3 қазанда әйгілі ақын Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толды.
Ақын, әнші, термеші, актер, композитор – сегіз қырлы, бір сырлы талант Иса Байзақов 1900 жылы 3 қазанда қазіргі Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі аулы аумағында дүниеге келген. Жасынан ауыл молласынан хат танып, өлең-жырға әуестеніп өседі. Тоғызға толғанда анасы қайтыс болып, әжесі Жанбаланың бауырында тәрбиеленеді.
Нағашы ағасы Рахметтен алғаш домбыра тартып, ән салуды үйренген жас Иса өзінің өнерімен біртіндеп ауыл-аймаққа таныла бастайды.
Жас бала он жасынан «Әнші Иса» атанып, ел-жұртқа атағы жайылғанымен тұрмыстық тауқымет-таршылығымен отбасына қолғабыс жасау үшін Қызылжар, Омбыға байлардың малын айдап, жалшылыққа жүреді. Орыс тілін де ерте үйреніп алады.
ІІ Николай патшаның 1916 жылғы Маусым жарлығы бойынша 19-31 жастағы қазақ-қырғыздың жастарын окоп қазуға алуға шешім қабылданғанда, болыстық өкілдері он алтыдағы Исаның жасын үлкейтіп көрсетіп, қара жұмысқа жібереді. Сөйтіп Томск қаласының маңындағы Анжерка шахтасында кен қазу жұмысын атқарады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде патша билігі құлаған соң, келгеннен кейін домбырасын қолға алып, ел ішінде ән мен термесін орындап, белгілі айтыскерлермен сайыстарға түсіп, танымалдығы арта түседі. Исаның өнері мен дарыны Ертіс бойындағы қалың елге түгел танылады.

Иса Байзақов 1921 жылы Семейдегі жұмысшылар факультетіне түседі. Мұнда ол болашақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен және Николай Ановпен танысады. Николай Ановпен таныстығы – болашақ романға себепкер болады. Н.Ановтың «Ән қанаты» атты тамаша романындағы басты кейіпкер, талантты өнерпаз Мұса Базанов – Иса Байзақов, Шәрбан – тұңғыш қазақ актрисаларының бір, Исаның жары Шәрбану Байзақова болатын. Бұл роман жазушы, журналист, аудармашы Сарбас Ақтаевтың тәржімасымен 1979 жылы қазақ тілінде жарық көрген.

Ақынның жары, талантты актирса Шәрбану 29 жасында өмірден өтеді. Соңында Махфуза атты қызы мен Ертіс атты ұлы қалады.
Жұмысшылар факультетінен Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқиды. 1929-1932 жылдары ҚазПИ-де оқып білім алған Иса Байзақовтың кәсіби шығармашылық жолы 1926 жылдан басталады. Осы жылы Қазақ драма театрына шақырылып ол мұнда ұлттық ән, сахна өнерінің майталмандары Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев т.б. бірге қазақ театрының негізін қалап, халық алдында өнерімен қызмет етеді. Иса Байзақов актер ретінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» қойылымдарында басты рөлдер Есендік пен Кебекті ойнаған. «Біржан-Сара» драмасында Біржанның рөлін сомдайды.

Ол XX ғасырдың алғашқы жартысында ұлттық поэзияға ерекше леп әкелген ақын. Оның шығармашылығы халықтық дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсында дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына зор ықпал етті.
Халықтық дәстүрде, жыраулық сарында, ғаламат импровизациялық қуатымен екпіндете жырлаған Исаның өнеріне көрермен халық әрқашан қуана қол соққан. Шабыты келгенде толықтай бір поэманы бір түнде шығарып тастайтын болған.
Ал, алқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын,
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын.
Жөнелдім желдірмемен желдей есіп,
Қырандай аспандағы талмайтұғын!
Тізейін өлеңімді меруерттей;
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын.
Дабылы дауылпаздай шарықтаған,
Екпіні самолеттей заулайтұғын.
Талапты жастарымыз үйреніп ал,
Ән еді желдірме атты самғайтұғын, -
деп көпшіліктің алдында асқақ даусымен екпіндете шырқаған Исаның желдірме сарыны оның ғаламат шығармашылық, орындаушылық қуатын танытты.
Иса Байзақовтың поэзиясы – халықтық мазмұнға бай, өршіл рухты, замана талабына үн қосқан туындылар. Оның жырларынан ел мен жерге деген сүйіспеншілік, әділет пен еркіндікке ұмтылыс айқын аңғарылады. «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Жалбыр» сияқты шығармалары тарихи оқиғаларға, халық тағдырына арналды. Әсіресе, «Құралай сұлу» поэмасы қазақ поэзиясында көркемдік-эстетикалық деңгейімен ерекшеленіп, ұлттық әдебиет қазынасына қосылған құнды мұраға айналды. Исаның алуан түрлі мазмұндағы «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Он бір күн, он бір түн», «Кавказ», «Ақбөпе», «Қырмызы Жанай», «Қойшының ертегісі» поэмалары өзінің шынайы көркемдігімен ерекшеленеді.
Иса Байзақов – халық арасында суырып салмалық қабілетімен кеңінен танылған айтыскер. Оның өз дәуіріндегі белгілі ақындарымен айтыстары қазақ сөз өнерінің шеберлік мектебін көрсетеді. Ақынның айтыстағы өткір тапқырлығы, сөзді ұтымды қолдануы оның халыққа жақындығын, өнерге адалдығын дәлелдейді.
Иса Байзақов шығармашылығы – ұлттық әдебиеттің тарихындағы маңызды кезең. Ол өз дәуірінің тынысын, халықтың арман-мүддесін көркемдік тұрғыдан бейнелеп, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтті. Оның поэмалары, айтыстары, әндері бүгінгі күнге дейін мәнін жоғалтпай, қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды.
Иса Байзақов – поэзияда да, музыкада да өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара дарын. Өзінің қырық алты жылдық қысқа ғұмырында жасындай жарқырап өткен ерекше өнерпаз, шығармашыл тұлға ретінде халқының жүрегінен мәңгі орын алды. Қазақтың асқан дарынды, тума талант ұлы Иса Байзақов 1946 жылы 3 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеден өткен.
Ол ұлттық сөз өнерінің мүмкіндігін барынша пайдаланып, қазақ халқының рухани әлемін байытты. Сондықтан да Байзақов есімі қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында мәңгілік сақталады.
