Астанадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Чехтың әйгілі жазушысы Ярослав Гашектің «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» атты романының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.
Шараға Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әпсеметов, Чех Республикасының Қазақстандағы қорғаныс мәселесі жөніндегі өкілі, полковник Томаш Ржиман және кітаптың қайта басылуына демеушілік жасаған «Рух» қоғамдық қорының төрағасы Абай Найманов қатысты.

Айта керейік, бұл шығарма қазақ оқырмандарына ертеден етене таныс. Себебі, бұл романның қазақ тіліндегі нұсқасы сонау 1975 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген еді. Кітапты аударған жазушы әрі аудармашы Мұхамед Нұртазин. Гашектің осы шығармасы арқылы қазақ оқырмандары күлкі мен сатираның еуропалық мектебімен танысып қана қоймай, өз болмысына да көз жүгіртті деуге болады. Өйткені Швейктің аңғал мінезінде қазақтың да қарапайым, адал, әділ болмысымен үндес сарын бар.
XX ғасырдың алғашқы онжылдықтары күллі Еуропа үшін дүрбелең мен төңкерістер кезеңі болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс адамдардың тағдырын ғана емес, күлкі мен көз жастың арасындағы шекараны да бұлдырлатты. Сол заманда шындықты сатирамен жеткізген чехтың әйгілі жазушысы Ярослав Гашек күлкі арқылы соғыстың абсурдты табиғатын ашып көрсетті. Оның атақты «Сайыпқыран солдат Швейктің басынан кешкендері» романы ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған антивоендық туынды.
Бірақ көпшілік біле бермейтін бір жайт бар: Гашектің өмір жолы қазақ даласымен де тоғысады. 1918 жылдың мамырында болған Чехословакия корпусының көтерілісі Қазақстандағы азамат соғысының басталуына түрткі болған. Сол кезде чех легионерлері Транссібір магистралін бойлап, Ақмола, Атбасар, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен, Қостанай өңірлеріне дейін жетеді. Тарихи деректерге сүйенсек, дәл осы жылдары Гашек қазақ жерінде болған.
Ол қазақтың демократиялық интеллигенция өкілдерімен жақын араласып, түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де жетік болғаны айтылады.

Бұл байланыс кездейсоқ емес. Қазақ даласында жүргенде Гашек халықтың мінезін, тұрмысын, сөз орамдарын зерттеген. Оның шығармаларындағы кейбір ирониялық бейнелер мен диалогтарда шығыс даналығына тән астар байқалады.
Романда Ярослав Гашек әзіл-оспақты жай ермек емес, қоғамдық сын мен философиялық пайымның құралы ретінде қолданды. «Швейк» кейіпкері соғыс пен биліктің мағынасыздығын әжуалап көрсететін әмбебап бейне. Жазушы шығармасын аяқтай алмай, небәрі 39 жасында дүние салған. Бірақ оның кейіпкерлері ғасырлар бойы өмір сүріп келеді.
