Ойбайшеңгел оқиғасы

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

131

Ойбайшеңгел оқиғасы - adebiportal.kz

Тамыздың аптап ыстығы бұлт атаулыны шыжғырып жіберіпті, аспан жүзі көсенің бетіндей жалаңаш. Құм төбелер арқасын күнге қыздырып дөңкиіп жатыр, сексеуіл мен жыңғылдар ошақ басында қалғып кеткен кейуанадай қимылсыз. Самал жел ғана құм суырмай, қурай сындырмай, баяу соғады. Басқа тіршілік тоқтап тұр.

Сонадайда сырғанай ағып дария жатыр. Жағасы  қалың жиде. Малшының мыжырайған қыстауы жиде тоғайға тақау тұр. Қыстауға барар жолды құм басып қалыпты. Майда құмға малтығып жалғыз адам келеді. Сыртының сылағы түскен, төбесіне жантақ өскен қоржынтамға тақап барды. Бөгелместен ішке енді. Табалдырықтан аттағаны сол еді, күйген терідей умаждалған кәрі кемпір кемсеңдеп қоя берген. 

– Құлыным-ау, құлыным! – дейді. – Алқынып бара жатыр білем, сарғыш тартып өңі кеткен көнетоз кимешегінің алқымын қайта-қайта тартқыштайды. 

– Тынысым тарылып, тұрмысым жүдеді.

Еккенім солып, егінім тапталды...

Қарлыққан дауысымен жоқтау айтқансиды. Екі көзден бірдей қалған зағип екен. Тамырлары адырайған тарамыс қолымен басын тоқпақтаған сайын жұмулы көзден жұмыр тамшы сілкініп түседі. Түпкі бөлмеден еріне басып бір еркек шықты. Жолаушы қаралы үйге келгенін білетін секілді. Бірақ еркекпен көрісіп, көңіл айтпады. Байқамағандай кеп танытып, кейуананы құшақтаған күйі отыра берген.

– Иманы жолдас болсын! Артындағы берекесін ұрпағына дарытсын! – деп күбірледі. 

– Қайдағы ұрпақ, неткен береке? – деді кемпір кемсеңдей. – Он екіде бір гүлі ашылмай кетті ғой, ойбай!..

Жаттанды сөзді айтам деп жараның аузын тырнап алғанын сезгендей   жолаушы абдырап қалды. Кемпір ұзақ сұңқылдады. Өзі де шөкімдей ғана екен, мына қайғыдан тіпті шөгіп кеткендей. Бойындағы мұң мен нала соқыр көзден жас боп сорғалайды. Қушық иығы селк-селк етеді. Құран оқып, дастарқандағы дәмнен ауыз тиді.

– Зиратқа соғып, топырақ саласыз ба? – деді сыртқа шыққан соң үй иесі шылымын тұтатып. Жауап күтпестен екі аяқты мотоциклін оталдырды. Жолаушы қалтасына қолын салып, әлдененің бар-жоғын тексергендей кейіп танытты да үй иесіне жақындады. 

...Әлден соң мотокөлікке мінгескен екеу майда құмды кешіп, бұрқыратып бара жатты. 

***

«Көктеңізден жайын көтеріліпті», «ағысқа қарай өріпті», «дарияда адам тартыпты» дегенді кешкі ас үстінде естіген. Кеспе көженің бұрқыраған иісі танауға жеткенше жантүршігерлік ақпарат құлаққа қонақтап үлгерді. Бір жананды тауысып, екіншіге қасық мала бергенде алашапқын болып Аяңбай құрдасы жетті. Атына заты кереғар жаратылыс. Аптығып сөйлейді, алқын-жұлқын жүреді. Аяңының өзі ат желдіртеді. Бәрін көріп-біліп келіпті. Суға кеткен қызды іздеген топтың ішінде болғандай екпіндетіп тұр. 

– Өрімдей жас екен...

– Алматыда оқиды...

– Ақкемердегі нағашысына келіпті...

– Өзенге жалғыз барып түскен көрінеді...

– Денесін Кеңжыра жақтан тапқан...

– Белден төменгі жағы тұтасымен жоқ...

Аяңбайдың нөпір сөзінің суын кетіріп, сөлін сыққанда қалған жұқана – осы. Ерекше әсер еткені – «белден төменгі жағы жоқ» деген ақпарат. Тіксініп қалған. 

– Қалай сонда? – деп қайыра сұрады. 

– Қалайы несі, жайынға да тіске жұмсақ ет керек болған шығар, итім біліп пе? 

– Сонда сүйегіне дейін кеміріп тастаған ба?

– Сүйегің не, «белден төмен қарай тұтасымен жоқ» деп отырмын ғой, екі аяғын жамбасымен қосып жұлып алған, – деді ұртын томпаңдатып. Ішіп отырған асын ысырып, дастарқаннан тұрып кетті. Жүрегі көтерілген. Бақша жаққа барып ішкен-жегенін түгел құсып тастады.

– Өй, қомағай неме, – дейді Аяңбай. – Тамақты шақтап ішсеңші, әкең аштан өлгендей не көрінді сонша?!

Темекісін құшырлана сорып ап жымың-жымың күледі. Артынан ере шыққанын байқамапты. 

– Кетші әрі, – деді қабағын кіржитіп.

– Өй, сен осы, Ақкемерді білесің ғой. Талай барған шығарсың?

– Барғам...

– Әлгі Асылханды танисың ғой онда?

– Қай Асылхан?

– Баяғы Сандықтаста тұрған. 

– Танымағанда!.. Көрші тұрдық қой.

– Танысаң, сол Асылхан қазір Ақкемерді жайлайды. Анау жиені...

– Немене?

– Сол Асылханның жиені деймін... Әлгі өлген қызды айтам. 

– Қалай сонда? – деп тағы да сұрақ қойып, оған өзі жауап іздегендей тұрып қалды. Жүрегі қайта көтерілген. Аяңбайдың не дегенін естіген жоқ, бақшаның шетіне барып қайта лақылдатты. 

...Сол түні ұйықтай алмай шықты. Шым-шытырық түс көрді. Дарияның суы баяу сырғиды. Құлама жардан балалар кезек-кезек секіріп, шомылып жүр. Шешіне салып қойып кетті. Көзін ашып алып сүңгігенді ұнататын, бұл жолы да жан-жағын барлап ағыс бойлап келеді. Ірілі-ұсақты балық Алматының көшесіндегі көліктердей ерсілі-қарсылы жосылады. Бір тұста балық атаулы құнажынның құйрығына үймелеген шіркейдей құжынап жүр екен. Қолмен бірер жасқап еді тым-тырақай қашты. Арғы жағынан адам сұлбасы көрінді. Адам болғанда да – әйел адам. Тырдай жалаңаш. Шашын жалбыратып ағысқа қарсы жүзіп барады. Түрін шырамытты, бірақ кім екенін есіне түсіре алмады. Бұған қараған да жоқ, өте шықты. Соңынан көз салып еді шошып кетті. Әйелдің бөкседен төменгі жағы жоқ. Ақсөңке болған сүйегіне кейбір сіңір, терісі жалбырап жабысып тұр. Тынысы тарыла бастағанын сезді. Су бетіне шықпақ болып ұмтылды. Бірақ аяғына тас байлап тастағандай қозғала алмады. Сонда байқады, әлгі әйел аяғына жармасып алыпты. Бір кезде әлдеқайдан әкесі келе қалған. Бұған болысып жанталасып жүр, білегінен ұстап өрге тартады. Жанұшыра ышқынды, бірақ әйел босатар емес. Әп-сәтте бір емес, бірнеше әйел болып кетті. Бәрі жабылып тереңге тартып барады. Аяғын сермеп-сермеп, әйелдерді басқа теуіп, құтылмақ болды. Өкшесі әлденеге тарс етіп ұрылды. Сол сәтте оянып кеткен. Төсектің қырына тисе керек өкшесі дуылдап әкетіп барады. «Біссімілләсін» айтып, артынша кәлимаға тіл келтірді. Алқына дем алады, шылқып терлепті. Таңның атуына әлі біраз уақыт бар секілді. Масахананы түріп тастап сыртқа шықты. Ай туыпты. «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа», – деп айға бата жасады.

...Бозарып таң атқанша есік алдында борпылдақ топырақты кешіп жүрді де қойды.

***

Аудандық полиция бөліміне ерен-параннан жетті. Кезекші инспекторға мән-жайды түсіндірген соң есік алдында едәуір күтіп қалды. Іздеген адамы сәскенің уағында бір-ақ келді. Бадырақ көз, балпаң қара тергеуші. Бұрын да бірер мәрте көрген. Көзін ашып-жұмып, ұйқысырап отырып сөзін самарқау тыңдады.

– Бодыңыз ба? – деді. – Тілін төсеп, түкірігін шашып сөйлейтін кекеш өзі. «Болдыңыз ба?» дегенде «л» әрпін жеп қойды.

– Болдым, – деді.

– Босаңыз бара беріңіз.

– Бара бергені қалай?

– Ағасы-оу, іс әлдеқашан жабылып кеткен. 

– Ендеше, қайта қозға. Ол қыздың борбайын балық жеген жоқ. 

– Миды ашытпаңызшы қайдағы жоқты айтып... Мына ертегіңізге кім сенеді?

– Әкем-ау, ертегің не айтып отырған?! Көрген-білген, естігенім, көкейдегі күмәнім...

Ашуланғанда тұтығып қалушы еді, одан ары сөйлей алмады.

– Бомайды, аға. Дәлел жоқ, қойтан жылғы оқиға мен сіздің күмән-күдігіңіз дәлел бола алмайды. Осымен үшінші рет келіп мазамызды алып отырсыз. Әрі-беріден соң мұныңыз – қып-қызыл жала. Ертеңгі күні ол сіздің үстіңізден арызданса, біттіңіз. Жала жапқан адамның өзін заң алдында жауапқа тартуға болады. 

– Онда неге отырсың?! Тарт жауапқа. Сотта!

– Оны уақытында «көремпіз».

– «Көремпіз» болса, «көремпіз», – деді быдықтың өз тіліне салып. – Мә, сал кісеніңді, – деп қос қолын қатар ұсынды.

