Болатбектің басындағы Шыңғыс ханның ақ бұлты

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

30

Болатбектің басындағы Шыңғыс ханның ақ бұлты - adebiportal.kz

(Қазақстандық Шаолинь екенім, «Желтоқсанда» Қазақ үшін қан төккен қаһарман екенім туралы шығарма) 

Әндіжаннан шығып бара жатқан кезімде аспан құшағынан көзілдіріктің қабындай аппақ бұлт жылт етті де, жарқырап нұр шашып барып жоқ болып кетті. Осындай хикметті алғаш көруім еді. Байыбына бара алмай, жарқ еткен бұлтқа қарадым да қойдым.

Содан бері көзілдірік қабындай үлкендікте, биіктен көрінетін осы кішкентай ақ бұлт біресе домалақтанып, біресе сол ұзыншақ күйінде, кейде бүйректей бұлтиып, сан алуан пішінде аспанның мен қарап қалған бұрышынан жарқ ете қалады да, көз ұялтып нұрын шашып болып жылдам жоғалып кетіп отыратын. Кейде қатарынан ай сайын, кейде екі айда бір көрініп отырады. 

Өмірімдегі сын-сағаттарда, маған жақын адамдар өміріндегі қиындықтары үшін менен ақыл-кеңес сұрап тарығып келгенде сол киелі ақ бұлт көрінеді де, әрі қарай шаруаның бәрі оңтайланып, қиыншылық жылдам шешіліп кете беретін. Ең бастысы, осы бұлт маған және мені пана тұтқан адамдарға қас қылмақшы болғандардың жүрегіне ауыр қорқыныш салатын. 

Әулие ұстазымның «Саған ешкім тиісе алмайды. Сен үшін ерекше дұға еттім. Қандай қауіпті сәттерде де қорықпа. Қорықпа, балам!» деген сенімді дұғасынан кейін төбемде пайда болған осы Шыңғыс ханның ақ бұлты мені және маған сенгендерді жақсылыққа жеткізіп, жеңімпаз етіп келеді. Осы кие тудырған алауыртқан сезімге шомылғанымда Құдайға шүкіршілік етіп, үнсіз көзімді жұмамын.

Мен кіммін? Әндіжаннан ақ бұлт ертіп не үшін Шымкентке қарай жолға шығып келе жатырмын? 

Мен «Қазақстан Шаолины» атанған, денесі әңгелектей домаланған ақсары батырыңмын. Шаолинь мектебінің сәулетті самырсыны – Болат Есқараұлы Нұрмановпын. Алдыңда тұрған осы жазуларды құнттап оқып, ыстық ықыласпен көзіңе сүрткейсің. Сол үшін мен бұл жақта іштей рахмет айтып жатамын. 

Сүйегімді сұрасаң Дулат – Сиқым, оның ішінде – Шуылдақ. Нағашымды білсеңіз Дулат – Шымыр, оның ішінде Темір (Темірболат) деген ел екен. Нағашым демекші, мен шешемнің қайсарлығына таңғаламын. Бұл сіздің ойыңызға кіріп шықпаған қайсарлық оқиғасы. 

Мені небәрі 7 сыныпта оқып жүргенімде Совет Одағының КГБ-сы Ленинградтағы КГБ-ның офицерлерін тәрбиелеу орталығына алып кеткенде, менің орныма өңі менен аумайтын басқа бір баланы жердің бір қиырынан тауып әкеліп үйге менің орныма бала етіп қойғанда, шешемнің жат біреуді 13 жыл бойы баласындай көріп, мені сағынып жүрегінің сыздап жүргеніне жаным қалай ауырмасын?! Менің үйден басқа жаққа кетіп қалғанымды шешемнен басқа жан баласы білген жоқ. Ол кезде әкем дүниеден қайтып кеткен еді. Туыстарымның, достарымның бәрі менің орныма әкелінген баланы мен екен деп жүрді. Нағашыларым бай тұқым еді. Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыранда ел ауғанда, нағашым Байтөле бай нағашы әжеміз Бибігүлді, қыздары Есенбике, Уәйданы, кенжесі Боранбайды алып Қырғыз жері арқылы Ауғанстанға өтпек болады. Олар Жалал-Абад түбіне келіп аялдап жүргенде, қалаға барып шайханадан шай ішіп, Жұма мешітінде намазын өтеп қайтқан нағашы атамның ізіне базардағы қарақшылар түсіп, аяқ астынан басып қалып, ақтарып түк таба алмай, қылыштарын жалаңдатып сағымға сұғып: «қатын-балаңды қырам, тыққан алтыныңды бер!» деген соң: 

– Үйелмендерімнің ұясында уыздай балаларымнан басқа ештеңе жоқ. Босағаның сыртындағы ескі шүперекке оралған ат басындай алтынымды ал! Ошақтағы шәугім ішіне тығылған алтын бұйымдарымды жалғызсыратпай оны да қоса ал! Уай, жемқалта ішінде жатқан құмыра қылып құйылған күмісімді де бердім. Малым – Жанымның садағасы! 

Қазынадан айырылып, өзіне ілескен бір атаның балаларын түгел ертіп Сайрамға қайтып келеді. Ол кісі Қазан төңкерісінен бұрын айына бір рет Ташкентке қой айдап барып, Түлкібастың Мақталы өңірінде түлкідей тілік ауызы кедейліктен ырсиып отырған ауылдарды жібек, шәй, сабын сияқты сол заманның сүйікті заттарына қарқ қылып отырады екен. Ол кездері сағалы Сарытау (Саратов), өмірі қайнаған Қазан мен шабдалысы алтын Самарқанға да мал айдап апарып, Памирдің кер түсті тауларының астына ұйықтаған Қорық (Бадахшанда), Пара-Дария (Қытайдағы Тасқорған) кенттерін көзден кешіріп, қаңсыған Кабул, лықсыған Лахор, толы-толы тіршілік үнімен дүниежүзіне дір-дір етіп тұрған Дели қалаларына да қыдырып қайтқан. Ел аралап жүріп жұрттың ораза кезінде айтатын діни жырды "жарапазан" деп айтуына қарсы екен. 

– Пазан деген не нәрсе? – деп күйінеді,– Қандай мағына береді? Татардың тілінің дыбыстауына ермеңдер. Қазақ жарапазан демей, "жарамазан" деп айтқан. 

– Жарамазан деген не? 

– Жар-жар жыры секілді бұл да бір жар. Жар-Рамазан, рамазан айында жар салып айтатын жырымыз. 

Ташкент, Самарқан, Сарытау, Мазар-Шәріп жеріндегі қазақтардың арасына барғанда «жарамазан деп айтыңдар!» деп нәсихаттап жүретін болған. 

Төлебайдың төлдері шетінен ұқыпты, киімдеріне қылшық жабыстырмайтын қылап болған. Шешеміз Есенбикенің тары-талқанды ұқыптылықпен тазалап отыратын әдеті менің ауламда түйір қараны қалдырмай тазалап жүретін әдетімді тудырған еді. 

Ленинградқа барғанымда менен басқасының бәрі есекке секіріп мінер ересек болды, мен ғана түйенің төбесіндей томпаңдап жүрдім. Азияттық саққұлақтардың сапына бөлініп, шүңетіне шым батып, мұнда шетке барып шырғалаң тапсырмаларды орындап қайтуда тіл білудің талап етілмейтінін, ең бастысы бәйге атындай байқампаздық, оқпен қатар ұшқан ұтқыр ой, шапшаң шешім жасай алатын лашын мінезің мен ұрысқа сай ұрымтал әрекетіңнің бағаланатынын білдім. Кейбір таланттар тіл үйренуге мүлде бейімсіз келеді. Оларға тіл талабын тией берсең, салындысы суға кетіп, самарқау тартып шонданайынан шойнаңдап қалады. 

 

Иә, иә, мен нағыз Шымкенттікпін. Осы Шымкенттегі қорғасын зауытының жанында 1954 жылы 7 сәуірде дүниеге келгенмін. Қажы-Мұқан атамыз да тура осы 7 сәуірде өмір есігін ашса, жұрттың көзайымына айналған замандасым Джеки Чан менімен бір жыл, бір ай, бір күнде туылыпты. Менің тағдыр жолымдағы оқиғаларға себеп болған іс тура сол қорғасын зауытында орын алды. 

Менің осы уақытқа дейін ащыға оралған терінің ішінде жатсам да денемнің ашымай, улы көздер мен үгітіп ұратындардың арасында қандыбалақтанып жүрсем де, өлмей келе жатуымның себебі әкемнің аяулы дұғасынан екен. Әкемнің үнемі жадыратар жайнамаз алдында отырып алып:

– Иә, жаратушы ием, осы ұлымды қайда жүрседе аман етші! Ғұмыр жасын қысқа етпе! – деп тілегенін өз құлағымен естігенін немере ағам мамырлатып отырып айтатын. Сол кезде ғана мені сақтап жүргені семсер ұшы батпайтын сол дұға екеніне илана түстім. Әкем Советтің қылышынан қан тамып тұрған заманының өзінде намазын тастамаған діндар болды. Мен дүниеге келетін зауыт маңы бар ғой, сол зауытта әкем жұмыс істеп жүріп, бесін уақыты болғанда шуылдаған өндірістің ішінде намаз өтеп жатады. Зауыт жұмысын бақылауға келген, сол заманда аймағымыздағы бірінші хатшы Малинков әкемнің намаз өтеп тұрғанын көріп, біреуді «Мынау өтірік беріліп тұр ма, шын беріліп тұр ма, итеріп көрші!» деп жұмсайды. Ол келіп бір итергенде әкем әрі қарай жылжып намазын қайта оқи береді. Ол ожар қылығын екі рет қайталайды, әкем денесін сәл тартқаны болсаса, қозғалмай намазын өтеп тұра берген. Сол кезде ғана әкемнің шымырлатар шынайылығына көзі жеткен ол:

– Бұл шынайы, өте таза адам. Құдайдан қорқатын кісі екен. Мұнымен дос болу керек,– деп, оны алдына шақырып: – Бұдан кейін менің сарайыма барып көктат егіңіз. Бұл жердегі айлығыңыз жүре береді. Таза ауада жүріңіз. Бұл жақта енді ауыр жұмыс істемеңіз,– деп алып кетеді де, араласа келе ұлы бар екенін білген соң КГБ өкілдерімен сөйлесіп: 

– Бұл шынайы, нағыз сенім артуға болатын адам. Баласының жасы да пісіп тұрған мандариндай ең үйлесімді жас. Сондықтан, осындай адамның ұлын еліміздің қауіпсіздігі үшін тыңшылыққа баулып сенімді тапсырмалар беретін үздік маман қылып шығару керек,– деген ұсыныс айтады. Мектеп өмірінде самбомен айналысып жүрген мені осылайша 7 сынып оқып жүрген жерімнен, КГБ Ленинградқа тыңшылық бойынша тәрбиелеуге алып кетті. Елге ештеңе сездірмес үшін жердің бір қиырынан өңі менен аумайтын бала әкеліп анама бала қылып қойды. Мұны жан баласы білген жоқ. Бүкіл елдегі әрбір азамат өтейтін отан алдындағы бір жылдық әскери борыш кезінде ғана бір жыл үйден таса болуға болады. Ал, қалған кезде көзден таса болу жұртқа күдік алдыратындықтан КГБ осылай ұйымдастырды. 

*** 

Мені ұйып тыңдап отырған ұқыпты оқырманым, мен «Қазақстан Шаолины» ретінде өзіңе дұғай-дұғай сәлем жолдап, Ленинградта мені лепірткен махаббатым туралы да айтып бере аламын. Егер, уақытыңызды алып қоймасам. Осыны оқи отырып сағынышыма куә сары таңдардың лебін сіз де сезінерсіз. 

70-ке келсем де, әлі күнге дейін «сол қыз кейін қайтты екен?» деп ойлап қоямын. Кейде тіпті сағынатын сияқтымын. Қайсыбір күні аяқ астынан қоңыр көзі құлан жанарындай ойнап Верадан аумайтын қыз өте шықты. Ойпырым-ай, жан дүниемнің жарылыс жасап кете жаздағанын қайтерсің?! Мұндай бошалаң емес едім. 

Өмірімде кездескен, бас қосқан әйелдердің ішінде марқайтар махаббат ретінде жанымнан өшпей, маған сағыныш силап тұрған сол қоңырқай қызды ұмыта алмаймын. Ол кәдімгі орыс қызы, бірақ терісі қоңырқай, шашы қара. Аталары біздің тараптан сіңген болар. Әскери казарманың сыртындағы бір дәмханадан тамақтанатын едік. Ол қыз сонда істеді. Мен ол қызды алғаш сол дәмханадан көрген кезімде, оның маған мейірімі түсіп, 3 тоқашты тегін салып беріп жымиды. Жүрегіндей бүлк-бүлк етіп ыдысыма домалап түскен тоқаштардан кейін мен ештеңе айта алмай тұрып қалдым. Сол кезде жүрегімді жұмыр күйге билетіп, алғашқы разылық пейілі мен құштарлық сезімі қатар ашылды. 

Бір қарағанда қазаққа ұқсап қалатын қоңырқай терілі, қара шашты орыс қызының көңілінің маған аууы да қанымызда жатқан бір ұқсастықтың барынан шығар. «Қалайда түбіміз бір шығар?!» деп секемдене берем. Орысқа кімдер сіңбеді? Мыңдаған-миллиондаған адамдар өздерінің қалай орыс болып кеткенін білмейді. Оқта-текте түп-тұқиянынан хабар беретін ерекше фамилияларынан бірдеңе аңғарып қаласың. «Орыстың бетін тырнасаң татардың қаны шығады» деп те тәмсілдейтіндер көп-ақ! 

Жә, оны қоя тұршы, сол қызбен төрт жыл бойы казарманың сыртында кезігіп жүрдім. Үйіне кіре алмайсың. Ғимаратта шамы жылтырап пәтерлері көрініп тұрады. Шыңырау түптерге барып шынтақтап жатып қысыр кеңес құратын орай тағы жоқ. Сыпайы жапырағы қол қусырып тұрған ағаштардың саясында, өз көлеңкесін өзі іздеген орындықта, сыртта, дөдегелерге мұз сүңгі сәндеумен айналысқан қыста да, жүрегің ыстығынан қарбыздай жарылып кететін жазда да аунап-құшып домаланып жататын ешқандай мүмкіндік болған емес. Етіңе жабысқан тар шалбардай бір-бірімізге өлердей жабысып, ерін тиуге тиісті кіндіктен жоғары жердің бәрімен ауызданып, жұмсақ терісін ерніммен мөрлеп, бір тамырдан қабаттаса өсіп шыққан қайыңдай құшағымыз жазылмай тұра беретін едік. Кейде маған ынтыққаны сонша қатты жабысқанда, жаңа туған қозының денесінен әрең алынатын жылбысқадай еді ол. Оның темірдей қарысқан қолдарын денемнен итеру мұң болатын. Төрт жыл құшақтасып, өбісіп, денеміз бір денеге айналып кеткенде:

– Шіркін, осыны Шымкентке алып кетіп кербез келін етсем ғой! – деген аңсар ояуда болсам ойымнан, ұйқыда болсам түсімнен аунап шықпады.

– О, мұндай жұмсақсың! Иісің қандай? Сирек кездесетін бір жұпар ағашты құшақтап, бір өзім – бір орманға айналып отырғандаймын. 

– Ең көрнекті «Француз әтірі базарын» қанша араласаңыз да, мендей тұнық иісті таппайтын шығарсыз? 

– Мүмкін, сенікіндей тұнық иісті әтір ғалымдары өздерінің құпия сандығында қымтап сақтап отыр-ақ! Олар әтірдің өзін ғана жасырып қоймай, бұрқырап тарап, алысқа аңқыған иісін жасыру үшін қаншама әлектенеді?

– Сіз де мені қатты қысып құшақтағаныңызда сол әтір ғалымдарының әлектенуін қайталағандай боласыз.

Мен не дерімді білмей, тебіренгенде маңдайымнан бұрқырап тер атқып кетті. Бірер тамшы болып домалап тоқтап қалды. 

– Мен сізді өлердей жақсы көремін,– дейді де жейдемді жұлқып ашып, тұмсығын кеудеме тіреп ұзақ тыныс алады. Әр тынысы қанша жұмсақ, ыстық болсада төсіме төс балға шыңылдап ұрылғандай сезімде боламын. Қатты құшырланғанда екі беті дуылдап, кеудемді иіскеу үшін қолдарымен жанталасып сипағанда жейдемді жыртып та жібереді. Оны өзім жатақханаға келген соң үндемей жамап аламын. 

Бір күні түн ішінде сатырлатып оятты да, бұйрықты оқыды:

– Болатбек, жас офицер, киін де, жинал! Автобус дайын тұр. Әуежайға автобуспен барып, әрі қарай Москваға ұшатын самолётқа отырасың. Отыратын орныңа дейін белгіленген. Қазақстанға қайтатын офицерлердің қатарында бұйрықты жылдам орында.

Одан әрі Шымкентке жер бауырлаған жасыл құртпен жетесің... 

Бүйрегім бүлк ете түсті де, жүрегім болымсыз сыздай бастады.

– Вераны қайтем? О, о, Құдай-ай! 

Онсызда қысық көзім тіпті сығырайып жылағым келді. Жасыл шалбарымның балағы қайырылып, үстімде ештеңе жоқ, жартылай жалаңаш күйімде екі минут омалып, сығырайып отырдым да, әскери адаммын, бұйрықты орындау керек, атып тұрдым. Ұзыннан-ұзаққа қос өкпесі солқылдаған, қырқаларда шыңғырған пойызға отырып, «Верамен бірге Қазақстанға келсем» деген арманым желге ұшып, көкпен самғап Москваға қондым. Одан кейін тарғыл жолды тақыр пойыз бізді ішіне жұтып алып туған жерімізге әкеп құсты. Сол жылды көрсететін «1972» деген жазу жел желбіреткен күнпарақтың бетінде дірілдеп тұр. Бұл кезде менің орныма қойған баланы өз жағына біраз жылға жіберді де, оған «кейін қайтадан осы араға келесің!» деді. 

*** 

Келсем мені ауылдастарым мен туыстарым «ішкіш» деп біледі екен. Менің орнымда болған жігіттің ерсі қылықтары қалдырған осы атауға ие болып кепкамды басып киіп жүре бердім. «Қатынның қызығын көрем!» деп әйел де алдырып алыпты өзіне. Одан бір бала қалып безектеп жайына кетіпті.

Бұл да өз жоспарын адал атқарып, жұрт көзіне солай сорақы көрініп жүрген жан. Қатыны бар болғанда одан бір ұрпақ көріп жіберер ме едім. Өңіме қарап айыра алмай, түнде сипалағанда басқа адам екенімді айырса қызықтың көкесі сол болайын деп тұр. Қызғаншақ біреу ме қалай өзі, менің келетін уағымда қоя бере салғаны қалай оны, маған қалатынын біліп? Әттеген, одан да керемет қызықты көрейін деп тұрмын-ау мен. 

Маған жаңа бұйрық келді.

– Некелен! – деді. Үйленетін қыз табылып, алғашқы жар ләззатын гимнастика шеберінің құшағынан таттым. Бірақ, бұйрық қатты. Оған адал болуға, махаббат әнімен әлдиленіп, сезім жаңбырын себелетіп, үйренген гитарамды оған да үйретіп, ән тамшылатып отыруға рұқсат бермеді. Бұйрықты жеткізуші айтты:

– Бірнеше әйел алуың керек. Қатыннан қатын шығарып, кейбірін баламен, кейбірін сол бала туылып болмай-ақ жібере бер. Кемінде үш әйел алып қоя бересің. Сенің орныңа үйіңде тұрған бала бір әйел алып жіберді. Сен бұл араға келмей тұрып бір әйелден ажырасқан тарихың пайда болды. Енді соны жалғастырасың. Алатын әмірің қатты. Сезім тәтті. Жұртқа өз отбасын ұстай алмаған, ішкіш, әйел шығарғыш сенімсіз, ең бастысы елеусіз біреу болып көрінуің керек. Мемлекет ісін сеніп тапсыратын маңызды адам екеніңді білдірмеуің керек. Ұқтың ба?

– Ұқтым. Бұйрықты орындаймын! 

Дауыстарым арс-арс еткен төбеттің алқымынан шығып жатқандай. 

*** 

1973 жылы Жапонияға бір тапсырманы орындап қайту үшін 1 жыл екі айға жіберілдім. Төңкерілген Токио мені бір аунап қарсы алды. Жапон қоғамы өзіне менің келгенімді де сезген жоқ. Лай-батпақтай ағылған қалың бұқарасының бір құмырсқасы болып сіңіп кеттім. 1974 жылы 7.5 айға Вьетнамға тапсырма орындауға жіберілдім. Бұл жерде менімен істес орыстар көп болғандықтан тіл жағынан алаңдамадым. 

1975 жылы ғой, өз елімде едім. Түн ішінде үш жігіт болып қайтып келе жатқанымызда алдымыздан бірнеше бұзақы шықты. Жуаны келіп жұдырығын сермегенде алақаныммен білезігінен ішке қағып бөгет қойып, екінші рет қол сермегенде білезік буыныммен сыртқа қағып бөгет қойдым да, үшінші рет қол сермей бергенде «үшеуіміз үш жаққа қашайық!» деп айқайладым да үш жаққа бытырап қаштық. Біреуі қаша алмай қалыпты. Артынан сұрасам оны ұрмаған. 

– Неге оларды ұрмадың? Жай ғана қорғанғаның қалай?

– Қараңғыда бата тимей қата тисе майып қылып түрмеге жабыламыз, – деп қысқа қайырдым. Осы сынның өзі құпия органның мені сынау үшін жіберген арнайы адамдары сияқты. Шынайы бұзақылар болса жолдастарыма тисер еді. Осыдан кейін үкіметтің үмітін үкілеп жібердім бе, білмеймін. Мені 9 айға Лаос еліне жіберіп бір сілкіп алды. Бұрынғы КГБ-да үйренген тізеңдеген тай боксым классикалық түрі екен. Тай бокстың шырқау шыңына шыққан жері Лаос болғандықтан, мұнда тай бокстың төресін үйрендім. Бұл үйрену барысында аямай таяқ та жедім. Бір тәуірі бұл елге тыңшы ретінде емес, Совет Одағының осы елге әскери мақсатта жіберген арнайы өкілі ретінде бардым да, ашық, еркін өмір сүрдім. Жағдайым жайлы, көңілім күйлі болып домбыраның теңшелген құлағындай едім. 

*** 

Бірқанша жылдардан кейін бұйрық бойынша өтіп жатқан алақұйын отбасылық өмірден зеріккенде, арақ сататын жерде істеп, қарақшылықпен шұғылданып мәселелерді де шешіп, сынақтан өтіп болған соң, қой жылы бір орында маңырап жата бергім келмеді де: «Мен жаңа бұйрыққа дайынмын!» дедім, сол арада жаңа бұйрық қабылдадым. 

Ленинградта оқып жүргенде кісіні оңай өлтірудің көптеген тәсілдерінен сабақ береді. Ол жерде де сүйретіліп, айтқан тапсырманы нашар орындайтындар жеткілікті. Оларға еліне қайтқан соң өз тұратын жерлеріндегі жұмыстарды тапсырды да, үздік шыққандарды үлкен тапсырмамен шет-қиырға жібереді. Сол сүйретіліп жүргендер туған жерлерінде әртүрлі салаға кіріп үкіметтің көзі, құлағы болады. Көбі базардың «жалған бандиты» болып үкіметке үнемі мәлімет беріп отырады. 

Шымкенттен шығар алдында Гровицкий, Овсянников деген жаттықтырушылар бокстағы алғашқы қолымды серметушілер болған еді. Мен Ленинградта жүргенде бокс бойынша жаттықтым. Самбо күресі, жекпе-жек түрлерінен де алған тәлімім бар. Сол уақытта КГБ өкілдері арасында каратэден байқау өтіп, мен каратэден бақ сынаушылардың ішінде жылқы ілеспес жылдамдығыммен таңғалдырдым. Айнала түгел таңдай қағысып, бас шайқағанда бастары ұйтқыған желге ырғалған сәмбі талдай болып кетеді. Ешкімнен жеңілмесем де маған сол жолы неліктен бесінші орын бергеніне таңмын. Маңызды тапсырмаға дайындап, елдің көз алдынан ысырып тастау үшін бе екен? Әйтеуір, осы жолғы жел айналған жылдамдығым мен күншығыс адамдарына тән домаланған денем, қысық көзім қисапсыз адамдардың ішіне қарбыздай домалап баруыма себеп болды. Жаңа бұйрықты естігенде жаңғырықтан бітеліп қалған құлағым жарқ етіп ашылғандай болды.

– Қытайға барып көп жыл сол жақта тұрасың. «Неше жыл?» деп сұрама. Қанша жыл болса, сонша жыл. Сені Гуанчжоуға қоңсылас өлкеге жібереміз. Сол жерде жылына 1500 адамды тәрбиелеуге арналған алып Шаолинь ғибадатханасы бар. Қытайдың қазағы болып барып сіңісуің керек. Ол жақта жүргенде қолданатын құжатыңның бәрі дайын. Әр маңызды нүктелерде күтіп алатын адамдар бар. Тек өзіңе мықты бол! Әрқашан өзіңнің кім екеніңді сездірме! 

– Мен қытайша білмеймін ғой! 

– Білмесең үйреніп кетесің. Үйрене алмасаң ымдап сөйлеп жүре бер. Сол үшін сені қытай тілін керексінбейтін Қашқардың қойнауынан жіберейік деп отырмыз. Басты міндетің Шаолиньның таңғажайып сайыскері болып шығуың. Жаңағы 1500 адамға арналған сайыскерлік орнында жылына жарты мың адам тәрбиеленеді. Олардың дені Қытайдың қауіпсіздігі үшін жұмыс істеп, әлемнің жер-жеріне қабыланның қалындай шашырайды. Қайда, кім болып кетіп жатқанын біліп болмайсың. Соларды зерттей жүру керек. 

Өзің білесің, Қытай мен Совет одағы қазір бір-біріне қырғи қабақ. Егер, бұрынғыдай достық келісім жүріп тұрған болса, сендей шымыр жігіттерге үкімет ара келісіммен-ақ Шаолиньның өнерін үйреттіріп алатын едік. Өзіңді аман сақта! 

