«Көзім тіріде құрметім жоқ»
«Шәмші, саған бүйтіп тым кеш келген атақ, өзіңнің бүкіл халқың әлдилеп айтқан «Шәмші» атыңа жетпейді. Бұл атақтан енді өзің бас тарт», дедім. Мені құдайдай сыйлайтын Шәмші «жарайды» деп бас изеп, «алдымен ауруханадан шығайын, сонан соң», деді. Бірақ құдай тағала біздің бұл талабымызға жеткізбеді. Шәмші ауруханадан шыға алмаған күйі мәңгілік көз жұмды.
Тірі кезінде талантымен, өнерімен, кісілігімен аңыз болған талантты адамдардың өмірінде былайғы жұрт біле бермейтін жағдайлар болады., кейде халықтың өнерін, рухани байлығын жасаған адам жеке өмірінде өзінің ең қарапайым қажеттілігін өтей алмай өмір сүруі мүмкін. Шәмші Қалдаяқовтың өмірі соған мысал. «Ана туралы жыр», «Менің Қазақстаным», «Ақ бантик», «Қайықта», «Сыр сұлуы» т.б. әндер халықтың күнделікті рухани өміріне сіңісіп кеткенімен, сол әндердің авторының жеке тағдырына қоғамның ресми институттары дәл сондай деңгейде назар аудармаған. Осы жерде халықтық өлшем мен мемлекеттік өлшем дегенді еріксіз ойлайсың. Халық Шәмшіні әлдеқашан мойындап қойғанымен, сол мойындау оның өмірін жеңілдетуге қауқарсыз болды. Халықтың жүрегінде бар құрмет мемлекеттік жүйенің қағазына түспеген соң, оның нақты құны болмады. Иә, қоғам кейде таланттың жемісін тұтынады, бірақ таланттың өзін бағалауға асықпайды.
Шәмші атақ қумаған адам
Тоқсаныншы жылдары композитор Шәмші Қалдаяқовты Шәуілдірге іздеп барып, ол жайлы «Қайран Шәмші» деген деректі фильм түсіріп, бейнесін таспалап алып қалған белгілі режиссер Тілеген Ахмет ағамызбен «Әдебиет порталының» YouTube-каналында сұхбаттасқан кезде, ол кісі ұлы композитор жайлы мәні бар, бірақ мұңды әңгіме айтты. Бұл шынайы естелік еді, мысалы, режиссер Шәмшінің жас кезінен яғни төрт жыл офицерлік қызметте болған Сахалиннен бастап түсіруді жоспарлайды, бірақ, композитордың денсаулығы сыр беріп, ол жоспар жүзеге аспайды. Ең соңында композитор өзі түскен жалғыз фильмді ақыры көре алмай кетіпті. Қамырықты дейтініміз, осы сұхбаттан кейін біздің талантты бағалай алмайтын қатыбастығымыз көрініп тұратыны.
«Шәмші атақ қумаған адам», - деді Тілеген ағамыз сонда, - ол тек өмірінің соңғы жылдары ел қатарлы пенсияға іліксем, соны алсам деп қана армандады».
Иә, Шәмшіге атақтың өзі керек емес еді. Оған атақ арқылы берілетін адамдық жағдай керек еді. Бізде қалай, адам атаққа ұмтылмағанымен, қоғамның әлеуметтік жүйесі кейде оның атақсыз өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, өйткені еңбек жолын қағазбен өлшейтін жүйе халыққа соншама жыл рухани еңбек сіңірген композитордың еңбегін кәдімгі еңбек өтіліне сыйғыза алмады.
Қазір бізде Шәмшінің жалғыз тірі бейнесі бар, YouTube-та жүр. Шәмші басында елтірі бөрік, қолында темекісі бар, әңгіме айтып отыр. Сол Тілеген Ахмет түсірген жалғыз бейнесі.

Үш жыл композитордың қасында жүрген
Біздің қолымызда Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов. Хикаяттар» деген кітабы бар. Бұны да Тілеген ағамыз сыйға тартқан еді. Оразбек Бодықовтың әйгілі композитордың жанында көп жүргенін ел біледі. Жазушы, драматург және аудармашы, өмір бойы қазақ әдебиеті мен баспасөзінің, соның ішінде Қазақ радиосы мен мерзімді басылымдардың дамуына үлес қосқан адамның Шәмші туралы осы шағын кітабы Оразбек Бодықовтың Шәмші үшін жасаған ең үлкен еңбегі деп білеміз.
