«Ақын ем аспан сұрап самғау күткен…»

Жуырда әдеби әлемге қаралы хабар жетіп, 52 жасына қараған шағында қайтыс болған қаламгерді ел болып мәңгілік мекеніне шығарып салды. Өкінішті. Төл әдебиетіміз жырлары жасындай жарқыраған, ақындығы төгіліп тұрған тағы бір жанмен қош айтысты. 

«Ақын ем аспан сұрап самғау күткен…» - adebiportal.kz

«…Аяқтың ғана ізі қап, 

Аяқталмасын ғұмырың»

 

Әдеби әлемнің поэзия жанрында ерекше қолтаңбасын қалдырып кеткен, жырларын оқып отырғанда-ақ, авторы айтылмаса да, өлеңнің өзіндік стилі арқылы бірден танитындай тума талант ақындар болады. Олардың қайсысы болмасын өз дәуірінің тынысын жырлап қана қоймай, сөз өнеріне өз болмысымен жаңа леп, тың мазмұн, әдемі ұйқас, өзгеше көркемдік әкеле білген. Сондай ақындардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Бекжан Әшірбаев. Ол – қазақ поэзиясында өзіндік ізі мен үнін қалыптастыра білген талантты дарын иесі еді. Жуырда әдеби әлемге қаралы хабар жетіп, 52 жасына қараған шағында қайтыс болған қаламгерді ел болып мәңгілік мекеніне шығарып салды. Өкінішті. Төл әдебиетіміз жырлары жасындай жарқыраған, ақындығы төгіліп тұрған тағы бір жанмен қоштасты. Оның осы санаулы ғұмырында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз еді. Ақын келер ұрпаққа артында өшпес мұра етіп, өрнегі бөлек өлеңдері мен теңіздей терең шығармашылық әлемін қалдырып барады. Бүгін дәл осы ақынның жыр әлеміне үңілгенде, лирикалық тұңғиық толғанысты, сарғайған сағынышты, ал кей өлеңдерінен қоғамдағы оқиғаларға қарай ащы мысқыл мен өткір сынды байқауға болады. 

Бекжан Төребекұлы 1974 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, (қазіргі Түркістан облысы), Мақтаарал ауданы, «Ленин жолы» ұжымшарында өмірге келген екен. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн үздiк тәмамдайды. Сол жылдан берi өзі тәлім алған аталмыш бiлiм ордасында еңбек етіп,  ұстаздық қызмет атқарған. Ақын аз ғана ғұмырында журналистикада, айтыс өнерінде, поэзия әлемінде жарқ етіп, артынан өшпес ізін қалдыра білді. Ол алғаш 1989 жылы республикалық ақындар айтысына қатысып, өткір сөзі мен өзекті ойы арқылы халық жүрегінен орын алған айтыскер ақын атанады. Оның:  

«Октябряттар орнына,
Ақпақұлақтар келді ғой,
Пионерлер орнына,
Зиян ерлер келді ғой,
Комсомолдар орнына,
Нансоғарлар келді ғой,
Коммунистер орнына,
Коррупцистер келді ғой...», - 

деген айтыстағы айшықты шумақтары бүгінгі күні халық аузында жатқа айтылып жүргені баршаға бәлім. Ел сүйіп тыңдаған ақын Бекжан, уақыт өте мерзімді баспасөз саласында елеулі еңбек етіп, беделді журналист Бекжанға айналады. Журналистикадағы өнімді еңбек жолын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің республикаға тарайтын «Қазақ университетi» газетiнiң бас редакторлық қызметінен бастаған. Кейіннен республикалық «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бiрiншi орынбасары, республикалық «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы, республикалық «Жас қазақ үнi» газетi бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары сынды қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген басылымдарда журналист мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ақынның соңында 2008 жылы басылып шыққан «Қоңыр әуен», бертін келе, 2024 жылы жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» атты жыр жинақтары қалды. Сан қырлы шығармашылық әлемнің иесі – айтыскерлік пен журналистік қызметінен бөлек, қазаққа танымал әндерге сөз де жазған. Соның бірі  Тоқтар Серіктің орындауындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын – «Көршінің қызы» әні. Шығармашылық өнердегі бұл қыры жайлы ақынның өзі бір сұхбатында: «Менің әндерім – поэзиямның жарнамасы» деген еді. Халықтан екі елі ажырамаған талантты қаламгердің жырларынан ұлттық дүниетаным мен бүгінгі қоғамның тынысын қатар байқауға болады. Бекжан Әшірбаев – сан алуан бағыт пен ізденіске толы қазіргі қазақ поэзиясында дәстүрлі өлеңнің мүмкіндігін  кеңейтіп, заманауи тақырыптарды да ерекше екпінмен жеткізе алған поэзияда заманауи бағыты бар жан. 

«Жаһандану жеңісі немесе «Z ұрпақтың» зердесі» атты мына бір өлеңінде: 

«Әлем тұрар қозғалыс пен қимылдан,
Адамдарда істеп кетті ми жылдам.
Қыздың жиған жүгінде еді әсемдік,
Заман келді енді бәрін ЖИ қылған. 

Нейрожелі, тіл бітірдің мұз-отқа,
Маған құсап ойланасың күн-апта.
Сен мен үшін өмір сүріп кеткенмен,
Қабірімде жатпайсың ғой бірақ та», - 

деп ақын қазіргі жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жырға қосып, мен үшін бәрін жасағаныңмен, менің орныма қабірге кіре алмайсың ғой дегені – әдемі теңеумен ЖИ мүмкіндіктерінің де шектеулі болатындығына дөп түскені. Құдды ақын сол қабірге ерте кірерін сезгендей...

Әшірбаев өлеңдерінің қашанда ауқымы мен мағынасы кең, оқырманға айтар салмақты ойы басым. «Ақын ем аспан сұрап самғау күткен» деген айтыстағы осы бір тіркесінің өзінде қанша мағына, қанша тағылымды ой жатыр. Парасатқа толы поэзиясынан әділдік пен шындықтың лебі ескен марқұм Бекжан Әшірбаев жайлы ендігі: «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында із қалдырған...» деген Хәкім Абайдың бір ауыз жыр жолдары дәл суреттейтіндей... 

Рухыңыз шат болсын, Бекжан аға! Ендігі сіздің үніңізді жеткізер – жырларыңыз ғана...

Марқұм Бекжан Әшірбаевтың жырларын оқи отырыңыздар.

АЛТЫН БАЛЫҚ

Күзеткен сыртқы жаудан ер бекетін,
Бере алған бұрымдысын теңге тегін.
Жүргендей үй киіммен еркінсимін,
Болғаны қандай бақыт мемлекетім!

Ғасырлар оты қақтап, буы ыстаған,
Тарихым береді кең тыныс маған.
Рухымды құлатпаймын батырлардай,
Соғыстың даласында ту ұстаған!

Отарлық сана әуре тағын әрлеп,
Өшпейді құлдың оңай жадынан кек.
Бодандық ноқтасынан босағанмын,
Әнұран нотасына бағынам тек!

Сәттер көп бір жылынып, бір ысынар,
Болашақ құшақ-құшақ гүл ұсынар.
Туғанмен суретшінің қиялынан,
Елтаңбам жанды бейне тынысы бар!

Отаным, сен аман бол – жүрегім сол!
Алашым, сен аман бол – тірегім сол!
Үш мәрте алтын балық ұстасам да,
Сұрайтын жалғыз ғана тілегім сол!!!

Рәміздер аясындағы тебіреніс

Қайғысыз ішілген айналдым шай-судан,
Отанын сүйеді болса да қай туған.
Балаңды бақшаға таңертең тез апар,
Кешігіп қалмасын Әнұран айтудан.

Рухты әуен бойдағы жазар бар сырқатты,
Туған жер жұпары – аймалар жыр тәтті.
Айдаушым, жол берші кептеліс жасамай,
Жүрекпен сезінсін бүлдіршін бұл сәтті.

Білімге ынтызар шарласын көкті арман,
Сыныпта отырсын жанарлар шоқтанған.
Торғайкөз сауыттар мұраң боп қалсын тек,
Күн түскен терезе сынбасын оқтардан.

Айтылып әңгіме алдағы той жайлы,
Бүгінім қуантсын, ұмыт боп мол қайғы.
Жағасын кірлетпей жүретін оқушы,
Ауласын таза ұстау керегін ойлайды.

Мейірім танытып баланың тый жасын,
Шынығу жасайды ойын да миға шын.
Армансыз әткеншек тепкізіп әкелер,
Аспанға ұшудың ләззатын сыйласын.

Көктемде бүр жарып қайтадан алшын маң,
Тап-таза кеудеңмен дем алшы ар тұнған.
Суретке түскенде самайын ақ шалған,
Анаңды көрейін әрдайым қасыңнан.

Алдымнан ашылар қаншама тұр есік.
Жеңіске ұмтылу жіберер тың етіп.
Туымды жоғары көтерген ұл-қызым,
Биіктеп кетесің өзің де ілесіп.

Бақ сынар сәттерде сөйлемес тілім кем,
Көңілі нұрпейіс достармен бір іргем.
Елтаңба ілінген қабырғам құламас,
Шегемді мықтауға асығам бүгіннен.

Арзанға алданбас жандарды сағи де,
Гүлім бар сыйлайтын көңілі нәбиге.
«Рәміздер күнімен құттықтап келер»,
– деп,
Дастарқан жаюлы тұрсыншы әр үйде!

Жарты ғасыр

Жасаймын аспандағы құсқа құрмет,
Сүйемін еркіндікті күшті, әділ деп.
Адамды анығырақ тану үшін,
Алдымен ойша аламын сканерлеп.

Қу тірлік тапқызбайды тыным қазір,
Айтады ажал сәті түбінде әмір.
Жадымда жаңғырады кейбір сәттер,
Болғандай бұл өмірде бұрын да бір.

Ақырын өтті жылдар, алыстады,
Бүгінім кешегіден қалыспады.
Ұнатам бұрыштағы асхананы,
Татқызған бала күннен таныс дәмді.

Үмітім қайта қаулап алшын шөптей.
Ататын балғын шақта таң суреттей.
«16 +» деген киноларға,
Кіруге тұрушы еді жасым жетпей.

Сәл ғана бұрынғыдан артып ақыл.
Түс ауып, сағат тілі алтыда тұр.
Армысың, менің екі жиырма бесім,
Атасам шын атыңды – жарты ғасыр!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan