Біздің «Әдебиет порталы» жуырда «Мен өлең оқимын» деген жоба бастады, оған өңірлерден жас ақындар келіп, Ұлттық кітапханада оқырманымен кездесіп, өлең оқып жатады. Одан бөлек «Дауа» жобасы бар, өлең студияда оқылады, каналымыздан көруге болады. Өлең оқудың басқа да жолдары бар, мысалы, біз қазір осы жерде өлең оқимыз. Ақын Айжан Табаракқызының өлеңдерін.
Жұбаныш іздеп қайтады құстар,
жанына батып қай қайғы?
Ештеңе ұқпас жеңілтек жел кеп,
жапырақпенен ойнайды.
Сары бауыр дала бүк түсіп жатыр,
жазын қия алмай басқаға.
Уақыт дегенің мөлт ете түскен,
сұмдайрықтағы жас қана.
Жанымды қарып қып-қызыл сөзбен,
балконда ұзақ ой шектім.
Бізге де мүмкін қайту керек пе,
жаныңды ұқпай қойса ешкім.
Бәріне өзі кінәлі жандай,
аулада отыр Күз үнсіз.
…Ылғи да маған тесіле қарап
тұрады бір көз
- Сіз кімсіз?!
Құстар-ау, құстар…
Мен де сендердей,
қайтуым үшін келіп пе ем?
Тым ұза-а-қ болып көрінеді осы,
бұл өмір маған неліктен?
Көңілге уақыт жамау болмасын,
кеш сездік, неге кеш білдік?
Тіршілік дегенің қайту екен ғой,
қайтудың мәні ∞!
Айжанның өлеңдерін оқып отырғанда біреудің ішкі сезімін, сағынышын жазған күнделігін оқып отырғандай болатының бар. Осы күнделікте күз бар, құстар бар, уақыт бар, өзіңе оралу бар, ондағы метафора өмірді әшекейлеу үшін емес, оның ішкі мәнін ашу үшін керек. «Тіршілік дегенің қайту екен ғой» дегені бір қарасаң философия. Қараңызшы, «қайтудың мәні ∞» деген жердегі мына белгі ше, ол жауаптың жоқ екенін мойындау. Бұл бүгінгі адамның күйі: бәрін түсінгісі келеді, бірақ соңында бір белгісіздікке не шексіздікке тіреледі. Бір жағы автор неге өзін ауырлатады, неге ішкі шаршауы көп деп ойлап отырасың да сосын түсінгендей боласың: мына қоғам бізден мықты болуды талап етеді, осыдан әлсіз болсаң бітті, жүндей түтіп жібереді. Содан да біз эмоцияны ашық көрсетуден қашамыз, ештеңемізді ашып айтып жатпаймыз, әлсіз, жылаңқы көрінгіміз келмейді, бірақ өлеңде бұны жасыру мүмкін емес, поэзия дәл сол жасырылған, айтылмай қалған, іштей тұншыққан күйдің тілі болуымен де поэзия. Айжанда «Енді қайда жылаймын?!» деген бір жол бар еді, түсіне алсақ, бұл адамның өз эмоциясына орын таба алмауы ғой. Бұрын жылауға болатын жер болған: анамыздың құшағы ма, сырлас дос па, әкенің үйінің бір бұрышы ма… Қазір ол жоқ, осы мұңды сыйдыратын кеңістік жоғалған.

Біз поэзияны не үшін оқимыз, тоңған жанымызға қамсау боларлық жылу іздеп пе, әлде ішіміздегі сағынған, қамыққан әлдекімді жұбату үшін бе… «Сағындым деші» дейтін Айжандағы сағыныш әлсіздік емес, адамның ішкі мазмұны. Ақын оны әдемілеп, әспеттеп, өзгертіп көрсетпейді, сол қалпында береді. Ол өлеңін оқырманға ыңғайлап жазбайды, керісінше оқырманды өзінің ішіне кіргізіп жібереді. Ол қалай дейсіз ғой. Айжанның өлеңдеріндегі мұң кейде ауыр болып, біреулер айтқандай сарыуайымға салатын емес, жан түкпірінде жүретін қозғалыс. Қозғалыс болса қозғалуы керек қой дерсіз, дұрыс, бірақ, бұл алға жүретін емес, ішке қарай жүретін қозғалыс. Сол үшін де оның өлеңдерін оқығанда жеңілдеп қалмайсың, керісінше өзіңнің ішіңе кіре түсесің. Ішіңнен басқа біреуді емес, өзіңді ұстап аласың да, бір кезде айтылмай қалған сөздеріңді, аяқталмай қалған сезімдеріңді, тіпті өзің де мән бермей өткізіп жіберген ішкі сәттеріңді қайтадан көресің. Сонысымен шынайы. «Іркіп қалған сөз үшін «сағындым ғой» дей жаздап…» Рас қой, кейде айтылған сөз емес, айтылмай қалған сөздің әсері ұзаққа жетеді.
Мынау жолдар тоқтайды қайда барып,
Жиі кездеспесіміз айдан анық,
Салқын түспей келіңіз, Астанаға,
Шай ішейік…
қыдырайық…
ойланайық.
Сүрлеу кештім қаншама, сезім кештім,
Қалды артта қаншама көз ілмес түн.
…Қаншама жан маңымда жүргенімен,
Дәл сіздей білмейді өткен кезімді ешкім.
Өміріме келді кімдер… кетті кімдер,
Көзге мақтап, соңымнан сөкті кімдер…
…Иә, ол кез нашарлау ақын едім,
Иә, ол кез жұпынылау өтті күндер.
Бірақ, ол кез мұңсыз ем…
Бақытты едім,
Жастық шақ жасырды өзі артық-кемін.
…Қазір бәрі басқаша…
Сәл ұнатпай
Қарайды ішке тартып уақыт демін.
Белгісіз қанша ғұмыр сүреріміз,
Оны Құдай біледі.
Біледі Күз.
…Маған дос Мөлдір сіздің ниетіңіз.
Маған дос сіздің қамқор жүрегіңіз!
Хал сұрап күнім көп қой іздемеген,
Сеземін ғой. Уақыт жоқ бізді елеген.
Бәрі өзгеріп кетсе де бұрынғыдай
Көңілім Күзге… сосын Сізге деген.
Білмеймін, өмір тоқтайды қайда барып,
Енді кездеспесіміз айдан анық,
Салқын түспей келіңіз, Астанаға,
Шай ішейік…
Мұңаяйық,
ойланайық.
Кейде бізде «Сіз» деп өлең жазатын қыздарды кінәлау болады. Оның поэзия екенін естен шығарып аламыз ба… негізі кез келген адамның өмірінде бір кезең болады: сені біреу емес, сенің бұрынғы өзің ғана толық түсінетін кез. Қалғандарының бәрі тек қазіргі нұсқаңды көреді. Ал өткенің сенің ішіңде жабық архив болып қалады. Демек, мына жерде «Сіз» деген образ нақты адам емес, жоғалған куәгер, сенің өзің, әлде болмаса сенің шын болғаныңды көрген, бірақ қазір жоқ сәттер болуы да мүмкін.
***
Өзіме мұң деген сөз онша ұнамайды, оның түбінде тазаруға апаратынын біліп тұрсам да… осы күні кейбір өлеңдерде мұң дегенді әдемі қылып көрсету бар. Айжан поэзиясының ішкі энергиясын беретін де осы мұң, бірақ ол мұңды әдемі қылмайды, сол шынайы күйінде бергендіктен оқырманға әсер етеді. Мұң деген ода атмосфера.
«Өміріме келді кімдер… кетті кімдер,
Көзге мақтап, соңымнан сөкті кімдер…»
Осы жерде сен де бір сәтте тоқтап, өміріңде болған, өткен адамдарды ой елегінен өткізе бастайсың. Есейген санамен қарайсың.
«Маған дос Мөлдір сіздің ниетіңіз.
Маған дос сіздің қамқор жүрегіңіз!»
Байқасаңыз, бұнда адамды емес, оның бойындағы қасиетті ғана жақсы көру бар, бұны өзгеріс емес, мәннің ауысуы дейік, өйткені кейіпкер бұрын адамды тұтас қабылдаған болса, қазір тек оның бір жарығын ғана ұстап қалғысы келеді. Бәлки, оған баяғыдай толық сенуден шаршаған шығар, сенімі азаймаса да, есейген шығар… Қалай болса да, өкпе-реніші жоқ, тек түсінуі бар, бірақ сол түсінудің өзі ауырлау. Адам енді ештеңеге өкпелемейді, жанындағы бір тыныштығына жеткендей де сияқты көрінеді, бірақ ішінде бос бірдеңе жатқанын түсінесің. Мін, мұң осы жерде. Бір нүктені қайта-қайта айналып жүрген адамды көресің. «Кептер көңіл шыр айналып ұшатыны» да содан. Бір нүктеден ұзай алмай…
Жүрдім бе екен парқыңды бұрын білмей,
Сағындым ғой кіршіксіз сәттерімді,
Бұл дүние бір рет сүріндірмей,
Бақытты қылды дейсің, әттең кімді…
Тағдырда тауысқандай дәрменімді,
Бұл күндер мұңға құшақ жаяды ұдай.
Есің кете сүймейсің әлдекімді,
Көктемді де күтпейсің баяғыдай..
Өткен күндер жүрекке нала болып,
Терезеден түнге үнсіз телміремін..
Қанша үмітім ақпанмен барады өліп,
Қанша үмітім алдайды енді мені?!
Көз ілермін сұраумен Хақтан бақыт,
Жүрген сол бір жан үшін жат қалада…
…Жалғыздықтың жанарын жаутаңдатып,
Тағы да көктем келді Астанаға…
***
Прозаны жақсы көріп оқитын оқырман ретінде сұрақ қалдырып кететін шығарманы жақсы көремін. Өлеңде де сұрақ болса, және сол сұрақтар сенің ішіңде жалғаса берсе... адамды өз сұрағымен бетпе-бет қалдырып кете алатын болса, ол жақсы ақын. Мысалы: «Бұл дүние бір рет сүріндірмей,
Бақытты қылды дейсің, әттең кімді…», дейді Айжан. «Адам толық бақытты болу үшін ешқашан сүрінбеуі керек пе, әлде керісінше сүрінген соң барып бірдеңені түсіне ме, сіз неге бақыттың өзін күмәнге айналдыра бересіз осы?» деп сұрар едім ақыннан.
Біз әдетте өсу дегенді алға жылжу деп ойлаймыз ғой, ал кейде өсу бірдеңеден айырылу екен. Міне, қараңыз:
«Иә, ол кез нашарлау ақын едім,
Бірақ, ол кез мұңсыз ем…
Бақытты едім»
Ақын ретінде жақсарған сайын, адам ретінде ауырлаған, яғни, сезіну қабілеті күшейген сайын, жеңіл өмір сүру мүмкіндігі азайған. Бұл өсу мен жоғалудың бір мезетте жүруі.
***
Бәріміз де адамбыз, бірдеңеден үміттенеміз, кейде ол ақталмайды. Ал автор үмітті «жерленді» дейді. Бұл бұдан бұрын тірі болған үміт еді ғой. «Мезгіл жетпегеннен», уақытқа ұтылғаннан «жерленіп» отыр. Жайбарақат отырып айта салған өзінің әңгімесі сияқты болғанымен, «Көктемді де күтпейсің баяғыдай» деген жеңіл сөз емес. Адамды салмағымен жаншып кететін сөз. Себебі көктем үміттің символы, ал оны күтпеу деген ештеңеге сенбеу. Ал енді осының бәрі адам-байғұстың, сіздің, біздің кей сәттегі күйіміз.
Жаздың түні мұнша ұзақ,
мұнша суық болар ма?!
Сандалады көбелек
гүл таба алмай қонарға…
Ештеңе етпес мұңайсаң
оңашада кейде аздап,
Іркіп қалған сөз үшін
«сағындым ғой» дей жаздап…
Ой жамылдың қабағын
бағамын деп бұл түннің,
Сен қанша рет сол жанды
ұмытуға ұмтылдың…
Енді саған өткен күн
білсең дағы бөтенін,
Айта алмадың ешкімге,
бәрін үнсіз көтердің…
Сені қалай жұбатам,
Жасымашы, жан-құрбым…
Біз о бастан жаралдық,
Ойыны үшін Тағдырдың…
Жаздың түні мұнша ұзақ,
мұнша суық болар ма,
Сандалады көбелек
от таба алмай аларға…
«Сандалады көбелек.. гүл таба алмай, от таба алмай»… Күмәнсіз, басында адам да өмірдің өзін іздейді. Кейін сезімнің шегін іздейді. Тіпті күйіп кетсе де.

Ана туралы өлең оқи алмайтындар болады десе сенесіз бе? Болады. Мен сондаймын. Бір ауырлық бере ме, ішімдегі қайшылықтардан ба, ана туралы өлеңнің бәрін оқи алмаймын. Бірақ бірде Айжанның «Мама» деген өлеңін оқыған кезде ішім қозғалып кетті, әсіресе, соңғы жолдағы «құлыным деші» дегені. Сағынышы тірі болғаннан шығар.
Мама
Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі,
Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші.
Мейірімге шөлдедім, сағындым, Мама,
«құлыным» деші?..
Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада,
Сен де мені сағындың,
білемін, Мама?!
Түсіме енші, Тәңірден бүгінгі менің
тек осы тілеуім ғана!
Тыныштықты қай жақтан табады санам?
Жылылық аңсап Тағдырдың қабағын бағам.
Күтші, Мама, күп-күрең Күзді арқалап,
кешікпей барады балаң…
Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын.
Қайтейін мұңның өмірде өрімі басым.
Оңашада отырам өлеңмен сүртіп,
Осылай көзімнің жасын.
Кешірші, Мама…
Айжанның кітаптарының аты осындай: «Сен жыламашы», «Сағындым деші», «Есіл, сенің кінәң жоқ». Бұндағы өлеңдерде сыртқы сабыр мен ішкі дауыл қатар өмір сүреді. Айжан поэзиясынан оңаша бір күйді танисың, ақын үшін оңашалық расында қорған, жалғыздық күй емес кеңістік, ал сағыныш жай сезім емес, мазмұнға айналған. Бірақ бәрібір де оқырманды жалғыз қалдырмайды. Айжанның өлеңінен аяқталмаған сезімді, аяқталмаған күйді көреміз. Оқып болған соң да ішіңде жалғаса беретін. Ақынның өз ғұмыры да тап солай жалғаса берсін дейміз.
