Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Индира Кереева: Тыныштықты жалғыздықтан таптым...

31.08.2018 6739

Индира Кереева: Тыныштықты жалғыздықтан таптым

Индира Кереева: Тыныштықты жалғыздықтан таптым - adebiportal.kz

– Индира, жуырда «Әдебиет порталында» Ақтөбе облысының әдеби күндерінің апталығы өтті. Сондықтан әуелгі сөзді ақынды дүниеге әкелген ауылдан бастасақ?

Өтежанша айтсам «Тарбағатайда тұрғам жоқ, таулары тума орманмен. Жетісуда да туғам жоқ, Жәннаты жердің болғанмен». Мен туған ауыл шағын ғана, Ақтөбеден алыыыс жатқан Алтықарасу деген жер. Ауылды айнала алты қара су қоршап жататын. Атауы да содан шықса керек. Негізі біздің үй ол ауылға кірме болатын. Яғни, туыс-тумамыз жоқ, ауылдағы жалғыз үй едік. Оған себеп, әкемнің партия бұйрығымен әр жерге қызмет ауыстыруы болатын. Бала кезімде тентектеу болдым. Ұлдармен жиі төбелесетін едім. Әшейінде жік-жік болып жүрген ауыл балалары төбелеске келгенде бәрі бір жақ боп бірігіп кететін. Сөйтсем, бірі ұлдың баласы, енді бірі қыздың баласы, тағы бірі біреуіне жиен, екіншісі нағашы, құда бала, құдаша, несін айтасың, шетінен ағайын екен де, менің туысым жоқ, жалғыз қалып қоятын едім. Бірақ, әке-шешем ауылға сыйлы болды, содан ба екен, достарым да көп еді. Әсіресе, балалық шақта адал достарым болған Амандық Жапаров, Ренат (фамилиясын ұмыттым), Шара Амантурлина, Айнұр, Арман Елдесов сынды қыз-жігіттерді ешуақытта ұмытпаймын. Амандықпен әлі күнге сөйлесіп тұрамыз. Негізгі тамырым Ойылдан тарайды. Ойылдың Жекендісінде әлі күнге атамның қара шаңырағы бар, сол жақта көкем, әкемнің інісі тұрады. Ата-бабамның сүйегі де сол жақта жатыр.

- Ақындар өлеңге келуіне тағдыры, заманы себепші болғанын айтып жатады. Сіздің өлеңге келуіңізге не себеп болды?

- Қызық сұрақ екен. Өлеңге келу деген – үйге келу, дүкенге келу деген сияқты нәрсе ме екен?! Ия сен осындай ақын қалпыңмен туасың, ия тумайсың. Болды, бітті. Рас, өлең жазып кетуге бір нәрсе себеп болуы мүмкін. Бірақ, сен ол кезде арақ ішіп кетпей, өлең жазып кеттің ғой?! Демек, сен туғанда ақын боп жаратылғансың. Мен осылай ойлаймын. Бұрыннан өлең, күнделік жазатынмын. Қазір басы-аяғы 40-қа жуық күнделігім бар. Ал алғаш рет өлеңімді байқап, басылым бетіне шығарып, халыққа таныстырған Бауыржан Бабажанұлы ағамыз. Агенттің блогына бір-екі шумақ жазатынмын, ол кісі соны оқып, топтама өлеңдерімді газетке сұратты-ау деймін... Ертай ағам мөлдіретіп тұрып алғысөз жазып берді. Мейірхан Ақдәулетов ақ жол тіледі. Содан халыққа танылып кеттік. Әуелі интернет, сосын осы үш ағамның арқасы. Жалпы, бұл ағаларым бәзбіреулер секілді күнде басымнан сипап, қасымнан табылмайды. Үндемей-ақ қамқорлығын жасап жүреді.

- Сіздің өлеңдегі «ашықтығыңыз» үлкендер тарапынан бірнеше рет сынға ұшырағанын оқыдық. Сонда әдебиеттегі жанрлар қазақи болмысқа келмейді деп, мүлде қалам тартпау керек пе? Осы жайында не айтасыз?

- Сынаса қайтем енді, сынай берсін. Құдай қаламдарына қуат берсін. Өздері жаза алмаған нәрсені мен жазсам, оған бола талақтары тарс айрылса, енді мен қайтейін?! Енді мен көрінген көк иттен «мынаны жазайын деп едім, бола ма?» деп рұқсат жүрмейтін шығармын. Сынай берсін, мені тіпті сыртымнан ұрып, сабаса да болады.

- «Маған тыныштық жетіспейді», - депсіз бір сұхбатыңызда. Жан тыныштығын біреулер діннен табады, біреулер саяхаттан табады дегендей... Сіз жан тыныштығын қайдан немесе неден табасыз?

- Тыныштықты жалғыздықтан таптым. Тыныштық жалғыздықпен үндес. Миымды ашыта бергесін байдан да кеттім. Қазір жалғызбын. Жалғыздығым өзіме қатты ұнайды. Мен енді жалғыздықтан айрылғым келмейді. Психологияда «интроверт» деген ұғым бар. Мен тура сол интровертпін. Адамдардан шаршаймын мен. Айналамда адам қаптап кетсе, менің тынысым тарыла бастайды. «Адамдайын кеткендей түнге де есі, үнсізбін мен. Сен де енді үндемеші» деппін бірде. Сұрақтан ауытқым кеттім бе? Жан тыныштығын осылай жалғыздықтан таптым. Қазір алқам-салқам балконымда жатып алып, әлемімде ән салып жүремін. Осы сұхбатты оқып, біреулер «жалғыздық құдайға жарасқан, пәлен-түген» дейтіні анық. Олай айтатындарға «артық ақылдарыңды депозитке салып, көбейтіп алыңдар» дегім келеді.

- Жалпы, әдебиеттегі өз буыныңыз жайлы не айтасыз? Олар поэзияға қандай ерекшелігімен келді дегендей?...

- «Біздің буын, пәленшенің буыны» деген не сөз осы? Бәрі де қазақтың ақындары, Тәңір берген ғұмырында ақын болуға тырысып жүргендер, шын ақын ба, жоқ па, тарих екшеп орнына қояды ғой ертең... Айтпақшы, сосын бізде бәрі жұлдыз ғой шетінен. Бір-біріне «жаным, күнім» деп ырбиып суретке түседі, онысын интернетке жүктейді де «сұмдық ақын» деп пікір жазады. Бірақ, ішінен иттің етінен жек көріп тұрады. Одан да бетіне айтып, «әй, қарағым, мен сенің мына өлеңіңді көре алмай тұрмын, менен артық екеніңді мойындай алмай тұрмын» десе шынайы болар еді. Олай айта алмайды, өйткені беттеріне баттитып «көркем мінез» деген маска киіп алған...

- Ақтөбеде «Шұғыла» атты әдеби клуб құрып, соның айналасында жиі бас қосып, поэзия эстафетасын жас ақындар арасында үлестіріп жүргендеріңізді байқадық. Бұл әдеби үдерістің ақындардың шығармашылығына қандай бір ықпалы, әсері бола ма?

- «Шұғыланың» айналасында біраз дүниелер жасалды, клуб ақындарының жинағы да шықты, кештері де өтіп жатыр, аудандарға концерттер де қойып жүрміз. Ақтөбеде шығармашылықтың қазаны оттан түсіп көрген емес. Демек, ақындардың да шабыттары орныда.

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбелік ақындар әр ауданға барып, өздерінің кешін өткізіп жатқанын әлеуметтік желіден аңғардық. Өте жақсы бастама деп ойлаймын!Бұндай жобаға себепші болып, жүзеге асырып отырғандар кімдер? Осыған дейін кімдердің кеші өтті, алдағы уақытта кімдердің кешін өткізуді жоспарлап отырсыздар?

- «Жазушылар одағының» Ақтөбедегі филиалы бастама көтерді. Ақтөбедегі 14 ауданға жергілікті 14 ақынның кеші өтетін болып бекітілген екен. Алдағы уақытта бұл жоспардан тыс, жастардың поэзия кешін өткізсек деген ойымыз бар. Студенттер жиналатын күзге қарай өтіп қалуы мүмкін. Әлеуметтік желі аман болса, хабардар боласыз деп ойлаймын.

- Жалпы, Ақтөбеге Бердібек Сапарбаев барғанда руханияттың, әдебиеттің мәселелері шешілетін болды деп қуанғандар көп болды. Осы жылдар ішінде басшылықтың руханият саласында атқарған үш жұмысын атап айтып бере аласыз ба?

- Шынымды айтсам, солай қуанғанның бірі мен едім. Ақындарға деген шенеуніктердің көзқарасы өзгерді, әйтеуір. Бұрын шенеуніктерге «ақынмын» десең, «қай айтысқа қатыстың?» деп сұрайтын. «Жоқ, мен поэзиядамын, анау-мынау...» деп түсіндіре бастасаң, «аа, мен өлең оқымаймын» деп менсінбей қалатын. Байғұс-ау, сондайда кітап оқымайтынын мақтаныш қылып тұрғанын өзі де пайымдай алмайтын болса керек... Бұрын тек айтыс ақындарын ғана дәріптесе, қазір біз сияқты жазба ақындарына да көңіл бөліне бастады. Бірақ, өз басым ақындарды осылай бөлгенге қарсымын. Айтпақшы, Сапарбаев демекші, былтыр «Жұбановтар әлемі» деген әдемі ғимарат салынды. «Ақтөбенің барлық өнерпаздары, шығармашыл жастары осы жерде бас қосу керек». Әкімнің сөзі бұл. Сөйтті де, әлгі ғимараттан «Ақтөбе ақындары үшін» деп бір кабинет бөліп берген. Араға ай салып әлгі жерден қалай қуылып кеткенімізді білмей де қалдық... «Әкімдерің әдебиетке жақын ба?», - деген сұрақ қойылса, осы оқиға есіме түсе береді.

- Шыны керек, қазір әдебиеттегі аға буын мен жастар арасындағы әдеби байланыс үзіліп қалған секілді көрінеді. Өйткені, бұрынғыдай жастардың шығармашылығы талданып, талқыланып жатқанын сирек. Бұған не себеп болуы мүмкін?

- Жастардың сынды көтере алмауы, үлкендердің дұрыс сынай білмеуі.

- Индира, бүгінде Ақтөбедегі тәуелсіз екі басылымның бірі – «Керек.info» газетінің бас редакторы болғаныңызға жылдан асты. Қазіргі технократтық қоғамда газетті ұстап тұрудың да өз қиыншылығы бар шығар?

- Ия, өз қиындығы бар. Бірақ ішінде жүрген адам болғасын, ол қиындықтарды күнделікті қалыпты нәрсе деп қабылдауға үйрендім. «Керек.info» Ақтөбедегі жалғыз тәуелсіз басылым. Бізде қазақша шығатын екі-ақ басылым бар, бірі біз, екіншісі облыстық «Ақтөбе» газеті. Жеке басымды тұқыртқысы келгендер газетке тиісіп, біраз тыраштанды. Бірақ, марқұм Әлімбай Ізбай айтқандай «өмір бітсе де, нөмір бітпейді». Біз өз бағытымызбен кете бердік және кете береміз де. Мықты болса, Қазақстанда отырып Ресейдің саясатын жазатын орысша газеттерге тұсау салып алсын. Оларға ашық бірдеңе демек түгіл, алдарына түсіп алып жалбаңдап кетеді.

-Жалпы, өзіңіз басшылыққа келгеннен бері журналистика саласында ең алдымен шешімін таппаған қандай мәселелер болды?

-Алдымен, өзімнің ұжымымдағы журналистердің еркіндігіне қол жеткіздім. Яғни, 5-10 минут кешіксе, кешіге берсін. Сұранса – жіберемін. Бастысы, жұмысы жүрсе, айтылған уақытында мақаласын тапсырса болды. Әріптестерім де басынып, еркінсіп кетпеді, түсінді. Қазір бірауыздан бірігіп еңбек етіп жатырмыз. Сосын неше жылдан бері тастай қатып қалған газет дизайнын өзгертуге тырысып жатырмын.

- Ел тәуелсізді алғаннан бері ауыз толтырып айтатындай зиялы қауым шоғыры жоқ деген пікіріңізді тыңдап қалдым. Сіз үшін зиялы қауым деген кімдер сонда?

-Зиялы қауым десе, жаппай баяғы Алаш арыстарын тізе жөнелеміз. Ал тәуелсіз елдің көзі тірі зиялы адамын айтуға келгенде кібіртіктеп қаламыз. Демек, жоқ деген сөз ғой ол... Соңғы уақытта Дина Елгезекті жаңа заманның зиялысы деп атағым келіп жүр.

- Ақын ретінде оқырманға адалдық дегенді қалай түсінесіз?

- Өмірде қандай болсаң, өлеңіңде де сондай бол. Болды. Өмірде сұмпайы, оңбаған болып, өлеңіңде періште болсаң – оқырманды ғана емес, тұтас бір заманды да алдағаның.

- Сіздің кітабыңызшыққанына да біраз уақыт болып қалды. Оқырмандарыңызға жаңа жинағыңызды қашан ұсынасыз?

- Әлі байға тимеген қыздан «қашан бала туасың?» деп сұрағандай болдыңыз. Жазылатын өлеңдер жазылып жатыр, біразы «тумастан, мида шетінеп» кетіп жатыр... Кітап та бұйырған күні, айы-күні жеткен уақытта өмірге келер...

Сұхбаттасқан Айжамал КӨПЕЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар