Аманатқа адал ақын
Алаштың ардақты ақыны ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Серік Тұрғынбекұлының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Жүрегім мұңның ұясы» кітабы туралы мақаланы жариялап отырмыз.
Серік Тұрғынбекұлының «Жүрегім – мұңның ұясы» атты жыр жинағымен танысқалы бері үлкен бір ризашылық сезім, нағыз ақынға деген құрмет кеудені кернейді. Шын мәнінде бізде ақындар көп, бірақ, Серік ақын сол көптің ішінен «мен мұндалап» тұрған алып бір ақ сеңгір секілді. Ақындық деген адамның болмысы, әлде туа біткен талант, әлде шеберлікпен шыңдалып, биігін бағындырған мамандық па деп те толғанады екенсің кейде. Поэзия дейтін үлкен ауылдың ақсақалы Серік Тұрғынбекұлының бар болмысына, тыныс-тіршілігіне қарап, оның о бастан-ақ ақын боп туылып, ақындық өмір кешіп келе жатқан тіршілігін танып, риза боласың. Оның өлеңдері жан дүниеңе соншалықты жақын, дәл өзіңнің ішкі сырыңдай етене болып кетеді. Арындап тұрған асау жырлары кейде жүректің сонау тұңғиығында тығылған нәзік мұңды, болмаса сар даладай сарғайған ұлы сағынышты, тіпті атой салатын асқақ рухты да дөп басып тауып, тірілтіп жібереді. Ақын қаламынан туған өлең сөздің осындай құдіреті сені еріксіз баурап алады да өзіне тәнті етеді.
Жинақтың «Тәуелсіздік – тұмарым» атты алғашқы бөлімінде елдік пен ерліктің, кеше мен бүгіннің беталысы жырланыпты. Оқи отырып, көз алдыңа тәуелсіз ел болып еңсе көтерген отыз жылдың қуанышы мен өкініші, биігі мен «әттегенайы» қатар еске түседі, кешегі «қаңтардан» кейінгі қам көңіл алаң жұрт, жаңарған жаңа Қазақстан мен оның жаңа басшысы және күллі халықтың ертеңгі күнге деген үлкен үмітін сезінесің. Ақсақал ақын «Шақшақ Жәнібектің Абылайханға берген батасы» атты өлеңінде бүгінгі ел басқарған басшымызға өзі бата беріп тұрғандай:
«Орман бар деп торықпа,
Кесілер де үзілер.
Қорған бар деп қамықпа,
Ол да бір күн мүжілер, -
деп ақылгөй абыздардың әуенімен тереңдете толғап,
«Қара жеріңді баптай біл,
Қара халқыңды сақтай біл!
Қарашығындай көзіңнің! –
деп аяқтайды.
Шын мәнінде «Тәуелсіздік» дейтін ұғымның қаншалықты қадірлі қаншалықты маңызды екенін кейінгі уақытта әлем тынысы бәрімізге де тереңдеп түсіндіргендей.
«Ерік бермей құр даңғаза шуылға,
Салмақ түсті бүгін біздің буынға.
Елжіреген жүрегімнің жылуы,
Желбіреген –
Тәуелсіздік туымда! -
дейді ақын. Тәуелсіздіктің тамаша толғауын ақынның бүгінгі көңіл-күйін суреттеген жырлары былай деп жалғайды:
Киер киім болғанмен жалаңашпыз,
Ішер тамақ болғанмен және де ашпыз.
Шала-пұла тірліктің дәмін татқан
Шала жансар,
Шалапай,
Шала маспыз.
Бара жатыр жүректің жарасы үдеп,
Сөз бен істің қосылар арасы жоқ.
Кім айтады біздерді,
Күні кеше
Қан төккен жауынгердің баласы деп?
Бастық көрсек, жүгірдік байпаң қағып,
Күлдік бекер сықылдап, сайқалданып,
Кеңсірігін кетердей біреу кесіп,
Кемшілігін бетіне айта алмадық, -
деп қайғырады ақын.
Қыран едім,
Қарғаға түсті күнім.
Талай-талай түйнеді іште мұңым.
Көрдік кейде қаңтардың аптабын да,
Көрдік кейде шілденің үскірігін...
Кезінде «әдебиет – ардың ісі» деген алыптардан қалған адал сөз бар еді. Адам баласының, жалпы мына өмір дейтін ұлы тіршілігіміздің мән-мағынасы мен ұстанымы осы адалдық, адамгершілік екені анық. Замана қанша өзгеріп, мың құбылған жаңалығымен тамсандырса да адам мен оның өмірі жарық дүниенің ең үлкен құндылығы болып қала бермек. Сондықтан біздің ұғымымыздағы ақындық – адам баласының ары мен адамдық келбетінің өлшемі секілді. Поэзия - жан дүниенің тазалығы арқылы көңіл көкжиегіндегі көрікті ойлардың көркем үйлесуі ғой. Серік ағаның өлеңдерінен осы бір тазалықтың, ар алдындағы адамдық парыздың салтанаты сезіліп тұрады. Ақын – Алла аузына адал сөзді аманаттаған текті жан.
Оның алғашқы жыр жинағының тұсауын ақиық ақын Мұқағали кескен болатын. Ол туралы «Жыр-тұлға» дейтін бөлімдегі «Мұқағали» атты өлеңінде ақын:
«Деуші едің сен:
«Өлең-жырда –
Сенің де енді атың бар,
Жағдайың бар,
Жақсыларға жақындар!
Қарсы келген
Патшаға да,
Ханға да –
Басын иіп, бағынбасын ақындар!» -
деп толғап, ұлы ақынның аманатына:
«– Осы сөзің
Өмірдегі мұратым!
Ұғып қалдым,
Айтқаннан соң ұлы ақын!
Тас төбемде
Темірқазық секілді -
Қайда барсам адастырмай тұратын!» –
деп ақтарылады. Шындығында да, ақынның замандастары болсын, жалпы бүгінгі-кейінгі көзі қарақты көпшілік Серік Тұрғынбекұлын жәй ғана ақын емес, ақиқат сөзін айтар қайраткер деп те таниды. Қоғамдық өмірдегі сан түрлі мәселелерге үн қатудан шаршамайтын ақынның белсенді азаматтық келбетін «Ақ жол» партиясына мүше болып, күні кеше ғана талай мінбелерден айтқан ақиқатшыл ойларынан да таныды. Ел-жұрты халық мүддесі үшін қандай күреске де дайын екенін оның өлеңдерінен ғана емес, тайсалмай айтқан батыл ойларынан, қоғамдық кездесулерде сөйлеген сөздерінен де республика деңгейіндегі БАҚ-тарға берген сұхбаттарынан да жиі оқып-көріп отыратын. Оның қоғамдық қайраткерлік қызметі де әсіресе еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел болып бекіп, қанатын қатайтқан жылдарда, ұлт пен мемлекеттің мүддесі үшін жан аямай атсалысып, әр уақытта халықтың сөзін сөйлеп, мұңын жырлап, елдің ерекше ықыласына бөленгенін жақсы біледі. Дәл осындай жиындардың бірінде сөз сөйлеп тұрып, құлап, содан бері сырқатты болғанын да көпшілік білетін болар.
Ақынның жерлестері әсіресе, оның туған Торғайы үшін қан жылаған көңіл күйін, жүрегін сыздатқан әрбір жағдайдың ауанын оның қамкөңіл жырлары арқылы естіп-біліп отырғанын әлі күнге жыр қылып айтады.
«Торғайым – дархан дала еді,
Кеселіне ұшырады Кеңестің.
Арқалық алып қала еді –
Алып қала алмады оны ешкім», –
деп жазды бір кезде С. Тұрғынбекұлы. «Туған жер – алтын бесік» атты бөлімдегі «Торғай туралы толғауында» ақын:
Теңеу болған
Ғарышқа, жылдамдыққа,
Демеу болған,
Дағдарып тұрған жұртқа.
Тәуелсіздік тұрсын деп
Тұғырында,
Өзін өзі қиған ол
Құрбандыққа!, –
депті. Дәл осы сөз торғайлықтардың көңіл түкпірінде тұрып, күбірлеп айтар өкініші екені де рас.
«Алаштардың отаны болғаннан соң,
Алаштардың тағдыры бұйырған ба?» -
деген жолдар арқылы Тәуелсіздік алғалы бері тағдыры талқыға түскен бұрынғы Торғай облысы, туған Торғайы үшін ақынның алаң көңілін ғана емес, ішкі шарасыздық пен үлкен өкініштің демін танисың.
Оның Торғай туралы толғауларының өзі үлкен бір кітап болары анық. Ақын өзі туған өлкенің тау-тасы мен өзен-көлі, сар даласы мен сары баласын да талмай жырлап келеді. Оның туған жерге деген махаббатын Торғай тудырған алыптарға арналған жырларынан Кейкі, Амангелді, Әліби туралы дастандар мен Ахаң мен Жақаңдай Алаш арыстарына арнаған публицистикалық зерттеулері мен поэмаларынан танисың. Поэзия дейтін әлемнің есігін ашып енгізген Нұрхандай ұстаздары мен Ғафу, Сырбай ағалары және кешегі жан жолдасы Кеңшілік, Серікбайлармен сырласатын сазды жырларынан тұшынып тояттайсың. Әне бір жылдары Торғайдың сар даласын мекендеген киіктер қырылғанда «Қырылып жатыр, киіктер» деп аттандағанын, маң даланың төсіне «Гептил» қайта-қайта құлаған кезде:
«Аспаннан гептил» жауған күн
Басымнан бағым ауған күн,
Өзегі талып өзеннің,
Кеткенін көрдім тартылып
Шөккенін көрдім таулардың...», –
деп туған табиғатымыздың, жер ананың төсін тілгілеген жан жарасын жырмен жазып, жанын жұбатқанын жақсы біледі.
«Есімің сенің – Елорда» атты бөлімге Секеңнің Астана туралы әфсаналары енген. Негізінде, ақын – жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы. Оның өлеңдеріндегі үлкен бір ерекшелік – жырларынан өмірге деген құлшыныс, ізгілікке деген ұмтылыс, жақсылықтың насихатшысына тән жарқын қуатты күш «мен мұндалап» тұрады. Сол бір күш біздің бәрімізді бақытты ете алатын қозғаушы екенін жан жүрегіңмен сезесің. Өлең сөздің құдіреті де мына дүниедегі міндеті де осы болса керек. Астана туралы өлеңдерді оқып отырып, өлең бойындағы мемлекетшіл, халықшыл асқақ шабыт пен ұлттық мақтаныш, шынайы патриотизмнің рухы сені де қанаттандырып әкетеді.
Шуағын шашып нұрлы күн,
Астана болып тұр бүгін.
Қазақстаным –
Байтағым,
Бақытым,
Бағым,
Бірлігім! –
дейді ақын.
Осындай отаншыл әрі рухты жырлар, өскелең ұрпақ үшін, оларды елдік пен ерлікке тәрбиелеу үшін қаншалықты құнды да маңызды екенін зерттеп зерделеп, оны уақытында бағалай білу де маңызды шығар. Шындығында ақынның шығармашылығы тұнып тұрған мемлекетшіл, халықшыл, ұлттың ұлы мұратын жырлаған жырлар. Қазақтың қайсар ұлдарына арнап жазған дастандарының өзі жеке-жеке бір кітап. Махамбет, Кейкілерден тартып, Сәкен, Ахметтерге, одан кейінгі Нұрғиса, Мұқағалиларға арналған, Тоқтар сынды бүгінгінің батырларына жазған поэма-дастандарының да арқауы елдіктің жыры.
Ақын С. Тұрғынбекұлының соңғы жылдарда жазған «Қысқа-нұсқа шумақтары» да осы жинақтан қомақты орын алған. Негізінде бұл Шерағаңның «Бір кем дүниесін» немесе Асанәлі ағамыздың «күнделігін» еске салатын ішкі сырлар мен толғаныстардан тұрады. Кейде шығыстың шайырларындағы бәйіттеріне де ұқсап кететіні бар.
«Қалам ұстап, жыр құрадым –
Төрт таған.
Сөзден семсер соға алмасам –
Серт маған,
Көңіліңді таба алмасам –
Дерт маған,
Кешіргейсің,
Омар Хаям –
Қарт бабам!» -
деп жазыпты С. Тұрғынбекұлы. Әрине, ақынның көңіл күйі, ішкі сезімі ғана емес, мұнда жан толқытқан сырлар да, кейбір пенделік әттеген-ай дегізген өкініштері де көркем кестеленген. Ақынның аңғал болмысы мен сезімтал ұстыны да ұмсынып тұр. Әдеттегідей негізгі жазары – елдің, ұлттың жайы. Мемлекет, тіл, саясат дейтін басты тақырыптар ақынның ішкі сырлары мен түйген ойлары ұйқасты шумақтарымен әдемі көрініс тапқан.
«Көп бұлттың көбесі сөгіліп,
Жылады еңіреп... егіліп,
Қара жер қомағай жұтады –
Халықтың көз жасы төгіліп».
***
Бейне бір –
Майданындай
Ғарасаттың.
Айнала –
Алас-күлес –
Алашапқын.
Тартып жеп бір-бірінен,
Тамырына –
Балта шауып жатқандай
Болашақтың! –
деген сөздер замана шындығы емес пе?
Биылғы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған ақынның «Жүрегім – мұңның ұясы» атты кітабының тағы бір ерекшелігі «Сібір ақындарының өлеңдерінен» берілген аударма жырлар. Түбі бір түркі бауырластардың өлеңдерінен ортақ бір бірегейлікті тапқаны ма, әлде бір кездегі қызығушылықтың орайы солай келген бе, әйтеуір бұл топтама да ерекше назар аударуға тұрарлық екені анық. Көзі қарақты әдебиет сүйер қауым оның бұған дейін «Перзент сыры» (А. Твардовский), «Москва үшін шайқас» (П. Богданов) сынды кітаптары арқылы аудармашылық еңбегімен таныс болатын.
Негізі С. Тұрғынбекұлының қаламы қарымды журналистік қызметін кезінде Өзбекәлі Жәнібековтың қолқасымен Торғайға барып, қазіргі «Жас алаштың» меншікті тілшісі болғандығы, Қазақ телеарнасының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында жүргенде қазақтың айтыс өнеріне дем бергенін(80-жылдар)біреу білсе, біреу білмес. Алайда оның 2000 жылдардың басында Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық сараптау алқасында қызмет ете жүріп театрлар қойылымдарына етене назар аударып, кейіннен оның қаламынан туған «Нұрхан», «Абай-Біржан», «Мұқағали», «Кейкі батыр» сынды драмалық шығармалары республикалық үлкен сахналармен қатар облыстық театрлар сахнасында да күні бүгінге дейін дүбірге бөлеп келгенін білетін болар.
С. Тұрғынбекұлының әдемі сазбен көмкеріліп, танымал композиторлар бірлестігімен тудырған жырлары ән қанатымен қалықтап, көпшілік көңілінен орын алғалы қашан. «Торғай аруы», «Ақкөлден ұшқан аққулар», «Менің дағы бір аққуым бар шығар», «Сұлуым», «Түркістан», «Ару-Астана» және т.б көптеген әндерге сөз жазғаны және олардың әлі күнге кез келген концерттер мен іс-шаралардың көркін кіргізіп, көрерменнің ықыласына бөленгенін жақсы білеміз.
Биылғы жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Алаш, Махамбет сыйлықтарының иегері, алаштың арда ақыны Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланды. Әсіресе Қостанай-Торғай өлкесі оны ерекше атап өтті.
Кезінде Иран-Ғайып ағамыз Секеңнің 50 жасқа толған тойында «Мемлекеттік сыйлықты әлдеқашан алуға лайық» деп жазған екен.
Бірақ, ары мен парасаты, азаматтығы мен ақындығы алдында аманатқа адалдығын түсірмеген, кезінде өзі тәлім алған, көзін көрген Мұқағали, Нұрқан, Ғафу мен Сырбайлардың деңгейінен аласармай абыроймен жеткен сексенінде тәуелсіз елдің Мемлекеттік сыйлығына өзгелермен салыстырғанда абыройлы әрі әбден лайық екенін атап айтқымыз келеді.
Бейбітгүл Мұхамедқазықызы,
баспагер, журналист
