Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Мемлекеттік құпия...

27.01.2016 2745

Кәдірбек Сегізбай: Мемлекеттік құпия

Кәдірбек Сегізбай: Мемлекеттік құпия - adebiportal.kz



images.jpg


Көз ұшынан көгілдірлене мұнартып жататын Сауырдың сұлбасы тағы тұмшаланды. Одан бері Қара Ертістің жағасындағы бұйрат-бұйрат құм төбешіктерді де ақ шаңыт жылжи қаптап, бауы­рына басты. Дәл иықтан құдия төнген Алтайдың қарлы биіктерін әзірге бұлт иектей қоймаса да, айнала мелшие тыншып, демін ішіне тартып тұрғандай. Далпылдай ұшқан қарғалар қанаттарымен жел тіреп, тынымсыз қарқылдайды.


– Бесқонақ келе жатыр-ау шамасы, – деп Қайрақбай батыс жаққа тіксіне қарады.


– Қайдағы бесқонақ? – Мейірхан өздерінен басқа тірі жан жоқ айналасына таңырқай көз салған.


– Анау бүкіл батысыңды боратып келе жатқан ақ шаңытты көріп тұрсың ба? Келді дегенше бес-алты тәулік бойы шаңыңды қағып, әптер-тәптеріңді әбден шығарып болғанша жатып алатын амалды айтамын да. Қыстың қаһары қайтып, ызғары сынар шақтағы соңғы буырқанысы ғой. Жылқыны қосқа қарай қайырмалай берейік. Еспенің жағасындағы қалың тоғайды паналамасақ болмас.


Ақжал айғыр келе жатқан қатты боранды сезгендей басын жерге салмай, екі-үш дүркін пысқырып алды да, жайбарақат жайылып жүрген үйірін жинақтай бастады. Жібек жалымен жер сыпырып, үйірін екі-үш айналып өткенде-ақ шоқтай болып жиналып қалған.


– Апыр-ай, мына адамнан есті жануар табиғат тілін қалай біледі, ә?! Бұл шіркін де ерте қам жасап, өз үйірін ықтасыныға жеткізіп алмақшы-ау,– Мейірхан таңдана басын шайқады.


Бұлар барлық жылқыны түгел қоғамдап, өзен жағасындағы костарына қарай қаптата айдай бергей кезде белегірден бері қарай асып түскен қос салт атты көрінген. Қайрақбайдың кәнігі көзі жолаушылардың атқа отырысына бір қарағанда-ақ олардың шекарашылар екенін жазбай аңғарды.


– Ашық күндерді қойшы, мынандай жауынды-шашынды, қарлы-боранды кездері бұл шіркіндерде де тыным болмай кетеді-ау, – Қайрекең шекарашыларды осы жерде күтіп алайық дегендей, астындағы құла айғырдың басын тартқан. – Қайта біздің жылқы баққанымыз бұлардың ісіне қарағанда ойыншық па деймін.


– Әрине, біз боранды күндері төрт аяқты қасқырлардан қорықсақ, бұлар екі аяқты қасқырлардан қауіптенеді де. Төрт аяқты қасқыр қиын қылса бір жабағыны жайратар, ал мына екі аяқтысының зияны елдің іргесін қағумен пара пар. Ол пәтшағарлар да осындай күндері ала баған асып, із жасырып кеткісі келеді. – Мейірхан өзінің сүйікті тақырыбына қарай әңгіменің беті бұрылғанына қатты қуанып кеткендей: «Мен әскерде жүргенде...» деп басталар таусылмас хиқаясына аузының дәмін алып, енді кірісемін дегенше, қарт жылқышы оның сөзін бөлген:


– Иә, алдымен мына жігіттермен тілдесейік, шпион ұстаған ерліктеріңді сонан соң айта жатарсың. Екеуіміз осы жылқыны бірге бағатын болсақ, жаз шыққанша барлық хикаяларыңды айтып үлгірерсің. – Қарт мұртынан күлді. Жылқышылардың өздерін кү­тіп тұрғандарын сезгендей, қос шекарашы да бұларға қарай бұрыл­ған. Ақ тон, ақ құлақшын киген салт аттылардың ұлы денелері әлі көбе­сі сөгілмеген аппақ қармен, оған қоса жолындағыны жайпап кетердей шудасы желпілдеп, аунап келе жатқан боранның аппақ шаңытымен астасып, алыстан көзге шалынбастай. Бұл өлкенің жылқысында кездесе бермейтіндей шоқтығына қол әрең жететін әскере сирақты қос баран аттың сұлбасы ғана кешкі алакеуімде барқынданып, мен мұндалап келеді.


– Мекаилмысың-ей?! Иә, аман? – Қайрекең ежелгі танысын көргеніне қуанып кеткендей, құнжыңдап, ат үстінен қол созған. Төрт аяғы серейген түйедей арғымақтан үрікті ме, тоқпақ жалды құла айғыр осқырынып, жүргіншілерге жолайтын түр танытпады. Дәл қазір, ақ шаңдақ боранның алғашқы суық лебі сезіле бастаған осынау екі кештің арасында шекарашы жігітпен қол беріп есендеспесе, көңілі бірлемейтіндей үркек айғырын қамшымен сауырлап-сауырлап алды да, шалың түбінен қопарыла аттан түскен.


– Мә, ұста! – деді ол атының тізгінін Мейірханға беріп жатып. – Араласып жүрген бала ғой, көптен көрінбегенге басқа жаққа қызметі ауысып кетті ме деп ойлап жүрген едім.


Жылқышының ниетін түсінгендей, шекарашы жігіт те да атынан түскен. Шал енді қол алысуды қанағат тұтпайтындай көлкемедей қара тұлыбын сүйретіп барып, кең құшағын ашқан.


– Ой, Мекаил балам, есен-сау жүрсің бе? Қалай, денсаулығың жақсы, жора-жолдастарың аман ба?! Әй, Мекайл, неғып көрінбеі кеттің? Мен сені басқа қызмет ауыстырып кетіп қалды ма деп жүр едім.


– Кетпеген. Жұмыс көп! – деді жігіт.


Бұл кезде Мейірхан да ат үстінде тұрған екінші жігіттің аты-жөнін, хал-жайын, әскери қызметке қашан келгенін сұрап үлгеріп, байтақ елдің батыс шекарасын күзетіп оралған «тісқаққан» шекарашы ретінде ақыл айтуға кірісіп кеткен.


– Әсіресе осындай күндері сақтанып жүрмесе болмайды, шекара дейтін коңсылас қонған, жылқы қостарының ауыс-күйіс, кезекпе-кезек жайыла беретін өрісі емес, бауырым. Не болмаса тайынша-торпақ өтіп кетпесін деп екі ортасынан шарбақпен бөліп қоятын көрші үйлердің ауласы емес. Шекарадан өз еліңнің киелі іргесі басталса, көрші елдің мекені тұйықталады. Немесе керісінше... Сондықтан, ол жыл­қы бағу емес, одан әлденеше есе жауапты міндет. – Ол шекараға жуырда ғана келген жас жауынгерге әлі де біраз ғибратты уағызын айтпақ еді, Михаилдың атқа қайтадан қонғанын көрген соң, қазынаға бергісіз құнды ойларын амалсыз іркуге тура келді.


