Сайлау - қазақ әдебиетінде
Сайлау үдерісі қазақ әдебиетінде әр кезеңде көрініс тауып отырған. Абылай хан заманынан бүгінгі дәуірге дейінгі ақындарымыз бен жазушыларымыздың туындылары осыған куә.
Сайлау – қазақтың ежелден келе жатқан төл сөзі. «Сай» түбірінің түрлі қолданыстарына ой жүгіртсек, сайлаудың мағынасы ашыла түседі. Атап айтқанда САЙ – сөзінің сындық тұрғыдағы сәйкес, үйлесімді, лайық, дәл деген мағыналары бар. «Ақылына көркі сай» қатарлы көптеген айтылымдар осыдан тарқатылады. Сайлау дегеніміздің өзі – лайық, дәл, қолайға жаққан адамды немесе партияны таңдауға дауыс беру ғой. Сайлаудың тарихы да тым тереңде. Шығыс пен Батыс қоғамындағы мемлекеттер тарихындағы сайлау технологиялары туралы мәліметтер бүгінгі заманға жеткен.
Ең алғашқы сайлау және сайлау технологиялары Ежелгі Грекия аумағында пайда болған деп көреді, әлемдік тарих. Яғни Ежелгі Грекияда сайлау нәтижесі жеребе арқылы шешілген. Мұнда дауыс беру үшін түрлі түсті бұршақтар пайдаланылған. Ақ бұршақ – «жақтаймын», ал қара бұршақ – «қарсымын» дегенді білдірген. Мұндай дәстүр Ресей империясындағы күні кешегі дауыс беру рәсіміне ұқсас. Болыс сайлауында ақ және қара шарларды жәшікке салу арқылы өз таңдауларын жасаған.

Жалпы алғанда Қазақ жеріндегі сайланбалылық тарихы сан ғасырлық Дала демократиясымен астасып жатыр. Хандар мен сұлтандар, билер мен ауылбасыларын сайлау – ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазақ даласындағы сайлау дәстүрі туралы шетелдік жиһанкездердің жазбаларынан өзге, ауыз әдебиеті арқылы жеткен мысалдар баршылық.
Абылай хан Көкшетаудан Түркістанға көшер алдында елдің игі-жақсыларын жиып, өзінің орнын басатын мұрагерін таңдау мәселесі талқыға салады. Талқыға салғанда, Абылай хан өзінің өжет, отты ұлы Қасымды сайлауды ұсынған сыңайлы. Мұны осы жиынға қатысушы, Әлдебек шешен мен Айтбай батырдың өзінен аңдаймыз:
Атаң Абылай шақырды,
Хан сайла деп Қасымды.
Уа, сайламаймын Қасымды,
Болмай жатып басыңды,
Хан болып елді ұстай ма
Осындай, долы ашулы?!
Әлдебек осылай десе, оның сөзін іліп әкеткен Айтбай батыр:
Уа, Абылай, хан ием!
Бақытты туған адамның,
Артық та болар талабы.
Сайламаймыз хандыққа,
Қасым деген балаңды.
Хан болғанмен айырмас,
Арам менен адалды.
Сен сүйіп қатын қылғанмен,
Арғы заты арам-ды, -
деп тіке айтып салады. Қасымның кандидатурасына қазақ би-батырлар тобы қарсы болуының себебі – сұлтанның ожар мінезі болса керек. Әрі «арғы заты арам-ды» дегені – Абылай ханның қалмақ әйелінен туғандығын меңзеп отырғандығы. Осы жолғы сайлауда Абылай ханның мұрагері ретінде Уәли сұлтан танылады.
Патшалық Ресей тұсындағы болыс сайлауы туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында тәптіштей суреттеледі: «Сонымен, айтқандай, үш айдан соң қан жайлауда, Құнанбайдың үлкен аулы отырған Пұшантайда сайлау күні келген.
...Бұл кезде начальник пен тілмаш елубасыларды кезегімен шақырып, қолдарын қойғызып, хат білмегендерінің бармақтарын бояп бастырып, ұлық столындағы сырлы сандықтан көгершін жұмыртқасындай бір-бір жылтыр, әсем шарды беріп жатқан, Аздан соң бар шар үлестірілді. Енді сайлауға кірісті. Жұрт жым-жырт. Сабыры кеткендер отырған орнында жорғақтап, тынымсыздықтан түкіріне береді.
Аталған ретіне қарай «әуелгі шар Өскенбай ұлы Оспанға салынады» деп жарияланған. Отыз елубасы бірінен соң бірі тағы да кезекпен шақырылып, салмақпен басып, стол басына барысты. Тілмаштар мен начальниктің аралығында сары барқытпен бүркеулі биік сандық тұр. Соның бір жағы қара, бір жағы аққа боялған. «Оспанды сайлаушылар оң жаққа, аққа салсын!» деп, елубасылардың өздері білетін жайды онан сайын еске сала тақылдап, көп Ырғызбай құжынап тұр. Кей тілмаш, атшабарлар да сол жайды айтысып қояды.
Елубасылар стол басына үнсіз келіп, аты-жөнін начальникке ғана айтады. Жеңіл шапандарының ұзын жеңіне қолдарын тыға барып, сары барқыт бүркеудің ар жағына өз сырымен өзі боп, қолдарын сүңгітіп жатыр. Қазақ көзі қаншалық сығалағыш болса да, сан жылдардан бері қарай дел осы сайлау үстіңде елу басының қолы барқыт шымылдық ар жағында ақпен қараның қайсысына түскенін әлі аңғарып көре алған емес.»
Осы Пұшантайда өткен болыс сайлауында Оспанды сайламақ болғандар жеңіліп, Күнту болыс сайланады. Ояз бастығы мен әйелі келіп бақылаған бұл сайлауда ырғызбайларға қарсы мұқият әрекет еткен қарсы топ айқын басымдықпен жеңіске жетеді. Ұлы жазушы өзінің эпопеясында осы сайлаудың финалын былайша суреттейтін еді ғой: «Осы кезде бұлқынып бұрылып қалған Казанцев санын бір соқты да, әйеліне бұрыла беріп: «Провалили!» деді. Анна Митрофановна да жайбарақат отырған жүзі жалт етіп, ду ете түсті. Көзі шарасынан шыққандай шаншыла қарап, оқыстан шаңқ етіп айқайлап: «Как так!» деп қалды. Тұтанғандай боп, орнынан атын тұрды. Бұл күйді Жиренше, Оразбай мен солардың сыртында отырған бар қоршаулары көрген еді. Олар сақылдап, қарқылдап, сықылықтап мәз бола күлісті.
- Не деді?
- Не десті? - десіп, аңғармай сұрағандарға Жиренше мен Оразбайлар ұғындырып жатты.
- Ояздың қатынына шейін «көтек» деді.
- Ояз қатыны «көтек» деді! - десіп, айнала отырған бар жиын мәз-мейрам болып күлді.
Оразбай енді күлкіні тыйын, сызданып, салмақтана сөйледі:
- «Көтек» болса сол! Бар Құнанбай баласын тулап, төңкеріп тастап, анық «көтек» дегізген осы болды. Тек, әмісе, жолым болсын, я әруақ! - деп жіберді.»
Айта кетерлігі, Абайдың өзі ғұмырында сайлауға түсіп, бес рет сайланып, он бес жыл болыс болғаны белгілі. Өзі бастан өткерген бұл сайлау процесінің барша ахуалы Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде көрініс тапқан. Бір айта кетерлігі: Абайдың өз заманындағы болыс сайлауын халық өкілдері емес, жоғарыдан тікелей тағайындаса деген ұстанымда болғанын көреміз және ол ұстанымын былайша түсіндіреді: «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уездный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі – қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да – пайдалы іс, екінші – назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.» Мұнда «қызметке келетін адам білімді болуы керек» деген ой тұр.
Патшалық Ресей бодандығы тұсындағы қазақ арасындағы сайлаулардың ел тыныштығын кетіріп, титықтататын үрдіске айналуы көптеген ақындардың өлеңіне арқау болған. Міржақып Дулатұлы былай деп жазады:
Шыққалы волост сайлау қырық жыл өтті,
Сол сайлау, байқасаңыз, түпке жетті.
Бай болып, мырза атанып, мал біткендер,
Таласып волостыққа ақша төкті.
Өзіне өзі халық жаны ашымай
Мал шашар боламын деп волостной.
Жұмсаса қандай жақсы болар еді,
На пользу образования народной.
Абай, одан кейінгі Міржақыптар суреттеген, ақ патша тұсындағы қазақ қоғамындағы тартыс-таласқа толы әрекеттерді сын садағына алған сайлау үдерісі большевиктер билік басына келген Қазан төңкерісінен кейін басқаша сипатқа ие болды. Дегенмен Қазақстандағы бүгінгі парламентаризмнің дәстүрлі бастауында ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары тұрғанын ескеру дұрыс. Патшалық Ресейдегі заң шығарушы жоғары билік органы Мемлекеттік Думаға қазақ даласының әр өңірінен өкілдер сайланған. 1906-1907 жылғы бірінші және екінші Мемлекеттік Думаға қатысқан Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышпаев, Ахмет Бірімжанов, Сәлімгерей Жантөрин, Алпысбай Қалменұлы, Дәуіт Ноян Тұндыт, Тілеулі Аллабергенұлы, Темірғали Нұрекенұлы Шәймерден Қосшығұлұлы, Бақытжан Қаратайұлы, Бақтыгерей Құлманұлы, Молда Тайынұлы қатарлы он екі тұлғаның есімі қазақтан шыққан тұңғыш парламентшілер ретінде тарихта қалды.
Кеңестер билігі тұсындағы сайлау бірсарынды сипатта болды. Яғни коммунистік партия мен оған мүше кандидаттарға балама болған жоқ.
«Мен бірінші дауыс берем», - дейді ұлы,
«Жоқ мен бұрын барам», - дейді анасы,
Осылайша сайлаушылар әр күні,
Осылайша Алматының қаласы, -
деп майдангер ақын Жұмағали Саин жырлағанындай, ауыл мен қаладағы барша сайлаушылар жаппай сайлау учаскесіне барып дауыс беретін үрдіс Кеңес Одағының соңғы сәтіне дейін өзгерген жоқ. Кеңестер дәуірінде тұрақты парламент болған жоқ. Түрлі мамандық, кәсіп, лауазым иелерінен құралған депутаттар Жоғарғы Кеңес сессияларына өңір-өңірлерден келіп қатысатын. Негізгі атқарушы-өкілетті қызмет Төралқа арқылы үйлестірілді. Қалай десек те, сол дәуірдің халық арасынан шыққан шопан, мұғалім, сауыншы т.б. депутаттарының бет-беделі биік, өңірге шарапаты мол болған еді.
Тәуелсіздік дәуірінде елімізде көппартиялық жүйе қалыптасты. Отыз бес жылдың жүзінде отандық парламентаризм өзіндік дамып қалыптасу жолымен келе жатыр. Сайлау жүйесінің мажоритарлық (ең көп дауыс жинаған жеке адамға негізделген), пропорционалды (ең көп дауыс жинаған партиялық тізімге негізделген және аралас (мажоритарлық-пропорционалды жүйелердің элементтеріне негізделген) деген түрі бар десек, Қазақстандағы парламент сайлауы пропорционалды жүйені негізге ала отырып өтпек. Яғни сайлауға қатысушы партиялар өз-өздерінің пайыздық жетістігіне қарай болашақ Құрылтайда депутаттық мандатқа ие болып, халық қалаулысы атанады. Халық қалаулысы дегенде, белгілі ақын Абдрахман Асылбектің мына бір өлеңін халық жадында жаңғыртып өткен дұрыс болар:
Тұғырлы тақ жетпегенмен бәріне,
Мықтыларға орын даяр, әрине.
Сайланушы сол орынға сай ма екен,
Көңіл бөлсек айтар сөздің мәніне?
Дегенімен: қалаулысы халқының,
Ондайлардың көбісінің арты мұң.
Сайланған соң, күйге көшіп самарқау,
Жоғалтады жарқын үн мен қарқынын.
Мол жалақы, тегін үйге мастанып,
Елге берген ант пен серті бос қалып,
Парламентте қалғып-мүлгіп, ал үйде
Жата берер құс жастығын жастанып.
Екі бірдей дәуірдің куәсі болған аяулы ақынның бұл өлеңін сайлаушы аталатын қалың жұртты қашан да мазалайтын, үміті мен күдігі астасқан, әрқашан маңызды сұрағы деп білеміз. 23 тамыз күні Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтпек. «Алда жасақталар Құрылтайдың мүшелері сенім үдесінен шыға білер, білімді де білікті депутаттар болса екен!» - деген халықтың үміті ақталса игі еді.