– Аға, үйге қайтыңыз, бомайтын әңгімені не қыласыз, – деп тергеуші орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды. 

– Өй, сендерді адам деп келген мен де – ақымақ, өңшең... – деп сөзінің соңын жұтып сыртқа беттеді. «Өңшең быдық, маңыраған маубастар», – деді далаға шыққан соң. 

Көлігіне жеткенше қайнаған самаурындай бұрқылдап барды. «Үйге қант-шәй ала кел», – деп әйелі тапсырған. Базар аралап жүруге зауқы соқпады. Келген жолымен кейін қайтты. 

Ойқы-шойқы жолмен тасырқаған аттай кібіртіктеп, зорға келеді. Дөңгелек бір шұңқырдан қашқанмен екіншісіне барып арандайды. Әр соққы сайын жақ еті бүлкіл қағады, жұқарған жүйке одан сайын қажала түседі.

– Ертек дейді ғой, көрсетейін мен оларға ертекті. «Дарияда жайын жүр» деген ертекке сенетін мен емес, осы сақаулар. Жайын жұтса, толық жұтар болар, жамбасын жеп, қалған жағына тәбеті шаппайтын неғылған жайын, неғылған жыртқыш балық ол?! Анық ертек – сол! Осыдан көрсетпесем сендерге, – деп тісін шықырлатты да, көліктің газын басып-басып жіберді. 

...Ескі жигули бір-екі рет тоңқаңдап барып сабасына түсті. 

 ***

Совхоздың малын өткізіп берген жылы-тұғын. Ала жаздай тепеңдеп Сандықтастан үй соқты. Ауылдағы ең үлкен үйдің бірі болған. Қоңыр күзде көшіп кіріп, қоныстойын жасаған. Ол кезде әкесінің көзі тірі. Қаншеңгелдегі кенже інісінің қолында тұратын. Төрткөз түгел жиылып, ағайын-туыс, құда-жекжатқа есік-төр көрсеткен. Қонақтар тарқаған соң әкесі он шақты күн аял қылды. Кешкілік ауыл шалдарымен көше сыртына шығып алып карта сызатын. Өрістен қайтқан малмен жарыса үйге кіретін. Бір күні түнеріп жетті. Ақшам намазын да ұзақ оқыған. Кешкі ас үстінде түйіліп отырды. Балалар ұйқыға бас қойып, әйелі ыдыс-аяқ жиыстырып кеткенде сөзге тартты.

– Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па, көке?

– Жүрегім ауырып тұр?

– О, неге? Ертең дәрігерге апарайын...

– Жә, тоқтат, – деп қолын көтерді. – Одан да мына үйден көш!

– Көшкені несі, көке? Кеше ғана көшіп кірдік емес пе? Өзіңіз соқпа тамға жетері жоқ, жазда салқын, қыста жылы деп мақтадыңыз...

– Көш деген соң, көшсеңші, – деп таяғын шолтаң еткізді. Ашуланғанда таяғы бірінші жүретін, сөзі өтпей, айтқаны жетпей жатса, таяқпен нұқып жіберу, салып қалудан тайынбайды. Талайдың басына тиген қара таяқ қайыра көтерілем дегенше лып етіп орнынан тұрып кетті. Соқталдай болып алып, сойылға жығылып жатқаны өзіне ерсілеу көрінген. Таяқ жетпейтін алыстау жерге барып қорғаншақтап тұрды. 

– Не болды, көке?

– Ештеңе болған жоқ әзірге. Бірақ болады. Болып та жатыр.

– Қойыңызшы, қайдағы жоқты айтпай, – деп ыржалақтады. – «Осы көкем, алжып қалғаннан сау ма» деген арам ой санасында жылт етті де басылды.

– Сен мені «алжыған шал» деп отырсың ғой осы тұрғанда, – деп ойын оқып қойғандай көкесі орнынан көтерілді. Таяқ ұстаған қолы дірілдеп, сақалы селкілдеп кетіпті. Қатты ашуланып, түтігіп тұр. 

– Жо-жоқ, көке. О не дегеніңіз, – деп шегіншектей берген.

– Көшесің бе, көшпейсің бе? Соны айт, мылжыңдамай. 

– Көке, енді... Жылы орнымды суытып қайда барам?! Үйреніскен жер, жұмыс... – деді күмілжіп. 

Сол кезде сарт еткен дыбыс шықты. Көкесі оң қолымен өзінің сол қолының сыртынан салып кеп қалған екен. Ауыр еңбектен адырайып кеткен тамырға тұмсық тығып алып, қою қанды бүлкілдетіп сорып жатқан дәу сары маса мезетте жан тапсырды. 

– Қанішер, – деді күбірлеп. – Адымдай басып далаға шығып кетті. «Қанішер» сөзін бұған қарата айтты ма, әлде масаға айтты ма, әлде мүлде басқа біреуге бағыттады ма, ол жағын бағамдай алмай, бір қауым уақыт аңырып тұрып қалды. Үйдің ішінен масаның ызыңы ғана естіледі. Терезеден сығалап қарап еді, көкесі бақшадағы нардың үстіне жайғасыпты. Ара-тұра сарт-сұрт ұрылған алақан дыбысы шығады. Түнгі жортуылға шыққан масалар мазасын алып жатқан сықылды. Қақырынып-түкірініп, біресе – оң, біресе – сол қалтасын ақтарғансып, қасына әрең барған. Қараңғыда сипалақтап жүріп масахана құрды. Қоға тұтатып, түтін салды. 

– Көшпесең, көшпе. Тек балаларыңа ие бол! – деді көкесі көзін алысқа тіге. «Төтенше талабының себебін айтар» деген үмітпен жақынырақ барып тұрды. Бірақ қанша сарылып күткенмен ләм демеді. 

...Құбыла беттен соққан түнгі өкпек желге кеуде тосып, қаққан қазықша қақиып отырған да қойған. 

*** 

Ертеңіне күні бойы егіс басында болып, кештетіп жұмыстан келгенде үйден әкесін кезіктіре алмады. Таңғы оразасын ашқан соң буынып-түйініп жолға шығыпты. Жолай кезіккен көлікпен Қаншеңгелге жетіпті. Сол күні бұл әйелімен қатты сөзге келіп ұрсысқаны бар. «Көкеме сен бірдеңе дедің», – деп бұл айыптайды. «Мен емес, өзің бүлдірген», – деп ол шығады. Екеуі ары ырғасып, бері ырғасып барып басылды. Екеуі де сырттай тон пішкенімен әкенің тосын қылығының себебін таба алмады. Бұларды не үшін көшірмек болғаны да жұмбақ күйінде қала берді. Анау-мынауға ақтарылмайтын тұңғиық жан сол жұмбақты өзімен бірге әкетер ме еді кім білсін, дүниеден өтеріне бір ай қалған кезде сырғақтатып отырып сыр ашқан. 

Кіші інісінен «көкем төсек тартып қалды» деген хабар алысымен дереу жетті. Төрге қалыңдатып көрпе салдырып, шалқасынан жатыр екен. Күлімсірей қарсы алды. «Сары көбелектерім», – деп немерелерін айналып-толғанып бауырына басты. Басқаға мән бермей, балалар зеріккенше солармен ойнады. Әр нәрсені сұрап, әңгімелесті. Балалар ойын қуып, екеуі оңаша бір қалғанда ғана «келдің бе» дегендей көзімен аялап, барлай қараған. Артынша өз өмірінің әр қырынан сөз қозғады. Жалғыздығын айтты. «Халық жауы» ретінде атылып кеткен әке, итжеккенге айдалған бауырларын еске алды. Жуан атаның жілікті азаматтарының сұраусыз, құнсыз кеткеніне қынжылды. Жатқан жерін тауып топырақ сала алмағанына өкінді. Сөз соқпағы айналып келіп ашаршылық жылдарға тірелген. 

Естияр болып қалған кезіндегі ең елеулі оқиға есінен қалай кетсін?! Бұған дейін де сан мәрте айтқан дүниені қайыра бір жаңғыртқан. Сөзін бөлгенді ұнатпайды әсте, әрі ежіктеп түсіндіріп жатпайды, кей жері бұлыңғырлау боп қалса, соңыра қайырылып соғатын. Көбіне төтелей тартып сөйлейтін, даланың құмын көшіріп, дарияның суын сапырған аңызақ желдей әңгімесіне түрлі рең қосып, әсірелеп айтатын. Бұл жолы олай еркін көсілуге сырқаты кедергі келтіріп тұр-ау, бірсыдырғы баяндады. Сөз ләмінен-ақ кеселдің кәрі денені қажап жатқанын түсінген. Түсінді де әкенің әңгімесін алғаш естіп тұрғандай ықыластана тыңдады, бірақ соңғы рет естіп тұрғанын білмеді. Бауырына бөстекті қысқан күйі қасына жантайып алып сөзбен айтқан оқиғаларды көзге елестетіп, көкірегіне көшірумен болды. 

...Міне, арып-ашыған, жүдеп-жадаған жас жігіт жанұшыра жүгіріп келіп, топталып өскен жыңғылдың астына кіріп кетті. Бұтағы теріні тіліп, етін түйрегеніне қараған жоқ. Етпеттей жата қалды. Артында қуғыншы бар секілді. Біреу емес, бірнешеу. Жол торыған қарақшыға ұқсамайды, сұлба-сықпыты қораштау. Бірінің қолында кере қарыс қанжар бар, сойқан тілеген жүзіне қан қатыпты. Көрген бетте көз тайдырып әкетті. «Әлгі бойжеткеннің қаны болар», – деп топшылады. Өзі де кербез сұлу еді. Бай әулетте өскен кеуде тағдыр тауқыметіне бола төменшіктеп еңкіш тартпапты. Көзді мұң торласа да, көкірек шіркін басылмаған. 

Дарияның бойында жолыққан онымен. Қатын-бала, кәрі-құртаң өзен жағалап шулап-шұрқырап жүр екен. Қайратты ер-азаматы болса, құлаш ұрып әлдеқашан арғы жағаға шығарар еді, еркек кіндіктінің бәрі айдалып кеткен шақ. Шарасыз халықты өзеннің үш тармаққа бөлініп, байырқалап ағатын жуастау тұсына қарай бастады. Жергілікті жұрт ежелден мал тоғытып, ат жүздіріп өтетін жайдақтау жайылманы қапысыз-ақ тапқан. Ел тосырқап тұрғанда «тәуекел» деп алға түсті, соңынан алты адам ілескен. Қалғаны әліптің артын бағып қалды. Содан аман өткені – екеуі. Бәрі бірінің соңынан бірі түсіп, ретпен жылжып-ақ келе жатқан. Екі арнаны кешіп өтіп, үшіншіге жеткенде сәл іркілді. Суы молдау, ағысы қаттылау екен. Аз-маз тыныққан соң қайта қозғалды. Су деңгейі кеудеден асып, кеңірдекке тақалғанда арттағыларды үрей қысты. Әуелі орта жастағы келіншек берілді, көзі алақтап, алқына дем алып, талықси бергені сол еді қуатты ағыс қақпақылға салып әкеткен. Содан кейін-ақ тізбек сетінеп кетті. Айқай-шу, бір-біріне ұмтылған, бір-біріне жармасқан жұртқа қарайлаған жоқ. Өзіне жақындау тұрған бойжеткенді білегінен шап беріп ұстады да ілгерілей берді. Жағаға жеткенде ғана артына қарады. Ешкім жоқ. Әлгінде ештеңе болмағандай су беті тып-тыныш. Беті тынық көрінгенмен түбі құйын боп ағатын дария түк болмағандай кеп танытады. Тек арғы бетте ұлардай шулаған халық қана бір сұмдықтың болғанын сезгендей үйездеген қойша ұйлығысып қалыпты. 

Бойжеткен «құтқардың екен» деп алғыс айтпады, қарасуға кәрін төгіп қарғыс жаудырған. Бір ауылдың адамдары көрінеді, әлде бір әулеттен бе екен, әйтеуір, қатты қайғырды. Көз жасын көлдеткен күйі жалғыз аяқ соқпаққа түсіп ботадай боздап жүріп кетті. Артынша бұл да қозғалды. Ескі сүрлеу шеңгел тоғайға кірген бетте апыр-топыр дыбыс шықты да бойжеткеннің шошына шыңғырған дауысы естілді. Дереу жол шетіне бой тасалап жата қалды. Бір топ адам топырлап қасынан жүгіріп өте шықты. Ана қызды көтеріп алыпты. Әлсіз ғана үн шығарып бұлқынады. Бұрымы жер сызып барады, майда құмға түскен сол ізді басып мысықтабандап соңына түсті. 

Жолдан әріректе құм шағылдың етегінде қалқиып жырым-жырым екі киіз үй тұр. Бірінің түңлігінен будақтап түтін шығады, адамдардың дабыр-дұбыр дауысы естіледі. Бұқпантайлап барып, жабықтан сығалады. Қақ ортадағы қазанға төніп үш адам отыр. Әбден аштық өткен, кісілік кейпі кеткен. Бетінен буы шығып жатқан қазанға түсіп кетердей өңмеңдейді бәрі. Қазан ішінен әлдекімнің жалаңаш сирағы сойдиып шығып тұр. Әріректе екеуі мал сойып жатқандай құнжыңдап жүр. Әлгі қызды іздеп айнала көз жүгіртті. «Байлаулы жатса, ебін тауып босатып әкетермін» деген дәме болған. Жан-жақты шолып тура есіктің босағасына келгенде қалт кідірді. Керегеде бір бас ілулі тұр. Әлгі қыздың басы. Көзі ашық күйде, тістеніп қатып қалыпты. Ұзын бұрымының ұшы жерде шұбатылып жатыр. Тынысы тарылып, көзі қарауытып барып басылды. Жалт бұрылып, тапырақтай қашты. Әлгілер байқап қалған секілді, шу-шұрқаны шығып соңынан қуалады. Қашып келеді, қуып келеді. Қыз қақпанға түскен шеңгел тоғайға жақындап қалды. Бар күшін салып жүгіріп өтті. Өкпесі өшіп, алқына бастады. Енді біраз жүгірсе, құлайтын секілді аяғы шәлкем-шалыс басады. Із жасыру үшін тақырлау жермен жүгірді. Бұлтаққа салып, жолдан қиыстау тұрған жыңғыл ішіне қойып кетті. Кесірткедей жерге сұғына кіріп, үсті басын құм-топырақпен көмді. Қуғыншылар дабырласып ары-бері ойқастап жүрді де, кейін қайтты. 

...Бойындағы үрей біразға дейін басылмай, түні бойы елегізіп шықты.

*** 

«Таң атты, күн шықты, жер қызды. Аңқам кеуіп, аштық бунаса да, бұта түбінде күні бойы бұратылып жаттым», – деді кеберсіген ернін тілімен дымдап. Әкенің басынан өткен оқиғаны ойша елестетіп отырып ескермеген екен, шөліркеп қалған секілді. Атып тұрып кесемен су ұсынды. Ерін тигізіп бірер жұтты да кейін қайтарды. Қайтадан әңгімесін жалғады.

– Тұрғанмен пайда жоқ, туған жердің табиғатын білем ғой. Төбеден күн қақтап, төменнен құм қыздырып атшаптырым жүрмей-ақ алып ұрады. Кешегідей емес, әбден әлсіреп қалыппын. «Осы күйімде өзеннен өте алмас едім-ау, әлгі бір адамжегіштерден құтылмас та едім ғой», – деп ойлаймын. Бұрымды бойжеткенді қайта-қайта есіме аламын. Іштей дұға оқып: «Жаны жәннатта болсын бейбақтың», – деп бет сипаймын, – деп барып аз-кем үзіліс жасады. Әлдекімді іздегендей жан-жағына байыппен қараған. Әкесінің кімді іздегенін түсіне қойды. Осы тұсқа келгенде марқұм шешесі үнемі әңгімеге араласатын. Мырс етіп мысқылдай күліп, тілімен түйреп алатын. 

– Әдірам қал, сол сұлуға ғашық болдым десеңші. Былай шыға бере құмға аунатып кетуді ойлаған шығарсың, – дейтін әдейі қажап. Оған әкесі мән бермейді әсте, сыралғы серігінің қағытпасына керісінше ырза кейіп танытады.

– Қызғанып отыр, көрдіңдер ме? – дейтін жымыңдап. – Жас күнімде жігіттің сұлтаны болғанмын, бұйра шашым толқынданып тұратын, – деп тақиясын көтеріп жіберіп қылпықсыз жалтыр басын сипайтын. Бүгін енді қосамжарласа сыңарезулейтін кемпірі жоқ. Сонда да аял жасады. Күбірлеп бет сипады. 

– Сол күн мен үшін ғасырдан да ұзақ болды, – деді қабағын кіржитіп. Қиналған сәтін еске алғанға жаны жүдеп отырған сыңайлы. – Күн жарықтық шабан аттай ілбіп басады, әрең дегенде кеш батты. Көз байланған шақта шеңгел тоғай жақтан айқай-шу шықты, әлдебір әйелдің шыңғырған, қарғап-сілеп ойбайлаған дауысын анық естідім. «Мына қанішерлер тағы біреулерді ұстап алған екен ғой», – деп топшыладым. Топшылауын топшыласам да, оларға барып ара түсуге дәрменім жоқ. Апта бойы нәр сызбағам, көзім қарауытып, құр сүлдерім тұр. Бұқпантайлап орнымнан тұрдым да жолға түстім. Жан-жағыма жалтақ-жалтақ қараймын. Әрбір сексеуіл, жыңғылдың түбінен біреу шығып тарпа бас салатындай... Жүріп келем, жүріп келем... 

 ...Арғы жағы да белгілі. Жүріп келе жатып жүрелей құлаған, әлде ұзынынан сұлаған, мүмкін жамбастай жығылған. Әйтеуір жол шетінде қылжиып, ес-түссіз жатқан жігітті бір мұсылман арбасына салып алыпты. Аузына сыздықтатып су тамызып, шақтап тамақ беріп келесі ауылдан түсіріп кеткен. Құдайдың қарасқаны болар, ол ауыл – іздеп бара жатқан нағашыларының ауылы Сарытоқым болып шыққан. Жеті-сегіз күнде есін жиып, еңсесін тіктейді. Көрген-білгенін айтады. 

– Ойпырм-ай, Ойбайшеңгелден аман өткен екенсің ғой, қарағым, – дейді қарт нағашысы таңданып. 

– Ойбайшеңгелі несі? – деп бұл таңырқайды. 

Сөйтсе, дарияның бергі бетіндегі халық бәрінен хабардар көрінеді. Әлгі бір адамжегіштер әулеті аштық басталғалы сол маңды жайлапты. Суды кешіп, құмды есіп өтіп, шаршап-шалдығып, арып-ашып келе жатқан талай бейбақтың түбіне жетіпті. «Қайыра барып, көзін құртайық, қасыма бес-алты жігіт қос», – деп нағашысына өтініш қылған. Нағашысы үнсіз бас шайқады. Сөйтсе, бұл ауылда да атқамінер азамат қалмапты. Түгел айдалып кеткен. Кілең қызылиек шал-шауқан, қызыл қарын бала-шаға өлместің күнін көріп отыр екен. 

Содан ел тоғайғанша Сартоқымда болады. Көлден балық сүзіп, тоғайдан қырғауыл атып он бес үйлі ауылды аштықтан алып шығады. Жер-жерде ұжымдастыру басталған тұста туған жерге оралады. Қазіргі Сандықтас ауылын алғаш құрушылардың бірі болған. Алты үй мойынсерік ретінде бірігіп ауыл іргесін қалаған. 

Әңгіме осы жерге келгенде түйінделетін әдетте. Кейде түрлі-түрлі қызмет қылғаны айтылатын. Ондайда сөз ләмінен мақтану мен марқаюдың лебі есіп сала беретін. Осы жолы аттың басын тартқан жоқ. Кеңінен көсілген. Бұрын-соңды естімеген дүние, тың дерек, таңғаларлық кеп. 

...Әуелгіде шынтақтап жатып тыңдаған әңгімеге арбалғаны соншалық, әкенің қасына қалай еңбектеп барғанын білмей қалды. 

*** 

Екі күнгі демалысын сырқат әкенің күтіміне арнап жексенбінің кешінде ауылына қайтты. Көңілі алай-дүлей. Көкесінің соңғы айтқаны жан-дүниесінің астаң-кестеңін шығарған. Қара суға ара-тұра таңдай жібітіп отырып талай сырды ақтарып берді. Қайбір жылы қоныстойынан соң үйінен көшіргісі келіп әлектенуінің де құпиясы ашылған. Неліктен «балаларыңа ие бол» дегенінің себебін түсінген. «Неткен тастай қатты, таспадай берік адам», – деп ойлады әкесі туралы. Неге айта салмаған? Неше жыл ішіне қалай ұстаған? Неткен төзім, неткен сертке беріктік? Неге сонша уақыт жұмбақтап келген?

Арада ай өткенде қарттық дендеп, сырқат меңдеген әке дүние салды. Ақ жауып, арулап, жаназасын шығарды. Елу жыл отасқан кемпірінің қасына барып, мәңгілік мекеніне жайғасты. 

– Үлкен кісінің арты той ғой, тоқсанға келген бар, келмеген бар, – десіп ағайын-туыс көңіл жұбатты.

– Елуден енді асқаныңда тұл жетім қалдың ғой, байғұс! Былайғы күнің не болар екен?! – деп Аяңбай бастаған құрдастары қылжақ сөзбен қағытқан. Уақыт-уақытымен жетісі мен қырқын берді. Қайғы сейіліп, қалыпты тірлік орнағандай болған. Бірақ еңсесін әлдебір зілмауыр ой езді де тұрды. Әкенің ауырып жатқан кезде айтқан әңгімесі қайта-қайта есіне түсе береді. Ойлай береді. Ойлаған сайын көңіліне алаң кіреді. Ашаршылық жылдары дарияны кесіп өтіп Сартоқымға тентіреп барғаны, жолай адамжегіштерден қашқаны, кейіннен елге қайтып келіп ұжымдастыру науқанына кіріскені, мойынсерікке біріккен алты үйдің екеуі әлгі адамжегіштер болып шыққаны, оларды таныса да танымағандай болып жүргені, іргесін аулақ салмақ болып, «ұжымнан шығам» деп арыз жазғанда жергілікті белсенділер: «Совет өкіметінің саясатына қарсысың», – деп түрмеге жапқаны, үш жыл Алматы абақтысында отырып қайтып келген соң ол ауылға жоламай, көршілес елді мекенге қоныс тепкені, аймақта адамдардың із-түзсіз жоғалуының көбейгені, сексеуіл тоғайға кіріп адасып, ит-құсқа жем болдыға жорылған талайдың сүйегінің судан табылғаны, олардың жамбас еттерінің мүжілгені... Айта берсе көп. Ақыр аяғы өзінің қоныстойынан кейін «көшіңдер» дегенімен аяқталады. Ауыл шалдарымен көше сыртында карта ойнап отырып әлгі адамжегіш әулет туралы суыртпақтап сұрапты. Бәрі дүние салған, біреуінен ғана тұқым қалғанын естиді. Ол жалғыз тұяқ басқа емес, мұның іргелес көршісі Асылхан екенін біледі. Кешкілік үйге келе салып: «Көш те, көш», – деп дігірлеуінің себебі сол екен. 

– Қалай өзі, ерсі қылығы байқалмай ма? – деп сұраған әкесі сол жолы. – Бәлкім, менікі құр байбалам шығар, тек «әлгі бір қанқұмарлық тұқым қуалап жүрмесе» деймін де, әйтпесе, бұл баланың жазығы жоқ қой. Әке үшін бала жауап бермес болар. Ол байғұстар да жетіскеннен кісі етін жеді деймісің, өлместің қамы да, – деп сөз соңын күмәнге тіреп қойған. Бұрынғы «көш те, көш» деген екпін жоқ, «өзің білге» салып тұр. 

Осылайша, өзі өмір бойы сақтаған құпиясын ақтарып кеудесін босатқан. Есесіне, күмән-күдікті түгелдей мұның көкірегіне көшіріп берген. Сол күмән, сол күдік бертін келе ұлғаймаса, сейілген жоқ. Бұрын қазан-ошағы араласып жататын көршісімен барыс-келіс, алыс-беріс саябырсыды. Дастарқанынан тамақ жеуге секемденді. Әр ісінен ілік іздейді, жүріс-тұрысын аңдиды. 

Қайбір жылы Алматыдан келген балықшы орыстың әйелі жоғалды. Өздері қайыққа мініп, балық сүзіп жүргенде әйелдері тоғай аралап, жидек теріпті. Біреуі тобынан көз жазып қалған. Содан көрген адам жоқ. Әппақ сазандай, реңді келіншек екен, суреті ауылдың әр-әр жерінде мұндаға дейін ілініп тұрды. Тәртіп сақшылары елу қаралы сарбазды ілестіріп алып суды да, құмды да сапырды, орман-тоғайды шарлады. Таппады. Ауыл аралап әркімнен жауап алған. Асылханды көбірек айналдырған. Әлгі әйел жоғалған тұстан көлігін көргендер бар екен. Бірақ: «Аңға бардым, қырғауыл аттым, көрмедім-білмедім», – деп құтылыпты. Сол жолы апақ-сапақта әлденені сылтауратып үйіне әдейі іздеп барды. Кешкі асқа отырып жатыр екен. Асқабақ қосып, мәнті жасапты. Етін молдау қосқаны байқалады, майы сыртына шығып, шылқып тұр. «Дәм ауыз ти», - деп ол да айтпады, көмбеш нанның шетінен үзіп жегені болмаса дастарқанға бұл да ұмтылмады. 

– Тұмау иектеп жүр ме, білмеймін, денем дел-сал болып, дегбірім кетті, тегі... Сорпаланғанға бір қырғауыл бере тұршы, – деген өтірік жөтелгенсіп. Асылхан бір қызарып, бір сұрланды. «Күні бойы сандалып, құрқол қайттым», – деп күмілжіген. «Майлы мәнтіні ненің етімен жасадың, ендеше» деген сұрақтан жасқанды ма, шылымын тұтатып далаға шығуға икемделген. Әр нәрсені сөз етіп, күннің райы, малдың қамы жайлы әңгіме айтқансыды. Бұл да сезік алдырмас үшін көршінің сөзіне сенгендей рай таныта салды. Сол күннің ертеңінде малды өріске шығарып жүріп қораның алдынан қанға малшынған қанар тауып алды. Ары-бері аударыстырып қарағанда ішінен аттың жалы секілді жирен түсті қылшықтар шыққан. Ақырын алып, қораның кенересіне тығып қойды. Жүрегі бір сұмдықты сезгендей атқақтап барады, жан-жағын байыппен бағдарлады. Қанар сүйреткен із тура көршінің үйіне бастап тұр. Не істерін білмей біраз дағдарып тұрды да, екі үйдің арасын бөліп тұрған қоршаудан секіріп арғы жаққа түсті. 

Таңғы алакөбең. Асылхан ояна қоймаған секілді. Ұрлана басып із қуалады. Асылханның бақшасының шетінде дөңкиіп күл төбе жататын. Үй мен моншаның пешінен шыққан күлді төгеді. Күлтөбе тау боп үйілгенде тракторға тиеп, ауыл шетіндегі жарға апарып төгеді. Қанар сүйреткен із тура сонда барып тіреліпті. Байқастап қарап еді, неше жылдан бері үйіліп, қозы-лақтың тұяғымен тапталып тепсеңге айналған төбенің бір шеті қопсып қалыпты. Әлдекім қазып, қайта көмген секілді. Аяғымен түрткілеп, аршып көрмек болып еді, ештеңе байқалмады. Тереңірек ұңғу үшін кетпен, күрек керек екен. Асылхан бүкіл құрал-сайманын қораның ішіне тығып ұстайтын мәттәқан адам, шашау-шарпы ештеңе жатпайды. Күрек әкелу үшін келген жолымен үйіне қарай жүрді. 

Қоршаудан секіріп түскен сәтте Асылхан да қақырынып-түкірініп далаға шыққан. Қайта айналып бара алмағанына іштей өкінгенімен көршінің көзіне түспегеніне қуанды. Күні бойы Асылханды аңдыған, ол да ешқайда шықпай, үй маңында күйбеңдеп жүрді де қойды. Шалғы сұрап бір мәрте келіп те кеткен.

– Мынау сенің қанарың емес пе, түнде иттер сүйреп әкелген секілді, қораның алдынан тауып алдым, – деді аңқаусып.

Асылхан тоқ соққандай қалт тұрып қалды. Ішкі әлемінде не болып жатқаны белгісіз, ал сырты сұрланып сала берген. «Білмеймін» деген сөз көмейінен ыңыранып әрең шықты. 

– Ә, онда «Сәміжанның балалары сиыр сойып, Алматыға әкетті» деп еді, солардікі шығар, – дей салған аңқаусып. Қора шетінде умаждалып жатқан қан-қан қанарды айырмен іліп алып, қораның төбесіне қарай лақтырып жіберді. 

– Кепсін, кепкен соң моншаға жағып жіберермін, – деп қойды. 

Асылхан үн-түнсіз шалғыны алып кеткен. Бірақ сол күні шөп шапқан жоқ. Әлденені іздегендей қорасына бір кіріп, бір шығады. Мұның үй жағына да анда-санда қарап қояды. Орағытып жүріп күлтөбенің басына да бірер мәрте барып қайтты. Бір қарағанда, Ақтөс итін айырмен түйреп, қыңсылатып жатқан. Кешкілік Ақтөсті ертіп, көшенің сыртына шығып кетті. Осы сапардан Ақтөс қайтып оралмады. Қапқа салып суға батырды ма, әлде атып өлтірді ме, белгісіз. Күндіз шынжырмен байлап, түнде босатып жіберетін малға сақ Ақтөстің жоғалғанын ауыл жұрты кештеу естіді. Ал оның қалай жоғалғанын, не үшін жоғалғанын, тіпті не жазығы барын Асылхан екеуі ғана білетін. 

Сол жолы «сақшыларға жүгінейін» деп бір-екі рет оқталды да, тыйылды. Атадан бері жалғасып келе жатқан көкейіндегі күмәнді айтқысы келген. «Дұрыстап тексеріңдер, «арғы аталары солай болған» деседі, қанқұмарлық пәле тұқым қуалап жүрмесін», – дегісі келген. Бірақ дәті шыдамады. Әдеттегідей алды-артын ойлайтын аса сақтығы немесе «аш бәледен қаш бәле» деп көп жерде тартыншақтайтын қорқақтығы әсер етті. Шаш секілді қылшықтарды тексерсе, кімдікі екені анықталар-ау! Әлгі өлген орыс әйелдікі болуы әбден мүмкін. Бірақ оны Асылхан өлтіргеніне не дәлел бар? «Бұл менің қанарым емес», – десе, не болмақ? Мұндай қанар ауылдағы әр үйде бар, қаңғыған ит қайдан сүйреп келгені белгісіз. Одан қалды: «Үй сенікі, қора сенікі, сенің қораңнан табылды», – деп өзіне жала жаппасын де. «Асылханға» деп қазған орға өзі барып құламақ па? Осы бір қорқыныш көңіліне үрей сепкен, дегбірін алып, жан таптырмады. 

...Ақыры әлгі қанарды, қыл-қыбырымен қоса өртеп жіберді. 

***

Содан бері де аудандық милицияға екі барып, екі қайтқан. Көршілес ауылға қонаққа келген бұйрабас студент қыз жоғалған кезде еді екеуі де. Қалаға қатынайтын автобусқа мінбек болып үлкен жолдағы аялдамаға шыққан екен, содан ұшты-күйлі жоқ. Автобусқа мінбеген. Көрген-білген адам жоқ. Әдеттегідей, көшелерде суреті ілініп тұрды, әдеттегідей, сарбаздарды саусылдатып ертіп алған сақшылар аннан-мұннан іздегенсіді. Тоғай арасынан беторамалы табылыпты, бір жерде шеңгел жыртқан киімінің жұқанасы қалған. Жұрт «жыңғыл тоғайға кіріп, жынданып өлді», «қорқауларға жем болдыға» жорып қоя салған. 

Арада екі ай өткенде байғұс қыздың сүйегін балықшылар судан сүйреп шықты. Біреулер: «Балықтар жамбас етінің жұлым-жұлымын шығарыпты», – десе, енді біреулер: «О, тоба, екі аяғын әлдене жеп қойыпты», – деп таңғалып жүрді. 

Сол күндері де Асылханды аңдып-баққаны бар. Әлдене сұрағансып үйіне кірген. Соқыр шешесі пеш түбінде жүн түтіп отыр екен. Дастарқан үсті ыбырсып жатыр, қақ ортада тұрған екі қасқан мәнтіге көзі түсті. Бірін – жартылай жепті, екіншісіне қол тигізбеген. 

– Асылхан, сен бе? Асыл?.. – дейді зағип кемпір әлдекімнің келгенін сезіп. Қолымен сипап сезіп, қобырсыған жүнді жинастырып әлек. Дастарқан үстінен бір мәнтіні алды да, қалтасына сала салды. Кемпірге жауап қатпастан сыртқа шықты. «Осы неме мәнті жасағыш өзі», – деді ішінен. 

Асылхан қара терге түсіп бақшада жер аударып жүр екен. Күзде қопсытып қойған жеріне көктемде асқабақ егеді. Күзге салым сатады, сатудан қалғанын алты ай қыс шешесі екеуі жеп шығады, көбіне-көп мәнті жасайды. Өзі қатынбасша бәле, қазан-ошаққа мығым. Сиырды да өзі сауады, нанды да жабады, майын шылқылдатып тұрып тамақты да дәмділеп істейді. Атқанын тірі жібермес аңшылығы және бар. Мұның келгенін байқай сала күрегін иығына асып қарсы жүрді. Амандық-саулықтан соң бұйымтай сұраған. 

– Қырғауыл керек еді, қоразынан болса, – деген сөз аяғын жұтып. Күрегін жерге шанши салып, қораға беттеді. Соңынан ілесті. Қораның іші қаракөлеңке екен. Бір жағында биылғы асқабақ төбе болып үйіліп жатыр. Асылхан түкпірге қарай бастады. Белағаштардан арқан байлап арса іліпті, арсаның бойында аң мен құстың еті самсап тұр. Кейбірі кеуіп-қатып сүрге айналған. 

– Мынау ненің еті? – деді көлемділеу бірін ұстап.

– Қарақұйрық.

– Ал мынау?

– Үйрек қой, мына жақтағылар – түгелімен қырғауыл.

– М-м, ал мынау ше?

– Адамның еті.

– Не?!

– Адамның еті деймін. Семіз қатынның сан еті, – деді қарқылдай күліп. Не дерін білмей тосылып қалды. 

– Сенің де семіргеніңді күтіп жүрмін, қарныңа қазы байланғанда сойып жеймін, – деп сұқ саусағымен бүйірінен түйреп қалған. Жүрегі суылдап, бойы тітіркеніп кеткен. Қашуға ыңғайланып шегіншектей берді. Ол мысқылдай күліп бұған тақала түсті. 

– Қалжыңдаймын-ей, мә, ұста! – дейді. 

Бір қолында – пышақ, бір қолында – қырғауыл. «Біттім», – деп ойлады. Қазір сол қолымен қырғауылды бергенсиді де, оң қолымен пышақ ұрады. Жүрекке салады, не кеңірдектен орады. Өзінің бүктетіліп түскенін, кеңірдектен қан атқақтап қырылдай құлағанын елестетті. Одан кейін Асылханның асықпай жіліктеп сойып жатқаны, сан етін тұздап арсаға ілгені, денесінің қалған бөлігін қапқа салып дарияға ағызып жібергені... Бүкіл өмірі көз алдына келген. «Мә» деген дауыс тура қасынан шыққанда селк ете түсті. 

Асылхан әлгінде ойша елестеткеніндей, қырғауылды ұсынып әлі тұр екен. Қырғауыл ұстаған сол қолдан көзін аударып, оң қолына қарады. Басы қайқы қара пышақ қараңғы қораның ішіне жарық шашып жарқ-жұрқ етеді. Қырғауылға қолын жақындата бере іркілді. Алған бетте Асылханның қолындағы пышақ қоса шапшитын секілді. 

– Неге? – деді дауысы дірілдей.

– Не неге? Өзің ғой.

– Өзім?..

– Өзің ғой қораз сұраған, әлде мекиенін берейін бе?

– А-а? – деп аңтарылып тұрғанда Асылхан басқа қырғауыл алмаққа бұрыла берген. 

Сол сәт тапырақтай қашты. Қораның табалдырығына шалынып етпетінен түсті. «Жон арқамнан пышақ ұратын шығар», – деп бір сәт көзін жұмып соққы күткен. Бірақ ештеңе болмаған соң атып тұрып қайта жүгірді. 

– Әй, тоқта! Қырғауылыңды ал! – деп айқайлаған Асылханның дауысын естіген жоқ. Жанұшыра жүгірген күйі келіп қоршаудан ырғыды. Қапелімде шалбарының ауы сымтемірге ілініп дар етіп айырылды. Оған да қараған жоқ, аласұрған қалпы ошақханасына келіп кірген. Іштен ілгегін іліп алып, бірқауым уақыт бойы далаға шықпады. Кеудесіне бір үйір жылқы кіріп кеткендей, жүрегі құрғыр көкірегін дүрс-дүрс ұрады. Сол күні ісі өнбей берекесі кетті. Есіне қанардың түбінен табылған аттың жалына ұқсас жирен қылшықтар, жаюлы тұрған ет, майы шылқыған мәнті, екі көзі қып-қызыл болып өзіне төніп келе жатқан Асылхан түсе береді. 

Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Ертеңіне аудандық сақшыларға барған. Көрген-білгенін, көршісінің айтқанын айна-қатесіз жеткізді. Асылханның дастарқанынан алған бір түйір мәнтіні де: «Тексеріңдер, ненің еті екенін анықтарсыңдар», – деп тастап кеткен. 

Келесі күні-ақ түстің әлетінде сақшылар сау етіп жетіп келді. Қораға кіріп-шығып жаюлы тұрған еттің бәрін көліктеріне тиеп, Асылханды қоса салып әкеткен.

– Иә, сәт! Бере гөр, құдай, – деп тілек қылған. 

Кешке дейін Асылхан келмеді. Одан сайын қуанды. «Болары болған шығар, енді босатпас», – деп іштей топшылаған. Көрген-білгенін, өзінің ұстатқанын, адамжегіш қылмыскердің қылмысын бір өзі әшкерелегенін ауылдастарына айтқысы келіп, көшеге шықты. Қас қылғанда қыдырған жастардан өзге жөні түзу ешкім кезікпеді. Көшедегі құдық басында шылымын езуіне қыстырып алып ары тұрды, бері тұрды. Ешкім шыға қоймады. Әншейінде ағаш-ағаштың түбінде гүж-гүж етіп арақ ішіп отыратын алқаштар да көрінбейді. «Ертең де күн бар ғой» деген оймен өзін жұбатып үйіне қайтты. Әйелі де әлдеқашан ұйықтап қалған секілді. Жау түсірген батырдай, өзіне-өзі көңілі толып әндетіп жүріп шешінді де, төсегіне қисайды. Қатып ұйықтапты. 

Таң атқанда бір-ақ оянған. Тұра салып Асылханның үй жағына көз салған. «Сотталды, саудасы бітті» деген көршісі керзі етігін тарп-тарп басып сиыр қорасына кіріп бара жатыр екен. Біреу қақ шекесінен қобал балғамен қойып қалғандай басы зыңылдап кетті. Мал жайғастыра сала аудандық сақшыларға қайта барды. Асылханға қарақұйрық атқаны үшін айыппұл салып, қаруын тартып алыпты. Болған-біткен жаза – осы, әлгі «адамның еті» деп жүргені қабанның жамбасы екен. 

– Ағасы, рақмет сізге! Осындай браконьерлерді көрсеңіз айтып тұрыңыз, – деді сақшылар. 

– Әу, адамның еті қайда? Ол адам жейді ғой, – дегеніне сол бөлмеде қатар отырған сақшылар жарыса күлген. 

– Қайдағыны айтпаңызшы, аға. Айтпақшы, біз оған «көршің көрсетіп берді», – деп сізді «сдавать» еткеніміз жоқ. Ол өзі – бұрыннан браконьерлердің тізімінде тұрған жігіт, «жоспарлы рейд бойынша тексеріс» дей салдық, – деді. 

– Ал мәнтіні не істедіңдер?

– Қандай мәнті?

– Мен берген, Асылханның үйінен алған мәнті...

– Ә-ә, ол ашып кетіпті, жеуге жарамайды екен. Сосын итке тастай салдық, – деп сақшылар тағы да қозыша жамырап күлді. 

– Әй, қойыңдаршы, – деп қолды бір сілтеді де, ашуланып шығып кетті. 

Ауылға келгені сол еді, аудандық аурухананың жедел жәрдем көлігі жарыса жеткен. «Денсаулығыңызды тексереміз» деген желеумен алды-артына қаратпастан алды да жөнелді. Түсінсе бұйырмасын, себепсізден-себепсіз он шақты күн орталық ауруханада жатып шықты. Не берген дәрісі, салған инесі жоқ. Ыздиған екі дәрігер келіншек кезек-кезек келіп әр нәрсені бір сұрап басын ауыртқан. Әуелгіде қырсықтығы ұстап, қыңырайып сөйлегенімен артынан жібіп, ыңғайына берілді. Түрлі-түсті қарындашты кезек қолданып қатырып тұрып суреттер салып берді, тест сұрақтарына барынша ақтарылып жауап жазды. Сыпайы келіншектер сыр суыртпақтатып отырып көршіге деген күдігін де біліп алды. Екеуі де: «Әкеңіздің ақылын алыңыз, үйіңізден көшкеніңіз дұрыс», – деп бірін-бірі қостап, кеңес берген. Соңыра «дені-қарны сау, дегенмен психологтің көмегі артықтық етпейді» деген қорытынды жасап, ауруханадан шығарды. Сол кезде ғана желдің қайдан соққанын түсінгендей болды. Бірден сақшылар отыратын үйге тартты. Басшысы мен қосшысына дейін ит терісін басына қаптап, сыбап салар-ақ еді, есіктегі күзетші қақпайлап кіргізбеді. 

...Сыртта тұрып кеуде тоқпақтап, кіжініп-кіжініп қайтқан.

***

Үйге келген соң Асылханды аңду ісі тоқтаған жоқ, қайта өрши түскен. Ол да бұдан күдік алып қалғанға ұқсайды, бұрынғыдай жылышырай танытпайтын болыпты. Суықтау амандасады, сырғақтап жүреді. Қанша бауырына тартып, сөйлескісі келсе де, бұлтақтап із шалдырар емес. Күлтөбеге де бірнеше мәрте түнделетіп барып тінту жүргізіп қайтты. Мандыған ештеңе таба алмаған. 

Бір күні Асылхан күл-қоқысын трактордың телешкісіне жалғыз өзі тиеді. Тұп-тура екі телешкі лық толды. Түстен кейін тракторшы келіп көшенің сыртына алып кетті. Жалма-жан артынан ере шыққан. Әдеттегідей ауыл шетіндегі жарға апарып төкті. Асылхан үйіне оралғанда күрегін алып бұл шықты. Бара сала қопаруға кіріскен. Бір телешкі күлді жаймалап болам дегенше кеш батты. Күдікті ештеңені байқай алмады. Қара терге түсіп босқа әуреленгеніне қапаланып, қараңғы түнді пайдаланып үйіне келген. Ертеңіне қайта барып, екінші телешкіден төгілден күлді қопарды. Бұрқыратып ары шашты, бері шашты. Шаң-тозаңға қақалып, бет-аузы күйелеш-күйелеш болды. Өзі күткендей адамның шашы мен қолы секілді айғақ заттар шықпады. Ызаланғаннан күрегін лақтырып жіберіп, жардың шетіне отыра кеткен. Өзінің мына күйіне қарадан қарап күйінді. Айқайлап жылағысы келді.

– Атаңа нәлет! – деді тістеніп. – Таппай қоймаймын, кісіжегіш екеніңді дәлелдеймін!

– Иә саған, – деді біреу. 

– Не?

– Дәлелдей алмайсың, – деп әлдекім сақ-сақ күлді. 

Күлкісі ана жолы мұны келеке еткен сақшылардың күлкісіне ұқсайды екен. 

– Сен кімсің? – деді ақырын ғана. 

– Мен – сенмін.

– Не?

– Ал сен – менсің.

– Түкке түсінсем бұйырмасын.

– Түсінбейсің бәрібір. Одан да мынаны айт, осы саған не керек? 

– Маған ба? Маған әділдік керек. 

– Асылханда не әкеңнің құны бар?

– Оның мойнында кісінің қаны бар. Ол ма, ол – нағыз адамжегіш. 

– Жегенін көрдің бе? 

– Көрмедім. Әкем көрген. Әкем оның әкесінің адам жегенін көрген. 

– Ха-ха-ха... Сөзіңе болайын... Ха-ха-ха... 

– Атаңа нәлет, жап аузыңды! Қазір басыңды қақ айырам! – деп кіжінді.

– Ха-ха-ха... «Адам жегішті ұстаймын», – деп қояды, өзі адам өлтіргелі жүр. Ха-ха-ха... 

– Өй, әкеңнің... Келші бері, кімсің сен өзі? – деп орнына атып тұрды. Жерде жатқан күрегін алып құлаштай сермеп-сермеп қалды. Үшкір бас күрек бос ауаны осып-осып өткен. Айналасында ешкім жоқ. Жүгіріп етектен өрге шықты, жан-жағына тіміскілене қарады. Қыбыр еткен пенде көрінбейді. 

«Осы мен, шынымен, жынданатын шығармын, мына жүрісімді біреу көрсе, не ойлайды? – деді ішінен. – Құрысыншы бәрі, Асылханы да, бәрі құрысын. Көшіп, көзімді жоғалтам-ау деймін. Бір-бірін жемек түгілі қырылып қалсын, әкең... Қой, кетейін үйге, мал қоралайтын уақыт болыпты. Күрегім қайда еді? Ә-ә, анда екен ғой», – деп өзімен-өзі сөйлесіп жүріп, еңіске қайта түсті. Күрегі борпылдақ күлге қадалып тұр екен. Суырып алып иығына аса бергенде ұшына шаншылған сынған сүйекті көрген. Әппәқ, ақсөңке сүйек. Шамасы жанған отқа түскен, ыстыққа шала қақталып шыққан. Әбден қуарып, морып тұр. Бірақ құдайдың құдіретімен үгіліп, күлге айналып кетпеген. Сынған, сынса да сұлбасын сақтап қалған. «Суырып алып лақтырып жіберейін» деді де, тоқтай қалды. Аударып-төңкеріп, зер сала қарады. Не малдың, не аңның сүйегіне ұқсата алмады. Бөлектеу көрінген. Жалма-жан күлді бұрқыратып қолмен аршыды. Көп өтпей-ақ әлгі сүйектің екінші басына ұқсайтын бірдеңені тапты. Бармақ басындай, саусақ ұзындығындай болып қидаланған сүйек сынықтарын және жинады. 

Шалбарының қос қалтасын ақсөңке сүйектерге толтырып ауылға көңілденіп қайтты. Кешкілік қатын-бала ұйқыға бас қойғанда газет төсеп қойып, әлгі жаңқаларды құрастырды. Кейбірі – келді, кейбірі – қабыспады. Дегенмен бәрі бір мақұлықтың сүйегі екенін білдіретіндей нобайы шықты. 

Арада апта өткенде мал-жанды ағайындарына аманаттап, Алматыға тартып кеткен. Он күн жүріп, шаршап-шалдығып жетті. Бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Алдымен вокзал маңындағы ауруханаға кірген, ондағылар қала орталығындағы медициналық институтқа жіберді. Сүйек құрылысын білетін остеолог ғалымға жолыға алмай, бір күн бойы сандалды. Орыстілді адам екен, онымен ұғынысу бір машақат болды. Әйтіп-бүйтіп түсінісіп, дорбасындағы сүйектерді көрсеткен. Ол әлдекімге қоңырау шалып тұтқаны бұған берген. Дауысы қарлыққан қария екен, болған жайтты қысқаша айтып берді. 

– Апыр-ай, бұ қалай болар екен? – дей берген қарлығыңқы үні тіптен естілер-естілмес күйде. Мекен-жайын әрең дегенде түсіндірді-ау. 

Ертеңіне түс ауа жетті. Нағыз сүйектанушының өзі көрінеді, үйі жан-жануардың мұражайы іспетті. Небір аң мен құстың сұлбасы тұр, арасында адамдікі де бар. Алдымен өзін тергеді. Шыққан тегін, келген жерін, жеті атасы мен нағашы жұртына дейін сұрады. Тап бір ежелгі дәуір адамын жолықтырғандай бойын өлшеп, салмағын таразыға тартқан. Содан кейін қолына өлшеуіш құралын алып мойнының ұзындығын, мойын мен иықтың аралығын, бассүйектің көлемін, қолдың, саусақтардың ұзындығын, аяқ өлшемін, тіпті мұрын мен көз шарасын да түгелдей өлшеп, жазып алды. «Мұны не қыласыз?» дегенде: «Ғылым үшін керек», – деп шорт кескен. Күбірлеп сөйлеп, күйбеңдеп әлденені жазып біршама уақыт отырып алды. Өзінің келген шаруасын айтқысы келіп бұл тызақтады. Қарт ғалым қағаздан басын көтеріп, енді сөз ала бергенде есік қоңырауы соғылған. Басында бір тал шашы қалмаған жалтыр бас шал келген. Ол мұнан көрі езбе, мыжымалау адам екен. Екеуі екі сағат бойы әлденеге дауласты, бұған түсініксіз, қайдағы бір дүниелер бойынша қызылкеңірдек болды. Екеуінің айтысын көріп отырып іші пысып кеткен. Бір-біріне «сіз» деп сыпайы үн қатады, бірі сөйлегенде екіншісі сөзін бөлместен тыңдайды. Бірақ бірінің айтқанына бірі илікпейді. «Ауыл шалдары болса ғой, әлдеқашан бір-бірін қамшының астына алып, шартпа-шұрт төбелесті бастап кетер еді. Мыналардікі не қылған маймөңке тірлік», – деді ішінен. Екі ғалым ары-бері ырғасып бірін-бірі ала алмады. Содан кейін дым болмағандай екеуі отырып шәй ішті. Мұның бар екенін де ұмытып кеткендей. Сүйектанушы ғалым ұзаққа созылған айтыстан шаршап қалған секілді, қонағы кеткен соң диванға қисайып, ұйықтауға бет алды. Сол кезде мысықша еппен басып бөлмеден шықты. 

Ертеңіне тағы да сол уақытта барды. Әйтеуір, бұл жолы ешкім кедергі келтірмеді. Дорбасындағы сүйектерді ашып көрсеткен. Қарт ғалым шынысы қалың көзілдірігін тағып алып әуелі ары-бері төңкеріп асықпай қарады, әлдебір құрылғының ішіне салып және үңілді, ақырында: «Иә, иә», – дей берген.

– Не дейсіз? – деді шыдай алмай.

– Не дегенде, өртеніп кеткен екен. 

– Адамның сүйегі ме? 

– Оны мен қайдан білейін. Тексеру керек әуелі, со кезде ғана адам ба, аң ба, тіпті жасы мен жынысын анықтауға болады. 

– Ендеше, анықтаңызшы жасы мен жынысын.

– Ой, пәлі, пысығын қара көр өзінің. Бәлкім саған ұлты мен руын біліп берермін, – деп мысқылдады. – Ол үшін уақыт керек. ДНҚ сараптамасын жасау керек. Моллекулярлық генетика саласынан хабарың бар адамсың ба өзі?

– Жо-жоқ, тракторшымын ғой ауылда, қайдан хабарым болсын.

– Ендеше тракторист, ерігіп жүрген ешкім жоқ. Қазір мен ғылыми симпозиумға дайындалып жатырмын. Үлкен баяндама жасаймын. Жаңалық ашамыз алдағы уақытта, – деп сұқ саусағын шошайтып төбесіне көтерді. – Кешегі біреу не үшін күйіп-пісіп жүр дейсің, біздің жаңалық мойындалып кетсе, оның осы уақытқа дейін зерттеген тақырыбының күлі көкке ұшады. Ол ғана емес, орыс, қазақ, башқұрты бар, тұтастай халтурщиктер топ-тобымен кетеді. Өздері де ешкім болмай қалады. Білесің бе, олар – осы мен айналысып жүрген тақырып бойынша кандидаттық, докторлық диссертация қорғап ғалым болған адамдар. Менің қолымда олардың кіл гипотезадан тұратын тұжырымдарын күйрететін қару бар. Анау соны білгеннен кейін маған келіп жалпаштанып жүр. Өйткені мен жаңалығымды жариялаған күні олардың ғылыми еңбектері ана сен әкелген сүйектер секілді қурап кетеді. Өздері де құриды, – деп миығынан күлді. Көзі күлімдегенімен ешбір аяушылық танытпайтыны аңғарылып тұр.

– Оны қайтесіз? Біреудің обалына қалып...

– Как қайтесіз? – деп қарт ғалым шоршып түсті. – Осы сұрақ біздің түбімізге жететін. Менің алдыма «оны қайтесіз» деп саған дейін мың адам кірген, айналайын! Профессор, ректорлар келген. Бірақ қалай сүмірейіп келді, солай кетті. Қара мұны! «Оны қайтесіз» деп қояды. Мен не, оны өзім үшін істеп жүр ме екем, осы қоғам үшін, ғылым үшін ғой бәрі. Жас күнімде принциптен таймадым, енді өлер шағымда өтірік айтайын ба? Ал сен өзі не істеп жүрген адамсың? Тракторыңды айдап, тып-тыныш жер жыртып, астық тасып жүре бермейсің бе? Қураған қу сүйектерді не қылмақсың? Сен өзі жауап берші ал, осы өз сұрағыңа, оны қайтесің? 

– Менікі енді... Қалай айтсам... Қылмыскерді ұстау ғой бар ойым. 

– Уот! – деп қарт ғалым саусағын тағы да басынан асыра шошайтты. – Мен сені осы үшін ғана қабылдадым. Әйтпесе, көтеніңнен бір теуіп әлдеқашан қуып шығар ем. Ерігіп жүрген ешкім жоқ, менің қазір әр минутым санаулы. Сол қымбат уақытымның бірер сағатын саған қиып отырмын. Неге? Білесің бе осыны?

– Білмедім.

– Өйткені сен де мен секілді екенсің. Немқұрайлы емессің. Бізді былайғы жұрт «жынды, есі ауысқан адам» санайды. «Чокнутый» деп айтады сыртымыздан. Бәлкім, рас шығар онысы. Әйтпесе, мың шақырым жерден есі дұрыс адам бір уыс сүйек ұстап келмейді Алматыға, мына сен құсап. Мың жылдық қатып қалған ғылыми тұжырымға, стереотиптерге қарсы шықпайды, мына мен құсап. Иә, біз «чокнутый» адамбыз. Бола берейік. Осы біз секілділердің арқасында қоғам алға жылжиды, өркениет қалыптасады. Анау Бруно мен Галилей, Томас Эдиссондар да – біздің қауымнан. Ал оларды отқа жаққан, сотқа тартқан – ана тобырдан. Білесің бе соны? 

– Білмедім, ақсақал, – деп күбірледі. 

– Білмейсің. Білмеген ісіңе араласпа екінші. Білдің бе?

– Жарайды, қария. Жай, сөз болсын дегенім ғой. Менің шаруам қалай болады енді? Қашан келейін? – деп асығыстау екенін байқатқан. 

– Білмеймін. Кемі екі ай керек, асықсаң Мәскеуге апар, – деп қылт ете қалды қария. Бірдеңе десе тағы бүлінгелі тұр. Ләм деместен сүйектерді жиыстырып қарт ғалымға тапсырды да, қош айтысып шығып кеткен. 

Сол күнгі пойызға билет алып ауылға қайтты. Жолай ауданға соғып, өткенде көрместей болып кеткен сақшылар үйіне барды. Болған жайтты жіпке тізгендей баяндап берді. «Е-е, бәсе», «масқара», «солай ма?» – деп таңырқасып, таңдай қаққанымен олардың бірде-біреуі сенбегенін мысқыл аралас сөздерінен, шекесінен қараған көзінен байқаған. «Екі ай күтіңдер, екі ай, екі айдан кейін көрсетем сендерге» деген оймен бұл да ширығып аттанды. Арадағы екі ай екі жылдай болып шұбатылып зорға өтті. Уағдалы уақытта қарт ғалымның есігінің алдында тұрды. Үй жабық екен. Ары күтті-бері күтті, түс болды. Бір жерден ауқаттанып, қайта келді. Есік ашылыпты. Қуанғаннан қутың қағып ішке енді. Әуелгі көргендей емес, үйдің іші өзгеріп кеткен. Бұрынғы арбиған-тырбиған жан-жануардың қаңқа, сүйегі жоқ. Олардың орнын сағат, картина, гүл секілді әлеміш дүниелер басыпты. Бір қабырғаны алып тұрған кітап сөрелері де жоқ. Орнына қызыл-сары жібек кілем ілінген. Қарт ғалымның жұмыс үстелі ғана қозғалмапты, бірақ онда бір жас жігіт отыр. Баласы көрінеді.

– Папа қайтыс болды. Уже қырқын бердік, – дейді қазақша-орысша араластырып. 

– Қалай қайтыс болады?

– Солай қайтыс болады, – деді кібіртіктеп. 

Түсінгені – қарт ғалым әлгі өзі айтатын ғылыми симпозиумға қатысқан. Татардың Қазан қаласында өткен көрінеді. Дайындаған баяндамасын жасаған, оған көпшілік қарсы шыққан, соңы дау-дамайға ұласқан... Содан қан қысымы көтеріліп қонақүйде жүріп кеткен-мыс. Қастандық жасалуы да мүмкін, бүгінде іс қозғалып тергеп-тексеріліп жатыр екен. 

– Ал сүйектер қайда? – деді бір сұмдықты сезгендей.

– Қандай сүйек? Папаның сүйегі могилада... 

– Менің сүйектерім?

– Сенің сүйектерің білмейді, – дейді шалақазақ бала шатып-пұтып. 

– Мен сенің әкеңе бірнеше сүйек тастап кеткенмін. Солар қайда?

– Научный институттағы коллегалары үйдегі экспонаттарды выборочно алып кетті. Калганын пришлось мусорга выкидывать...

– Не?

– Менікі білмейді, мама біледі, – деп арық сары бала шегіншектей берді. 

Мұның түтіккен түрінен қаймығып қалса керек, телефон тұтқасын алып: «Алло, мам...», – деп қойып шешесіне әлденені орысшалап айтып жатыр. Бұл оның не дегенін естіген жоқ, теңселе басып далаға шықты. 

Вокзалға дейін қалай келгені, немен жеткені есінде жоқ. Бір қараса, пойызда отыр екен. Ауылға келген бетте: «Осы үйден көшсек қалай болады?» – деп әйелімен ақылдасқан. Бірақ әкеден естіген әңгімесін де, көршіге деген күдігін, қанға малынған қанар мен шаш секілді қылшықтың, табылған сүйектің оқиғасын, Алматыға не үшін барып, не бітіргенін бүгіп қалды. 

– Өзің біл, – деп иығын қиқаң еткізді әйелі мәселенің мәнісін түсінбеген қалпы. 

– Кезінде папам да «көшіңдер» деп дігерлеп еді, енді сен шықтың, не болған сендерге? – деген сұрағы жауапсыз қалды. 

Көшуді ойлап көрші ауылдардан үй қарастырды, қас қылғанда лайықты баспана табылмай, табылса да, мұның үйіне алушы шықпай қойғаны. 

... Бір жарым жылдай жүріп барып әрең дегенде қоныс жаңартты. 

***

Көшіп көңілі тыншыған. Іргелі ауылдағы ақ сарайдай үйін тастап, шағын елді мекендегі өкімет салған тар құжыраға барып тығылғанын былайғы жұрт түсінбей жүрді. Өзі де түсіндіріп жатпады. Совхоз тракторын айдап күні бойы тыным таппайды. Көктем шыға соқа тиеп алып жер жыртады, ала жаздай егін орағының басынан қырманға астық тасиды, күз бен қыста құмдағы малшыларға отын-су, шөп жеткізеді. Сөйтіп жүріп Ойбайшеңгелді де көрген.

 Құмның желі бұл аймақта жер бауырлап соғады. Әрбір шағылтөбенің жалын сипай жайыла жүреді. Тек сексеуілді-жыңғылды алқапқа келгенде бір арнаға тоғысатын. Содан саңылау іздеп, сай қуалап кете барады. Кей жерді жалаңаштап сыпырып өтеді, кей жерге жұмсақ құмды үрлеп үйеді. Желдің жолы жүргінші үшін бірде – жеңіл, бірде – ауыр. Бірде – балтырдан құм кешіп омбыласа, енді бірде – тақырмен жортақтай желеді. Дария бойындағы қойлы ауылдың бірі – Ақкемерге барар жол тура сондай желдің соқпағын бойлай жатыр. Шеңгел тоғайды жарып өтетін жалғыз аяқ жолды бертінде жүк көліктері мен тракторлар кеңейтіп өз ыңғайына келтіріп алған. Күздің бір күнінде шөп тиеп бара жатып жарым түнде тоғайдың тұсында тракторы бұзылды. Ары-бері шұқылап ебін таба алмаған соң жаяу-жалпылап қойшы қыстағына жетті.

– Ойпырм-ай, Ойбайшеңгелден өткен екенсің ғой, қарағым, – деді қарт қойшы таңданып. 

Санасында өткен күндер, әкеден естіген сөздер жаңғырып сала берген. Өңім бе, әлде түсім бе дегендей, абдырап қалды. Бір замандарда әкесіне қарт нағашысы айтқан сөзді бетіне әжім түспестен әдемі қартайған қария сол қалпы қайталап отыр. 

– Ойбайшеңгелі несі? – деп біле тұра сұрады. 

Қарт «балалар естімесін» дегендей бәсең дауыспен сөйлеп берді. Көп сөзі көкесінің айтқанымен үндес. Бертінге дейін көшкен құмның астынан кісі сүйектері табылған көрінеді. Жергілікті малшылар жиып алып, әлденеше мәрте ауыл шетіндегі зиратқа көміпті. «Ол адамжегіштер қайда, ұрпағы бар ма?» – деп қарияның басын ауыртпады, жолсоқты боп шаршап келгендікі ме, көзі ілініп кеткен. 

Ертеңіне тракторын жөндеп алған соң шеңгел тоғайдың алды-артын түгел шарлап шықты. Құм төбелер керуендей көшкенмен жыңғыл тоғай қаз-қалпы, «бәрін білеміз, бәрін көргенбіз» дегендей ырғала тербетіледі. Жүрелей отырып білгенінше күбірлеп Құран оқыды, көмусіз қалған, жазықсыз кеткен белгісіз әруақтар рухына дұға жасады. Бет сипап орнынан тұра бергенде тоғай арасынан ыңырсыған, ыңыранғандай бір белгісіз үн шыққан. Қалт тұра қалып тың тыңдады. Әлгі үн енді айқайлаған, ышқынған дауыстарға ұласқан сыңайлы. «Желден ысқырған құм төбешік пе, әлде сыңсып тұрғаң шеңгел сырғалары ма» деген оймен жан-жағына алақтай қарады. Дауыстар барған сайын үдеп, дүние азан-қазан боп барады. Қорыққанға қос көрінгендей бойын үрей билеп кеткен. Тракторына қарай тапырақтай жүгірді. 

...Жалма-жан оталдыра салып, алды-артына қарамай зытқан. 

***

Содан бері «Ойбайшеңгелдің» жолымен жүрмеуге тырысатын. Жүрсе де білген дұғаларын айтып, тоқтамастан өтеді. Енді, міне, аудан орталығынан шыққан бойда тура солай тартты. Ақкемерге барар басқа жол жоқ. Бір кездері қарт қойшы отырған қыстаудың бүгінгі күзетшісі Асылхан көрінеді. Жекешелендіру басталғанда иемденіп қалған бір байдың қора-жайын күзетіп отыр-мыс. 

– Басқа емес, тап осы қыстауға келгенін қарашы-ей, иттің!

– Ашаршылық жылдары адамжегіштер жайлаған аймақты енді олардың ұрпағы мекендеп отыр. 

– Құр отырған жоқ, «ата кәсібін» жалғастырып отыр.

– Атажұртыңды тапқан-ақ екенсің, Асылхан! 

– Асқан екенсің, Асылхан! Тасқан екенсің...

– Бірақ асықпа, құдай есебіңді табады. Мен есебін табамын. 

Ескі жигулиін бебеулетіп ызғытып келеді. Өз-өзімен, осылайша, сөйлесіп келеді. Асылханды жеті атасынан бермен қарай сыбап келеді. Тасжол бітіп топырақ соқпаққа тұяқ іліктіргеннен көлігі кібіртіктей бастады. Жел үрлеп тастапты, дөңгелек қалың құмға омбылап жүре алмады. Сол жерге көлігін доғарып, ары қарай жаяу тартты. Әр нәрсені бір ойлайды. Әкесінің қилы тағдыры, ашаршылық кезі, адам жегіштердің әңгімесі, Асылхан көршісінің ерсі қылықтары, жамбасы кертілген өліктер, қанға малынған қанар, өлген орыс әйел мен бұйра шашты қыздың суреті... Ара-тұра бағанағы тергеушімен болған әңгімені еске алады. Еске алған сайын зығырданы қайнайды. Тігісін жатқызып түгелдей баяндап-ақ берген. Бірақ мыңқ етпеді сабазың. Мұндайды күнде естіп жүргендей кеп танытқан. «Іс жабылған, мазаны алмаңыз» дегенге салып шығарып салды. 

– Ал мұнымен іс біте ме? Асылхан тоқтай ма? Талайдың жамбасын мүжіп, сүйегін кемірді. Әлі талай сойқан салары анық. Бұрын ел ішінде отыратын, енді сырт көзден таса жыраққа шығып алыпты. Өріске сыймай жатқан мыңғырған малы, асырай алмай жүрген бала-шағасы және жоқ. Қырықтан асса да қатын алмай, сопайып жалғыз жүр. Соқыр шешесінің зейнетақысына күн көрген бұл да бір масыл. Олай болса, мұнда неге келеді? Әрине, арам ойын іске асыруға келеді. Дарияға балық аулап, суға түсіп, сауық құрғандар ішінен саяқ шыққанын басып қалуға келеді. Кешегі қаршадай қыздың да ажалы – осыдан. Көзі қызарған неме енді туған жиеніне ауыз салыпты. Бұл – ауру, емделмес ауру, тұқым қуалайтын ауру. Оны тоқтату керек. Өкімет тоқтатпаса, заң тоқтатпаса, мына мен тоқтатам. Өйткені бұл – әкемнен қалған аманат. Әкем істей алмағанды мен істеуім керек! – деп айқайлап жіберді. Дауысы қаттырақ шығып кеткеніне ыңғайсызданды. Айдалада келе жатса да, «сөзімді біреу естіп қоймады ма екен» дегендей тоқтай қалып, жан-жағына жалтақтай қарады. Өзінен басқа қыбыр еткен пенде жоқ екеніне көзі жеткен соң қалтасынан бәкісін шығарып, беторамалмен сүртті. Бармақпен басып жүзін тексерді де қайтадан шалбарының қалтасына сүңгітті. Ой құшағында келе жатып байқамапты, Ойбайшеңгелге жеткен екен. Отыра қалып дұға оқып, бата жасады.

– Ей, жарықтықтар-ай, сендердің кектеріңді бүгін мен қайтарам, – деді күбірлеп. Шеңгел тоғай бұл жолы соншалықты қорқынышты көрінген жоқ.

...Жүрексінбей өте шықты да, малшының қыстауына қарай тура тартты.

***

Тамыздың аптап ыстығының беті қайтқан шақ. Аспан жүзін бұлт торлапты. Құм төбелер әлдебір жаяу бұрқасын, алапат боран күткендей бүк түсіп, бұйығыланып жатыр. Әрбір тұста ербиген сексеуіл, жарбиған жыңғылдар тобы көрінеді. Самал жел құм сапырып, қурайды сөйлетіп ысқыра соғады. Басқа тіршілік тоқтап тұр. Тып-тыныш... 

Осы тыныштықтың шырқы ойда-жоқта бұзылды. Ойбайшеңгелді қақ жарған ескі жолмен келе жатқан екі аяқты мотоцикл тұмсығымен құмға шаншыла тоқтады. Ұмар-жұмар құлаған екі адам қызыл-шеке болып ұзақ төбелесті. Бір-бірін қылқындырды, іштен тепті, бастан ұрды. Алысты-жұлысты, пышақ та салысты. Аққан қаны құмға сіңді, айтқан сөздері ауаға кетті. Бір кезде біреуі тыпырлап жатты да, қимылсыз қалды. Екіншісі – оның қасына өзі барып жантайды. Жолдың жиегінде бірі – етпеттей, екіншісі – шалқалай құлаған екі адамды тоғай кезген аңшылар ертеңіне тауып алған. Айдалада пышақтасқан екі көршінің бірі – ауруханада көз жұмды, екіншісі –сотқа тартылды. Сот ұзаққа созылды. «Ақыры жазықтыны сот залынан жындыханаға алып кетіпті» деседі. 

...«Мен адамжегішті өлтірдім», – деп басталатын оның әңгімесіне ешкім сенбепті. 

Лақап аты Шұғыла

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan