Мөлдір ақынның «Мөлдір өлең» жобасы
Рухани дода мамыр айында басталған еді. Жобаға Қазақстанның 20 өңірінен 60 ақын қатысқан.
Қарапайым халық поэзия кештеріне айтысқа немесе шоу-концерттерге ағылғандай көптеп бара бермейді. Себебі поэзия – көпшілік өнері емес, «азшылықтың несібесі». Көркем өнердің қашанда қалың бұқарадан бұрын талғамы биік, таңдаулы оқырманға бағытталатыны рас. Алайда сол азшылықтың көңілінен шығып қана қоймай, көпшіліктің әдеби талғамын қалыптастырып, поэзияға қызығушылығын арттыруды көздейтін жобалар да бар. Ол – «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасы.

Кеше Астанада «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасында жартылай финалға өткен командалардың алғашқы айналымы өтті. Кешке арнайы қонақ болып келген Дәулеткерей Кәпұлы, Толқын Қабылша, Танакөз Толқынқызы сынды ақындар «Мөлдір өлең» жобасы жоғары бағалап, сәттілік тіледі.

«Мұндай поэзия кештеріне көрермен жинау оңай шаруа емес. Біраз уақыт бұрын ақын Жүрсін Ерман да қара өлеңнің қадірін көтерем деп «Бір өлең – бір әлем» деген үлкен жоба бастаған. Қомақты бәйге тігіп бастаған додасы өкінішке орай көпке созылмады. Себебі сол кезеңде театрдың залында ұйымдастырылған кешке келген көрерменнің саны алдыңғы қатарлардан аспай қалды еді. Одан бері де біршама уақыт өтті. Бүгінде осы «Мөлдір өлең» жобасының YouTube арнасының өзі көрермені қалыптасқан арнаға айналып қалды. Расында мұндай ауқымды жоба өткізу ер азаматтардың да қолынан келмей жүр. Сондықтан «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасы шын мәнісінде де ұлттық жобаға айналсын деп тілеймін, – деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған рухани дода мамыр айында басталған еді. Жобаға Қазақстанның 20 өңірінен 60 ақын қатысқан.
Елорда намысын Айдана Сегізбаева, Айзада Бүркітқызы және Олжас Қасым қорғаса, Павлодар облысының атынан Еламан Қабділәшім, Алтынбек Мұқышев, Ерлан Аманқожа қатысты.
Бұл кештің ерекшелігі – ақындардың тек өз өлеңдерін оқып қана қоймай, поэзияның мүмкіндігін түрлі шығармашылық сынақтар арқылы көрсетуінде.
Ақындар ұмытылмайды
Алғашқы айналымның шарты қарапайым болғанымен, мәні терең екен. Әр ақын өзі ұнатқан басқа ақынның бір өлеңін оқуы керек. Бұл талап аты көп айтыла бермейтін, бірақ әдебиетте өзіндік қолтаңбасы бар ақындардың есімін қайта жаңғырту мақсатында ойластырылған. Бәрекелді дедік. Біздіңше, бұл – жобаның ең сәтті шешімдерінің бірі. Өйткені әдебиетте бір ақынның өмірі мен шығармашылығын оқырманға қайта танытудың ең тиімді жолы – оның өлеңін қайта оқу. Кеш барысында Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергенов, Қайрат Асқар сынды ақындардың есімдері аталып, олардың жырлары оқылды. Бұл – әдеби жадыны жаңғыртудың бір жолы. Бәлкім, бүгінгі оқырман Төлеужан Ысмайыловтың өлеңін алғаш рет осы кеште естіген шығар. Бәлкім, Төлеген Айбергеновтың бұрын оқылмаған бір жырын қайта тапқан болар.
Қалай болғанда да, жақсы өлеңді де, жақсы ақынды да ұмытуға болмайды.
Екінші айналым бұдан да қызық болды. Бұл бөлімде ақындарға тыңдармандар бес сөз ұсынады. Ақындар сол сөздердің бәрін пайдаланып, қысқа уақыт ішінде өлең жазу керек. Бұл жолғы бес сөз: құрылтай, нан, тағдыр, күбір, көркем.
Бір қарағанда, бір-бірімен байланысы жоқ сөздер секілді. «Құрылтай» мен «нанды», «тағдыр» мен «күбірді», «көркем» деген сөзді бір өлеңге қалай сыйғызуға болады? Жазба қындар үшін – сынақ, ал тыңдарман үшін – қызық болды. Өйткені үзіліске кеткен ақынның не жазғаны, сол сөздердің басын қалай біріктіргені, қандай ой түйгені баршаға қызық.
Алайда ойы бар, сезімі бар ақынға бұл аса қиын тапсырма болсын ба?!. Сол бес сөздің ар жағында бес түрлі тағдыр, бес түрлі сезім, бес түрлі поэтикалық ой тудырды. Еламан Қабділәшім: «Құрылтайын сезімдердің бастады – Құрқылтайдың ұясындай жүрегім», – деп, екі түрлі ұғымды бір шумақта тоғыстырса, Олжас Қасым: «Әрі-сәрі күй кешем депутаттай,
Құрылтайдан жүгірген орын іздеп», – деп, өлеңге юмор мен әлеуметтік астар қосыпты. Айзада болса: «Сені әлі сүйетінім – бар шыным, Жалған десең, нан ұрсын!» – деп, «нан» сөзін қазақы ұғыммен байланыстырып, тыңдарманды елең еткізер жолдар ұсынды.
Ақындардың аз уақытты шығарған өлеңдерін сіздер де оқи отырыңыздар.
Алтынбек Мұқышев:
Құстар ұшты төбемнен, құрылтай құрып,
Бостандықтың байрағы - бозторғайым.
Жер тарпыған тұлпардай күнім-сәйгілік,
Сынық мүйіз айға асық қошқардайын.
Тағдыр жайлы оқиды өлең, жырымды
Жауған жаңбыр, соққан жел күбір-күбір.
Жап-жарық жұлдызым да сөнер бүгінгі
Үмітінен үзіліп түбінде бір.
Көміліп ішінде ылғи көркем ойлардың
Көлектерін ауыстырар әртіс-кейпім.
Балалықты мен неге ерте қойғанмын,
Сарыауызынан сарымай, нан түспейтін.
Олжас Қасым:
Нан іздеген баладай әр күнімді
Өткерермін кімге айтам, жан мұңымды
Көркем өлең секілді болмаса да
Күбірлеумен кешемін тағдырымды
Жайым жоқ сонда дағы сенім үзбек
Әлі де адастырар жолымыз көп
Әрі сәрі күй кешем депутаттай
Құрылтайдан жүгірген орын іздеп
Келгенде жолаушыдай іздеп үміт
Осы ма ғұмыр деген еркімді алған
Алыстан қарағанда қыз көрініп
Жақыннан қарағанда кемпір болған.
Еламан Қабділәшім:
Тағдыр қызық арпалыспен, тартыспен.
Тоя алмайсың...
Қоя алмайсың шарт-үстем...
Маңына да жуықтатпай қойды әттең,
Паң қалауым кеудесіне нан піскен.
Менің жаным самал ма еді, құс па еді?!
Сезіледі үмітімнің үстемі.
Жан даусыммен ғұмыр кешем баянды,
Арманшылмен күбірлесем іштегі...
Көз алдыма, бар ғажайып, тізілші,
Раушан гүлдер, шаттық үшін үзілші.
Жасырылған шығар менің кеудеме,
Құдайымның көркем аты жүзінші.
Ақ-қарасын ажыратар кім оның?
Мендегінің сипаты - арай, білемін.
Құрылтайын сезімдердің бастады -
Құрқылтайдың ұясындай жүрегім.
Ерлан Аманқожаұлы:
Тарам-тарам жолындағы мұңды ішіп,
Қара нардың қабырғасы сөгілді.
Адам да бір келіп қайтқан жыл құсы
Жазын аңсап өмірдің.
Көкірекке ырғақ құйып ой-қайғы,
Қалдырады ауыр күндер ән құйын.
Жұлыныма жын қондырып ойнайды
Сан мәжіліс, сан жиын.
Жалғыз сөзге жан қиғандар алыстап,
Көздің алды — ала-құйын, шаң-тұман.
Боз биенің қанын ішкен нан ұстап,
Қорқау ындын аттайды ақыр антынан.
Жаны көркем жалқы құсым — жүрегім,
Оза шапқан от тұяқтар дүбірлеп.
Табатындай асқақтықтан бір емін,
Ғарыш жаққа отырамын күбірлеп.
Айзада Бүркітқызы:
Тағдыр біздің тарқап өрген бұрымдай,
Зеңгір, көркем көкке ұмтылды тұрымтай,
Мені алысқа шақырады армандар,
Күлтөбеге шақырғандай Құрылтай.
Күбір-күбір сөз етіп жұрт сабылсын,
Менің жаным үлбіреген қауырсын.
Сені әлі сүйетінім –бар шыным,
Жалған десең, нан ұрсын!

Үшінші айналым нағыз жүйріктен жүйрік озатындай аламан бәйге болды. Айзада мен Еламанның сезімге толы жырлары талай жүректің соғысын жиілеткен рас. Айдана мен Ерланның да жырлары көпті ойландырса Олжас пен Алтынбектің дуелі тартысқа толы болды. Көпшілік Олжастың шығармашылығымен біршама таныс болғандықтан болар, бұл кештің жаңалығы Алтынбек болды.
Үшінші айналым – нағыз жүйріктен жүйрік озатын аламан бәйгеге айналды. Бұл кезеңде ақындардың өз шығармашылығын танытатын кезегі келді. Әрқайсысы жүрек түкпіріндегі сырын, толғанысын, ақындық қуатын өлеңмен жеткізуге шықты.
Айзада Бүркітқызы мен Еламан Қабділәшімнің сезімге толы жырлары талай жүректің соғысын жиілеткені рас. Екеуінің де өлеңінен нәзік сезім, ішкі толғаныс пен адам жанының терең иірімдері сезілді.

Айдана Сегізбаева мен Ерлан Аманқожаның жырлары да тыңдарманды ойға жетеледі.
Ал Олжас Қасым мен Алтынбек Мұқышевтің сөз сайысы кештің ең тартысты тұстарының біріне айналды. Екі ақынның да өзіндік қолтаңбасы, ойлау жүйесі, поэзиялық мәнері бар екені байқалды. Көпшілік Олжас Қасымның шығармашылығымен біршама таныс. Оның өлеңдері әдеби ортада ғана емес, әлеуметтік желіде де жиі оқылып, талқыланып жүр. Сондықтан бұл кештегі жаңалық – Алтынбек Мұқышевтің ақындық әлемі болды. Оның жырынан бұрыннан таныс поэтикалық қалыптан бөлек, өзіндік ойлау, ішкі серпін мен ақындық мінезді аңғарды. Бір сөзбен айтқанда, үшінші айналымда алты ақын алты түрлі әлемін ашты.

«Мөлдір өлең» жобасының басты ерекшелігі – поэзияны тек ақындар мен әдебиетшілердің ортасында қалдырмай, қарапайым тыңдарманға жақындатуға ұмтылуында. Әрине, поэзия ешқашан шоу-концерт секілді мыңдаған адамды бірден жинай алмайды. Оның табиғаты бөлек. Поэзияға келген адам – жай ғана көрермен емес. Ол – тыңдарман, оқырман, сөздің мағынасына үңілетін, өлеңнің ішкі музыкасын сезінетін жандар. Бірақ бұл поэзия азшылықтың ғана өнері болып қалуы керек деген сөз емес. Керісінше, поэзияның міндеті – адамның талғамын биіктету. Ойлау мәдениетін қалыптастыру. Сөз құрметін арттыру. Жан дүниені байыту. Ал осы міндетті жаңа форматта жүзеге асыруға талпынып жүрген «Мөлдір өлең». жобасының авторы Мөлдір Айтбай қарындасымызға сәттілік тіледік.

Шамамен 4 айға жалғасатын жобаның бас жүлдесі 3 миллион теңге мен арнайы «Мөлдір өлең» статуэткасы. Поэзиялық доданы әр апта сайын жобаның YouTube арнасы арқылы тікелей эфирден тамашалауға болады.
