Жасанды интеллектінің әдебиетке әсері қандай?
Қазіргі таңда жасанды интеллект адам өмірінің түрлі саласына дендеп еніп, шығармашылық әлемге де өз ықпалын тигізе бастады. Әсіресе әдебиет саласында бұл құбылыс жаңа мүмкіндіктермен қатар түрлі сұрақтар туындатуда. Осы орайда біз жазушы, драматург Әлішер Рахат мырзамен сұхбаттасып, заманауи технология мен шығармашылықтың тоғысы жайлы пікірін біліп, ой өрбіттік.
- Әлішер мырза, есіңізде болса, осыдан 10-ақ жыл бұрын адамның көп шаруасын роботтар алып қояды. Бірақ шығармашылыққа тісі батпайды, ауыр, қара жұмысты құл-темірге беріп, кісі баласы – әдебиет, сурет, қиялмен шұғылданады деп ойлаушы едік. ЖИ келді де, шығармашылыққа қол сұғып жатыр. Сурет те салады. Кино да түсіруге қауқарлы. Сараптап тұрып мақала жазып жатыр. Аздап өлеңге де таласы бар. Қараңызшы: интеллектуал адам өмір бойы 2 мың кітап оқыған болуы мүмкін. Ал ЖИ 2-ақ минутта адамзаттың бүкіл шығармасын оқып-тоқып, сол оқығандарының желісінде мүлдем жаңа роман жаза алады деп жатыр. Жалпы, ЖИ замандағы әдебиет қалай болады? Жаны жоқ ЖИ әдебиетте ойып тұрып орын ала ала ма? Сіз: «Адамның эгосы бар жерде өнер бар», – дейтін ұстаным иесі екеніңізді білеміз. Жасанды интеллект пен адам арасындағы шығармашылық айырмашылығы неде?
- Иә, заман тез өзгеріп жатыр. ЖИ қазір біраз салаға дендеп кіріп алды. Өнерді де айналып өткен жоқ. Кітап дизайны, комикс кітаптардың суреті, музыка, музыкалық өңдеу, фото өңдеу, видео монтаждау, мәтін жазу т.с.с. секілді біраз істе қарқынды дамып келеді. Мен бұл тақырыпқа жиі ойланамын, әлі де ойланып жүрмін. Өйткені, бір қарағанда, бұл менің мамандығыма төніп тұрған қауіп. Ойланып жүріп, мынадай сұраққа тап болдым: көркем әдебиетте ең маңыздысы не? Мықты идея ма, әлде кәсіби тұрғыдан мінсіз орындау ма? Жазуға қатысты айтар болсақ, мәтіннің мінсіз, бір ауыз артық сөзсіз, сондай шебер орындалуы ма? Небір кәсіби жазушылар еленбей-ақ кетті ғой. Мысалы, бір драматург бір оқиғаны алады да, соны үш актілі структураға сай етіп, әр кейіпкердің өзіне тән сөздерді аузына салып беріп, бір пьеса жазады. Ол жаңа бір көзқарас айтпауы мүмкін, тек философтардың, тарихшылардың, халықтың айтып жүрген мәселелерін астарлап, кейде тікелей көтере береді. Ал соны шын өнер туындысы деп бағалай аламыз ба? Ондай мәтінді дәл қазір ЖИ де бірнеше минутта жазып бере алады. Дұрыс промпт жазсаңыз. Оригинал сюжет, бұрын-соңды кездеспеген образ ба? К. Воннегуттың айтуынша, әдебиетте тек алты негізгі сюжеттік құрылым бар, барлық сюжет сол құрылым бойынша өрбиді десек, оның оригиналдығы қайда қалады? Қайталанбас кейіпкер десек, оның өзі белгілі бір архетипке жатады. К. Воглер жалпы өнерде жиі кездесетін сегіз архетип бар дейді. Сонда ЖИ-де жоқ, адамға ғана тән, тек адам байқай алатын дүние не? Міне, осы сұраққа келіп тірелдім. Ол – адамның өмірлік тәжірибесі мен қалыптасқан дүниетанымы. Өйткені ешкім, ешқашан М. Әуезов, Б. Майлин, Т. Әлімқұл, С. Мұратбек, Б. Соқпақбаев, А. Сүлейменов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Д. Исабеков болып өмір сүріп, әлемді өзінше танып көрген жоқ. Олардың да кейіпкері архетипке жатады, сюжеті құрылыммен өрбиді, идеялары, көтерген тақырыптары жаңа да, қайталанған да болуы мүмкін. Бірақ олардың әрбір сөйлеміндегі өзінің өмірлік тәжірибесінен түйген, сезінген нәрселерді ешкім қайталай алмайды. Әуезовтің стилінде ЖИ, бәлкім, бірнеше шығарма жазуы мүмкін, бірақ ол мәтінде Әуезовтің жаны болмайды. Әуезовтің өмір сүру алгоритміндегі құпиялар, сырлар ашылмайды. Ол бізге бір кейіпкердің ешкім білмейтін тылсымын көрсете алмайды. Дәл сол сияқты, ЖИ өлең жазудың техникасын меңгеріп, ұйқастыру, тосын ой айту, әр сөйлемге бір-бір миф жасыруды білуі мүмкін. Бірақ поэтика бола ма, жоқ па? Поэзия туа ма, жоқ па? Міне, сұрақ. Абайға, Мағжанға, Мұқағалиға, Жұмекенге, Жұматайға, Есенғалиға еліктеп ақындар өлең жазады ғой. Бірақ олар солардың деңгейіне, олар көтерген тақырыпты шегіне жеткізіп жаза алды ма? ЖИ мен адамның айырмашылығы да осында. Әр адамда ешкім білмейтін, ешкімге ұқсамайтын құпия өмірлік тәжірибе бар. Адамның әзірге артықшылығы да осында.
- ЖИ әдебиетке жаңа идеялар әкеледі деп есептейсіз бе, әлде ол бұрынғы мазмұнды қайталайды ма?
- Жаңа идея әкелуі мүмкін. Өйткені ЖИ-дің бір артықшылығы бар: ол адамның ғұмыры жетпейтін миллиондаған кітапты, ақпаратты әп-сәтте саралап, салыстырып, бұрын ешкім екеуін қатар қойып көрмеген дүниелерді байланыстыра алады. Яғни, идеяның «құрастырушысы» ретінде өте қуатты құрал.
Мысалы, әр дәуірдің философиясын, әдебиетін, мифін, ғылымын бір жерге жинап, олардың арасынан жаңа комбинация таба алады. Кейде адамның ойына келмейтін байланыстарды көрсетеді. Бұл – шын мәнінде жаңа бағыттарға жол ашуы мүмкін. Бірақ бір нәрсені ажыратып алу керек: ЖИ идеяны ұсына алады. Бірақ ол идеяны сезінбейді.
Ал әдебиетте идеяның өзі емес, оның адамға қалай әсер ететіні маңызды. Мысалы, «жалғыздық», «сатқындық», «махаббат», «өлім» – бұлар жаңа тақырып емес. Мың рет жазылған. Бірақ әр жазушы оны өз өмірінің сүзгісінен өткізіп, қайта тірілтеді. Сол кезде ғана ол жаңа болып сезіледі.
ЖИ-де дәл осы сүзгі жоқ. Ол идеяны біледі, бірақ оның «ащы дәмін» татпайды. Ол қайғы туралы жаза алады, бірақ қайғырып көрмеген. Сондықтан ЖИ көбіне жаңа идея емес, жаңа комбинация береді. Ал комбинация – жаңалықтың сыртқы формасы ғана. Шын жаңалық – адамның дүниетанымында.
Сондықтан менің ойымша, ЖИ әдебиетке тікелей жаңа идея әкелмейді. Бірақ ол жазушыны ойландыруы мүмкін, бағыт көрсетуі мүмкін, тіпті кейде адамзат бұрын соңды көрмеген жаңа бір ашылымға «итермелеуі» мүмкін.
Яғни, ЖИ – себеп болуы мүмкін, бірақ нәтиже емес. Тағы бір маңызды нәрсе бар. Алдағы уақытта идеяның құны төмендейді. Өйткені идея көп болады. Кім не ойласа да, ЖИ соған ұқсас тағы жүз нұсқа ұсына алады.
Сол кезде әдебиетте не қалады? Позиция қалады. Яғни, сенің сол идеяға деген көзқарасың. Сен оны қалай түсіндің, қалай бастан өткердің, қандай тәуекелге бардың – міне, осы маңызды болады. Қысқасы, ЖИ идея бере алады. Бірақ ол идеяны өмірге айналдыра алмайды.
Ал әдебиет – идея емес. Әдебиет – идеяның адам жаны арқылы өткендегі өзгерген күйі. Сол өзгерісті тек адам жасайды.
– ЖИ алгоритмі белгілі бір жазушының стилін танып, айыра алатын болды ғой. Болашақта мұны әдебиет тарихына пайдалануға бола ма? ЖИ-ге жүктеп жіберіп, мынау өлең, жыр қай жыраудың, қай ақындікі деп анықтау мүмкіндігі бола ма екен? Не дейсіз?
– Бұл жерде ЖИ-дің мүмкіндігі өте үлкен, тіпті кей тұста адамнан да озып кетуі ықтимал. Егер белгілі бір ақынның, жыраудың, жазушының мәтіндері жеткілікті көлемде базаға жүктелсе, ЖИ оның тілдік өрнегін, сөз қолданысын, ырғақ құрылымын, тіпті ойлау логикасына дейін талдап бере алады. Қазірдің өзінде ол Хемингуэйше, Достоевскийше немесе Ремаркше жаза алады деген сөз – жай еліктеу емес, стильдік заңдылықтарды түсінгенінің белгісі.
Демек, осы қабілетті кері бағытта да қолдануға болады: яғни дайын мәтінді алып, «бұл кімнің қолтаңбасына жақын?» деген сұраққа жауап іздеу.
Мысалы, жыраулар поэзиясын алайық. Қазіргі зерттеушілер үшін ең үлкен қиындықтардың бірі – авторлықты нақты анықтау. Өйткені ауызша дәстүрде мәтін ғасырлар бойы өзгеріп, толықтырылып, кейде басқа авторларға телініп кеткен. Осындай жағдайда ЖИ үлкен көмекші бола алады. Ол әр жыраудың тілдік ерекшелігін, тұрақты тіркестерін, образ жасау тәсілін салыстырып, ықтимал авторды пайызбен көрсетіп беруі мүмкін.
Сол сияқты діни-әдеби мұраларға да қолдануға болады. Мысалы, «Диуани хикмет» сияқты еңбектерде қай бөлігі түпнұсқа, қай бөлігі кейінгі қосымша – мұны адам тек болжаммен айтады. Ал ЖИ мәтінді қабат-қабатқа бөліп, әр кезеңнің тілдік ерекшелігін ажыратып, қай тұсы қай дәуірге жақын екенін нақтырақ көрсетуі әбден мүмкін.
Бірақ осы жерде бір маңызды шекараны ұмытпау керек. ЖИ – дәлел емес, ЖИ – құрал. Яғни ЖИ ақиқатты біржола шешіп бермейді. Себебі әдебиет тек тілден тұрмайды. Оның артында тарихи контекст, мәдени орта, автордың тағдыры, сол кезеңнің рухы жатыр. Мұны толық цифрға айналдыру мүмкін емес. Яғни соңғы сөз бәрібір адамда қалады. Өйткені әдебиетті тек талдап қою жеткіліксіз. Оны түсіну керек. Ал түсіну – тек интеллект емес, ол – тәжірибе, түйсік, мәдени жады.
– ЖИ-ді әдебиетте құрал ретінде пайдалануды қалай түсінесіз? Ол серіктес пе, әлде көмекші ме?
– Шынын айтсам, мен ЖИ-ді шығармашылықта серіктес ретінде қабылдай алмаймын. Тіпті көмекші ретінде де толық мойындап үлгерген жоқпын. Бұлай деуімнің себебі – тәжірибеден. Бір рет сценарий жазуға көмектесер деп, өз идеямды айтып көрдім. Ол маған бірнеше нұсқа ұсынды. Сырттай қарасаң – бәрі дұрыс: құрылымы бар, логикасы бар, кейіпкерлері, бәрі-бәрі «өз орнында». Бірақ ішіне үңілсең – сылдыр су, тізесі шыққан, жұрттың бәрі білетін құрылымды жазып берді.
Сол кезде анық түсінгенім: ЖИ саған ойды жеңілдетіп береді, бірақ тереңдетіп бермейді. Ол сенің орныңа ізденбейді. Керісінше, іздену қажеттілігін азайтып жіберуі мүмкін. Ал шығармашылық деген – ең алдымен ізденіс қой. Қиналу, күмәндану, қайта жазу, таба алмай сенделу – осы процестің өзі маңызды.
Әрине, әділ болу керек: ЖИ-дің пайдасы жоқ деп айтуға болмайды. Ол құрылым құруға көмектеседі, белгілі бір жанрдың заңдылықтарын еске салады, кейде ойыңды жүйелеуге сеп болады. Яғни, техникалық деңгейде ол – өте мықты құрал. Бірақ мәселе мынада: әдебиет техникадан басталмайды. Әдебиет – ішкі қажеттіліктен басталады. Ал ішкі қажеттілікті ешқандай алгоритм тудырмайды. Сондықтан мен үшін ЖИ – құрал да емес, серіктес те емес. Ол – сырттағы бір мүмкіндік қана. Қолдануға да болады, қолданбауға да болады. Бірақ оны шығармашылықтың өзегіне кіргізу – қауіпті.
ЖИ-ді мүлдем жоққа шығармаймын, бірақ өз әлеміме, өз мәтініме оны араластырғым келмейді. Өйткені мен жазғанда тек нәтиже үшін емес, сол процестің өзі үшін жазамын. Ал ол процесс – тек адамға ғана тән нәрсе.
– Қазіргі әдебиетші қауым, оның ішінде сіз де барсыз, қандай ЖИ құралдарын қолданасыз? Мысалы, ChatGPT немесе басқа генеративті үлгілерді байқап көрдіңіз бе?
Мысалы, ChatGPT телефонымда тұр. Кейде ашып қараймын. Бірақ оны тұрақты түрде пайдаланып жүрмін деу – артық болар еді. Неге десеңіз, мәселе құралдың бар-жоғында емес, оған деген ішкі қатынаста сияқты. Қазір көп адам ЖИ-ді жұмысын жеңілдететін мүмкіндік ретінде қабылдайды. Бұл – түсінікті. Уақыт үнемдейді, дайын нұсқа ұсынады, кейде ойыңды жүйелеп береді. Бірақ шығармашылықта «уақыт үнемдеу» әрдайым плюс емес. Керісінше, кейде ұзақ ойлану, қиналу, тоқтап қалу – сол шығарманың сапасын анықтайтын кезеңдер. Ал ЖИ сол процесті қысқартып жібереді. Ол айтатын дүниелердің көбі маған таныс. Яғни, ол мен білмейтін жаңа әлем ашып бермейді, керісінше, менің өзім де айта алатын, бірақ әртүрлі формада шашырап жүрген ойларды жинақтап береді. Бір жағынан бұл ыңғайлы, бірақ екінші жағынан – қауіпті. ЖИ сен үшін ақпарат тауып, сен үшін бәрін жүйелеп, қысқасы дайынға үйретіп тастайды.
Қазір әдеби ортада да әртүрлі көзқарас бар. Біреулер ЖИ-ді белсенді қолданады – жоспар құруға, мәтінді редакциялауға, идея генерациялауға. Оны қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Ал енді біреулер, мен сияқты, оған сақтықпен қарайды. Бұл жерде дұрыс не бұрыс деген нақты шекара жоқ. Әркім өзі шешеді. Бірақ менің жеке ұстанымым мынаған саяды: егер қандай да бір құрал сен үшін ойланып, сен үшін ізденсе – онда ол құрал емес, тәуелділікке тіке жол! Сен үшін ойланып, ЖИ бірнеше әдемі шығармаңның жанры, айтар идеяға қатысты бірнеше нұсқа тауып беруі мүмкін. Дені жақсы, тамаша болуы да мүмкін. Бірақ, ол «жақсы нұсқаның» ішінде сенің ішкі күресің жоқ, сенің күмәнің жоқ, сенің табысың да жоқ. Сондықтан мен, мейлінше тұтынбауға тырысам. Бар екенін білемін, мүмкіндігін түсінемін, бірақ шығармашылығымның ішіне кіргізгім келмейді. Өйткені жазу – мен үшін таным процесі.
– ЖИ көмегімен әңгіме немесе пьеса жазып көрдіңіз бе? Егер болса, әсері туралы айтып беріңіз?
- Сіз мені құдды ЖИ дініне шақырып жатқан уағызшыдай болдыңыз-ау? Жоқ, арнайы отырып, ЖИ-мен әңгіме не пьеса жазып көрген жоқпын. Болашақта да ЖИді шығармашылыққа пайдаланбаймын! Әлгінде айттым, қайталайын. Маған біреудің мен үшін ойланып, мен үшін идеялар ұсынғаны ұнамайды! Мейлі қиын болсын, маған бір шығарманы жазып отырып, формасын таба алмай керек десең тоқырап, бүкіл жайтты бір бойына сидырып жіберетін сөйлемді таба алмай, қайта-қайта өшіріп отырған сәттер ұнайды. Осы кезде мен өзімді тірі сезінем, өзімді жазушы сезінем. Ал ЖИ-мен жазу осы процесті айналып өтетін сияқты көрінеді. Яғни, сен нәтиже аласың, бірақ сол нәтижеге апаратын ішкі жолды жүріп өтпейсің. Жазу барысында адам бірнеше рет өзгереді. Бір нәрсені түсінеді, бір нәрседен айырылады, кейде өзіне күтпеген сұрақ қояды. Ал дайын мәтін бұл процесті бермейді. Сондықтан мен үшін ЖИ-мен шығарма жазу – уақыт үнемдеу емес, керісінше, өзім үшін маңызды нәрседен айырылу сияқты.
Мен өз әлемімді өзім ашқым келеді. Қиналып, адасып, қайта тауып – сол жолмен барғым келеді.
– Алдағы 5–10 жылда ЖИ әдебиетті және кітап шығару индустриясын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
– Әртүрлі тақырыптағы телехикаялар, фильмдер, кітаптар қазір өте-өте көп қой. ЖИ оны одан сайын көбейтіп, қоқысқа толтырып тастайтын сияқты. Көп қоқыстың арасынан шын өнерді табу да қиындай беретін секілді сезіледі.
– Уақыт бөліп, ой бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Жазира Қажықызы
журналист