– Иә!... 

 

Қысқа уақытта қытай тілінен амандасу, хал сұрасу, алым-берім, жөн сұрау сөздері ғана үйретілді де, өзбек, тәжік жігіттерге пуштун тілінен сабақ беріп оларды Ауғанстан аспанынан тастаған. Осы жігіттердің көмейінен пуштун тіліне қатысты бірнеше уыс сөз алдым.

– Үйреніп келген өнерің мұнда үлкен кәдеге жарайды. Сенің орныңа әлгі жігітті қайта әкеліп қоямыз. Анаңнан басқа ешкім білмейтін болады сенің Қытайда жүргеніңді.

– Мен дайынмын! 

– Жарайсың. Отанның өжет ұлысың! – деп иығымнан қақты,– Қазіргі лейтенант шенің жоспарды орындап келген соң, 4 дәреже аттап полковник шеніне өсіріледі. 

Келесі түнім қара бұлғындай бұлаң қаққанда-ақ, орныма қойылған жігіт үйге кіріп бара жатқанда, мен үйден шығып бара жаттым. 

Алматыда, Шымкентте оқытқан генералым мені жанына бір ай алып жүрді де, одан кейін Ыстықкөлге барып екі күн демалдық. 

Сүркей сүрдекпен жүріп солқылдаған машина мемлекеттік міндет артылған 16 адамды артып Қырғызстанның Нарынына әкеліп түсірді. Құрт-майым, етімді бір қоржынға салып берді. Нарыннан Қытайдың Ақсу аймағының шекарасына қарай әкелді. Жолдас болып келе жатқан 15 адамнан өздеріне қандай міндеттер артылғанын сұрап білгім келді де, үкідей бағжиып, бақырайған көздерін бір жұмбаған басшылардың алдында ештеңе дей алмай үнсіз отырып келдім. Бесеуі – Белін бекем буатын, домбыра ұстап бөкен қуатын қазақтар еді. Шекара түбіне әкелді де, жолақты шырақ астында темекісін тұтатып сөйлесіп тұрған екі әскерді көрсетті.

– Әне, ана екеуі аздан соң екі жаққа кетіп өз қарауылдарына барады. Сол кезде осы ортадан жүріп арғы бетке өтесіңдер. Оқ жыландай атылған офицерлер, алдарыңа ешқандай бөгет тұрғызбайсыңдар. Ал, ендеше, сәттілік!

Бәріміздің иығымыздан ұстап, содан кейін балаларындай көріп еміреніп құшақтап, арқамыздан қағып шықты. Әрбір құшақтап қоштасқан офицер мен басшылық іле-шала алақанының қырын шекесіне қойып, бір-біріне әскери құрмет көрсетеді. 

*** 

Кесірткідей бауырлап, қара құрдай жорғалап жүріп шекарадан бәріміз аман өттік. 

Ақсудың елеусіз жатқан иен бір қыстауында жағын ақ шүперекпен таңып, қисаңдап мал баққан малшы болып жасанып жатқан кісі бізді күтіп алып қолымызға Қытайдың төлқұжатын ұстатты. Есімімді оқысам сол қалпы Болатбек екен. Күтіп алған кісі қазақ па, өзбек пе, сұрамадым. Өңі ұйғыр-өзбектерге келеді. Қазақшаға жүйрік. Маған қарады да, мен туралы алдын-ала оқып біліп алғаннан болар, бірден тани кетті.

– Ә-ә, Болатбек, сен бұл жақта Урумчиде туылған, Қашқарға барып өмір сүріп жатқан қазақ болып көрінесің. Руың – Балталы Найман. Есіңде сақта,– Содан кейін бетіме бажырая қарады да, сылдыр қақтырып сөйлеп кетті,– Себебі, Балталы Наймандар бұл жақта кездеспейді. Ешкім туысым деп танып түбіңді қазбайды. Осы рудан болуың қауіпсіз. 

Бұл жақта Найманның Қаракерей, Төртуыл, Матай-Қызай, Қаратай дегендері көп болады. Керей қылмау себебіміз – бұл жақта Керейлер атамзаманнан бері жергілікті халық. Советтен ауған Керейлер жоқтың қасы. Олар 12 үлкен руға бөлініп шежірелерін түгендеп біліп отырады. Іргесі ажырамаған біртұтас ел болғандықтан, руыңның басын айтсаң аяғын өздері тексеріп біліп алып, сенің қайдан шыққаныңды анықтай қояды. Сол үшін Керейлерге кезіксең шежіре жайлы ашылып сөйлеуші болма. Жұмған аузыңды ашып қайтесің?! «Балталы Найманмын!» де, болды, жеткілікті. Әрі қарай күнделікті ұсақ-түйек жайлы айта бер. Керейлер қазақтың ішінде ең тарихқұмар, шежіреге жүйрік ел. Бұлардан тарихшы, шежіреші өте көп шығады. Жә, екінші жігіт, сенің паспортыңды тапсырайын, – деп паспортын ол жігіттің кеудесіне бірнеше рет қаққылап тапсырды.

Ақсу жерінде біз жан-жаққа бытырай бастадық. Мен Маралбасы арқылы Қашқарға баратын болдым. Сол жерден пойызға отырып Гуанчжоуға баруым керек. Тарқай бастағанда бірнешеуінен сұрап үлгеріп едім, біреуі әдебиет саласына, бірі музыкант болып дегендей мәдениет саласына жергілікті адам ретінде сіңісіп, әр саланы бақылап отыратын жансыз болу үшін жіберілгенін білдім. 

– Кездесіп жатсаңдар құпия сөздерің «береке» деген сөз болады,– деді.– Амандасу сөздерің де сол болсын! 

Бірақ, жұмыр құрсақ Қытайдың ішінде жүріп жолықпайтынымызды кім білген?! 

Менікі спорт болған соң айтқанын игеріп алуға құштарланып, дәмсіз тамақ табылмайтын, жасаған тамағының дәмі көмейіңді суыратын тағам патшалығы болған Қашқарда үш күндей кідірген соң селкілдеген пойызда отырып, бесігімде тербелгендей көбінде ұйықтап Гуанчжоуға жақындадым. Пай, пай, пай-ай! Соның алдындағы Қашқар тағамдарының дәмі бойдан қырық жыл бойы кетпейді. 

*** 

Қытайша дым білмеген соң, тілге жеткілікті даярламай аяқ астынан жібергендіктен, қысқа тілмен қайырыла алмай, қолыма жазып берген қытайша мекен-жайларды жолшыбай кездескен адамдарға ымдап көрсетіп жүріп, сол ыммен билеттер алып, жол біліп адаспай Гуанчжоуға жеткенде мені, сол жердегі Советтің қытай текті жансызы күтіп алып: «Гуандун өлкесінің пұшпағынан шығарып, Оңтүстік Шаолинь ғибадатханасына әкеліп тастаймын!» деді. Мен баратын мектеп Гуандун өлкесінің шығысында теңіз бойлап керіліп жатқан Фуцзянь өлкесінде екен. Оңтүстік Шаолиньде Фуцзяньның тырна тізелілерінің жұдырығы, Лухан жұдырығы, Гуандунның топан жұдырығы үйретіледі. «Фуцзянь жұдырығы» деп танылған сегіз көзді бокс стилі мен таяқ үйіру өнері осы арадағы шанха деп аталатын бірнеше жүз мың адамнан тұратын ежелгі қауымға тән екен. Таяқ кішкентай болсада өте әсерлі соққы жасай алады. Кунг-Фу шеберлері 1~1.5 метр арасындағы жуан таяқты әрлі-берлі дөңгелете айналдырып ұшып келе жатқан жебені қаққан. Таяқты тым тез айналдырғанда ол қолдан ұшып кетуі ықтимал, сондықтан таяқты мықтап ұстап тұру керек. Сонда ғана жебені жетесіне жеткізбей қағып тастауға болады. Пышақ лақтырсын, қанжар қадасын мейлі, бәрін қайыра қағуға бұл ебдейлі. Таяқ айналдыруға туа бітті бейімділігім бар болғандықтан, таяқ үйіруді өте жақсы үйрендім.

Қолына үлкен сойыл ілікпеседе, шоқпармен, шыбықтай қамшымен, тоқ етпе таяқпен аяқ астынан басып қалған жаумен, жылқысын айдаған жортуылшылармен айқаса кеткен аталарымыз тізден ұрып топырлатып түсіріп, бүйірден ұрып бұрқ еткізетін. Арттан келіп екі жонның ортасындағы омыртқа тізбектен шытынатып, шыңғыртып ұратын. Иық-қолы істемей қалады. 

Атышулы қара айдағар стилінен тартып, мысық стилі, абжылан стилі, маймыл стилі мен қара мысық стилінің бәрінде кездесетін бұл ұруда омыртқаның өзінен көрі, жонның түкпіріне қарай ұрасың. Оң жақтан келсең оң жақ жауырын қуысына қарай, сол жақтан келсең сол жақ жауырын қуысына қарай. Төстен тіке ұрудың да күші зор. Қарақұстан қандыра ұру адамды бірден о дүние сапарына аттандырады. 

Бұл өлке Сарыкөбең (Хуанган) тауын бөстек етіп Тайваньмен қарама-қарсы жамбастап жатыр. Теңізге төсін ашып жалаңаш секіретін, қиырларға кетіп қабілетімен қатты таңғалдыратын тәуекелшілдердің отаны. Ол жерде де дайындалып жүрген Қытайдағы жергілікті қазақтарды кездестірдім. Тіпті көп екен. Олардың үкімет бұйрығымен қатысы болмасада, осы бір жанкешті спорт түріне деген құштарлық мығым денелерін сонау Шығыс Түркістаннан осында алып ұштырып әкелген екен. Руларын сұрасаң Найман, Керей, Албан, Уақ, Суан дегендер. Керейлерді көрсем олармен шежіре, тарих бойынша әңгімелеспеймін, Ақсудағы Керейлер жөніндегі ескерту әлі есімде. Өзіне оқ тидірмейтін оғландары да бар ол жақтағы қазақтың. Шауғанбайдың Жеңісі – Алтай, Шіңгіл ауданының адамы. Сүйегі – Қарақас. Ол Шығыс сайыскерлігіндегі таяқ үйіру өнері мен пышақ қадау өнерін игерген. Таяқты шыркөбелек айналдырып тоқтаусыз үйіргенінде дөп-дөңгелек мұнарлы қабат пайда болады. Осы кезде тапаншадан оған қаратып оқ атсаң таяғына тиген оқ жерге түседі де, өзіне дарымайды. Брюс Лидың өзінде бұл өнер жоқ. Брюс Лиде тек сайыстың үлкен таяғын үйіріп ұру өнері бар. Бізден он жас кіші көрінеді. Пышақты көздеген жеріне дәл қадайды және екі пышақты қолына алып ағашқа кезек-кезек қадап отырып, көз ілеспес жылдамдықпен ағаш басына шығып кетеді. Бұл бауыр Қазақстанға көшіп келіп Астана маңында біраз отырып, жерсінбеді ме екен, кейін Алтайға қайтадан көшіп кеткен. 

Ол жерде орыстар да болды. Басында бірқатар нәрсені сол орыстардан және жаңағы қазақтардан сұрап, қытайша аз-кем қажетті сөздерді біліп алғаным болмаса, қытайша үйрене алмай қойдым. Күнделікті тұрмыста не істеу керек, бұл жердің тәртібі қалай, соны ұғындым. 

*** 

Кунг-Фудың Абжылан стилі, Қара айдағар стилі, Мысық стилі, Маймыл стилі қатарлы 8 түрлі сері стилін, тіземен қайқайтатын тай боксты қоса меңгерген қарт шыфуымыз (сопымыз) Бухуа біз барғанда 78 жаста болатын. Қыздың маржан тісіндей 2 килограмм күріш, қабығы қалың сары уылдырықтай 1 килограмм соя, түсінің өзімен тозып көрінетін тұз, үп еткізер отжағар, ұшықты пышақ, қарсыласқанның кеудесінің құдығын қақ жаратын қанжар алып, сағымға ілген садағын асынып сарғайып тұрған Сарыкөбең, тұманы түтіндеп тұратын Ошақтың биігі (Сянлудың биігі) мен шүймойынды Сүйемтау (Сяньшань) деген шоқылары сенделген Бай (Вуйи) тауына барып бір ай тұрып келетін. Бір жолы аяғын баса алмай қалғанда аюдың табанының майын сылып тартып оңалып, маң-маң басып кете барған. Тауда тарландап жүргенінде көзіне іліккен аңды да атып жейді. Азғантай азықпен бір айдан артық өмір сүріп, қажырлылыққа қашан да дайын тұратын қайсар темір еді өзі. 

Айқайлап тұрған ақ төбелі таудың түбінен қазылған ақ шұқырда байлап ұстамаса төңірекке лаң салатын, шынжырланған жыртқыш ағасы туралы еститінбіз. Оның тажал ағасына адам өлтіру – аяқ киімнің қонышын жұлғаннан оңай екені қара түнектей тарап жататын. 

Ұстаздың інжудей нәзік, әдепті інісі болса өз жанында. 

*** 

Шауолинь ғибадатханасынан үш көш жердегі осы тауда қалталанған көздерінен қарашығы ашылғанда айбар атып тұратын, түсі суық ұстаздар сабақ беретін. Бұлар қарт ұстаз Бухуаның жолбарыс жүнді жыртқыш ағасының шәкірттері. Сексенге келген сенімді ұстаздардың қарлы басына қарап «қария» деп ойлағаныңмен, қырықтағы жігіттердей қырпулы қимылдайтын. Жылдамдығына зулап аққан су ілеспейтін. Шаолиньге ұқсатып салынған шағын ғибадатхана қарақшы тастай қалбайып, ұрланған кісідей үстіңгі орман арасынан сығалап тұратын. Шаолиньда жаппай машық болғандықтан жұдырығың орнына қойылмай, құр сабаланумен уақыт өтетін. Ал, мұнда жұдырықты дәл орнына қойып, қолыңды қолтоқпаққа айналдырып беретін. 

Ол жерге Шаолиньдағы талапкерлердің кез-келгенін кіргізе бермейтін. Олардың ішінде оттай жанғандарынан өте аз адамды іріктеп, арнайы құжатпен енгізетін. 

Жолда торуылшы торғауылдары тұр. Шаолинь ғибадатханасынан шығып бел асқан соң, солқ етіп сайға түсесің. Басында буазы кесірткенің құрсағындай кеңейіп, одан кейін оның құйрығындай барған сайын тарыла түсетін тас жолмен 2 километрдей жүріп, көліктердің көбі шыжылдап шыға алмайтын кейкиген бір кезеңге тап боласың. Одан арып-ашып тізеңнің дөңгеленген төбелтейін езгілей басып әрең шығасың. Тосырқап аққан тас бұлақтар мен бұралаң қаққан талдар саған серік болып жапырағынан алақанын шығарып, саған сәттіліктер тілеп отырады. 

Одан кейін құдиып терең өзекке түсесің. Терең өзектен шыққан соң, алдыңа таңырқап қарасаң тіпті таңғалдыра түсетін таудың тәжі тұрады. Сізді апарған көлік осы жерден әрі қарай жүре алмайды. Таудың тәжіне қарай таңырқап жүре берсең, анаңның оймағындай ойпат алақанын ашады. Соның алақанына түссең күріш пен көктаттың киікжонданып жатқан түлейін көзбен шарлап, бас шайқайсың. 

Ғибадатхананы қоршай салынған 18 үй бар мұнда. Тауда сопыдай мүлгіп тұрған ғибадатхананың астында жүз метрге созылған жер асты дәлізі бар. Дәліздің екі жағында қарама-қарсы үңгіп салынған үйлердің саны елуге жетеді. Жер астындағы бұл үйлердің температурасы жыл бойы бір қалыпты, жазда салқын, қыста жылы болады. 

Үйлері жер астына орналасқан, көбелегі қанатына әріп жаздырып ұшып жүргендей, топырағы көрінбейтін, тауыстай жасыл ауылға алғаш кіріп барғанда үй де, адам да көрінбейді. Бұлақ сылдыры мен жәндіктердің шырылынан басқа ештеңе құлаққа шалынбай, адамдарды күтіп жатқан, иен Жер-Ұйыққа еніп келгендей боласың. Жан әлеміңді бейіштің самалы тазалап өтеді. Ұстаздың айдағар мінезді ағасының қамалатын зынданы да сол жерде сығырайып жатыр. Ағасы спорттың әулиесі еді. Арасында ас-ауқат апарып бергенімде, шынжырлаулы осы арыстан маған отты көзін атып: 

– Сен көңіліме толдың, бала. Сен қашып жүріп құлатуға олақ екенсің. Бұлшық еттерің мен аяқ алысың соны айтып тұр. Бұл саған өте қажет болады. Қашып жүріп құлатудың әдістерін көрсетейін. 

Басқалар дүрс еткізіп ұрса, бұл кісі опырып ұруды білетін. Кез-келген адамның сыртқы пішіні мен жүріс-тұрысына қарап, оның қандай әдіске орашолақ, қандай әдіске жетік екенін жазбай танитын. Басқа ұстаздардың айтуынша, ол өз өнерін өте санаулы адамға, ішінара көңілі түскен бауырларына үйретуі мүмкін. 

Діни кітаптарда айтылатын "көктен басталатын бұлақтардың" бірі осы жерде мәңгілік мылқау тілмен мыңғырлап жатыр. Талдар бұтағын бұрымдай өріп майысады. Моңғол малшылары «Сайхан!» деп тебіреніп кететіндей сәнді жайлау екен осы шеті. Осы ғибадатхана діңгегін қадамағанда, бұл жер ел ішін жұтындырған, көркі көмей суыратын саяхат орны болатынына дау жоқ, дау жоқ. Нудың ішінен алысты көре алмайсың да, тауға барып ғибадатхана түбінен тікейсең ұжымақтың кесіп берілген бөлшегі екенін үстінен көріп қабағың қырық рет көтеріледі. Менің тілім ол жерді алдыңызға әкеле алмайды. Барып көріп, бақ қонған қуыстан басыңыз айналуына Құдай бұйыртсын! Осы дайындықтан өткен адамдарды олар "ұлы Қытай үшін өкпесін күйдіріп, өзегін өртейтін тыңшы болады" деген оймен тәрбиелейтін. Бұл жердегі дайындыққа селкіншектеген сетер ұлдарды жылына екі рет, әр ретінде қырық күнге қырғи болып қайтуға жіберетін. 

*** 

Қарт ұстаз атызын көзбен шолғандай қатар отырған біздерді көзімен тегіс шалып шықты да: 

– Адамның ең арам жері қай жер? – деді. 

Мен «ауызы болар» деп ойлап отырдым. Бірақ, басқалар айтып алсын деп қарап отырғам. Ұстазға берілген әртүрлі жауаптардың ешбірінде бұл сөз болмаған екен. Одан кейін менің бергелі отырған жауабымды ұстаз өзі айтты. 

– Адамның ең арам жері – ауызы,– Сәл кідірді де, – Одан қалса мұрны. 

Бұдан кейін ол кісіні біздер жайлы айтады деп ойламап ем, ол тоқталып: 

– Мұсылмандар тазаланғанда алдымен ауызын, одан кейін мұрнын тазалайды. Міне, бұл – Тазалықтың тағы. Мен сендерге әңгіме айтқанда қарап отырам. Созылған сұхбаттарда ауызын сипап, мұрнын шұқып отыратындар осыны ескерсек екен. Сұңқардай сергек, қырғидай қырағы болып тау басының биігіне қарап үйреніңдер. Мұрын шұқып, еңкейіп есектей салпиып отырушы болмаңдар. Өмірлерің – Өмір болсын!

Брюс Ли дейтін айдағардың өлімі 

Брюс Ли дейтін айдағардың өлімінің себебін Шаолиньдағы ұстаз былай деп сіркіретіп айтады. 

Брюс Лидың өлімі туралы қойылған сұраққа қатал да қатпарлы ұстаз аспай-саспай жауап беретінін білдіріп, жазылған аяқтарын жинап малдас құрып отырды. Содан кейін жанарымызға түгел үңіліп, үміттерімізді оқып шықты. 

– Сендерге «Кунг-Фудың отаны – Үндістан» дедім. Ал, Лаостың нуларында Кунг-Фудың әлем танымаған арыстандары өмір сүретінін білесіңдер ме? – деп өзінің айбарлы үніне аялдады. 

– Лаос әлемі – ашылмаған Америка, – деді де сақалын салалап біраз отырды. 

Біз жалғасын тыңдауға асығып, өзелене түстік. Тізерлеп отырған күйімізде біраз алға жылжып кетіппіз. Қасымдағы орыс жігіті осының бәрін ұқыптылықпен, күбірлеп аударып отырды.

– Брюс Лидың өзін Кунг-Фу өнерінің таланты ретінде мойындатуы, 1969~1973 жылдарда онымен теңдесетін шапшаңдыққа ие бірден-бір сайыскердің болмауы, Лаостан шыққан Қара мысық стилін Брюс Лидың осы стильдің белгілі шеберінен үйреніп алып, оның құпиясын ашып көпшілік алдында өзінің кино өнеріне пайдалануы – Осы стильді ойлап тапқан Лаостағы жекпе-жек пірінің шамына тиді. Қара пантераның қас дұшпандарынан қорғануын зерттеу арқылы дүниеге келген бұл стиль айтса айтқандай тамаша стиль болды. Қара мысық ұшып бара жатқан құсты секіріп ұстап алады. Екі аяғымен бірталайға дейін тік тұра алады. Жанында кетіп бара жатқан тіршілік иелерін алдыңғы аяғымен бір айналып-ақ қағып алады. Алысқанда доп құсап домалаңдап алысады. Оның әпжілдігінің ең күштілігі артынан ілескен жауын сезе қалса, аяғының жанына алып аударып тастайды. Міне, мұның осындай қасиеттерін сіңірген стиль – Қара мысық стилі деп аталады. Кез-келген жағдайда дұшпанды айналдырып атып түсіретін өнер осы. Стилдердің стилі, соққылардың сұстысы деп біліңіз. Қара мысықтың жаулары оны ұйықтап жатқан кезінде тістемесе, ояу сәтінде еш уақытта артынан жауға алдырмайды. 

Қара мысық стилінде дауыс көп шығарады. Өздерің де шет жағасын көріп жүрсіңдер. Әр соққыда ұруға құштарланған, дұшпанның дегбірін тұншықтыратын дауыс қосылып жүреді. Аяқпен ішке тепкенде тырнаған қол секілді басып тебеді, бақайлары пышақтай ойнайды. Жамбас пен қылтаны қия жаздап тепкілейді. Адамның алдынан ұмсына тебеді оқтай қадап. Айналып келіп бір қолымен соққы жасаған соң, екінші қолын да ұршықша иіріп екінші соққыны жасап үлгереді. "Мұндай кереметке қайран қалмай тұра алмайсың" деп мойындап күлемін. Қолын бүркіт тегеурініндей бүріп әкеліп, бетіңнің кез-келген жерін жұлып алады ол. Көз бе, тері ме, аямайды. Осы тұсы қатты сескендіретін. 

Әуелі екі арыстанның арасында сырттай пікір алмасу болған. 

– Сен не үшін Қара мысық стилінің құпиясын жұртқа ашып қоясың? 

– Өзіміз ғана біліп, осындай сүйікті өнерге қызғаныш еткеніміз қалай? Жұрт құпиясын білсін, үйренсін, қызықтасын. 

Вьентьян қаласынан суырылып шыққан үйрек тұмсық ұшағымен келген ол, Брюс Лидың кино түсіру алаңына жақын жерге өзінің жеке ұшағын тоқтатып, Брюс Лиді белдесуге шақырды. Осы белдесудің боларын Брюс Ли де көптен біліп күтіп жүретін. 

Лаостағы сайыс саңлақтарының әлем көзіне түсе бермейтіні, ондағы мықты ұстаздар бұл өнерін есірткі саудасындағы ерекше мықтыларды жетілдіріп шығаруға жұмсайды да, өздері сол сауданың ақшасына қарық болады. Сондықтан, Лаостағы Кунг-Фудың қайнаған ортасы әлем көзінен таса ормандардың ішінде есірткі найының түтініне тұншығып қала берген. 

Екі арыстың аңдысып жүріп, аяқ-қолдарын сайлап, бір-бірін мұрттай ұшыруға талпынып жүргендерінен-ақ кімнің жеңерін білу осы сәтке куә болғысы келетін адамдар үшін өте маңызды көрініс болатын. Брюс Лидың жылдамдығы сонша, лаостық Кунг-Фу шеберінің оңнан, солдан келген жұдырығы мен аяғының сермесін қағып тастап жүрді. Ол ғана ма, Лаостық қарт шеберге бірнеше жұдырық дарытып үлгерген болатын. Брюс Лидің қанының бас түйіні шеке тамырына қарай жылжып келіп ойнап шыға келгенде, лаостық шебер тап беріп, қорғаныстағы Брюс Лидің қолдарының арасынан оң қолы сәтті өтіп, сұқ саусағымен осы түйінді қатты нұқып үлгерді де, артқа қарай төрт қадам шегініп кетті. Шеке тамырына келе қалған қанның бас түйінін қарсыласы қатты басып зақымдап кеткен Брюс Ли оны қуалай алға қарай екі қадам басты да, үшінші қадамды баса алмай жүрелеп отырып қалды. Лаостық шебер бұған қайтып тиіскен жоқ. Жылдам басып кетіп қалды да, жеке ұшағына барып отырды. 

Лаостық шебер бірден еліне кетіп қалмай, жеке ұшағында Брюс Ли жақтан келер хабарды күтіп 4 сағат отырды. Осы кезде Брюс Лидің көмекшілері Лаостық қарт шеберді шақырып әкеліп Брюс Лидің жанын алып қалғысы келді. 

Брюс Ли есеңгіреп жатсада бұған қарсы... 

– Дұрыс айтасыңдар. Мені қан айналысының түйінін басып, Дим-Мак тәсілі арқылы өлтіруді білетін ол, мені осы түйін арқылы тірілтуді де біледі. Әттең, ол 4 қадам кері шегініп кеткенде, мен де 4 қадам жүріп оған тез жетіп соққы жасап үлгерсем өлмей қалатын ем. Оған жеткізбеді. 

– Шақырайық Шяо Ли? 

– Жо... Жо... Жо-оқ... Ол келеді... Егер, сендер оны шақырып келсеңдер мені тірі қалдырғанымен, жарымжан қалыпта тірі қаламын. Бүйтіп тірі қалсам мені жеңгісі келіп жанын жегі құртқа жегізген, абыройымды төккісі келіп тарығып жүрген дұшпандарымның бәрі мені оңай қиратып жеңіп, бұл дүниеден қор болып өтем. Олай қор болып өткенімше, жер-әлемді қақ жарған осы даңқыммен аңыз адам болып өлейін. Әй-й, шақырмаңдар оны Шяо Уын... Да Бао... 

Брюс Лидың 4 сағатқа жететін бой жасауынан кейін жаны үзіліп кетті. 

– Брюс Ли өлімді таңдаған екен. Енді қайта берсек болады, – деді Лаостық шебер күбірлеп. Онысын жеке ұшағының айдаушысына естілер-естілмес қылып айтты да, оған бұйрық етіп, – Ұшақты жүргізе бер, балам! – деген. Аздан кейін төңіректің шөбін ту-талақай етіп топырағын шығарып, жеке ұшағы гулеп барып, одан кейін ажал әкелуші сұңқар болып аспанға көтерілді. 

 

Лаостық шебер Брюс Лидың өмірін ойрандау үшін оны көп зерттеді. Ақыры, сайыскерліктің шыңына шыққандар ғана меңгеретін қан айналысының түйіні арқылы кісі өлтіруге көшті. Ол үшін сүзеген текелерді сынақ қылып, текеден қашып, кейде бір жерінен ұрып кетіп қанын қыздырып жүреді де, басынан басқа жерін түбіт басқан текенің қанының түйіні қызарып шекесіне келе қалған кезде сұқ саусақпен бір нұқып үлгереді, болды, теке содан соң жан тапсырады. Қазақ мұны «жанды жер» деп айтады. Қазақ өмірінде атқа мінген адам қопақтап келе жатқанда болсын, жанталасқан көкпарда болсын, бүкіл күш тізеге түседі. Ат үстіндегі дұшпанына кезіккен қарсыласы қолында қаруы болмаса білектей жұмыр ағаш табады да, сонымен қарсыласының тізесінен ұрғанда, қарсыласы аттан домалап түседі. Міне, «жанды жер!». 

Текелерге сәтті жасалған осы сынақтан соң Лаостық шебер «Брюс Лиді құлатудың жалғыз амалы» деп осыны тапты. 

Баяғыда аналарымыз әңгіме қылып айтушы еді. Екі қазақ ерігіп отырып, біреуі айтыпты: 

– Саусақпен шұқығаннан да адам өліп қалады,– деп. Екіншісі нанбай: 

– Кел! – деп оның мойынын, маңдайын шұқи бастағанда, бұл да оның мойынын, маңдайын шұқып ойнап отырыпты. Бірде мойындағы күре тамырдың тұсынан басса, бірде құлақ шекеден, маңдайдың жазығынан басады. Сол кезде біреуі маңдайынан тиген саусақтың табынан сеспей қатады. Осындай да кісі өлімі болған екен. 

Мұндай өлтіру бірден орындалмайды. Қарсы жағын әбден қыздырып алып, қанын ойнатып, адамдар арасында кезігетін көріпкелдер сияқты қан айналысының түйінін көре білетін ерекше қасиетке ие Кунг-Фу шеберлері болады. Солар міне, осы қабілеттің иесі болғандықтан, мың айлалы сайыскерлерді қапы қалдырып, күшікше домалатып кете барады.

***

Шыфудың шыфуы (ұстазымыздың ұстазы) бөлек-бөлек салынған үй секілді шоқыларымен қайран қалдыратын Бай тауында өмір сүріп жүріп, Еркебұлақ (Фухэ) өзенінің жағасында демалып жатқан. Бір уақытта сытырлаған дауыстан басын көтеріп қараса «қайқалақ» деген жорға кесерткіні ешкіемер сияқты бір үлкен кесіртке қуып келеді екен. Кіші кесіртке қашып құтылу үшін суға асығып жетіп келіп, тік тұрады да, шалқая қалып, екі аяғын екі жаққа сермеп, су бетінде дігідіктеп қайқалақ қаққан бойы 5 метрлік тау суынан шалпылдатып өте шығады. Артынан жүгіріп келе жатқан ешкіемер бүг етіп суға батып кетеді. Ұстаз қайран қалады да, «қалай жүгіріп өтті?» деп оның жүгіргендегі елесін көз алдынан өткізеді. Сол кезде су бетінен жүгіріп өткен кесерткі суға түсе бергенде шалқайып тұрады да, бір аяғының бақайшықтарын тіреп жүгіріп өтуін бастағанда, екі жаққа жантайып тез-тез теңселіп отырып, судан жылдам өте шығады. Анау үлкені болса қуалап кеп суға батып кетті. 

Ұстазымыздың ұстазы соған ойланып, судың бетінде кесерткіше жүгіріп көрсем деп әрлі-берлі талпынып, шаршап құлайды. Жағалауда ұйықтап жатса бағанағы әрекеттер оның түсіне барған сайын айқындалып, жұмбағын түгелімен оған ашқан күйінде кіреді. Оянған соң тағы жүгіріп сынауын жалғастырады. Аяғын суға серпіп-серпіп басып, толқынның күшін жарып, жеңіл жүріп, суды шашыратып, адам денесінің ең ауыр жері болған кеудені артқа тастап суға салмағын түсірмей, бір аяғы көтеріліп болғанша екінші аяғы су бетін майдалап, 2~3 метрге дейін судың бетінде қалқиды. Осы жаттығуды таң демей, кеш демей үзбей сынап 12 метрге дейін су бетінде ұштыртатын болған. Ұстазымыз сол ұстаздан су бетінен кесерткіше жеңіл шапқылап қалқып өтуді осылай меңгереді. 

Бұл ғибадатханада бір топ адамды бір класс қылып, оған тәрбиеші тағайындайды. Біздің классқа тәрбиеші болған Лихуа деген қытай еді. Өте мықты. Өнері таңғажайып. Жақындасаң қалпақтай ұшырады. Менен екі жастай кіші. Шыфу (ұстаз) 12 метрге дейін су бетімен кесірткідей шалпылдап өтіп кете беретін болса, Лихуа 9 метрге дейін шайқалақтап өтетін. Мен кейінірек су бетін шапалақтап 6 метрге дейін жүгіріп өткенмін. 

Оның үйі Гуанчжоудың өзінде еді. Сәл қолы босаса үйіне барып тұрады. Кластағылардың ішінде ең жақын тартып жақсы көргені мен болдым. Маған барынша көңіл бөліп бар өнерін салып үйретті. Қолына бір бөлке нан түссе жартысын маған бөліп беретін. Лихуа мені үйіне ертіп апара бастады. Үйлерінде бес жан. Оның екі ағасы мені де өзінің бір інісіндей қабылдап «о, шиұңди! (о, інім!)» дейтін қауқылдасып. Бара-бара көздері үйреніп, оның қарт анасы менің маңдайымнан сүйіп, құшақтап амандасатын еді. Ерекше мейірбан жандар болатын, бауырсақтай борситып пысырған ақсары көкөніс турамаларынан тартып барын алдыма төсейтін, қызыл түсті ащы-тұщылармен қатықталған қылдай кеспесіне шырматылған тауықтың бөтеге қабығына дейін... 

Менің екінші үйімдей ыстық болатын. 

*** 

Біздің сыртқы атауымыз «монах» болғандықтан, буддалық сабақтарда тақырбастанып, бұрқа жамылып мүлгіп сабақ тыңдап отырамыз. Әкем тақуа мұсылман еді ғой, менің қанымда да исламның күші бар. Алайда, мұнда кім екеніңді білдірмеу үшін өтірік буддис болып ырғатылып, күңгірлеген сутраларын мәнерлеп айтып, қалтқысыз беріліп, жан пейіліңмен тыңдап отыруыңа тура келеді. Ал, олармен бірге пұтқа табынып тілек етер сәтте мен екі жұдырығымды тура солар құсап жұптап алып, тура солардай шынайы беріліп, ботадай боздап отырып «Иә, Алла, осы үйреніп жатқан спортымнан үлкен нәтиже шығарып, табысқа жетуіме өзің күш-қуат бере көр!» деп ешкімге естіртпей күбірлеймін. Естіп қоя жаздаса іштей тұншыға сарнаймын-ай келіп. 

Лаостан есірткі таситын керуен Юньнань өлкесінің шекарасы арқылы Қытайға кіретін болды. Олардың жолын тосып осы істі ың-жыңсыз бітіруге Шаолинь сайыскерлері тартылды. Сәуіріктей сайланған 30 жігіт таңдап алынды. Бұл өңір әлемдегі есірткі саудасының құмырсқалары құжынаған «Алтын Үшбұрыштың» ошағына кіретін жер еді. Пуэр қаласына қарасты Лаос шекарасына келіп бір күн күттік. Келмеді. Жер-көкті илеген лайсаң жаңбыр жауып берекемізді қашырды. Батпаққа батса да байбалам сала алмай басы ауырып тұратын осы жердің пілдеріне ұқсап тұрдық. 

Екінші күні 70~80 адамның қорғауындағы үлкен керуеннің бері жылжып келе жатқаны туралы хабар келді. Оларды аткезшілікпен айналысатын қарақолдар шекарадан өткізіп жіберген. Олардың мұншама көп адам екенін білгенде, біздің ішімізде алауыздық туа бастады. 

– 70~80 адамға қайтып шамамыз жетеді?

– Қарақұрсақ қарапайым адамдар болса шашып тастар едік. Олар да өңшең ысылған ығайлары мен сығайларын жібереді. 

– Лаостықтар қара мысық стилімен танымал. Оларға шамамыз келе қояр ма екен?

– Одан да жақын жердегі яжуж ұлтының өкілдері салған Цзянчэн бұтханасына барып Буддадан көмек сұрайық. Тағзым етіп тілесек бір жөні болар. 

– Меніңше, осы дұрыс екен. 

– Қалай ойлайсыңдар, жігіттер? – деп дауысын көтере сөйледі көпке естірте. 

– Барайық, барайық. Жөн екен! 

Сол кезде мен мырс етіп күліп жібердім. Лихуа маған қарады да, ойымды жазбай танып маған қарап күлімсіреді. Сол кезде барып мұсылман екенімді сезгенін білдім. 

Содан кейін бәріміз топырлап барып Будданың жанына шырақ жағып, иісті тұтандырғыш тұтандырып, Будданың маңдайындағы бармақ басты нүктеге қарап, бас изеп шұлғып отырдық. 

– О, Будда, бізге көмектесе көр! 

– Лаостық ілбістердің тұяғын лашығымызға іліндірмей құртуымызды бұйыра көр!

– О, қасиетті Бұтан-Құтан! Сакья ханы! 

Содан кейін қайтадан шекара түбіндегі нуға кіріп, олар жүретін жасырын жымды аңдып жаттық. Тосыннан тап бергеніміз сондай олардың қару қолдануына мүмкіндік бергеміз жоқ. Аяқ-қолмен айқаса кеттік, үшкіл таспен де қалаймақан атыстық. Бір тобын бас салып ұстадық, қалғандары қара құртша қыдырып жан-жаққа бетімен кетті.

Шаолинь ғибадатханасының төңірегінде егіс атызы бар. Егіс атызының қақ ортасында шоқиып Будданың мүсіні тұрады. Буддадан көмек сұрайтын бір күндерде осының алдына тізіліп отыра бастаған кезімізде мен тағы да мырс етіп күлген болатынмын. Сол кезде де алдымен байқап қойған қағілез Лихуа. Содан кейін ол менің қазақ екенімді, Қашқар жағынан келгенімді қарап көріп, мұсылман екенімді біліп болды. Лихуа өмірден өтеріне аз күн қалғанда: 

– Сен мұсылмандардың аймағынан келіпсің. Мұсылман екенсің. Сонда, – деді ол. – Буддаға қалай сенесің? 

– Жаратушы мәңгі тірі ғой, – дедім. – Тас мүсінде Жаратушы болмайды ғой. 

Өстіп әңгімелесіп отырғанымызды қарт шыфуымыз (сопымыз) Бухуа естіп қойды. Мұсылман екенімді төрт адам білді. Қалғанының бәрі білген жоқ. Алайда, өздері құсап білдірмей Буддаға тағзым етіп жүре берген соң, әрі қарай қузап кетпеді. Бірақ, менің жомарт көңілім, кең пейілім үшін, оза шапқан озат үйренуші болғанымды қатты бағалады. 

*** 

Шаолинь ғибадатханасында ішке жиналған сағыныш, өкініш, ыза, күйіктерімізді шығаратын 12 қанат ақ орданың орнындай алаңқайға ие бөлек орындары бар. Сол жерге барып ағаштың сыртын каучүкпен қабат-қабат қып орап, қолдарын алға қарай созып, саған қарай жұдырық сермеп жатқан сияқты етіп жасаған әртүрлі адамның тұлбаларын аямай ұрып, айқайлап, дода-дода болып бір сауығып алатыным бар. Үйренушілердің көбі жаттығуда шаршап қалатындықтан, бұған келіп ішіндегі кірін төгетіндері некен-саяқ. Іште пайда болған күйік деген қоңыз үлкейе берсе ішіңді жарып қор боласың. Сол үшін сырт көзге көрсете бермейтін жабық бөлекте шер шығаратын осындай бөлмелері де бар еді қайран Шаолиньның! 

Шаолиньдық сайыскерлер шеберлігі біршама шыңдалғаннан кейін жан-жаққа тарап тірлік көзін жасап, ел-жұртпен араласа бастайды. Үш-төрттен бытырап ауыл-аудандарға түсеміз де, шаруалардың малдарын арзан бағада алып, оларды қалаға әкеліп қымбаттатып сатамыз. Өз ақшамызды өзіміз табуымыз керек әрі Шаолиньнен алыс кетпеуіміз керек. Сол үшін біз мал саудасынан тыс, ақша үшін төбелестерге жиі шығатын едік. 

Үлкен қаладан көрі, кіші қалалар мен ауыл-аудандардағы байлар сайыскерлерді төбелестріп әтеш таластырғандай қызық көреді. Онда ершікештенген байлар уәдесінде тұрып ақшасын аямаған. Көзіне түскен мықтыларды өзіне қарсы шапқан әлділерге жұмсауы мүмкін. Өз іштерінде өліп-тіріліп жататын, сыртта жарияланбайтын осындай төпелеңдер еліндегі ерекше адамдарды жарық көзіне шығарып беретін. Шыныққан біздер осындай төбелестерде жан аямай қызыл шеке болып төбелесіп, уыстап ақша алып қайтып жүрдік. 

Кейде қыз-қырқынмен араласып махаббат құрғандай боламыз. Былайша айтқанда, сайыскерлікте шыңалып алып, ел ішіне түсіп әрі саудагер, әрі бұзақы адамдардың ісін жасап, көлденең тұрған бөгетті жұдырығымыызбен бұзып жүрдік. Осының бәріне әрқашан Лихуамен бірге баратын едім. Ол маған «қарындасымды берем!» деп дәмелендіріп қоятын. 

Тағы да сол үй. Жаңбыр сырғып ойнап жататын шатыр төбелі үйінің кең ауласы. Жаз бойы қолмен сауылғандай қараөрік жаңбыры төбеңнен ай бойы самсып, сауылып тұрады. Жаз бойы жауатын жаңбырды «қараөрік жаңбыры» деп атайтын. Қоңыраулы шатырларының дөдегесінен елітіп түскен жауын тамшылары жүрегіме бір мұздап, бір сусыл қаға беруші еді ғой. Тұп-тұнық жаңбырдың үнін ести беріп, ол маған терең нәзіктік қалыптастырып тынды. Оның қарындасының бамбуктен жасаған су ағатын науашықтан иіліп қолын жуып тұрғанын көрдім, бүкіл әлем ол кезде сұйық жасыл түсте еді. Қарт анасын «әже» дейтін. Осы тұнық шағын аумақта әжесінің де бір өмірі өте шыққан. Әжесі кетсе оған әжесінің өмір естеліктеріндей болған сан қилы түстер, елес-бейнелер ойына жібек құртындай шырматылып қалады. Ғажап жасыл түстер қызды ұйқысынан дір еткізіп оятқанда, ол үнемі терезесі алдынан жылп етіп түскен тамшыға қарап бүгін көп уайым-мұң болмайтынын аңғаратын. 

– Гуанчжоуда қалып қойыңыз,– дейтін. Үнсіз қасқайып отырдым. Жұмақтан қалған сәулелер бар осы аймақта. "Сол сәулелер қасқайған қабағыма көбірек жақындаса екен"  деп тіледім. 

– Сендердің жаңбырларың үйлеріңнің дөдегесінен аттың жалындай төгіліп түседі. 

Естіді де, үндемей тұрды. Бұл сәтте таңғы жауыннан қалған бір тамшы үйдің бамбук сырғауылының үстінен көгерген күйі сырғып келіп, мұнара белді жіңішке қыздың жұмсақ бетіне тамғанда, әлемнің жүзіне бір жылы жымиыс енді. 

Мен осы әлемнің қыз бетіне еніп көрінген сол арадағы жымиысын, жарқын естелігін жүрек қабыма салып алып, жасыл ормандардың арасымен жылжыған жасыл құрттай пойызға отырып Шымкентке қайтармын бір күні. «Жаңбырдың жылқы жалындай төгіліп тұратыны» жайлы айтқанымды ізденіп жүріп, жиырма күнді жиып әрең түсініпті. Өйткені, ол өлкеде ат тұяғы шанда бір ұшырайды. Ол жерде піл бар. Қара батпақтан құйылғандай. Жаңбырдың қызындай болып кеткен сол бойжеткен бұл далаға келсе, ұлы шөлдің лебі қаңсытып тұрған далада айнамның қанаты талатын шығар. Оның діні – Жаңбыр шуылы ішіндегі тыныштық, ауық-ауық соғылатын ғибадатхана қоңырауы. Сарғайып тозып кеткен әулеттің тарихи ғибадатханасын ақ өрмекшідей оратылған жаңбыр әлемі жасырып тұратын. 

Біздің дініміз – Жалпақ далаға айқара төгілген Тәңірінің нұры. Мешіт толы жайылған алақан, алақан... Осы нұр бәріне жетеді.

Идеологияны кейде адамдар емес, табиғат та қалыптастырады. Тым ғажап табиғат – Дайын дін.

Ауа райы ұжымаққа жақын мекен тамырыңды таңғажайып бүлкілдетеді, жанға жайлы. Ауладағы жап-жасыл жапырақтардан сырғып түскен мөлтек тамшыға көз алмай қарап отырып, оның жапырақ ұшынан тайғанап түсуін күтесің. Сүзікті жаңбырды жапырақтың кекілінен сүзіп, уысқа қондырып алып аулаға шашып отырасың. Міне, осы аулада Лихуаның қарындасы Ая тұратын. Мен оны Ая, Ая десетінмін. Өте өңді, қарлығаш тектес жүрісі қалықтаған, аяғы сондай жеңіл қыз еді. Терісі жарқыраған, шашы өлгендей қара, көз алмасы аппақ, қарақаттай қарашығы сол алмасының ортасын ұстарадай ойып тұратын. Белі әрқашан қылдырықтай. Кейде кіндігін ашық қалдырып киініп алатын. Әрекеттері атқан оқтай тым жылдам, пысық та қағілез. Өздеріне тән ашық-жарқындығы бар.

– Ая?

– О, Уозай жыли (Ау, осындамын). 

– Ая?

– Пәнхуай геге, уожың зайтиң, чиңгау сууо (Пәнхуай көке, тыңдап тұрмын, айта беріңізші). 

Ол кір жайып жатып қара шашын сілкіп, маған мойнын бұрып қарады.

Пышақтың өткір теміріне сап жасап, ағашты ұрғылап отыр ем. Одан шаршап кеттім де, ермек болсын деп бұрышта шашылып жатқан тастарды қолымның қырыммен ұрып сындырып отырдым. Менің мұндағы қытайша есімім Пәнхуай болатын. Басында Болатбек деген атыма ұқсатып Пэн деп айтып ем, оларда Пэн деген әріп жоқ, Пән деген әріп бар екен. Пәнмін деп жүргенімде, Лихуа мен қарындасы Яхуаның атына еліктеп, өзімді солардың отбасының ауласында көктеп шыққан емендей сезініп, Хуаға ұқсатып Пәнге Хуай деген әріп жалғап, есімім сонымен Пәнхуай болып кетті.

– Пәнхуай аға?

Оның таңдайы тағы да тәп-тәтті болып тақылдап тұр. 

Жымиып, балаша мәз боп қарап отырдым көзіме нұр құйылып. 

Қытайша білмей шолақ қайыратын болған соң аузыма басқа сөз түспей, айтайын десем де дыбыстауынан шатылып күлкіге қалатын құсап айта алмаймын да, тағы да шыр етпе сәби құсап айхай салдым. Жындымын ғой деймін: 

– Ая?

– Пәнхуай аға, не болды?

Оның кір жайып болып қалғанын байқадым. Қысқа үнсіздіктен кейін: 

– Бірдеңе айтайын деп пе едіңіз?

– А, жоға?

Ол бос тегенесін бүйіріне тіреп қарап тұрып, тұп-тұнық түрде сыңғырлап күлді. Көзіме мейірім тығылып, менің де күлкім сыңғырлағандай болды.

Осындай ойынпаз әдетімнен қашан айығамын? 

Осы Гуанчжоуда бір биік қыз белді қызыл мұнара болды. Осы мұнараны кім салғанын, қашаннан бар екені ару қызға белгісіз. Неге екенін қайдам, әйтеуір алғаш рет қыз балиғат жасына толғанда болашақ жұбайының бейнесін қиялмен елестетіп, Құдайдан бақытты қылуын өтініп осы мұнараның үстіне шығып жылады. Көз жасын көл етіп, жеңімен көзінің шетін ғана сүртіп, сарғайып шыққан күннің нұры көзінің алдын кептіргенде бұл аса бір нәзіктікпен күннің нұрына жауап қатып күлміңдеп, қайғысынан толықтай тазарып алды. Тамы тым жұқа, жапсарлас бөлмелердің бірінде жігіт құшағында алғаш рет тұншығып, қауашағын маған қақ жарғызғанда үйдегілеріне естіртпеу үшін қатты қынжылған. Сол кезде де жыламаған қайсар қыз оған дейін тілек тілеу сәтінде кірпігін жасқа сүздірген. Ол қаладағы зергерлердің күміс әшекейлердің сыңғырлаған үні мен жарқылынан қуат алып, сол жіңішке ақшыл сәуленің көзге тарайтын ұланғайыр мейірімі үшін өмір сүретінін байқайтын, өзі де осы қытайдың күміс әшекейлерін толықтай тамашалап... Жүрегіне нұры мен сыңғырын әбден өткізіп, бұл дүниені осы жарқылдар мен сыңғырлар үшін ғана қиғысы келмей, өмірден аттанарда сол үшін қиналатынын қытайдың талай қыздары алдын-ала сезетін. Ол ұсынған күрең жапырақты сабағынан ұстап, бір шыр айналдырып көріп, жапырақты бетіме төсеп, терезеден тыстағы далаға емес, даладан ашыла жөнелген қызыл мұнараның санамда сағымданып көрініп тұрған әлеміне қарадым. Оның осы мұнараға келгенін, үйіне қайтқанын мен толық сезіп тұрдым. Өйткені, ол екеміздің арамыздағы таңғажайып сезімдерге байланысты менің бойымда ашылған жаңа бір түйсік соншама күрделі, өткір болатын. Мен ол жердің басқа бір жағында жүргенде оған хабарласып: 

– Сен түс әлетінде ұйықтайын деп жатырсың ғой, – дегенімде, ол жастықтан басын жұлып алып:

– Оны қалай білдіңіз? 

– Білмеймін, сезіп тұратын болдым, сені жақсы көргелі осындай қасиет пайда болды.

– Түсіндім. 

Оның түсінгені ақ жаңбырдың құлатқан тыныштығын орманды ауылдың табиғатының ың-жыңсыз түсініп қабылдағанындай.

Оның сұңғыла жүзінен бір нәрсені қалт жібермей түсінген сәтінде ашылатын аққұба сәулесін көруге асықтым.

– Пәнхуай геге (көке), тез, тез, үйдің арт жағына шығып қарашы. Қатар тұрған екі сырғауылдың біреуі сынып, жартысы әрең ілініп тұрған сияқты. Қасынан өткен біреудің басына түсетін құсап тұр.

– Ұқтым, қазір-ақ ұқыптап реттеп қоямын.

Жаңбырдан қорғайтын кебенек киіп алдым, саңырауқұлақ басты ши қалпағымды да. 

Қайта келгенімде, оның ұқыптылығы, құрттан алған жібегінен жіп есіп дәстүрлі қытай пешпетін тоқитынын, бамбуктен жасаған су ағатын науашықтан иіліп қолын жуып тұрғанын қайталап көрдім. Бүкіл әлем сұйық жасыл түсте еді де, сол жасыл сұйық жаңбыр орманның ішіндегі бүкіл үй-жайдың сырғауылынан, ернеулерінен сарқырап ағып, аса құрметті табиғат бүкіл ауылды сұйық жасыл түспен қошаметтейтін.

Бұл төңіректе төбе, жота жоқ еді. Қаланың ең биігі осы мұнара ғана болатын. Мүмкін, қытай қызының бабалары осы мұнараны алыс-жақынды көздеу үшін салған болар. Өйткені, бұл мұнарада ешқандай діни рәсімдер өткізілмейтін, көп адам келмейтін. Қыз болса қызыл мұнараны өз жан әлемінің мұнарасы етіп алды. Бұл мен келуден бұрын әлдеқашан басталған ұстаным. Қыз тұңғыш рет Гуйян, Наньнин секілді алыс қалаларға барып қайтқанда, жат жерде көрген түсіне де осы мұнараның айналасы сахна болып, сол күннен бері мұнарамен қатыссыз түстерінде де, осы мұнара түсінің бір шетінде сопиып көрініп тұратын. Куньминде оқып жүрген кезінде, алдағы уақытта болатын істер түсінде көрінсе, әр жолғы түсіндегі оқиғалар көбелек құсап үнемі осы қызыл мұнараны төңіректеп жүретін болған. Адамның энергиясы әбден сіңіп қалған, талығып, шаршап өз аяғымен жеткен жерлері осылай өз түсінің сахнасына айналып бекіп қалып отырады. 

***

Сығырайған көзіме нұр кіріп күлегештеп отырғанымда, жымиыспен жұмған көзімді енді бір рет ашқанымда Гонконгтағы шығыс жекпе-жегінің сайыс майданында отыр екенмін. Дүмпуі зор майданды дүрсілдетіп бізден жеті жыл бұрын осы арада атақ шығарған Тайландтың тарланы Тампоның да төбелесіп, тауларды тізе бүктірген жері осы еді. 

Бұл бір қарағанда әлемдік жекпе-жек шеберлерінің чемпионаты болғанымен, мен үшін бұл ақша үшін төбелес. Мұндағы айқас аса қатал жүреді. Бұл шайқастар ақпарат құралдарында жариялана бермейді. Көбінде жабық тақырып. Өйткені, мұнда кісі өлімі өте көп болады. Әр шыққан екі адам бір-бірін өлтірем деп шығады. 

Бұған дейінгі басқа чемпионаттарда қолымнан 4 адам жазым болып еді. Төртеуін өлтіргенімде де титтей аяушылық сезімі болған жоқ. Өлтірілгендердің бәрі мені өлтірем деп шыққандықтан, олар өлген соң, олардың әруағы мені титтей мазалаған емес. Кісі өлімдерінен кейін де қаннен-қаперсіз болып күшікше ұйлығып, күндегіше тастай қатып ұйықтай бердім. Әруақтың сені мазалауы қандай жағдайда болады? Тек бейғам отырған бейуазды өлтірсең ғана мазалауы болады. Ал, біздікі шайқас маңында мыңдаған адамның бір-біріне қарсы шапқанынан еш айырмасы жоқ аяусыз жанталас болғандықтан, әруақтардың мазалауы атымен болмады. 1875~1877 жылдары Цзо Цзунтан бастаған 70 мың адамдық Цин армиясына ашуланып атылған Сыздық сұлтанның саңлақтарындай болып қара қытайға талай атылған едім. Тек осы жолғы Гуанчжоудағы айтақалсын ірі чемпионатта мен бесінші адамды өлтіргенімде, тұңғыш рет менде аяушылық сезімі оянып, аздап жанып ашып қарап тұрдым. Оған дейін бұлай болмаған екен. 

Осы Оңтүстік Шаолинда жылына 1500 адам тәрбиеленуге келіп, мыңы көп өтпей жаттығуды ауырсынып шығып кетіп, жылына 500 адам тұрақты даярлануда. 500 мықты жансебілдің дүниенің қай қиырына қандай тапсырмамен жіберіліп жатқанын біліп болмайсың. Бұл жерге тұрақты үйренуге кірген адам бірнеше жылдық шартқа отырады. Жатағы, тамағы тегін. Ол аз десең, стипендия тағайындайды әрбірімізге. Шартты жыл уақыты толғанда үкімет үшін қызмет өтеуге тура келеді. 

Қытайдың ерепайсыз үлкендігі, осыншама көптігі, мұншама жанқиярлардың үкімет тапсырмасымен жер бетіне тарап жатуы өз елінің амандығын ойлаған кімге болсада қорқыныш тудыратыны хақ. Қытайлар өте әлсіз келетін. Бірақ, құмырсқадай қажырлылық, долыланып тоқтаусыз жаттыға беру оларды құрыш етіп сұрыптап шығаратын. 

«Шаолинь шәкірттерінің ішектерінде бұлақ суы сылдырап айналуы керек» деп бұлақ бойынан 50 метр өрдегі, төбешікте орнатылған 40 күп болатын үлкен күбіге иін ағашпен шелектеп су тасимыз. Ғибадатханаға құбыр арқылы да су сақылдап келіп тұр. Бірақ, біздің ең таза судан ішуіміз және машығымыз үшін орнатқан анау күбі өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Бүлк етпейтін ұстаздардың бұйрығы қатаң. Қадағалап қарап тұрады, қырғиқабақтанып. Бұлақ бойынан екі ағаш шелекке толтыра су алып, төбенің етегіне дейін 35 метр желдірте басасың. Одан кейін қайқаңмен 15 метрдей дігідік басып күбіге суыңды құясың. Баяулап жүре бастасаң немесе тоқтай қалсаң шыбықпен осыла бастайсың. Бәрін жүгіріп немесе желдірте басып тасуың керек. Күбіге құйылғанша шелектегі судың жарымынан көбі төгіліп болады. Шұбырып тасыған шәкірттердің сүрлеудің екі жағына төгілген суы жасаңды көктайғақ етіп, тайып жығылмау үшін оның біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жүріп, күзге қарай осы жасаңда өгізарба жүретін үлкен сайрақ пайда болып, әбден табанға тапталып, тоқтаусыз төгілген су нілін сорып кеткен шөп солып жоғалады. 

Бел мен аяққа күш түсіп адамды шыңайтын осы машықта, он неше рет су тасыған соң шелектегі суың бұрынғыдай көп төгілмейтін болады. Әйткенмен, осы күбіге қанша рет су тасығанымызды санауды ұмытып қаламыз да, тек шаршап құлағанымызды ғана білеміз. 

*** 

Қажырлылық пен төзімділікте мен де олардан қалыспаймын. Газеттерді бір-бірінің үстіне баттастырып 365 бетке жеткізіп аламын да, оны тамға іліп қойып әр күні жұдырықты шыңайтын жаттығуды кемінде 30 рет, кейде 50 рет жасаған соң бір бетін жыртып отырамын. Осылайша жұдырығым тасқа айналғанша жасайтын жаттығуды 365 күн тоқтаусыз жасап болғанымда газет те таусылады. 

Таңертең 3 сағат ұрынып, түстен кейін 5 сағат бебеулетіп жаттығу жасаймыз. Терімізді сығып лақтырамыз. Қанша шөлдесек те салқын су ішуге тыйым салынады. Су ұрттағанда да үзіп ұрттап ішеміз, қылқылдатсақ қыңырайтар сөз естиміз. Жаттығуды осылай көп жасаймын деп зорығып өлгендер де кездеседі. Бір күні таңертең жатақханадан 2~3 жаттығушының қатар өлген өлігі шығарылды. Олардың не себептен өлгенін біле алмай қалдық. Көпшілігі «зорығудан өлді» десе, анығын білмек болып қарайлаған біздерді «Барыңдар жаттығуларыңа! Бұл сендердің айналысатын істерің емес!» деп жаттығуға қуып салып, мұндай жағдайдар жұмбақ болып қала берді. «Мүмкін үкіметке қарсы ниеттері бар адамдар болып анықталып, әдейі өлтірілді ме?» деген де күдік басымда ойнап жатты. 

***

Жаттығу арасында бізді 15 минут, кейде жарты сағат мызғатып алады да, оған дейінгі жаттығу азабы сол қысқа ұйқымен дереу шығып кетіп, жалғасты жаттықтыратын. 

Қолымды тұзды суға малып ұзақ тұрамын да, құм дорбаны сартылдатып ұрамын. Осыны кезегімен көп қайталаймын. Жантақты шай орнына ішемін. Өстігенде қолың қатаяды. Дауалды ұрып жаттығатын біз қолымыздың дауалға дауыл болып тиуі үшін долылана ұрғанда, бізді долықтыратын күштің сүйекті қатайтудан қайнап шығатынын білеміз. Тұзды суға шынтағыңа дейін малып тұрасың. Ұйғыр-өзбектерде «наубайшының қолы тимесін!» деген тәмсіл бар. Бұл не десеңіз, ұзақ уақыт нан жапқан наубайшының қолы тұзға әбден пісіп қатайып кететіндіктен, оның қолы тисе балға болып тиіп, ұрған жерін оп-оңай шытынатып жіберетінінде. 

Есімде елесін ұстап тұратын тағы бір әсерлі әрекет – Кунг-Фу гимнастикасы. Бір тіземді көтеріп, екі қолымды қанатша жайып қалқып тұрған кездерім бір сүйікті би еді. Осылай билеп тұра бергім келетін. Бұл бейне талда қонып қанаттары дызылдап тұратын инеліктен еш айырғысыз сүйкімді әрекет қой, шіркін! Қалықтаған бейнеңмен тыныш тұрмайсың, тербеліп тұрасың. Сондықтан, бұл әрекетті істеген сайын өзімді жеңіл сезінетінмін. 

Осы аралықта будда дінінің қасиетті орталығы болған Тибеттегі Потала сарайына барудың сәті түскенде, қасиетті орынға алыстан еңбектеп жететін, өз дінінің шынайы үмбеттерін көріп әсерлендім. Менің табаным Жапония, Лаос, Вьетнам қатарлы 4 елдің хан базарының шулы топырағына құпия тапсырма орындау үшін басылған кезде, сол елдердің уда-шу тірлігіне бас шайқаған едім. 

*** 

Адамдардың телефонға қызығушылығы оянған 1983 жылдан 4~5 жыл бұрын, Совет одағының бір өнертапқышы кірпіштей ұялы телефон тапқырлап, онымен кез-келген жерде антенна арқылы сөйлесіп кете беруге болатын. Осы адамның қолындағы өнертабыстың схемасын қолға түсіру керек. Өйткені, сөйлесуге арналған ұялы желі 1977 жылы Нью-Йорк пен Чикагода ғана болса, 2 жылдан соң Жапонияда болды. Одан бұрын біз озсақ болар еді...

Өнертапқыштың қолданған телефоны мысықтай баспалай іздеуіммен менің қолыма түсті. Бірақ, Шаолиндегілерге сыр алдырмас үшін, бұл нәрсені тезірек құрттым. 

*** 

1982 жылы Тайландқа барып Муай-Тайдан 2 ай сабақ пысықтаған кезімізде көргенім, осы спорттың жеңімпаздарына маймылдың күлгін түсті миы пісіріп берілетін. Әлі күнге дейін біреу маймыл миы туралы айтса қатты қынжылып кетем. Суретін көрсетсе лоқсимын. Себебі, оның жаңадан алынғаны тілініп ақ еті көрініп тұрады да, жылбырап, ұрғашы жануарлардың жұмсақ белгісінен айнымайды. Соны жейді. Бұл туралы енді сұрай көрмеші! 

*** 

Тайваньнің астанасы – Тайбэйде өткен Кунг-Фудың мәртебесін көтеретін үш күндік байқауда "аяқ бокс" атанған кикбоксинг, тізеңдеген тай бокс, тебеген тхэквондо, кері айналып келіп тебетін каратэ, бұрқасын бокс, мәнсіз мұштағанымен, мәңгіртіп мыжғалайтын ММА-ның бұқаларымен біздің Шаолиньның сары алтынға жұтынған саңлақтары айқасқа түсті. 

Кезекті бір бақ сынасуда тай бокстің тарланымен Лихуа шықты. Екі адам бір-біріне қарама-қарсы қарап тұр. Осы кезде төрешілер тарапынан «бастаңдар!» деген дауыс шықты. Сол кезде Лихуаның оң жағының қимылдағанын көріп қалдық. Қарсыласының төбелеспей-ақ, «шах!» еткен дыбыс шығып өздігінен құлап қалғанын көрдік. Сол беті орнынан тұрмай қалды. Бірақ, Лихуаның оны қалай ұрғанын көре алмадық қой. Не болды екен сонда? Мен ғана емес, оны жарысқа апарған шыфулар(сопылар) да оның қалай ұрғанын байқамай қалыпты. Қолы тиді ме, аяғы барып қайтты ма? Белгісіз. Төрешілер де мұны көре алмай, тек қарсыласының құлағаны үшін оған жеңістің жемісін берген екен. 

Бақырайып қарап тұрмыз. Көзімізге неге оның ұрғаны көрінбейді? 

Артынан бір өзі шкафтай шіренген алып видеомагнитофонды ашып, кадрды баяулатып айналдырып көрсек, лашын текті Лихуаның шапшаңдығы сондай, аяғы елес болып көтеріліп қайта орнына келіп тұрды. Солқ етіп құлады анау. Маңдайымен жер сүзді. Сондықтан, камераны тіпті баяулатып қарадық. Сонда ол өте жылдам қимылдап, тұрған орнында аяғымен қарсыласының басынан теуіп құлатып, сенук ши саусағың тие берген шегіртке ыршып болады ғой, осындай қысқа уақытта аяғын қайта жинап үлгеріп, сол беті өз орнында тік тұрып қалған екен. 

Қарсыласының аяқ тиген беті мыжырайып, өң-түсі түгел қашып кеткендей болды. Камераны баяулатып қарамағанымызда көзімізге әрекеті анық көрінбейтін еді. Сонша жыл дайындалып сұңқар соққы жасайтынын өзі де білмеген екен. Біз айтқан соң барып тауға айналып кеткен әлеміне таңырқады. Осы байқауда Кунг-Фудың мәртебесі нар төбе болып, тай бокстан да жылдам екенін бір Лихуаның өзі көрсетіп, көңілімізді көкжиекке дейін көтеріп тастады. 

*** 

Төбелес майданына жалаңаяқ шығып жансебілдік жасайтын едік.

Харбинге Шаолинь ғибадатханасының атынан әлем чемпионатына жіберілдім. Жарысқа барғанда сәл ауырыңқырап тұр едім. Мені жарысқа апарған шыфулар (сопылар) ауырсынуды сезінбеуім үшін маған көкнардың нәрі тектес ауырсынуды білдірмейтін дәрі ішкізді. Сондықтан, қарсыласым мені қанша теуіп жатсада мен ауырсынуды сезінбедім. Тиген таяқ шыбынның мұртындай болып денеме жасып тиіп жатқандай еді. 

Сол жолы Ушу Саньда бойынша атағым әлдиленіп әлем чемпионы болдым. Орысыңды, үндіңді, әлемнің жер-жерінен келген саңлақтардың санын сазға шаншып, аяғын аспаннан келтірдім. 

Ұтқан жүлдеміздің сыйақысын ғибадатханаға әкеліп тапсырдық, өзімізде біразы қалды. 

Жан таппай кеткенде жата қалып қыранды тебетін, аяғын серпіп тепкенде адамды ұшырып жіберетін ор қояндай аяғы аса күшті, лашындай қағілез, көзінің қарақаты ағын басып тұрған өңді келген бір Үндістандық қарсыласыммен шыққан жолы, ол қолын жоғары көтерді де, одан кейін шырайналып келіп мені бір тепкен кезде мен дөңгеленіп барып отырып қалдым. 

Қалай тиіп кеткенін аңғармай қалдым. Жанына мені жолатпай, алыстан орағытып жүріп екі рет теуіп құлатып кетті. 

Байқап қарасам, Кунг-Фудың Үндістанға тән аяқпен тебу тәсілдеріне сүйенеді екен, қолы бошалаң. Содан кейін ол мені тағы бір рет теуіп айнала бергенде аяғымды көтеріп қалған едім, ол аяғымның соққысынан толық айналып бола алмай, әрі қарап қозғала берген кезде, оның құлақшекесінің үстінен шақ еткізіп оқ жақ шынтағыммен секіріп келіп ұрдым. Отырарын, жүрерін білмей арада тербеліп тұрып қалды. Жүгіріп келіп белінен бір теуіп, шірік ағаштай гүрс еткізіп құлаттым. 

Осы жолы мені Ушу Саньда бойынша «1981 жылдың әлем чемпионы» болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жеті саңлағыңның мұрнына жер иіскеттім. 

Сол күндері қайғырып отырған бір орыс жігітін көрдім. Одан келіп жөн сұрап ем, басында селк ете түсті. 

– Қытай екен десем, – деді. 

– Мен қытай емеспін. 

– Біздің Совет одағынан болдың ғой онда. «Орысша іркілмей сөйлейтін қандай қытай?» деп ойлап қоям. 

– Не жағдаймен қам көңіл болып отырсың? 

– Мен Владивостоктің орысымын. Орыстардың Харбинде көп жүретінін, саудамен айналысатынын білерсің. Осы қалада бар ақшамды ұрлатып алып қайта алмай, қайғыдан қара су ұрттап отырмын. 

– Мен осы жақта шығыс жекпе-жегімен айналысамын. Осы жолы әлем чемпионы болдым,– дедім.– Жарыстан ұтқан ақшам бар. Егер, қаласаң саған жетерлік қаражат беріп, еліңе аман жетуіңе көмектесе аламын. 

Ол қуанып кетті. Алауыртқан жүзінен мерейі өскені байқалып: 

– Құтты болсын, ағайын. Құттықтаймын! – деп қолымды сілкілеп жатыр, – Саған бар жақсылықты тілеймін! Жаратушы жар болсын! Советтіктер қайырымды! 

Ол шып ете түскен көз жасын көлге айналдырмай тез сүртті. 

– Менің бизнесте тәжірибем мол. Егер, алдағы уақытта бизнеске қаржы салып, бірді екеу қылып көбейтем десең тегін ақыл-кеңес берем. 

Жаратушы жайлы сөзі таңғалдырды. 

– Жаратушыға сенесің бе? 

– Сенгенде қандай?! Мұнда Әулие София, Ивер, Успен қатарлы бірнеше православие соборы бар. Барып тұрам. Айтпақшы, – деді жүзіме барлай қарап, – Татар мешіті бар. Тунцзян көшесінде, – маған қарап қабағын көтеріп қойды. – Салынғанына 80 жыл болыпты. 

Чуваш тілінде сақталған сөз бар ғой «выж» деген. Баба тілімізде «соңы, төменгі ағысы» дегенді «выж» деп айтқан. 

Осыдан кейін оны, соңы селге айналып жер-көкке жайылып жататыны үшін Білге қағанның тас жазуында Выжсел делінген, бүгінгі күнде Уссури деп аталатын өзеннің арғы жағындағы теңізді иіскеген туған жеріне аттандырып салдым. 

***

Шаолиньдағы үш жылда менің үйренген үш түрлі сайыс стилім – Мысық стилі, Абжылан стилі, Қара айдағар стилі деп аталады.

Мысық стилінде қарсыласың саған қол сермегенде қолыңмен бөгет қоясың, лезде оң қолыңмен шалт қимылдап құлақ пен жақтың арасынан ұрасың. Одан кейін бауырын түсіріп жібере жаздайсың көкталақ қылып. Одан кейін қолыңның сыртымен сабайсың. Кері айналып тұрып тебесің. «Мия-я-я-у, а-а-ау!... Да-дағ!» деп бетін терісімен жұлып аласың. Қалқайып тұрған құлағын аяқ киіміңнің қонышыңдай етіп жұлсаң да болады. 

Мысық стилінде секіру әрекеті ең жанды қорғану тәсілі ретінде қаралады. Кез-келген әумесір аулаңа сені мазалап келсе, тамағын, көзін бір шұқып сылқ еткізетін, жамбасынан бір теуіп жуасытатын жағдайға жетуің керек. 

Әлі күнге дейін есіме түссе дір еткізетін бір іс бар. Бір жолы дауалдан асып аяқты қиып түсердей үлкен темір қимасы бұрқаған боранның екпінімен аяғыма жетіп келді. Қауіптің бәрін адамнан күтіп үйренген біз заттың осылай тап беріп үрей тудыратынын ойлап та көрмеппіз. Қорыққаным сонша, аяғымды қиып кетеді екен деп тік секірдім. Әлгі қиып түсер сұм темір аяғымның астынан өте шықты. Содан бері соны ойласам жүрегім дір ете түседі. Мүмкін қорқыныш тудырған сол сәт Құдайдың мені мысық стилін қаншалықты үйренгенімді тексеру үшін жіберген бір сынағы шығар деп қабылдадым. Қарамаққа кішігірім сынақ құсап көрінгенімен, әлі күнге дейін жүрегімде кетпейтін қорқынышына қарасам, оның тудырған қорқынышы кішігірім де емес сияқты. 

Маймыл стилін жете меңгергендер өте қиын болады, ауада ақымақ қылып ойнайды. 

Маймыл стилін мейлінше меңгерген шебер қиядан қырағылықпен қиып түсіп, көз ілеспес жылдамдықпен бұрылсаң бүйірден, алқынсаң арқадан, шегінсек шекеден қағып кетіп жүріп, бәрін сілейтіп келіп менімен белдескенде мысық стилінің пысық әрекеттерінің арқасында оның жұдырығы мен тепкінін дарытпай, жарықтықты маймыл стиліне қарсы шапқан мысық ретінде өмірінде алғаш рет таңғалдырып едім. 

Маймыл стилінде аяқ пен қол қатар іске қосылып, шалқая көтеріліп төрт аяқтап дүмпу саласың. Қандай қатерлі, орындау да қандай қиын?! Осы көтеріліп қозғалудан соң жерге домалана құлап, тәніне таңба түсірмей, қалай құласада екі қолын тіреп те, екі аяғын көлденең көсіп айналдырып та шапшаң тұрып кетеді. Оны ұстау мүмкін емес, ұстатпайды. Қашып жүріп қастық қылады. Әдеттегі жекпе-жек шеберлері, каратистер оны еш уақытта ұстай алмайды. Маңайлай алмай жүріп өздерінің көзі көгеріп қалады. Баяу, сенімді қозғалысқа ие күштілер болдырып тозып, ожар таяқ жейді. Ұруыңа қарай әрекет істеп, сенің әдісіңді өзіңе қолданады. Айла шарғыңды тауысады. Тобықтан бастап төбеге дейін барлық жеріңнен ұрып шығады. Белгілі жерден тебуге үйреніп қалған каратистер, тхэквондоистер бұған амал қыла алмайды. Егер артыңнан келіп жабысса жібермей, өлтірмей тынбайды. Құласаң бірге құлап, аунасаң бірге аунап айырылмайды сенен. Екі аяғымен беліңді, екі қолымен мойныңды орайды да тұншықтырады. Өзі сондай жеңіл болып ауамен бірге әлдиленіп жүреді. 

*** 

Қарт ұстазымыз Бухуа қара айдағар стилін, абжылан стилін және тай бокс үшеуін мейлінше үйретті. Лихуа қара мысық стилін өте жақсы білетін. Алайда оны одан емес, басқа шыфулардан (сопылардан) үйрендім. Тау басында қаймақ мұнар жалап тұрып, білегімді білей жүріп сартылдаған осы стилді меңгердім. Сондағы қуанышым құшағыма, қанағатым қарныма сыймай кеткен. 

Мысық стиліне (қара мысық стилі емес) мені бейімдеген Лихуа болатын. 

Маймыл стилінің кейбір жанды әрекеттерін өз үйренгендеріме қосқым келді. Ақыры, қостым. 

Бірақ, төрт түрлі сайыс өнерінен басым қатқан мен осы аспан мен жер арасында шыркөбелек қозғалатын маймыл стилін үйрене алмадым. Көп стилдің көкжалына айналуым үшін сол сойқандар жүретін ғибадатхананың төңірегінде 10~15 жыл жүруім керек еді. «Маймыл стилін неге үйрене алмадың?» дегендерге, «мен маймыл бола алмадым. Себебі, қазақпын!» деп күлімдеп жалтарамын. Қытайда батырлар сұмдарды жазым етсе жазадан құтылып кететін. Қытайда осындай сан қырлы сайыс өнерінің салтанат құруы да текті дегдарлардың үлкен жақтан қорғауда болатындығында, ерепайсыз үлкен үкіметінің еркін адамдарға алақанымен аялау жасай білетінінде еді. Олар біздің жаққа көшіп келсе қанша күннен кейін көзі құртылатынын білмеймін. 

Сүйегімізді қатайту үшін түйе қандай шөп жесе біз сол шөптерді қайнатып ішеміз және кейбірін көкөніс ретінде жеп қоямыз. Себебі, түйе қалай жығылса да оңай мертікпейтін, сүйегі тастай берік жануар. Оның жейтін шөптерінің дені сүйекті қатайтатын шөптерден болған. Содан бері жантақты жанымнан үзбейді екенмін. 

*** 

Маған жаттығу барысында ең әсер ететін бір жаттығу – Жыланша жер бауырлап жорғалау еді. Белгілі нүктеден бастап жата қалып жер бауырлап, ендігі нүктеге белгіленген қысқа уақыт ішінде жер бауырлап жетуің керек. Жыланның жолындай етіп шөп шошалалардың арасынан ирелеңдеген жол жасап қойып соған жер бауырлатады. Абжылан стилінде «ыч-ыч-чыч!» деп тынымсыз ысылдап жүгіресің. 

Осы стилге қарасаң, Қара айдағар стиліне тән соққылар бар мұнда. Қанша айтқанмен екеуі де бауырымен жорғалаушы бәлелер ғой! Түп-тұқияны бір. Абжылан жауына тұмсығымен тіке шаншылатындықтан құлағыңа, бетіңе, көзіңе, аузыңа, иегіңе, көкірегіңе, омыраулықтың ұшына, екі қолдың арасына тіке, қатты соққы жасайды. Тамақтың түбі мен құлақтың түбіне таяқша тиіп жансыздандыруды да біледі. Осы жануарларды үйіне қамап қойып бір-бірімен сайысын бақылаған қанпезер ұстаздар қаншама айлалы әрекеттерді осылардан алған.

Ұрған адам қолын білемдеп, еңкейіңкіреп тұрған саусақтарының ұшын біріктіріп, абжыланның төбесі томпайған бас пішінінен аумайтын етіп алады да, осы еңкейіңкі қолмен саусақ ұштарын пышақтай етіп қозғайды. Сойып-сойып тиеді. 

Айналып келіп ұрғанда соққысы тиген-тимегенін дереу ажыратады. Тимесе осы әдісті келесі қолмен жаңылдырып тұрып жылдам қайталайды. 

Бұнда отырыңқырап еңкейіп, бірде қайқаңдаған жыланның жұтынған көзқарасын елестетіп жүріп соғысасың. Тіліңде: «ыч-ыч-чыч!»... 

Абжылан стилі бұратылып жүріп қозғалатындықтан, қарсыласы оны теуіп ала алмайды. Себебі тебе бергенде бұратылған дене басқа жаққа жылжып кетеді. Абжылан стилімен алысқандар оның бұратылған, қағілез, ширақ қозғалыстарының көптігінен соққы тигізе алмай шаршап-шалдығып, болдырып буыны кетеді. Ақыры, таяқ жеп тынады. 

*** 

Қара айдағар стилі – Бүкіл сайыс стилдеріне қарсы қойылған стиль. Брюс Лидің де одан хабары бар. Ұлы сайыс ұстаздары осы стилдің арқасында кез-келген долы майданда жеңіп шыққан. Барлық стиль түрлерінің қандыбалақ құдіретіне, соққыларына жауап бере алатын қорғаныстар мен қаһар осы стилдің тұла-бойында. 

Қара айдағар стилі ең қауіпті стиль екенін білесіз бе? 

Ол стилді білетіндерге қарсы шыққан басқа стиль өкілдері, өзінің алдында сол стильдің өкілі тұрғанын білсе, бір диу келіп ақпанның аһ ұрған аязында басын жалаңаштап мұздай су құйып жібергендей тітіркенетін. 

Одан кейін мен секілді бойы биік еместерге таптырмас бір жаттығу бар. Ол болса отыра қалып, аяқты алға көтере сермеу. Бойшаң адамдар бұл әрекетті істесе қопалданып қалады. Әсіресе, аласа адамдар төменнен қайқайта тепкенде аяғыңызға ала санды лашынның атылуын сыйлаған осы әрекет ерекше серпін береді. 

Кунг-Фу шеберлерінің осы жолғы атышулы халықаралық чемпионатында мен бесінші қарсыласымнан кейін, алтыншы қарсыласымды да жер жастандырдым. Түсінікті түрде айтсам оңбай өлім құшты. 

*** 

Осы кезде менің сұлу махаббатымның ағасы, шығыс жекпе-жегіндегі аяулы ұстазым, қадірлі досым, жанашырым Лихуаның жекпе-жек майданындағы жанталасы болып жатты. Оның қарсыласы өзімен айқасқа шыққанының бәрін өлтіріп келе жатыр. Жауының аты әлемге жыртқыштығымен мәшһүр екен. Ол – Шығыс жекпе-жегінің патшасы болған, қытайларға өлердей өш, сол үшін оларға соншама қатыгездік танытқан Жапониялық Сузуки. Сузуки деген аты жапонша «қоңыраугүл» деген нәзік мағына бергенімен, оның ұрыс майданын қоңыраулатып келіп қиратып кететінін қайда қоясың! Оның аты аталғанда толқымайтын жекпе-жек шебері некен-саяқ. Ол каратэнің кёкусинкай деген түрі бойынша 7 рет әлем чемпионы, 8 рет үлкен ақшалар тігілген ережесіз жекпе-жекте әлемдік сахнаны азуымен орып өткен қара қабан. 

Көзімді тарс жұмып алдым. Жұмбай мүмкін емес еді. Көзімді бір аштым да, қайта жұмдым. Лихуа құлап түскен. Көзімнен ыршып жас шығып кетті. Сузуки құлаған Лихуаның кеудесіне мініп алып оң жақ бетінен ұрып солға сұлатып, сол жақ бетінен ұрып оңға сұлата бастады. Біздің Шаолиндіктер есінен танып қалсада басынан бірталай ұрғанға өле қоймайды. Осыны білетін Сузуки арашашы қазының айтқанына да құлақ аспады. Оны итеріп жіберіп, Лихуаны басынан тоқтамай ұрып жатты. 5 минуттай ұрды ғой деймін. Соңында Лихуаны зузаға салып, бетін ақ матамен жауып шығарып бара жатқанда қыстығып, шыңғырып жылап жібердім. Сәбидей тепеңдеп сол жерде қалдым.

– Мен шығам! Мен шығам! Өлтірем! – деп айқайлап жүрмін.

– Жоқ, шықпа. Арам өлесің. Ол өте қатыгез де, жыртқыш, – деп Лихуаның ағасы озандаған менің кеудемді тосып қақпайлап жүр. – Тірегі де мықты. Екі інімнен бірдей айырылғым келмейді. 

– Буяо, буяо (қажет емес), – деп күш бермеймін. 

Лихуаның қара жүзім көзді қарындасының тұнық экранда көрінетін түстерінің желісі өмірінде орындалғаны сондай, көп кірпиәз түстерінің үстінде андағайлап тұрған ең сұсты бір түсі өмірінде орындалып, ең соңында ару қыздың ағасы көз алдымда өлім құшты. Ару қыз мұнараға шығып «аһ, хах!...» деп қытай сарынымен, құлағын бас салып, қатты бір шыңғырмақ болды. Айналадағы тыныштықтан ұялып бәсең шыңғырып, өз дауысына өз көңілі толмай, қайғысы осы жарқышақтанған үнінің әсерімен паршаланып өз ішінің үңгірінде қалды да, ұтқып шыға алмады сыртқа. Өзі өмірге келгелі тұңғыш рет қатты айхайлауға әрекет еткенін білді, онысынан түк шықпады. Ақыры, айхайы көмейінің ішіне булығып барып  құйылып, оқтын-оқтын өксіп жылап алды.

Өзінің көзінен аққан күмістей тамшылар мен қытайдың күміс әшекейлеріндегі тамшыдай мөлтек жарық қыпықтарын салыстырып қарап, өз көз жасының күмістен бетер әшекейлілігіне аңырып назар салып тұрып қалды да, қайғысын қарыс минут қана ұмытты. Қызыл мұнара оның жан дүниесінен тіп-тік болып бой көтеріп, жан дүниесінен мызғымастай орын алды. 

Ол Құдайдан жалғыз тілек тіледі: 

– О, Жасаған Ием, Лихуа деген мына мұнараны құлата көрмеші! Кімде-кім осы мұнараны құлатса, мен сол күні тәнім тірі қалсада, көңілімнің кеберзіп жарылып, тас молалардың басына тозаң болып тозып ұшып өлім құшатыныма толықтай сенемін...

Қыз осы мінәжатын айтты да, бала күннен бергі әдеті бойынша есеңгіреп жатып қиялындағы мұнараның ішін сипалап жүріп, өзінен бұрынғы бір арудың мұнараның ағаш қуысына жазып кеткен сөздерін тауып оқыды. Ол жерде былай деп жазылған: 

– Менің жаным осы мұнараның ұшында ілініп тұр. Мен оны жақыннан сезем. Бұл мұнара менің жұбанышым да, адал серігім. Ол тыныштықпен бақылаушы, тыңдаушым. Кімде-кім осы мұнараны құлатса...

Қыздың көзі қарауытып кетті, соңын оқи алмады. Талықсып жығылып кетті... Қатерді білдіретін көз жасына қарау қиын еді... Оны майдан шетіндегі тағы бір ағасы сүйей берді... 

*** 

Сузукидың келесі жекпе-жегіне дейін 3 сағат аралық бар. Өз қарсыласымды жер жастандырған мен ақтық кездесуде сол жантүршігерлік жабайының өзімен шығатын болдым. Мен кек алуға шығып барам. Мөлтілдеп жылаған қарындасының қара көзінде қайғылы қайықтар жүзеді. 

Мен майданға шықтым. Өне-бойым мұздап көтеріліп ем, енді денем лапылдап ұстаған өз қолымды күйдіріп тұр. Алдымда мені «қытай» деп ойлап жек көріп тұрған – Сузуки. Ол қытайлықтарды менсінбейді және оларға өлердей қатыгез. Бұл пиғыл оған жапондардың Қытайдағы қырғыншылық жасау тарихынан қалған. Бір ғана Нанкинның өзінен олар 200 мыңнан астам қытайды қырып салды емес пе?! Қай жылы еді, иә, иә, 1937 жылы. 

Жапон жанкештілері қылышкерлік, сайыскерлік, шай жосыны, суретшілік пен жазу өнерінің бәрінде Қытайдың мың үш жүз жылдан бері тұрақты бәсекелесі. 

Шартылдап соғылған шапалақ астында маған қоңыраулатып жеткен Сузукидің бір рет ұмтылғанын білем. Қалай ыршып келіп тепкенін байқамай қалдым. Көзім байланып кетті. Мыңдаған жаттығуымды да түкке жаратпай қалай иектен қағып үлгерді? Бір кезде екпетімнен құлай бастадым. Иегіме аяғы келіп тиіпті. Иегім жыртылып кеткен. Бірнеше тісім саудырап түсіп... Қазіргі иегімдегі тіккен іздер содан қалған... Ауызым тола қан... Ол теуіп болып әрі кеткенде, оның бұрылған арқасы қаракөлеңке бола бастады да, эх, аузымдағы тола қанды уыстаған күйі жалпамнан түстім. Ес-түссіз жата бердім. Бір уақытта  «Аллаху акбар!», «Аллаху акбар!» деп екі рет қатты шақырылған ұлы сөзді естідім. Мархұм әкемнің шақырып жататын азаны еске түсті. Үшінші рет «Әруақ!» деген айбынды ұран құлағымды жарып кете жаздады. Өзім солай ойлап алдым ба, санамдағы тарихи жаңғырық па, жоқ шынымен біреу «Әруақ!» деп айхайлады ма, білмеймін. Осы үш сөзге қуаттанып тәлтіректеп орнымнан тұрдым. Бірақ, менің миымның сергек қатпары аяқ астынан ашыла кетті де, әруақ деп дайындалған дауыстың арасынан «Бақтияр!», «Бақтияр!!» деген сан мың қолдың күркірін шынайы естідім. Менің бұл есеңгірегенде есім шығып естігенім емес, еміренткен есті дауысты әруақтардың мені қоршай қалуы екен. Құлағымда тұп-тұнық тұр «Бақтияр!» деген дауыс. Осыдан кейін мені қоршаған сұрғылт тыныштық ішінде тұрып, ең шуылдақ майданның ішінде тұрғызылған тыныштыққа бөленіп сала бердім. Мен сайысуға шыққанымды есіме келтірдім. Төбелесуім керек екенін, орнымнан тұруым тиіс екенімді де кіресілі-шығасылы есім ескертіп жатқандай болды. 

Сол кезде білдім, «Аллаху Акбар» деп тұрғандар Әлемдік чемпионатты көруге келген Түріктер екен. Менің Мұсылман екенімді кімнен сұрап білді деп ойлап қоям. Олар жай ғана Сузукиді жеңуімді қалап Алланың атын жаңғыртты ма? 

Әрең зорға түрегелгенім сол, жер беті жоғары-төмен теңселіп тұр екен. Анадай жерде көзіме тербеліп көрінген Сузукиді көрдім. Сузукиді...

Бір кезде Сузуки қозғалды. Маған қарай жүгіре бастады. Жұдырығын алып ұшып келе жатыр екен. Сол кезде сонау бала күнімде мені боксқа баулыған Гровицкийдің үйреткен әдіс-тәсілдері санамда бір рет жаңғырып өтті. Бірде Шымкенттегі қарапайым машық залында баулынып жатқаным, енді бірде ержеткен соңғы кезеңдере көлеңкелі ғибадатхана ішінде тәлім алып жүргенім видео болып көз алдымда баяу айналып тұр.

– "Егер шабуылдаушы саған қарай жүгіріп келе жатса қаннен-қаперсіз күйде тұра бер. Ол әбден жақындағанда бір жағыңа қарай азырақ қисая қал. Сонда оның сермеген қолы басқа жаққа өте шығады. Сол сәтті пайдаланып, қисая бере жұдырығыңмен құлақ шекеден пер! Өзің білесің, құлақ шекеден ұру шынықпаған адамды естен тандыратын, шыныққан ерді тоқтатып тастайтын бапты әдіс."

Міне осылай, Гровицкийтың балапан жүрегіме сепкен тағылымы қажетті уақытында зымырап бала шақтың ортасынан жетіп келді. 

Соңында Лихуаның әруағының «Аяма! Ұр!» деген дауыстары жекпе-жек майданының төбесін бірнеше рет қамшылап осып өтті. Сузуки келіп қалды. Мен сол жағыма сәл қисайдым да, оның шабуылын өткізіп жіберіп, оң жақ жұдырығыммен құлақ шекеден ұрдым. Сузуки сәл еңкейген күйі қақиып тұрып қалды, құламады. Сол сәтті қолдан бермей шынтағымды бүктім де, әуеге қарай көтеріліп, секіріп бардым да шынтақпен көкжелкеден аямай ұрдым. Ол құлады. Мойнынан қиналып тыпырлап жатты. Екпетінен жатқан оның мойнының үстіне саусақтарымды шаянның құйрығынша қайыра көтеріп, алақанымды батыра ұстап, оңға-солға бар күшіммен жаншып, баяу қозғай бердім. Ол сылқ ете түсті. 

Әсілі, мен оның көкжелкесінен емес, қарақұсынан ұрып үгітіп еткен едім. Оның солай өлуін қаладым. Осыған дейін әрең шыдап тұрған мен оны жантәсілім еткеніме сендім де, есімнен танып құладым. Бұл атақты айқас өткен күн 1983 жылдың 16 наурызы. Осы ай мен күн мәңгі есімнен шықпайды. Қолыммен оның желкесін жаншуға ғана жеткен екен бар күшім. Әрі қарай дәрігерлер жүгіріп келіп тексеріп, Сузукиді де, мені де зузаға салып, оның бетін ақ матамен жауып, мені ашық күйде қан майданнан көтеріп алып шығыпты. Сузуки Жапонияның Якудзалары мен Қытайдың «Триадасы» жағынан қадағаланып қорғалып отырған адам. Ол әсіресе Якудзалардың абыройы болып отырған, олардың сырт күштермен болған шешілмес айқастарында олар үшін ең қауіпті жауыздыққа баратын қаһарманы. Бұған дейін ешкімнен жеңілмеген ерін бұрын-соңды ат-атағы шықпаған белгісіз қабылан шығып жарып тастаса, олар үшін ауыр соққы әрі Құдайдың түсініксіз жазасы. 

***

Осы жолғы қанды жекпе-жекке бәс тіккен қанқұмар 100 байдың үшеуі ғана маған ақша тігіпті. Қалған 97-сі қарсыластарын қатарға қойып жер жастандырып келе жатқан қанішер Сузукиге тігіпті. Соншама ақшасы селге кеткен топаны көп байлар үшін де бұл күтпеген қасіретті жағдай. Есептегенде үшеуінен 3 миллион доллар, ұйымдастырушылар қорынан 250 мың доллар сыйақы менің атыма жиылды. 

Жапонияның Якудзалары мен Қытайдың Триадасы енді менің соңыма түседі. Сондықтан, ес-түссіз жатқан мені емханаға апармай, бірден қонақүйге алып кетіп, сол жерге дәрігер шақырып емдеді. Емханаға апарса менің жаным сол жерде алынар еді. Емханада ақ қалат киіп жүргендердің қаншасының қандықол ұйымдардың мүшесі екенін кім білсін?!

Иектің, иекпен бір сүйек есептелетін жақ сүйектің үш жері сынды. Иегімнің жыртылған терілерін тіккенімен, иегімді шырамдар шұбарлады. Сынған сүйектерімді жымдастырғанымен, содан бері сөйлегенде тілім сәл мүкіс шығып қалатындай болды. Өзім тез сөйлейтін адаммын. Сөздерімнің аяғы ұшып кетіп отырады. Бір аптадан соң есімді жидым. 

– Бұл ақшаны қалтаңа қобыратып қайтесің? Сенімді банкте сақтағаның жөн, балам! Алғың келгенде шетінен балықтай суырып жей берсең болды. 

Шыфуымның(ұстазымның) ақылымен сыйақым «Қытай Халық банкінде» сақталатын болды. Сол кездердегі менің лақап атым Пән болғандықтан, айқасқа төленетін ақшаға қауіпсіздік үшін есімім осы лақап атпен тіркеліп, қандай атпен келсем де осы ақшаны кез-келген уақытта ала алатын болуым үшін тіке қарап отырған өңімді өткір(лазер) сәуледен өткізіп сақтап қалды. Осыншама мол ақша берік сейфте сақталып, банктің пайдалануына берілді. Банк есебі бойынша 3 миллион 250 мың доллар 10 пайызға көбейіп отырады. 

Оның 3 пайызы шыфуыма(ұстазыма), 5 пайызы «сүйікті гүлім» болған Лихуаның қарындасына берілді де, тағы 2 пайызы адвокатқа өтті. Ол адвокат өлсе, оның тұқымы мұрагерлік жолмен осы пайызға ие бола алады. Ақшаны алғаш сақтатқанда сақтау ақысы ретінде осы қордың 1 пайызы ғана берілді де, одан кейін қаражат төленбейтін. 

Өз-өзіме келгеніммен жарақатым мазамды қашырды. Бір ай бойы қою тамақты қарбытып жей алмай, сұйық тамақ іштім. 

– Өліммен келген ақша – Харам! – деген имамдардың дауысы ақ мешіттердің ішінен жаңғырып, айналамда жосып өткен көлеңкелі дауыстардан соң мен басымды сілкіп, осы ақшаға саусақ созған емеспін. Лихуаның қарындасы өмір бойы жұмыс жасамай-ақ ырғын байлықпен өмір сүре алады. Бірақ, ақша қанша жеткілікті болсада, адам құр отыра алмайды ғой. Бірдеңе істеп уақыт өткізуі керек дегендей. Лихуаның қарындасы менен 5 жас кіші болатын. Оның қызы Saulie (Сәуле) 1983 жылы дүние есігін ашқан. Өсе келе оқтаудай білектерін оқжыландай ойнатып Кунг-Фу спортын қуалап, осы салада тәрбиеші болып қызмет етіп, 32 жасында тұрмысқа шыққан. Оның баласы қазір 9 жаста. 

*** 

Хан батыр – Қабанбайдың найзағай рухымен бір-ақ түнде жарқ еттім де, басқалардың ізіме түсуінен сақтану үшін Шаолиньнен біржола кеттім. Сан миллион айхайға көшесін жерлеген, сан миллион күбірмен өмір өзенін ағызған, адам таппас, өрмекші тоғайлары торлаған Гуанчжоудың ішіндегі Лихуаның шаңырағында біршама тұрдым. Ата-анасы ұлының кегін алған мені ақүрпектей өбектеп айналып қалды. 

Бір жылдан соң Гуанчжоудағы Совет Одағының жасырын өкілі сылдырмағын сылдырлатып өтіп бара жатып: 

– Болатбек, қайтсең де өзің амалын тауып Совет одағына өт. Мұны кешіктірме. Енді бұдан артық жүре алмайсың. Енді қайтпасаң Шаолиньдағы үш жылдық шартты мерзімің толып, олар сені өз қалаған жағына жұмсаса босай алмайсың. Ретін тап. Сенің қайтуыңа біз көмектесе алмаймыз.

Оның сөзінен менің аңдуға түсетінімді байқадым. Аяқ астынан жалт етіп шығып жекпе-жектің жауызын жантәсілім еткен менің енді кім екенімді тексеретіндер көбейеді. Ақыры, жылдам біліп те қояды. «Лихуаның қоян қабырғалы, тырна тізелі қарындасын алып анама алып ұшсам!» деген кірпияз арманым қағазға оралған күйі желге ұшты да, сағыныштар кеудемді қысқан 1984 жылдың соңын түрген бір түнде Совет одағына тартып кеттім. 

*** 

Үйге келген соң, менің орнымда Болатбек болып жүрген өңі, бітімі ұқсас жігітті үкімет өз жағына қайтарды. 

Мен танитын Ақпантайдың әкесі Әлиасқар – сыпыра шежіреші. Қазақ тарихының теңізін сапырып, қазақ шежіресіне қатысты қытай, шағатай, парсы әдебиеттерін жатқа білетін адамдардың тобы «сыпыра шежірешілер» аталады екен. 7-ақ адам. Бірі өлсе аянмен енді бір адамға бұл сый беріледі де, 7-адам болып толығады. 

Қызылқұм ауданының орталығы Шәуілдірдің жанына қарай Қыпшақтар отыратын Шілік ауылы бар. 1981 жылы Әлиасқар қарияның үйі Шіліктің Ақсары Керей жайлаған Ақсары қонысынан Ордабасы ауданының Ақпан ауылына 1981 жылы көшіп барған. Әркімнің шатырының астына түнеп бір алқаш орыс жүретін. Ешкім одан күдіктенбейтін. 

– Ананы шақырып кел,– деді әкесі Ақпантайды жұмсап. 

– Болады, әке. Шақырып келейін. 

Ұлына сусын алдырып, орысты сусынға қандырып отырып: 

– Мені 25 жыл аңдыдың ғой,– деді.– Шатырлар мен пана тастың астында түнеп жүре бердің. Мен үшін үйленбедің жалғыз тапсырмамен. Ертең бұйрық келеді. Өз жағыңа кетесің. 

Осы кезде орыс бойы босап жылап жіберді. 

– Жалғыз әпекең сені жылап іздеп жүр,– деп жалғастырды қария,– Соған бар. Түбің – Қыпшақ еді. Орыс болып кеткенсіңдер. 

Алқаш болып жүретін орыс одан бетер еңкілдеп жылады. 

– Рахмет! – деп қарияның қолын қысты. 

23 және 37 жасында өлімге үкім етіліп, одан аман қалған қария қарақұрт шаққанда, ұлына пайдаланбаған ұстараны алдырып шаққан жердің бір қабатын алып кесті. Тез жазылғаны сонша, аяғында ертең бәле де жоқ. Өзі атақты аңшы. 

– Аңшылықты қойсаң балаң болады,– деп киелі күштер аян еткен соң аңшылықты қойған. Балалы болған. 

– Көзмерген нысанаға алған жүз аңының жүзін алса, қолмерген нысанаға алған жүз аңының сексенін алады. Олардың сұқ саусағында белгі болатындықтан, мергендер бір-бірін саусағынан жазбай таниды. Мергендер басына шабандоздар құсап шалма таққанымен, шалманы артынан емес, не оң жағынан, не сол жағынан түйіндеп қояды. 

Осы кісілер тұратын Шілікті ауылы мен Ақтөбе ауылына таяу жатқан, Қарақоңыр ауылынан 9 км жерде «Бестораңғыл әулие» – Сонау көне заманнан келе жатқан қорым. Қоңырат, Арғын, Керейдің би-шешендері, батырлары қойылатын қасиетті орын.

Бестораңғыл әулиеде Алашқа тілеу тілеп бата берген Әулие ата, Дулығалы ата, Ұзын ата, Жылаған ата, Қоңыр ата бас қосып отырып бес ағаш қаққан екен. Содан өскен бес тораңғы осы. Қазығұрттан қасиетті 16 тас әкеліп қойған. Кейін коммунистер ол тастарды Мәскеуге әкетіп қалып бізді опындырған. Бұл жер көктемнің алғашқы лебі есетін жер. 

«Қоңыр ата неге Қоңыр деп аталды?» десеңіз, тамшы тамбаған, тастар балқып қолаға айналған, құс шөлдеген жұт қазақ жеріне тарихта 9 рет келген екен. Соның бірі осы атамыздың тұсында болып, ақсары атамыз Қоңырайып кетіп Қоңыр ата атанған. 111 жыл өмір сүрген Қоңыр атаны жұрт "осы жерге қойылған" деп жүрсе, Әлиасқар қария:

– Қоңыр ата Қаратаудағы Үкаша атаның әрі жағында 111 қадам жерде жатыр. Бұрынғылар аралығын «111 қадам дейтін. Ежелгіден қалған сөз. Ежелгінің кісілері бізден недәуір үлкен болған болар?! Қазіргі біздің қадаммен жүрсең 111 қадам дегені 250 метрге жақындайды, – деп сөйлейді. 

Менің орнымда жүріп алқаш атанған адам Әлиасқар қарияны аңдып алқаш кейпінде жүрген орысты есіме түсірді. 

Менің бес жыл бойы Қытайда жүргенімді әкемнің інісі Жаманқарадан туған немере ағам Бегімбек білген екен. Одан басқа туыстардан ешкім білмеген. Осы бес жылымның үш жылы Шаолиньда өтсе, қалғаны Гуанчжоу, Гонкконг деген басқа жақтарында өтті. Мені өлердей жақсы көріп өткен осы ағам маған бір күні мынадай сөз есітті:

– Әкең марқұм дауыстап дұға тілеп отырғанда өз құлағыммен бірнеше мәрте, есік сыртынан естіп қалған сөзім бар еді. Сондағы үнемі қайталанатыны «Осы жалғызымды әрқашан қауіптен аман етші, Аллам! Тірі жүрсінші!» деп жалбарынған тілегі... 

Ленинградта біз оқып жатқан жерден 15 шақырым жердегі орман ішінен шіркеу қоңырауы естілетін. 

Будда ғибадатханасының ішінде үш жыл шоқиып отырған мен, шіркеуі сыңсыған Легинградтан офицерлік оқыған мен, бәрібір әкем шақырған аппақ азанның қасына орала беретін сияқтымын.

Әкем Есқараның әкесі – Солтай, оның әкесі – Пірмен, оның атасы – Нұрман, арғы атасы – Қалдарбек, оның бабасы – Бейсен, оның түп атасы – Мамай болса, тек атасы – Барқы. Оның тұқияны – Еркебай еді. 

*** 

Әке, сенің дұғаң мені бұған дейінгі қауіп-қатерден қалай сақтаған болса, алдағы жылдардағы қауіптерден солай сақтайды деп сенем. Сенің дұғаң мені сақтап жүрген болса, мен исламның хақ дін екенін айта беремін, айта беремін. Айтудан жалықпаймын. 

– Кішкентай кезіңде,– деді әкемнің інісі,– Тумысынан тентек өскен саған арнап құмалақ салдырған екен әкең. Құмалақшы «Сенің балаң қырыққа дейін ақыл тоқтатпайды екен. Қырыққа дейін қарақшы да, бұлаңшы да болады. Қырықтан кейін жұмсарып жұмақтың ұлындай болады» деген. 

Осы сөзге аңсарым ауып, жылдар өте келе мен өзімді жұмақтың жапырақтарының арасынан тапқандаймын. 

Ата-анамның тұңғышы Өмірбек шетінеп кетіпті де, одан кейін туған қызына «Құдай бергенін алып қойып мұны келеке қылып берді ғой!» деп атын Келеке қояды. Келекеден кейін Тұрсын мен Төлен де шетінейді. Одан кейін мен туғанда менен де айырылып қалудан қорыққан ата-анам сол кезде Қошқар-ата, Қарасу өзенінің бойларында өскен тұт, жиде ағаштарының жемісін теріп жеп сопылық қылып жүретін «Қажы ата» атанып кеткен, Меккеге жаяу барған кісінің етегіне апарып мені салып, бата сұрайды. Сонда Қажы атам: 

– Өмір жасы ұзақ болсын, атын Болат қойдым. Болаттай қатты болсын, өмірде шегінбейтін сәтті болсын. Еншалла, қырықтан кейін ел аузына қараған молда болсын, қырқына дейін жомарт көңілді балуандық жолда болсын! – деп қайтарады. 

Сол кісінің айтқан тілегінің бәрі келіп қырыққа дейін екі дүркін әлем чемпионы болып, сол кісі тұтын, жидесін теріп жеген Қошқар ата суының бойындағы мешітке қырық жасымда имам болып отырмадым ба?! 

Менен кейін де Ынтық деген бір інім шетінеген екен. Анам «балама қызықпайын, тіл-көзім өтіп кетіп жүрмесін!» деп емізген соң мені тастап қойып, менен 10 жас үлкен әпекеме қаратады екен. Сол әпекем менің кіші анамдай болып, балапан қаздай бағып-баптап аққудай аппақ ер етті. 

***

Биікке ұшатын сайыскерлерді экранда инелікше қалқып жүрген жерінен көріп бала күнімізде шайқалып кетеміз де, кейін келе сенбестей болып бас шайқап өте береміз. 

Аяқ пен белге, білезікке қорғасыннан салмақ байлап ұшқыр атпен зырлатып тастағандай болып биікке көк дауылпаздай ілінуге болатынын білдің бе? 

Аяқ пен белге 17 килограммға дейін, қолға 7 килограммға дейін салмақ байлап, күн сайын жаттығу істеп тұрады. Жанкешті жаттығудан соң аяқ-қол мен беліндегі салмақтарды босатқанда адам екінші қабатқа дейін секіріп шығып кететін әлеуетке ие болады. Қаңбаққа айналасың. Қоршауда қалған жағдайда аяқ астынан бір биікке секіріп құтылып кететіндер міне осындай сынақтан сүрінбей-ақ өткендер. Мұны игерген азаматтардың жүрегіне үлкен салмақ түсетіндіктен, олар көп өмір сүре алмай, ұзаса 35~37 жастарға дейін барып жүрегінен жұда болады. 

Екі таудың арасына керілген арқаннан өтуде белге қауіпсіздік белдігін байлап, қолмен арқанды ұстап өту немесе аяғынан салбырата байланып, тырбыңдап алға жылжу дегенді ұстаздардың әмірімен істеп көрдік. Салақтап тұрып, бастары ауада байланған алмадай болған әріптестерімізді көргенде күлкіге қарқ болып, қарқылдап күлгенде қарғаға айнала жаздағанбыз. 

Ұйғырларда ауаға керілген арқан үстімен баспалап дар ойынын көрсетушілерді «даршы» дейді. «Дар ойнай алатын адамды жақсы төбелесе алмайды деу» қиын. Құздан қорықпаған адам төмендегі құмырсқа адамдардың төбелесінен қалай іркіледі? Ал, аяғына салмақ байлап, биікке ыршып шығуды үйренгендер осындай керме арқандардың үстінен, кермеге салмақ түсірмей жеңіл өтеді. 

Қанша адам болса сонша адамның арасына кіріп кетіп көпті жамсататындар туралы айтсақ, олар кіргенде көлденең сермелген жайпақ қылыштай ағызып, жосып кіреді. Еш кідірмейді. Қарасы көп құмырсқа топты әбден састырады. Тайғанап барып жан-жағын семсер қолдарымен шауып жүргендей көрінеді. Бұл жаттығу «торпеда машығы» делінеді. Яғни, «зымыран адамдар». Бұл стильді өзім үйренбеп ем. Конгонгтағы айқаста осындай «зымыран (торпеда)» атанған бір шебердің төбелесін көргем. Бір адамды қақ бөліп өткендей болды майданда. 

Бізден 19 жас кіші «Қазақ самурай – Ерік» деп аталған бауырымыздың өнері де осыған ұқсайды. 

Біз атағалы отырған есім қарақол болмаған, қарақшылық жұмыстарымен айналыспаған, өзінің туа бітті мықтылығын, арқалы, әруақты күшін өз ортасына танытуды мақсат еткен, сайыскерлік өнерінің қыр-сырын меңгерген қазақ бекзадасы.

Ерік – Урумчи қаласында әдеби отбасында дүниеге келіпті. Өзі аласа бойлы, көк көз, сары қазақ. Оның қарапайым тұлғасына қарап «адам қырып, қырғын төбелес жасайтын адам» деп ешкім сенгісі келмейді. Әкесі Урумчидегі Жазушылар одағында қызмет істеген. Алдында еліктей үш әпекесі бар, бір үйдегі қозыдай жалғыз ұл. 

Ерік кикбоксинг өнерінің қыр-сырын меңгеріп және Сандұңбей дейтін жерде тұратын, ушу өнерін меңгерген бір ақбас қытайдан тәлім алады. Ерік осы кикбоксинг мен ушудың білімдерін бойына жинап, екеуін бірлікке келтіріп алған. Еріктің екі аяғының жылдамдығы сонша, аяқтарының қимылы кәдімгі адамның қолына айналып кеткен. Қарсысына келіп тайталасқан адамды екі аяғының ұшымен жылдам-жылдам қолмен шапалақ тартқандай етіп, баудай түсіреді. Жығылған адам «бетіме аяқ емес, қол тиді» деп ойлап барып сұлыдай сұлық түседі. 

Бір рет Шинжияң қазына институтында теңбіл доптың тепеңкөгі өтеді. Урумчидегі «36 орта мектеп» деп аталатын қазақ мектебінің жігіттері 5 футбол құрамасын алып келгенде, басқа оқу орнындағы қазақтар 5 футбол құрамасын алып келеді. Ұйғырлардың ұйыстырған құрамалары тіпті көп еді. Ақтық сында қазақ құрамалары ұйғыр құрамаларымен додаға түсіп, ең соңында бытырлатып доп тепкен қазақтар 5:1 үлеспен ұйғыр құрамасын жеңеді. Сол кездегі алаңдағы қарақұмдай халықтың көбі ұйғырлар. Шинжияң қазына институтын бақылауда ұстайтын ұйғырдың бір басбұзар жігіті бар екен. Сол қалың нөкерін бастап әкеліп жеңілісіне мойынсал болмай, қазақтарды басынып төбелес шығарады. Сол кезде Ерік оның алдына барып:

– Сен екеуміз жекпе-жекке шығайық,– деді.– Осылай шеше салайық! Бәрін топырлатып қайтеміз. 

Атаман күлді.

– Сен маған жекпе-жекке шығасың ба? – деді менсінбей.

Ұйғыр атаман оған ұмтылып жетіп барғанда, Ерік көз ілеспейтін жылдамдықпен екі аяғымен оның бетінен қолмен тартқандай етіп екі тартты. Ұйғыр жігіт соққыдан есеңгіреп құлап бара жатқанда, бір аяғымен құлап бара жатқан оның денесін тоса қалып қалқытып ұстап тұрды да, аздан соң аяғын суырып алғаны сол еді, ана жігіт шалқасынан түсті. Мұны көріп тұрған қарақорым адам қайран қалды.

Еріктің өз аузымен:

– Қай жағымнан келе жатқан жұдырықтың барлығынан қорғана аламын,– дегенін естіпті бір бауырым. – Денемнің саңлаулары түгел ашылып кеткен. Бүкіл терім – Көз сияқты. 

Еріктің қанқұмарлығы болған. Екі айда бір рет топ адамды сабамаса жүйкесі тозып қиналады. Бір рет осындай қанқұмарлығы ұстағанда, қасына бір бауырын ерте салып, сотқар адамдары көбірек болатын орта ретінде, Урумчидегі бұрынғы уақытта Совет Одағының елшіханасы тұрған, «Консул көшесі» деп аталатын көшеде, Татар мешітінің маңындағы жерге кіріп барып көзіне көрінген бұзақылардың бәрін ұра бастайды. 30-дан астам жігітті талдырып ұрып, сақшы келетін кезде жанындағы бауыры қорқып қашып кетсе, ол өзі әлі бетінен қайтпай «тағы төбелесем» деп қалып қойды. 

Ерікте өзінің жанынан екі елі айырмайтын жапон самурайының өткір қылышы бар. Самурайлық қылышын арқа тұсына тығып қояды да, қажетті кезде лезде суырып алып, қолында аш жыландай ойнатады. Оның Болат және Ержан деген жүрегіне өте жақын ұстайтын достары болды. Сол достары белгілі себептермен түрмеге кіріп кетті де, достарының қайғысы назаландырып көңілі жасып кетті. Барынша қарапайым өмір сүруге талпынды. Қытайдағы ірі шонжарлар мен бай-манаптар, «Триада» секілді қарақолдар қоғамы оны өте қомақты қаржымен, өздеріне оққағарлық қызметтерге тартып еді, әкесі рұқсат бермеді. Баласы әке сөзінен аттамады. Ерік ақшаға да, арам істерге де қызыққан жоқ. Өзінің бақытты жан ұясы бар. 

*** 

Елге келген соң менің білген мәліметім, Совет одағы сеніп жіберген 16 адамнан, тапсырманы орындап аман жеткені үш-ақ адам екен. Кейбірі бір жерде отбасылы болып өсіп-өніп сіңіп кетсе, кейбірінің қайтуға жағдайы келмеген, кейбірі өлген. Аман жеткеніміз осы үшеуіміз. Осы үшеудің біреуін бір жарым жылдан кейін, Москвада жүрегіне екі оқ қадап атып өлтірді. Екіншісі Өскеменде тұрды. Тәжді вирустың алдында  о дүние  сапарына өз ажалымен ұша барды. 

Менің Қытайдағы жауыздар жанталасқан жекпе-жекте қанышердің қанын ішкенімді, Шаолиньның үш түрлі сайыс стилін жете меңгергенім үшін маған сол кездегі КГБ-да маған жауапты генерал-лейтенант Снегирёв Геннадий Харламповичтың ықпалымен Москвадан маған 127 мың рубль сыйақы берілді. Ол кісі 1986 жылы қарашада дүниеден озды. Бұл 1984 жылы 127 мың рубльдің қанша ақша екенін білесіз бе? Ол кезде 5 мың рубльдің өзіне бір «жигулиді» жымиып тұрып сатып алуға болады. 

*** 

Бірнеше қуатты жұдырық тәсілін жетік меңгерсең, сол сенің қажетіңе жетіп артылады. Мен тіпті бір жұдырықты орнына қойып, өз шегіне жеткізіп үйрену үшін 8 ай жоғалтқан кезім болды. Мұндай жалықпас машыққа шыдайсың ба? 

Жүрек тұстағы қантамырлардың түйінін түйіп ұрып, төсті жарып жіберуді осы 8 айда үйрендім. Қолың иектің астыңғы тұсынан шығарылып, гүрс еткізіп дүмпу түсіріп ұрылса төс жарылып, іштен іріңдеп іриді. Төстің жоғары жағынан ұрылса тамағы талқандалып, төстің төменгі жағынан ұрылса ішек пен қарынның түйіліскен жері тып-типыл бола жаздайды. Қуықтан ұрылса құр сүлдері қалған адам әрі кетсе жарты жылдың жалына жабысып өмір сүреді. Ешқандай операция оның жанын сақтауға жәрдем бере алмайды. 8 ай бойы бір ғана жұдырықты орнына қою үшін әр күні 2 сағат бойы 1600 рет жасалатын соққыны қайталай беруге кеткен қажырым қаламының басында қолы қажалған роман шеберінің еңбегі секілді еді. 384 мың рет қайталаудан соң мен осы айтқандарымның бәрін шыбынның көзі шым еткенше орындап болатын едім. Қас қылғысы келгендер қара мысықтай ойнаған менің алдымда қас-қағым сәтте тіл тартпай кетеді.

Саусақпен сеспей қатырам десең, біріктірген екі саусағыңды пышақтың ұшы деп қарап, салалап ашып бір сүйсініп ал да, содан соң қолыңды бүкшитіп, саусағыңды сәл иіп, тамақтағы немесе құлақтың түбіндегі күретамырды көздеп тұрып, жауыңның тамағының үстінен астына қарай гірш еткізіп кіргізіп, төске қолды енгізіп барып тартып қалсаң, құрбандығыңның жаны о дүниеге зымырайды. Семсерге айналып кеткен сесті саусағыңның екеуін жұптап сәл иесің де, жүректің сол жақ тұсына апарып, қолтықтың астына қарай кіргізіп ұрып тартып қалсаң ойсыраушының ендігі жерде адам болып қалуы екіталай. 

Мұрынның екі қуысына және екі көздің арасына қосаяқты жыртқыштай қос саусағыңды тебінмен қатар ұрсаң адам бәйғұс ләм дей алмай сұрақсыз кетуі мүмкін. Оның да көп машығы бар. 

Қармаққа айналған қара саусақтарыңды мархұмдар о дүние аспанынан әруақ болып көтеріліп көріп тұрады. Қасіреттеніп соған қарап қиналады-ақ! 

*** 

Шаолиньдегі әуелгі жаттығу түзу тұрып, қос шынтақты қос қолтықтың астынан өткізіп, алақанды ашып, бармақ бүгіп, екі қолды алдыға шығарғанда дем шығарып, дем жинап қайта кері тартудан басталып, осылай тұрып алдыға серпін жасап, аяқты, қолды қатар жылжытып алақанмен тосып тұра қалу. Осы тұрған күйде қолды ескекше айналдырып есу. 

Белді қайқайтып тұрып көзге тік қарап еңкею, қолды шошайта тік көтеру, одан кейін тік тұрып қолды қарама-қарсы айналдырып көр. 

Оң, сол тізені ыңғайына қарай тік көтеріп, жамбас тұсқа бейімдеп соққыны тосу. Аяқты тік көтеріп алып, содан соң сермеу, аяқты тік көтеріп қырымен жамбастап сермеу, осы деммен жамбастан, белден, бастан ұру осының бәрі қандай тамаша! 

Екі қолды кезегімен қиғаштап, алақан қырымен мидан, құлақ түбінен, мойыннан ұру деген бар. Қарсыласың артыңнан құшақтап алса, шынтақтпен артқа үш қатар ұру, алақан қырымен бүйірден, иықтан, бастан ұру да бар. 

Тізе бүгіп, алдыға қарай иіліп жұдырық сермеу, бір тізегі бүгіп, екінші аяқты бүгусіз артқа тастап сүйретіп жүру немесе дәл осылай сүйретіліп бара жатып екі қолды айналдыра беру. 

Қолды айналдырып тұрып, алақанды жұптап тұра қалып, аяқ қозғамай артқа нүктеге бұрылып қарау да сенің мызғымас дәлдігіңді жетілдіреді. 

Отырып алып белді солға, одан оңға айналдыру кезінде басты тік ұстау. Бұл семіріп кеткен спортшылардың ең жақсы арықтау тәсілдерінің бірі. Алайда, май сығып шығаратын бұл әрекетті екі күнде бір рет қана жасауға болады. 

Қабырғаға жабысып алақан тіреп, еңкейіп әрекет етсең беліңді нығайтасың. Кейде осы тұрған күйі қолдың екі жағына кезек еңкейу де күш береді. 

Отырып алып тіземен жүру көп жерде онсызда қолданылатын әрекет. Осы күйде кеудені сол баяғысынша тік ұстап кері шегініп жүру керек. 

Қолды айналдырып әкеп алға, кеудеге ұру тым тосын жасалуы керек. Қолыңның келе жатқанын көріп үлгертпей... 

Қабырғадан бір нүктені белгілеп, сол қол мен аяқты бөгет қылып тұра қалып, сол аяқты зырғытып әкеліп, шыркөбелек айналып шынтақпен артқа ұру қандай тосын әрекет! 

Қолды жоғарыдан төмен орап келіп жоғарыдан төмен шапалақпен ұрсаң да болады. Оң-сол шынтақпен іштен қайқайта ұрудың да күші зор. 

Қолдың қырымен ұрғанда иықтан қолды түсіріп, оң алақанның қырымен сол жақтан, сол алақанның қырымен оң жақтан ұруға болады. 

Шабуылшының алдын білекпен тосуға болады. Шынтақпен де тосасың. Аяқпен тізені қағып тоқтат. Бұл сенің санаңда онсызда дайын шығар?! 

Алдыға алақан созып отырып-тұруды күнде дерлік жасап тұрсаң.

Отырып алып артқа айналып секіру, алдыға айналып секіру бұл да сені тепеңдетіп жақсы машықтандырады. 

*** 

Елден алыста жүргенімде ыңылдап айта беретін, ұнататын әнім – «Елім-ай!» еді. 

Мына заман қай заман? Бағы заман,

Баяғыдай болсайшы тағы заман,

Елім-ай, Елім-ай! 

Атадан – ұл, енеден – қыз айырылды,

Көздің жасын көл қылып ағызамын,

Елім-ай, Елім-ай! 

Жан дүнием музыкаға жақын. «Сайыскер болмасам, қалайда музыкант болуым мүмкін» деймін. Ленинградта жүргенімде гитараны да тарттым. Ой-хой десеңізші! Жүрегімнің осал нәзіктігі де жоқ емес. Кеудем ішіне ой-хойлап кіріп алған әуендердің талайын кейін келе әншілердің көмейінен көргенімде, әлемді тұтастырып тұрған алып музыканың тамшысын бәріміздің бірдей сауып ішіп жүргенімізді сеземін. 

*** 

Өстіп жүргенде 1986 жылдың 16 желтоқсаны келді. 

Өзім Шымкентте тұрғандықтан Шымкенттің бұлың-пұшпағындағы барлық әскери тұрақтар, маңызды адамдар маған өте таныс, етене болатын. 

«Алматыда Желтоқсан оқиғасы болып жатыр» дегенді естіп, «барамыз!» деген 4~5 жігіт басымызды уықтай құрап едік, олардың таныс-білістері қосылып жалпысы 15 жігіт автобуспен Алматыға жол тарттық. Сол кезде сары аяздай сақылдап тұрған сақшылар Түлкібаста жол тосып, кері қайтарған соң, он бесімізден сегізіміз ғана пойызға отырып Алматыға қарай шықтық. 

Алматыға пойызбен жетіп қазіргі Алматы-1 вокзалынан түссек, бүкіл жер толған жасауыл. Осы жерден біз қазіргі Республика алаңын бетке алып жаяу жылжыдық. 

Осы араға беттегенде, аласапыран жағдайда тағы бірнеше адамымыз бізден көз жазып қалды. Қалған бесеуіміз алға қарай арындап жүре бердік. Күн деген азулы аяз тісімен тістеп, қақап тұр. Нөлден төмен 20 цельсий грдаусқа жақын. Аязға егескен адымымыз одан сайын ашыла түседі. 

Бірнеше машинаның тіркемесіне сүйретіліп кіргізіліп тасталған қан-жоса қыздардың тезекше жиналған денелерін көрдім. Ию-қию әскери қалың көлік есіңді шығарады. 

– Ура, ура! Қазақтар бірігіңдер!

– Ойбай, құтқарыңдар! – деген сан түрлі айқай мен ойбай құлақ тұндырады-ай!

Алаңға кірген кезімізде (сағат 16:00-да) сайғақтай сойып кірген едік, енді қалғандарымыз бір-бірімізді мүлдем таппай қалдық. Алаң толған айқай-шу, толассыз төбелес. Адамдар біресе ана жаққа, біресе мына жаққа жүгіріп жүр. 

Соны көріп шыдай алмай, қаным басыма құйғытып бір-ақ шапты. 

Жасауылдарға қарсы тұрған қалың жастарды көрдім. Әрине, басым көбі студенттер. Жастар қолтықтасып, ұйлығысып тұрады да, бір лекпен алға жылжып қарулыларға бір шабуылдап өтіп артқа қайта қашады. Осылай неше толқып, неше аттандап, неше шегінген жастың талайы жараланып, бірқаншасы ұсталып, кейбірі шашынан сүйретіліп мерт болып жатқанда олардың арасына кірген мен, өзімнің Советтік КГБ қызметкері екенімді ұмытып қалдым. 

Атақты Сузуки Лихуаны жер жастандырғанда қатты бір тұншығудан булыққан мен жанымды алғаш рет тігіп жіберіп едім. Өмірімдегі екінші реткі жан пидам дәл осылай басталды. Мен өзімді, армандарымды, жақын жанашырларымның, сеніп отырған үкіметтің бәрін ұмытып, тәнімді де, жанымды да өз қанымның бастауы болған қазаққа арнап жібердім. 

Жиылып алып бір шабуылдап, бір қашып тұрған жастардың қалың тобына кіріп мен де оларша дұшпанды бір теуіп, бір ұрып әрекет қылмақ едім, сауыттанып қалың киініп алған аса мейірімсіз етіп тәрбиеленген әскерлерге әсер етпеді. Олардың сауытынан қол мен аяқтың, қарудың да өтпесін біліп, сол кезде жанымнан тастамайтын, сабымен қосқандағы ұзындығы 35 сантимерлік кісі өлтіретін пышағымды жеңімнен суырып алып, жаныштаушы жасауылдардың сыртынан ұрсам және өтпейді. Мылтықтың ұшына қанжар ретінде қадалған, немістер соққан пышақ болатын бұл. Мұны ғибадатханада бәрімізге пышақ таратқанда берген: «Өте өткір, өзің сабын ағаштан саптап ал!» деп. 

Ақыры, олардың ең осал тұсы болып тұрған мойынын орып өте бастадым. Тамақтарына пышағымды бір ұрам да тартып қаламын. Ағызып өтіп, өзіме таяқ тигізбей жүгіріп жүріп, оңды-солды көсіп тамақтағанымда үш әскердің нақты өлгенін көрдім. Тағы бірталайына осылай сілтегем. Нақты қанша әскерге тап бергенім есімде жоқ. Бірақ, осы үшеуінен басқасының өлген-өлмегенін білмеймін. Көзіме қан толып, жаным түршігіп, қазақ қаным бұрқ-сарқ етіп қатты қайнап, көзімнің айналасын ащы терге шылап шыңғырғаным осы еді. Дәл осындай беталыс бұған дейін Лихуаның кегін аларда ғана қозғалғанын айтқам. 

*** 

Түнгі сағат 2-ге аунады. Адамдар сейіле бастаған. Енді көтеріліс күшпен басылып, аман қалғандар қашып бас сауғалайтын кезде, қазіргі Қазақстан қонақ үйінің арт жағындағы 9 қабаттық үйдің сегізінші қабатындағы таныс іншектің үйіне келіп кіріп ем. Сол іншектің үйіне ортақ танысымыз, сол кездегі Шымкенттің 6-шы қылмыстық полициясының басшысының орынбасары Петров Геннадий Андреевич келіп, көк бөрте шапкасын қолына ұстап, маған қадала қарап бас шайқады. 

Бұрыннан тамаша таныс едік, олардың қылмыстық полициясынан сол кездегі Шымкенттің барлық полициялары өлердей қорқатын. Оларға барлық есік ашық еді, бөгет жоқ болатын. Ол екеуіміз өте жақсы араласатындығымыздан оның маған жанашырлықпен бас шайқап тұрғанын білдім. Алматыда төтенше жағдай болғандықтан Шымкенттен келіп уақытша қызмет өтеп жатқан еді. 

– Бәке!

– Ау!

– Жолдас бауырым, суретке түсіп қалыпсың. Бір әскерді тамағынан орып жатыпсың. Енді саған тыныштық жоқ. Саған жасаған жалғыз көмегім болсын. Бірден табаныңды жалтырат. Қалсаң тірі қалмайсың. Шамаң келсе Ауған ас!

Енді бағдарымды қалай оңауым керектігін ұғына бастадым.

Таныстарымның мені құтқаруымен, солардың жоспарлауымен Алматыдан көлікке отырғызылып, Отар бекетінен түсіп қалдым. Отардан Жамбылға (Таразға) әкеп тастаған 4 полиция сол Петровтың сенімді адамдары болатын.

– Ал, Бәке, жолыңыз болсын! – деді де қайтып кетті төртеуі. Одан кейін Ленин көшесінің 96 үйдегі танысым Ергештің әйелі Тоқтажан «Ойбай, пәле болды ғой!»  деп менің кесірім тиюінен қорқып еді. Күйеуі жарықтық:

– Бұтаға паналаған бір жапырақ еті бар торғайды құтқара алмасақ, несіне адамбыз?! Жоқ, ештеңе етпейді. Күндіз үйдің төбесіне шығып жатсын. Түнде кіргізіп ауқаттандырып алайық, – десті. 

Осы үйдің төбесінде бір апта жаттым. Үйдің темір қаңылтырлы төбесіне көрпе салып, үстіме тағы бір көрпе жауып қойды. Сақылдаған сары аяз сабазыңды да, сарбазыңды да аямайды. Апта бойы төбемнен қапалақтаған қарға қылтитып көзімді ашып қойып жата беріппін мен жазған. 

***

Осы қорқынышты апта өткен соң Шымкентке жылжуым керек болды. Шымкенттің пойызына отырып, Шымкентке жетпей Манкенттен түсіп қалдым. Шымкенттің вокзалынан түсер болсам қатаң тінтуде қолға түсерім анық. Отардан Таразға, Тараздан Манкентке деп бір жолды бөліп-жарып жүруімнің өзі сақтық үшін болды. Манкенттен 50 тиынмен көлікке отырып Жаңашаһардағы үй жағыма келсем, үйімнің маңын торып тұрған полицейлерді көріп ол жерден безіп кеттім. Аспалы көпірден өтіп жаяулап біраз жүріп, айтулы уақытта күтіп тұрған, жолдас балалар дайындаған көлікке отырып Өзбек жеріне қарай тарттым. Ақыры, Ташкенттегі Жүніс-Абат ауданына келіп түстім. Сол жердегі «жәрдемдеседі» деген Қайрат ака маған көмектесе алмайтынын айтқан соң, Ангрен асуы арқылы Ферғанаға, 50 жыл бұрынғы ақсүйек ашаршылықта нағашыларым ауып барып қайтқан Жалал-Абатқа бардым. Сол бетіммен жүріп отырып Қарасуда біраз жан сауғалап, Қызылқияға келіп, осы арадан Бұхара, Самарқан бағытына жылжып, Ауғанстан шекарасынан өтіп сол жақтағы өзбектердің қыстақтарына бардым. Ол жерде қазақтар да тұратын.

Ауғанстан ол кезде қандай, «Советтен зорлық, қорлық көрдім» дегендердің бәрін бауырына басып, Советке тіс-тырнағымен қарсы болып жатқан уағы.

– О, о, Советтің қанды қолынан құтылған бауырым. Кел, кел! 

Бұл жерде бір жарым жыл өмір сүрдім. Ақыры, қайтадан Совет Одағының шекарасынан өтіп, нарау тартқан Наманғанның ішінде біраз жүріп, Әндіжанға келдім. 

Әндіжан – ежелден сарттардың қаласы. Осы арада жүргенімде маған ақша керек болды. Маған ақшаны кім береді?! Көп өтпей ашығып өлуім мүмкін болды. Денем деген шып-шымыр. Артық ет жоқ, сыптығырдаймын. Өзім жетілген сайыскермін. Ақыры, Әндіжанның базарларын аралап, ақшасы мол саудагерлерді сырттан торитын болдым. Көз таса жерге келгенде басына қара дорба кигізіп, бірнеше рет солқылдатып ұрып түсіріп, қойынына сықаған ақшасын тартып әкеттім. Осылай бірнеше рет тонаушылық жасаған соң бір жылдан артық уақытқа жеткілікті ақша жинап алдым. 

*** 

Бір күні Әндіжанның бір асханасында тамақ ішіп отыр едім, әулие көзді бір қария маған жалтақтап қарай берді, қарай берді. Бір уақытта маған қолын бұлғап:

– Әй, балам, бері келіп отыршы! – дегені. Қасына бардым. Қария сабырлы әрі аяулы жанашыр көзбен:

– Әй, балам, саған не болды? Қандай жағдаймен жүрсің? Түн астында түңіліп жүрсің ғой. 

Үлкен кісіге сеніп қарадым да, «Желтоқсан оқиғасына» байланысты жағдайды тістей тізілген күйінде, сыбызытып айтып беріп ем, қария ақ төбелі басын ұзақ шайқап: 

– Балам, енді үйіңе қайтсаң, сені тек қана өлім күтіп тұр. Өлмей аман тұрғаныңда Құдайдың хақ екенін танып, дінін біл! – дегенде әрі қарайғы тағдырымның қалай болатынын елестете бастадым.

– Мен көп шәкірт тәрбиелеген ұстазбын. Менен оқы. Өзім үйретем, – деп түйіндеп қойды. – Құжырамда бол. Басқа да шәкірт азаматтарым бар. Сенің көркейейін деп тұрған кеудеңе білім шұғыласын түсіріп, амандықтың алты қабат дұғасын етем. 

Содан кейін соңғы дұға жайлы түсіне қоймағанымды аңғарып: 

– Амандықтың ақ бұлтты алты қабат дұғасын естіген бе едің? – деді сынай қарап. 

– Естімеген екем.

– Үздік шәкіртім болып көңілімнен шыққан кезіңде осы дұғаны сен үшін жасаймын, – деді ол. – Сонда сені Алладан басқа, жер бетінде ешқандай жау ала алмайтын болады. Сәттілік дұғасынан қат-қабат қылып сауыт кигізем. Атақты Шыңғыс ханның өзіне әулиелер осындай дұға оқып, оның үстіне кішкентай аппақ бұлттан кие тұрғызған. 

Осы кісінің қолында бір жарым жылдан артық уақыт тұрып молдалық оқыдым. 86 жастағы Мұхаммет Емен деген бұл кісі Бұхарада оқып, Иранды аралап, парсының таң жолағын сіңірген көкпеңбек діни сарайларының берік бір қабырғасындай еді. Таңның күміс сәулесі сылаңдап қабырғадан қозғалғанда, мұндағы 7~8 тұрақты, 15 тей келімді-кетімді шәкірттің әрбіріне таңғы ас ретінде бір шоқ жүзім, бір нан, бір шәйнек шәй берілетін. 

Түскі, кешкі ас мәзірінде манты, шәк-шәк пен оқат, сорпа, жүзім шырыны, палау сияқты дәмдінің дәмділері көп-ақ болатын. 

Ол кісінің үй шаруасына көмектесіп, 100 қадамға созылған ұзын ауласындағы көгалын суарып, көкөністерін түптеп тыным алмадым. 

Мені бір рет Марғұланға жұмыспен жұмсады. Марғұлан – Ферғана өңірінің ішіне кіреді. Өзбектің майдақоңыр, жанға жайлы жұмсақ тілі Қоқан хандығының орталығы болған Қоқан қаласынан басталып, әдеби тілдің әдемілігі осында пайда болып, төрт төңірек Әндіжан, Наманған, Ферғана өңірлерінің осы жермен ұласқан сөйлеу тілін «тұщы тіл» деп атап, сүйсіне тыңдағысы келеді. Марғұланға барып жұмысымды бітіріп, бір шайханада тамақтанып алып қайтайын деп отырғанымда, маған жақын тұрған тапчанға бірнеше жігіт келіп жайғасты. Олардың бұзақы жігіттер екені, осы төңіректі қарауылдап жүретіндері отырысынан, сөз-сөйлемдерінен белгілі-ақ еді. Олар маған естірте мені келеке қыла бастады. 

– Көзі мұншама жыпсиған қытай ма? Домалақ әңгелектің өзі дерсің? 

– Мынаны қолыңа алып жерге ұрсаң, әңгелектің ішінен шыққан тұқым мен балшық бал мынаның да ішінен шығатын шығар? 

– Екі көзіне екі ұрсаң жыпсық көзі енді ашылмайтын болады. 

– Бәстесесің бе? 

– Шақырайық! 

– Әй, бері келші! 

– Бері!... Бері кел! 

Сол кезде мен көкірегіме алақанымды басып, оларға сырттай сәлемдестім де, басыма бәле таппау үшін тезірек тұрып кетуді ойлап, даяшыны шақырдым да есеп жасап: 

– Рахмет! Алла разы болсын! Тамағыңыз өте дәмді болыпты, - деп жүре бастап ем, олар мені айқайлап шақыра бастады. 

– Рахмет жігіттер! Алла разы болсын! Аман болыңыздар! – деп оларға естіртіп кетіп бара жатыр ем, олар тапчаннан түсе бастады. 

– Шақырсақ неге келмейсің, ей? – деп даурығып келе жатыр. Қасқаланған, сары маңдайлы біреуі тап беріп еді, шарт еткізіп ұзыннан сұлатып өз басын әңгелекке айналдырып жібердім. Оңбай түсті. Осы арада шайхана иелері ара түсіп: 

– Неге тисіп жатырсыңдар? – деді болысып.– Менің шайханамда шу шығаруларыңа болмайды. 

Осы дүбірде сақшыларға кім хабар берді екен, әйтеуір қоқақтаған иықтары пагондарымен жалтылдап жетіп келді. Полицияға бәрімізді алып кеткенде, сол кезде аз-кем ерегесулер болды. Сонда мен төбелес шығарғандарға: 

– Өзбексіңдер ме? Сартсыңдар ма? – дедім. 

Олар бір ауыздан: 

– Сартың не, өзбекпіз! – деді. 

– Руларыңды білесіңдер ме? 

– Білгенде қандай? Мың руын естіп пе едің өзің? Қоқанды билеген Болат ханның, Нәсіредін ханның руынан боламыз біз! – деп сойғақтады. Өңшең құрық бойлы қырқылжыңдар еді. 

Болат хан деген өзіммен аттас хан аты аталғанда, бүйрегімнің бүлк етіп бұрылғаны бар. 

– «Өзбек – өз ағам! Сарт – садағам!» дейді біздің қазақ. Қазақ пен өзбек ру сақтап, еркін далада құстар құсап көшіп-қонып жүрген. Сақалыңды сипағанша сауда жасап үлгеретін сарт емес, өрен жүйрік секілді өзбек пен қасқыр мінезді қазақтың қаққан қазығы бір, ашқан есігі бір, – дегенімде менің аяқ астынан тауып кеткен тапқыр сөзіме бас шайқаған өзбектер тағы бір асханаға апарып сорпалатып күтіп, мені Әндіжанның көліктеріне отырғызып жіберген. 

Әндіжандағы оқуым да көп өтпей аяқталды. 

Осы арадан шыққан соң Өзбектің қалаларында бір жарым жыл уақыт өткіздім. Сұрхан-Дәрия, Қасқа-Дәрия, Жызақ облыстарының өзбегі қазақ ырғағымен сөйлейді. Сырдан өтіп Әмуге келіп қыстаған Қоңырат, Найман, Қыпшақ, Ашамайлы, Тама, Қаңлы руларының осы ырғақтың қалыптасуына үлкен әсері болды деп қарайды білетіндер. Бұхара мен Самарқанның жергілікті жұрты сарт болған соң тәжік тіліне басымдылық береді. Новай облысының қанатың талар ұлан-қайыр қырын қазақ жайлағанымен, ойында отырғандар Бұхараның сарты болған соң, 1982 жылы ашылған осы облыстың да жергілікті сөйлеу тілі сартқа бейімделген. Хорезм аумағы түрікпен ықпалымен сөйлейді. Ташкент жұрты үлкен жақтан Ферғананың майдақоңыр тіліне етене тілмен сөйлейтін көрінгенімен, оның тілінде қазақтың қоңыры, сарттың да сылдырауы байқалады. Бұхардың, Новайдың жұрты «келиябди», «кетиябди» деп сөйлесе, Ташкентте «кебвотти», «кетвотти» деп, «ябди» мен «вотти» сөзінен бір мәнердің екі айырылуы аңғарылады. Осы аралықта өткен жылдардағы бұлаңшылықтан, ұсақ-түйек бандиттықтан тапқан қаражатым не сатып алам десем де жетіп тұрды. Содан кейін ап-сап басылған соң, 5~6 тал сақал қойып ап, селеу сақалымды селдіретіп молда болып елге қарай беттедім.

Әндіжандағы ұстазым айтатын еді, мұны айтатын да қолын жайып бата қылып кететін: 

– Ау, балам, Болатбек, сен өмір жолыңда кездескен қандай қиын, қорқынышты жағдайдан да қорықпа. Мен сен үшін ерекше дұға еттім. Саған ешкім тиісе алмайды, – деп. 

Әндіжаннан шығып бара жатқан кезімде аспан құшағынан көзілдіріктің қабындай аппақ бұлт жылт етті де, жарқырап нұр шашып барып жоқ болып кетті. Осындай хикметті алғаш көруім еді. Байыбына бара алмай, жарқ еткен бұлтқа қарадым да қойдым.

Содан бері көзілдірік қабындай үлкендікте, биіктен көрінетін осы кішкентай ақ бұлт біресе домалақтанып, біресе сол ұзыншақ күйінде, кейде бүйректей бұлтиып, сан алуан пішінде аспанның мен қарап қалған бұрышынан жарқ ете қалады да, көз ұялтып нұрын шашып болып жылдам жоғалып кетіп отыратын. Кейде қатарынан ай сайын, кейде екі айда бір көрініп отырады. 

Өмірімдегі сын-сағаттарда, маған жақын адамдар өміріндегі қиындықтары үшін менен ақыл-кеңес сұрап тарығып келгенде сол киелі ақ бұлт көрінеді де, әрі қарай шаруаның бәрі оңтайланып, қиыншылық жылдам шешіліп кете беретін. Ең бастысы, осы бұлт маған және мені пана тұтқан адамдарға қас қылмақшы болғандардың жүрегіне ауыр қорқыныш салатын. 

Әулие ұстазымның «Саған ешкім тиісе алмайды. Сен үшін ерекше дұға еттім. Қандай қауіпті сәттерде де қорықпа. Қорықпа, балам!» деген сенімді дұғасынан кейін төбемде пайда болған осы Шыңғыс ханның ақ бұлты мені және маған сенгендерді жақсылыққа жеткізіп, жеңімпаз етіп келеді. Осы кие тудырған алауыртқан сезімге шомылғанымда Құдайға шүкіршілік етіп, үнсіз көзімді жұмамын.

***

Мен сонда аспаннан жарқыраған шағырмақ бұлтты көрдім. Етегіндегі нұрға тоймаймын. Ортада құбылыс күшті жасап тұрған Алланың демі тұрғандай. Қос алақан болып жайылған алып, тылсым көрініс кейінгі Қазақстан байрағынан аумайтын еді. Қазақстан картасы тәуелсіз елдердің картасының қатарында көзге түсті. Сол карталарға көз қадасам ғажап оқиғалар басталып кетеді. Санам құспен ұшып сол елдердің төбесінен түсем. 

Осы жайды Асан досым:

– Ұшпалы табақшаларға отырып ұшып кеттік. Миллион жылға заулайтын кванттық қарқынмен. Сүмбіле жұлдызына жұлынған түйме жерге түсіп болғанша жетіп барғандай болдық. Оқта-текте ғажайыптар легі көз алдыма келіп отырады. 

Оның аянының айқындауынша «Қазақтың сонда 160 киесінің 45 киесі ғана оянған».

Домалақ жердің әулие-әнбиесі қазаққа бата беріп жатты. От иесі – Үр Мазда, су иесі – Сүлеймен, шалғы орақты, күлапаралы ажал иесі Алдашы.. Көк пен жердегі көзге көрінгеннің бәрінің иесі бар екен. Күн мен түннің иелері, бұлт иелері болған Алланың бекіткен періштелері екі апта бойы тоқтамай бата береді. 

Сонда Асан адамдардың көзіне қарайды да, көзінің шіне кіріп кетіп тағдырын көріп шығады. Тақуалық кезінде табысты көрермен болудың терезесі ашылады. 

Әндіжаннан 1990 жылы киелі ақ бұлтпен алғаш амандасып бері қарай шығып келе жаттым. Бүкіл шуыл жоғалып, күн жүректей тынышталып, жұмыртқаның сарысындай уызданып аспанда қалқып тұрды да, өмірімнің қаннен-қаперсіз бір сәтінде Әндіжанның көшелерінің топырағының қаңсыған иісін жұтып шыға бердім. Бір сәт қасқайып та тұрған шығармын сол топырақ иісімен де қоштасып. 

Елге келсем мені тіміскілегендер көбейді. Әндіжаннан шыққандағы тыныштықтың орнын шуыл басты. Үкімет орындары КГБ қызметіндегі архивтерімді түгел жойып жіберген екен. Соның себебінен мен сол кездегі дәрежем бойынша алуға тиісті 7 мың доллардан асатын пенсиямды ала алмайтын болдым. Тірі қалғаныма шүкірлік етіп, барға қанағат қылып Ескі Қаладағы мешітке қызметке келдім. Бұл кез сол 1992 жылдың өзі еді. 

*** 

1994~2000 жылдар арасында осы Қошқар ата мешітінде кезекші имам болдым.

Сауда-саттық қызып жатқан қан сәске. Молдалық ақ шапанымның жанқалтасында әрқашан шариктер жүретін. Жайдан-жай жүргенде қолымды қалтаға салып аламын да, қалтамдағы үш шарикты тоқтаусыз айналдырып жүремін. Сонда шариктер қуат көзіне айналып, алақаның ысый бастайды. Шарикты мықтап ұстағым келсе, қалтамнан алып шығып та уысымда айналдырып жүре берем. 

Шынтуайтында, сақшылардың өзі біздің базарға қалта ұрыларын аптасына бірді-екілі рет кесте қойып арнайы кіргізетін. Олардың олжаларынан өз үлесін алады, көрсе көрмеске салып, ұсталса қашырдай босатып қашырып етеді дегендей. Әйтеуір, арада мең-зең болып есінен айырыла жаздайтын біздің қарапайым тоналушылар ғой. Бәрін біліп қарап тұратын айлалы көзіміздің соларға жаны ашиды. Әуелгі күні базарға әйел ұрыларды енгізсе, одан кейінгі күндерде еркектерді кіргізеді. 

Мешіттен шығып базарға барып "мәсі аламыз!" деп барып тұр едік, ұрыларды байқап қалдым. Қалтамда 7 тал шаригім бар еді. Әлгі шариктерді тоқтаусыз айналдырып қыздыра бастадым. Біз үшеу едік. Әлгі ұрының біреудің қалтасына қол салғанын көріп «әй-әй-әй!...» дестік тоқтатпақ болып. Сонда оның сыртынан қарап тұрған сыбайласы жетіп келіп: 

– Тыныш тұр, бала! – деді. 

Күшіне сеніп өзін зорсынған алып 40-қа шығайын деп тұрған мені "бала" дейді. 

– Ә-әй, сен не қылып жатырсың? Ұят емес пе? – деп едік, әлгі төне түсті. Бір сатушы: 

– Бұл молда ғой,– деп ара түспек болып еді, ол: 

– Өлгеннің түссгиін. Махұлық. Мылқау болып тұра бермедің бе? – деп сықпыртып жатыр көпе-көрнеу. Тайсайтын түрі жоқ. Ұялудан садаға кеткен. «Сах!» еткізіп жақтан ұрып құлаттым. Сыбайластары топырлап жүгіріп келе бастады. Үнемі бір-біріне құлақ тосып қостап, құлашымен қолпаштап жүретін бес-алты сұм екен. Жинала қалды. Қалтамдағы қызып тұрған шариктен біреуін алып, ұмтылып келе жатқан біреуінің маңдайына оқтай қадап атып ем, тайып түсіп есеңгіреп отырып қалды. Оның қалай құлағанын анықтап көріп отыратын орай болған жоқ. Көз ілеспес жылдамдықпен екінші, үшінші шариктерді алып тағы екеуін бастан атып құлаттым. Қасымдағы екі молда бала мұндайды көрмеген. Шошынған көздері шарасынан шығып барып, шарасына қайта іркілді. Жығылған ұрылардың біреуі орнынан тұрып маған қайта жүгіргенде төртінші шарикпен оны қайталай атып түсірдім басынан. 

Бұл шарикты көп сөз ете беруге болмайды. Оның тапаншаның қадап атқан оғынан айырмасы жоқ. Бабымен қадасаң дайын мылтық. Ол қолымнан атылғанда тас құмалақ болып тимейді, кәдімгі мылтықтан атылған оқтың тебінімен ұшыртып барады. Шаолиньдегі шыфуларым (ұстаздарым) құсап қырынан, жанынан шарик оқты атуды білмейтін едім. Тек тіке лақтыруды білемін, тоқ-тоқ еткіземін. 

Осы шарикпен ұзаса 15 метр, одан бері болса 10 метр шамасындағы жерден дұшпанды ұрып құлата аласың. 5 метрде тіпті жақсы самғайды ауамен ескен оғың... 15 метрден әрі қарайғы нысанаға тигізуге болады. Алайда, шариктың күші ұзаған сайын жоғалып, тебіні қайтады. 

Ең бастысы, мұны өте дәлдеп ұру керек. Бастың кез-келген жеріне тисе болды, құлайды. Ал, денеге келсек, дененің тек өкпе тұсынан тисе құлатады, қалған жеріне тисе соққысы мардымсыз. 

Басқа тигізу қиын болса, шарик орнына шегені пайдаланып, дененің кез-келген жерін зақымдауға болады. Оның жаралау күші зор болған соң, қолданбай, сақтанасың. 

Автовокзал базарында болған еді осы оқиға. Қаланың көне шаһар жағында. Қазір оның орнында Magnum бөлшек сауда сарайы тұр. 

*** 

Бұл жердегі өмірімде барынша жуас болып жүрдім. Құпияны ашудың қажеті жоқ. Заманның сұрқы жаман, бірдеңе десең бәлеге қаласың. Анау түртіп кетеді, мынау былшыл сөзін жағады. «Қорқақ екен» дей бастады. Шымыр болып шыңалмаған, сүйегі қатаймағандар сүйек үгітер соққымнан өліп кетеді. Сол үшін басымды амандап жүретінмін. 

– Шауолин монастырінің мастерімін дейсің, өнеріңді көрсетсеңші! – деп екі жыл миымды жеп келген, бұрын самбо күресімен айналысып, кейін бокспен өнерін толтырған 35 жастағы жігіт алды-артымды жыландай орай берді. Ол отырған жерде мазам қашатын болды. 

– 67-ге келіп қалған адаммын, не қыласың? Кунг-Фу үйрендім екен деп маймыл болып билейін бе алдыңда? Әнші болсам ән айтып беремін, күйші болсам күй тартып көрсетемін. Жұдырығымды қалай көрсетемін?! 

– Бір жұдырықты бекітуге 8 айымды арнап, күніне 2 сағаттан 1600 жұдырық жұмсап үйрендім дейсің. Қане, көрсетші? – дейді есерленіп, ернін жалап. 

– Қуыршақпын ба сенің алдыңда желге тербеліп билейтін? – дедім де, содан кейін оң жақ аяғыммен сол жақ аяғының тобығынан қатты қағып кеп жібердім. Жығыла жаздап маған сүйене бергенінде шынтағымды ішке алып, шынтақтың түбімен төсін тілгілей ұрдым. Енді төсін ұстап қорғана бергенінде оның тосалғысын бұзып өтіп төсіне тікелей жұдырық сермедім. 

– Аа-а-ай! – деп ышқынып дем ала алмай бүктеліп отырып қалды. 

– Аузынан үрлеңдер! – дедім қоршап тұрғандарға. Осыдан соң оның төсі жарылып кетіпті. Төсі іріңдеп үш рет ота жасатқан. Кейін жанындағыларға «ұрған кезінде көзім қарауытып кетті» деп айтқан екен. Бұл өзі күн сәулесі сөне қоймаған бір үйдегі қатым біткен соң болған жағдай еді. Екі жылдық табалауы өтіп кеткен соң төсін тоздырып жібердім. Одан кейін оны көргем жоқ. Шымкенттің бір шетінде тұратын. 

***

Қошқар ата суының бойындағы осы мешітті Дәуітұлы Шыңғысбай қажы Самарқанға менің нағашы атамның Құдай жолына деп берген бір қора қойын айдап барып қыш керпіш әкеліп, шебер алдырып салдырған екен. Үш мұнаралы мешіттің биіктігі 4.5 метр, жер асты үйінің биіктігі 2.5 метр келеді. 

Осы мешітті өзбек ағайындар «өзбектің мешіті» десіп, бұл мешітті Қошқар ата мешіті ретінде қалдырмақ болғанда, мен 1965~1967 жылдары осы мешітте азаншы болған әкемнің мешіттің салыну тарихы бойынша айтқан дерегін жазып беріп, осы дерек бойынша мені «сары бала» деп жүретін сол кездегі бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы мешіттің қазақтарға тән екенін айқындап, оны «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешіті» ретінде қалдырған болатын. Сол мешітте екі жыл азаншы болған әкеміз Есқара Нұрманұлы 1897~1969 жылдары өмір сүрген Құдайының құрметті пендесі. 

Рәтбек қажы Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің бас имамы Зейнолланы басқа жаққа жіберіп, орнына Павлодардың сол кездегі жалғыз мешітіне бас имам болып жатқан, Шыршық суының тумасы Кененбайды бас имамдыққа әкелді. Ол кезде облыс имамы тәжік ұлтының өкілі Мұхмила қажы Қабиболлаоғлы болған. Рәтбек қажы оның орнына Түркістанда бас имам болып отырған Ахметжан Пірәліұлын әкелді. 

Мен бұдан әрі қарай, 2000~2004 жылдар арасында Ордабасы алаңындағы Қаттани мешітінде кезекші имам болып абыройыма айналам айрандай ұйып жүрген бір кезеңде, осы базарда екінші рет ұрылармен айқасым болды. Зат алып тұрған адамның әмияны көз алдымда суырылып бара жатыр.

– Әй-й-й!...дей беріп ем, оны көріп тұрған сатушы «тыныш тұрыңыз!» деген ишарамен бас шайқайды. Сол кезде бір әйел келіп мені бас салды. Ол әйелді итеріп жіберіп ем: 

– Сен не, нәзік әйелді ұрып жатырсың ба? – деп бір еркек жүгіріп келді. Ойланатын уақыт болған жоқ. "Айтысып тұрам ба?" деп бір шайқадым. Шатқаяқтап жығылды. Базардағы қарауылдар келе берді. Мені танитын еді. 

– Қойыңдар! Бұларың не? – деп жатыр еді, әлгі ұрының сыбайластары жинала қалыпты. Сарт-сұрт төбелес болып кетті. Бокстасып жүрсең мұндайда ұтыласың. Сол үшін бокстасуға орай бермей, бірден аяқтың ұшымен шапалақтауға көштім беттерін. Үшеуін чых-чых еткізіп әдетімше қан шығармай теңкиттім. Сол кезде жонымнан келіп жұдырық тиді. Менен жекпе-жектен сабақ алған бір жігіт осы жерде сатушы еді, сол өзінің сөресінен секіріп түсіп қорғаштады. Арттан келген үшеуге мен үшін араша болып тұр еді, өңмеңдеген біреуі өрекпігенде оны бір ұрып қанжылатып, екіншісіне маңдайынан жер сүзгізді. Бәрін сырттай бақылап алған сақшы осы кезде пайда бола кетті де, маған жала жаппақ болып: 

– Шу шығардың. Полицияға менімен бірге барасың,– дегенінде, қаным басыма шапшып: 

– Менің кім екенімді білемісің, антұрған? Мен деген КГБ-ның полковнигімін! - дегенде бақырайған көзіне бадам сыйып кете жаздады, - Ұрыларды базарға енгізіп, қарғаларыңды қорғаштап тұрғаның мынау! Сүйегіңді сықырлатып сындырып кетем. Мына тозықтарыңды жинап ал! Маған десең, ұрыларды базарға енгізіп үлесін алып отырған аш полковнигіңді алдыма алып кел. 

Осы кезде базарды сыртынан қарауылдайтын Жамалбектің тобы келіп қалып: 

– О, өзіміздің Шуылдақтың сойқан жігіті! – деп арқамнан қағып жатты. Тоңазыған арқа, бұжырайған шекемнің тырысы әзірге жазыла қоймай әрең тұрдым. Сол кезде осы төбелестің арасында ара түсіп, қорықпай жүгіріп жүріпті бір келіншек. Қырғыздың қызы еді. 

– Сізге кішілікке шығайын. Сайыс өнерін маған үйретіңіз! – деп көп айналып-толғанды. Сол кездері миымды мүктенген ойлар басып алды да, үйретуге зауқым соқпады. 

*** 

Иә, қырғыздың шымыр қызы, сен де қаз құсап көшкен қанатты көшпендінің, мен де қанатты көшпендінің тұқымымын. Қанатты көшпенділер жортуылға шыққанда осындай сайыс өнерінің ат үстіне бейімделген түрін құстай қағып алды. 

Қазақ-қырғыз барымташылары шоқпармен, сойылмен – тізеден, бауырдан, бүйректен, иықтан, кейде маңдайдан қағатын. Сол секілді бауырдан сол қолмен, бүйректен оң қолмен ұру қарсыласыңды бүк түсіреді.

Сол қолмен бауырдан ұру, оң қолмен бүйректен ұру – Қазақ боксның әлем боксына қосқан қос қоңыр жаңалығы болды. Ғасырлардан бері келе жатқан сойылмен ұратын барымташылардың кәнігі тәсілінің қазақ боксына енуі деп есепте мұны. 

Бокста бастан, жақтан ұру ғой әйгілі нәрсе. Көкіректі де көктеп өтеді. Алайда, әлем боксына қазақтың қосқан жаңалығы – Өкпенің астынан ұрып қара бауырды езіп жіберетіні болған. Бұл көрер көзге іштен соққылап жеңіл көрінгенімен, аса қауіпті тәсіл. Уақыт өте келе соққы алушы өмірмен ерте қоштасады. 

Жақтан ұруға көп мән беретін әлем боксының ортасына Головкин, Левит, Жәнібек сияқты қазақ атынан шыққан азаматтар да қазақ боксының осы мектебінен өтіп, сол қолмен бауырдан, оң қолмен бүйректен ұруды мықты меңгеріп шықты. Әлем алдында атылып тұрып қолданды. 

Алдыға қарай атыла бермей, солға қашып бауырға, оңға қашып бүйрекке соққы жасап, айналып келіп ауыр соққымен айқасты ақырластыруға аяқ астынан бұрқ еткізетін жылдамдық керек. "Бах!" еткен соққының дыбысынан кейін жеңістің де үні жетіп келеді. 

Сол қолмен бауырдан ұруды ең алғаш Қажымұқан 1905 жылы Харбин қаласында өткен жекпе-жекте «джиу-джитсу күресінің әдісімен барлық бураны басымнан асырып омақастырам» дейтін Сараккиге қолданған. Саракки соншалықты алғыр болған, бөгет қойып құтылған. 

Барымтада қазақ жортуылшылары шоқпардың мүйізді басымен қарсыласының бүйрегін сүзіп өтетін. Кунг-Фу өнерінде бүйректен тебу – Қарсыласының бүйірінің қызметін мәңгі бақи қатырып тастаумен тең. 

*** 

2004 жылдан әрі қарай 10 жыл өзім тұрған Қамза махалласында Тасбау-Сәлімбай мешітінің бас имамы болып, Құдайдың дінін төңірегіме жайып, талай тентекті тиып, бұзылғалы тұрған отбасылардың шаңырағының шайқалмауына азаматтық үлесімді қостым. Теріс ағымда едірең қағып ерегескен, балағы шолтиған, сақалы қырық қарыс қырсықтарды сұсыммен мешіттерден қуып шыққанымды, 10 жыл бойы осы мешітке жолатпағанымды жұрт әңгіме еткенде ұялып қаламын. 

Патриоттық қозғалыс – «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесімін. Қай-қашанда жаным – Қазақ, уа, тәнім – Қазақ менің! 

Ердің жасы елудің белін майыстырып, сол сүйікті Тасбау-Сәлімбай мешітіне бас имам болып жүргенімде уытты вахабистерге:

– Дәлелсіз мешітке кірме. Дәлелсіз мешітке кіріп уыңды себетін болсаң сабаймын! – деп сес қыламын, алайда сақалы сабанға айналған олар бұныма ыға қоймады. 

Таң намазынан меруерткөзденіп күн шыққанға дейін мешіт пен Металлургтер саябағының арасын орағытып жүгіретін едім. Үйден үш аялдамадай жерде, 1.5 шақырымдай жерде орналасқан саябақтың әрі жағында бұрынғы Комсомол баспасөзінің орнын көктеңбілдеп «Родина» кинотеатрі жан-жағын жайпай қарайды. 

Тарих ауысқан үстіне ауысып, қазір оның орнына би бұрқасыны тоқтаусыз соғып тұратын тойхана келген. Қарсы бетте T.S жанармай құю орны көкжиектеніп тұратын.

Саябақтың ішінде сабағы сапырылысып арпа егілген. Арпа шығаратын иіс ауаны алтындап тұрушы еді. Соның иісіне жақын отырып бой жазатынмын. Сол жерде демалып асықпай қайтатын ем. Жекпе-жекке дайындалған шәкірттерімді кейде сол жерде жаттықтыратынмын. Бәрі де сол арпаның иісі үшін болатын.

Бір күні таң сәріде жағалап сол саябақтың бұрышына келсем, қысқа балақты, сабалақ сақалды үшеу тұр, оның арғы жағында тұрған тағы екеуін көрдім. 

Өрнектері әбден ескірген таммен қоршалған саябақты айналып, жаңағы үшеуінің алдынан жүгіріп өттім. Сол кезде артымнан шықырлаған аяқ дыбысы, ұмтылыстар естілді. Алдымнан бағанағы екеуі көлденең шыға берді. Қолдарында – темір таяқ. 

Арт жағымнан аптығып жетіп келгені таяғын сермеп еді, жалт бұрылып ауырсынбайтын тәсілмен қолымды қырымен айналдырып таяғына бөгет қойып қайырып өтіп, көкіректен гүрс еткізіп отырғыздым да, басынан батпан соққы бердім. Ол сылқ етті. Лезде артқа шегініп, таяқтың пәрменімен айналып өтіп, шынтағыммен айналдырып ұрып екінші адамды сұлаттым. Шалқая қалып таяғын өткізіп жіберіп, үшіншісін де осылай айналып ұрдым. Гүрс етіп топырақ қапқан бейшара. Одан кейін тұруға әрекет жасай бастаған екінші адамды бір теуіп үлгердім. Алдымнан тосқан екеуінің біреуі келіп қалған екен, әбжіл қимылдап таяғын теуіп жіберіп, оны қақ маңдайдан қақырата ұрдым. Енді бұрылып қарасам, көкірегінен соққы алған алғашқы адам аузынан бұрқ-бұрқ еткізіп қанды көбік атып жатыр екен. Бесіншісінің өңіне қарай үңіліп едім, ол кеден (таможня) мекемесі тұрған Первомайка көшесіне қарай зымырады. Оны қуған жоқпын. Алғашқы ұрған адамымның аузынан атқалақтап жатқан қанды көбікті көріп өзім қаштым. Таможняға жетпей оңға бұрылдым. Первомайкаға түсіп алып Абаймен зырлап, Интернациональнаядан өтіп, осындай ұсақ 6-көшеден соң оңға бұрылып, "Үшінші дүкен" деген жерге келіп Шәмші Қалдаяқовтың көшесіне қарай шықтым. Бұл кезде артымнан полиция көлігінің құйқылжыған дыбысы естілді. Сол жерде дәу трансформатор бар еді, соны қалқан тұтып тығылып қалдым. Полиция көлігі «у-іу-іу!...» етті де инеліктеніп өте берген. Әр бұрышты паналап отырып жүгіріп үйге келдім. Көліктер әр-әр жерде көбелектеніп жүрген, адам аз кез еді. 

Түсте қақпаны тақылдады. Ашсам үш жігіт келіп тұр екен. 

– Ассалаумалейкум! 

– Уағалейкумассалам! 

– Таңертең саябақта болдыңыз ба? Қандай жағдай орын алды? 

– Жоқ, мен болған жоқпын. Үйден шықпадым. 

– Біз де өзіңіз сияқты КНБ адамымыз. Аузынан қанды көбік атқан жігіт сол жерде о дүниеге жүріп кетті. 

– Қасарысқан қара қанды көбік жұтып жатыр еді... 

– Қақ маңдайдан соққы алған жігіт сол жерде меңірейіп қатып қалған. Емханаға апарғанда жан тапсырды. 

– Өздерің КНБ мүшесі болсаңдар бәрін білесіңдер. Олар вахабистер. Менің вахабистерді мешітке енгізбейтінімді де білесіңдер. Осы істі өздерің жабыңдар. 

– Өзіміз де соны айтайық деп келдік. Бұлар жансебіл жетімдер. Ештеңеден тайынбайды. Атамандары айдап салған көрінеді. Ешбіреуінің аман қалуы екіталай. Жоспарды мүлтіксіз орындай алмағаны үшін, істің ізін жасыруды ойлап анау қашып кеткенін өздері-ақ құртатын көрінеді.

***

– Жаңа ана жақта көбелектенген бейнеде көрінген ақ бұлт жарқ етіп қана қоймай, гүр еткен дыбыс шығарып барып ғайып болып кетті, – дедім шәкіртіме. Бұл сөзді бүгін шәкіртіме екі рет айттым. Себебі, ол осылай екі рет көрінді. 

– Бұлтыңыз ойнап тұр, – деді ол. – Бірер айда бір көзге шалынатын бұлтыңыз бір күнде екі рет жарық жүзін пәш етсе демек ісіңіз ілгері, денсаулығыңыз мығым болайын деп тұр,– деп аспанға менімен бірге қарады жазушы шәкіртім. 

15 метр жерден бүлдірген қызарып жалғыз тамшы болып ілініп тұр. Бұл тартымды көрініс есік алдында еккен бүлдіргендерімнің жапырақтарының арасынан сипап, шоқтай бастарын бері бұрып дәмін татуға ұмтылдырады. 

– Шәкіртім, өмірдің бір тамшы қанындай болып қызарған осы бүлдіргеннің әдемілігі сен бұған дейін атын естімеген Карамат деген Ауғандық перизаттың көзіндей еді. 

– Ол кісі кім болды? – деді шәкіртім. 

Күн дәл осылай батып бара жататын. Жапырақтардың арасынан жерге қып-қызыл болып тамып кете жаздап тұрған анау бүлдіргенді қарашы, тура соның өзіндей батып бара жатқан еді ғой күн. Жұтынсаң жұтылып кете жаздап тұрған күнге қарап шай ішіп отырғанбыз. Шайдан кейін жатуға ыңғайланып үйге кіріп, оны бауырыма тартып құшақтап отырамын. 

– Карамат! – деймін атын атап. 

Ол жымиыңқы тартады. Бүркенішін сусытып, жап-жарық жүзімен алдымды жарықтап, мойнынан, бұғанасынан сипай түсемін. Қараңғылықтың тезірек түскенін қалаймын. Қараңғылықтың қара шырағы жағылғанда ең ыстық аймаласулар басталады. Желтоқсан оқиғасында қудалаудан қашып Ауғанстанның шет жағында бір жарым жыл паналағанымда болған өмір бұл. 

Мұндағы өмір – Өмір еді. Ескілікті өмірдің қалыбымен құйылған адамдар менің жаныма сондай жақын. Бұл жерден кеткім келмейтін. Егер, офицерлік өмірімнің сыры шет жағалап ашыла жаздамағанда, мен бәлкім осы жерде бұдан да көп уақыт боларма едім?! Ауғанстанға өткен соң мен қазақтар қоныстанған ормансыз тақыр таудың басына бардым. Етекте бір жарым шақырым жерде көл болды. Оны олар "көлшік" деп атайтын. Соның бойына түсіп қаз-үйрек атып, тауынан тауешкі аулайтынбыз. Иір мүйізді ешкілер, салпаң құлақ қойлар бағады. Асы да берекелі. Көп үй бір аптаға бір ешкінің етін талшықтап отырып жеткізеді. Ешқашан тойып тамақтанбаймыз. Оқты үнемдеу үшін балалар шүперекке тас түйіп, соны айналдырып-айналдырып 15~20 метр жердегі қояндарды талықсытып ұрып алып келетін. Адамдарында көре алмастық жоқ. Кішкентай қуанышыңа тойы болғандай қуанысады. 

Мен тұрған таудың басында 17 үй тұрды. Етектегі елді мекенде 50 үй бар. Мұндағы үйлердің бәрінде аула бар. Бірақ, аулалары таммен бөлінген емес. Ақтеректерді тізбелеп егіп сонымен аула тұрғызған. Төбедегілері негізінен Төртқаралар болса, етектегілерінде Қарасақалдар көбірек. Өңдері бізден көрі Үнділіктерге бейімделіп кеткен. Көлшік жағасындағы жапырағы пілқұлақтанған ағаштарды үкімет әскерлері қаруланып келіп қырыққан кезде әрлі-берлі жүруге тыйым салынатын. "Олар мұны кесіп жиһаз жасауға әкетеді" деп естідік.

Ауғанстанға аяқ басқандар ғана білетін бір үлкен құпия мынау: Ауғанстанда қазақтар үстем тұрады. Тәліптер әр ұлттың қыздарын үйінен алып кетіп жатса да, қазақтың қыздарын әкете алмайтын. Қазан төңкерісінен кейін осында келген бұл қазақтар өңшең басынан сөз асырмайтын, өр кеуде әулеттердің тобы болған екен. Жендеттер бұлардың қызын сүйрелесе тасжүректерді бұлар бірден атып ұмататын. Саны аз жұлдыз болса да, жарығы күштілігімен жойып жіберетін осындай топтарға қайран қалмай тұра алмайсың. Бәрінде қару-жарақ. Ауылды ақсақал билеп, бір мәселе болса соны ортаға тастап мұқият талқылап, байсалды шешім шығарады. 

Құрғақ таудың басынан етекке бұлақтар сорғалап ағатын. Қыстың күнінде қар қапалақтап тұрсада ешқандай тоңуды сезбейсің. Жып-жылы ауада қар меруерт тозаңындай ұшқындап тұратын. Тәліптер әскерге жарамды адамдарды іздеп тініткенде бозбалалар, мен секілді келімсектер адырларға тығылатын. 

Келгеніме екі ай болғанда өмірімнің жаңа гүлі бүршік атты. 

– Сен бәрібір кететін адамсың. Мұнда күйеуі үш рет талақ берген бір әйел бар. Шариғат бойынша күйеуінен үш рет талақ алған әйел басқа ерге шығып ажырасса ғана сол күйеуіне қайта тие алады. Оның бұрынғы күйеуі сол үшін онымен қайта табыса алмай отыр. Сен осыған үйленсең, некеңді оқысақ? – деді. Бір жарым күндей ойланып жүріп: 

– Менің бұған қарсылығым жоқ,– дедім. 

– Жап-жас әйел! – деп қосып қойды. Мұндағы қыз-келіншектер бізді сыртымыздан көріп жүреді. Ал, біз олардың қарасын көргенімізбен жүзін көре алмаймыз. Тұмшаланған беттерінен қиып түсер қырағы көздері ұшқындап өте шығатын. 

Мұнда келген соң шығыс жекпе-жегі бойынша қызыққан жастарды дайындай бастадым. Таудың адамдары әбжіл қозғалады, төзімді. Үйреткенімді үйректей қағып алады, өз жерімнің адамдарындай бошалаң емес. Ауғанға барған АҚШ әскерлері 3 шақырым жүгірсе діңкелеп қалатын. Ал, бұлар соғыс уақытында әр күні қойындарына екі таба нан тығып алып, жолай бұлақтардың суын алақанымен іліп ішіп 15 шақырымға дейін жүгіретін. 

Бұл жерде жүріп мен насыбай атуды үйрендім. Басым аздап айналғандай болады. Мұның бар құмары осы. Мұнда еркектер ішінде апиын тартатындар кездесетін. Әйелдерде мүлдем кездеспейді. Көкнарды шай орнында ішетіндіктен тұмауратпайды, қашанда қыж-қыж қайнап, терлеп-тепшіп отыратын. Адамдары ұзақ өмір сүрмейді, әрі кетсе алпыс жас. Әйтсе де, әдетте оңай-оспақ ауырмайды. 

Егілген көкнарды үкімет адамдары тексеріп кететін. Көкнарды әркімнің қалағанынша пайдалануына болады. Алайда, оны шетке шығарып сатудың қаупі зор. Сақшыларының арнайы формасы жоқ. Қарапайым Ауғандықтар сияқты басын орап, тізесіне дейін түскен салпы етек жейде киіп жүргендіктен, құжатын көрсеткенде барып ғана сақшы екенін айырасың. Менің білуімше Ауғанстан халқы Пәкістан халқы сияқты өте көп халық. Оларда құжатсыз адамдар мейлінше көп болатын. Сондықтан, "бұл елдің ұзаса 40 миллион халқы бар" деген сөзге сене бермеймін. 

Азаматтарға жаттығу жасатып жүргенімде сыртымнан көріп жүретін Карамат неке қию кезінде молданың «бұл кісіге тұрмысқа шығуға разысың ба?» деген сұрағына «разымын!» деген. Мен болсам оның жүзін әлі көрмегендіктен "сұлу болса екен!" деп тілеп отырдым. Неке оқытылып болып жүзін ашып кеп жібергенде төмен қарап жымиғандай болды. Өңі ай құсап алдымда жарқ ете түсті. Адам көзі түспеген өңі соншама жап-жарық екен. Сәмбі талдай бұралаң қаққан сұлу екенін көріп қуанып кеттім. Үйлеріндегі үш қыздың ең үлкені осы. Тағы төрт ұл үйлерінде. Менен 4 жас кіші Караматым осындағы әйелдермен бірге кендір шөптен кендір өңдеп тоқтиын. 

Маңдайын жапырақтай сипатып Карамат құшағымда жатады. Кеш бізді асықтырып тіпті тез батып келеді. Алқына иіскеу үшін бауырыма қатты тартамын. Бұл таудың топырағының иісі оның терісінде бар. Көмірдей қара маңдай шашында тәуеттің сирағындай тіктелген бірер сызық ақ шашы бар еді. Жиырмаға ілінген әйелдің маңдайын осы айбынды ақ шашы тілгілеп, оның тұтас тұлғасына ажар беріп тұратын.

Бұл өңірде монша жоқ. Шелекпен су әкеліп, қалқада, далиған тегенеде тұрып, жуынуға арналған шөмішпен су құйып жуынасың. Шарт-жағдайы жоқ осындай өңірдің сұлуларының біз ойлағаннан да таза екені мені таңғалдырады. Мұндағы әйелдерде әтір болмаса да, жергілікті жұпар шөптермен денесін жұпарлаудың жолын меңгерген. Караматтың төсінен, қолтығынан, мойынынан титтей де бөгде иіс шықпайды. Керісінше, өне-бойы мұрныңды тығып қана демалатын жұпар. Борсықтай тұмсығымды сұққылап құшырланып иіскеп шығамын. Сол жақ жамбасын сипалап келе жатып қолым тақ етіп тиетін етсіз бір шұңқыр бар. Жау-жаламда жамбасына қаңғыған оқ тиіп ота жасалған екен. 

Бір күні етектегі елді мекеннен, оның бұрынғы күйеуі келіп «қатынымды қайтар!» деп иығымды жұлқылап барып тоқтады. «Бермеймін!» дедім. Азаматтарға арпалысуды үйретіп жүргенімді көріп жүргендіктен төбелесуге зауқы соқпады, сескенді. Кетіп қалды. Караматты не үшін үш рет талақ қылғанын түсінбеймін. Ұрған да екен. Мен бұл аяулы әйелден еш жаманшылық көрмедім. Еріне ешқашан қарсылық етпейтін, өзі өте сұлу, момын әйел еді. Бір рет те қабақ шытысқан емеспіз. Тіпті, бірге тұра-тұра, оған күн сайын шексіз риза болған сайын оның бұрын біреуге әйел болғанын елестете алмаймын, ұмытып қаламын. Қыздай алған әйелімнен де артық болған жан осы. Кейінгі өмірімдегі әйелдерімді ойласам, кейбіреуі төсек үстінде кино ойнайтын әртіс еді ғой. Мұндай жасандылық бәрібір адамға сіңіспейтін. Карамат десе керемет еді. Кейінгі өмірімнің кезеңдерінде басқа әйелдерімнің қасында жатып та оны мейлінше сағынатынмын. Қыбыр етпей жататын. Бір реттен кейін тап-таза тынысымен тұнық дем алып: 

– Хастап қалдыңыз ба? – дейтін,– Тағы бір рет болса! 

Хастап дегені «шаршап» дегені. Тілдері де біздің қазақтан көрі басқаша еді ғой. 

Ауғанстаннан кеткенімде Караматтан туған балам Берік үш айлық еді. Қимадым, ол да қимады. Аққу қанатты қолдарымен құшақтай алып сұңқылдап жылады. Әрең қоштастым. 

– Ертіп кет! – деді. 

– Жолда қаншама бөгеттер бар. Өзім қуғындағы адаммын. Сені ертіп жүрсем адамның жыртқыштарына жем етіп алам. 

Кейінгі жылдары осы төңіректен Қазақстанға көшіп келген Әбдуахи деген жігіт сол күндерімді сұрап отырып, өзінің де сол жерден шыққанын айтты. 

*** 

Санап көрші. 1997 жылы, 2000 жылы, 2003 жылы араға төрт жыл салып отырып маған үш рет қажылыққа барудың орайы келді. 

Алайда, мен иманымның нұрына сенбей, «Әлі де кемелдене түсейін, асықпай барармын!» деп қалып қойып отырдым. 2023 жылы қажылыққа деген ұлы ғашықтығым оянды. Діннің ақкемеріне толтырылған иманнан су ішкеніме 35 жыл болып, қырыққа дейінгі қарақшылықтарымның ізі кетіп, көкірегім тазаланған. Мәдияр деген кәсіпкер бауырым ұмра қажылыққа жолдама алып берді. 

Бұл әлемнің ең бекзат түсіндей болған бозжасыл түспен шымқалған заттар, құрлыстар бұл қалада жеткілікті. Мен сонда 107 мың адам бір уақытта айналған Қағбаның дөңгелек алаңында тебіреніп, есім шығып төбемізден қақиып тұрған Абраж аль-Бейт деген мұнаралы сағатты да көрмеппін ғой. Қағбаны түбінен көргенде еңіреп жылап, жүгіріп бардым. Сол кезде Жаратушы маған арнайы жол ашып қойғандай кедергісіз жетіп бардым және бір минут бойы сұңқылдап тілек еткенімде денемнен ұстаған, итерген бірде-бір жан болсашы?! Адам біткен қара құсқа айналып, иенде жалғыз өзім аңырып жылап тұрғандаймын. 

– Еліме береке, тыныштық тілеймін! 

Одан кейін отбасыма, Мадияр бауырымның мал-жанына дұға етіп кері шегінгенімде, бетім бүлдірген жеген баланың ауызындай қызарып-ақ кеткен. 

– Әбден жылағансыңба, Бәке? – деді қасымдағылар. 

Күндіз бір рет, түнде бір рет айналдым. 

 

Уа, пайғамбар үйі! Мединеде де жүрмін. Пайғамбардың қабірін 3 рет айналып тәуап еткендей болдым. Себебі, бізді Мединедегі пайғамбар моласының қасындағы қонақүйге түсіре салысымен дереу сол жаққа барамыз деп шыға жөнелді. Мен киімімнің, денемнің тазалығына көңілім толмай, жуынып алып баратынымды айтып киімдерімді жуып, өзім де жуынып алдым. 

– Ата, адасып қалмайсыз ба? 565 есік екенін ұмытпаңыз. 

– Жоқ, көз ұшында көрініп тұрған жер ғой, әне. 

Сол кезде адасып моланы үш рет айналыппын. «Шығып бара жатыр едім, маған қарадың да өте бердің» дейді бірге барған ағамыз. Адасып жүрген кезім екен. Адам сияқты ұзын бойлы келген, кеудесін тіктегенімен қарияларша еңкеңдеп басатын, қызыл бет, жібек жүнді сұры маймылдарды көрдім. Қонақ үйдің сыртында бұлбұл келіп сайрап әдемі мақаммен үзіп-үзіп өз сөзін айтқандай болды. Мединеге келгенде қонақ үйіме қонған бұлбұл сайрап-сайрап, бәрін айтып ұшып кетіп, Меккеге қайтарымда тағы бір мәрте ұшып келіп шөлімді қандырды. Құлағымның шөлін қандырған домбыра дауысы секілді бір өзі. Ленинградта оқып жүргенде домбыра дауысын сағынатынбыз. Сол секілді мен де енді осы бұлбұлдың үнін сағынамын. Оны сағыну кезеңіне сол жердің өзінде өтіп бара жатырмын. 

Мекке. 

Меккесің! 

Меккеден елге аттанарда анадайда қап-қара нұр жамылып Қағба тұр. 

– Барып Қағбамен қоштасыңыз! – дейді жігіттер. 

Алдыма орындық қойып алып өліп-өшіп тілек тілеп, қоштастым құнды Қағбаменен. 

– Енді көрем бе, көрмеймін бе, аман бол Қағба! Сен сондай кереметсің ғой! 

Өз өміріме қызығып жүрмін. 

Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдарда Әндіжаннан алау-алау ілімімді құшақтап қайтып, ақыры имамдық жолға түсіп, 27 жыл бойы имамдық қызмет атқарып, осылайша 2023 жылы Меккеге барып, өз өмірімнің рухани биігіне жеттім. 

Бүкіл өмір жолымда менің жанымда белгісіз, бірақ айқын көрінетін – Шыңғыс ханның ақ бұлты еріп жүреді. 

*** 

Көзіме қан толып, жаным түршігіп, қазақ қаным бұрқ-сарқ етіп қатты қайнап, көзімнің айналасын ащы терге шылап шыңғырғаным екі рет еді. Дәл осындай жанартау осыған дейін Жапонияның жан алғышын жеңу алдында және Желтоқсанда өз ұлтымның жастарының қырғындалғанын көргенде ғана от тамшылап оянғанын айтқам. Үшінші рет мұның қай уақытта оянатынын білмеймін. Үшінші реткі жан пидамды күтіп жүрмін.

Лақап аты: Жезқоңыр

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan