Бағлан Оразалы. Қазіргі қазақ прозасындағы экстремизм тақырыбы

Бұл роман Сирияда халифат орнатамыз деп жат ағымның жетегінде адасып кеткен «содырлар» туралы жазылған. Автор туындыны сол соғысқа қатысып, кейін «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған азаматтармен жүргізген сұхбаттарға сүйене отырып өрбітеді.

174

Бағлан Оразалы. Қазіргі қазақ прозасындағы экстремизм тақырыбы - adebiportal.kz

Жақында Есбол Нұрахметтің «Ол жақта Құдай жоқ» деген романы жарыққа шықты. Кітаптың мұқабасы мен тақырыбынан-ақ шығарманың қалың оқырман назарын бұру үшін жасалған маркетингтік айла екенін аңғаруға болады. Әйтпесе, құдайға мекен берудің өзі қаншалықты дұрыс? 

Әрине, әдебиетте арандатушы атау қоюдың өзі жаңалық емес. Әлем әдебиетінде де оқырманды селт еткізіп, қалыптасқан түсінікті шайқалтатын атаулар бар. Бірақ ондай атау шығарманың көркемдік өзегінен туындаса ғана ақталады. Ал атау шығарманың табиғи идеясына қызмет етпей, тек назар аудартудың құралына айналған сәтте, ол әдеби тәсілден гөрі маркетингтік амалға көбірек ұқсап кетеді.

«Ол жақта Құдай жоқ» деген тіркес те алғаш естіген адамды еріксіз тосылдырады. Өйткені мұнда діни-танымдық тұрғыдан ғана емес, тілдік-логикалық тұрғыдан да күмән тудыратын астар бар. «Ол жақ» деген қай кеңістік? Ал Құдай белгілі бір мекенге тәуелді бола ма? Осындай сауалдар романды оқымай тұрып-ақ туындайды. Демек, бұл шығармаға берілген баға емес, ең алдымен, оның өзін қалай таныстырғанына қатысты алғашқы әсер. Сондықтан романды дәл осы алғашқы әсерден бастап, оның тақырыбы мен атауы қаншалықты көркемдік қажеттіліктен туғанын, ал қаншалықты оқырман назарын жаулауға есептелгенін таразылау маңызды.

Бұл роман Сирияда халифат орнатамыз деп жат ағымның жетегінде адасып кеткен «содырлар» туралы жазылған. Автор туындыны сол соғысқа қатысып, кейін «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған азаматтармен жүргізген сұхбаттарға сүйене отырып өрбітеді. Сондықтан романдағы оқиғалар мен кейіпкерлердің ішкі күйзелісі, діни фанатизмнің адам тағдырына тигізген зардабы өмір шындығымен астасып жатыр. Шығармада автор радикалды идеологияның жастарды қалай арбайтынын, олардың туған жерінен, отбасынан, адамгершілік құндылықтарынан ажырауына не себеп болғанын көркем әрі нанымды бейнелейді. Сонымен қатар, елге оралған кейіпкерлердің өкініші, өткен өміріне жасаған талдауы мен қоғамға қайта бейімделу жолындағы күресі арқылы оқырманды терең ойға жетелейді. Романның басты құндылығы – бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселені көтеріп қана қоймай, экстремизмнің ауыр салдарын шынайы деректер негізінде көркемдікпен жеткізе білуінде шығар.

Татьянаның тағдыры

Романның негізгі өзегі – Татьянаның тағдыры. Автор оның өмір жолын бала кезінен бастап суреттеу арқылы адамды радикалды идеологияға итермелейтін себептердің тамыры көбіне әлеуметтік және психологиялық ортада жататынын көрсетеді. Татьяна мейірімсіз отбасында өсіп, анасының қамқорлығын көрмейді, кейін жетімдер үйіне тап болады. Осылайша, бала кезінен сүйіспеншілік пен жылулыққа зәру болып өскен қыздың өмірден өз орнын іздеуі – шығармадағы басты психологиялық ахуалдың бірі.

Колледжде жүріп намаз оқитын құрбыларымен араласуы, кейін Нұржанмен танысуы оның тағдырындағы шешуші кезеңге айналады. Нұржан да қоғамнан шет қалған, рухани тірек іздеген жан. Автор бұл екі кейіпкерді бір-біріне кездейсоқ жақындастырмайды. Екеуінің де ортақ мұңы – мейірім мен түсіністікке деген зәрулік. Осы әлсіз тұсты радикалды идеология өз мақсатына пайдаланады. Сондықтан олардың Сирияға аттануы діни сенімнің салдары ғана емес, әлеуметтік жалғыздықтың да көрінісі ретінде беріледі.

Романның ең әсерлі тұстарының бірі – Татьянаның ішкі өзгерісі. Сирияға аттанарда ол жұрт айтқан «халифатта» әділетті де бақытты өмір сүретініне шын сенеді. Алайда соғыстың қасіретін, күнделікті жарылыстарды, аштық пен қорқынышты, бейкүнә адамдардың өлімін көрген сайын оның санасы өзгере бастайды. Осы тұста автор кейіпкердің психологиялық эволюциясын шынайы бейнелеген. Ал Нұржан болса, керісінше, радикалды идеядан бас тартпай, оны ақиқат деп қабылдап, соңына дейін соғысады. Бұл екі кейіпкердің тағдыры арқылы жазушы фанатизм мен өмір шындығының қарама-қайшылығын көрсетеді.

Татьянаның балалары үшін күресі шығарманың эмоциялық салмағын арттыра түседі. Бір баласынан айырылып, екі перзентін аман алып қалу жолындағы жанкештілігі оны тек соғыс құрбаны ғана емес, ана ретінде де жаңа қырынан танытады. Автор дәл осы эпизодтар арқылы аналық махаббаттың кез келген идеологиядан биік екенін меңзеген шығар. Соғыс оның барлық арманын күйреткенімен, балаларын құтқаруға деген үміті оны өмірге қайта жетелейді. Татьяна бейнесі – адасқанымен ақиқатты кеш болса да түсінген адамның жиынтық тұлғасы. Оның тағдыры арқылы жазушы тұтас адамзаттың проблемасын көтерген. Иә, дұрыс оқыдыңыз, шығарманың басты кейіпкерлері Қазақстанның азаматары болғанымен, өзге елдің жанама кейіпкерлері де жетерлік. Бұл шығармада көптеген ұлттың адамдарын кездестіресіз.  

Жазушы Татьяна мен Нұржанның тағдырын салыстыра отырып, адамның өмірлік таңдауы оның болашағын қалай өзгертетінін көрсетеді. Бірі қателігін түсініп, балалары үшін өмір сүруге ұмтылса, екіншісі соқыр сенімнің жетегінде кетеді. Бастапқы ойынан айнымайды. Осы арқылы шығарма адамгершілік құндылықтардың, отбасы тәрбиесінің, дұрыс ортаның және сыни ойлаудың маңызын айқындайды. Сондықтан роман тек соғыс туралы шығарма емес, адам тағдыры, адасу мен ақиқатты тану, үміт пен өмір үшін күрес жайындағы терең психологиялық туынды деп бағалауға әбден лайық.

Езид әйелдері

Романда ерекше назар аударатын тұстардың бірі – әйел тағдырының қалай аяқасты етілетінін көрсетуі. Қателеспесем бүгінгі таңда да кейбір топтардың арасында осы мәселе өршіп тұр. Сириядағы «содырлар» қоғамында әйел жеке тұлға емес, ер адамның мүлкі іспетті қабылданады. Күйеуі қаза тапқан әйелдің аза тұтуына да, өмірлік таңдау жасауына да мүмкіндік берілмейді. Белгілі бір мерзім өткен соң оны күйеуге шығуға мәжбүрлейді. Мұндай көріністер радикалды идеологияның әйелдің еркіндігі мен қадір-қасиетін толық жоққа шығаратынын ашады. 

Бұдан да ауыр көрініс – езид әйелдерінің тағдыры. Романда олардың соғыс олжасы ретінде қарастырылып, жыныстық құлдыққа мәжбүрленуі адамзат тарихындағы ең сорақы қылмыстардың бірі ретінде бейнеленеді. Бұл эпизодтар тек бір этносқа жасалған зорлықты емес, террорлық идеологияның әйелді адам ретінде емес, айырбасталатын зат, пайдаланылатын құрал ретінде қабылдайтын қатыгез табиғатын көрсетеді. Автор осы арқылы экстремизмнің құрбаны тек майдандағы «жауынгерлер» емес, ең алдымен қорғансыз әйелдер мен балалар екенін айқын аңғартады. Осындай эпизодтар романның әлеуметтік салмағын арттыра түседі. Автор соғыстың әскери қырын ғана емес, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қарсы жасалған қылмыстарды да батыл көрсетеді. 

Аштық

Тағы бір кейіпкердің есімі – Татьянаның ұлы Халид. Ол екі аяғын сылтып басқанымен, өмірге деген құштарлығы мен қайсарлығы ерекше бала. Соғыс пен аштықтың ортасында өскеннен кейін әр сәттің қадірін біледі. Автор мұны ашыққан халыққа азық-түлік таратылған көрініс арқылы жеткізеді. Жарылыс қаупіне қарамастан, Халид жүгіріп барып, бір бөлке нанды құшақтап жерге жата қалады. Баласын іздеп келген Татьянаға күлімсіреп: «Апа, бізге нан алып қойдым», – деуі оқырманның жүрегіне әсер етеді. Бұл көрініс арқылы жазушы баланың өмірге деген құштарлығын, үмітін және қиындыққа мойымайтын қайсар мінезін суреттейді. Тіпті, Татьянаның өзі де Халидтің өлермендігіне, қандай жағдайда да өмір сүруге деген талпынысына таңданыспен қарайды.

Көңілді қоштасу

Шығарманың ең ауыр әрі әсерлі эпизодтарының бірі – он бес жасар бозбалаларды жанкештілікке дайындау көрінісі. Ұйым мүшелері оларды «Жаудың арасына кіріп, өзіңді жарып жіберсең, жұмаққа барасың» - деген жалған уағыздармен психологиялық тұрғыдан тәрбиелейді. Балалардың әлі толық қалыптаспаған санасы осы үгіт-насихатқа оңай беріліп, олар мұны ерлік пен парыз деп қабылдайды. Солардың бірі – Хафиз. Ол соңғы сәтте анасымен көңілді қоштасады. «Жұмақтың төріне» ертерек барып, әке-шешесіне орын алып қоятынын мақтанышпен айтады. Қоштасудың көңілді боларын бұрын соңды кім білген? Бірақ, майдан даласына барып, жаудың шебіне қарай жарылыс жасау үшін көлікке мінер алдында кенет жылап жібереді. Бұл – оның жүрегіндегі пәк, балалық сезімнің әлі де жоғалмағанын аңғартатын өте әсерлі сәт. Оқып отырып, еріксіз көзіңізге жас аласыз. «Жылағанымды анама айтпаңдаршы…» деген өтініші оның ішкі жан дүниесіндегі арпалысты көрсетеді. 

Жұмбақ кейіпкер

Романда маған ерекше ұнаған кейіпкер – Марат. Басынан әккі, өзгеге сыр алдырмайтын, ойын жасырын ұстайтын, бастысы өзіне сын көзбен қарай алатын бейне. Бұл соғыстың мағынасыз екенін, өзінің алданғанын дер кезінде бағамдайды. Ол бұрын әскери қызметте болғандықтан, соғыс жағдайын, қауіп-қатерді және аман қалудың жолдарын жақсы біледі. Бір сәтте оның хабарсыз кеткенін көрген өзге кейіпкерлер оны қаза тапты деп ойлайды. Алайда Марат соғыс аймағындағы шекаралардың орналасуын, миналанған жерлерді және күзет әлсіз тұстарды жақсы меңгергендіктен, барлық кедергілерді айналып өтіп, майдан даласынан құтылады. Оның бұл әрекеті тәжірибесінің, сабырлылығының және батылдығының көрінісі. Марат – жұмбақ мінезді кейіпкер. Ол өз ойын көпшілікке ашып айтпайды, артық сөзге бармайды, бірақ қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдай біледі. Осындай қасиеттері арқылы Марат романдағы ең есте қаларлық бейнелердің біріне айналады.

Тіл тазалығының бұзылуы

Романның көркемдік ерекшеліктерінің бірі – автордың кейіпкерлердің тілін барынша шынайы беруі. Осы мақсатта шығармада діни терминдер, араб сөздері, сондай-ақ әдеби тіл нормасына толық сәйкес келе бермейтін жаргон сөздер мен ауызекі тіркестер жиі қолданылады. Бұл тәсіл кейіпкерлердің өмір сүрген ортасын, дүниетанымын және психологиялық күйін нанымды жеткізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, мұндай сөздердің мол қолданылуы кейбір тұстарда көркем мәтіннің әдеби тіл тазалығын әлсірететіндей әсер қалдырады. Соған қарамастан, бұл – автордың оқырманды оқиғаға барынша жақындатып, соғыс ортасындағы адамдардың болмысын табиғи көрсетуге бағытталған саналы көркемдік шешімі деп бағалауға болады. Бірақ, оқырманның ығына жығыла беру де қаншалықты дұрыс деген ой қылаң етті.

Соғыс майданда емес, санада басталады

Бұл романның ең үлкен ерекшелігі – атауына қарамастан Құдайдың жоқтығын дәлелдеуге емес, Құдайдан айырылған адамның рухани күйін көрсетуге ұмтылуы. «Ол жақта Құдай жоқ» деген тіркес географиялық мекенді емес, адам жанының босап қалған кеңістігін меңзейді. Автордың негізгі сұрағы: адам үміттен, ардан, мейірімнен айырылса, оның өмірінде Құдайға деген махаббат қаншалықты баянды болмақ?

Әлемдік әдебиетте соғыс, терроризм, діни фанатизм және адамның рухани күйреуі туралы жазылған шығармалар әрдайым ерекше бағаланып келеді. Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала», «Мың нұрлы күн», Джонатан Литтеллдің «Мейірбан жандар», Кевин Пауэрстің «Сары құстар» романдарының құндылығы – соғыстың өзін емес, соғыс құрбанын, идеологияның өзін емес, сол идеологияның адамның жан дүниесін қалай өзгертетінін көрсетуінде. Осы тұрғыдан келгенде, Есбол Нұрахметтің «Ол жақта Құдай жоқ» романы да тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ трагедияны бейнелейтін шығарма.

Сәл шегініс жасасақ. Мен бұл шығарманы бір демде оқып шықтым. Оның үстіне бұл романдағы оқиғалар желісі маған бұрыннан таныс. Тіпті, осы бір мағынасыз соғысқа бала кездегі досым кетіп қалған. Иә, әлі есімде. Ол кезде мен Астанада оқитын едім. Ол – Сәтбаев қаласында тұратын. Он жеті, он сегіз жасымызда көше кезіп жүре беретінбіз. Ол жігіт мешітке барып намаз оқығаннан кейін бізден алыстай берді. Жаңа орта тапты. Балағын қысқартып, сақалын өсірді. Кездесіп қалғанда бізбен тұрғанына ұялатын. Өтіп бара жатқан сақалды бірнеше жігіт ескерту де жасағанын құлағымыз шалған. Шамасы бізбен жүруге тыйым салды. Соңғы сөйлескенімізде әке-шешесі әперген көлігін сатып, Египетке барып оқитынын, елге келіп, дін жолында қызмет ететінін мақтанышпен айтқан. Кейін осы шығармадағы соғыстың ортасынан бір-ақ шықты. Интернетте кеңінен тараған видеода сол жігітті көрдім. Одан кейін де сол соғыста біраз болды, тіпті анасымен сөйлесіп жүріпті. Кейін қаралы хабар келгенін естідік. Бірақ, сол жігіт өзінің ұстанып жүрген бағытына риясыз сенетін. Өмірден мән тапқандай шаттанып жүретін. Сондықтан оның тағдырына біржақты үкім айту да қиын. Ол жаман адам болғандықтан емес, өз ақиқатын таптым деп сенгендіктен сол жолға түсті. Ең қорқыныштысы - адамды қарумен емес, санамен соғысқа алып кететін идеяның күші шығар. Бұл романды оқығанда мен үшін кейіпкерлер жай ғана көркем образ болып қалмады. Олардың әрқайсысының артынан өзім танитын адамдардың бейнесі көрінді. Бір кезде бірге күліп, бірге өскен досымның тағдыры да осы кітаптың беттерінен қайта тірілгендей әсер етті. Сол себепті шығарманы сырт көзбен емес, жеке естеліктеріммен бірге қабылдадым. Мүмкін, осы романның ең үлкен құндылығы да осында шығар: ол соғысты тек майдандағы қақтығыс ретінде емес, адамның санасы мен тағдырын жалмайтын қасірет ретінде көрсете алды.

Есбол Нұрахметтің «Ол жақта Құдай жоқ» романы бүгінгі қазақ әдебиетінде сирек көтерілетін тақырыпты батыл жеткізді. Оның басты жетістігі – терроризмді немесе Сириядағы соғысты баяндай салуында емес, сол қасіреттің адам жанын қалай өзгертетінін көрсетуінде. Елге аман-есен оралған кейіпкерлердің бойында әлі де үрей бар сияқты. Олар сол ортадан тірі қалғандарына қуана алмайды. Тіпті, тірі қалудың өзін қылмыс санайтындай қымсынады. Көбісі күйеулерінің қаза тапқанын естігенімен, көзбен көрген жоқ. Бір үміт – мың күмән. Романды оқып болған соң, «Ол жақта Құдай жоқ па?» деген сұрақтан гөрі, «Адам Құдайдан қалай алыстайды?» деген сауал санада ұзақ сақталады. 

Негізінен, мен Есбол Нұрахметті студент кезінен жақсы танимын. Оның потенциалы мен суреткерлігі бұдан да үлкен шығармаларды жазуға жеткілікті деп ойлаймын. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan