Тау мен тарлан (хикаят)
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтың 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
...Ұлытаудың ұлдары-ау, Ұлытаудың,
Құлағыңа жете ме үні таудың?
Жүрсін Ерман
Қысқы Алматы дақ жұққан келбетіне шағым айтып, көкке қадалып, ұзақ тұрмады. Жебеуші жарылқап, алып шаһар ақ ұлпа қардың астында қалды. Мүлгуді білмейтін қаланы маужыраған тыныштық ақырындап өз ырқына көндіре бастады. Түнге қарай толастаған қар шаһарды шаттандырып, аппақ тонын кіршіксіз күйде қайта кигізді. Таңға салым Кипрден ұшып жеткен екі дос орталықтағы пәтерлеріне бет алды. Көліктен түсе сала, жеделсатымен жылдам көтеріліп, ішке асығыс енді. Жүздерінде шаршаңқылықтың ізі бар, бірақ көздері жайнап тұр. Өмір тойын тойлай, дүниені кезсе де, қызығына тоймай жеткен екеу бірден жастыққа бас қойды. Әркім өз бөлмесінде тырп етпей, қалың ұйқының, өз еліндегі алаңсыз тыныштықтың бесігінде тербеле берді.
Жомарт су ішіп, тамағын жібіте сала, төсегіне құлай кеткен. Жолсоқты болғанын сезіп, еріксіз жымиған. «Отызымды шетелде атап өтемін» деп өзіме берген уәдемді ақыры орындадым. Отыз ойландырды, «алдыңда қырық тұр» дегізді, қырықтың соңы елу, алпыс. Қарттық уайым жегізді. Жә, ұйықтайын, ұйықтайын. Қартаюға, шау тартуға әлі қайда-а-а!»-деп ой ұшығына жете алмай, кірпігі айқасқан. Қанша шаршаса да, түс көретін қалыбынан бүгін де жаңылмады. Түс емес, өзі көрген, тамашасына батқан Кипрдегі қызықтарының жалғасы тәрізді. Теңіздің төсінде сайран салып жүр. Бір толқынның жалына жармасып еді, ол тулап кетіп, келесісіне қақпақыл етті. Сақылдап күледі келіп. Толқынмен тайталасқанды қойып, теңізге шалқасынан жатып, көкке көз жіберді. Қайда қараса да, тұп-тұнық көк түстер. Аспан мен теңіз өзара астасып кетіп, бір жаратылысқа айналғандай. Күлкісін кілт тыйып, жан-жағын барлай қарады. Шығыс атыраптағы тауды неге байқамаған? Алыстан тау да көгеріп, теңізбен қол ұстасуға ынтығып тұрғандай сезілді. «Аспан көк, теңіз де көк, тау көгілдір! Қандай сұлу көрініс!»-деп көз құмарын қандырып, рахаттанып жата бермек еді, тау жақтан бір үн жетті. Тау бұлағының сылдырындай нәзік дыбыс жаңғырығып, жан-жүйесін босатты. Кенет тау үні өктем шығып, сарқыраманың гүріліне ұқсап, құлағын тұндырды. Жалма-жан жағаға қарай құлаш ұрды. Дауыс соңынан қалар емес. Жағадағы алтын құмға жетіп, буыны босап, тізерлеп отыра кеткенде барып байқады, теңіз түстес тау мұның өз тілінде сөйлеп тұр:
-Ұлытауға бардың ба?
Ұлар етін жедің бе?
Бұдан жауап күткендей арада сәл үнсіздік орнады. Жомарт не дерін білмей, он шақты күн бөгденің тілінде сөйлеп үйреніп қалған қалпына басып, ағылшынша аузын аша бергені сол еді, тау ақырып жіберді.
-Ұлытауға бардың ба?
Ұлар етін жедің бе?
Жаны қысылған Жомарт ана тілінде жауап беруге кірісті:
-Ұлытауға бармадым,
Ұлар құсты көрмедім,
Шетте сайран салғанмын,
Елге көңіл бөлмедім.
Өз даусы өзіне ерсі, тым әлсіз естілді. Тау күркіреп, күрсініп, біраз тұрды да, жарлық етті:
-Ұлытауға бар, балам,
Аңызына қан, балам,
Ұлар құсты көріп қайт,
Ақылға кел, жан балам!
Аң-таң халде аунай беріп еді, аяғын теңіз толқыны шайып өтті. Селк етіп оянып кетті. Өңі мен түсін ажырата алмай, мең-зең болып сәл отырды. Түсі көңілінде қайта елес бергенде, таңдайын қақты. Тауға тақпақтата айтқан жауабы құлағында әлі тұр. «Мұндай да түс бола ма? Енді Мальдив аралдарына баруды жоспарлап жүрсем, түсініксіз бір дауыс «Ұлытауға бар» дейді. Әрине, әлемді аралап шығамын деген антымнан айнымаймын!» Түс-елестің қыспағынан біржолата арылып, мысықша керілді де, қайта ұйқыға бас қойды.
Ақ мекен Алматыда таң атып, күн шұғыласы қарға түсіп шағылысқанда, екі дос тәтті ұйқыда жатты. Тіршілік қызып, көліктер ерсілі-қарсылы жүйткіп, шаһардың тәңірден тілеп алған аппақ тонын тағы кірлетті. Кір-қожалақ күйге түскен, қара түтіннен деміккен қалаға қарап, күн күлді. «Адам ұрлаған ажарыңды қайтаруды сұрап, жаратушыға бекер жалбарынба. Мен жарқырап тұрғанда, қардың бұлты қайдан келсін?!»-деп жымың-жымың етті. «Көктемге жетем, көгерем. Жазға жетем, жайнаймын. Сонда сұлулығыммен кім бар теңесер?!»-деп мәңгіліктің панасы Алматы да есе жібермеді.
Ұйқысы қанса да, тұруға ерініп, манаурап жатқан Жомарттың есіне кеше көрген түсі оралды да, орнынан атып тұрды. Терезенің алдына келіп, аппақ ішігінің сәні қашқан қалаға сонау биіктен назар салды. Тротуарды жалаңаштап, қардан тазалап тастапты. Үйіндіге айналған қар күннің табасына шыдай алмай, қыстығып жылап жатқандай сәл-пәл жіпсіген райы көрініп тұр. Еркіннен дыбыс болмаған соң, Жомарт оның бөлмесіне ентелеп кіріп барды. Ол қалта телефонына шұқшиған да қалған. Әлі киініп, жуынып, тірлік құратын түрі көрінбейді.
-«Өз елімдегі ұйқының жөні бөлек» деп пырылдап жатыр ма десем, ояу екенсің ғой,-деп Жомарт жүре киініп келіп, Еркіннің төсегіне жайғасты.
-Кешегі Кипрден кетер кезде салған бейнежазба көп қаралым жинапты. Сапар жайына қызығушылық білдіргендердің қарасы қалың. Таза саяхат туралы контент жасасақ қайтеді?-Еркін жүзін телефоннан әрең бұрып, Жомарттан жауап күтті.
-Контентті білмеймін, кеше бір қызық түс көрдім. Түсімде бір тау сөйлеп, маған «Ұлытауға бар» деп әмір етті.
Жомарттың бұл сөзіне Еркіннің ішек-сілесі қатты да қалды. Төсегінде аунап күліп, ішін ұстап, бүктетіліп, мәз болды.
-Кипр сапары саған қатты әсер еткен бе? Биікке өрмелей алмайсың, теңізді жақсы көресің, бірақ түсіңде таумен тілдесесің. Сен қатырасың!-деп күлкісін доғарар емес.
-Айтпақшы, тау маған жекіп қалғанда, сасқанымнан ұйқастырып сөйлей жөнелдім. Қалай еді? Е, иә, есіме түсті.
-Ұлытауға бармадым,
Ұлар құсты көрмедім,
Шетте сайран салғанмын,
Елге көңіл бөлмедім.
Жомарттың баптай айтқан тақпағына Еркін булығып күліп, жатқан жерінде аунай берді. Ара-тұра қолын сермеп, әлденені айтпақшы болады. Ақыры сөзін үзіп-жұлып әрең айтты:
-Сен аудармашы емес, кәдімгі ақын екенсің ғой. Мына жырыңды ел естісе, аңызға айналдырар.
-Аңыз демекші, тау маған «Ұлытауға барып, аңыз жинап қайт» деп бұйрық берді. Таудың...
Жомарттың сөзін аяқтатпаған Еркін оны шалқасынан жығып алып, ұмар-жұмар алыса кетті. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен замандастардың әзілдері жарасып, ойындары асып-тасып жүріп, күннің жоспарын құрды. Ауылдағы ата-ана, бауырлармен бір тілдесіп, амандық сұрап, шұрқырасты. Достары хабарласып, Жомарттың шетелде жүріп, отызға толып кеткенін мойындамайтындарын айтқанда, қонақжай жігіт оларды кешке үйге шақырып құтылған. Хабар-ошарсыз жатқан жалғыз жан Жомарттың әріптесі, сүйіктісі Сабина еді. Кипр сапарына өзін ертпей кеткен ғашығына сұлудың өкпесі қара қазандай еді.
Бойдақ жігіттер қайбір дастарханды жайната қойсын?! Үстелге тәттілерді сықап қойғаны болмаса, тіске басар талғажау жоқ. Соны білген бе, құрбы-достары өздерімен бірге дәмді тамақтар ала келіпті.
-Ордабұзар жігітіміз қайда, ордабұзар? - деп шуылдай кірген үзеңгілестерін Жомарт жадырай қарсы алды. Еркін кішілігін көрсетіп, іні болып қалған. Жайшылықта «бес жас бел құрдас, он жас ол да құрдас» деп екі-үш жас кішілігін мойындай қоймаушы еді.
-Кипрге барып, махаббат тауып, қалып қоя ма деп қорқып едім,-деген курстас досы Жарас Жомартты қапсыра құшақтады.
-Кісі елінде күйің келмеген бе, жүдеп кетіпсің ғой,-деп Жарастың келіншегі Ақгүл де қамқорлық пейіл танытып қалды.
-Апам да бейнеқоңыраумен сөйлескенде, тура осылай деп еді. Расымен арықтап кеттім бе?-деп Жомарт сән көрсеткендей ары-бері адымдап, қонақтарын бір күлдірді. Бәрі арқа-жарқа болып, қалжыңдасып, бірін-бірі қағытып қойып, көңілді отыр.
-Балалар қайда?-деді Жомарт Жарастың егіз ұлы енді есіне түскендей.
-Ауылдан апам келген, сол кісіге сеніп тастап кеттік, әйтпесе ертіп келер едік қой,-деп Ақгүл риза қалыпта жауап берді. Апам деп отырғаны кімнің анасы екенін аңдамаған Жомарт Жарасқа иек қақты.
-Менің апам ғой баяғы ескі жылдың соңында келіп қуантқан. Батыстағы апамыз көктемге таман келмекші,-деп Жарас даңғырлай мән-жайды тәптіштеді. Оның даусынан белгісіз бір мақтаныш лебін сезген Жомарт «менің болашақ жарым да анамды дәл мендей сыйлайтын алтын келін болса екен» деп ойлап қалды.
-Біз көктемде Мальдив аралдарына баруды жөн көріп отырмыз,-деп Еркін үйлі-баранды Жарастың әңгімесін өз арнасына бұрғысы келгендей сөзге араласты.
- Осы сендер жылына екі рет шетелге барып қыдырасыңдар. Ақшаны қайдан аласыңдар?-деп таңданды әріптес досы Парасат.