Ол Шәмшіні басқалар сияқты өлген соң жоқтаған жоқ, тірі кезінде іздеді. Тірі кезінде сөзін сөйледі. Тірі кезінде оның жағдайын түзетуге тырысты. Адамның талантын мойындау үшін кейде сыншы болмай-ақ, жай ғана жанынан табылса да жетіп жатыр.
Атақты жазушылардың биографтары болған, мысалы, Бальзактың биографының естелігін оқып отырып, жазушы жайындағы қаншама мағлұматқа қанық боласың. Ал Оразбек Бодықов ағамыз Шәмшінің биографы болу міндетін өз қалауымен, ынта-ықыласымен мойнына алған адам екенін көреміз. Әрине, ол оның қасында өмір бойы жүрмеген, тек соңғы жылдары ғана жолыққан. Жамбылға «Химпром» санаторийіне барған сапарында жолығып, сол жерде екеуі қауқылдасып сөйлесіп, содан әрі ылғи бірге жүріп, әңгімелерін, анекдоттарын жазып алып отырған. Бүйтуге себеп болған Шәмшінің бір ауыз сөзі. Сол сөз қаламгердің ішін қозғап кеткен ғой. Ол қандай сөз еді?
«Көзім тіріде құрметім жоқ. Келесі жылы алпысқа келем. Не атағым, не еңбек кітапшам, не қызметім жоқ. Зейнетақы да жоқ. Тіршілік болса, қалай күн көрем?» - дейді Шәмші.
Оразбек ағамыз оның бұл сөзіне сол жерде қатты таңғалады. Шәмші сондай жағдайда жүр дегенді мүлдем ойламаған ғой. «Ұлы Моцартты көметін ақшаны мейірбандық қордан алған екен. Біздің қазақ Ақан сері мен Біржанды жынды деп, Қаракесек Мәдиді аттырып өлтірткен еді. Ал әндері ел аузынан түспеген Шәмшінің жүрісі мынау. Өз халқына қырық жыл бойы рухани азық берген Шәмшінің сол жылдары бір күнге де есептелмейді екен. Ертең ән жазатын қайнары сарқылса, Шәмші қайыршы болмағанда кім болады?» дейді. Ол оған жолдастық қылуға іштей серт байлағандай еді.
Содан 1988 жылдың 18 қарашасынан бастап 1992 жылғы 29 ақпанға дейін жұп жазбай қасында бірге жүреді, қаншама әңгімесін жазып алады. Әр әннің шығу тарихы, кейбірінің елге бірден жетпей кедергіге ұшырауы, өмірдегі достық, жолдастық ұғымы, Шәмшінің кедір-бұдыр өмір жолы, сөйтіп жүріп еңсесін түсірмей өнерге адалдық танытуы, өз аузымен айтқан әңгімелері осылай қағаз бетінде қалған. Мысалы,біздің әке-шешелерімізден бастап бүгінде жастарға дейін айтып жүретін «Қайықта» әні 1957 жылы ән конкурсына түседі, жиырмашақты ән сыйлық алады, ал Шәмшінің «Қайықта» әні сол конкурстан өтпей қалады. Бұндай әділетсіздіктер композитор өмірінде аз болмаған.
Адамгершілік кітабы
Қазіргі заман болса, кітапты бұдан он есе әдемі қылып шығаруға болар еді, жалтыратып, қымбат қағазбен, ол қиын емес. Ал ол кезде… Шәмші туралы дерек жоқ, Шәмшінің өзін билік танымайды, ол өзі гаражда тұрып жатқан кезі, сондықтан да ұлы композитор туралы оның өмірде кім болғаны, неден өткені, сыры, мұңы жайлы шынайы жазылған бірден-бір кітап та осы болу керек. Бұнда автор Шәмшіні «ұлы композитор» деген дайын анықтамамен ғана көрсетпейді. Керісінше, оны ең әуелі жүдеу, жұпыны тіршілік кешкен адам ретінде танытады. Оның зейнетақысыз қалғаны, еңбек кітапшасының болмағаны, халықтың аузынан түспеген әндердің авторы өзінің қартайған шағымда қалай болады деген, қарапайым адамның күнкөрісіне алаңдауы бар. Бәлкім, бұл кітаптың құндылығы да осында шығар: ол Шәмшіні тұғырға қоймайды, тұғырға шығармай тұрып адам ретінде көрсетеді. Біздіңше кітаптың ең үлкен адамгершілік салмағы осында.

Әрине, кейінгі жылдары «бірге жүріп едік, анда барып едік, қатар отырып едік» деген естеліктер шыға бастады, ол заңдылық та. Қалай десек те, талантты өлген соң бағалап, өкініп жататын жұртпыз ғой. Осы жұқа кітапты парақтаған кезде біз композитордың адами бейнесін, ішкі дүниесіне шаң жұқтырмаған адам екенін, дүние жимаған, атақ қумаған, тек өнер деп өткен адам екенін анық көре түсеміз. Тілеген Ахмет ағамыздың айтуынша, кезінде осы кітапты жарыққа шығарудың өзі оңай болмаған, тоқсаныншы жылдар, балапан басымен, тұрымтай тұсымен деп, елдің күнкөрісі қиындаған кезде кітапты шығаруға демеуші болмай, өзбек кәсіпкер қаржылай көмектесіп, солай шыққан кітап екен бұл.
«Арызымыз аяқсыз қалды»
Шәмшінің «көзім тіріде құрметім жоқ» деген сөзінен кейін Оразбек ағамыз сол кезде «Жас алашқа» «Шәмші туралы жыр» деген очерк жазып, Шәмшінің елеусіз еңбегін, жағдайын ашып жазып, ол қалың оқырман тарапынан, жалпы жұртшылық тарапынан көп оқылып, түкпір-түкпірден эмоцияға толы хаттар қарша борайды. Бірақ қарапайым жұрттың ықыласынан артық не бар десең де, бұл мәселені шешпейтіні анық болады. Содан Оразбек Бодықов Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Колбиннің атына ашық хат жазады.
«Колбин бұл хатыма пысқырмаса да, оны Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке жолдайтынын біліп және Өзекеңнен үміттеніп жаздым» дейтін жері бар. Бірақ ол жақтың да жауабы ұзап кетеді. Содан Өзбекәліге өзі барады. Осы жерден үзінді берейік:
«Еңбегі сіңген қайраткердің» орнына «мәдениет қызметкер»
«Бізді есік алдынан Сауытбек Әбдірахманов деген нұсқаушы жігіт күтіп алып, ЦК-ның идеология бөлімінің бастығы Мырзатай Жолдасбековке бастап барды. Бізді Мырзекеңнің қабылдауын мен жақсылыққа жорыдым. Себебі сонау бір жылдары қазақ радиосының әдеби-драма редакциясын басқарған кезімде Мырзатаймен сәлемім түзу болған еді. Одан соң ол Талдықорғанның пединститутында ректор болған тұсында да маған деген ілтипаты теріс болмайтын. Мырзатай бізді жақсы қабылдағанымен, біздің арызымыз туралы сөз қозғаған жоқ. Оның орнына қазақ өнерінің аспанына Баққожа Мұқай секілді драматург, Алтынбек Қоразбаев секілді композитор келгенін айтып, олар қазір «Алтынбектің «Қара бала» әнінің негізінде музыкалы пьеса жазылып жатқанын жыр қылып айтты. «Соқырдың ойлағаны екі көзі» демекші, біздің есі-дертіміз арызымызда, оған Өзбекәлінің не дейтінінде. Әлден уақытта Жәнібеков күтіп отыр деген хабар келіп, жинала бастадық. Бірақ Өзекең бізді оңаша шақырған болу керек. Мырзатай бастап бармайтын болды. Бірақ мен Жәнібековке аяғым жете бермейтін адаммын. Ішімде қайнап жатқан оған айтарлық сөздерім бар. Егер оны оңаша айтсам, барлығы да жерде қалатынын біліп, «Ортамызда ең болмаса сен бол» деп қояр да қоймай Сауытбекті ертіп алдым.
Өзекең Шәмшіден гөрі менімен көбірек сөйлесті. Қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры болып отырды. Бірақ… бірақ…
Мен әңгіменің орайын келтіріп, Шәмші тек әндерін орындаудан түскен ақымен күн көріп, жұмыс істемегенін, еңбек стажы түгілі еңбек кітапшасы жоқ екенін, бірақ соның есесіне оның әндері халыққа отыз жыл бойы рухани азық болғанын, сөйте тұра заңға салса, Шәмшіге зейнетақы тимейтінін, ол сол алпысқа келген шағында көк тиынсыз қалатынын айттым. Шәмшіге зейнетақы алып берудің жалғыз жолы, оған «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген қайраткер» атағын бергізу екенін қадап айттым. Тек сол жағдайда ғана Шәмшіге арнайы зейнетақы тағайындалатынын түсіндірдім. Өзекең бас шұлғып отырған сияқты еді. Бірақ...
Біздер Шымкенттің түбіндегі Ленинск ауылында отырып, Шәмшіге «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілгенін бір-ақ естідік. Ал мұндай атағы бар адамға арнайы зейнетақы берілмейді. Осылайша бар үміт үзіліп, өзінің зейнетақысыз қалғанын сезіп, Шәмші күдер үзіп отырып қалды.
– Сабыр, сабыр, - дедім мен. – Сенің алпысқа келуіңе әлі сегіз ай бар. Менің сондағы сенгенім халық. Олардың Шәмшіге деген ілтипаты, сүйіспеншілігі.
Шәмшінің алпыс жылдығына арналған кеште халық жиналады дегенге Шымкент облыстық мәдениет басқармасындағылар бастапқыда сенбеді. Шәмші екеуміз осылай тоқырап, қосыла мұңдасып жүргенде Шымкенттің бір кооперативінде істейтін Асқар деген жігіт тәуекел жасап білек сыбанды да, өз ақшасына Шәмшінің кеші туралы ғажап афиша шығарды, ол кешке жол ақшасын төлеп Роза Бағланова мен Мыңжасар Маңғытаевты шақырды. 1990 жылы маусымда Шымкент қорғасын зауытының Мәдениет сарайында өткізілген, па, шіркін, сол кешті айтсаңдаршы! Небір әндер шырқалды, Шәмшіге деген небір ыстық лебіздер айтылды. Ал ең бастысы, сол кеште Шымкент жұртшылығы атынан Қазақстан Орталық партия Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат қабылданып, онда Шәмшіге «Қазақ КСР-і халық артисі» деген атақ берілуі сұралды. Осындай кештер Шәмшінің туған ауылы Шәуілдірде, Жамбылда және Алматының орталық концерт залында да өткізілді. Хаттар жазылды. Бұл кештер, шындығын айтсақ, Шәмшіге атақ үшін емес, оған күн көрістік бес-он тиын зейнетақы алып беру үшін күреске айналды. Мен сол кештердің бәрін кіріспе сөзбен аштым. Шәмшінің жағдайын түсіндірдім. Қазақ халқының мақтанышы болған Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев секілді ерен ұлдарына құрметті тым кеш көрсеткенімізді айттым. Назарбаевқа қадай айтылмаса да жанай айтылған осы сөзім сол кешке қатысқан Алматы қалалық Кеңесінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовке ұнамай қалса керек. Ол мені үзіліс кезінде шақырып алып:
– Өте дұрыс айттыңыз, бірақ қатты айттыңыз, - деді.
Менің де іздегенім Нұрқаділов еді. Мен шап бердім.
– Інім Заманбек, - дедім мен оған, – менің аяғым ешқашан Назарбаевқа жетпейді. Ал сен оған күн құрғатпай бара аласың. Шәмшіге зейнетақы әпермесең, әпермей-ақ қой. Бірақ Назарбаев інімізге Шәмшінің жағдайын шын пейіліңмен түсіндірші.
Заманбек бұл сөзіме үндеген жоқ. Бірақ біздің әңгімемізді тыңдап тұрған былайғы жұрт: «Сен енді құрыдың. Шәмшіге зейнетақы алып бермек түгілі, енді өзің Алматыдан қуыласың», - деді маған жандары ашып. Бірақ Нұрқаділов шын азамат екен. Ол осы әңгімеден тұп-тұра он ай өткен соң, яғни 1991 жылдың қараша айында Алматы қалалық әкімшілігі атынан Шәмшіге «Қазақстан халық артисі» атағын беруді ұсынып құжатнама жөнелтті. Ол атақ Шәмшіге 1991 жылы 29 желтоқсан күні берілді.
Біз сонша зарлап жүрген зейнетақыны алмай-ақ дүниеден өтті
Ал Шәмші бұл күндері ауруханада жатқан болатын. Жүрек ауруына бауыр асқынуы қосылып, Алматының ауруханасына 16 қараша күні түскен ол, 1992 жылдың 29 ақпанында мәңгілік көз жұмған күні бір-ақ шықты. Шәмші осылайша Қазақстанның халық артисі деген құрметті атақты бары-жоғы алпыс-ақ күн алып жүрді. Ал зейнетақы... Біздер сонша зарлап жүрген зейнетақыны алмай-ақ дүниеден өтті...
Шәмшіге құрметті атақ берілгенін естіген күні, ашуға бұл жолы мен міндім. Ауруханаға жетіп барып:
– Шәмші, саған бүйтіп тым кеш келген атақ, өзіңнің бүкіл халқың әлдилеп айтқан «Шәмші» атыңа жетпейді. Бұл атақтан енді өзің бас тарт, дедім. Мені құдайдай сыйлайтын Шәмші «жарайды» деп бас изеп, «алдымен ауруханадан шығайын, сонан соң», деді. Бірақ құдай тағала біздің бұл талабымызға жеткізбеді. Шәмші ауруханадан шыға алмаған күйі мәңгілік көз жұмды. Ал оның «халық артисі» деген атағы...
Сол атақтан бас тартпағаны да тура болды. Өйткені Шәмшінің қайтыс болғандығы жайлы некрологты бүкіл республикалық газеттер берді, оны жерлеу жөнінде үкімет комиссиясы құрылды, жерлеудің барлық шығынын үкімет төледі. Сонымен, Шәмші де кетті. Мен де қайбір тәтті өмір сүрген адаммын. 25 ақпан күні Кардиология институтының ауруханасына түсер алдында, қасыма Бисембиев Қалмаханды ертіп Шәмшіге бардым. Шәмші әрең сөйлеп, қатты қиналып жатыр екен.
– Мен сені ылғи сағынамын… Күтіп жатамын, - деді ол маған. Сол сәтте ол менімен қоштасып жатқанын білмеппін... Әттең, дүние-ай десеңші!.. Бар өмірімді сарапқа салсам, Шәмшімен бірге өткізген үш жылым ерекше күндер екен. Мен қазір сыңарынан айырылған аққу секілді жалғыз қалдым. Шәмші тіріде: «Кеттім Шәмшіге!» деп, ол қайда жүрсе де іздеп барып, тауып алушы едім. Екеуміз егіз қозыдай болып шұрқырасып қалушы едік. Сол күндер жоқ қазір. Жоқ! Жоқ!
Шәмшінің өмірінен алып жазған осы үзік хикаяттарымды Шәмшінің 1991 жылы 7 қарашада маған табыс етіп кеткен мына өсиетнамасымен аяқтайын», - деп ары қарай Шәмшінің өз аузымен айтылған өсиетнамасын береді.

Міне, біз Шәмші Қалдаяқов туралы айта отырып, ол жайлы естелікті қозғадық. Бодықовтың кітабын қайта оқып отырған кезде талантты адам мен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтар жайында да ойладық. Кейде адамға тірісінде көмек беру қиын да, өлгенде құрмет көрсету оңай көрінетіні несі екен...
Әсіресе өнер адамын өлгеннен кейін мақтап некролог жазу оңай. Демеуші табылса, ескерткіш қоюға болады. Тіпті атына көшеге беруге болады. Ал тірі кезінде оның жағдайын сұрау, еңбегін әділ бағалау, қиындық көрген кезде қолдау… әлдеқайда қиын. Бірдеңе жетпейді бізге. Көңіл ме, көз бе…
Біз бүгінгі Шәмшілерді танып жүрміз бе? Қазір ән жазып жүрген, кітап жазып жүрген, фильм түсіріп жүрген, картина салып жүрген адамдардың қайсысын біз отыз жылдан кейін «неге кезінде бағаламадық?» деп іздер екенбіз?
