Чинуа Ачебе. Бәрі ыдырайды.

Чинуа Ачебе –  бүкіл әлем бойынша түрлі марапат алып, көптеген халықаралық сыйлықтардың иегері атанған африкалық жазушы. Ол Америка академиясының өнер және әдебиет институтының құрметті стипендиясын алды. Англия, Шотладния, АҚШ, Канада және Нигерия университеттерінің құрметті профессоры болды. Өз елі Нигерияда интеллектуал жетістігі үшін берілетін ең жоғары атақ – Нигерия ұлттық жүлдесін иемденген. Өкініштісі, автор 1990 жылы Нигерияда көлік апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылады. Соған қарамастан өмірінің соңына дейін АҚШ университеттерінде сабақ беруін тоқтатпаған қайсар жан. Ал жазушының «Бәрі ыдырайды» романы – әлемнің 50-ден астам тіліне аударылып, 10 миллионнан астам данамен тараған. Бұл шығарма қазақ оқырманы үшін несімен құнды? 2007 жылы беделді Халықаралық Букер сыйлығын (Man Booker International Prize) иеленген африкалық әдебиеттің атасы Чинуа Ачебенің аталмыш шығармасы қандай тақырыптарды қозғаған? Осы төңірегінде ойымызды тарқатсақ...

Чинуа Ачебе. Бәрі ыдырайды. - adebiportal.kz

«Бұл шығарма – Нигерияда, 

бүкіл Африкада және әлемде 

бірнеше буын жазушыларға 

әсер еткен шедевр»

Барак Обама

Өткенде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің қазақ әдебиетін әлемге таныту жайында көтерген өзекті тақырыбынан соң, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті шығармаларын біраз тізіп қарағаным бар еді.  Соның ішінде африкалық әдебиеттің көрнекті өкілі Чинуа Ачебенің «Бәрі ыдырайды» («Things Fall Apart») атты кітабы көзіме түсіп, ерекше назарымды аударды. Несімен ерекше тартты деген ойға жауап болсын. Әдетте әлем әдебиеті дегенде, көптің ойына бірден Уильям Шекспир, Лев Толстой немесе тіпті Фёдор Достоевский сынды шығармалары уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған даңқты жазушылар оралары анық. Бұл жандарды адамзаттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгерлер деп атап жатамыз. Ол ақиқат. Ал Африка әдебиетінен осы уақытқа дейін есімі әлемдік деңгейде ел арасына кең  тараған жарқын әдеби тұлғалар шыққан ба? Кітаптарын оқып, авторларын жақсы танитындарымыз бар ма? Нигерялық қай жазушының шығармасы қазақ тіліне көркем аударылған? Міне осы сұрақтарыма жауап ретінде тұтас бір кітабы ана тілімізге аударылған нигериялық Чинуа Ачебе өзіне артықша қызығушылық тудырғаны рас. Әлемнің 50-ден астам тіліне аударылып, 10 миллионнан астам данамен тараған автордың «Бәрі ыдырайды» романы қазақ оқырманы үшін несімен құнды? Көптеген халықаралық сыйлықтардың иегері, 2007 жылы беделді Халықаралық Букер сыйлығын (Man Booker International Prize) иеленген африкалық әдебиеттің атасы Чинуа Ачебе шығармасы қандай тақырыптарды қозғаған? Осы төңірегінде ойымызды тарқатсақ...

Жалпы үш үлкен бөлімнен, екі жүз беттен тұратын «Бәрі ыдырайды» романын бір-екі күнде оңай оқып бітіруге болады екен. Себебі кітаптың тілі жеңіл, тағдырлы шығарма. Арасында игбо тіліндегі түсіндірме сөздері бар. Қазақшаға 2025 жылы аударылған. Негізі шығарма 1950 жылдары жазылған деседі. Алғаш рет Лондондағы «Heinemann» баспасынан 1958 жылдың 17 маусымында ағылшын тілінде ресми түрде басылып шығады. Туынды автордың өз ана тілі – игбо тілінде емес, ағылшын тілінде, ел-жұртын отарлаған елдің тілінде, жарық көргені жазушының өз халқы арасында біраз дау, сын тудырған екен. Алайда автор ағылшын тілі арқылы Африка әдебиетінің тынысын кеңейтіп, әлемге кеңірек танытуға болатынын алға тартады. Африкалық әр тайпаның өз ерекшелігіне қарай жеке-жеке тілі бар десек, онда бір ғана елдің ішінде жүздеген тіл болып тұр ғой. Осыған орай, жазушы шығарманы бәріне бір, әлемге ортақ ағылшын тілінде жазып, жариялағанын құп көрген. Сондай-ақ, мұнысымен Ачебе еуропалық жазушылардың Африканы «жабайы, қараңғы мекен» сияқты сипаттауына түбегейлі өзгеріс енгізген. Ол африкалықтардың өз мәдениеті, тарихы мен заңдары бар дамыған қоғам болғанын әлемге өз еңбектері арқылы паш ете білді. 

Шығарма Оконкуо деген батыр кейіпкерді суреттеумен басталады. Бай, ержүрек, даңқты, үш әйелі бар кейіпкердің бала кездегі ауыр тұрмысы жайлы ой қозғалады. Оған бала Оконкуо жалқау, әлжуаз, ішімдікке салынған әкесі Уноканы кінәлап өседі. Аштықты да, қиындықты да көрген бала өсе келе, әкесіне  ұқсағысы келмей, ерте жастан бұғанасы қатып, өз бетімен еңбекке, қара жұмысқа араласып, бейнетінің зейнетін адал күшімен көре бастайды. Атақ-даңқы көп әйел алумен, көп ұрпақ сүюмен өлшенетін дәуірде үш әйел алып, сыйлы ортаға, біртіндеп ямс (егін) егіп, ақша мен жетістікке жетеді. 

Шығармада бірнеше әйел алған, сол арқылы мәртебесі артқан бұдан да басқа Окейе, Нуакиби сынды кейіпкерлердің аты аталады. Алайда әйелін жөн-жосықсыз ұрып-соғып, күн бермеген еркектен өз қыздарын алып кету оқиғасы ол тайпаларда да болған екен. Ондай еркектердің әйелі қайтып келуі үшін қайынжұртына құн салығын төлеп, артынан барып кешірімін алып, кінәсін өтегені жайлы шығармада айтылады. Бір қарасаң, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Африка халқы жайлы шығарма дерсің, алайда кітапты оқып отырып, ата дәстүрімізге келетін көп ұқсастықтарды байқадым. Мысалы, қыз ұзату салты, қызды алу үшін қалыңмал төлеу үрдісі, құдайы көрші атанып, той болған үйге көршілерінің ертерек барып қолғабыс етуі, тіпті құрметті құдаларға ет асып (ешкі сойып), оны ұсынуы немесе ұзатылған қыз әулетіне келін болған соң, бастапқы уақыт ата-енесімен бірге тұруы сынды кей салттарын қазақы дәстүрге келеме дедім. 

Мысалы, екінші бөлімнің он екінші тарауында: «Ертесінде ауыл тұрғындары тойға баруға әзірленді. Оконкуоның досы Оберика қызын ұзатпақ. Қалыңмалының басым бөлігін төлеп тастаған күйеу жігіт енді қыздың ата-анасы мен жақын туыстарына ғана емес, умунна деп аталатын көрші-қолаң мен алыс туыстардың бәріне пальма шарабын әкеп, сыйлауға тиіс. Еркек, әйел, бала-шаға – бәрі тойға барады. Ұзатылған қыздың құрметіне арналған той болғандықтан қалыңдық пен анасына ерекше құрмет көрсетіледі», - деген тұстарынан дәл қазақи салтқа ұқсас көріністі көруге болады. 

Сондай-ақ, «Оберика құдаларына кола жаңғағын ұсынды. Кола жаңғағын сыйлы адамға ғана береді. Жаңғақты ең үлкен ағасы шақты. – «Ұзақ өмір сүрейік. Құдаларымызбен тату-тәтті болайық»,- деді ол, жаңғақты шаққан соң»,- деген сөздер де сыйлы астан соң, біздің бата қайырғанға келеді-мыс. 

«Қонақтар қайтқанда түн ортасы болған, қалыңдық алдымен бас құданың үйіне барады. Жеті базар аптасы өткенше ата-енесімен бірге тұрады. Қонақтар кетіп бара жатып, ән шырқады. Оконкуо сияқты танымал адамдардың үйіне соғып, алғыс айтты. Оконкуо оларға екі әтеш сыйлады». Шығарманың бұл үзіндісінен де қазаққа таныс құдаларды әндетіп шығарып салып, құр қол қайтармайтыны сынды жол-жоралғыны байқауға болады. Жалпы туындыда автор тайпа халқының қуанышы мен қиыншылығын, аналардың сол дәуірдегі ауыр да қиын жағдайын, өз діндері бойынша түрлі құдайларына деген соқыр сенімдерін әр көріністе әртүрлі жағдай арқылы суреттеп, жеткізе білген. Соның бірі, әйел босанғанда, бала егіз туылса, олардың екеу болып туылғанынан қорқып, егіз баланың өмірге келуін дұрыс емес деп қабылдап, әкесі оларды алып, алыс орманға апарып, Зұлым құдайларына тастайтындығы. Қандай болмасын ішінен шыққан баласы болған соң, анаға өте ауыр дүние. Артында соқыр сенімнің айқын көрінісі тұр. 

«Жаңбыр жауғанда мұз боп қатқан тамшысы жерге бұршақ болып түсті. Оны тайпа адамдары «аспан суынан жасалған жаңғақ» деп атайды. Бұршақ денеге қатты тиеді. Тиген жерін ауыртады, бірақ жастарға аспан жаңғағы ұнады. Ауызға салып, ерігенше сорып жүрді». Автор осы тұста да бұршақты Аспан құдайы жіберген «аспан суынан жасалған жаңғақ» деп қабылдаған тайпа халқының құдайларына қаншалықты сенетінін суреттей жазған. Роман әрі қарай өз елінде атақты, сыйы артқан батыр Оконкуаның абайсызда бір баланы мерт қылып, тайпа салтына сай, жеті жылға қуғынға ұшырауымен өрбиді. Оны тайпа жұрты бала-шағасымен қоса, өз анасының еліне жібереді. Біздіңше, нағашы жұрты. Бұл жағдайда қатты қамыққан Оконкуо анасының елінде нағашылары қанша керемет күтсе де, жерсіне алмай, бастапқыда ішқұса болады. Сонда анасының артынан ерген жалғыз бауыры ақылын айтады.

«Бала әкесінің ұрпағына тиесілі екені рас. Бірақ әкесі баланы ұрғанда анасын паналайды. Өз елінде қарны тоқ, көйлегі көк кезде еркек тайпасында жүре береді. Ал басына іс түскенде анасының еліне қашады. Анаң сені қорғайды. Ол осында жерленген. Сондықтан да «ана – бәрінен жоғары» дейміз». Осы бір ауыз сөзден-ақ, автор ана деген қай елде, қай тайпада болмасын қадірлі, оның орны қашанда жоғары бағаланатынын көрсетеді. Тіпті ол жабайы тайпа болса да. 

 Жеті жылға өз тайпасынан қуғынға ұшыраған Оканкуо осы жылдар бойы асыға күткен ең бақытты сәті – өз жұртына, еліне оралғанында, тайпасы танымастай өзгере бастаған екен. Себеп – ақ адамдардың отаршылдық саясаты. Халқының түйсігі мен түсінігін ақырындап ескі-құсқы наным-сенімдерден тазартып, еліне оқу мен білім, шіркеу алып келгендігін көреді. Өз ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, халқының ғасырлық ғұрыптары өшіп бара жатқандығына іштей налыған ол, бұл отаршылдыққа іштей анық қарсы шығатындығын білді. Ақ адамдардың өздерімен бірге алып келген жаңашылдықтары мен өзгерістерін еш ұнатпады. Ақтардың (ағылшындардың) тілін, дінін құптамай, әр әрекетіне қарсы болған, шіркеулерін өртеп жібергісі келген Оконкуоның өз ұлы соңында, сол адамдарға ілесіп, ілім-білім іздеп, хат танып, артынша мұғалім боламын деген мақсатта оқуға аттанады. Ол әкесіне ұқсамаған мүлде басқаша бала еді. Тайпаның кей салт-дәстүрлері мен құдайға деген сенімдерін кішкентайынан мүлде түсіне алмайтын. Ақтар әкелген жаңа дін мен отаршылдық саясаты оның ішкі түйсігіне сай келгендей. Дегенмен бұл жағдай әкесіне қатты батты. Оның тайпа алдындағы дәржесін де түсіріп тастады. Шығарма соңында ашынған Оконкуо  ымыраласуға алдына келген ағылшын комиссарының басын алады. Бұл әрекетінен соң, халқы баяғы батыр Оконкуоның артынан еріп, бірігіп тайпа болып ақтарға қарсы соғыс ашудың орнына, оның жасаған ісін теріс көріп, сөгіп, сынай жөнеледі. «Ақ адамның келгені – бәрінің ыдырауының басы болды»,- дейді ол, сол кезде ашына күбірлей. Өз тайпасының ыдырап бара жатқанын көріп, енді бұрынғыша орман, тас, аспан, су құдайларына табынып, дәстүрге берік күйге қайта оралмасына анық көз жеткізген соң, соңында құсалықтан өз-өзіне қол жұмсап өледі. 

Чинуа Ачебенің әлемдік классикаға айналған бұл романы – ескі дәстүр мен жаңа тәртіп қақтығысын, қоғамдағы өзгерістер мен халық тағдырын көркем бейнелеген шығарма. Бұл кітапта тек бір ғана африкалық тайпаның тағдыры жазылғанымен, отарлық езгіні көрген кез келген ұлттың қатпарлы тарихы айтылғандай. Біздің отаршылдық жылдарындағы тарихымыздан да алыс кетпейтіндей көрінді маған. Әлем әдебиетінің алтын қорына енген бұл туындыны оқи отырып, адам құқы мен еркіндігінің, оның ішінде әсіресе, әйел адамның, қыз баланың тағдыры қаншалықты нәзік екенін түсінуге болады.Тағы бір байқағаным, автор еңбегінде өз халқының мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін келістіріп қолдана білген. 

Мысалы, «ай толысқан жарық түні бала-шағалары алаңқайда асыр салып, көңіл көтеріп, билеп, жастар кездесіп, қариялар жас кездерін жылылықпен еске алып, ұзақ далада отырады». Бұл тұста жазушы ибо (орман халқының) «Айлы түнде ақсақ билеп кетеді» деген мәтелін келтіреді.

Айта кету керек, жазушы Чинуа Ачебе –  бүкіл әлем бойынша түрлі марапат алған жандардың бірі. Америка академиясының өнер және әдебиет институтының құрметті стипендиясын алды. Англия, Шотладния, АҚШ, Канада және Нигерия университеттерінің құрметті профессоры болды. Өз елі Нигерияда ол интеллектуал жетістігі үшін берілетін ең жоғары атақ – Нигерия ұлттық жүлдесін иемденген. Өкініштісі, автор 1990 жылы Нигерияда көлік апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылады. Соған қарамастан өмірінің соңына дейін АҚШ университеттерінде сабақ беруін тоқтатпаған қайсар жан. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan