақырады, ал ұйықтауға болмайды; егер Варька, құдай сақтасын, ұйықтап кетсе, қожайындары мұны ұрып өлтіруі мүмкін.
Шамдал шапағы шалқиды. Жасыл жалқын мен жанды көлеңкелер қозғалақтап, Варьканың жартылай ашық жанарына, қимылсыз қарашығына және мезетке мызғып кеткен миына кіріп, тұмандай тұтасқан елестерге айналады. Ол бір-бірін қуалап, балаша шарылдаған қылаң бұлттарды көреді; бірақ, бір сәтте жел соғып, бұлттар ыдырап кетеді де Варька енді кең, лайсаң көшені көреді: даңғыл бойымен арбалар үздік-создық қозғалады, арқаларына дорба асынған адамдар ілбіп келеді, арлы-берлі қараң-құраң көлеңкелер жүйіткиді; сұрғылт, суық тұманның арасынан жолдың екі жиегінен орман желегі қарауытады. Кенет дорба асынғандар мен көлеңдеген көлеңкелер қойбатпаққа екпетінен құлап түседі.
– Неге өйттіңдер? – деп сұрайды Варька.
– Ұйықтау... ұйықтау үшін! – деп жауап береді олар. Барлығы терең ұйқыға шомып, тәтті түс әлеміне енеді, ал телеграф бағандарына қонған қарғалар мен сауысқандар сәбидей сақылдап, соларды оятуға тырысады. «Әлди-әлди-әлди-ай, Әлдиім қашан қалғиды-ай...» деп ыңылдайды Варька. Ендігі жерде ол өзінің қараңғы, тымырсық тамда отырғанын білді. Еденде марқұм әкесі Ефим Степанов екі бүктеліп жатыр. Оның бейнесін анық көрмесе де, ауырсына аунап, еденді сабалап, ыңырсып жатқанын естиді. Әкесінің айтуынша, «іш жарығы» асқынып кеткен. Дерттің күші сондай, бірдеңе деуге дәрмені құрып, тек демін ішіне тартып, даңғыра ұрғандай тісін-тісіне соғады: – Бу-бу-бу-бу…
Пелагея шешей Ефимнің хәлі мүшкіл, өлім аузында жатыр деп мырзалардың мекен-тұрағына жүгіріп кетті. Кеткеніне біраз болды, келер мезгілі де жетті. Варька пеш үстінде ұйықтамай, әкесінің «бу-бу-буын» тыңдап жатқан. Бір кезде сырттан біреулердің үйге жақындағаны білінді. Мырзалар қаладан қонаққа келген жас дәрігерді жіберіпті. Дәрігер үйге кірді: қараңғыда түрі көрінбейді, бірақ жөтелгені мен есікті сықырлатқаны естіледі.
– Шам жағыңыздаршы, - деді дәрігер.
– Бу-бу-бу… - деді Ефим. Пелагея пешке ұмтылып, оттық таба алмай састы. Бір минут ошарылды. Дәрігер қалтасын қаусыра ақтарып, өз сіріңкесін тұтатты.
– Қазір, батыреке, қазір, - деді Пелагея далаға жүгіре шығып, көп ұзамай майшамның тұқылын тамызып оралды. Ефимнің беті күреңітіп, көздері жарқылдап, алмастай өткірленіп кетіпті, құдды дәрігерді де, үйді де көктей өтіп көкке қарағандай.
– Бұның қалай? Не ойлағаның бар? - деді дәрігер оған еңкейіп. – Ә! Қашаннан бері осылайсың?
– Не? Өлетін уақытым жетті, мәртебелім… Жарық дүниеде менің енді тұрағым жоқ…
– Сандырақты қойыңыз… Емдейміз!
– Өз еркіңіз білсін, мәртебелім, ырзалығымызды айтамыз, бірақ түсінеміз ғой… Ажал жетсе, амал нешік.
Дәрігер ширек сағаттай Ефимді айналшықтап әуреленді; сосын басын көтеріп:
– Мен ештеңе істей алмаймын… Саған ауруханаға бару керек, онда ішіңе ота жасайды. Дәл қазір бар… Міндетті түрде бар! Сәл кешігіп қалдың, ауруханадағылар ұйықтап қалған шығар, бірақ ештеңе етпес, мен саған тілхат жазып беремін. Естідің бе?
– Батыреке-ау, онда немен барады? - деді Пелагея. – Бізде көлік жоқ.
– Ештеңе етпейді, мен мырзалардан ат-арба сұрап беремін.
Дәрігер кетіп қалды, шам сөнді, бұрнағы «бу-бу-бу» қайта жалғасты… Жарты сағат өткенде үй маңына біреу келіп тоқтады. Мырзалар ауруханаға баруға арба жіберіпті. Ефим жиналып, жолға шықты…
Арайлап таң атты. Күн ашық. Пелагея үйде жоқ: ол Ефимнің хәлін білу үшін ауруханаға кеткен. Бір жерде бала жылап жатыр. Варька өзінің даусымен әлдебіреудің ән салғанын естиді: – Әлди-әлди-әлди-ай, Әлдиім қашан қалғиды-ай...
Пелагея қайтып келді, шоқынды да сыбырлады: – Түнде іш жарығын тіліп, тіккен екен, ал таң ата құдайға аманат жанын тапсырыпты… Рухы шат болсын, жаны жай тапсын… Айтуларынша, кеш қалыппыз… Ертерек апару керек еді…
Варька орманға барып аңырап, ақтарыла жылайды, бірақ сол кезде біреу шүйдесінен қатты түйіп жібереді де маңдайы қарсы алдындағы қайыңға соғылады. Ол көзін көтеріп еді алдында қожайыны – етікші тұр екен.
– Мынауың не, оңбаған қар? - деді ол. – Бала жылап жатыр, ал сен ұйықтап отырсың?
Құлағын қатты бұрап, жұлқып-жұлқып жіберді, қыз басын шайқап, бесікті тербетіп, әлдиін ыңылдай жөнелді. Жасыл жалқын мен дамбалдың көлеңкесі, жаялықтардың тербелісі көз ұшында көлеңдеп, тағы да миын жаулады. Тағы да лай батпағы баттасқан күре жолды көрді. Арқасына қап байлаған адамдар мен көлеңкелер сұлап түсіп, жаппай ұйықтап жатыр. Оларға қарап тұрып, Варьканың да ұйықтағысы келді; көсіліп жата кетер ме еді, қасында шешесі Пелагея бар, бұны асықтырып әлек. Екеуі қалаға жетіп, жалға жүрмекке, күнін көрмекке кетіп барады.
– Құдай үшін садақа беріңіздер! – деп анасы жолыққан кісілерден сұрайды. – Мейірімді мырзалар, Жаратушының мейір-шапағатын бөлісіңіздер!
– Баланы бері әкел! – деді таныс дауыс. – Баланы бері әкел! – деп қайталады ол қатқылданып. – Естисің бе, арамтамақ?
Варька селк етіп оянып, айналасына қарап, не болып жатқанын енді түсінді: жол да жоқ, Пелагея да жоқ, кездескен кісі де жоқ, бөлменің қақ ортасында баласын емізуге келген қожайынның қатыны тұр. Іркілдеген ірі денелі, кең иықты әйел баласын бауырына алып, алдандырып жатқанда, Варька тік тұрып, қашан көкірегінен айырғанша күтеді. Ал терезе сыртында аспан жиегі көгілдірленіп, төбедегі көлеңке мен жасыл жалқын білінер-білінбестей бозарып барады. Көп ұзамай таң да атады.
– Ал мынаны! – деді қожайынның келіншегі көйлегінің өңірін түймелеп жатып. – Жылайды. Көз тиген болар.
Варька баланы алып, бесікке бөлеп, қайта тербете бастады. Жасыл жалқын мен көлеңкелер бірте-бірте жоғалып, миын мазалайтын ештеңе қалмады. Ал ұйқы – арсыз аяусыз басып барады! Варька маңдайын бесіктің қырына тіреп, ұйқыдан сергу үшін бар денесімен тербеледі, бірақ кірпігі кірпігіне желімдей жабысып, басы ауырлай берді.
– Варька, пеш жақ! – деді есіктің аржағынан естілген қожайынның дауысы. Демек, тұратын уақыт болды, жұмысқа кірісу керек. Варька бесікті тастап, отын қораға жүгірді. Жүзінде қуаныш. Жүгіріп жүргенде отырғанға қарағанда ұйқы қыспайды. Ол отын әкеліп, пеш жақты, сөйтіп көнектей қатқан бет-аузына сөл жүгіріп, ойындағы тұман сейіле бастағанын сезді.
– Варька, самаурын қой! – деп айқайлады қожайынның әйелі. Варька шөмшек жарып, тамызық тұтатып, оны самаурынның оттығына тығуға әрең үлгерді, жаңа бұйрық түсті:
– Варька, қожайынның галошын тазала!
Ол еденге отыра салып, кебіс тазалайды, астаудай терең галоштың ішіне басын тығып, аздап мызғып алсам жақсы болар еді деп те ойлайды… Кенеттен галоштың бүйірі кеңейеді де бүкіл бөлмені толтырады. Варька щеткасын қолынан түсіріп алады, бірақ сол сәтте басын шайқап жіберіп, көзін шақырайтып, заттардың одан әрі ұлғаймауын, көз алдында қозғалмауын қадағалауға тырысып, бар күшін салады.
– Варька, сырттағы баспалдақты жуып таста, әйтпесе тапсырыс берушілерден ұят болады!
Варька баспалдақты жуып, бөлмелерді жинайды, сосын тағы бір пешті жағып, дүкенге жүгіреді. Жұмыс көп, бір де бір бос минуты жоқ. Бірақ ең ауыры – ас үстелінің алдында тапжылмай картоп тазалау. Басын үстелге шұлғып, картоптан көздері бұлдырап, пышақ қолынан түсіп кете береді, ал қасында жеңін түрініп алған томырық мінезді толықша әйел құлақ тұндырардай зекіп тұрады. Ас ішу кезінде қызмет ету, кір жуу, тігін тігу де – азап. Кейде ешнәрсеге қарамай, еденге құлап түсіп, ұйықтағысы келеді. Күн кешкірді. Терезелерге қараңғылық перде тұтты. Варька сірідей сірескен самайларын уқалайды да, неге екенін өзі де білмей ыржыңдап күледі. Қараңғылық көз байлап, қарашықтарын кеміріп, тез арада тынығып ұйықтауға шақырады. Кешке қожайындар қонақ күтеді.
– Варька, самаурын қой! – деп айқайлайды қожайынның қатыны. Қожайындардың самауыры кішкентай, қонақтар шай ішіп қанғанша, оны бес рет қайнатуға тура келеді. Шайдан кейін Варька бір сағаттай қонақтарға қарап, бұйрық күтіп тұрады.
– Варька, жүгіріп барып үш бөтелке сыра алып кел!
Ол орнынан қарғып тұрып, ұйқысын қуалау үшін жедел жүгіруге тырысады.
– Варька, араққа жүгір!
– Варька, штопор қайда?
– Варька, майшабақты тазала!
Міне, ақыры қонақтар да тарқады: шамдар сөндіріліп, қожайындар ұйықтауға жатты.
– Варька, баланы тербет! – деген соңғы бұйрық естілді. Пеште шілделік сайрайды; төбедегі жасыл жалқын, қара дамбал мен жаялықтың көлеңкелері тағы да Варьканың жартылай ашық жанарына сүңгіп, жылтылдап, басын зеңгітеді. «Әлди-әлди, жата ғой, – деп ыңылдайды ол, – Тәтті ұйқыға бата ғой...». Ал бала уанбай зар еңіреп, жылай-жылай шаршап тынады.
Варька тағы да лайсаң жолды, қоржын көтерген бейтаныс жандарды, анасы Пелагеяны, әкесі Ефимді көреді. Бәрін біледі, бәрін таниды, бірақ ұйқылы-ояу күйде қолын байлап, аяғына тұсау салған, жанын қинап, тыныш өмір сүруге мұрша бермейтін тылсым күштің не екенін түсіне алмай дал болады. Ол содан құтылу үшін жан-жағына жалтақтап, әлгі күшті іздейді, алайда таппайды. Ақыры, әбден қажыған соң, бар жігерін жинап, жартылай жұмық көзімен жымыңдаған жасыл жалқынға қарайды, баланың зарлы даусын естиді де ұйықтап алуына кедергі болып жүрген дұшпанын табады. Ол дұшпаны – сәби екен.
Варька жын ұра жырқылдап күледі, таңырқайды: осынша оңай нәрсені бұрын қалай түсінбей келген! Жасыл жалқын да, көлеңкелер де, шілделік те қоса күлісіп, қоса таңырқасқандай. Варьканың ақыл-есін албасты түсінік арбады. Орындығынан тұрып, ақсия күліп, көзін алайтып, бөлмеде ары-бері алшаңдады. Қол-аяғымды шідерлеген шиеттей бәледен қазір-ақ құтыламын деген ой көкейін қытықтап, жүйкесіне жайлылық сыйлады...
Баланы өлтіріп... содан соң ұйықтаса... ұйықтаса... ұйықтаса... Варька жырқылдап, жымыңдап, жасыл жалқынға саусағын безеп, бесікке жақындады да балаға төнді. Бөбекті буындырып өлтіре салып, дереу еденге жата кетті, енді еш алаңсыз ұйықтайтынына мәз болып ыржиды, бір минут өтпей өліктей серейіп ұйықтап жатты…
Аударған Айбек Оралхан,
Павлодар қаласы