– Әй, інім, жолдастарыңды ертіп келіп, біздің қара қостың қонағы болып аттансаңдаршы. Еттің мол кезі дегендей. Шекарадан адамды қойып, жорғалаған жәндік те өте алмас. Көзімді ашқалы осы жерде өрлі-еңісті шиырлаумен келеді екенмін. «Шпион өтіп кетіп, ұсталыпты» деген алыпқашпа қаңқу сөз болмаса, солардың біреуі өзіме осы уақытқа дейін ұшырасқан емес екен, – деп Қайрақбай шал мынау албастыдай басып келе жатқан ақ боранды ұмытқандай, таныс әскеріне жығыла жабыссын. – Өздерің қонақ болып аттанғанша шекараны басқа біреу күзете тұрар.


– Болмайды, рақмет! Біздікі жұмыс солай! Сау болыңыз! – деп ол әрең дегенде, ат тізгінін қаққан. Әлдене есіне түскендей сәл кідіріп, Қайрақбайға қайтадан мойнын бұрды.


– Бөтен адам болса, байқай жүрерсіз.


Құйрық-жалын жел ысылдата тараған құла айғырға асықпай қайтадан қонған Қайрекең Мейірханға жақындап келіп:


– Осы Мекайлдың өзі бір мың болғыр бала. Өзіміздің мынау Ұлытау маңының қазағуар орысы. Заставаға кішігірім бастық болып келгеніне де ұмытпасам екі-үш жыл болып қалды-ау деймін. Мына Дөңгежатты күшік кезінде, қалап-сұрап, осы жігіттен алып едім. Сол жақсылығының да өтеуін бір қайтара алмай жүргенім, – деген ол жаңағы тым жалпақтап кетуінің себебін түсіндіргендей. – Бұларда жаңа туған күшіктерді әбден іріктеп, сұрыптайды білем ғой. Шекара күзетуге жарамайды деп маған берген Дөңгежатты өзің көріп жүрсің ғой. Иттің сырттаны болды емес пе?!


– Жылқылар да қоғамдала бастапты ғой, – деп Мейірхан атын тебінді.


– Иә, жануарлардың өздері де Еспенің ықтасын тоғайына қарай құлай бастаған екен, – деді Қайрекең тымағының бауын шарта байлап жатып. Сонан соң қос аттың соңынан самарқау еріп келе жатқан тайыншадай қасқыр итке тіл қатты:


– Дөңгежат, қайыр жылқыны, қайыр! Ана жағын, – деп ол әлі жайылымда тебіндеп тұрған екі-үш үйір жылқыны нұсқаған. Ақылды төбет иесінің бұйрығын қалтқысыз түсініп, нұсқаған тұсқа қарай бүлкектей жөнелді.


– Ал біз шекарада жүргенде, итіміздің күшіктерін ешкімге де бермейтінбіз. Бәрін де шекара күзетуге үйрететін мектепке жібере­тін едік, – деп Мейірхан тағы бір тың әңгіме бастаған. Ол көмек­ші жылқышы болып келген жарты айдың мезіретінде екі жылдық шекарашылық өміріндегі қилы-қилы ерліктерге толы талай хикаяларды Қайрекеңе айтып үлгерген. Бірақ ол хикаяларының қаншасы жалған, қаншасы рас, оған Қайрекең нақтап жіп таға алмайды. «Әй, пәтшағар, осы сөзің шылғи өтірік шығар-ау» деп жиі күмән келтіретіні де рас, бірақ иен далада жүргенде әңгіме болсын деген оймен оның айтқандарын кеңк-кеңк күліп қойып, рақаттана тыңдайтын. Бұған дейін ит туралы ешқандай сөз қозғамаған сияқты еді, қай жағынан қиыстырып, қай жағынан әңгіменің түйінін келтірер екен деген оймен:


– Е, – деп тың әңгімені жетекке алған. Мекең кідірген жоқ, зіл батпан денесін ауыр қозғап, оң жамбасына қарай қисая отырып алды да, кірісіп кетті.


– Боран деген қасқыр итім болды. Адамнан есті еді хайуан. Қызметімді тәмамдап, елге кетуіме тұп-тура жарты ай қалғанда итім тамаққа қарамай, сұлық түсіп жатты да алды. Ауырып қалған екен деп дәрігерге көрсетсем, «ештеңесі жоқ» дейді. Бұған не болды деп ойлаймын. Басын тіземе қойып, қыңсылай береді, қыңсылай береді. Соншама жалынышпен бе, әлде мұңмен бе, бетіме мөлиіп қарағанда тура жылағың келеді.


– Апыр-ай, ә? – Қайрекең әңгімеге дем берді.


– Сөйтсем байғұс төбетім менің біржолата кететінімді біліп, қиналған екен ғой. Торда қамаулы тұрған Бораныма барып, қоштас­қан кезде шыдай алмай, өзім де жылап жіберіппін. – Жас жылқышының әр айтқанына күдікпен қарап үйреніп қалған қарт жылқышы оның әңгімесінің бас жағына күмәнданса да, соңғы тұсына қатты сенген. Бірақ Қайрекеңнің айрандай ұйый бастаған көңіліндегі әдемі әсерді әңгіменің жалғасы қолма-қол рәсуа еткен.


– Сол Боранның көмегімен ала бағанның арғы жағынан келген үш бірдей шпионды ұстадым ғой, – деп қарап тұр маңғазың. Онымен қоймай: «Әсіресе, ең соңғысы бүкіл сол өлкедегі шпион атаулылардың резиденті болып шықты» деген кезде басын түйе басса да мыңқ демейтін Қайрекең шыдай алмай қарқ-қарқ күлген.


– Ол ерліктерің туралы кино түсірмеді ме?


– Киносын білмеймін, әйтеуір бір жазушы келіп, кітап жазамын деп кеткен. Кім біледі, ендігі ол кітабы жарыққа шыққан да шығар. Қыс болса мынау, отқа келіп, отыз ауыз сөз айтып отырып алатын әңгімешіл әйел сияқты шықпай қойған. Әйтпесе кітап магазиндерін бір шолып қайтса да болар еді.


– Қайт, – деді шал бетіндегі жымиыстың ізін өшірмеген қалпы. Мейірхан қарт­қа сұраулы жүзбен қараған. Бірақ аға жылқышының екі көзі біраз жылқыны қуалай айдап жүрген Дөңгежат жүрген жақты қыдырыстап кетіпті. – Қайт деймін, Дөңгежат! Қайт кейін! Сөйтт і де құла айғырды тебініп қалып, сар желіспен тарта жөнелген. Бұл кезде қарды суыра үрлей, боран да басталған.


– Тезірек, тоғайға жеткізбесек, мына қалың жылқы ырық бермей кетіп жүрер, – деп Мейірхан сақтық білдірді. Онысы «резидентті ұстап алдым, деп шындығында да артықтау кетіппін» дегендей, өз сөзін-өзі жуып-шайғандай болып естілген.


Мың сан әбжылан әр караған-бұтаның түбін тіміскілеп, ойнақ сала бастады. Күннің батуына әлі ет асымдай уақыт бар болса да, айналаны қараңғылық әп-сәтте тұмшалап алды. Қайрекең жаңа ғана Ақжалдың үйірі бастаған қалың жылқының алды Еспенің жағасындағы тоғайға құлағанын көрген. Одан өткен ықтасынның табылмасын білетін жануарлар үйренген орындарына барып, байыр­қалауға тиісті. Еспе өзенінің арғы беті жалтаң, панасыны жоқ құмдауыт, ал одан арғы өлке иектің астында мұнартып жатса да, Қайрекеңнің ізі түсіп көрмеген жат жұрттың жері. Жылқы оған қарай асып кетеді дейтін қауіп-қатердің жөні жоқ. Шекараға құрыл­ған тор темірге хайуан екеш хайуан да жоламайды. Баяғыда еді ғой, әр тұсқа орнатылған ала бағаннан басқа белгі жоқ» шекарадан адас­қан жолаушылардың, саяқ малдардың жиі-жиі өтіп кетіп жататыны. Қазір шекара күзеті күшейген сайын, Еспенің арғы бетіндегі көгілдір мұнарға бөгіп жатқан басқа әлем одан сайын жұмбақтана, одан сайын бөгделене түскендей. Әйтеуір газет беттеріндегі жазылып жататын, радиодан айтылып жататын екі ел арасындағы түрлі деңгейдегі аралас-құраластың кейінгі жылдары молайғаны сол бір жатсынудың орнына жылымық әкелгендей сезілетін. «Ел іргелес, Жер кіндіктес, бір-біріне жылы ұшырай қараған­ға не жетсін» деп ойлайтын Қайрекең.


– Дөңгежаттың үрісі бөлек қой. Ит-құс болып жүрмесін,– деген Мейірханның сөзі аға жылқышының ойын бөліп жіберді.


– Мынау бөтен біреуді көрген ғой шамасы, ит-құсқа бұлай үрмесе керек еді.


Екеуі иттің өршелене абалаған үні шыққан жылғаға қарай шаба жөнелген. Айтқанындай-ақ Дөңгежат иен даладағы жалғыз жаяуды қамап, жібермей тұр екен.


– Мына ақ түтек боранда қайдан адасып жүрген пенде өзі? – деген Қайрекеңнің сөзін Мейірхан шала-шарпы естіді.


– Жоғал, бар әрмен! – Жалғыз-жаяу таяғын сермеп, без-без етеді. – Кісі жейтін ит қой мынау тура.


– Дөңгежат, болды! – деп Қайрекең итті өзіне шақырған. Бірақ қызынып алған төбет өршелене арсылдап, жолаушыға ұмтылуын қояр емес.


– Иә, жол болсын! Қайдан жүрген жансың? – деп Қайрекең жөн сұраған.


– Ас... ассалаумағалейкүм, ақсақал! – деп бейтаныс шолақ қара тонның көтерілген биік жағасын жатқызып, өзін тәртіпке келтірген болды. Ат үстінде тұрған жылқышыларға қол бергісі келгендей сәл алға жылжыды да салт аттылар тарапынан ешқандай бауырмалдық ыңғай танылмаған соң бүгежектеп, орнында тұрып қалған.


– Дөңгежат, жат әрмен, сөз естіртпеді ғой, түге? – деп желке жүнін күдірейтіп, жалғыз жолаушыға әбден жауығып алған итіне аға жылқышы тағы бір зекіп алды да, алғашқы сауалын қайталаған.


– Қайдан жүрген жансың, шырағым?


– Адасып кеткенім, – деді бейтаныс қолын үрлеп. Сірә, жалаң қабат тоқыма қолғап қызыл шұнақ үскірікке төтеп бермесе керек, қос қолын демімен жылытып әуіре болып тұр. – Көкталдан шығып едім. Көлік кездеспеген соң, Қосқонғанға дейін жақын ғой деп... Содан боран...


Иегі-иегіне тимей дірдек қағып, сөзінің соңын аяқтай алмады.


– Косқонғанда кімнің үйіне баратын едің?


– Әйтеуір, үйіне қондыратын біреу болса, түнеп шықсам деп едім. Таукөл аспақпын. Нағашыларымды іздеп келе жатырмын. Мүмкін Жаңабаев Сайымжан, Айымжан дейтіндерді білерсіз. Өзім, алыстан Қызылжар жақтан келемін, – деп ол дал қояды-ау деген сауалдарға алдын-ала жауап берейін дегендей дірдектеп тұрып, өзі туралы біраз ақпар берді.


– Шырағым, – деді шал маңыздана тіл қатып. – Айыпқа бұйырма! «Қай қазақ жолаушыны үйіне кіргізіп, бойын жылытпай тергеуге алушы еді? » деп тұрған да боларсың. Салтымызды ұмытып, жолдан жаңылған жоқпыз. Бірақ шекараның бойында тұрғандықтан, қазақылықты бірер сәт ұмытпасақ болмайды. Тәртіп солай. Сондықтан шырағым, документтеріңді көрсет!


– Е, жөн ғой. Мен де түсінемін. Оларыңыз жөн ғой, – деп жолаушы тонының түймесін ағытып, қойнына қол салған. Төс қалтасының түбіне қолын жеткізе алмай жүргендей бейтаныс тым ұзақ қорбаңдап кеткен кезде Қайрекеңе «осы бәлекет, шынында шпион болып, екеуімізді екі жерге жайратып кетіп жүрмесін» деген ой келген. Бірақ жолаушы да ұзақ қорбаңдап, қол орамалға түйілген әлденені ұсына берді.


– Бұл не?


– Паспортым ғой! – Қайрекеңнің іші біртүрлі жылып қалған. «Шпион болса, документін бүйтіп қол орамалға орамаса керек еді, бәсе, өзіміздің аңқау қазақтың тірлігі ғой мынаусы».


– Жарайды, – деді жылқышы жолаушы ұсынған паспортты өзінің төс қалтасына салып. – Қосқа барған соң асықпай тексереміз. Ана жігіттің атына мінгесіп ал. Мал да ұзап кеткен болар.


Ол Мейірхан мен оның артына мінгескен бейтанысты алдына салып алып, Еспенің жағасына таман еңкейгенде жылқыны қайырмалап жүрген қос салт аттыны көрген.


– Е, мына жігіттер де боранды көрген соң, жата алмаған екен ғой, – деді ол Мейірханға қарап.


– Қайдан жатсын, біздің де үсіп-жығылып келе жатқанымызды біледі ғой.


– Сіздер көрінбегенге біз де қорқа бастап едік. Тыныштық па әйтеуір?! – деді алдарынан қарсы жолыққан екі салт аттының біреуі.


–ЈЕ, тыныштық қой. Мынау жолаушы адасып кеткен екен, қайта боран күшейіп, қараңғы қоюланбай тұрып, бізге жолыққаны абырой болды... Жарайды, біз үйге барып, бой жылытып оралайық. Малға сақ болыңдар. Мына тоғайдың ығынан өздері де шыға қоймас. Дегенмен абай болып, жиі-жиі дыбыс беріп айғайлап жүріңдер. Малға ес, ит-құсқа сес болады.


– Жарайды. Етті асып қойғанбыз. Асықпай тамақтанған соң Мейірхан келсе де болар. Өзіңіз қонақпен бірге демала беріңіз. Түнгі күзетке шыққан жылқышы жігіт Назарбек осыны айтты да, атының басын қара барқынданып көрініп тұрған қалың тал-шілікті жағалауға қарай бұрған.


Қайрақбайлар қалың жылқы байырқалап тұрған тоғайға кірген кезде азынаған ақ боран да демін ішіне тарта қойғандай. Тек қалың өскен биік талдардың бастары ғана ызыңдай шулап, бебеулейді. Орманның ортасындағы алаңқайдан қарауыта көрінген жалғыз үйдің терезесінен өлеусіреп от көрінеді.


– Қостарыңыз мынау ма? – деген жолаушы шыдамы таусылғандай.


– Қос деп қорламаңыз, – деді Мейірхан. – Жылқышылардың қысқы тұрағы болғандықтан, «қос» деп баяғыша қарабайырландырып атағанымыз болмаса, иендегі «отель», яғни, «мейманхана» десе де болады.


Олар аттарын жылы қораға байлап, үйге енгенде пісіп тұрған жылқы етінің жағымды иісімен қоса бет шарпыған адам тұрағының жанға жайлы жылуы қарсы ал­ған.


Мейірхан жойдаусыз алып денесімен үйдің дәл ортасында тұрып алып, шешінуге шамасы келмей тұрған қонақтың бетіне үңіле қараған.


– Өу, туысқан, нағашыларыңды іздеп шыққаның жөн-ау, бірақ сақалыңа бірер апта бойы ұстара тигізбегенің қалай? Осы сен бізді кәләкәйт етіп жүрген шпион болып жүрме? – Ол сөйтті де кішкене қарағай үйдің төбесін солқылдатардай қарқылдай күлген. – Байқа, мына алдыңда тұрған дөдең батыс шекарада лақтай ба– қыртып талай шпионды ұстаған кісі. Ондай кәззәп болсаң, «еһ» деуге шамаңды келтірмеймін.


– Ағайын-ау, шпион болған менің не теңім? Өзім жарымжан, панасыз адаммын. Сонау Қызылжардан қыс ішінде жанашыр іздеп қаңғып жүрмін де.


– Жә болды! – деп Қайрекең Мейірханға зілсіз тіл қатқан. – Алдымен қонағыңды шешіндіріп, төрге шығар. Айтпақшы, шыртылдақтан қасықпен алып берші. Колына, бетіне жақсын. Үсікке жақсы болады.


– Рақмет, ақсақал! Жаңа аттан түскенде қармен ысқылағанмын. Ештеңе ете қоймас.


– Мейірхан қазанда былқып пісіп тұрған етті түсіре бастағанда Қайрекең көзілдірігін киіп, жолаушыдан алған документтің сыртқы орамын жаза бастаған.


– Мекендеріңіз ұядай екен, – деді жолаушы үйдің төбесіне қарап. – Жылқышыларға арнап салған жай-ау шамасы.


– Әрине, – деді Мейірхан дөңгелек үстелдің үстіне буы бұрқыраған бір табақ етті қойып жатып. – Отель дедім ғой, отель! Электр жарығы да бар еді, кешелі-бері движогіміздің бензині бітіп тұрғаны.


Бұл кезде Қайрекең де әлдебір аса маңызды шаруаның үстінде отырған адам сияқты паспорттың жазуын оқи бастады.


– Сақиев Шынтемір, – деді ол керосин шамның жарығына тосқан паспортты тұмсығына тақап.


– Дәл солай, ақсақал! – Бағанағыдай емес, бойы жылынып, Мейірхан турай бастаған жас еттің хош иісіне елтігендей манаурай тіл қатқан жолаушы. – Сақиев Шынтемірмін.


– Он екінші сентябрь, 1947 жылы Қызылжар қаласында туған... Солай де! – деп қарт борбиған саусағын жалап қойып, паспорттың келесі бетін ашты. Жолаушының суретіне, сонсоң өзіне кезек-кезек көз тастаған.


– Бұл жастау кездегі суретім ғой, бертініректе түскенім келесі бетінде, – деді Шынтемір.


– Иә, суретің де, басқа бөгенайың да келіп түр. Паспорттың мөрі, тіркелген жері, шекаралық ауданға келуге арналған рұқсат қағазың – бәрі де қапысыз екен шырағым, – деп паспортты ол иесінің қолына қайырып берді. – Айналайын, ағаңды айыпқа бұйырма. Мынау шағын өзеннің арғы беті – басқа ел, бөгде дүние. Сондықтан «Сақтықта – қорлық жоқ» деген қағиданы ұмыта алмаймыз. Қайта жолың болып, бізге кезікпегеніңде мынау ақ боранда үсіп өлер ме едің, әлде адасып жүріп арғы бет асып, жоғалар ма едің... Жолаушым, жолың болады екен, бүгін құдайы қонағым бол. Таңертең жолыңды жалғарсың.


– Жә, өзің бұл жаққа бұрын келіп көріп пе едің? – деді қонағының бетіне тіктеп қарап.


– Бала кезімде шешемнің бір рет ертіп келгені бар еді. Есімде ештеңе қалмапты. Әлденені ойына түсіргендей ол сәл үнсіз отырды да, сөзін жалғастырды. – Шешей ертерек қайтыс болды да, өгей шешенің қолында өстім. Ол кезде нағашы жұртты іздеп келгенді қойып, оларды ойлауға да мұрша болған жоқ.


– Жөн шырағым, ер жігіттің үш жұртының бірі саналған нағ­ашы ауылы да өз ауылың емес пе. Іздегенің жөн... Ал өзің, елде не шаруа істеп едің?


– Жас кезде оқи алмай қалдық та, табылған шаруада жүре бердік қой. Диқан да болдық, малшы да болдық, қазір өзім науқасты болып, бір-екі жылға мүгедектік пенсияға шыққанмын. Сауығып кетсем, қайтадан іске араласамын ғой. Бір есептен осы Сауырдың ауасы жанға шипа бола ма деген ойым да жоқ емес.


«Енді қазбалай беріп қайтемін» дегендей Қайрекең әзіргі әңгімені:


– Жөн-жөн, ал қол жуып, бұйырған асқа отыралық, – деген тұжырыммен тә­мамдады.


– Адасқан күнде арғы бет аса алмасыңыз анық. Шекарашылар бар, сымнан керілген тор шымылдық бар дегендей. Ал енді боранда үсіп өлетініңізге шек жоқ еді! – Жаңа ғана «сен» деп дүңкілдеп отырған Мейірхан жолаушының өзінен мүшелі жас үлкендігін білген соң бірден «сіз» деп сызылуға көшті. – Қане, қолдарыңызға су құйып жіберейін.


Қайрекең етке сұғына кіріскен қонағының тәбетін бұзбайын дегендей тағам үстінде артық әңгімеге барған жоқ. Тек терезенің қырау баскан әйнегінен, боранның ызыңдаған бірқалыпты уілі тынбай естіліп тұрған тысқа қайта-қайта құлақ түріп, мазасыздана берген.


– Әй, бүгінгі боранның түрі жаман. Екеуіміз де малдың шетіне шықпасақ болмас. Қонақ жатып, дем алаберсін, – деген ол. Жыл­қы жамбасының мырза басының борпылдақ кемігіне тісті салып жіберіп, кесек-кесек опырып алып сорған сүйектің сұйық майы Мейірханның жүрегіне тисе керек, енді үрлеп отырып, қара сорпа ішуге кіріскен.


– Кайреке сіз тынығыңыз. Тойып алдым. Енді таңға дейін мені алатын боран жоқ. – Ол жаңа ғана танысқан Шынтемірге өзінің шекарадағы ерлік хикметтерін айтудың ретін келтіре алмай отырса керек, «енді кідірсем кешігіп қалармын» деген кісіше әңгімесін бастап жіберген:


– Баяғыда талай-талай ақ боранмен алысып жүріп, шекара күзеттік қой. Апыр-ай, бір күні Саша дейтін жолдасым бар, екеуіміз түнгі нарядқа, жетінші учаске дейтін ең бір қиын жерді күзетуге шыққанбыз. Дауыл дегеніңіз, аш қасқырдай ішін тартып, ұлып тұрған. Бір орныңда сәл тұра қалсаң, өне бойың тоңази бастайды. «Кимылдай берейік!» деп сыбырлаймын Сашаға. Әскери қызметке жуырда ғана келген шикілеу жігіт еді, аязға шыдамай, әр ағаштың ықтасынына бір тығылады...


– Қой, бауырым, тездетіп бірер кесе шай ішейік те, атқа қонайық, – деп Қайрекең қолының майын саптамасының қонышына сүрте бастады. «Әңгімені уақытсыз уақытта бастадың-ау» дегендей үнінен жаратпаған сыңай байқалады.


– Е, қазір Қайреке қазір шай алып келемін, әншейін қонаққа әңгіме болсын дегенім ғой. – Ол плитаның үстіне шырт-шырт түкіріп тұрған шәугімге шай салып, үстелге алып келді. Туралған нан, қант сияқты шайдың керек-жарағын тасып жүріп, Қайрекең бөліп жіберген хикаясын тағы да жалғастырды. – Содан бір кезде ақ түтек боранның арасынан бірінен кейін бірі атылған екі ракетаның қыз­ғылт сәулесін байқап қалайын. «Дабыл!» дедім Сашаға. Осы сөзге әбден үйренгендей Боран дейтін ізшіл итім де елең ете калды. Шекараны бойлап жүгіріп келеміз. Ойым жанымызда ғана тұрған бақылау мұнарасына барып, сондағы жігіттерден мән-жайды біліп алу болатын. Бір кезде өзімді сүйреп келе жатқан Боранымның табандап тұра қалып, иіс тарта бастағаны...


– Е, сонан соң? – деп әңгімеге бағанадан бері көп араласпай отырған Шынтемір де қопаңдап, еліге бастапты.


– «1зде Боран!» деймін итіме. Сөйткенше Бораным мені бір қырындатып сүйрей жөнелсін. Касат қарды омбылап, әрең ілесіп келемін. Бір ағаштың қалқасынан жарқ еткен от, сонан соң пистолеттің құмыға естілген үні де құлағыма жетті. «Шпион!» дедім Сашаға. Боранды да еркіне жібердім. Әйтеуір, оқ тигеннен аман сияқтымыз. Әне-міне дегенше, тайыншадай ит жаумен алыса түссін. Мен де жеттім-ау. Автоматын кезеніп, Саша да: «Қолыңды көтер, жауыз!» деп айғайлады. Боранды қарғы бауынан тартып, жаудан әрең арашалап алдық. Әйтпесе тура жеп қоятын. Жауызын айтамын-ау, әлгінің қолына кісен салайын деп жатқанымда, қандай тәсілге салғанын қайдам, мені қас пен көздің арасында төңкеріп-ақ тастағаны. Әйтеуір, қара күштің болғаны, оған қоса самбоның тәсілдерін білгенім абырой болып, кеңірдегіме тақай бергей кездігінен тайқып үлгердім...


– Жә, сөйтсең, кім екен? – деді Қайрекең осы әңгіме тез бітсе екен дегендей.


– Кім болсын, шет елден келген ірі шпион болып шықты.


– Ойпыр-ай, керемет ерлік жасаған екенсіз! – деп Шынтемір де Мейірханның айтқанына әбден елтіген сыңай танытқан. Бір қызығы Қайрекеңнің қос жанары әңгіме айтып отырған көмекші жылқышысына емес, қонағына қарай жиі бұрыла берген. Оның әр қимыл, әр қозғалысына дейін қалт жібермей, бақылап отырғандай. Ол Мейірханның тағы бір ерлігін айтуға да, оның шайды ұзақ сораптауына да қаратқан жок.


– Малдың жайын біліп қайтпасаң болмас, көмек қажет болса маған да хабар берерсіңдер. Бүгінгі боранның түрі жаман екен, – деп Мейірханды жылы киіндіріп, тсСіңірлілеу менің атыма мін» деп айтқалы отыр едім, ұмытып кеткенімді қарашы. Мен қазір келемін, – деп Қайрекең де Мейірханның соңынан іле-шала тысқа шықкан.


– Мен бірдеңе білсем, мынау тегін адам емес, сондықтан жігіттерге ескертіп, мән-жайды түсіндіріп айт та, тұп-тура заставаға, Мекаилға тарт. Күдікті адам жатыр дегейсің. Біздің есікті қақпай-ақ бірден келіп, жатқан жерінде басып қалсын.


Мейірхан әлденені айтпақ болып еді, Қайрекең сөйлетпеді.


– Сөзді қой да, тізгін ұшынан барып, тізгін ұшынан ертіп кел! Адасып кетпе! Шекараның тор темірін жағалап отырсаң, тұп-тура заставаның өзіне барасың ғой...


– Жарықтық боранның алғашқы басталысына қарап, азынап төрт-бес күн соғатын бесқонақ па деп едім. Күннің арты ашылып келе жатқан сияқты. Өткінші болды, – деді Қайрекең үйге кірген бетте, тысқа шыққан себебін жуып-шайғандай, желбегей жамылған тонын іліп жатып. Қонағы да үй иесінің ойын оқиын дегендей, мұның бетіне сезіктене қарап отыр екен. «Сен шалдың ішінде ит өліп жатқан жоқ па? » деген күдігі бардай.


– Ал, шырағым Шынтемір, жатып демала берейік. Мынау төсектердің қалаған біріне жата ғой. Күн ашылса жаңағы інің оралар. Басқасы ертең таңертең бір-ақ келеді, – деді қарт саптамасын сыпырып жатып.


– Шекарада тұру қиын шығар, ә, ақсақал? Арғы беттен асып келетіндер болады деуші еді, олардың сіздерге ұшырасқаны болды ма?


– Е, өткендер болса, шекараны күзететін әскери адамдар бар емес пе?! Ондайларды солар ұстайтын шығар... Қарағым, туғалы осы өлкеден табан аударған адам емеспін. Ерте кездерде шекара дегенді білмей өстік. Еспенің арғы бетіндегі ел мен бергі бетіндегі ел қыз алысып, қыз берісіп дегендей аралас-құралас жататын бір қазақтың жұрты еді... Бертінірек біздің жастау кезімізде ала баған орнаған соң бірге жатқан ағайын арғы-бергі болып, бір бүтіннің шекесін қиып тастағандай бөлініп қала берді ғой, шырағым. Іргелес отырған екі елдің арасын бөлген ала баған мен тор темірдің кермесін қойшы, қарағым, жерге салған белгі ғой ол. Тор темірдің кермесі көңілдерге түспесін де. Жер ғана емес, сол көңілдер де көршілес жатса, қанеки. Ала баған асып, арғы беттен адам өтсе, көңілінде кірі бар жалдамалы жалдаптар, әйтпесе қарманып жарыққа қарай қашқан жанкешпелер болар... – Қарт сәл кідірді. «Сен қайсысына жататын алаяқсың? Сірә, өтірік аңқаусып, сөйлегеніңе қарағанда, қой терісін жамылып келген бөрі боларсың!»


– Әйтеуір, шекарадан шалғай ішкертінде жатқан сон біле бермейміз. Біздікі кез келген озбырдың мойнын бұрардай сақадай-сай даяр тұрған болар... Кару-жарақтың да түр-түрі қазір бізде мол болар дегенім ғой...


– ЈЕ, басып кіргісі келетіндердің басы осы жерде қаларына сөз бар ма?! Ал енді олардың қару-жарағында біздің не шаруамыз бар. Көрсек те соларын ұғамыз ба? – «Бәсе, мақсатың енді белгілі болды, керегіңді мен сияқтылардан жинасаң, сен де жетіскен неме екенсін. Аңқау шал біраз жайды айтып тастар деп ойлағансың ғой. Бүгін сенің түбіңе сол аңқау шал жетер! Сәл шыдай тұр, аса қадірменді қонағым!»


– Ақсақал, «қыстың көзі қыраулы» дегендей мынау ақ боранда неғып жылқы жайып жүрсіз? Жоқ әлде пенсияға жасыңыз толған жоқ па, – деді Шынтемір қатар тұрған кереуеттердің біріне киімшең қисайып жатып.


– Пенсияға шыққанмын ғой, шырағым. Әншейін үйренген кәсіп болған соң, кете алмай жүрмін. Оның үстіне үйде қарап жата беру де оңай емес. – «Жан бағу қиын болып тұр» дегенімді естігісі келеді-ау, ести алмассың! Мені бір саясаттан хабары жоқ надан шал деп отырсың-ау, шамасы. Осы Еспенің бойындағы колхозды кезінде көп жыл басқарғанымды қайдан білсін... «Тегін адам таз бола ма?» дегендей тегін кісі шпион бола ма? Киімшең кисаюын қарашы. Бөрі сияқты сақ пәтшағар шығарсың. Қаруы да жоқ деймісің мұның. Қазір ғой, Мекайлдар сау етіп кіріп келгенде «хабар жіберген сен қақпас екенсін ғой» деп алдымен өзімді жазым ғып жүрмесін. «Әй, қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі». Бес жыл бойы жасанған жаумен жағаласқан кезде талай жанай өткен ажал оғы мені бүгін қуып жетсе дауа бар ма?! «Еркек тоқты – құрбандық», қартайған шағымда бір жауды ұстап беріп, сонан соң жазым болсам да жұрт алдында тағы бір кәдеге асқаным емес пе!» Өзін бір сәтке шалғайынан ұстатпас саясаткер, ең жауапты сәтте шалыс баспайтын сақ адам ретінде сезінген Қайрекең іштей жымыңдап қойған. Өзі талай көріп жүрген кинолардағы сабырлы да салқын қанды кейіпкерлер өз сөзінен, әрбір әрекетінен қате жібермей, осылай қимылдайтын.


Дәл осы кезде сыртқы есік айқара ашылып, үйге даңғырлай сөйлеп, Мейірхан кірген. Есіктен екі бүктетіліп, әрең енген алыптың соңынан лап қойған аяздың жер бауырлаған ақ шаңдағымен бірге тағы біреудің сұлбасы көрінді. Бес қаруын асынған Мекаил бірнеше шекарашымен бірге кіріп келер деп еді, жоқ келген жылқының түнгі күзетіне шыққан Назарбек екен.


– Күн ашылып, абырой болғаны, – деді Мейірхан тұлыбын шешіп жатып. – Мына ашқарақ Назарбек: «Бір кесе ыстық сорпа ішемін» деп маған ілесіп келді. Қос жігіт асықпай шешініп жатқан кезде, Шынтемір ешнәрседен күдіктенбегендей орнында қозғалыссыз жата берген. Қайрақбай екі бірдей жылқышысының қандай оймен келгенін пайымдай алмай жатқан кезде төсегіне жақындай берген Мейірханның жолбарыстай атылып барып, Шынтемірдің үстіне қона түскенін көрді. Төсекте қамсыз жатқан адамды алып денелі жігіт алғашқы екпінімен-ақ жаншып тастағандай еді, бірақ қас пен көздің арасында Мейірханның кескен теректей болып, қалай шалқалай құлағанын Қайрекең байқамай да қалған. Қарт жылқышы да жан дәрмен орнынан тұра берді. Осы кезде өзімен бірге үйге ала кіріп, бұрышқа сүйей салған қос ауыз мылтықты қолына ұстап үлгерген Назар­бек­тің ашулы үні естілген.


– Көтер қолыңды, иттің баласы! Әйтпесе, жайратып салармын! – Әлде ашу, әлде үрейден өңі қашып, сұп-сұр болған Назарабек енді болмаса атып жіберердей мылтығының үңірейген қос ұңғысын «қонақтың» кеудесіне тіреп тұра қалды. – Қайреке, байла қолын!


Қайрақбай қабырғада шумақтаулы қалпы ілулі тұрған қыл шылбырды қолына алғанда Шынтемір де тілге келген.


– Ағайындар-ау, бұларыңыз не? Құдайы қонақтарыңыз емес пе едім!


– Е, құдайы қонақ екенің рас болып шықса, ат-шапан айыбымызды береміз. Әзірге қолыңды бере ғой, шырағым. Ақ-қараңды анықтағанша абай болмасақ, бізге де жан керек.


Ол Шынтемірдің еш қарсылықсыз ұсынған қолын мықтап тұрып байлап бол­ған соң ғана түйенің жарты етіндей болып басын көтере алмай жатқан Мейірханға қараған.


– Оу, жолың болғыр! Әлгі пәленбай шпионды ұстаған өнерің қайда?! Өзің тірісің бе?


– Ба-ба-сым жарылды ғой деймін! – деп ыңырсыды алып. – Иттің ғана баласы, мен білмейтін тәсілді қолданғанын қарашы. Басымның ірге тасқа оңдырмай тигені.


– О, тәсілің түссін, тәсіл дейді ғой тағы да. Назарбек ананы тұрғыз орнынан, – деп Қайрекең әлі қос ауыз мылтығын кезеніп тұрған жігітке бұйрық берді де, өзі белгісіз келімсектің екі аяғын қоса шылбырдың екінші ұшымен байлай бастады.


Әлі қарақұсын ұстап, мең-зең болып отырған Мейірханды орнынан тұрғызып, төсегіне әкелген соң Назарбек бірден келіп, Шынтемірді тінтуге кіріскен.


– Аста-а-афира-алда! – деді Қайрекең Назарбек Шынтемірдің төс қалтасынан баланың ойыншығындай тапаншаны суырыл ал­ғанда. Сонымен бірге өзінің бейтаныс қонағына деген күдігінің шын­ға шыққанына қуанған сыңайы да байқалады. – Бәсе, кәпір, «Тегін сиырдың боғы емес» екендігіңді сезіп едім-ау.


– Мәс-са-ған, – деп есін жия алмай отырған Мейірхан да орнынан тұрып кетті, – Бәсе, иттің адам білмейтін тәсіл қолданысынан сезіп едім-ау. Нағыз көкжалдың өзін ұстаппыз ғой.


– Шынында да Шынтемірдің қойны-қонышынан шыққан компас, карта, кездік, түсініксіз цифрлар жазылған блокнот сияқты тым үйреншікті емес заттардың барлығы да оның нағыз көкжалдың өзі екендігіне тырнақтай да күмән қалдырмаған.


– Тұрған жеріңде жайратайын ба осы, кәззәп! – деп Мейірхан келсаптай жұдырығын Шынтемірге ала жүгіріп еді, Қайрекең: «Жә, ерсінбей тұра тұр былай!» деп тоқтатып тастады. – Бұлардың жағасын қарау керек, уы болып шайнап жіберіп жүрмесін, – Мекең ұялған тек тұрмас дегендей, Шынтемірдің екі жағасын тінткілей бастаған.


– Ей, кәззап, бері қара, бері, – деп Назарбек Шынтемірге мылтығының үңірейген қос ұңғысын көрсеткен. – Мылтықта оқ түгілі дәнеңе де жоқ. Байқамай сен пәлені атып аламын ба деп әдейі оқтаған да жоқ болатынмын.


– Ал, Шынтемір, шын атыңды енді айт! Қайда барасың? Боранды күні бұқпантайлап жететіндей бұл жақта қай атаңның басы қалды? – Қайрекең түсін суытып, жауап алуға кірісті. Тұтқын болса, қарттың аяғына жығыла кеткен.


– Ағатай, жаздым-жаңылдым. Шиеттей бес балам бар еді, қартайған анам бар еді, бәрі де артымда аңырап қалды ғой.


– Олардың жайын бері шықпай тұрып ойлауың керек еді! Етпеттеп жығылмақ түгілі, еңіреп жыласаң да енді сені жібереді екен деме. Өзіме, немесе мынау жігіттеріме жаулық жасасаң, бәлкім кешірер де едік. «Үйге кірген жыланның басына да ақ тамызып жіберер болар. «Ер адам ез болып туса біздің амалымыз қайсы, шиеттей балаларының көз жасы үшін жіберейік, жігіттер» дер едім. Бүкіл еліңе арам ниет, қаскөй пиғылмен келген жанға кешірім жасаған кімді көрдің? Тым болмаса қызыл қолмен жасағанды қылша мойынмен көтермек керек, жігітім! Осы бүгін өз қолыммен апарып, шекарашыларға тапсырамын. Әрі қарай тағдырыңды әділ заңның өзі шеше жатар! – Қайрекең қалжы-бұлжысыз өз үкімін айтқан. Бұл сөзден кейін тіпті ешқандай әңгіменің болуы мүмкін емес еді. Бірақ қайтадан бойын тіктеген тұтқын жігіт басқа бір ұсыныс жасаған.


– Ағайындар-ау, бір басымның бостандығы үшін әр қайсыңа бір-бір азаматтың құнын төлейін...


Осы кезде жарақаттанған қарақұсын ақ дәкемен шандып байлап тұрған Мейірхан гүр ете қалған:


– Оттапсың! Бай болсаң шалқып жата бермей бұл жакта не ғып тіміскіленіп жүрсің?


– Азамат арын сатпас болар! Ер жігіттің бары да, ары да Елі емес пе еді! Ондайлар жанды ардың садағасы санаған. Ұға алмасаң біз қайтейік?! – Қайрекең қажыған сыңай танытты.


– Қайреке-ау, бұның күдікті адам екендігін қайдан біле қойдыңыз? – деді Назарбек. Мейірхан да жарыса сауал қойды:


– Иә, соны айтыңызшы. Шынында қалай байқап қалдыңыз? Тіпті кәнігі шекарашы менің өзім бұл сілімтіктің сөзіне айрандай ұйып қалыппын ғой.


– Назарбек, сорпа әлі суый қоймаған шығар, сен тамақтанып ал. Қазір Мейірхан екеуің де малға барасыңдар. Мынаны бір аттың үстіне көлденең таңып берсеңдер өзім-ақ апарып, Мекаилға тапсырамын ғой, – деп ол алдағы шаруаның жайын тәптіштеп алған соң ғана жігіттердің сауалына жауап беруге кіріскен. – Бұған деген күдігім алғаш ұшырасқан кезде басталған. Көкталдан шығып, Қосқонғанға бара жатыр екен. Хош де. Сайрап жатқан күре жол қайда қалды? Ал мұны біз қай жерден ұшыраттық? Бұл шіркін жолдан жаңылардай ол кезде боран да бастала қоймаған. Күре жолмен ағылып жатқан машиналардың, сағат сайын қатынап тұрған автобустардың біріне отыруына болар еді. Демек, мұны біз арғы беттен өткен бетте ұстағанбыз. Дөңгежат болмаса бір бұтаның түбіне бұғып қала бергендей екен. Бір деңдер, – деп Қайрекең оң қолының быртиған бас бармағын бүккен.


– Рас-ау, мен соны қалай ойламағанмын, – деп Мейірхан таң қалды.


– Екіншіден, үйге кірген бетте қыздың саусағындай үлпілдеген саусағына, қолына көзім түскен. Тіпті тырнағын да дөңгелетіп, сәнмен алыпты. Үрпитіп сақал өсіргенмен күтімде жүрген бет терісінен де қара жұмыстағы жанның келбетін тани алмадым. Ал, үшіншіден паспорттағы суреті де тым орашолақ жапсырылыпты. – Ол мырс етіп күліп қойды. – «Антұрғандар шпиондарын өстіп, шала-шарпы дайындап жібере салады екен-ау» деп таң қалдым. Мейірхан сені аттандырып жіберген соң: «Апыр-ай, тектен-текке дүрліктірдім бе? Осы жазған шынымен-ақ кінәсіз адам болса, текке күлкі боламын-ау» деп ойлағаным да рас. Бірақ екеуіміз оңаша қал­ған кезде бұл, тұқымың көбеймегір, менен қай-қайдағы деректерді сұрап, ол күмәнімді өзі жоққа шығарғаны. Енді көздерің жетті ғой, қақпанымызға қандай көкжалдың түскендігіне.


Ол төсектің үстінде жайрап жатқан тұтқынның заттарын иегімен нұсқап қойды.


– Ал, Мейірхан батыр, мен сені заставаға жұмсағаным қайда? – Қарт Назарбекпен бірге тағы да сорпа ішіп отырған жігітке қараған. Ол қипақтап, үнсіз қалды.


Ой, өзі емес пе?! «Бұрынғы шекарашы басыммен тұрымтайдай ғана жігітті байлап тастауға шамам жетпей ме?!» деп қоймады емес пе. Қайта мылтықты үйге ала келгенім абырой болыпты. Өйтпесе, мына нәлет бәрімізді де қырып тастайды екен ғой. – Назарбек кінәсін мойындап отырған палуан жігіттің жүзіне аянышпен күле қараған...


Аз уақыттан соң ер-тоқымына тұтқын жігіт көлденең таңылған атты жетегіне алып, Қайрекең жолға түскен кезде малға кетіп бара жатқан Мейірхан аға жылқышыға қайырылып өтініш айтқан:


– Кайреке, құлыңыз болайын, менің басымды мынаның жарғанын ешкімге айтпай-ақ қойыңызшы!


* * *


Орталықтағы клубта болатын бүгінгі ерекше жиынға келген жұрттың аузында үш-ақ кісінің есімі жүрді. – Олар – аға жылқышы Қайрақбай және жылқышылар Мейірхан мен Назарбек. Бұл ересен ерліктің қалай жасалып, қалай болғанының анық-қанығына әлі еркін қаныға алмаған жұрт гу де гу.


– Мейірхан шпионмен тура сүт пісірім шайқасыпты дейді.


– Бәсе, өзі де күрестің не бір сұмдық тәсілін біледі дейтін. Оның үстіне әскери қызметте жүрген кезінде бірнеше шпионды ұстаған көрінеді ғой.


– Жоғ-ә, Мейірханға тобымен топырлап келіп ұстала беретін шпион атаулыны соншама бір ессіз, әлжуаз жандар деп пе едің? Мақтаншақ шіркіннің әншейін бос күпініп жүргені де. Ал мынаны қақпанға алдап түсірген Қайрекең көрінеді ғой. Не көрмеген кәрі тарлан дейсің оны!


– Олай емес, Мейірхан жаумен жағаласып жатқан кезде Назарбек қос ауыз мылтықты кезеніп бағындырған екен.


– Қайдам, біздің бір жігіт Мейірханмен тілдескен екен, ол жаудың жағасына тігіп алған уын шайнап жіберуіне де мүмкіндік бермепті...


Президиумға ауыл ағаларымен қатар бір топ әскери адам келіп орналасқан соң ең құрметті үш орынға Қайрақбай, Мейірхан, Назарбек шақырылған.


Мінбеге көтерілген бейтаныс қазақ офицері ұзақ баяндама жасаған жоқ, бірақ болған оқиғаны айы, күні, сағатына дейін соншама дәлдікпен айта келіп, совхоздың үш жылқышысының кеңестік шекараны қорғауда ерен ерлік көрсеткенін, жерімізге теріс пиғылмен келген сұғанақты қарусыздандыруда байсалдылық пен тап­қырлық танытқанын тәптіштеп тұрып түсіндірді.


Клубқа жиналған тәмам көпшілік келімсектің кім екенін анықтаудағы Қайрекеңнің керемет аңғарымпаздығы, жаудан тайсалмай барып бас салған Мейірханның көзсіз ерлігі, ақыры жолдасы жаумен жағаласып жатқан кездегі оқтаусыз мылтықты кезеніп, оны сөзсіз тізе бүгуге мәжбүр еткен Назарбектің тапқырлығы туралы айтқан кезде жұрт дүр-дүр қол соқсын. Қайсыбір көңілі бос кемпірлер өздері күнде көріп жүрген ауылдастарының мынау жан­қиярлықтарына риза бол­ғандықтан, әлде осыларға деген мақтаныш сезімнің әсерінен жанарларын шылап, көздерін сүрткіледі. Манадан алақаны қызарғанша қол соғып отырған совхоз директоры қуанғанынан қасындағы Қайрекеңді қайта-қайта иығынан құшақтап, қысып-қысып қояды.»Жа-арай-сың, шалым!» дейді жымыңдап.


Мінбедегі жігіт Н. шекарашылар отряды командова­ние­сі­нің осынау азаматтарға бағалы заттар сыйлап, алғыс айту жөніндегі бұйрығын оқи бастаған кезде ағы – ақ, қызылы – қызыл болып, жырғап отырған Мейірхан Қайрекеңнің құлағына сыбырлаған:


– Осы майордың түсі таныс сияқты. Бірге «служить» етпедік пе деп отырғаным.


– Қайдам, үні маған да бір түрлі таныс секілді, – деді ол да. Дәл осы кезде майор жігіт Назарбекке электронды қол сағат берілетінін айтып еді жұрт сөздің аяғын естіртпей қол соғып жіберді. Назарбек болса жығылып-сүрініп, мінбенің жанынан бір-ақ шықты. Ол жаңа ғана бір әнді келістіре орындап, өнерін бағалаған жұртқа алғысын білдірген артист сияқты мінбе жанында иіліп-бүгіліп біраз тұрған соң, келіп орнына жайғасты.


Мейірханның қолына да дәл сондай сағат тағылған кезде өзінің күні кешегі ғана шекарашы екенін жұрттың есіне тағы бір түсірейін дегендей өкшесін сарт еткізіп, сымдай тартыла қалған. Оң қолы шекесінде:


– Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Мемле­кеттік шекарасын қорғаушыларға көмектесуге әрқашан дайынмын! – деп саңқ ете калды.


Қауіпті тыңшыны ұстаудағы ең басты қаһарман ретінде аға жылқышы Қайрақбайға алтын сағат сыйланды. Майордан бағанадан бері көз алмай отырған қарт қолына сағат тағылып жатқанда тағы бір сұңғылалық байқатып, оған күтпеген сауал қойған. Ешкімге естіртпей оның өзіне ғана құпиялап айтқан:


– Шынтемір шырақ, бұл ойыныңды қалай түсінеміз?


Майор да құпиялап көзін қысқан. Ол да сыбырлап сөйледі.


– Деміңіз ішіңізде болсын! Мемлекеттік құпия!


– Сонда сен қолға әдейі түскен болдың ғой.


– Мылтық кезеніп тұрса не істеймін? – Ол аздап қана жымиып қойды.


Бірақ орнына келіп отырған кезде Қайрекеңнің неше күннен бергі кеудесін кернеген мақтанышқа ұқсас әлде бір сезімі су сепкендей басылып қалған. Бұлардың ерлігін мадактап сөйлеп, құттықтаған Мекаил досына да жібімеген. «Бәсе, сол күні «күдікті біреу болса байқарсыз!» деп тапсыруы әлей еді. Өзім де ойлап едім-ау,шекарашылардың көзіне түспей, құпия тор темірге тиіспей, қалай ғана өтіп келді?» деп. Мұндай да болады екен-ау.


Бірақ Қайрекең өзі білген жайды ешкімге айта алмасын да сезіп отырды. Өйткені,– ол – мемлекеттік құпия ғой.



1987 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар