Гүлбақыт Тоқтанқызы Қасен – Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинағы жарық көрген. Өлеңдері қырғыз, әзербайжан, түрік, якут, орыс, қытай тіллеріне аударылған.

Жалғыз үйдің жарығы
(кітапханашы апай туралы баллада)
«Он жеті жасымнан кітапханашы болдым. Ауылдан бәрі
кетті, мен көше алмадым, кітаптарымды қимадым».
Жолаушы апаның әңгімесінен
Вагон іші...
Абыр-сабыр. Кешқұрым.
Жалғыздықтың жұмбақ әнін естідім.
Тұмшалаған терезеге телміріп,
Бір жан үнсіз ойға батып, кешті мұң.
– Апай... Апа-ай!
Қасыңызға отырайын бола ма?
Үндемеді.
Іздегендей жастық шағын жоғалған...
Не күтеміз? Тосын сый ма Тәңірден?
Бір белгісіз ашылардай жол алдан.
Бас изеді... Апай неге күрсінді?
Өзіме аян жан азабын түсіндім.
Құндақтаулы кітабына қол созып,
«Құсқанаты» кітабымды ұсындым.
– Е-ее, қарағым,
Кітаппенен өткізуші ем күнімді әр,
Бұл кітапта жастығымның құны бар...
Қайталады өлеңімнің бір жолын:
«Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?»
– Тыңда, күнім, бөлек менің өмірім,
Ән – Әміре, Мағжан – жыр боп төгілдім.
Астанадан қайтып барам ауылға...
Кешіре ғой... босайды өстіп көңілім.
... жылады апай моншақ жасын жасырып,
Шыққандаймыз алыс жолға асығып...
– Ауыл жайлы айтыңызшы естелік,
– «Ауыл жайлы бір әңгіме қозғайық»...
Мұқағали бәрін айтып кеткендей,
Айта алам ба асырып?
Айналайын, жылап қалдым мен жаңа...
Расымен де «елу жылда ел жаңа».
Әлі есімде он жетіге толғанда,
Толқып кіргем жаңа кітапханаға.
... мұңлы жүзін терезеге бұрады.
– Өмір деген ізгіліктен тұрады,
Ауыл деген тұнып тұрған махаббат,
Іздейміз біз мейірімнің тұрағын.
– Не өтпеді мына бастан, ой, күнім?
Кітаптардан тағдырымды оқыдым,
«Бірдей ұстап ақыл, қайрат, жүректі»,
Бірде жылап, бірде күліп толқыдым...
Құсы ғажап қанатына күй ілген,
Жалықпадым ауылымды сүюден.
Көшпеуші еді ешкім біздің ауылдан
Тоқырау сәл қыспағанда бүйірден.
Шалғайдағы ауыл тозды, құрыды,
Күн соңынан күн ілесті бұлыңғыр.
Мектеп, мешіт, сосын... аман қалғаны
Кітапхана – ескі клуб бұрынғы...
Үміті аздың бәрі көшті ауылдан,
Бәрі кетті... не күтемін бауырдан?
Кітапхана-жұмағымды қимадым,
Кімге кімнің жаны күйіп, ауырған?
– Сонда жалғыз қалдыңыз ба, апатай?
– Иә, қалқам, алыстады дос көңіл...
Ағын судай тоқтамады көш легі.
Кітапхана-жылы ұямды қимадым,
Ел таңырқап: «Жындымысың, көш!» деді.
Ең аяулы ауылымнан көшпедім,
Кітаптармен қалғанымды қош көрдім.
Маған ыстық жалғыз үйдің жарығы...
Сол жарықты өшірмедім.
Өшпеді!
Жалғыз үйдің, жалғыз үйдің жарығы,
Жалғыздықта жылытатын жанымды.
Неге екенін сол ауылға асығам,
Біреу тартып алардайын тағымды.
– Рухы мықты жан екенсіз, апатай!
– Айналайын, кітапхана – өз үйім,
Кітапсүйгіш ұнайды осы өз күйім.
Дүниені ұстайтындай ұлы күш –
Сөз - киелі, сөз - құдірет, сөз - түйін.
Мазалайды бермей кейде ой тыным,
Өлмес рухтың шоғын үрлеп отырмын.
Бір кітапқа сыйып кеткен өмірім,
Өшіреді тағдырымның отын кім?
Кітаптарды қорғасам деп жауыннан,
Кітаптарды қорғасам деп дауылдан,
Қараша үйді нұрландырам от жағып,
Байланғам-ау тамырыммен ауылға,
Кітап кейде артық достан, бауырдан.
Сырласамын кітап толы айна алды,
Жылжытамын жылдар менен айларды.
Кітап іздеп келеді жұрт көшсе де,
Жалғыз үйдің жарығынан айналдым.
– Өзіңіздей жан табылмас іздесем...
– Әлі талай жүректермен жүздесем...
Кейде адамды өзгертеді бір сынақ,
Әз ғұмырды жарық еткен бір шырақ,
Ғазиз жүрек қалай ғана жүр шыдап?
Алыс ауыл көз алдыма келгендей...
Болашаққа жағылғандай мың шырақ.
Маза бермес көп ішінде бір тал мұң,
Құшағында құндақтаулы кітабы.
Сыр бүгеді сөнбеген от жанары:
«...сұрар екен тағдыр жайлы кім тағы?».
...Парақталды «Бақытты өмір» кітабы.
Бекзат болмыс
Бексұлтан Нұржекеұлына
Ой теңізі. Мұхиттарда – кемеміз,
Қалт-құлт етіп батпай аман келеміз.
«Мың жылдарға еш бергісіз күндерден,
Жүз ғасырға еш бергісіз жылдардан» –
Таста – таңба, хатта – тарих, терең із,
Еліменен ер – егіз.
Арқалаған халық жүгін ұлы нар,
Парыз жайлы ердің ері ұғынар.
«Өзендері өрнектелген өлкенің»,
Бұлақтары бал татыған мекеннің –
Бекзат болмыс Бексұлтандай ұлы бар,
Тарих көштен сыр ұғар.
Тау қопарар қажыры мен талабы,
Ардың сөзін жаза білген қаламы.
«Біздің тарих – өтірігі көп тарих»,
Жақсыларды бөрі-заман талады...
Арпалыспен өтер ғұмыр саналы,
Шындық – түбі қалады.
Бәрі де хақ. Ақиқат сөз кетпеген,
Биік мақсат. Жігерсіздер жетпеген.
Дүниенің дидарында – ұлылық,
Жанарында – «бір өкініш, бір үміт»,
Жер-Ананың жасы құрғап кеппеген...
Мәңгілікке беттеген.
Зерделі сөз. Ой-қоржынға теңгерген,
Талай жанның жан жарасы емделген.
Шын «Күтумен өткен ғұмыр» – ол ғұмыр,
Рас, «Бір ғана махаббат» – ол әдемі,
Қаламгердің жүрегінде тербелген –
Ғашықтарға дем берген.
Бекзат болмыс ел-жұрт десе елеңдер,
Тағылымы тамыр алып тереңдер.
Жеті өзен боп шалқып дала төсінде,
Құлагердей озық керуен көшінде –
Ескеруде ел: өз баласын – Кемеңгер,
Қазағымның Бексұлтаны – ерен Ер.
Алматыға қар жауды ма, Әлия?
Әлия Іңкәрбекке
– Алатаудың жыры – бесік, әні – ұя,
Ақжалданған кеудесі оның дәрия.
Аппақ нұрдан тәж кигізіп шыңына
Алматыға қар жауды ма, Әлия?
Ақбас таулар секілді бір қария,
Сыр-құпия болар бәлкім, жәрия.
Дүр дүние көңіл-кірін жасырып,
Алматыға қар жауды ма, Әлия?
– Алматыда қар жауып тұр керемет,
Алматыға жүрсіз, әпке, елеңдеп.
Ақын жүрек алаңдайды беймезгіл,
Бір сағыныш кеткендей ме тереңдеп?
Алматыда қар жауып тұр керемет,
Алматыны жүрсіз, әпке, өлең деп.
Ақын көңіл арнасынан төгілер,
Бір махаббат кеткендей ме тереңдеп?
– Ауа райы құбылады маусымда,
Айналдырып ақша бұлтты қар, суға.
Алатаудан самал есіп тұрғандай
Бір жылылық сезем нәзік даусыңнан.
Тұмар өлең, мөлдір өлең бұл қала,
Жұпар шашар маңайына нұрлана.
Алма бақта алма ұсынған бір ару,
Саябақта гүл ұсынған бір бала.
Сол арудың қарақаттай көздері,
Сол баланың таңғы шықтай сөздері.
Тегеурінді толқынында тарихтың
Арман қала талай толқып, өзгерді.
Әлияжан, ақылдысың, қарағым,
Ашылады жаңа тарих парағы.
Айналайын, сен бірақ та өзгерме,
Жақсы жандар тым азайып барады.
Өр Алматы ерлік істің төрі еді,
Қатал заман ызғарлы уын төгеді.
Бауыржанның көзсіз батырлығынан
Алматының батылдығын көремін.
Сезілгенде Алматының күз демі,
Дәуір көшті. Кімдерді Кім іздеді?
Бастағандай ізгілік пен үмітке,
Жарқыраған Қонаевтың іздері.
Кеңге жайып сермегендей құлашты,
Ару қала бар әлемге сыр ашты.
Сұлу саз бен қанатына қонақтар
Тамылжыған бұлбұл үні Күләштің.
Аласармас ұлылардың биігі,
Басылмайды-ау ішімдегі күйігім.
Қаныш, Мұхтар біліміне бас ұрып,
Асқақ Алатауым дағы иілді.
Алматының таусылмаған төзімі,
Таусылмаған сағынышы, сезімі.
Мүмкін мақпал түнге сіңіп кетті ме?
Заманбектер қалғып барып көз ілді.
Кім біледі алтын көмбе көше ме?
Естеліктер сақтамаса өше ме?
Әлияжан, күнде өтіп жүрсің бе?
Мұқағали жыр оқыған көшеден.
Уақыт тезі алыптарға жетті ме?
Бұл фәниеден аңыз адам өтті ме?
Алматыға қар жауды ма, Әлия?
Алаш жұрты көздің жасын төкті ме?
Алматының рухы биік, арлы аспан,
Қайратына қайрат қосып жалғасқан.
Қазақтығым – құндақтаулы жүрегім,
Азаттықтығым – қолымдағы алдаспан.
Білесің бе, түсі қандай бақыттың?
Білесің бе, құны қандай уақыттың?
Білесің ғой, жазылғандай барлығы,
Жүрегінде Алматыдай жақұттың.
Алатаудың жыры – бесік, әні – ұя,
Бір сағыныш. Бір махаббат бар, иә.
Мен өзіңді, өлеңіңді аңсадым,
Алматыға қар жауды ма, Әлия?
Ғарыш жақта өмір бар ма…
Ғарыш жақта өмір бар ма, кім білген?
Биігінде Ай жымиып, Күн күлген.
Бұл фәниден жалыға ма адамдар,
Жалыға ма жалған сөзден, күңкілден?
Азды көп қып, көңіл жоқты бар қылып,
Өтсем деген аз ғұмырын таң қылып,
Аспан даусы – естілмейтін әсем ән,
Таудың даусы – алыстаған жаңғырық.
Ақын жанын ұға алдық па?
Әй, қайдам..
Арылмаппыз даңғазадан, айғайдан.
Дана жүрек, биіктейді сөз қайдан?
Дала жүрек, биіктейді тау қайдан?
Алдымызда алтын қақпа, күміс бақ,
Ақын ойын ұға алдық па дұрыстап?
«...Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін,
Жүрегіме құйып жүрмін уыстап».
Бақыт жайлы бір әңгіме басталған...
Үн естілер ғарыш жақтан, аспаннан:
«Менің жаным мейірімге құмар тым...» -
Бұл – үзік сыр Жұматай-жыр, дастаннан.
***
Бәрін де саған айтар ем,
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.
Төлеген Айбергенов
Төгілді ойдың маржаны,
көңілдің емі табылар.
Кестемді гүлді қабыл ал,
сағыныш жыры тағы бар…
Өмірдің өзі кестелі,
өрнегін салған бізбенен.
Әдемі сол бір кештегі,
әуенді ешкім үзбеген…
Кестемнің жібі алтыннан,
бір талы жібек жырымның.
Жүректі қайтем алқынған,
толғағын жұмбақ сырымның.
Мың түрлі бояу – серігім,
үмітім түбі ақталар...
Бір ауыз сөзге ерідім –
құпиям қалай сақталар?
«Бәрін де саған айтар ем...» –
жанарда моншақ шық тұрар.
Өзің де сөзсіз байқар ең,
кестелі жырым ұқтырар…
Бәрін де саған айтар ем...
***
Бес күн жалған...
Мынау бес күн жалғанда,
Сен де, жаным,
Мен де, жаным, арманда...
Ұршықтайын шыр айналған ғұмыр мен
Арман жалғап келеміз-ау арманға.
Сен қуандың,
Мен де өтірік жымидым,
Жалғандығын біле тұра бұл күйдің...
Жақсыларым шындығымды түсінген,
Баласындай бауыр басқан бір үйдің.
Жан жылуым,
Жаз қабағын бағамын,
Жанарыма жуытпай еш нала, мұң...
Бес күн жалған,
Мен өзіңді сүйемін,
Бес күн жалған...
Қандай кінә тағамын?
Құсы болып ұшып кетем...
даланың.
***
Құлазыған көңіл күзгі даладай,
Жәутеңдеген көңіл жетім баладай.
Көкжиекке сіңіп кеткім келеді –
алаңдамай, ешнәрсеге қарамай...
Қимас не бар?
Шаттық мәңгі тұрмайды...
Аямайды, уақыт бәрін ұрлайды.
Жаз-ғұмырым жапырақтай жұлынып ,
өкінішім жүрегімді тырнайды...
Жалған дүние,
алдандырдың несіне?
Келер бір сәт, бұйырар бір несібе.
Ғажабымсың!
Өмір тағы жарқ етер –
сен түскенде есіме...
Жалған дүние,
алдандырдың несіне?..
***
Өмірді сүйгем...
Өмірді сүйгем сәттерде талай сынаған,
Жаратқанымнан жалынып үнсіз сұрағам –
бақытты болуды...
Жақын жандардың жанарларынан
оқимын тағдыр жазуын...
Жылатпайықшы,
жылатпайықшы,
жыламасыншы бір адам...
Арылмай жүрсем пендемін...
мен де күнәдан,
Теп-тегіс жерден сүрінгем, оңбай құлағам,
сынбаған сағым...
Маңдайынан сүй, мейірімменен гүл де өсер,
Мұңайтпайықшы,
мұңайтпайықшы,
мұңаймасыншы бір адам...
Мөлдір бұлақ та тұнып ағады тұмадан,
Махаббат барда тап-таза, жарық бұл ғалам.
Күз бенен көктем,
өмір мен өлім
алмасар жалған дүние-ай...
басқалай тілек сұраман:
Қуантайықшы,
қуантайықшы,
қуанып жүрсінші бір адам...
