Көңіл-құрақ

«ұлы дейміз, сұлу дейміз, бар мақтауын асырып, мінімізді, мұңымызды қаламыз-ау жасырып...» Г.Қ.

106

Көңіл-құрақ - adebiportal.kz

Бір қуаныш,

бір жақсылық,

бір бақтан

дәмелі едім, кезек-кезек ұрлатқам...

Көңілімді құрақ құрап жұбатып, 

Сұлулықпен жанарымды құрғатқам.

 

Көңіл-құрақ, өмір-құрақ үндеме,

Жылап қалсам, сен "өтірік күл" деме, 

жасырады ел... кім оранып жүр дейсің, 

үлде менен бүлдеге.

 

Түрлі түсті: сары, қызыл, жасылды,

Құрағымның өңі бүгін ашылды.

Мені қойшы...

өтіріктер құрайды 

жылдар тұрмақ, кейде тұтас ғасырды...

 

Жер жаһанның түрік бүгін құлағы, 

Гүл-құрағым кім-кімдерге ұнады.

Бір жапырақ шүберекке жан бітіп,

«Өмір сүру оңай ма?» деп сұрады.

 

Жас мөлдірер көне иненің көзінен...

Құрақ-дүние-ай, сені ойлап көз ілгем.

Тағдырымның құрайыншы құрағын, 

Аппақ түсті махаббат пен сезімнен.

 

Бір құдірет

 

Жүрекке ем, 

жанға дауа іздейміз, 

О, Жаратқан, сенен үміт үзбейміз...

 

Дәрменсіз жан. Қабағы оның қатулы...

- Бәрі қымбат, неге бәрі сатулы?

 

"Тегін ауа, тегін самал, тегін жел,

Тас та тегін, құм да тегін, тегін жер.

Адамзаттың игілігі барлығы,

Еш ақысыз үлестірем, келіңдер.

 

Тегін аспан, тегін жұлдыз, тегін түн, 

Тегін бұлттар, тегін жаңбыр, тегін Күн.

Маң даланың тарқамаған базары, 

Бұлбұл дауыс, құстар әні - тегін үн.

 

Тегін теңіз, тегін өзен, тегін көл,

Тегін бұлақ, тегін қырат, тегін бел.

Асқар тау мен жасыл жайлау төріне,

Ақ тұлпармен, арманыңмен тегін кел.

 

Тегін жусан, тегін жеміс-жидегі,

Құс ұясы, құмырсқаның илеуі.

Көк пен жердің ортасында бәрі бар,

Топырағын мүмкін емес сүймеуің".

 

Кімнің үні?

Қашан? Қайдан естіді?

Бар менен жоқ.

Жалған мынау бес күнім...

 

Бір құдірет,

Тәңірдің мың сыйы бар, 

Несібеміз Көктен ғана құйылар...

 

***

 

уақыт дейміз...

бақыт дейміз...

біле алдық па бағасын?

 

аялдамай...

баяу ғана

өмір-өзен ағасың...

 

мөлдіреген

жанарлардан

мені іздеп табарсың...

нені іздеп табарсың? 

 

қайран жастық...

 

өмір дейміз...

өлім дейміз...

жете алдық па парқына?

 

пайымдаймыз,

уайымдаймыз,

кімдер берік антына?

 

ұлы дейміз,

сұлу дейміз,

бар мақтауын асырып, 

 

мінімізді,

мұңымызды

қаламыз-ау жасырып, 

 

адамдардан,

замандардан

мені іздеп табарсың...

нені іздеп табарсың? 

 

қайран жастық...

 

Мама

 

Мама, сенің көзіңнен нұр көремін,

Мама, сенің көзіңнен мұң көремін.

Жанарыңа мөп-мөлдір айналар ем, 

Бұл жалғанға болса егер бір керегім.

 

Әжім сөйлер... 

Асылым, үндемедің,

Қарттығыңа қанша жас, құн төледің?

Ақ сүтіңнің құнары – балғын жырым, 

Ақ шашыңның бір талы – мың өлеңім. 

 

Шағымы жоқ жансың-ау тағдырына,

Шүкір етер барына, барлығына.

Құндыз емес, алтын да, гаухар да емес, 

Мәмпәсиін сақтаған сандығына. 

 

Айтпапсың-ау әкеме «гүл әпер» деп,   

Әлі есімде арбамен ұн әкелген...

Торғын, қамқа жапса да қыздар үйіп, 

Орамалын тағасың ұл әперген. 

 

Лайық көрер төрдегі таққа кімді?

Алла асырар мен емес мақтауыңды.

Түсірмедің ешкімге салмағыңды, 

Ел айтады әжемді баққаныңды. 

 

Арғы бетте әкең мен тағдыр қалды,

Түске кірер... киелі тандыр қалды.

Сағындың ба? 

Көзкөрген кімді іздедің?

Ее.., аяулым, сәулелі жан тұрағың.

 

Сынап сынды сырғи ма уақыт деген? 

Сенің демің шығар-ау бақыт деген. 

Мама, алақаныңнан сүйейінші,

Әр сызығы – бәйгесіз бақытты өлең.

Уайым басар кей-кейде ауса маусым, 

Шалың да жоқ отырар қауқылдасып... 

Талқан қосып екеуміз шәй ішейік, 

Тағдырыңның талқаны таусылмасын,

МАМА!

 

Ең әдемі көздің мөлдір бұлағы... 

 

Аягөз, қайда барасың? 

Дулат

Тарбағатай, Алтай – менің тауларым,

Көңіл асқақ, құмартпайды тауға кім?

Күрең мініп аттанамын бір күні,

Аягөзім, жүрегімді жауладың.

 

Тарих – куә. Барқытбелім – бесігім, 

Етегіңнен көшкен шер мен есіл мұң.

Тамырыңнан нәр алайын, аялап, 

Аягөзім, қандай ғажап есімің?

 

«Күлдір-күлдір кісінетіп Күреңді»,

Соңыма ертіп жыр жастанған түменді.

Маңдайымды сүйгізейін самалға, 

Бетке алайын байтақ дала, ұлы елді. 

 

Жанға дәру жасыл майса, құрағы

Табиғаттың таусылар ма сұрағы?

«Ай руының өзені» ме, Аягөз?

Ең әдемі көздің мөлдір бұлағы... 

 

«Өзен де өзен, өзен судан» өтерміз,   

Бабалардай өрге жортар ма екенбіз?

Батырлардың мұғжизасы – өр намыс,   

Жақсылардың тәберігі – көркем із.

 

«Өзен де өзен, өзен суым» – миятым,

Көкірегіме алапат күш құятын.

Бар әлемнің сұлулығы тіл жетпес, 

Аягөзім, жанарыңа сиятын. 

 

Махаббаттың бар-ау, сірә, өз үні, 

Қандай екен ғашық жанның төзімі?

Қозы Көрпеш-Баян сұлу мәңгілік

Өлмеу үшін Таңсыққа кеп көз ілді...

 

Иә, солай...

Махаббаттың анты бар,

Арай тұнған таңда әсем ән туар. 

Ең әдемі көздің мөлдір бұлағы – 

Аягөзім айнадайын жарқырар.

 

Жанға дауа, қоңыржай жел еседі, 

Аякөзді аппақ ару деседі...

Күрең мініп аттанамын бір күні,

О, киелі түркі жұртым, кешегі.

 

Мен әлі талай ғадамат жырлар жазамын...

Қуандым қатты, 

қуандым ессіз мен бүгін,

Көзіммен көріп даламның шексіз кеңдігін.

 

Белжайлау – 

менің арманым арда, аңсаған, 

Көзтоймас ғажап, құмар-ау барша жан саған. 

 

Белжайлау – 

менің  жанарымдағы ой қалың, 

өзіңді көрмей байқалған талай бойда мін...

 

Күн сүйген гүлін иіскедім қанбай құмарым,

Қызғалдақ, жұпар бәйшешек – менің тұмарым...

 

Еңлікгүлді өзіңе тән ғой, іздедім, 

Көңілде – көктем, сезілсе дағы күз лебі...

 

Адыраспанға иіліп сәлем етейін, 

Атақонысым, садағаң болып кетейін.

 

Әдемі етіп өрнектеп қойған төрімді – 

Бұлағым мөлдір, сусадым, басшы шөлімді.

 

Қуандым қатты, 

қуандым көріп шың-құзды,

Тәкаппар таулар ақынға өлең туғызды.

 

Баркөрнеу бейне ақ қарға басын шалдырған, 

Жетуге асық. Сұңқарым қанат талдырған.

 

Үйгентас белі Аяқсазбенен жалғасқан, 

Өр таулар жайлы жазылса, шіркін, бар дастан.

 

Аршалыбеткей, жетуге саған асыққам,

Көк орман көркем. Көңілді көлдей тасытқам.

 

Шалдықсам кей сәт келеді арқа сүйегім... 

Көгілдір таулар, мен сені шексіз сүйемін.

 

Қуандым қатты, 

жайлаудың көріп ажарын...

...мен әлі талай ғаламат жырлар жазамын.

 

Мен әлі талай ғаламат жырлар жазамын...

 

Ауыл

Ауасы – өлең, тауы, тасы, бәрі – өлең,

шөбі де – өлең, жанға дауа, дәрі өлең,

ауыл – мәңгі таусылмайтын әңгіме,

ауызекі  қара өлең.

 

Ауылдағы өмір бөлек, күн басқа,

ақ шұғалы қара мақпал түн басқа, 

жерге таяу жұлдыз жаны үлбіреп ,

үнсіз ғана сырласқан...

 

Ән салады ақ қайыңы, терегі,

үзілмейтін  бір күй маған керегі...

қажығанда құмға айналып жігерім,

жылап алғым келеді...

 

Ең аяулы естелігім, арманым, 

аңсар көңіл, аққу әнін арнадым,

жапырақтар сыбырлайды жаны бар, 

сағындым ғой... 

бармадым...

 

Әр маусымның сыйы бар

 

Ұға алдық па табиғаттың әз жанын?

Айтар үнсіз көктемге наз, жазға мұң.

 

Жел өтінде сезім күйін бір кешкен,

жаным егіз, жақын барып тілдескем: 

 

–  О, табиғат, амансыз ба, қалайсыз?

От ішіне кіргендеймін абайсыз,

Алдамшы бақ, дүниеге мәз жаным, 

Қып-қызыл өрт, жанып кете жаздадым...

 

–  Ар ма, досым!

... таныс дауыс үн қатты,

Адастың ба? Қонағым бол, қымбатты.

Біздің мекен – сұлулықтың әлемі,

Біздің жүрек – бәрінен де әдемі,

жұмақ дейді бұл бақты...

 

–  Пенде біткен неге құмар асылға?

Неге құштар қызыл, сары, жасылға? 

Бір сағыныш көңілімді тербейді, 

Бір өкініш маған маза бермейді.

 

- Мұңайма, дос, жүрегіңді аяла,

Жалғыздықта бағыма кел, саяла.

Көңіл қанша құбылғанмен бүгінде, 

Сағынышқа айналамыз түбінде!

 

Сыбырлайды...

Жапырақтар...

жаны бар,

Әр маусымның өзіне тән әні бар, 

Әр маусымның өзіне тән күйі бар,

Әр маусымның сыйы бар.

 

 

Гүлбақыт ҚАСЕН,

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan