Ғұмырын жырға арнаған...
Бүгін қазақ поэзиясының аққуы, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Марфуға Айтхожинаның туған күні. Биыл ақынның өмірге келгеніне 90 жыл толып отыр. Бар саналы ғұмырын әдеби әлемге арнаған қаламгердің шығармашылық жолы – поэзия дейтін ұлы құдіреттің тұтас бір дәуірімен тікелей сабақтасып жатқаны көпке мәлім.
«Өтер жастық, келмес қайта оралып,
Өтер күлкі, өтер қайғы ол анық.
Бәрі де өтер, тек махаббат мызғымас,
Қалғаныңша жер көрпеге оранып...»
Қазақ әдебиетінде ақынның есімі «жыр аққуы» деген бейнелі атаумен қатар өрілгенін жақсы білеміз. Ақын апамыз бір сұхбатында, балалық шағында ауыл шетіндегі көлге келетін аққуларды үстіндегі аппақ киімімен жиі тамашалап, сол маңнан аққулар ұшып кетпейінше, үйіне қайтпай ойнаған алаңсыз шақтарын еске алып, бөліскен екен. «Қасиеті бар құстарға бүлдіршін кезімнен жақын болдым», - дейді халық ақыны. Кейін Бүкілодақтық Жазушылар одағының қатарына енгенде де, қаламгер оқырманға жарияланар лақап атын ойланбастан «Аққу» деген есіммен таратқан-ды. Ақынның сұлу болмысы мен паң мінезі, көркем келбеті шынымен де, дәл осы теңеуге сұранып тұрғандай-ақ. Нәзіктік пен өрлікті бір бойына сыйдырған дара тұлғадан бекзадалықтың сезілетіні де рас. Сыртқы сұлулығы мен ішкі жан дүниесі қатар ұштасқан қаламгердің рухты болмысы оның поэзиясынан да анық көрінеді. «Жыр аққуы» атанған Марфуға Ғалиқызының өлеңдері – шығармашылық әсемдік пен нәзіктікті ғана емес, ақындық болмысының даралығын да аңғартатындай.
Марфуға Айтхожина 1936 жылы тамыз айының 25 жұлдызында Қытай Халық Республикасына қарасты Құлжа қаласында өмірге келген. 1956 жылы Құлжа әйелдер педагогикалық гимназиясын тәмамдап, 1958 жылдары үлкен сағынышпен елге оралады. Отанға оралған соң, оқуға түсіп, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтайды. Араға біраз уақыт салып, Мәскеуде білімін жетілдіріп, кейіннен «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде еңбек еткен. Қазақтың халық ақыны зұлмат жылдардың салдарынан балалық шағын елден тысқары, шет жақта өткізгені рас. Қаламгер өзі берген сұхбаттарының бірінде: «Өлең менің ата-жұртыма, Отаныма, туған топырағыма деген шексіз сағыныштан жыр болып төгіле берді», - деп поэзияға жақын болуының бір себебі еліне деген балалық сағыныштан туғанын айтады. Текті жерден тәлім алған Марфуғаның атасы Айтқожа суырып салма ақын, топ жарған шешен, жасынан билік айтқан әділ төрелігімен танымал би болған. Марфуға Ғалиқызының шын есімі – Маруа. Дәл сол атасы қажылыққа сапарға барғанда, Маруа тауына қарап тұрып: «Әулетімізде қыз бала дүниеге келсе, есімін Маруа қоямын», - деп қасиетті жерде сөз берген екен. Кейін жарық дүние есігін ашқан қызының есімін атасының айтып кеткен өсиеті бойынша, әкесі Ғали Маруа қойса керек-ті. Елге танымал ақынды қазақ халқы – поэзия әлемінің «Аққуы» десе, жақындары мен бауырлары «Кішіаға» деп атап кеткен екен.
Марфуға Айтхожина өз әңгімесінде әкесінің білімге жақын, көзі ашық болғанын айтады. «Әкем – алғашқы ұстазым»,- дегені де бар. Жастайынан оқу-білімге құштар болған қаламгер қазақ, орыс және түрік тілдерін жетік меңгерген. Осы уақытқа дейін 40-тан артық еңбегі жарық көрген – танымал тұлға. Автордың ең алғашқы туындысы 1962 жылы «Балқұрақ» атауымен басылып шыққан. Кейіннен «Шындығы жазу», «Жастық», «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Таңдамалы» (1 және 2 том), «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау», «Аққу жүрек», «Жапырақтар жауғанда», «Алатаудың ақ батасы», «Тобылғы бүрлегенде» және тағы басқа көптеген кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, орыс тілінде де ақынның біршама еңбегі кітап болып жарияланған-ды. Мысалы, Мәскеу қаласында оқуда жүргенде жарыққа шыққан ең алғашқы еңбегі «Горсть земли» деп аталады. Араға уақыт салып, «Утверждение», «Струна степей», «Укрощение коня», «Художественная литература», «Летние росы», «Советский писатель» деген сынды басқа да кітаптары басылып шықты. Қолы қалт етсе, қазақтың қара домбырасын шерткенді ұнататын ақынның біршама өлеңдері нотаға түсіп, әуенге де айналған. Отандық және шет елдік композиторлардың әуенге салған өлеңдері сахнада ән болып шырқалып жүр. Оған «Қайтқан құстар әні», «Жайқоңыр», «Халық әні» сынды ақын қаламынан туған әндерді айта аламыз.
«Жақсы өлеңдер күнде туыла бермейді. Адамды қатты ойландырып, толғандыратындай өзінің бір сәті болады. Қасірет пен қуаныштың арасы бір-ақ қадам деп жатамыз ғой. Ақындарға кейде өмірдің сондай қасіреті мен қиындығы сәтті жырлар жазуға себеп болып жататыны да бар. Ажал маған қорқыныш тудырмайды. Тек сол ажалым жеткенше, жазатын дүниелерімді аяқтап кетсем екен деймін...», - деген еді аңыз ақын. Тағы бір әңгімесінде: «Поэзия дейтін – ұлы құдірет. Ол кез-келгенге бұйыра бермейді. Поэзияға деген махаббат мәңгілік әрі адал болу керек», - деп өсиет айтады. Тұтас ғұмырын поэзияға арнаған халық ақыны Марфуға Айтхожина өмір жолын шығармашылықтан бөлек, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етуге де арнағаны белгілі. Ақын ел әдебиетінің өрісін кеңейтуге атсалысып, әлем қазақтарының көптеген халықаралық форумдары мен құрылтайларының белсенді қатысушысы бола білді. Сондай-ақ, 1968 жылдан бері қарай Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. 1979 жылы «Көгілдір Дунай» өлеңдер кітабы үшін Николай Васпаров сыйлығының, 1998 жылы «Исламабад аспаны» өлеңдер мен романстар циклы үшін Пәкістан мемлекетінің Құрмет грамотасына, Болгария мемлекетінің «Достық» медаліне де ие болды. Ол – ұлттық мәдениет пен әдебиетке қосқан өлшеусіз үлесі үшін Кембридж университетінің «2007 жылдың халықаралық кәсіпқойы» атты атағын, 2009 жылы тұңғыш Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атағымен марапатталған жан. Елім деп еңбек еткен Марфуға Ғалиқызы – бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлт руханиятына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағалануда. Ақынның мерейтойлы жасына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы құттықтауы – Марфуға Айтхожинаның шығармашылығы мен азаматтық еңбегіне көрсеткен зор құрмет деп білеміз.
Сыршылдық пен ұлттық рух үндескен Марфуға Ғалиқызының поэзиясынан әйелге тән нәзіктік пен махаббатты, Отанға деген ұлы сағынышты, ұлттық болмыс пен өр рухты, сарқылмас күш-қуатты аңғаруға болады. Оның шығармашылығы туған жердің топырағымен тамырласып, қазақтың рухани болмысы мен елдік мұратын, адам табиғатының нәзік иірімдерін жырлаумен ерекшеленеді.
Қазақ поэзиясының «аққуы» атанған белгілі ақын Марфуға Ғалиқызын ғасырға жуық жасымен «Әдебиет порталының» ұжымы да шын жүректен құттықтайды!