- Нағашым банкте істейді,-деп қуланды Еркін.
- Кеше бір түс көрдім,-деп әңгіме ауанын кілт өзгертті Жомарт.
-Иә, бәрінен де соны айтшы, тура мен сияқты кім күле алар екен?-Еркін Жомартқа езу тарта қарады.
Отырғандар түгел Жомартқа назар аударғанда, ол түс оқиғасын қысқа ғана баяндады.
-Тау тіл қатты деймісің? - деді Жарас байсалды жүзбен.
-Ұлытауға шақырғаны тегін емес. Ұлытау-киелі жер,-деп Ақгүл де ерінің сөзін қостай жөнелді. Өзгелері Жомарттың таумен жауаптасқан сөзін әжуаға айналдырып әкетті.
-Алыс елдерге жиі барып жүрсіңдер. Келесі жолы Ұлытауға барарсыңдар. Бәлкім, ана ашулы тотыңды да ерте кетерсің,-деп Парасат әріптесіне Сабинаның ренішін есіне салды.
-Мен сол қызды бірер рет қана осындай отырыстарда көрдім ғой. Ол бойжеткенің киелі жерлерді аралап, ойға батып жүретін салмақты аруға ұқсамайды. – Ақгүлдің әр сөзін баптай айтқан пікіріне өзгелер таңданып жатпады. «Егер мен кісі танысам» деп басталатын Ақгүлдің адамдар туралы пәлсапасының көп орайда шындыққа ұласып жататынын бәрі білетін. Содан да ешкім дауласпады.
-Былтыр Сабинамен бір рет Дубайға, келесі жолы Тайландқа барғанмын. Онда Еркін ренжіп қалған.
Жомарттың сөзін Парасат іліп әкетті:
-Екі оттың ортасында қалған екенсің ғой. Қос елге жетектеп апарып, дүниенің ғажабын көрсетсең, Сабинаның қабағына кірбің ұялауы артық тәрізді..
-Еркінмен бірге жүрсем, оны жұмсауға болады. Ал сапарға Сабинамен шықсам, мен оның нөкеріне айналып кетемін,-деген Жомарт жылы жымиды.
-«Жақын дос болған соң, егіз қозыдай жұбымыз жазылмайды» деп ел-жұртқа мақтанғаным бекер болды ма?-деп Еркін жорта өкпелеген болды.
Қонақтар бұдан ары байсалды тіл қатысып, туған күн иесіне сыйлықтарын ақшалай ұсынып, қоштасып шығып кетті. Екі жігіттің арасында шешіле қоймайтын үлкен мәселе туындады: «үстелді кім жинайды?» Біраз тәжікелескен соң, «інісі бардың тынысы бар» деген Жомарт диванға жантайды. «Ағасы бардың жағасы бар» деп уәж айтқан Еркін бөлмесіне кіре беріп еді, Жомарт барысша атылып барып, оны ту сыртынан бас салды.
-Ағаның айтқаны заң. Бұйрықты орында. Бөлмені жиыстыр.
-Бірігіп көтерген жүк жеңіл, ағатай. – Шыр-шыр еткен досын жібере салған Жомарт ыдыс-аяқты жинауға білек сыбана кірісті. Екеуі лезде бәрін орны-орнына жайғастырып, тазалық жасап үлгерді.
- Тазалықты сонша жақсы көресің. Кейін әйелің салақтау болса қайтесің?-Еркін ыдыс жуып болып, Жомартқа найза сұрағын лақтырды.
- Олай болмайды. Неге десең, қыз деген өзі сұлулық, өзі әдептілік, өзі тазалық, әрі нәзіктік.
- Сен Сабина туралы айтып тұрған жоқсың. Сол қыздан әдепті сөз естімеп едім. Сен бөлмеден шығып кеткенде, маған мысық көзденіп, тесіле қарап отырып, «сен Джоның жеке өмір сүруіне кедергі жасама» деп зілденген.
Тосыннан ғашығының өзіне беймәлім қырынан сыр ашқан Еркінге Жомарт сенер-сенбес күйде қарады. Жігіттің көз алдында Сабина – бойы ортадан жоғары, арықша келген, ақ сұр жүзді, келте шашы жұқалау, бірақ жібектей жылтыр сүйкімді қыз. Наздана бұртиған сәті қандай жарасымды десеңші! Ал Еркін мүлде басқа біреуді айтып тұрғандай.
- Сенің кербезіңнің екі жүзі бар: күнгей бетін тек саған көрсетеді, мендей бейбаққа сенің көзіңді ала бере көлеңкесін түсіреді.
- Жо-жоқ, сәл қырсықтау мінезі бар, екіжүзді дегенің жарамады.
Бір мәмілеге келе алмаған жігіттер бөлмелеріне тарқасты. Жомарт қалта телефонын қарап еді, Сабина әлі ештеңе жазбапты.
- Қыңырайып жатқан түрін Өзін он шақты күн көрмеп едім, сағындым. Тәтті сөздерін есіме алсам, қазір-ақ жанына жетіп барғым келеді. Сабина, «кім қырсық?» ойынын бастаған екенсің, мен қостайын.
Өз-өзімен кеңескен жігіт ғашығының суық қабағын тек ойынға балап, ұйқы ауылына аттанып кетті. Таңға жуық тағы оянды. Сол түс қаз-қалпында қайталанды.
-Бұл не? Тылсым дүниеге еш сенбеуші едім, бір түстің қайталануын неге жориын? Таудың үні кешегіден де ызғарлы сияқты.
Жастығын биіктетіп, кеудесін көтеріп отырған Жомарт қолына телефонын алды. Экранда Сабина екеуінің құшақтасып түскен суреті.
-Қол ұстасып, Ұлытауға барсақ, қалай болар екен?-деп суретке жымия қарады да, қайта ыңғайланып жатты. «Түс көрмей, тыныш ұйықтасам екен» деп іштей тіледі. Бітпестей көрінген мереке күндері ақыры түгесіліп, Жомарт қызметіне қайта кіріскен. Сабинаны сонда ғана көрді. Бұл шетел сапарынан емес, өмірлік сыбағасынан құр қалдырғандай, суық тартып, ат-тонын ала қашты. Сыйлаған гүлі қоқыс жәшігінен бір-ақ шықты. Мейрамханаға кешкі асқа шақырып еді, сылтау айтып, маңына жолатпады. Бұған жылы, өзімсіне қарайтын көзі салқын ұшқын атады. Бұрын іссапарға шықпауға тырысатыны да осы сылқымның көңілін табудың амалы еді ғой. Енді соның бәрін бекерге шығарып, Сабина көз алдында жат болып бара жатты. Көңілі алай-дүлей болып жүріп, қызметтегі міндетін мүлтіксіз атқара алмады. Адамның көңілінен тыныштық қашса, бар ісінің қиюы кетпей ме? Жомарт та сөйтті, ала көңіл болып, қара торы жүзі белгісіздік дертінен солып, жұмысқа енжар тартып, әр таңына үміт артып жүргенін бес жылдан бергі бастығы байқамай қалмады. Дереу өзіне шақыртты:
-Саған не болып жүр?-деп сұрақты төтесінен қойды.
-Ештеңе, аға,-деп бұлтақтай берген Жомарттың сөзін үзіп тастады.
-Жеке басыңның шаруасын қызмет бабына араластырма. Қызметте сен аудармашысың, барлық құжаттар сенің қолыңнан өтеді. Бес жылда ісіңнен бір кінәрат көрмедім, кешегің не енді? Шала-шарпы аудармаңды өзгелер толықтырды.
-Жеке мәселең болса, тездетіп шеш. Тіпті шелілмесе, қолыңды бір сілте. Ойыңды жинақтап, іссапарға барып қайт.
Ойламаған жерден іссапарға аттанған Жомарт синхронды аударма жасап, қызметке бар ынтасымен құлшына кірісті. Мазасын қашырған ауыр ойлар, жаналқымнан алған селебе сұрақтар жігітті жайына қалдырды. Тіпті Кипрді көрсетпегені үшін кінәлі еткен Сабинаның әлегі де қарбалас тірліктің татасында көмескілене берді. Сағыныш дегені жай бауыр басып қалу екенін, кеңсеге бірге келіп, қол ұстасып шығуды махаббат деп жаңсақ жорығанын жігіт іштей мойындады. Сол сәтте-ақ кең тыныстап, жүрегін тырналаған зіл батпан сезімдердің құрсауынан құтылды. Бұған дейін жазбаша тәржіма жасап келіп еді, енді алғаш рет синхронды аудармашы ретінде өзін сынап көрді. Ағылшын тілінде мүдірмей сөйлейтін талантына өзі тәнті болып, басшылықтың оң қабағына ілінді. Жұмысы жанданып, көңілі мадақтауға алданып жүргенде ескі түсі тағы елес берді.
Алматыны жасандырып, жайнату үшін жасампаз көктем келгенде, Жомарт әлгі түсіндегі таудың әмірінен арыла алмай-ақ қойды. Көзі ілінсе болғаны, теңіз бен аспан, онымен бір түсте құбылған тау жақтан ғаламат үн жетеді. Лебізін сызылтып бастап, ақыр соңында айбындана дауыс көтереді. Бұл жайын көпке дейін жасырын ұстады. Біреу-міреуге сыр етіп айтуға жасқанды. Еркінге құпиясын жайып еді, ол келеке қылды. Ауылдағы анасына қоңынау шалып, түсін баяндап көріп еді, ол бірден «жұмыс шаршатқан ғой, ауылға қайт» деп дігерледі. Әкесінен ақыл сұрап көрді, ол қиқарланып ұрсып тастады.
-Дубай, Тайланд, Кипрге шақырмағанына шүкір де ол таудың. Әйтпесе желпініп кетер едің бар жиған-тергеніңді саудаға салып.
-Әке, жарайды, мен сізге ештеңе айтпадым.
-Көктемгі демалысыңда ауылға келіп қайт. Бір жыл сенің жүзіңді көрмедік.
-Мен демалыста Ұлытауға барамын. Неше айдан бері тынышымды ұрлаған түсімнен құтыламын.
-Әй, сен не деп тұрсың? Сен өзіңнің Марқакөліңді білмейсің ғой. Туған жеріңнің киесін бойыңа дарытпай, сен қалай бірден Ұлытауға аттанбақсың?! Одан да наурызда ауылға кел.
-Жарайды, әке, Ойланып көрейін.
-Египет десе, есің кетіп, ойланбастан билет сатып алар едің. Шешең ауыл-аймаққа «біздің ұл дүниенің жартысын аралады» деп жағы талмай мақтанып жүр. Мен жүрмін көмейіме тас тұрып қалғандай кекештеніп.
-Ол өңешіңіздегі тастың аты сағыныш па, әке?-деп кенже ұл әзілмен бәрін түсінгенін байқатты.
-Сенің отыз жасыңда қасқа бие құлындап еді, соны саған атап қойғанмын. Өзін көрсең көзің тоймайды.
-Әке, ауылдағы қазынам өздеріңіз ғой. Әз Наурыз мерекесіне берілетін демалыста барамын.
-Келістік, балам!
Әкесіне уәде берген күні тыныш ұйықтады. Тау үнін естімегеніне таң қалып, таңертең жұмысына сергек жиналды. Компьютердің құлағында ойнайтын Еркін үйде отырып-ақ қыруар тапсырыс алып, ақшадан қинала қоймайтын. Ол кеш жатып, түске қарай тұруды әдетке айналдырған. Содан да Жомарт таңғы шайын жалғыз отырып ішіп, жұмысына жылдамдата жиналды. Көлігін оталдырып жатып, телефонға қарап үлгерді. Сабина парақшасына бір жігітпен бет түйістіріп түскен суретінің астына «Кипрге жарасып барар жаным менің» деп жазыпты.
-Ақыры қалтасы қалың серіні тапқан екенсің. Шырғалаңға ұрынбай тұрып, сенен іргемді аулақ салғаным дұрыс болыпты,-деп ерін ұшынан күбірлеген Жомарт таңғы Алматының көшесінде зуылдап келе жатты. «Жаратылыс қызық қой. Ғылым қуамыз, білім жинаймыз. Жердің асты-үстін қоймай зерттедік деп кеуде қағамыз. Ал тылсым әлемге келгенде, жақ ашудан қаламыз. Екі айдан астам бір түстің қайталана беруін ғылымда ешбір ұғым түсіндіре алмайды. Тек менің асыл анам мен ақылды әкем ғана ұғындыра алды.» Мереке күндерін іштей жоспарлап, көңілінде бір сайратты да, кеңсеге кірді. Қарсы ұшырасқан Сабинаға қаймана бір қазақтай ерін жыбырлатып амандасты да, жұмыс бөлмесіне кіріп кетті.
Қызметтік құжаттарға ағылшынша тіл бітіріп, кештің қалай батқанын байқамай қалды.
Кешке пәтеріне келгенде, Еркіннің ас бөлмеде жүргенін көріп, қайран қалды. Бұл қашаннан бері аспаздық өнерді меңгерген? Әдетте тамаққа тапсырыс беретін, кейде тез дайындалатын кеспе сатып алатын. Бүгін иісін бұрқыратып ет асып қойыпты.
-Ет асуға көп ақыл керек емес. Су құясың. Сенің апаң жіберген еттен уыс толғанша аласың, қазанға саласың. Бүлк-бүлк, бүлк-бүлк. Болды, ет дайын!
Ашық қабақпен қалжыңдай қарсы алған досын иығынан қағып өткен Жомарт қайнап жатқан қазаннан бір кесе сорпа құйып алып, жүрек жалғады. Шіркін, ауылдың дәмін-ай! Мынадай дәмді, майлы етті қаланы шырақ алып шарласаң да, таппасың анық. Сорпаны сүйсініп ішті де, Еркінге сұраулы жүзбен қарады.
-Сенің түсің туралы ғаламторда бір психологпен сөйлестім. Оның айтуынша, түс адам ойының бір көрінісі екен. Сен үнемі жат елге ат сабылта бергенің үшін, өзіңді туған елдің алдында айыпты санайтын сияқтысың. Сол ауыр ой санаңның бір қиырына шөгіп, түнде түс болып тіріледі екен.
-Бұның жеке кеңістігіме қол сұғу деп есептемейсің бе?-деп күлімсіреді дос.
-Жоқ, сенің қамыңды жеу деп біл. Маман саған кері психология әдісін ұсынды. Таудың айтқанын орындамай, Мальдив аралдарына барғаның жөн болады екен.
Еркіннің нені тұспалдап отырғанын енді түсінген Жомарт күліп жіберді. Досының бұны қайтсе де, райынан қайтармақ болған әрекеті тым күлкілі көрінді. Былқытып ет асқаны, ақылы психологтың кеңесіне құлақ салғаны, оны майдалап бұған жеткізгені-бәрі-бәрі жер шарының бір қиырындағы мекенге барсақ деген о бастағы жоспардың жүзеге асуын қамтамасыз ету екен ғой.
-Сен айтқан сол ертегі аралдары ешқайда көшіп кетпейді. Мен көктемгі демалыста ауылға барамын. Сен де бірге барсаң жақсы болатын еді. Ауылдағы ағайынмен жүз көріспегелі жыл болыпты.
-Ауылда не бар ми батпақтан басқа? Мальдив аралдарын жұмақ дерсің. Менің бір танысым барып қайтты. Аузының суы құрып отыр.
-Ауылдың ақ шаңына аунап өсіп едің, енді батпақ деп менсінбеуін қара. Ет піссе, тамақтанайық. Бірақ туған өлкеме барудан бас тартпаймын.
Қанша жылдан бері сыралғы дос болып келе жатқан Еркін үнсіз басын изеді де қойды.
-Бәлкім, жазда барармыз,-деді қиыла қарап.
-Аралдар мұхитқа шөгіп кетпесе, барамыз.
Ауылдан біреу-міреу Алматыға жол жүре қалса, апатайы сәлемдеме салып жіберетін дағдысын студент кезінен бері үзбей келеді. Бүгін де ауылдан ат арыта жеткен жамағайыннан соғым етінен сыбаға салып жіберіпті. Нәрлі сорпаға тойып алған Жомарт осы сәт анасының жанында, әкесінің қасында бір дастарханда отырғанын елестетіп еді, туған жерге оралу ойы беки түсті.
Тірліктің тынымсыз әнін әуелетіп жүріп, Наурыз мерекесіне де жетті. Күтпеген жерден бұрыннан таныс туристік агенттіктің қызметкері қоңырау шалды. Баруға ойлары кетіп жүрген Мальдив аралдарына арзан тур шыққанын еліктіре баян қылды. Өте тиімді шарттарын тілінің балын тамыза әңгімелегенде, ұстамдымын деген Жомарттың өзі делебесі қозып, қалай келісім беріп, төлем жасап тастағанын аңғармай да қалды. Бұған, әсіресе, бөркін аспанға атып қуанған Еркін болды. Ол жасанды интеллект түрлерін меңгертуге арналған контентімен қатар саяхат жайлы жаңа арна ашып алған. Сол арнаның парағын пейіштегі аралдай алыстан қол бұлғаған сиқырлы мекенде түскен бейнежазбаларына толтырмай ма? Ақыры мейрамға берілген бір апта демалыс уақытын екеуі шетте өткізуге бел буды. Туған жерге деген сағыныштан сырт жақты қызықтау, ондағы әдемілікке тамсану үстем түсті. Алматының сіркесі су көтермей тұрған аспанын Үнді мұхитының жайма-шуақ төңкерілген ашық күніне айырбастады. Аппақ құмға бауырларын төсеп, балаша мәз болды. Тым мөлдір суына шомылып, дайвер болып, мұхиттың су асты әлемін тамашалады. Пейіштің қақпасын ашқандай, рахаттанып, «бақыт деген осы» деп өздерінше ой түйді. Тек Жомарттың шымбайына батқаны-әр түн түсінде әлгі таудың өзіне зеки бергені. Мән бермеуге тырысып, бар көңілін мұхит жағалауындағы таңғажайып аралдың табиғатына аудармақ болды. Мейрам күндерін тәмамдап, Алматыға қайтып оралғанда, түсіндегі таудың қаһары әлсірегендей сезілген. Ауылдағы әкесінің ашуы мен анасының өкпесі талайға дейін тарқамай қойды. Сәуір салтанатына бөленген қала мамырда мың түрлі сәнді көйлегін түрлене киді. Көктемнің әрбір жаңа күні шаһардың сұлулығын паш етуге арналғандай кербез күй кешті. Маусымда аптап ыстық орын алып, көктемгі көркі келіскен қаланың әдемілігіне сәл қараулық жасады: мәңгілікпен серттескен ұлы мекен жазғы қара шаңның тұмшалауында қалды. Жаздың алғашқы айы орталанғанда, Жомарт пен Еркін кезекті демалыстарын алған. Көктемгі кінәларын жуу үшін, керек-жарақтарын, ауылдағы ардақтыларына тарту-таралғыларын молынан алып, өз көліктерімен жолға шықты. Шығысқа бет түзеп, тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп келе жатқан көлік тізгінінде отырған Жомарт кеудесін кере тыныс алды. Күнделікті қарбаластың бұғауынан босанып еді, жүрегін тербеп тұрған сағыныш сезімінің ырғағын қапысыз сезді. Қаладан ұзап шыққан соң, қос замандас бала кездегі қызықтарын айтып, жол қысқарта бастады. Арада Өскемен қаласына бір түнеп, қаладағы ескі көздермен жолықты. Дәмханада бас қосқан ежелгі таныстар шүйіркелесе жөнелген.. Сонда да әрқайсысы жеке билеушідей өмірде шыққан биіктерін айтып, кеуде керудің де оңтайын тапқан. Мұндай артық сөз, оғаш қылық дегенді Жомарт жақтыра бермейтін. «Үйім бар, жайым бар, кәсібім бар, алла берген нәсібім бар» деп даурыққандардың сөзін жалғамай, бірден ертеңгі жоспарын жария етті:
-Мұнда ұзақ қала алмаймыз. Құрдастарды бір көріп, бірге өткізген уақытты еске алайық деп аялдағанбыз. Ертең ауылға жолға шығамыз.
-Несіне асығасың? Менің коттеджімнің құрылысы бітпей жатыр. Әйтпесе үйге шақыратын едім,-деп дәмхананы басына көтере айғайдан асып түсер жуан дауыспен сөйледі сыныптасы Ерлан.
-Мен де үй көрсететін едім. Тағы бір дүкен ашайын деп, соның шаруасымен жүгіріп жүрмін.- Салқын қонақжайлылық танытқандардың қатарына Әділет те қосылды.
Еркін жымың етіп, Жомартты бүйірден түртіп қалды. Мына дөкей кәсіпкерміз дегендер ақырын жылыстап кетуге даяр отыр.
-Біз ертең ауылға аттанамыз. Қонаққа шақырғандарыңа рақмет.
-Ауылдан қайтқанда соғамыз. Оған дейін шаруаларың да бір ыңғайланып қалар,-деп Еркін замандастарын бір састырды.
-Бес-алты күнде бітетін жұмыс жоқ. Қайта бүгін сәті туып, дәмханада жолығып отырмыз. Оған да шүкір.-Бай-қуаттымыз дескендер шу ете қалысты.
Бірі асығып, екіншісі жанығып шығып жүре берді. Екі досқа қалғаны-дауласып, сөз жарыстырып жүріп, дәмнің ақысын төлеу болды.
-Ағатай, мендей қабырғасы қатпаған бауырыңа қамқор болып, шотты өзің төлесең қатып кетер еді,-деген Еркіннің сөзіне бір күліп алған Жомарт төрт-бес кісінің ішіп-жегенін жалғыз өзі мойнына алды.
Байдың түрін танытып, тегін ас ішіп кеткендердің соңын ала бұлар да далаға шықты. Жаз айы болса да, кеш тез батады. Жаңа уақыт белдеуі шығыс тұрғындарының тақияларына тар келіп жүр. Соны ескерген Жомарт тездетіп жолға шығуды ойластырды. Көлік тізгініне өзі отырған себебі де содан еді. Еркін әңгімеге беріліп, асықпай жүргізетін. Жомарт жер апшысын қуырып, жол талғамайтын шетелдік көлікпен құйындата қыр асқанды жаны сүйетін. Өскеменнен бес жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан туған ауылдарына бұлар кеш қараңғысында жеткен. Жолшыбай Еркінді үйіне жеткізіп салып, оның туғандарымен құшақтаса амандасып, Жомарт өз шаңырағына асықты. Келерінен құлақтанып алған үй іші дастарқан жайып, елеңдеп отыр екен. Бұл қара торы жүзі жайнап кіріп барғанда, әкесінің құшағында қалды. Қапсағай денелі, қайратты әке қаладан келген сіріңкедей арық ұлын қатты қысып құшақтап, арқасынан қақты. Одан кейін жігіттің қауышуға асыққан қымбаттысы анасы болды. Орта бойлы, сәл толықша, ақ жаулықты, ұзын шашын биік етіп түйіп жүруден бір жалықпайтын әдемі анасы «балам келіпті ғой» деп еміреніп қолын созғанда, ұзын бойлы Жомарт өзін нағыз жас баладай сезінді. Айналып-толғанған анасына өзі құшағын жайып, оның ыстық жүзін кеудесіне басты. Жүрек лүпілін шешесіне тыңдатса ғана сағынышы басылардай аз-кем тұрды да, құшағын әрең жазды.
-Кенжем жүдеп кетіпті ғой. Құр сүлдері қалыпты. Қаланың қара тамағы ауылдың дәміне қайдан жетсін?! –Елжірей сөйлеген апасының сөзіне Жомарт мәз бола басын изеп, ағасы Жарқын мен жеңгесі Құндызбен де жылы амандасты. Алыс Алматыдан ағалары келе жатқанын естіген күннен бері тағаттары таусылған қос тентек Мұса мен Жәлелді де жерден тік көтеріп алды. Әрқайсысына арнап алған сыйлықтарын үлестіріп беріп, туғандарын мәз-мейрам етті.
- Құлынымның аман-есен келгенінің өзі мен үшін үлкен сыйлық, - деп апасы ұлы тарту еткен алтын әшекейді лезде тағып, айналасына масаттана қарады.
- Маған әкелгені бес кітап пен қармақ екен. - Әкенің даусында да риза болу райы бар.
- Әке, Жомарт сіздің кітап оқып отырып, балық аулайтын ерекше қасиетіңізді ұмытпаған екен, - деп сый-сияпатқа қарық болған үлкен ұлы күлім қақты.
- Біздің Жомарт кімнің нені ұнататынын өте жақсы біледі,-деп жеңгесі Құндыз да қайнысын қолпаштап қойды.
- Неге білмейін? Мен сіздерден алыста жүрсем де, жаныммен, жүрегіммен біргемін ғой,-деп Жомарт қолын жуып келіп, әкесінің жанына жайғасты.
-Жомарт келгенде, апамның шайды өзі құятын өзгеше дәстүрі бар. Солай ма, апа?-деп Құндыз енесіне күлімдей қарады. Он жылдан бері анасы мен қызындай болып кеткен келін мен ене бір-бірін қабақтарынан-ақ ұғатын.
Ауылдың амандығын айтысып, азды-көпті жаңалықтарын әңгімелеп отырып, шай ұзақ ішілді. Нағыз өз ортасына келгеніне жерден жеті қоян тапқандай қуанған Жомарт бүгін тыныш ұйықтарына сенімді еді. Алайда өзінің қаз-қалпында жиналып тұрған бөлмесіне келіп, құс жастықты құшақтай құлағанда сезгені-ішінен жаңғырығып сол бір нәзік те өктем үннің қайта бас көтеріп келе жатқаны болды. Алатау баурайындағы Алматыны артта қалдырып, Ертіс жағалауындағы өз аулына келгенде, Ұлытауға шақыратын дауыстың да соңынан қалмағанына іштей мойынсұнып жатып ұйықтап кетті. Бұл түн түсінде тау қаһарланбады, өктемдік те танытпады, нәзік сыңсыған дауыспен Ұлытауға шақыра берді.
Тал түске дейін тұяқ серіппей ұйықтамақ болған Жомартты кішкентай Жәлел таң ағара оятып алды:
-Көке, тұр, құлын көреміз. Ол құлынды мен иемденбекші болғанмын, бірақ атам саған берді.
- Сен алшы сол құлынды. Мен ұйықтайын, - деп Жомарт іргеге қарай жүзін бұра беріп еді, Жәлел де ырғып түсті.
- Көке, мен басқа құлынды алатын болдым. Өз құлыныңды неге жақсы көрмейсің? - Еркелей бұртиған бауырының сөзінен соң ұйқы да қашты. Таңғы дастарқанда төрт көз түгел отыр.
-Еркіннің үйі де қуанып жатқан болар,-деді Жомарт досын бір сәт ұмытпайтын әдетімен.
- Қуанғаны емес пе, бізді қонаққа шақырып, шешесі Күміс маған хабарлама жазып жіберіпті,-деп апасы бәрін шешіп қойғандарын аңғартты.
Шайдан соң Жәлел ағасын алдына салып, қораға алып барды.
- Міне, сенің туған күніңе сыйлық болған құлын. Сондай сүйкімді өзі. -Бес жасар Жәлел кішкентай саусағымен шарбақта енесінің жанында тұрған құлынды көрсетті. Тұла-бойы қап-қара құлынның алдыңғы оң аяғында аппақ дағы бар екен, маңдайындағы ай пішіндес қасқасын да көзі шалды. Құлын өзіне тігілген көзқарасты байқай сала, енесінің тасасынан шығып, жеңіл ойнақ салды. Жомартқа ол жерді басқан сайын алдыңғы оң аяғынан нұр шашып тұрғандай әсер етті. Маңдайындағы ай қасқасы жарқырап, құлын бұларға мөлдірей қарады. Бір сәт қалалық болып кеткен ауыл ұлының көз алдына қара қасқа тұлпар мініп, Ұлытауға қарай аруақтана шауып бара жатқаны елес беріп өтті.
Қара қасқа ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
-деп еркінен тыс күбір етті.
-Көке, не дедің? Бұл ат емес, ол кішкентай құлын ғой,-деп саққұлақ Жәлел ағасының сөзін түзетіп қойды.
-Түсім қайталанған сайын мен де оның әуенімен ойланатын болғанмын ба? Түбі психологқа барып жүрмейін,-леп іштей қауіптенген Жомарт шарбақтан шығуға асықты. Қарсы кездескен әкесі ұлының жүзіндегі алаңдаушылықты айтқызбай-ақ түсінді.
-Тағы да түсіңде тау көріп, неге жорырыңды білмей тұрсың ба?
-Ауылға келсем, таудың жарлығынан арылатын шығармын деп ойлаушы едім. Ол мені жайыма қалдырған жоқ, бірақ кеше ұрыспады, құйқылжыған әуеннің астарында Ұлытауға жол шегуімді өтінгендей болды.
-Аян түс қой. Жат елге шапқылай берген ұлына таудың ұрысқаны қайта жақсы емес пе?
-Әке, тау маған «Ұлытауға бар, балам, аңызына қан, балам» деп ақыл айтады. Аңызды қалай жинаймын?
-Баяғыдан бері осылай деп айтпайсың ба? Шежіресін жырлауға шақырса, осы қасиетті өлкеге барып, аңыз-әпсаналарды бір тірілт дегені ғой. Ендеше, бабадан жеткен ұлағатты сөзді ұлықтауды тура осы Марқакөл өңірінен басты.
-Аңыз айтатын ақсақал бар ма өзі?
-Қарсы алдыңда кім тұр?-деген әкесіне ілескен Жомарт ауыл тірлігін там-тұмдап атқара бастады. Не жасаса да, жанынан кішкентай Жәлел кетпеді. Ал Мұса арман болған телефонын қызықтап, көршілердің балаларын жиып алып, сыйлығына мақтануын қояр емес.
Кешке Еркіннің үйіне қонаққа барғанда, ауыл қарияларынан жергілікті аңыздарды бейнетаспаға жазу ойын айтып еді, ол аса құлшына қоймады. «Қаралым аз болады, еңбегіміз еш кетеді» деп тартыншақтады. Жомарт оны қашан дегеніне көндірмеп еді? Ақыры ол оператор, Жомарт тілші міндетін бөліп алысты.
Өздері аңызға шөлдеу деп атаған жоспар оңайлықпен жүзеге аса қоймады. Бұлар мүлде күтпеген қиындықтар көлденеңдей берді. Ауылдағы жетпісті желкелеп отырған Еңсебайдың үйіне екеу болып бас сұқты. Мән-жайды қысқа баяндаған соң, таяғын сән үшін ұстағандай қоқаңдатып тұрған қарға бойлы қара шал маңғаздана сөйледі:
-Қазір ертегі айтатын заман ба? Жанбағысты ойлап жанталасқан жұрт. Сендер сияқты ешкім ерігіп жүрген жоқ.
Мінезі жылдам Еркін бірден шамданып, сөз қайтаруға тырысып еді, Жомарт оны сөйлетпеді.
-Ақсақал, ауылдың ең қадірлі қариясы деп келіп отырмыз. Бұйымтайымызды ұғынықты тілмен айттық. Ол үшін бізді жазғырудың қажеті жоқ.
Жомарттың кішіпейілділікпен айтқан лебізіне қырсық шал тіптен қыңырая түсті:
-Не туралы аңыз айтайын? Тарихқа сіңірген ата-бабамның қай ерлігін үлгі етейін? Біле білсеңдер, менің бесінші атам Ордабай қырғын кезінде жалғыз өзі бір ауылды асыраған.
-Қай соғысты айтасыз, ата? Тарихи деректермен бекіте аласыз ба?-деп шымши сөйледі әлі де шамырқанып тұрған Еркін.
-Айтпақшы, анау бір әншілердің депутаттыққа үміткер болып жатқанын естіп жүрсіңдер ме? Солар депутат болса, онда мен осы ауылдың әкіміне айналамын!-деп шал жас жігіттерді тіпті көзіне ілмей қарқылдай күлді. Осы сәт Еркін Жомартқа «кетейік» деп ымдады.
-Ата, бабаларыңыз батыр болса, елді аштықтан құтқарса, онда осы ауылды сол кісілердің есімімен атау туралы ойланып көрмедіңіз бе?-деп саңқ етті Жомарт. Мұнысы көкірегіне нан піскен шалды одан сайын аспандатқаны, не болмаса оны кекеткені белгісіз.
-Мен өмірімде әкімдіктің есігін қаққан пенде емеспін. Енді жетпістен асқан шағымда ол табалдырықты тоздырып қайтем?-десе де қисық шал кәдімгідей ойланып қалды.
Екеуі бөтелкенің тығынындай орындарынан атып тұрып, есікке беттеді. Шал соңдарынан әлдене деп айғайлады. Үйге кіріп-шығып жүргендер де бұларға қонақжайлылық таныта қоймады.
-Неге сонша жат болып кеткен? Әлде менің ата-бабамда кеткен кегі бар ма?-деп Еркін далаға шыққан соң досына қыжылын жайып салды.
-Өз тірлігіне қапалы сияқты ғой. Содан да ашуын өзгелерден алатындай көрінді.
-Аңыз айтатын ақсақалды емге таппаймыз, көр де тұр!-деп ашуланған Еркін көлікке асығыс ұмтылды.
-Жаңа «Сансызбайға барсаңдар, сансыз ертегі айтады» деп мысқылдамады ма? Сол үйге бас сұғайық, тонымызды шешіп алмас. Бес минуттық жер көлікке,-деп Жомарт алған бетінен қайтар емес. Еркін мәшинені еріксіз Сансызбайдың үйіне қарай бұрды.
Аулада отынның басында қақшиып отырған қартты бұлар бірден байқады. Ит үріп, маңай азан-қазан шуға толды.
-Әй, бұл кім?-деп қария шақырусыз келгендерге бар денесімен бұрылды. Үйден он екі-он үш жас шамасындағы немересі жүгіріп шығып, бұларды аула сыртынан қарсы алды.
-Атам осылай күнге арқасын тосып, маужырап отырғанды ұнатады. Сол үшін жанына барып сөйлескен жақсы,-деді ашық-жарқын тілдескен бала.
Екеуі асай-мүсейлерін қолдарына алып, Сансызбайдың тура қарсы алдына келді. Амандасып, келген істерінің жөн-жосығын мәлім етті.
-Е, салиқалы сөз іздеп шығатын адам бар екен ғой. Теледидары да, тілипоны да бір ырду-дырдуды көрсетуден жалықпаушы еді. Іштей түңіліп отыратынмын. Сөйтсем, жақсы сөз жинау үшін, ел аралайтын ақылды балалар бар екен.
«Іздегенге сұраған» деп Жомарт іштей қуанып кетті. Еркін де бағанағы ашуын ұмытып, камерасын қосты.
-Ата, жаңағы ғибратты сөзіңізді камераға қарап қайта айтып жіберсеңіз. Сіздің сөзіңізді ғаламторға таратып, жер бетінде осындай алақандай ауыл барын, оның аңызын толғайтын сіздей шежіреші қариясы барын бүкіл жұрт білсін.
Жомарттың жылдамдата айтқан сөзіне ұзын бойы еңкіш тартқан, қара сұр жүзі қарттыққа бой алдырмағанын аңғартып тұрған қария қапелімде абдырап қалды.
-Сонда мені бәрі көре ме? Мына киімім жұпыны емсе пе? Үйде дұшпанкөз киімдерім бар. Барымды киіп, бақанымды таянып түспеймін бе? Еңсебайдың іші бір күйсін!
-Неге іші күйеді, ата?-деп сұрап үлгерді Еркін,.
-Күймей қайтсін, өзі менімен түйдей құрдас, өмір-бақи қара таласып келеді. Менің қорамда бір қой егіз туса, соны қызғаныш ететін. Енді мен тілипонға шығып кетсем, ол қызарып-бозармай ма?
Атасының жарғысынан соң ұл-келіні құрдай жорғалап, сұратқан заттарын лезде дайын етті. Ұлттық киім киіп, еңсесін тіктеген қария айбынданып шыға келді.
-Ұлттық киімде ғажап сән-салтанат бар, - деп ойлады Еркін.
-Ұлттық киімде сәннен бұрын тектілік бар, ақсүйектілік бар, - деп ой тұжырды Жомарт. Камераны қосып, кіріспе сөзін Жомарт сөйлеп, лебіз білдіру кезегін Сансызбайға ұсынғанда, ол айтарынан жаңылды. Аулада күн шуағына жонын жылытып отырып не дегені жадынан өшіп қалыпты. Ақыры сөзінің сірағасын Жомарт келтіріп, Еркін толықтырып, бірнеше минуттық бейнежазбаны әрең түсірді. Камерадан өз бейнесін көріп, бабалардан қалған сөз сұрай жеткен балаларға риза болған ақсақал оларды дастарқанға шақырды. «Астан үлкен емеспіз» дескен екі жігіт Сансызбайдың қонағы болды. Шай ішіп отырып, ақсақал бір аңыздың шетін шығарды:
-Кәріқыз деген тікенек өсімдікті білесіңдер ғой. Жаз кезінде арықтың жағасында, шабындықтың шетінде қаулап өсіп тұратын. Өзін не мал жемейді, не отынға жарамайды.
-Білеміз ғой, қойлардың балақ жүніне жабысып қалатын. Талай тазалағанбыз,-десті екі дос ақыры бір аңызға құлақ құрышын қандыратындарына қуанып кетіп.
-Сол кәріқыз туралы бір аңыз есіме түсіп отыр.
-Балалар шайларын ішіп алсын. Аңыз, ертегіңді сосын айтарсың,-деп кемпірі қонақжайлылық көрсетіп еді, шалы дүрсе қоя берді.
-Менің аузымды бағып отырған балалар шай ішуге келді деймісің? Жүз жылда бір рет маған біреу сөз берген екен, бүгін қалай шешілмейін?!
-Ата, осы отырған қалпыңызда әңгімелей беріңіз. Еркін камераға түсіріп алады. Мен тыңдап отырмын. –Жомарт жік-жапар болып, алғашқы аңыз айтушы ақсақалға шектен тыс құрақ ұшты.
-Ендеше, тыңда. Баяғыда осы өлкеде бір бай өмір сүріпті деседі. Мыңғырған малының есебін өзі білмеген көрінеді. Сол байдың мақтанышы жалғыз қызы болыпты. Ажарына айдың көркі таласа алмайтын арудың нағыз өзі екен.
-Ата, сіз ол қызды танисыз ба?-деп кішкентай немересі сөзге килікті.
-Танитын сияқты ғой, келістіріп сипаттады,-деп бәйбішесі де қалжыңға жыға сөйледі.
-Ата, сол арудың тағдыры не болар екен?-деп Жомарт оқиғаға ынтыға түсті.
-Өзі сұлу болса, өзі байдың жалғызы болса, менмендік табиғатынан берілмей ме? Тәкаппарлықтан өзіне сөз салып келген жігіт-желеңдердің бойынан түрлі кемшілік тауып, бірде-бірінің етегінен ұстамапты. Өзіне теңдес еркек кіндікті бар екенін де ойламапты.
-Ата, ол қыз сосын қартайып, кемпір болып қалған ба?-деп аңызды құлағына құйып отырған немере жыршыға тағы сұрақ қойды.
-Сабырмен тыңда, балам. Уақыт өте беріпті. Уақыт тұзағына тұтылған адам оның құрсауынан шыға алған ба? Кербез сұлудың ақ жүзі жыл өткен сайын солып, құлын мүсініндегі асқан нәзіктік жоғала бастапты.
- Айттым ғой, мақтаншақ байдың қызы қартайып қалады деп. - Құймақұлақ балақай оқиғаны дәл болжаған өзінің тапқырлығына өзі риза болып, қолын шапалақтады.
- Тәкаппар сұлудың қатарластары отау құрып, ана, әке атаныпты. Сылқым өз көркіне өзі тоймай, жылдардың қалай жылжып өткенін сезбей де қалыпты. Бір күні есігін шоқша сақалды бір шал қағыпты. Әрі тайған, басынан бағы тайған қыз мұны көріп, ерін бауырына алып тулапты. Келесі күні қызға әйелі қайтыс болған, қырқылжың тартқан қырма сақал сөз айта келіпті. Төсек жаңғыртпақ болған, тоқал алғысы келген сақалы сапсиған шал-шауқандар қызды төңіректеп қоймапты. Содан қыз бір түні далаға шығып, көкке қолын созып: «О, Жаратушы Ием, мені кәрі шалдың мазағынан құтқар. Шалға тигенше, арам шөпке айналып кетейін»,- деп тілек етіпті. Сол заматта қыздың денесі тікенектеніп, жерге шөгіп, бір уыс арамшөптің кейпіне еніпті. Сықпыты сүйкімсіз, өзі тікенді шөптен адам да, мал да айналып өтеді. Ал кәріқыз ары өтіп, бері өткен жолаушылардың аяғына жармасып, өзінің жалғыздығынан басын арашаламақ болады екен.
- Ата, сіздің арқаңызда кәріқыз тікенекті өсімдігінің неге бұлай аталғанын біліп жүретін болдық, - деп Жомарт алғысын жаудыра беріп еді. Сансызбай жайдары жүзбен оны тоқтатып тастады:
- Қыздың соры өзінің тәкаппарлығынан болған. Алла бізді менмен, өркөкірек болудан сақтасын!
Немересі қол соғып еді, отырғандар тегіс дүркіретіп шешен атайға қошемет білдіріп, алақандары қызғанша шапалақ ұрды. Сансызбай қоқиланып, қарасұр өңі қызара бөртіп, арқалана түсті.
- Балапан, саған атаңның аңызы ұнады ма? - деп Жомарт енді ең кішкентай тыңдаушыға назар аударды.
-Иә, өте ұнады. Атам бәрімізге мақтаншақ болмауды үйретіп отыр. Тұра тұрыңыздар, мен қазір кәріқыз тікенектерін жинап алып келемін.-Желаяқ немере үйден атып шығып, арық жағалай жөнелді.
Ақылды балақайдың сөзіне бәрі риза болып, дүрлігіп қалды. «Сөз тыңдаушысына жетті», - деп Жомарт іштей жеңілдеп қалды. Еркін бұл бейнежазбаның қаралымы қанша болатынын іштей шамалап та қойды. Істері алға басқанына көңілдері жайланған жігіттер сыртқа шыққанда, аулада кішкентай уысына кәріқыз тікенегін жинаған немере тұрды. Сансызбай оның біреуін қолына алып:
- Көрдіңдер ме? Қарапайым өсімдіктің өзін ата-бабамыз өнегелі аңыз еткен. Игі бастамаларың мұнымен тоқтап қалмасын,-деп жігіттерді арқаға қақты. Кәріқыздан бір-бір тікенек алып, екеуі кеш қараңғысы қоюлана үйлеріне оралды.
- Бала кезімнен көріп келе жатқан қарапайым өсімдікке қатысты да аңыз барын бүгін тұңғыш рет білдім. Соған өзім де таңданып отырмын, - деп Еркін көңіл құсын шарықтата тіл қатты.
- Өз өлкеміз хақында білгенімізден білмейтініміз көп қой. Ертең де «аңызға шөлдеу» операциясын жалғастырайық.
Екеуі қол алысып, бір-бірін мақұлдасып тарқасты. Көңілінде қуаныш құсы сайраған Жомарт түн патшалық еткен сәтте маужырап жатыр еді, Еркіннің қоңырауынан бойын жинап ала қойды.
-Маған тосыннан бір ой келді. Сен ағылшынша шебер сөйлейсің ғой. Осы өнеріңді кәдеге жаратайық!
-Қалай сонда?
- Сансызбай атаның айтып берген аңызын сен ағылшын тіліне аудар. Ертең бір кәріқызды құшақтап тұрып, сол аңызды Ертістің жағасында толғап бір өтпейсің бе?
- Мен әдеби аударма жасай алмаймын. Тек ресми ісқағаздар ғана...
- «Шешінген судан тайынбас.» Ақыры бастаған екенбіз, бұл жоспарды түбегейлі жүзеге асырмай, кері шегінбейміз.
Жаздың мақпал түнінде Жомарт Еркіннің ақылымен кәріқыз аңызын ағылшын тіліне аудара бастады. Ресми аударма мен көркем тәржіманың айырмасы жер мен көктей екенін қалтқысыз сезді. Сонда да аңыздың жалпы мазмұнын дәл беруге тырысты.
Шығыс таңы Ертіс жағасын қоныс еткен алақандай ауылды аймалап оятып алды. «Кәне, жаңа күніңді баста, жаңа жырыңды бапта» дегендей Күн-падиша тіршіліктің бәріне кеңпейілділік танытып, бірден қуыра қоймады. Табиғат аясында тамақтанып, бір тынығып алуды ойлаған жігіттерге Жомарттың әкесі де қосылған.
-Тоғайдың түбіне отыра кетіп, үйден алып шыққан дайын тамақты жегенді өзі басым ұнатпаймын. Өзің аулап, өзің пісірген балыққа не жетсін!-деді көлікке қармағын салып жатып. Ол еңкейіп, мәшиненің жүксалғышына тағы бір дорба сала бергенде, қолтығына қысып алған кітабы көрініп қалды. Бұны көрген достар жаңа ауланған балық жеу ойының оңайлықпен іске аспайтынын іштері сезді. Таптаурын болған жолмен біраз жүріп отырып, Ертістің жарқабақтанған тұсына көлік кідіртті.
-Осы жерден Ертістің айдыны керемет көрінеді екен. Ағылшынша мәтінің дайын болса, бейнежазба түсіріп жіберейік,-деп Еркін жалма-жан қолына құралдарын алды.
-Қазір, алақаныма кәріқыз тікенектерін салып алып сөйлейін,-деп Жомарт та далаға ұмтылды. Әкесі әудем жерде бұлардың тірлігін қызықтап тұр. Балғын денесі шиыршық атқан Еркін өзен бойын жаңғырықтыра «камера! Мотор!» деп саңқылдады. Жомарттың әкесінің алдында әлемдік тілде күрмеусіз сөйлеуі тұңғыш рет еді. Оның сеніммен айтқан әр сөзі иығы түсіңкі, арық жігітті білімнен күш жиған, кеудесіне туған жерге деген сағыныш пен құрмет қатар сыйған жалынға айналдырып бара жатты. «Дайын!» деп айғай салған Еркін де бәрін қалт жібермей таспалап алды. Көпірме мақтау сөзге тым сараң әке ұлына бас бармағын көрсетті де қойды. Бірер суретке түскен соң, үшеу болып үйеңкі мен қайың аралас өскен тұсқа тоқтады.
-Аға, балық ауламай тұрып, біздің арнамызға сұхбат беріңізші, - деді Еркін өтініш білдіріп.
- «Аңыз айтатын ақсақал қарсы алдыңда тұр» деп едіңіз ғой өткенде.
- Екеуің ауылдың шалдарын түгендеп болып, маған қолқа салып тұрсыңдар ма? Қусыңдар, иә!
Әке әзілмен жауап қатса да, риза қалпын жасыра алмады. Жомарт кітапты көп оқитын әкесінің аңыздар топтамасын айтарына сенімді күйде келеді. Әкесіне микрофон тағып беріп, өзі сұрақпен әңгімені жандандыра бастады:
- Ертіс бойын неше атамыздан бері емін-еркін жайлап келеміз. Осы ұлы өзен туралы қандай аңыздарды білесіз? Бүгінгі ұрпақ ол әпсаналардан нендей тағылым үйрене алады?
- Сұрақпен бастырмалатып жібердің ғой. Бәрін басынан бастайын. Ертіс-ұлы тіршіліктің анасы, қыбырлаған тірі жанның панасы. Ол жайлы аңызды ақтарып айтар елдің данасы.
-Пай-пай, неткен әсерлі сөздер! Ертіс атауының шығу төркінін сыр етіп баяндайтын аңызға құлақ түрейік!
Жомарттың қошеметіне көңілі өскен әкесі көк айдыны толқып жатқан өзенге қолын сермеп қойып, аңызын бастап кетті:
- Ертеде, өте ертеде, қазір біз тұрған өлкеде көшпенділер өмір сүріпті. Қазіргідей емес, бұл жер жалаңаш жазық, қыс бораны ұлыған, жаз сағымы ойнаған шөл дала болыпты. Көшпенділер ата жұртын ешқашан тастап кетпейді ғой, әр жыл сайын қоныстарына оралады екен. Сонда шөл дала жыл өткен сайын кәріне мініп, өзін паналаған аң-құсты бездіріп жіберіпті. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеген көшпенділердің көсемі атағы ел аузында аңызға айналған Ертіс батырға кісі жіберіпті. Тауды мекен еткен алып тұлғалы қаһарман етекке түсіп келе жатқанда, оның зорайған көлеңкесі төңіректі түгел жауып жіберіпті. Баһадүрдің келбетіне сүйсінген көсем оған өтініш білдіріпті:
- «Жаңбыр жауса, жер ырысы. Батыр туса, ел ырысы.» Дәулеті асып-тасқан берекелі еліңнің бүгінде құты қашқан. Сағымы көз арбаған мына шөлге жаңа тыныс берші!
Ертіс батыр сөзге келместен, оңтүстіктегі тауларға қарай құлашын созып, жаңа өзеннің арнасын салыпты. Сазарған шөл далаға тіршілік сыйлар су жүгіріп, көшпенділер қуанышқа кенеліпті. Арада көп уақыт өтпей, Ертіс батырдың еліне деген перзенттік махаббатынан пайда болған кішкентай су арнасы кеңіп, ұлы өзенге айналыпты. Жағасы қиқулаған құсқа толып, аң атаулының мекені болыпты. Елі үшін туған батырдың көзсіз ерлігіне тәнті болған жұрты өзенді Ертіс деп атап кетіпті.
- Ғажап! Ертіс батырдың бұл ісі кейінгі ұрпаққа үлгі болсын! Ғибратты аңыз айтып, өзеннің жағасында сыр шерткен сізге ризамын, әке! – Жомарт шынымен де толқи сөйледі.
-Аңызда ақиқат бар, тарих сүрлеуі әпсанаға байланған. Сонысымен де құнды емес пе? Ертіс атауының шығу тарихын әйгілейтін және бір аңызды білемін,-деп жүзі нұрлана түсті жыршының.
- Онда не тұрыс?! Ертістің жағасында ақырын аяңдап жүріп, тағы бір аңызды жүрегімізге жазып алайық.
Әке мен бала қатарласып, маңғаз басып, орманның алаңқайынан асып тоқтады.
-Күллі түркілердің киелі мекені Кенді Алтай байлықтан кенде емес. Топырағын тартсаң, түгі шығады. Тасын төңкерсең, алтынға айналады. Осы ен байлықты күні-түні кірпік ілмей күзетіп, құз-жартастар шаншылып тұрады екен. Бір күні қарт Алтай көршісі Тянь-Шаньға мұңын шағыпты:
-Құдай мені байлыққа бөктіріп қойса да, бір перзент қимады. Ұлым болса, мына қазыналы өлкемді сұқ көздерден қорғар еді ғой.
Алтайдың ауыр күрсінгеніне шыдай алмаған Тянь-Шань оның тілегін Тәңірге жеткізіпті.
-Тәңірі оңғарып, қарт Алтайға ұл сыйлаған ба?-Жомарт баяу басып келе жатып, көкпеңбек айдынында шағаласы шаңқылдаған Ертіске мейірлене қарады.
-Иә, жартастың етегіндегі Судың тамшысынан мұздай ұл жарық дүниеге келіпті. Күші тасып, жартастарды тесіп өтіп, құзды аударып кететін қайратты екен өзі. Тау ұлының бұл әрекеті құз-шыңдар мен жартастарды нала етіпті. Олар Алтай қартқа шағым айтып, тұтас өлкені жаңғырықтырыпты. Сонда әкесі ұлынан сұрапты:
-Сен неге тау ұлы бола тұра, жартастар мен шыңдарды допша лақтырып, келеке етесің?
-Әке, маған мына тау арасы тар көрінеді. Тынысымды ашып, кең далаға шығып, асыр салғым келеді.
-Жоқ, балам, тау ұлының ғұмыры тауда, шың басында өтеді. Кең дала саған мекен болмас.
Әкесінің тыйым сөзіне күйзеліп, Ертіс жартастың түбінде бүлкілдеп жатса, сонау биіктен бір қыран шүйлігіп келіп, ақыл айтыпты:
-Батырым, ерлігіңді сынайтын мезет туды. Солтүстікте сені ғажайып сұлу Обь күтеді. Сонымен қауышуға дайынсың ба?
Сұлудың атына қаныққан Ертіс сол түні бар қажыр-қайратын жұмсап, өзін қоршаған жартастарды бұзып өтіпті. Жолына кесе-көлденең тұрған шыңды да елемепті. Арқырап, арындап ағып, барған сайын арнасы кеңи беріпті.
-Махаббат жолын таңдаған ұлына Алтай әкесі ақ батасын беріп пе?-Жомарт аңыз оқиғасына қызығып, әкесінен жауап күтті.
-Жоқ, Алтай қатты ашуланып, оның соңынан жартастарды лақтырыпты. Сірә, кең даланы кезіп, таудан безіп, сүйгенін іздеп кеткен ұлының жолына тосқауыл болғысы келген тәрізді. Жазық далада арналы өзенге айналған Ертісті ешбір күш тоқтата алмапты. Ол жүрген жерін жасыл баққа айналдырып, еліне мәңгілік береке орнатыпты. Сөйтіп жүріп, толқып-тулап Обь аруға жетіпті. Екеуінің құшақтары айқасып, Солтүстік Мұзды мұхитқа бірге құйылған екен.
-Махаббаттарының соңы мұзға айналған ба?-деп қалды ғашықтық хикаясын елти тыңдап тұрған Жомарт.
-Батыр Ертіс сүйіктісіне барар жолдың бәрін жұмақ баққа айналдырмады ма? Міне, махаббат деген шынайы ықылас, ұлы мейірім.
Жомартқа күнделікті күйбеңнен басқаны білместей көрінетін қарапайым әкесі бүгін ерекше айбарланып, айрықша тұлғаланып көрінді. Камера ұстап, бұлардың әр қимыл, әрбір сөзін бағып тұрған Еркін де іштей таңдайын қақты.
-Аға, ағып тұрған шешен екенсіз. Осы күнге дейін білмей келгенім өкінішті,-деп таңданысын жасырмады.
-Кітап оқысаң, шұрайлы сөзді жадыңа тоқысаң, шешен болмай қайтесің?-Әкесінің ұйқастыра берген жауабына Жомарт қатты сүйсініп, қолын сарт еткізді. Әкесі балық аулау деген сылтаумен оңаша кеткенде, Жомарт жан-жағына тояттай көз тастап, қолын ұшатын құстың қанатындай жайып жіберді.
-Туған жер, қандай киелі едің! Ішіңе бүккен сырың қаншама! Айтылмаған жырың қаншама! Соның бәрін ел аузынан теріп алып, әлемге паш етуге досым екеуміздің қуатымыз жетсе болғаны!!
Еркін бұған күле қарап, жанына жетіп келді.
-Синхронды аударма жасап жүрсің ғой, жаңағы екі аңыздың аудармасын ауызша дайындай қойшы.
-Қазір емес. Мына жаратушының қолынан шыққан сұлулыққа көзім талғанша қарайыншы!
-Жүр, мына жардың басында тұрып сөйле. Баста!
Еркіннің пәрменін лажсыз орындаған Жомарт көңіліне жазылып қалған қос аңызды ағылшынша баяндай жөнелді. Баһадүр Ертістің махаббатын әңгімелегенде, беріліп, әсерленіп сипаттауын асырды. Өзге тілде сөйлесе де, мүдіруді білмеді. Тамағын кенеп болса да, кідіруді білмеді. Сөзін жұптап, жарастыруға туған жердің киесі демеді. Бұлар жұмыстарын тиянақтап, сусындарын ішіп отырғанда, балық аулауға кеткен әкесі бір шортанмен олжалы оралды.
-Бүгін құдай қолдап, сендерді аш қалдырмайтын болдым,-деп мәз бола жымиды. Өзі балықты аршып, жылдамдатып бөліктерге бөліп, тұзын, бұрышын сеуіп, дәмдеп үлгерді. Жігіттер шалқыта от жақты. Тастан өрілген жерошақтан шыққан түтін иісі ауылды аңсаған достарға француз әтірінің жұпарынан да артық сезілді. Табада қуырылған балықтың еті шетелдегі мейрамханаларда ұсынылатын теңіз өнімдерінен әлдеқайда дәмді көрінді.
-Бір шортан аз болып қалды ма? Келесі жолы әрқайсыңа бір балықтан ұстап беремін,-деп езу тартты әке.
-Ауылға жиі келіп тұрамыз,-деді екеуі бірдей қосамжарланып.
-Шетте көп жүрдіңдер, не көрдіңдер?
-Әке, біздегі ең басты артықшылық-тыныштық бар. Ал біз барған елдердің барлығында құжынаған туристер, қаптаған саудагерлер, дүбірі бір басылмайтын демалыс орындары.
-Тайландта қуырылған балықты сатып алғанбыз. Ал мұнда бәрі тегін.-Еркіннің сөзіне бәрі дүрліге күлді.
-Бізде суға шомылу да тегін,-деген әкесінің сөзінен соң, біраз демалған жігіттер өзенге қарай жүгірді. Тура бала кездеріндегідей бірін-бір қуалап, жетер болса, аяқтан шалып, көк айдынға алғашқы болып құлаш ұруға жан салды. Алысып-жұлысып жүріп, екеуі де суға күмп берді.
-Мальдив аралдарына қайтып оралдық па?-деп қалжыңдады балықтай еркін жүзетін досы.
-Жоқ, өзіміздің Ертісіміз ғой,-деп саңқылдай жауап берді Жомарт.
Екеуін сырттай қызықтаған әкенің езуіне күлкі үйірілді. Өзі үшін де еш ұмытылмас, баға жетпес демалыс кенжесімен бірге өткізген осы күн екенін ол іштей мойындап тұрды. Алқын-жұлқын жағаға шыққан достар ыстық құмға шалқаларынан жата кетті.
-Жомарт, осы жинаған аңыздарымыз жете ме?
-Бізге тапсырма берген ешкім жоқ қой. Әрі түсімде тау Ұлытауға шақырып қояр емес. Мен туған ауылымнан аса алмай жүрмін. –Жомарт алқына сөйлеп, етпеттей жатып, құмнан қорған сала бастады.
-Сендер бала болып кеттіңдер ме?-деп таң қалды әкесі.
-Шетелде бұлай еркелей алмап едік. Онда әрнені таңсық көріп, тосын жайға балап, құмарымыз қанбай, жүгіре беріппіз. Ал мұнда бәрі бабымен, тыныштықта ұйып тұр.
-Аға, байқайсыз ба, Жомарт соңғы кезде ақынжанды болып барады.
Еркіннің қағытпасына әкелі-балалы екеуі жарыса күлді.
-Туған жерін сағынып жетіп, төсіне аунай кетсе, ақынға айналмай ма әр азамат?-деп әкесі ұлын қорғаштай сөйледі.
-Сіз жазбай жүрген жазушысыз, аға. Ұлытауға бізбен бірге барып, ол жаққа шығыс жыршыларының хас өнерін көрсетіңізші.
Еркіннің өтінішін Жомарт қолдай кетті. Екеуі екі жақтап үгіттеп, ақыры келісімін алып тынды. Күнге қыздырынып, суға қайта түскен соң, кітабын көлеңкеге қалдырған әкесі қосылып, үшеу болып жарысты. Батыр Ертіс өзін аңсап, құшағына шөлдеп келген қос ұлын беттерінен қақпады, өзегінен теппеді. Күн тас төбеден ауғанда барып, үшеуі асықпай жиналып, көлікке мінді. Ауыл мен өзеннің арасы жақын болғандықтан, тез-ақ жетті. Бұлардың тойдан қайтқандай шат-шадыман түрлерін көріп, үй іші аңтарылып қалды.
-Күні бойы суға түсіп, қарындарың ашып қалған шығар. Дастарқанға келіңдер,-деп апасы бәйек болып жүр. Құндыз да шайын қоюлап құйып, ерекше ілтипатпен ұсына берді.
-«Су жағалағанның өзегі талмас» деген қазақ атам. Аш емеспіз.
-Әке, сіз кітап алып кетіп едіңіз. Кітаптың қызығына беріліп отырғанда, балықтар қармағыңызды өздері қапты ма? - Жарқынның әзіліне бәрі дуылдай күлді.
-Мен бүгін кітабымды өкпелетіп алдым. Шортан аулап, оны тазалап, пісіріп жүріп, кітап оқуға толық мұршам болмады.
Бұлар суға түсіп жүргенде әкесінің кітапты парақтай бастағанын Жомарттың көзі шалған. Бірақ әкесі кітапты құнығып оқымай, бұларға күлімдей қарап отыра берген.
-Отқа піскен тамақтан асқан дәмді не бар! Әкем аулаған жалғыз шортан жұмырымызға жұқ болмады.
-Табада қуырылып жатып, өзі түтінге ысталып қалды ма деймін. Әйтеуір, дәмі таңдайымда қалып қойды.-Соншама тамсана айтқан Еркіннің сөзіне енді өзгелері тегіс күлді.
-Күні бойы балаларды ойнатып, құмға аунатып алып келдім. Шайыңнан құя ғой, қызым, - деген атасының сөзіне енді Жәлел мен Мұса томсара қалды. У-ду болып отырып, шай ішілді, бірақ дастарқан жиылмады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария алдынан шығады» деген ұғымға берік ауылдастардың Жомартқа амандасып кететіндері бар.
Кеш түсе қарбаласып кететін ауылдың тірлігіне Жомарт бүгін мықтап араласты. Жарты жасқа келген айқасқа құлынды сылап-сипап, қора жақта ұзақ бөгелді. Ауыл орынға отыра, Еркін шұғыл хабарласты. Үйінің шатырында отырғанын, тек сол жерде ғана ғаламтор желісінің жақсы ұстайтынын айтып, Жомартты бір күлдірді. «Айға қарап, жалғыз отырма. Қазір барамын», - деген Жомарт үйден шыға жөнелді. Ауыл өзенге жақын болған соң, масалар қара күз түскенше, торлап тұратын. Бүгін де солай, Жомарт масалардан қорғанып, қалың киініп, келесі көшенің соңындағы Еркіннің үйіне бет алды. Барса, айтқанындай-ақ ол шатырда отыр екен. Жердегі досына қол бұлғап, жанына шақырды. Сатымен тез көтерілген Жомарт оның қасына отырды.
-Қарашы, кеше жүктеген бейнежазбамыздың қаралымы сәт санап көтеріліп барады. Шетелден көргендер де бар.
Бұл жаңалыққа елең еткен Жомарт Еркіннің ноутбугіне телмірді. Ашылғанына жарты ай ғана болған жаңа арнаның жазылушылары да өсіп келеді екен.
-Демек, халық салмақсыз, нәрсіз сөзден шаршаған екен.
-«Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген осы. Халық аңызға шөлдеп, тарих қойнауына қайта бойлағысы келген шақта арнамызды сәтімен ашыппыз.
Шатырда отырып, Жомарт ендігі мақсаттары Ұлытауға жол шегу екенін айтып, қысқа жазба түсірді. Ұлытауға баруға өзінің тылсым түсі себепкер болғанын да тілге тиек етті. Бес айдан бері жатталып қалған таумен жауаптасқан сәтін нақышына келтіре, мәнерлей айтты. Еркін бұл жолы күлкіге айналдырмады, барлық іске мұқият қарап, тым салмақты түр танытты. Бұл кеш үйіне қуана жетіп, жастығына бас қойған Жомарт түсінде таудың үнін естуді бар жанымен қалады. Шетте сауық-сайран құруды қойғалы бері, таудың үні нәзік қоңыраудай сыңғырлап, көңіліне ғажайып күй орнататын. Міне, түс әлеміне самғап барады. Теңіз, аспан, тау үшеуі қол ұстасып, бірдей көк түсте көз тұндырып тұр. Тау әнге басты:
Ұлытауға бардың ба?
Ұлар етін жедің бе?
Таудың әніне теңіз билеп, аспан да қосылып кеткендей сиқырлы сәт туды. «Барамын, Ұлытауға барамын, аңызына қанамын» деп сыбырлаған Жомарт тау үнінің жаңғырығына бойы балқып, рахаттана түсті.
...Туған жердің тамашасына қанша батса да, тоймаған достар аптаны толтырып, он күнге таяғанда, Ұлытауға сапар шекті. Уәде бойынша Жомарттың әкесі де жолаушылап шықты. Кетер күні үлкендердің батасын алып, қажеттінің бәрін қамдап, жігіттер сақадай сай отыр. Әсіресе Жомарт Ұлытауға барса, тура түсіндегідей тілдесер сәтті күтіп, іштей тықыршиды.
-Сапарларың сәтті болсын,-десті кейін қалғандар.
-Әумин! Шығыстан Ұлытауға жолға шыққан біздерді алла қолдасын!-десіп үшеуі көлікке отырды. Тізгінде Жомарт бәйгеге шабар тұлпардай тыпыршиды. Ауыл арасының жолынан ұзап шыққан соң, мәшине қарқынын үдете түсті. Өскеменге жеткенше, Жомарт көлік тізгінін ешкімге бермеді. Тек қалаға жетіп, оны қақ жарып ағатын Ертіске қарап тұрып, Жомарт оның болмысынан сұлуына асыққан батыр жігіттің келбетін аңдады.
-Ертісім-тынысым. Ертісім-ырысым.
Ерін ұшынан сыбыр еткен Жомарттың сөзін Еркін ести сала, қағыта жөнелді.
-Осы сен аңыздарды жинаймын, ел аралаймын деп, Асан қайғы сияқты ойшыл болып кетіп жүрме.
-Ойшыл болмасам да, ойлы болуым керек. Рас, аңыздар маған үлкен ой салды. Бұрын неге тереңіне үңілмедім деп өкініш етемін.
-Ештен кеш жақсы, дос. Әне, аға келе жатыр, енді көлікті өзі жүргізбекші.
Тамақтанып, сәл кідірген соң, Аягөзге қарай бағыт алған жолаушылар әр қадамдарын мұқият жоспарлап қойған еді. Жолдан шеткері болса да, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесіне жетуді ойластырған.
-Сен аңыз оқиғасын майын тамызып айтасың, сосын мен оны толық тыңдамайынша, байыз таппаймын,-деп Еркін Жомартқа бұрылды.
-Махаббат хикаясын кесене басына барғанда екі тілде айтайын. Оған дейін жол бойын суретке түсірейін.-Сергек жауап берген Жомарт қалта телефонының камерасын қоса қойды. Кесенеге жетіп тоқтағанда, көліктен алдымен Жомарт секіріп түсті. Еркін камерасын қосып еді, жас шешен ағытыла жөнелді.
-Олар тарихта ерлігімен емес, сұлу сезімімен есімдері қалды. Күшке, зорлыққа көнбейтін нағыз махаббат иелері осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр.
Ғашықтық хақында сөйлеген Жомарт өзі де махаббаттың балын татқандай тамсанды. Іле-шала ағылшынша судырата жөнелді. Бұлар жоспарлы тірліктерін тындырып, көліктеріне жайғасқанда, шығыс атырапты кеш қараңғысы билей бастады.
-Ертең таң ағара жолға шығып, Қарағандыға жетсек, одан ары Ұлытау тиіп тұр десе де болады,-деген Еркін алдын-ала өзі дайындап қойған шағын қонақүйге бастап жүрді. Аягөзде бір түнеп, «Қарағанды, қайдасың?» деген жолаушылар түнге қалмай, межелі жерге жетуді ұйғарды. Содан да жол бойында көп тоқтамай, кештетіп Қарағандыға жетіп жығылды. Қонақүйде әлденіп, бірден ұйқыға шомған сапарластар таңмен таласа тұрып, Ұлытауды бетке алды. Әңгімемен жол қысқартып отырғанда, Жомарт кенет түсін баяндады:
-Қайран қалып отырғаным-тау маған бұрынғыдай қатуланбай, жіңішке, сыбызғы үнмен сөйлеп, өзіне шақырды. Біздің жақындап қалғанымызды сезетіндей.
-Сен түсіңе ене беретін тау туралы айтсаң, көз алдыма аппақ киінген қария елестейтін,-деген Еркіннің сөзі езу тартқызды.
Ұлытау топырағына аяқ басқалы, алғаш ат басын тірегендері Жошы хан кесенесі болды. Сән-салтанатымен алыстан көз тартқан кесене басында әкесі құран оқып, жігіттер бет сипасты. Одан кейін үшеуін де таңқалдырған Жошы хан мұражайы еді. Еркін заманауи үлгідегі жәдігерлерді көріп, есі шықты. Жошы хан туралы фильм тамашалап, қызметкерлерге алғыстарын жаудырып, шығуға таяғанда, соңдарынан «Жомарт мырза» деген биязы дауыс естілді.
-Жомарт мырза, қош келдіңіз. Сөзіңізде тұрып, киелі өлкемізді аралауға келген екенсіз.
Өзіне қарсы жүріп келіп, ілтипат білдіріп, басын иген кеңсе киіміндегі қызды көрген Жомарт таңданып қалды. Жігіттің жүзіндегі таңданысты сезе қойған қыз ашық қабақпен жылы шырай танытты:
-Сіздің әрбір бейнежазбаңызды қалт жібермей көріп жүремін. Ел аралап, аңыз жинау сапары сіздің түсіңізден басталғанынан да хабардармын.
-А, иә, дұрыс айтасыз,-деп қалбалақтаған Жомарт үріп ауызға салғандай сымбатты қыздың лебізіне басы айналып қалды.
-Атақты болдың. Атап өту керек,-деп сыбыр етті бүйірін ала тұрған Еркін.
-Балам, түсіңнің шырайлы шындыққа айналғанын көрдің бе?-деп әкесі сасқалақтап қалған ұлына демеу көрсетті.
-Ұлытауға бар, балам,
Аңызына қан, балам,
деп кеңес берген таудың үнін тыңдап, ұлт ұясы Ұлытауға келген сіз нағыз азамат екенсіз.
Мүсінді қыздың әуездете айтқан сөзінен Жомарттың есіне таудың үні түсті. Екеуінің нәзіктігі, тұнықтығы, лебіздерін бір ырғақта білдіруі ұқсай ма, қалай?
-Кешіріңіздер, өзімді таныстырайын. Мен осы мұражайдың ғылыми қызметкері Айшанұр Есім боламын.
Айшанұрдың жылы қабағынан нұр тарап тұрғандай әсер алған Жомарт оның даусының құлаққа жағымды қоңыр әуеніне тәнті болып тұр. Жомарт Айшанұрды Еркін екеуі ашқан арнаға сұхбат беруге шақырды. Тосыннан ұйымдастырылған сұхбаттың тақырыбын да төтеден өзі тапты:
-Ұлар құс туралы не айта аласыз?
-Халық аузындағы «ұлар құсты жедің бе?» деген сөз астарлы мағынаға ие болса керек. Ұлар-биік тауды мекен ететін өте сақ құс. Аңызға сүйенсек, ұлар қолға түссе, торда өмір сүрмей, бірден өліп қалады екен. Жұмыртқасын басқа құстарға бастырса, балапандар бөгде құсты қабылдамайтын көрінеді. Топтасып өмір сүруінен де ынтымағы берік қанаттылар екенін байқауға болады.
-Ұлар құс үшін торға түсу өлім, тек еркіндік өмір леген ойға келсек, қателеспеген болармыз,-деп Жомарт әңгімені қыздыра түсті.
-Дәл айттыңыз. Әрі ұлар құста тектілік бар, балапандар қолға үйреніп, үй құсына айналмайды. О баста табиғаттан берілген жабайы, еркін күйін сақтап қалады.
Мұражайға келушілер де бұл әңгімеге назар аударған еді. Айшанұрдың сөзіне риза болысып, бәрі бірдей қол соқты. Айшанұрдың қалта телефонына қоңырау түсіп, ол жауап бермек болып, оңашалау бұрышқа беттеді. Сәлден соң жымиған күйі Жомарттың жанына таяп келді:
-Жомарт мырза, облыстық телеарнада қызмет істейтін құрбыма сіздер жайлы эфир дайындаса деп өтініш білдіріп едім. Сіздердің Ұлытауға сапарларыңызды елге паш етпекші. Қалай қарайсыздар?
Тосылып қалған Жомарттың орнына Еркін жауап берді.
-Әрине, қуана-қуана келісеміз. Ұсақ-түйек контент емес, ұлтқа пайдалы, ұрпаққа тәлімі мол дүние жасау идеясын көтере беру керек.
Еркін Айшанұрға байланыс үшін өз нөмірін ұсынды. Қағылез қыз Жомарттың байланыс деректерін өзі сұрап, тиянақтап жазып алды.
-Тілшілер сізге өздері қоңырау шалып қалар. Әкеңіз хас шешен екен, ата-бабамыздан мұра болған жыршылық өнердің өкілі ретінде эфир қонағы болса, бір ғанибет емес пе?
Жүзінен шуақ шашып, туғанындай шүйіркелесе жөнелген Айшанұр Жомарттың көңіліне шоқ тастады. Жүрегінде өзі де түсініп үлгермеген бір бейкүнә сезім іңгәлай бастады.
-Міне, жұлдызды сәтіміз туды. – Білегінен Еркін қағып қалғанда барып, бойын жиып алған Жомарт Айшанұрға алғыс білдірді. Үшеуі іркес-тіркес шыға бергенде, тілші де хабарласты, ертеңгі эфирдің уақытын айтып қарбаласты.
Ертеңіне таң ата қонақүйден сымға тартқан күмістей болып шыққан жолаушылар эфир қонағы болды. Еркін әңгімеге бәрі бірдей араласып, емен-жарқын жүздесті. Телеарна ғимаратынан шыға бергенде, кітапхана қызметкері қоңырау соқты.
- Жас оқырмандар лебізіңізді тыңдауға асық болып жүр. Ертең әдеби кездесу ұйымдастырсақ қалай қарайсыз?
- Әдеби деймісіз? Мен жазушы емеспін, қарапайым аудармашымын,-деп қашқақтай жауап берген Жомартты Еркін арқасынан ұрып қалды. Мұнысы «бас тартпа» дегені. Шараның өтер орны мен уақытын белгілеумен әңгіме құйрығы үзілді.
- Жұлдыздарың жанды, балалар,-деді әке даусы жарқын шығып.
- Ой, әке, жұлдыз болуды қаперіме де алмап едім. – Көңілді тіл қатқан Жомарт Еркінді басынан нұқып қалды. Мұнысы есе қайтарғаны.
- Жақсы істеріңді қолдап, киелі жер көсегелеріңді көгертіп жатыр. Бұл бір бабымен басталған іс болды, - деп әкесі шүкіршілік танытып, ризашылығын білдірді.
Дәл осы Ұлытау өңіріне жеткенде, ыстық ықыласқа ие болулары расымен де қасиетті топырақтан болар. Әкімдіктен жауапты маман хабарласып, Ұлытау маңындағы киелі жерлерді аралату ісін өз жауапкершілігіне алатынын, әрі жолбасшы етіп бір тарихшыны қосып беретінін айтты.
-«Сабақты ине сәтімен» деген осы. – Еркін де оператор бола жүріп, сөздік қорын байытып алғанға ұқсайды, соңғы кездері мақалдатып-мәтелдетіп сөйлейтін болыпты. Әңгіме арасына қыстыра салатын «бөтен сөздерін» бұл күндері ұмытқан.
Жомарттың телефонына хабарлама келіп түсті. Айшанұр екен: «Тікелей эфирді көрдім. Танымы мен тағылымы терең әңгіме болды.» Жомарт та іркілместен алғысын білдіріп, жауап жазып жіберді. Арадағы қысқа хаттар қызметтік тілдесуге ұқсамайтын...
Ұлытауда жаңа таң атқанда, төңірек алтын шұғылаға батқанда, күннің алғашқы сәулесі жарқын жүзін сипап оятқанда, Жомарт құлағында таудың үні ойнаған күйі, орнынан сергек түрегелді. Мөлдір аспанға көз тастап, бүгін де күннің ыстық боларын шамалады. Өзіне арман болған Ұлытаумен тілдесер мезгіл туғанына көңілі алақайлап, жүрегі сүйінші сұрап жатты. Бұлар екі көлікпен тауды бағытқа ұстап, жылжи жөнелгенде, күн арқан бойы көтерілмеген болатын. Таңғы тұнық ауада төңірек кіршіксіз кейіпте көрінді.
- Кітапханадағы кездесуді кейінге қалдырдың ба?-деп сұрады Еркін көлік жүргізіп келе жатып.
- Иә, Ұлытауды аралауға бірнеше сағат жетпес. Кітапханашылар да бұл уәжіме түсіністік танытып, жүздесуді ертеңге белгіледі. – Жомарттың сөзін әкесі әзілмен жалғап әкетті:
- Сен қайда бастасаң, біз солай қарай жүре береміз ғой.
Әкенің қалжыңына сыпайы езу тартқан Жомарт алға қарай ұмсына түсті. Қарсы алдарынан Қазақ елінің қасиетті кіндігі, алмас қылышын ойнатып, тұлпарларын дүбірлетіп өткен көшпенділердің алтын діңгегі, ұлы тарихты қойнына бүккен Ұлытау мен мұндалады Солтүстіктен оңтүстікке қарай құлашын жайған Ұлытау «кел, балам, келе ғой» деп тұрғандай Жомарт тебіреніп кетті. Алты Алаштың түп атасы Алаша хан ту тіккен қастерлі мекенге табан тірегенде, қазақ баласы қобалжымай тұра ала ма?
-Еркін бауырдың өтінішімен көліктен түскен соң сөйлейін деп отырмын. –Өңірге белгілі тарихшы, этнограф Төрекелді де бұлардың аужайын дәл түсінгендей. Бәрі көліктен қопарыла түсіп, тауға қадалды.
- Ұлытау – қазақтың тәуелсіздік тарихын, мемлекеттілігінің мызғымас жәдігерлерін бауырына басқан құтты қоныс. Аңызға сенсек, Төле бидің бабасы Майқы Алты Алаштың басын осы таудың төңірегінде қосып, әрқайсысына енші беріп, жерін белгілеген екен. Ал кие дарыған Әулиетас туралы әңгіме тіптен бөлек.
Төрекелдінің қысқа баяндауына назар салған Жомарттың құлағына тау үні жетті. Қаһарланбай, адуындылық көрсетпей, сабырмен сөз айтқан салиқалы бабаның қоңыр әуені естілді. Тарланына ризалық білдірген байсалды әкенің дауыс райы сезілді.
- Ұлытауым, шақыртпай-ақ келуім керек еді, айып етпе. Қойнауыңдағы тарихты мың термелеп, жалпақ жұртқа жария етуге рұқсат ет те, батаңды бер.
Тау үні Жомартқа ғана емес, бүкіл қазақ баласына батасын берді:
-Қазақ ұлы түсінде тау көрсін, өңінде асқақ, айбарлы іс қылсын!
Тау мен тарлан үнсіз тілдесіп, бір жаратылыс болуға іштей серттесіп, шөкім бұлты жоқ бейбіт аспанға қадалып тұрды.
Ұлар қыз
